Материалдар / 8-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» пәнінің бағдарламасындағы әдеби білім мазмұны
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

8-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» пәнінің бағдарламасындағы әдеби білім мазмұны

Материал туралы қысқаша түсінік
Қазіргі білім беру үдерісі әлеуметтік қоғам талабына сай орта мектептерде «Қазақ әдебиеті» пәні бойынша білім беретін ұстаздардан ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, өз халқының өткені жайлы ой түйген, болашақты бағдарлай алатын жеке тілдік тұлғаны оқытып тәрбиелеуге бағытталып отыр. Жаңартылған білім беру бағдарламасында әдебиетті қоғамның қозғаушы күші ретіндегі басты мақсаты «білім алушыларды ұлттық мәдениет пен әдеби мұраларды түсінуге, қазіргі заманғы әдебиетті бағалай білуге үйретеді» деп атап көрсетеді. Ал осы басты мақсатқа қол жеткізу үшін мектепте берілетін әдеби білім мазмұнына аса мән беріп, оны оқыту, меңгерту мәселесін әр қырынан зерттеу керек.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
30 Мамыр 2022
558
0 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

8-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» пәнінің бағдарламасындағы әдеби білім мазмұны


Юсуп А.Н. п.ғ.м., аға оқытушы

«6В01701 – Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 2-курс студенттері Сапарбайұлы Мәди, Иса Ақмарал

Абай атындағы ҚазҰПУ


Қазіргі білім беру үдерісі әлеуметтік қоғам талабына сай орта мектептерде «Қазақ әдебиеті» пәні бойынша білім беретін ұстаздардан ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, өз халқының өткені жайлы ой түйген, болашақты бағдарлай алатын жеке тілдік тұлғаны оқытып тәрбиелеуге бағытталып отыр. Жаңартылған білім беру бағдарламасында әдебиетті қоғамның қозғаушы күші ретіндегі басты мақсаты «білім алушыларды ұлттық мәдениет пен әдеби мұраларды түсінуге, қазіргі заманғы әдебиетті бағалай білуге үйретеді» деп атап көрсетеді. Ал осы басты мақсатқа қол жеткізу үшін мектепте берілетін әдеби білім мазмұнына аса мән беріп, оны оқыту, меңгерту мәселесін әр қырынан зерттеу керек.

Еліміздің бүгінгі рухани-мәдени өмірін әдебиетсіз елестету мүмкін емес. Көркем әдебиет – жас ұрпақты тәрбиелеу құралы ғана емес, ол – ұлтымыздың рухани өлшемінің көрсеткіші. Ал мектепте берілетін әдеби білім мазмұны дәл осы айтқан критерийге сай болуы керек. Мектепке баратын болашақ педагог те ең алдымен әдебиеттің осы қызметіне жіті көңіл бөлу керек. Өйткені орта мектепті әдебиетті оқытудың алғашқы талабы – оқушылардың әдеби білім деңгейін жетілдіру үшін көркем шығарманы талдаудың заманауи әдіснамасына сүйене отырып, көркем шығарманы танып-білуге, түсінуге, талдатуға бейімдеу. Қаламгерлердің қаламынан туған әр көркем туынды әдебиет заңдарына сәйкес өнер түрінің туындысы болып табылады. Сондықтан оны жалпы әдеби категориялар мен ұғым-түсініктерді ескере отырып талдап-түсінуге болады. Ал әр кәсіби маманның міндеті мектепте берілетін әдеби білім мазмұнына енетін көркем шығармаларды оңтайлы, нәтижелі оқытудың әдістемесін құруға негізделеді. Мұндай қадамға бармастан бұрын ол нормативтік құжаттарда көрсетілген әдеби білім мазмұны жайлы толық ақпараты болуы керек.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанның білім беру үдерісі жаңаша сипатта дами бастады. Оқытудың жаңа тенденциялары пайда болды. Соған сәйкес негізгі білім беру деңгейінде заман талабына сай оқытудың жаңа жүйесі жасалды. Мұның өзі еліміздің білім беру кеңістігінде табысты, нәтижелі оқыту жүйесінің қалыптасуына негіз болды. Қазіргі таңда заман талабына орай білім беру парадигмасы түбегейлі өзгерді. Білім беру мекемелері мен ұйымдарында пәнді оқытудың мән-мазмұны жаңарып, әдістеме ғылымында тың көзқарастар мен жаңаша идеялар қалыптасты. 2016 жылдан бастап жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша барлық пәндер оқытыла бастады.

