Материалдар / А.Байтұрсыновтың көркем аударма саласына қосқан үлесі
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

А.Байтұрсыновтың көркем аударма саласына қосқан үлесі

Материал туралы қысқаша түсінік
А.Байтұрсыновтың көркем аударма саласына қосқан үлесі
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
26 Қараша 2024
56
0 рет жүктелген
2500 ₸
Бүгін алсаңыз
+125 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +125 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы

Меркі ауданының білім бөлімінің

коммуналдық мемлекеттік мекемесі





Жоба тақырыбы:

А.Байтұрсыновтың көркем аударма саласына қосқан үлесі

Shape1






Бағыты: Әдебиет

Секциясы: Қазақ әдебиеті

Жоба авторы:

Сынып: 8 «Ә» сынып

Жетекшісі:







АННОТАЦИЯ

«А.Байтұрсыновтың көркем аударма саласына қосқан үлесі» тақырыбына жазылған ғылыми-ізденіс жұмысының мақсаты: Қазақ әдебиеті сабағында өтілетін тақырыбы әр алуан аударма мысалдардың авторы А.Байтұрсыновтың мысалдарынан қазақ тұрмысына таныс суреттер мен үлгілі ойлар, өнегелі тұжырымдарды көруге болады. Білім алушыларды адамгершілікке, ынтымақ-бірлікке, жаман әдеттерден аулақ болуға шақыруға болады. Бүгінгі жастар да осындай ғибратқа толы шығармаларды оқи отырып, үлгі алса, көңіліне тоқыса деген оймен жазылған ізденіс жұмыс екені жұмыстың мазмұнынан айқын көрінеді. Бұл жұмыстың зерттеу бөлігінде оқушы А.Байтұрсыновтың туған өлкесіне барып келмесе де ол туралы мәліметті мектеп, ауыл кітапханасындағы кітаптардан, газет-журнал материалдары арқылы өмірбаяны, шығармаларымен танысып, ғаламтор арқылы Ахмет Байтұрсыновтың Алматы қаласындағы мұражай үйіне онлайн түрде мәдени серуен жасады. Ақнұр осы ғылыми-зерттеу жұмысы барысында өзінің оқыған, көргендерін шебер тілмен жеткізе білген.

Абай мен Ахметтің де ақындық, аудармалық еңбектерінің үндестігі туралы да жазған. Қазақ әдебиеті сабақтарында көбіне осы Ахметтің шығармаларынан мысал келтіріп, мектептік іс-шараларда да А.Байтұрсыновтың өлеңдерін оқи отырып адамгершілік құндылықтарды ортаға салып отырады. Бұдан кейін де Ахмет Байтұрсынов туралы қызықты материалдарды келтіре отырып, слайд дайындаған. Ақынның мысал өлеңдеріндегі адамның әр түрлі мінез-құлқын, іс-әрекеттерін мысалдағы үзінділерді алға тартып, салыстыра отырып мысалдар келтірген.

Міне, осы зерттеу жұмыстарына жетекшілік жасай отырып, әрі оқушының өз таңдаған тақырыбының мақсатына сай жасаған жұмыстарын оқи отырып,

8 Ә сынып оқушысы Қашарбай Ақнұр өз мақсатына жете – алған деп айта

аламын.

Ғылыми зерттеу жұмысының жетекшісі – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі: Аденова Венера Кабыловна

Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы:

Айтулы ұлы тұлғалар - Абай, Ыбырай, Шоқан салған ағартушылық, демократты бағытты ілгері жалғастырушы ірі ғалым-тілші, әдебиет зерттеуші, түрколог, дарынды ақын-аудармашы Ахмет Байтұрсынов қалдырған бай мұраның бір саласы – көркем аударма. Көркем аударма - қазақ әдебиеті тарихындағы бай мұралардың бірі. А.Байтұрсынов Шығыс және Батыс елдерінің әдебиет үлгілерін, орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып, көркем қазынаның бұл саласын байытуға көп қызмет етті. А.Байтұрсынов алғаш рет аударма жинақ бастыру ісін бастаушы болды. А.Байтұрсыновтың аудармаларындағы мысал өлеңдерін жаңа заман талабына сай зерделеудің маңызы зор. Қазақ әдебиетіндегі көркем аударматарихын байытып, аударма ісін дамыта білген А.Байтұрсыновтың көркем аударма саласына қосқан үлесін зерделеу мәселесі басты нысанаға алынды.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі:

