Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
В есебі
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
Абдулаева Жанна Аукеновна І деңгей мұғалімінің В есебі
№3 топ портфолиосы
Талдықорған қаласы 28.10.2015ж.
Мектебім өзгерістерді неден бастауы тиіс?
Менің «Мектептегі тәжірибе» кезеңім оқу жылының басталуымен, ұйымдастыру жұмыстарының (күнтізбелік-тақырыптық жоспарлау, оқу бағдарламасы, күнтізбелік-тақырыптық жоспар құру) көп болуымен қатар келгенін, тәжірибе кезеңіме қиындық туғызатынын сезіндім. Кездесетін кедергілерді қалай жеңуге болады? Жағдайдан қалай шығамын? Бұл жағдайдан шығудың жолы тек қана дұрыс құрылған жоспар екендігін түсіндім. Мен алдыма SMART мақсат қойдым. Мектептің тәжірибе кезіндегі жай-күйіне аудит жүргізе бастадым. Өз мектебімнің бастапқы жағдайын анықтау үшін алғашқы қадамымды мектеп директорымен сұхбаттасудан бастадым. Құрылымдалған сұхбат арқылы бірінші (ілгері) деңгей бағдарламасының мақсат, міндеттерімен таныстырып, мектептің қазіргі кездегі ахуалы туралы мектеп басшысымен әңгімелестім. Мектебіміздің директоры мектеп басшыларының курсы аясында оқып, сертификат иеленгендіктен мектепке өзгерістің енгені жайлы, ал менің осы өзгеріске қол ұшымды тигізетініме сенетіні туралы айта келе, бірден мені қолдайтынын айтты. Мектеп басшысының жүргізген көшбасшылығымен коучинг үдерісі, тәлімгерлік үдерісі, топпен жұмыс, қоғамдастық жұмыстармен, желілік байланыс туралы таныс болғанмын. Мектеп басшысы тәжірибе кезеңінде жүргенде мен ол кісінің тәлім алушысы болдым. Бұл деген мен бағдарламаны меңгеріп алдым деген сөз емес. Сұхбат барысында мектептегі МДЖ-ның жүзеге асуында көп кемшіліктер кететіндігі, тәлім алушылардың сабақты оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін дұрыс пайдалана алмайтыны, тәлімгерлік жұмыстың дұрыс жолға қойылмай жатқандығы туралы айтылды. Сонымен бірге мектеп мұғалімдерінің жыл сайын құрамының өзгеруі оқушының білім сапасына әсері тиетінін айтып өтті. ҰБТ көрсеткіштерінің төмен болуының бірнеше себебін баса айтты.
Мектеп басшысымен құрылымдалған сұхбаттан көрініс
Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындықты орта буыннан бастау керектігі, сабақтастық жұмыстардың дұрыс жолға қойылмауы, пән мұғалімдерінің сыныптағы оқыту сапасын жақсартуда түрлі әдіс-тәсілдерді пайдаланбайтындығын аңғардым. Мектепте тәлім алушыларға тәлімгерлік жұмыстың қағаз жүзінде жүретіні бұрыннан дәстүрлі болып келеді. Бұның дәлелі ретінде өзімді айтуға болады.Жаңадан келген мамандармен жұмыс жоспарланады да, көбінесе іске аспай жатады. Осы олқылықтарды тыңдай келе, тәжірибе кезеңімде басымдықты анықтау үшін МДЖ басшылыққа алып, мектептің өткен оқу жылының талдауын қарап өтуім керек деген ұйғарымға келдім.
Аудит жүргізудің келесі кезегінде өзіме ынталы топ құру мақсатында мектеп әкімшілігімен бейресми кездесу ұйымдастырдым. Құрамында директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары мен тәрбие орынбасарлары, педагог-ұйымдастырушы мен мектеп психологтары, мектеп дефектологы мен мектеп логопеді, бірлестік жетекшілерінен құрылған топқа таныстырылым өткіздім. Таныстырылым барысында өзімнің педагогикалық шеберлік орталығында оқыған бағдарлама идеясы туралы деректер бере отырып, 6 апталық мектептегі тәжірибе кезеңінде оқыту үдерісіне енгізгелі жатқан өзгерістер мен қандай жұмыстар атқару керектігі туралы айтып өттім.
Таныстырылым кезінен бір сәт
Осы әкімшілік мүшелері арасынан менің тәжірибе кезеңіме көмектесіп, қолдау көрсететіндерін білдірді. Осы жерде ынтымақ тобын құрып алдым.
