АБАЙ ҚҰНАНБАЕВТЫҢ ҚАРА
СӨЗДЕРІНДЕ КӨТЕРІЛГЕН МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ БҮГІНГІ КҮНМЕН
ҮНДЕСТІГІ
«Жамбыл облысы әкімдігінің
білім басқармасы
Тараз қаласының білім
бөлімінің Әлихан Бөкейханов атындағы
№1
гимназиясы»
КММ
Асилдин
Ә.Е
Жоспары:
I.Абай қара сөздері – еркін
ойдың жанры
II.Абай Құнанбайұлы қара
сөздерінің бір-бірімен үндестігі
1.Абай қара сөздеріндегі «тән
құмары» мен «жан құмарының» сипаты
2.Абай қара сөздеріндегі
ғылым-білім мәселесі
3.Ұлтын сүйген
Абай
III. Абай және
біз
Шешендіктің шынайы қуаты
болмысына боямасыз дарыған қазақ халқы қашан да, қай істе болмасын
мәселенің тамырынан басып, келелі ойлар айта білген. Соның бірі –
«жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген мағыналы да
мардымды ой. Бұл сөздің тілге тиек етуімнің де себебі жоқ емес.
Басты себеп – өз шығармашылығын адамзат болмысына қатысты мәңгілік
тақырыптарға арқау ете білген ғұламалар мен тау тұлғалардың
мұраларының уақыт өткен сайын түрленіп, толығып, құндылығының арта
түскендігі. Солардың ішінде заңғар биікте, жұлдызы ерекше жарық
сипатта тұрған – Абай Құнанбайұлы. Бұл пікірге кім болмасын келісе
кетері хақ. Өйткені қазақ әдебиетіне Абайға дейін де, Абайдан кейін
де өшпес мұралар ұсынылып, тарих беттерінде қалса да Абай
Құнанбайұлының жөні бөлек. Оның терең сыры есебінде – дана Абайдың
шығармашалығының әмбебептығын, сондай-ақ жоғарыда айтып
кеткеніміздей адамзат болмысына қатысты мәңгілік тақырыптарды өз
еңбектеріне арқау еткендігін айта аламыз. Бас абайтанушы Мұхтар
Әуезов атап өткен Абайдың үш рухани арнасы да оған өз септігін
тигізгендігі сөзсіз. Ең әуелі туған халқының тектілік сарынымен
бастау алған бұл өріс, оның шығысымен ұласқандығы мәлім. Әлемнің
екінші ұстазына айналған Әбу Насыр Әл-Фарабидің «Қайырымды қала
тұрғындарымен», Фараби ілімінің «Жүрек культімен», шығыс
шайырларының ізгілікті ұранымен сабақтасқан Абай шығармашылығы
өзінің биігіне шығып, әлі күнге дейін өміршеңдігімен өзгелерден
ілгеріде оқ бойы озық тұр. Сол шығармашылықтың бір тармағына
айналған, бұрын-соңды әдебиетте қылаң бермей Абай үнімен жанданған
– қара сөздер туралы сөз қозғамай, оның қазіргі күнмен
сабақтастығын айтпай кету мүмкін емес. Ең әуелі санаға сап ете
қалатын сұрақтар: қара сөздің құдіреті неде? Онда көтерілген
мәселелердің қазіргі дәуірмен үндестік табуы мүмкін бе? Ендеше ең
әуелі «қара сөз» дегеннің мағынасын ашып алуға тиіспіз. Ол үшін
белгілі ғалым және саясаткер Ғарифолла Есімнің мына бір пікіріне
жүгінгеніміз жөн:
«...Абай ойына келген
нəрселерін еркін айту үшін, өзі арнайы жанр ойлап тапқан. Ол — сөз
жанры. Ақынның қара сөздері — нағыз еркін ойдың жанры. Мұнда
ешқандай бір дəстүрге, тəсілге бағынушылық жоқ. Ой еркін айтылған,
мазмұн өзіне лайықты форма тапқан. Көптеген философтар ойларын
формаға бағындырып немесе жүйе құрып əуре болғанын білеміз. Абай
болса, ондай істермен айналыспаған, өзінің айтқысы келген ойларын
еркін білдірген. Абай ашқан «сөз» жанры, өкінішке орай, қазақ
мəдениетінде өріс алмады. Сірə, оған кінəлі, Шəкəрім тілімен
айтсақ, «нақтылы ойдың» заманы болса керек. Адам өз ойындағысын
айтқаны үшін кінəлі болған заманда, əрине, сөз жанрының өрістеуі,
Абай дəстүрін жалғастыруы мүмкін емес еді. Абай дəстүрі, яғни сөз
жанры бүгінде жаңғырып, жалғасуы керек, оған алғышарт бар. Қазіргі
плюрализм деп жүргеніміз, кезінде Абай қолданған ойлау тəсілі...»