Негізінен қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі саласында әдеби білім мазмұны жайлы айтқан ғалымдардың ой-пікірлері бір арнаға тоғысады. Әдіскер-ғалымдар өз еңбектерінде әдеби білім негізі орта сыныптарда қалыптасады деп көрсетеді. Яғни дәл осы сыныптарда оқушылар көркем шығарма әлемін тануға ұмтылады. Ә.Қоңыратбаев, А.Көшімбаев, Қ.Бітібаева, Т.Жұмажанова, т.б. әдебиетті оқыту әдістемесінен еңбек жазған әдіскерлер әдебиет мұғалімінің басты мақсат-міндеттерінен бастап, әдебиетті қалай оқыту керектігі жайлы ой-пікірлер айтты. Ал Б.Жұмақаева өз еңбегінде ең алдымен әдеби білім мазмұнына назар аудару қажеттігін, оқу бағдарламасында көрсетілген нәтижеге жету үшін заманауи әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалану қажеттігін айтады. Ғалым өз зерттеуінде «Әдеби білімнің басты мақсаты мектеп бағдарламасында берілген отандық және әлемдік классикалық әдебиет үлгілерін оқыту арқылы оқушыларға рухани-мәдени тәрбие беру, соның негізінде оқушының бойында адамшылық, эстетикалық талғам, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру болып табылады» деп көрсетеді [1, 6]. Әдіскер атап көрсеткендей, негізгі білім беру деңгейінде оқушы алғаш толыққанды әдеби білім мазмұнын меңгереді. Ол көркем шығарманың табиғатын тануға, оның тақырыбы мен идеясын табуға, шығармада көтерілген өзекті мәселелерді дөп басып таба білуге үйренеді. Мұның өзі мұғалімнен дәл осы кезеңде оқушыға әдеби білім мазмұнын меңгертуде үлкен тәжірибе мен кәсіби шеберліктің аса қажет екендігін аңғартады. Мектепте білім беру мазмұны жаңарған сайын әр пәннен беретін мектеп мұғалімдерінің жұмысы артады. Олар болашақ бәсекеге қабілетті, сыни тұрғыдан ойлай алатын білім алушы даярлауда пән мазмұнын терең меңгерту үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалануға ұмтылуы керек.

Мектепте әдеби туынды мәтінін нәтижелі оқыту, оның әдістемелік жүйесін жасау, мектептегі оқу бағдарламаларының ерекшелігін талдауға арналған ой-пікірлер мен тұжырымдарды А.Көшімбаев, Ә.Қоңыратбаев, Ш.Кәрібаев, Т.Ақшолақов, С.Қирабаев, Б.Сманов, Б.Жұмақаева, т.б. сынды әдіскерлердің еңбектерінен көреміз. Әдіскер-ғалым А.Көшімбаев әдебиетті оқытуға қатысты оқу бағдарламаларын құрастыру үдерісі ХХ ғасырдың 1939 жылдарынан басталды дейді. Ал С.Қирабаев өз еңбегінде кеңестік білім беру жүйесінде орта мектептегі «Қазақ әдебиеті» пәніне арналған оқу бағдарламаларында көркем шығарманы оқыту жүйелі түрде жүргізіліп, кезеңдік ретпен берілгендігін айтады. Соған орай орта сыныптардағы әдебиетті оқу-тану-талдау жұмыстарын жүргізу мен ұйымдастыруға қатысты өзінің пікірін білдіреді. Ғалым «Мектепте әдебиетті оқыту – жас ұрпақты жаңа көзқарасқа тәрбиелеудің маңызды жолының бірі. Бұл тәрбиенің құралы – әдебиет материалы,өнер туындысы. Ендеше оны заман талабына сай – жастарға біздің қоғамымыздың болашағы, оның алдыңғы қатарлы идеологиясы туралы түсіндірумен бірдей. Осы арқылы біз белсенді және сенімді, жоғары білімді, тәрбиелі адамдарды өсіру ісіне зор үлес қоса аламыз [2, 139]. Бұл жерде мектепте әдебиетті сапалы оқытуда басты міндет мұғалімге жүктеледі. Мәселен, ол былай дейді: «Әдебиеттік оқу сабағының көңілдегідей өтуі ең алдымен мұғалімге байланысты. Мұғалім – жастарды әдебиет оқыту арқылы жаңа көзқарасқа баулитын, олардың моральдық бейнесін қалыптастыратын, өмірге және әдеби шығармаға деген ұғымын, талғамын өсіретін, бір сөзбен айтқанда, баланы бүкіл болашақ саналы өмірге дайындайтын адам [2, 127]. Әдебиеттен беретін пән мұғалімі – көркем туындыны оқыту, оның табиғатын таныту, талдап түсіндіру арқылы оқушының бойында эстетикалық сезімі мен дүниетанымын қалыптастырады.