Ынтымақ тобымен талқылау
Мектеп әкімшілігімен кездесуден кейінгі әрекетім мектеп жайлы деректер жинауға кірістім.Жинақталған деректер мектептің даму фокусын анықтауға көмектесетініне сендім.
Менің мектебімнің ғимараты 2008 жылы типтік болып салынған, 600 балаға арналған, орта мектеп жобасымен пайдалануға сол жылы берілді.Қабат саны екеу.Жалпы пайдалы ішкі алаңы-6293,4 ш.м. Мектепте барлығы -28 кабинет және 4 лабороториялық бөлмелер бар. Оның ішінде 2 шеберхана бар (ағаш өңдеу шеберханасы мен темір өңдеу шеберханасы). Станоктары мен қосалқы саймандары жоқ. 2 информатика кабинеті, 1 компьютер интернет жүйесіне қосылған, 1 мультимедиялық, 1 интерактивті сынып кабинеті (биология), асхана, кітапхана, үлкен спорт зал, кіші спорт зал, жаттықтыру залы жұмыс жасайды. Барлық кабинеттерге су жүргізілген. Физика, химия кабинеттерінде оқушылардың парталарына су, тоқ жүргізілмеген және зертханалық заттар, сабаққа қолданылатын көрнекі құралдары жоқ. Жыл сайын аудандық білім бөліміне сұраныс беріледі. Сабақта зертханалық, сарамандық жұмыстар жүргізуге мүмкіншілік жоқ. Бұл сабақтағы оқушы біліміне тікелей әсері тиеді.Интерактивті тақтамен оқыту толық қол жетімді емес. Өйткені сынып жиынтығы көп, интерактивті оқытуды тек көбіне ашық сабақтарда ғана пайдалану мүмкіндігі бар.Мультимедиялық кабинетте 16 оқушыға арналған ноутбук бар, барлығы интернет жүйесіне қосылған. Мектеп кітапханасында көркем әдебиеттер мен энциклопедиялар біршама аз. Оқушы санына шағатын болсақ, әлі де толықтыра түсу қажет деп ойлаймын. Мектепте медициналық қызмет көрсету үшін жабдықталған екі медицина кабинеті бар. Бірі мектеп медбикесі,екіншісі тіс емдеуші дәрігер бар.
Бұдан кейін мектеп мұғалімдерінің сапалық құрамы мен оқушылардың үлгерім көрсеткіштерімен таныстым.
Мектепте 0-11 сынып аралығында 38 сынып комплектісі,мектепалды даярлық топта 101 бала,1-11 сынып аралығында 769 оқушы оқиды. Негізгі сыныпты 45 оқушы аяқтап, «үздік» куәлігін 5 оқушы иеленсе, 11-сыныпты 42 оқушы бітіріп,ҰБТ нәтижесі бойынша: орташа ұпай 71%, сапа 38,5%, үлгерім 92,5% көрсетті. Бір оқушы «Алтын белгі» төсбелгісін иеленсе, бір оқушы физика пәнінен Мәскеу қаласында өткен Халықаралық олимпиаданың жеңімпазы ретінде 125 ұпай иеленді.
Мектептің оқу-тәрбие үрдісі «Диалогтік оқыту барысында оқушы белсенділігін арттыру, әр мұғалімнің өзінің кәсіби дамуына сын тұрғысынан ойлануына ықпал ету» келелі мәселесінің 1 жылын аяқтады. Мектепті дамыту бағдарламасын: «Оқу үрдісін жоспарлау барысында оқушылардың білім сапасын арттыру бағытындағы сын тұрғысынан ойлану арқылы мұғалімдердің кәсіби өсуін дамыту» басшылыққа ала отырып, жемісті жұмыс атқарды.
Қазіргі кезде мектепте 72 мұғалім еңбек етеді, жоғарғы санатты ұстаздар саны 10,бірінші санаттылар 19,екінші санаттылар 22, санаты жоқ ұстаздар 21.
Қарқынды өзгеріп жатқан әлемде білім саласындағы мұғалімдер үшін де ең басты, маңызды мәселе болып отырғаны: «ХХІ ғасырда нені оқыту керек?» және «Мұғалімдер оқушыларды ХХІ ғасырға қалай дайындайды?» [1 деңгей, мұғалімге арналған нұсқаулық]. Кембридж бағдарламасын игерген мұғалімдердің негізгі функциясы –оқыту мен оқу тәжірибесіне жаңа тәсілдерді енгізу мақсатында өз мектептерінде дамыту бағдарламасын әзірлеу болып табылады. Осындай бағдарлама аясында оқып, сертификат иеленген І (ілгері) деңгейлі 2 мұғалім, ІІ (негізгі) деңгейлі 3 мұғалім, ІІІ (базалық) деңгейлі 4 мұғалімнің болуы мектептің көшбасшылық, тәлімгерлік және коучингтік жұмысының ілгерілеуіне үлкен септігін тигізетіні айқын.