Озық дарын, ойшыл оқымысты – Ахмет Байтұрсыновтың көркем аудармалары қиялыма, ойыма қанат бітіріп, тіліме еркіндік беріп отыр. Кеңес үкіметі тұсындағы қазақ әдебиеті саласында атқарған еңбегі мен көркем аударма ісіне қосқан үлесі туралы әдебиет саласында осы кезеңге дейін толық, арнайы түрде ғылыми тұрғыдан зерттелмеген тұстарын ашып көрсету тақырыбымның өзектілігі болып отыр.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері:

А.Байтұрсыновтың көркем аударма саласына қосқан үлесіне жаңа көзқараспен қарап, оны зерттеу, зерттеу жұмысымның басты мақсаты болып табылады.

Осыған орай зерттеу жұмысының алдына мынадай міндеттер қойылады:

аудармшының өмір жолы, шығармашылығымен танысу;

И.А.Крыловтан аударған еңбектерін талдап, қарастыру;

аударма-мысалдарын оқып, мазмұнын ұғыну;


Зерттеу нысанасы:

Ақын, көрнекті ғалым, қоғам қайраткері, аудармашы - А. Байтұрсыновтың көркем аударма саласына қосқан үлесі, маңыздылығын қарастыру.


Зерттеу пәні:

 А. Байтұрсыновтың аударма саласына қосқан үлесі және аударма мысалдарын жазудағы ақынның мақсаты мен айтпақ ойын байланыстыра зерттеу.


Зерттеу жұмысының теориялық және әдістемелік негізі:

Зерттеу жұмысын жазу барысында соңғы жылдары әдебиет саласында болып жатқан өзгерістерді негізге алдық. Танымдық мүмкіндіктердің көбеюі зерттеу негізіне әдеби, тарихи-мәдени, тәсілді қолдануға жол ашты. Зерттеу әдістемелік негізіне ғылыми танымның жүйелілік, салыстырмалы талдау және тарихи шынайылық, психологиялық ұстанымдары қолданылды.


Ғылыми жобаның жаңалығы:

А.Байтұрсыновтың соңына қалдырған мұраларының елеулі бөлігі – көркем аудармаларындағы кестелі сөз өрнегі, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, мінез-құлқына , адам психологиясына лайықтап жасалған туынды екені белгілі болды.

Ғылыми жобаның құрылымы:

Зерттеу жұмысы кіріспеден, тақырыптың мазмұнын ашатын үш тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.






«А.Байтұрсыновтың көркем аударма саласына қосқан үлесі» тақырыбына жазылған ғылыми-ізденіс жұмысының мазмұны:




Аннотация

І. Кіріспе ..............................................................................................................6-8

ІІ. Зерттеу бөлімі...............................................................................................9-18

2.1.Қазақ санасының шамшырағы...................................................................9-11

2.2.А.Байтұрсыновтың көркем аударма саласына қосқан үлесі .................12-17

2.3.А.Байтұрсынов аудармаларының маңыздылығы......................................18

ІІІ. Қорытынды .....................................................................................................

ІV. Пайдаланылған әдебиеттер ...........................................................................19


















І. Кіріспе

Әлем тіліндегі поэзиялық шығармаларды ана тілімізге аудару қашанда өз маңызын жойған емес. Қай халықтың болмасын шоқтығы биік, терең, мағыналы шығармаларды аудару бүгінгі кездегі игілікті істердің бірі екендігі даусыз мәселе. Түпнұсқа белгілі бір халықтың ақынының шығармасы болса, ұлттық сипаты барынша анық, бедерлі болса, ондай жағдайда оны өзге тілге аудару аудармашыдан үлкен жауапкершілікті ғана емес, сонымен қатар үлкен талантты талап етеді.