Жаңартылған үлгілік білім беру бағдарламасында «Қазақ әдебиеті» пәні бойынша әр сыныпқа оқу мазмұнына қатысты сағат көлемі былай берілген:

      - 5-сынып – аптасына 2 сағат, оқу жылында – 68 сағат;

- 6-сынып – аптасына 2 сағат, оқу жылында – 68 сағат;

- 7-сынып – аптасына 2 сағат, оқу жылында – 68 сағат;

- 8-сынып – аптасына 3 сағат, оқу жылында – 102 сағат;

- 9-сынып – аптасына 3 сағат, оқу жылында – 102 сағат.

Сонымен қатар оқушы әдебиет сабағында білім мазмұнын меңгеру барысында басты үш дағдыны игеруі көзделеді. Олар: түсіну және жауап беру, анализ және интерпретация, бағалау және салыстыру. Осы үш дағдыға сай әр модульдік тақырып бойынша оқу мақсаттары да беріледі. Мәселен, 8-сыныпта пәннің базалық білім мазмұны әр дағды бойынша былай берілген:

      «Түсіну және жауап беру» дағдысы бойынша оқушы шығарманың жанрына байланысты сюжеттік желілер мен эпилог, прологтарды тауып, әдеби шығарманың идеясы мен пафосын ұлттық мүдде тұрғысынан аша алуы, көркем шығармадағы кейіпкерлерді сомдауда тура және жанама мінездеулерді ажыратуы, көркем шығармалардан алған үзінділерді талдау барысында орынды қолдануы көзделеді.

      «Анализ және интерпретация» дағдысы бойынша оқушы берілген шығарманың       композициясын тұтастан бөлшекке, бөлшектен тұтасқа қарай талдап, автор бейнесі мен кейіпкерлер қарым-қатынасының тілдік көрінісін сипаттай алуы қажет. Сонымен бірге көркем шығармадағы көркемдегіш құралдарды (психологиялық параллелизм, перифраз, сатира, ирония, гротеск, эллипсис, т.б.) тауып, олардың қызметі мен қолданысы, автор стилі жайлы ақпарат бере алуы тиіс.