Мектеп директоры «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Кембридж университетінің Білім беру факультетімен бірлесіп әзірлеген Қазақстан Республикасының жалпы білім беру ұйымдары басшыларының біліктілігін арттыру бағдарламасы бойынша курсты аяқтап, сертификат иеленді. Қазақстан Республикасы жалпы білім беру ұйымдары басшыларының біліктілігін арттыру бағдарламасы бойынша өткізілген курста жоғары нәтижелер көрсеткені үшін Алғыс хатпен марапатталып, Отан патриоты» медальін иеленді. ІІ деңгейлі бастауыш сынып мұғалімі ІІ (негізгі) деңгей бағдарламасы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру барысында көрсеткен құзыреттілігі мен жоғары кәсіби білімі үшін Құрмет грамотасымен, «Үш қиян» баспасының жанынан шығатын «Ұстаздардың жаңа көзқарастағы ой-толғамдары» жинағына ұсынған озық іс-тәжірибесі үшін Алғыс хатпен марапатталды. АӘД пәнінің жетекшісі Талғат Бигельдинов атындағы медаль иеленді.
Мектептегі бөлінген көшбасшылық арқылы құрылған мектептің даму жоспарын қарай отырып, талдау жасап, басымдылықтар анықтадық.Енді мектебімнің жұмыс істеу жағдайын, жоспарлы жұмыстың қай жерде тұралап тұрғанын, мұғалімдердің өзара қарым-қатынасын, қолдауды, қадағалауды қажет ететін мықты, әлсіз тұстарын анықтау мақсатында сауалнама алу дұрыс деп шештім. (Курсалды тапсырмалар. Бірінші деңгей)Дайындалған сауалнаманы бірінші педагог әріптестерімнен алдым. Сауалнамада мұғалімдердің жеті модульді пайдалану мүмкіндігі, педагогтардың интеллектуалды даму деңгейі туралы, өзара тәжірибе алмасу мүмкіндіктері, өзін-өзі бағалауға көзқарастары жайлы сұрақтары болды. Бұл сауалнамадан әріптестерімнің оқу мен оқудағы үдерісте жеті модульді қалай пайдаланып жатқандығы туралы толығырақ ақпарат алдым.
Мұғалімдердің біразы үрдіс барысында жеті модульді толық пайдалана алмайтындығын, оқушыларының сыни тұрғыдан ойлануы үшін тапсырмаларды жүйелеу керектігін, сабақта топтық жұмыстың тиімділігін, өз сабақтарына рефлексия толық жасамайтындығы, формативті бағалауды көп қолданбайтыны байқалды, сол себепті менің өзекті мәселем мынадай төңіректе болу сын тұрғысынан ойлана отырып оқушы белсенділігін арттыру, мұғалім мен оқушы арасында кері байланыс көбірек қолдану керек деп ойладым. Сауалнама нәтижесінде жеті модуль туралы хабарыңыз бар ма деген сұраққа білемін 100% десе,мұғалімдердің интеллектуалдық даму деңгейі жоғары деп 50%, ал орташа деп 25%, төмен деп 25% жауап берді. Сабақта оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай тапсырма бересіз бе деген сұраққа иә деп 40%, кейде деп 20%,ал жоқ деп 40% әріптестерім жауап берді. Сабағыңызда қандай әдіс-тәсілді жиі пайдаланасыз дегенге 50% АКТ пайдалану деп, талантты, дарынды балаларды тану модульін 30%, сыни тұрғыдан ойлау арқылы оқытуға 20% иә деп жауап берді.Топпен жұмыстың тиімділігі қаншалықты деген сұраққа жоғары деп 45%, ал орташа деп 30 %, ал төмен деген әріптестерім 25% болды. Деңгейлі курс оқыған әріптестеріңіздің сабағына қатысасыз ба,қатыссаңыз әсеріңіз қандай деген сауалға жоғары деп 70 %, ал орташа деп 30% жауап берді. Оқушылардың өзін-өзі бағалауына көзқарасыңыз дегенге құптаймын деп 50%, өте тиімді деп 40%, ал әділ емес деген 10% болды. Сіз желілік қоғамдастыққа тіркелгенсіз бе дегенге тіркелдім деп 50%, ал тіркелмедім дегенге 30, ол туралы