Аударма жұмысы қазір біздің өмірімізден үлкен орын алады. Аударма біздің зор тынысымыз. Қазақ халқының ұлы ағартушылары да осы аударма арқылы орыс мәдениетіне жол ашты.  Арада 60 жылдан астам уақыт өткен соң саяси жағынан да, азаматтық тұрғыдан да толық ақталып, туған халқымен қайта табысқан қоғам қайраткерлерінің бірі – Ахмет Байтұрсынов. Ол алғаш рет аударма жинақ бастыру ісін бастаушы болды. Ахмет ақын ретінде ең әуелі аударма арқылы танылды. Өзінің саналы ғұмырын қазақ халқының болашағы үшін, өз елін дамыған өркениетті елдер қатарына қосу үшін сарп еткен Ахмет Байтұрсыновтың өмірі туралы қысқаша атап өтетін болсам, ол 1873 жылы 18 қаңтарда қазіргі Қостанай облысының Торғай өңіріндегі Сартүбек деген жерде дүниеге келеді. Әкесі Байтұрсын Шошақұлы намысқой, сергек, еті тірі адам болады. Сол себепті де Байтұрсын мен оның ағайындары патша өкіметінің өкілі – уезд бастығын соққыға жығып, түрмеге қамалады. Бұл оқиға он жасар бала Ахметтің санасына қатты әсер етеді. Мәселенің түп негізін толық ұқпағанымен, ол өмірдегі әділетсіздік пен зорлық - зомбылықты, әлеуметтік теңсіздікті көзімен көріп, көңіліне ой ұялатады. Табиғатынан зерек әрі талапты бала Ахмет 1882 - 1884 жылдары көзі ашық ауыл адамдарынан сауатын ашып, хат таниды да, кейін жақын маңдағы ауыл мектебінде оқиды. 1886 - 1891 жылдары Торғай қаласындағы екі сыныпты орысша - қазақша училищеде, 1891 - 1895 жылдары Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын мектепте білім алады. Бұл жылдары ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің үлгісінде жұмыс істейтін, игі дәстүрлері мол жаңаша мектептер саны көбейген болатын. Міне, осы тәрізді оқу орындарында оқып, сапалы білім алып шыққан Ахмет Байтұрсынов 1895 жылдың 1 шілдесінен өзінің мұғалімдік, ұстаздық қызметін бастайды. 1895 - 1897 жылдары Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездерінде ауылдық, болыстық мектептерде, екі сыныптық училищелерде сабақ береді. Мұғалім бола жүріп ол қоғамдағы болып жатқан құбылыстарға, әлеуметтік өмірге үңіледі. Халыққа білім берудің жолдарын, қазақ тілі мен әдебиетінің мәселелерін зерттеу мүмкіндіктерін қарастырады. Көп кітаптар оқиды, өз бетімен ізденеді. Әдебиетпен айналысады, өлең - жырларын жазады, ауыз әдебиетінің үлгілерін жинайды, оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлейді. Өзінің білімімен, ақыл - парасатымен ел аузына іліге бастайды. Бостандық аңсаған, күреске үндеген өлеңдер жазады. Соның салдарынан 1910 жылы Қазақстанда тұру құқығынан айырылып, Орынбор қаласына келеді. 1913 - 1918 жылдары өзі ұйымдастырған "Қазақ" газетінің редакторы бола жүріп, кең ауқымды әлеуметтік істер атқарады. Газет бетінде халық өмірінің аса күрделі мәселелерін көтереді. Елді оқу - білімге, ілгері ұмтылуға шақырады.