«Бағалау және салыстыру» дағдысы бойынша оқушы көркем шығарманың тақырыбы мен идеясы жайлы ақпарат беріп, оның тарихи және көркемдік құндылығын сипаттап, жалпы әдеби шығармада айтылған материалдық және рухани құндылықтарды заманауи тұрғыда салыстырып талдай алуы көзделеді [3]. Жай ғана талдап қоймай, әдеби мәтіннің көркемдік-идеялық құндылығын гуманистік көзқарас тұрғысынан сипаттауы басты орынға шығады. Соның негізінде әдеби эссе немесе өзіндік сыни пікір жазуына болады. Жалпы сабақ барысында пән мұғалімдері дағдыларға қойылатын талаптарды әр әдеби жанр түрін оқып-талдатуда басшылыққа алады. Өзіміздің зерттеу жұмысымызды жазу барысында біз негізінен 8-сыныпта оқушыларға берілетін әдеби білім мазмұнына талдау жасадық. 8-сыныптың әдеби білім мазмұнын көне дәуірдегі және орта ғасырдағы әдеби мұралар, жыраулар поэзиясы, зар заман поэзиясының өкілдері мен Алаш зиялыларының шығармалары, сонымен қатар қазіргі қазақ әдебиетінің сөз зергерлерінің шығармалары берілген. Оның ішінде Қорқыт «Байбөрі баласы Бамсы-Байрақ туралы жыр», Қорқыттың нақыл сөздері, Ахмет Йассауидің «Даналық кітабы», Ақтамберді жыраудың «Күлдір-күлдір кісінетіп», «Балаларыма өсиет» толғаулары, Шалкиіз жыраудің «Би Темірге бірінші толғауы» «Дананың сөзі – ақылдың көзі» бөлімінде, Мұрат Мөңкеұлының «Үш қиян», «Сарыарқа» өлеңдері мен Ш.Құдайбердіұлының «Еңлік-Кебек» дастаны, «Жастарға» өлеңі «Көркем әдебиет және эпикалық сарын» бөлімінде, М.Дулатов «Бақытсыз Жамал» романы, Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» әңгімесі, Д.Исабековтің «Әпке» драмасы, М.Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы «Махаббат және абырой» бөлімінде, Т.Ахтановтың «Күй аңызы» әңгімесі, Ж.Сахиевтің «Айдағы жасырынбақ», «Дабыл» фантастикалық әңгімелері, Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» әңгімесі «Қиял мен шындық» бөлімінде ұсынылған.

Әдебиет – көркемдік әлем. Бұл көркемдік әлемге оқушы бірден бойлап еніп кете алмайды. Бұл керемет әлеммен оқушыны таныстыратын, қызық та ғажайып әлемнің есігін ашатын – мұғалім. Оқушы мұғалімнің көмегімен көркем шығарма бөліктерінің шағын жеке эпизодтарын тұтастай дүниеге айналдырады. Соның негізінде автордың айтайын деген ойы мен эстетикалық ұстанымдары жайлы біледі. Ал пән мұғалімін толғандыратын басты мәселе – оқушылардың оқуға деген қызығушылығын арттыру, олардың адамгершілік әлеуетін арттыру. Бұл күрделі шығармашылық үдерісте жазушының адам-қоғам жайлы суреттемелерін, адамгершілік ұстанымдарын тек көркем туындыны талдау арқылы ғана білуге болады. Мұғалім оқушыға осы мәселелерді танып білуіне, ұғынуына көмектесуі қажет. Өйткені кез келген қаламгердің философиялық және эстетикалық көзқарастары мен ұстанымдары – танып-білуді, терең түсінуді қажет ететін күрделі құбылыс. Мысалы, Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» повесінде өмір шындығын керемет көркімдікпен суреттеп көрсетеді. Ол өзінің өскен ортасы, отбасында алған тәрбиесі, көрген-түйгені туралы оқырманға сыр шертеді. Қаламгердің көркем туындысын оқи отырып, біз оның адамгершілік бастауларына басымдық беріп, тұлғаның адами қасиеттерінің қалай қалыптасатынын суреттегенін көреміз. Қазіргі заман оқырманы ретінде шығарманы оқу барысында біз автордың кейіпкерлер образын суреттеудегі шынайылығына таң қаламыз, адамға адамгершілік идеал тұрғысынан жоғары талап қойғанын байқаймыз. Осылай суреттеу арқылы жалпыадамзаттық қасиеттерге тән мәселелерді шешу керектігін астарлап жеткізгенін көреміз. Сол себепті оқушыларға шығарманың басты идеясын түсіндіру үшін жазушының көркемдік әлемі, отбасылық құндылықтарды бағалау ұстанымдары мен эстетикалық талап-талғамы жайлы ақпарат беруіміз қажет.