ойланбадым дегенге 20% жауап берді. Келесі сұрақтар жауап жазып беруді қажет ететіндіктен әріптестеріміздің пікірін білу де құнды болды. Курстан өткен әріптестеріңіздің қандай біліктері мен дағдыларын байқадыңыз дегенде көп әріптестеріміз топқа бөлудегі ұтымдылық пен орнымен пайдалану, жеке жұмысты, жұппен жұмысты орындату шеберлігі, ресурстарды шығармашылықпен,тиімді пайдалану дегенге көп әріптестеріміз тоқталып өткен екен. Сіз деңгейлік бағдарлама аясында талқылауға қандай тақырыпты ұсынар едіңіз деген сауалға әріптестерімнің басым бөлігі сын тұрғысынан ойлану арқылы оқытуға, оқыту үшін бағалауды енгізген екен. Әріптестерімнің пікірлерімен таныса келе, өзіме басымдыққа алатын тақырып шыққандай болды. Мұғалімдер көбінесе оқушыларды сын тұрғысынан ойланта отырып, өз әрекеттеріне және достарының,жолдастарының әрекеттеріне сыни тұрғыда қарауға үйрете білу керек деп ойлайтынын байқадым.
Оқушылардан алынған сауалнамадағы мұғалімдеріңіз көңіл-күйің мен сезіміңді назарға ала ма деген сауалға иә деп 80%, ал жоқ деп 20%, сабақтарда тапсырма орындаудың топтық және жұптық түрлері қолданыла ма дегенге иә деп 90%, жоқ деп 10%, ал мұғалімдер сіздің пікіріңізге құлақ сала ма, өз оқуыңның тәсілдерін өзің таңдауға мүмкіндік бере ме деген сауалға 40% иә десе, қалған 60% жоқ деді. Мұғалімдердің қойған міндеті сені шын мәнінде ойлануға жетелей ме деген сауалға 40% иә десе, ал 60% жоқ деп жауап берді. Сабақты қалай оқитындықтарың туралы ойларыңды айтуға мүмкіндік берілген бе деген сұраққа 65% иә десе, жоқ деп 35% оқушы жауап берді. Осыдан оқушылармен қарым-қатынасымыздың кейбір осал тұстарын анықтап, сауалнамаға сүйеніп, мынадай деректер келтіре кетуді жөн көрдім. Оқу бағдарламаларын, күнтізбелік жоспарларды, күнделікті сабақ жоспарларын құрмас бұрын оқушыларымыздан оларға білім алу үшін қандай әдіс-тәсілдер қолайлы, сабақты қандай формада өткізу ұнайды немесе қолайлы, өз білімдерін толықтыра түсу үшін және шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін қажет дүниелермен санаспайтынымызды білдім. Бұл-шындық.Сабақта еркін сөйлетпейміз, бос сөйлеуіне тыйым саламыз. Сол арқылы, олардың ойын шектейміз, ойлау, сөйлеу, ой-пікірін жеткізу еркіндігінен айырып жатқанымызды білмейміз. Әр сабақ сайын оқушылардың көңіл-күйінің жоқтығына немесе жоғары болуына көбінесе назар аудара бермейміз. Олардың бізге беймәлім құпияларын, жасырын мінездерін, сыртқа шығармайтын, тек, өз үйінде ғана көрсететін ерекше қасиеттері мен қабілеттерін, сондай-ақ сабақта жабырқап отыруының себептерін білу үшін ата-анасымен жолығып, сөйлесуге тырыспайды екенбіз.
Ата-аналардан сауалнама алмас бұрын, олардың шамамен қалай жауап беретінін болжап, біліп отырдым. Біздің мектепте де, біз сияқты басқа да дәстүрлі мектептерде әкімшілік те, мұғалімдер де ата-ананы мектептің қандай да бір жоспарын құруға, оқу әдісін таңдауға, жаңа тәжірибе енгізуді талқылауға қатыстырмаймыз. Ата-анамен қарым- қатынас тек баласының оқу үлгерімі мен тәртібіне қатысты жағдайда жасалады. Кейбір ата-аналар баласының сынып жиналысына уақытымыз жоқ деп әзер келеді. Ата-ана жауаптарына қарап,ата-анамен қарым-қатынастың жеткіліксіздігіне қынжылып, ата-аналардың түсініктері мен жауапкершіліктерінің аздығына ренжіп,осы қателіктерді түзетуге кірісуім керек деп ойладым.