[1].
Сөз барысында Абай қара
сөздерінде көтерілген мәселелердің бүгінгі күнмен үндестігі бар
екендігін атап өттік. Енді дәл сол ойымызды дәлелдемелер арқылы ары
қарай өрбітсек. Абай Құнанбайұлы қазақ әдебиетіне алып келген еркін
ойдың жанры, яғни қара сөздің саны қырық бес екендігі мәлім. Оның
әрқайсысы әр тарапқа қанат сермеп кетпеді, әрине. Барлығы дерлік
ұлттық сананы биікке көтеру мақсатына негізделіп, бір-бірімен
сымсыз байланыста өрбіді. Мәселен, Абай алтыншы сөзінде қазақтың
«өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» сөзінің айналасында
философиялық тұрғыдан ой жүгіртіп, «тірлік» ұғымының шынайы
анықтамасын береді, қорқып-үркіп өмір сүруді тірлік деп
есептемейді: «...Ондай тірлік итте де бар. Ондай тірлікті
қымбат көріп, бұлдаған адам өлімді жау көріп, ахиретке дұшпан
болады. Жанын қорғалатып, жаудан қашып, қорқақ атанып, еңбек
қылудан, қызмет қылудан қашып, еріншек атанып, ез атанып, дүниеде
əлгі айтылған ырысқа дұшпан болады. Ол айтқан тірлік олар емес.
Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады. Өзің тірі болсаң да,
көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың» [2.137]. Хайуан
мен адамның айырмашылығын ашып көрсетіп, бас көзінің емес, көкірек
көзінің ашық болуын, надандықтан аулақ болу сол көкірек көзінің
ашықтығында екендігін баса айтады. Байқап қарасақ, дәл осы ой дана
Абайдың жетінші қара сөзінде былайша өрбиді: «Көкіректе сəуле жоқ,
көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз
артық?» Қайта бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те,
білсек екен деген адамның баласы екенбіз. Енді осы күнде, хайуаннан
да жаманбыз. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк
білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей
таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып
кетеміз» [2.139–140]. Бұл хакімнің тек қара сөздерінде ғана емес,
поэзиясында болсын, жалпы шығармашылығында негізгі мақсатқа айналып
кеткен «білім» , «ғылым» ұғымдарын меңзеп, сананы ғылым мен білім
арқылы нұрға толтыра алатындығымызды тілге тиек етіп, жол сілтейді.
Абай қара сөздерінің бүгінгі күнмен үндестігі ретінде ең бірінші
адам болмысын айтар болсақ, сол болмыстың мінсіз қалыптасуын ықпал
ететін ғылым мен білім мәселесін кейінгі кезекте айта аламыз.
Мәселен, Абай өзінің жетінші қара сөзінде адамның іс-әрекеттеріне
тікелей себепші болатын жан құмары мен тін құмарының аражігін
былайша ажыратып береді: «Жас бала анадан туғанда екі
түрлі мінезбен туады. Біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады.
Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола
алмайды, һәм өзі өспейді; қуат таппайды.
Біреуі білсем екен демекілік.
Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып,
аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап,
сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит
үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да, тұра
жүгңріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?», «бұл
неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап,
тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем
екен, үйренсем екен деген [3.20].
Абай қара сөздерінде адамның
жаман қасиеттері: надандық, жалқаулық, тоғышарлық, білмекке
ынтасыздық, қызметке құмарлық өткір сынға алынып, жақсы қасиеттер
қатарындағы: білмекке құмарлық, жан тазылғы, білім мен ғылымға
деген ізденімпаздық адамды ізгі мұраттарға жетелеп, толық адам
болуға бастайтындығын ашық айтады. Сондай-ақ, адамдардың тән жанның
қонақ үйі екендігін жиі еске салып отырады. Өйткені жан құмарынан
гөрі тән құмарына көбірек бас ұрып кеткен адамдар ол дәуірде де
болған, қазіргі қоғамда да бар екені жасырын емес. Абай көтерген
мәселелердің әлі күнге дейін өміршең болмысын сақтап қалуының да
басты сыры сол болса керек. «Қай нәрсе болмасын мөлшерінен асса,
тезегі шығады», - деп Абай Құнанбайұлының өзі айтқандай, адамдардың
шектен тыс тән құмарына құлдық ұруы - надандыққа бастары сөзсіз.
Абайдың үшінші, төртінші, бесінші қара сөздерінде қаузалған билік
пен қызметке құмарлық, суық ақылдың жетегінде кетіп, надандықтың
шарықтау шегіне жетуі содан болары ақиқат. Өйткені, тән құмары
адамды білім мен ғылымнан алыстатып әкетері боямасыз шындық. Ал
түптің түбінде ғылым арқылы адам «адам» деген атқа лайық қалпында
қалмақ. Тағы бір мәрте Абай сөзіне жүгінсек, ол : «Ғылым – Алланың
бір сипаты, ол хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақылық һәм адамдық
дүр», - деп отыз сегізінші қара сөзінде тайға таңба басқандай
ғылымға ден қоюдың мән-мағынасын атап өткен болатын
[4.186].
Расында, Абайдың қара
сөздерінің бүгінгі күнмен үндестік табуы – бір-бірімен тығыз
сабақтастықта жатқандығы деп айта аламыз. Өйткені ол, ғылым
турасында тек отыз сегізінші сөзінде ғана атап өтпей, ол турасында
он сегізінші қара сөзінде де былай деген болатын: «Тегінде адам
баласы, адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен
озбақ. Онан басқа нәрселермен оздым ғой, демектің бәрі де –
ақымақтық»[4.47]. Әдебиеттегі әрбір көркем шығарма өз дәуірінің
әлеуметтік жағдайымен астарласып, тарихи шындықтан көрініс береді
деген ойды алдығы тартар болсақ, Абай дәуірінде ғылыммен озам
деушілер емес, қызметпен, шенмен, кербездікпен бәйгеге түскендер
көп болғандығын байқау қиын емес. Ендігі сәтте, салыстырмалы түрде
алып қалар болсақ, Абай сөзі неге әлі күнге дейін өзінің өткірлігін
жоғалтпай келеді? Ол, әрине қазақ үшін де, адамзат үшін де аталмыш
проблемалардың әлі күнге дейін өзекті екендігі. Мәселен, адам
өмірінде еңбектің һәм білімнің маңызы ешқашан жоғалмайтыны мәлім.
Сонымен қатар, адамның мына өмірде өз орнын табу мәселесі де қай
заманда болмасын қаузалған, әлі де қозғалып келе жатқан, қозғала да
беретін дүние. Ал Абай мұрасында олар өмірлік тәжірибеден алынып,
шындыққа сәйкес сипатталып қана қоймай, проблемадан шығудың жолыне
нұсқайды. Сол үшін де Абай қазақ әдебиеті мен мәдениетінде жұлдызы
жарық тау тұлға.