1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін қоғамдық өмірге белсене араласқан Ахмет Байтұрсынов қазақ жұртының тәуелсіз мемлекетін құруды мақсат еткен Алаш қозғалысы көсемдерінің бірі болады. Кейінірек Қазақстанның тұңғыш халық ағарту министрі, Қазақстан академиялық орталығының жетекшісі, Алматыдағы, Ташкенттегі жоғары оқу орындарының профессоры қызметтерін атқарады. Кеңес өкіметі тұсындағы коммунистік идеология аласапыранының салдарынан 1929 жылы жазықсыз ұсталып, ұзақ уақыт түрме мен лагерь азабын тартқан Ахмет, 1936 жылы елге қайтып оралғанымен, 1937 жылы қайта тұтқындалып, 1938 жылы атылады. Алаш қозғалысының көсемі ретінде "халық жауы" деп атылған

А. Байтұрсыновтың есімі де, шығармалары да көпке дейін жұртшылық үшін жабық болды. Тек тәуелсіз Қазақстан жағдайында ғана ақынның шығармалары жарық көрді, мұралары зерттеле бастады. 1988 жылы ақталғаннан кейін А. Байтұрсынов шығармаларының жинағы (1989),

"Ақ жол" кітабы (1991) жарық көрді

Мен бүгінгі шағын зерттеуімде осы ұлы тұлға – А.Байтұрсынов атамыздың өнегелі өмірі жөнінде, оның арада қаншама заман өтсе де еш құндылығын жоғалтпаған, керісінше жас жеткіншек дамуына керек рухани қажеттіліктерге толы аудармаларына өзімше талдау жасап, сіздерге ұсынбақпын.

























ІІ. Зерттеу бөлімі

2.1. Қазақ санасының шамшырағы

Қазақ санасының шамшырағы іспеттес сүйікті ұстазымыз, қажымайтын қаһарманымыз - Ахмет Байтұрсынов. Ол сауаты, саңылауы жоқ қазақтың қалың жау еңсесін басып, қара бұлт қаптап, түнше түнеріп тұрғанда, кеудесінің бар күшін аямай, жанын құрбан қылып, жарыққа қарай өрге сүйреген Алаштың асыл ұлдарының бірі. Бірінші рет басталған, бұрын ешкім ескермеген жұмыстың барлық ауыртпалығы Ахмет Байтұрсыновтың басына түсті. Ойға - қырға бірдей қуылды, түрмеге түсті. Қуғын - сүргінде жүрген кездерінде қолынан қаламын тастамаған. Маңайындағыларды өлең қуатымен жылытып, рухтандырып отырған. Бірақ, Ахмет Байтұрсыновтың қайраты тасымаса, қайтпады, ақылы аспаса, саспады. Өзінің тізесін, түрменің терезесін үстел қылып, қаламын тартпай жазумен болды. Ахмет Байтұрсыновтың атын қазақ баласының естімегені жоқ шығар. Оның әліпбиі мен оқу құралдарын оқып, сол ғылыми еңбектерінің арқасында қаншама адам сауатын ашты. Ол Қазақстанның әр түрлі облыстарынан мектептер ашып, ұстаздық жұмыспен айналысты, жарғақ құлағы жастыққа тимей, «масаша» ызылдап, туған халқын оқуға, өнер - білімге шақырды, өркениетті елдерден кейін қалып, көрінгенге жем болып жүргеніміз біліміміздің, өнеріміздің жеткіліксіздігінен, оқыса, ілгері кеткен елдер қатарына қосылуға талпынса, қазақ халқы да ешкімге есесін жібермейді, әңгіме талаптануда, намыстануда дейді, оны мына бір өлең жолдарынан байқаймыз.

Адамдық диқаншысы - қырға шықтым,

Көлі жоқ, көгалы жоқ құрға шықтым.

Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім.

Көңілін көтеруге құл халықтың.

Қор болған босқа кетіп еңбек, бейнет,

Құлдарға құлдықтан жоқ артық зейнет.

Оттай бер, жануарым екі аяқты,

Адамдық хайуанға қанша қажет?!

Жаратқан малды құдай не керекке

Мінуге, сою, соғу, жүндемекке.

Жорта бер қамыт киіп, қамшыңды жеп,

Бұйрық жоқ ұрасың деп үндемекке.

Таяққа еті үйренген қойшы жайлап,

Көк есек қозғала ма түрткенде айдап?