Сауалнамалар алынып, сарапталғаннан соң әріптестерімнің сабақтарына қатысуды әдетке айналдырдым. Себебі, мұғалімдердің жаңа тәсілдерді сабаққа қалай қолданып жатқанын, оқушылардың сабақтағы белсенділігін анықтау болды. Бақылау барысында мұғалімдердің жаңашылдыққа қадам басқандығы байқалды. Бірақ аз,төмен дәрежеде. Бір сарынды, дәстүрлі сабақтар өткізетіндігін, жекелеген оқушылармен жұмыс жүргізбейтіндігін байқадым, бұдан оқушылардың пәнге қызығушылығы, белсенділігі төмен екендігі байқалды. Оқушы ойы мен пікірі басшылыққа немесе назарға алынбайтындығы қынжылтады. Оқушы идеясы үнемі назарға алынатын болса, кері байланысты орнымен әрі үнемі алып отырсақ, сабағымыздың сапасын көтеру үшін тиімді болар еді. Осы тұста мынадай басымдылықты анықтадым: оқушыларды сын тұрғысынан ойландыра отырып, оқушы қызығушылығын, белсенділігін арттыру.
Мектебімізде мектеп басшымыздың көшбасшылығымен құрылған қоғамдастық ұйымы, «Зерделі мұғалім» желілік қоғамдастығы, бөлінген көшбасшылық топтар бар,олар жоспарлы түрде өз жұмыстарын жүргізуде. Бұл қоғамдастық ұйымдары тек мектепте ғана емес ауыл әкімшілігімен, балабақшамен, ауруханамен, балалар инспекторларымен бірлесіп жұмыс жасайды.Мектепте ата-аналар, оқушылар қоғамдастығы құрылып, өз жұмыстарын жалғастыруда.
Сонымен мен зерттеу барысында өз мектебімнің мықты, әлсіз жақтарын, мүмкіндіктері мен қауіпті тұстарын анықтап (SWOT) кесте бойынша талдап отырмын.
S мықты жағы
1.Мектеп жаңадан салынған, іші кең, ашық, жарық,үйлестірілген.
2.Мектепте оқушылар саны мен сынып комплекті саны көп.
2.Мектепте салауаттылық бойынша оқушыларымыз спорттық жарыстарда әлем, Азия, республикалық, облыстық, аудан көлемінде орындар жиі алады.
3. Мектепте (40 бөбекке) арналған шағын орталық жұмыс істейді.
4. Оқушыларға қосымша сабақтар қарастырылған.
5.Информатика, мультимедия кабинеттері (16 ноутбук) интернетке қосылған.
W әлсіз жағы
1.Мұғалімдер құрамының жиі өзгеруі
2.Пән олимпиадасы бойынша,ғылыми жоба жұмыстарынан облыстық олимпиададан көрсеткішіміз төмен.
3.Тұрғындары тұрақты болмағандықтан, оқушылар құрамы көп ауысып отырады.
5.ҰБТ бойынша математика және физика пәнінен көрсеткіштің төмен болуы.
O мүмкіндіктері
1.Мұғалімдерге біліктілігін жетілдірулеріне мүмкіндіктер қарастырылған.
2.Кәсіби конкурстарға қатысуларына мүмкіндіктер бар.
3.Тораптық пәндік олимпиадаларға қатысу арқылы тікелей аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадаларға қатысу мүмкіндіктері бар.
T қауіп тұсы
1.Бастауыш сынып мамандарының көп ауысуы (жастар көп болғандықтан декреттік демалысқа көп шығады) білім сапасының төмендеуіне әсер етеді.
2.Олимпиадаларға,ғылыми жұмыстарға дайындайтын теориялық білімі терең кәсіби шебер мұғалімдердің аздығы.
3. Пәндік олимпиадаларға дайындалатын материалдардың, әдебиеттердің жетіспеуі.
Мен осы зерттеу нәтижесінде мектебімнің жағдайын толық, жүйелі түрде зерделей алдым. Болашақта өз алдыма алып отырған басымдықпен жұмыс жасауда жоғарыда аталған өзекті мәселерді басшылыққа аламын деген ойдамын.
Пайдаланылған әдебиетттер:
1.Мектеп ғимаратының паспорты
2.Мектептің 2014-2015 оқу жылы жоспарының талдауы
3.Мектептегі тәжірибе кезіндегі орындалатын I деңгей тапсырмалары