Абайдың қара сөздеріндегі адам
болмысына тән қасиеттер мен адамнан алшақтай алмайтын білім, ғылым
ұғымы қалайша көрініс тапқандығын айттық. Енді сол надандықтың
балшығынан алып шығатын білім мен ғылымға кірер есік – еңбек
екендігі даусыз. Ал Абай қара сөздері «еңбек» ұғымынан да айналып
өткен жоқ. Мәселен, хакім қырық екінші қара сөзінде «Қазақтың
жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі — жұмысының
жоқтығы» десе, отыз сегізінші қара сөзінде
«Еріншектік — күллі дүниедегі
өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік бəрі
осыдан шығады деген тұжырымға келеді[2;
217, 207].
Абайды қатты қинаған мəселе:
қалай қазақты бұрынғы мемлекеттік ұлт қалпына келтіру болды. Ол
оның жолын іздеді. Сынады, мысқылдады, білімге шақырды. Ақыл айтты.
Болмаған соң қырық бірінші сөзінде мынандай ойға келді: «Қазаққа
ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі түрлі нəрсе
керек. Əуелі — бек зор үкімет, жарлық
қолында бар кісі керек. Үлкендерін қорқытып, жас балаларын еріксіз
қолдарынан алып, медреселерге беріп, бірін ол жол, бірін бұл жолға
салып, дүниеде есепсіз ғылымның жолдары бар, сол əрбір жолда бір
медресе бар, соларға тоздырып, бірін сен бұл жолды үйрен, сен ол
жолды үйрен деп жолға салып, мұндағы халыққа шығынын төлетіп
жіберсе, хəтта қыздарды да ең болмаса мұсылман ғылымына жіберіп,
жақсы дін танырлық қылып үйретсе, сонда сол жастар жетіп, бұл
аталары қартайып сөзден қалғанда түзелсе болар еді.Екінші — ол адам
есепсіз бай боларға
керек» Ата-аналары пара беріп,
балаларын тағлым жолына салу үшін, бүкіл қазақты паралап алу қай
кісінің қолынан келмек. Ондай дəулет қайда. Міне, тұйыққа тірелу.
Осы тұйықтан қалайша шығуға болады, оның жолын таппаған Абай:
«Етінен өткен, сүйегіне жеткен, атадан мирас алған, ананың
сүтіменен біткен надандық əлдеқашан адамшылықтан кетірген»— деп
налиды [5]. Иә, Абай және біз деп әу баста сөз басынан мәселенің
тиегін ағыттық. Абай қара сөздерінде көрініс тапқан негізгі
мәселелерді мысалға алдық. Соңғы үзінді Абай да қазақ емес пе,
қазақты сонша сынағаны қалай? деген сұрақтың туындауына себепкер
болары сөзсіз. Енді оған былайша жауап беріп көрелік: Абай ұлтын
сүйген. Ол махаббат шексіздікпен ұласып жатқандығы да бар. Абай
өзінің рухани сана биігінен өз халқының жай-күйін барлап, қазақты
бүкіл кемшілігімен жақсы көрді. Тек жақсы көріп қана қоймай, халқын
тығырықтан алып шығудың жолдарын осылайша қарастырған еді. Тіпті,
оның жемісі әлі күнге дейін дәмін жоғалтпай XXI ғасырда да ол
қазаққа рухани азық болуда. Осы тұста, мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Кемелұлының «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты
мақаласындағы мына ойға көз жүгіртелік: «..Біз елді, ұлтты Абайша
сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса
да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат
тұтты» [6]. Қазіргі таңда Абай мақсаты толыққанды орындалмаса да,
қазақ жұртшылығы оны жоққа шығарған емес, қалың халықтың дана
Абайға деген құрметі ерекше. XXI ғасырда әлемдік аренада өзге елдер
мен иық тіресерлік дәрежеге жеткен Қазақстан бүгінде Абай
мұрасыменмен барша әлемге мәлім һәм
мәшһүр.