Оқулықта берілген оқу мектеп бағдарламасы бойынша оқытылатын балаларға арналған көркем туындылардың барлық аспектілерін егжей-тегжейлі зерттеу мүмкін емес. Өйткені бағдарлама кең көлемдегі материалды (проза, поэзия, драматургия) зерттеуді қамтиды. Зерттелетін шығарманың мәнін түсіну үшін көркем шығармадағы жетекші бастама ретінде стилистикалық доминантты бөліп алған жөн. Бұл шығармадағы ерекшеліктер мен оның басқа компоненттерін анықтауға, ішкі байланыстарды сипаттауға көмектеседі. Б.Сманов «Көркем шығарма «Өнер алды – қызыл тілдің, яғни сөз өнерінің ең жоғарғы табысының нәтижесі болып есептеледі. Қаламгер біздің айналамыздағы өмір құбылыстарын жай тіркеп қана отыру үшін емес, ол өзінің сөзі арқылы сол өмірдің барлық көрінісін, бере білуге, оған әсер, ықпал, әрекет етуге ұмтылады» - деп атап көрсетеді [4, 167]. Ғалымның сөзін ары қарай сараласақ, көркем шығарманы талдау барысында оның стильдік қолданыстарына, тіліне баса назар аудару керек.

Әдеби білім берудің мақсаты оқушыларды әлемдік классиканың байлығымен таныстыру және соның негізінде олардың бойында адамгершілік қасиеттер мен эстетикалық талғамын қалыптастыру деп ойлаймыз. Бұл пікірді көптеген отандық әдіскерлер де қолдайды. Олар ең алдымен әдеби шығарма мәтінін талдамастан бұрын, ең алдымен, автордың жеке өмірбаянынмен толық таныстыру керек деп есептейді. Негізінен көркем туынды жазған автордың жеке басына баса назар аударуды орынды деп санаймыз. Бұл өз кезегінде оқушының жеке тұлға ретінде дамып, қалыптасуына, оның зияткерлік, эмоционалды және адамгершілік қабілеттері мен қасиеттерінің шыңдалуына ықпал етеді. Өкінішке орай, көптеген әдіскерлер мен пән мұғалімдері 12-14 жас аралығындағы мектеп оқушылары жас ерекшеліктеріне байланысты көбіне авторға көп қызығушылық таныта қоймайтындығын айтады және жоғары сыныпта болмаса дәл осы кезеңде көбіне оқулықта берілген ақпаратты талдаумен ғана шектеледі. Мұғалімдер оқулықта жазушының өмірбаянына жете тоқталмауын әдебиеттен берілетін сағат санының аздығымен де байланыстырады. Сол себепті көбіне шығарманы талдар алдында оқулықта берілетін жазушы өмірбаянының шағын ақпаратымен таныстырумен шектеледі. Мұның өзі нәтижесінде қаламгер деректер тек талданатын шығармаға қосымша ақпарат ретінде қабылданады. Сол себепті көбіне біз көркем шығарманың мазмұнын түсініп талдауда автордың өмір жолы да маңызды рөл атқаратынын ұмытып кетеміз.

Негізінен жазушыға қатысты ақпарат беру көбінесе бірінші сабақта қысқаша мәлімет берумен аяқталады. Мұндай қадамды дұрыс емес деп есептейміз. Себебі бұл ақпаратты шығарманы талдау барысында да тиімді пайдалануға болады. Бұл тәсіл көркем шығарма мәтініне қатысты материалды ұсынуда өте тиімді және пайдалы. Сөзімізді түйндер болсақ, жазушының жеке басымен танысу арқылы оқушыларға толық ақпараттық-танымдық мәлімет беріледі. Сонымен қатар олар қаламгердің өмір жолын талдау арқылы өздеріне бейтаныс, тұтас әлеммен танысады. Кейін көркем шығарма мәтінін талдағанда мәселе туындаған сұрақтарға қиналмастан лезде жауап бере алады.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:


  1. Жұмақаева Б.Д. Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі: Оқулық. - Алматы, «Қыздар университеті» баспасы, 2015. – 242 бет.

  2. Қирабаев С. Көп томдық шығармалар жинағы. – Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2007. Т.2. – 416 бет.

  3. Негізгі білім беру деңгейінің 5-9-сыныптарына арналған «Қазақ әдебиеті» пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасы (оқыту қазақ тілінде) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі міндетін атқарушысының 2017 жылғы 25 қазандағы № 545 бұйрығына 3-қосымша.

  4. Сманов Б. Көркем шығарманы талдау негіздері: Монография. – Алматы: Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, «Ұлағат» баспасы, 2016. – 366 бет.

Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!