Есептен алданғандай болғандар көп,

Жасықты асыл ма деп білмей қайрап, - деп жырлаған Ахмет Байтұрсыновтың осы өлең жолдары оның бүкіл өмірінің эпиграфы іспеттес. Ол - ақын, жазушы,аудармашы, публицист, қоғам қайраткері, ағартушы, этнограф, фольклорист, түркітанушы, әдебиетші, тілші, ғалым. Оның бүкіл еңбегінің мәнін бір ауыз сөзге сыйғызып айтар болсақ, ол бас әріппен жазылған ҰСТАЗ, ХАЛЫҚ ҰСТАЗЫ.

Ахмет Байтұрсынов - қыры мен сыры мейлінше мол адам. Біріншіден, ол қазақ тілінің тұңғыш әліппесі мен оқулықтарының авторы, білімге, оқуға із салған жаңашыл ағартушы. Ол жазған мектеп оқулықтары 1914 - 1915 жылдан 1927 - 1928 жылға дейін пайдаланылып келді. Қазақ оқушыларының бірнеше буыны сауатын Байтұрсыновтың “Әліп - биімен” ашып, ана тілін Байтұрсыновтың “Тіл құралы” арқылы оқып үйренді. Ахмет Байтұрсыновтың жас қазақ ғылымына еткен қызметі тек тіл білімі саласында емес, әдебиет тану саласында да айтарлықтай болды деп санаймыз. Өткен ғасырдың II - жартысында - ақ халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, 1923 ж. “Ер Сайын” жырын Москвада шығарады. 1926 ж. “23 жоқтау” атты жинағы жарық көреді. Бұл да қазақ ауыз әдебиеті үлгілері. Байтұрсыновтың “Әдебиет танытқыш” атты көлемді еңбегі - әдебиеттану ғылымы мен қазақ әдебиеті тарихына арналған тұңғыш зерттеу жұмысы.

Қазақтың ұлттық әдебиеттануының ғылыми негізі, әдістемелік арналары, басты - басты терминдері мен категориялары түп - түгел осы кітапта қалыптастырылған. Мұнан кейін неге оқу - ағарту ісіне бой ұрғанын, халқының болашағы үшін неге бас тіккенін былай әңгімеледі: «Мені тудырған заман - патша заманының зұлым саясаты, зорлығы, зомбылығы, қорлығы. Соның бәрін көріп тұрып, мен қарап қала алмадым. Біздің халық - еш нәрсесі жоқ, мәдениетке кедей халық… Біздің қазақ сияқты өгейлік көрген халыққа ағартудан басқа жол қалмады... Жөні дұрыс жастар біздің артымыздан ерді. Олар басқа жол таба алмады».Көпшілік бұқараны оятудың барлық амал - тәсілін қолданып байқаған Ахмет Байтұрсынов қалың қазақ арасында ең өтімді үгіт құралы - өлең сөз екенін аңдады. Сол бір жылдарда ел ішінде айтылар ойдың түпқазығы “Оян, қазақ!” деген бір - ақ сөзге тірелген ұран өлеңдер көп тарап еді. Солардың алғашқы қарлығашы –

Ахмет Байтұрсынов өлеңдері, оның “Қырық мысал” кітабы болатын.“Қырық мысалды” оқи отырып, таныс сюжеттерге ұшырасқанда, олардың

И. А. Крыловтан аударылды дегеніне қол қойсаң да, таза қазақы түсінік, ұлттық ұғыммен түйінделген ғибрат бөліміне келгенде ойланып - ақ қаласың.

Ел тағдыры жайлы ойланғанда, Ахмет Байтұрсынов, ең алдымен, сол елдің өзімен тілдесуді, олардың жай - күйі жайлы көргендері мен ойларын ортаға салуды, болашақ жөніндегі ұғым - түсініктерін бөлісуді парыз санайды.















2.2.А.Байтұрсыновтың көркем аударма саласына қосқан үлесі

Ахмет Байтұрсынов XX ғасырдың басында қазақ халқы аса ірі қоғамдық-саяси өзгерістермен қатар ауқымды рухани жаңғыруларды да бастан кешті. Ұлттық мәдениет пен әдебиеттің, білім мен ғылымның туын көтерген, жұртшылықтың санасына демократиялық ойлар сіңіріп, алға жетелеуге ұмтылған зиялы топ қалыптасты. Халықтың зердесіне сәуле түсіріп, санасын оятқан осы топтың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынов еді. Қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымының, тіл білімінің атасы, ұлы түрлендіруші-реформаторы атанған ол өзінің алдындағы Шоқан, ЬІбырай, Абайлардың ағартушылық, демократтық бағыттарын жалғастыра отырып, өз заманындағы тұтас бір зиялы қауымның төлбасы болды.