Қорыта келгенде, өмірлік
тәжірибелермен қатар өзінің боямасыз болмысы арқылы әлі күнге дейін
өміршеңдігін һәм өткірлігін жоғалтпаған Абай Құнанбайұлы қара
сөздерінің тек қазаққа емес, барша адамзатқа берері мол. Хакімнің
өзі бірінші қара сөзінде айтқандай тек керегіңді алып, кәдеңе
жаратсаң болғаны. Өшпес, өлмес рухани мұраның өткірлігі қай
дәуірмен болмасын үндестігі осында.
Ол турасында белгілі зерттеуші Рақымжан
Тұрысбек «Абайдың мұраты» атты құнды мақаласында: «Тұтастай
алғанда, Абайдың «Қара сөздері» ондағы кеңінен айтылып, терең
қозғалған мəселелер — «ел мінезінен» өзге: адам əлемі, қоғам, өмір,
тұрмыс-тіршілік түйткілдері, даңқ пен даңқпырт, жалқаулық пен
талапсыздық, салғырттық пен немқұрайдылық, жамандық пен зұлымдық,
«дүние рақаты», ағартушылық һəм адамгершілік мұраттары,
ақыл-парасат, білім-ғылым, тарих пен тағдыр, дəстүр мен дін,
əдет-дағды, жан-жүрек, мінез-құлық, намыс пен сенім, сыр мен сипат,
тəлім-тəрбие т.б. болып табылады» [7], — деп
қорытындылаған.
Ендеше, Абайдың қара
сөздерінде көтерілген мәселелер бүгінгі күнмен толыққанды үндестік
таба алады деген қорытындыға келуге ешқандай кедергі жоқ. Ол
үндестіктер легі жоғарыда дәйектеліп, өзінің боямасыз шындығын
айқындады. Өзекті өміршеңдігі Абай мұрасының ғана емес, қалың
бұқараның баянды болашағының кепіліне айналғандай. Адамның іңгәлеп
дүние есігін ашқан сәтінен Құдайға оралар сәтіне дейінгі кезеңді
жіліктеп тұрып, жүйелі түрде берген Абайдың қара сөздерінің
өлмейтін һәм өшпейтін, қанша ғасыр мен уақыт араға салса да
мазмұндылығын жоғалтпайтындығы Алланың ақиқаттығынан кейінегі
екінші ақиқат іспеттес. Өйткені, Абай ілімі, Абай мұрасы Алланың
ақиқаттығына негізделді. Оны Абайдың қара сөздерінің бірінде «ғылым
– Алланың бір сипаты» деп көрсетілгендігінен аңғару қиын
емес.Әуелгі сөз басында дерттің атын атап, кейін оның неден пайда
болғандығын анықтап, сөз соңында дерттің емін ұсынатын ерекшелікке
ие – Абайдың қара сөздері өзінің мазмұндылығын, мардымдылығын
мойындатуды қажет етпейді. Ол ғасырлар тоғысында өзі-ақ
дәлелденген. Сондықтан біздің бүгінгі міндет – Абай мұрасының
айшықты тұстарын санаға тоқып, жадымызда жаңғырту. Әсілінде, ол
біздің егеменді еліміздің бейбіт күйін Мәңгілік ел мұратына
жеткізері сөзсіз.
Пайдаланылған әдебиеттер
тізімі:
1.Советханқызы
Р. Абайдың «Қара сөздері» — білім мен тəрбиенің
қайнар бұлағы // Ел. — — № 40 (116). — 2 қазан. —
4-б.
2.Құнанбаев А. Шығармаларының екі томдық жинағы: ІІ т. —
Алматы: Қазақ ССР-нің «Ғылым» баспасы, — 312
б.
3.Құнанбаев Абай. Қара сөз –
Алматы: Көшпенділер баспасы, 2007 – 160б
4.Абай (Ибраһим) Құнанбаев.
Шығармаларының екі томдық жинағы. 2-том. Алматы, «Ғылым» -
1997
5.
https://articlekz.com/kk/article/15468
6.
https://egemen.kz/article/164437-basekege-qabilettilik-faktory
7.Тұрысбек
Р. Абайдың мұраты // Жұлдыз. — 2013. — № 9. —
195 б