Ірі ғылым-тілші, әдебиет зерттеуші, түрколог, дарынды ақын-аудармашы Ахмет Байтұрсынов қалдырған бай мұраның бір саласы – оның көркем аударма дамуына үлесі. Қазақ әдебиетіндегі көркем аударматарихы бай екендігі мәлім. ХХ ғ. бас кезінде аудармада, әсіресе орыстың классикалық әдебиеті үлгілерін қазақ тіліне аудару ісінде едәуір тәжірибе жинақтаған еді. Сонау Абай, Ыбырай тәжірибелерінен басталған бұл игі дәстүр Ақылбай мен Мағауия Құнанбаевтар, Шәкәрім Құдайбердиев, М.Сералин, Б.Өтетілеу, Ғ.Қарашев аудармаларының, газет журналдардағы тәржімаларымен толыға түскен. Енді бір топ ақын-жазушылар – А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, М.Дулатов Шығыс және Батыс елдерінің әдебиет үлгілерін, орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып, көркем қазынаның бұл саласын байытуға көп қызмет етті.

А.Байтұрсынов алғаш рет аударма жинақ бастыру ісін бастаушы болды. Ахмет ақын ретінде ең әуелі аударма арқылы таныды. Ол орыстың классикалық жазушысы И.А.Крылов мысалдарының бір тобын қазақ тіліне аударып, «Қырық мысал» деген атпен Санкт-Петербург 1909 жылы императорлық ғылыми академиясының баспаханасында жеке кітап етіп шығарды. Бұл И.А.Крылов шығармаларының қазақ тілінде, тіпті Орта Азияда десе де артық емес, тұңғыш жеке кітап болып бастырылуы еді. А.Байтұрсынов «Қырық мысал» жинағында жазған «Замандастарыма» деген кіріспесінде аударманың мән-мақсаты дәуір дүбіріне ілесу ниеті, қиындық жағдайларында орындалғаны туралы айта келіп, былай дейді:

Орыстың тәржімә етіп мысалдарын.

Әзірге қолдан келген осы барым.

Қанағат азға деген, жоққа сабыр,

Қашанып қоңырайма, құрбыларым!

Бабы жоқ жұмыстағы мен бір арық,

Күй қайда үздік шығар топты жарып.

Ат тұрмас аяғында желі болса,

Дүбірлеп шапса біреу қиқу салып.

Бар болса сондай жүйрік қояр деймін,

Естілсе құлағыма дүбір барып.

Әйтпесе арық шауыр оңдырар ма,

Жүргенде қамыт басып, қатып-талып.

А.Байтұрсыновтың «Қырық мысал» жинағын Мұхтар Әуезов: «Қалың қазақ жұртының естіген төңкеріс рухындағы сөзі» – деп бағалаған. Крыловты кезінде Абай да аударған. Байтұрсыновтағыдай көп емес, академиялық жинақта Абайға телініп жүргендері 12 мысал. Бірақ, Байтұрсыновтың аты атаусыз қалып, оның әдеби мұрасына тыйым салынған кезде, Крыловтың аудармашысы ретінде тек Абайды ғана білдік. Сондықтан Абайдың кейбір басылымдарына Ахмет аудармалары кіріп кеткен кездері болған. Бірақ, мәселе мұнда емес, біз үшін ең қызықтысы, ең мәндісі – бірін-бірі білмей, Крыловты өздігінен аударған екі данышпанымыздың өлең стилі, сөз өнері бөлек болуы тура. Аудару принциптері де қазақтың тосаң құлағына етене еніп, жеткізу шеберліктері де айна-қатесіз бірдей десе де болады. Түпнұсқа мазмұнынан ауытқымай, соны өз сөздерімен емін-еркін жеткізуге тырысқан екі ақынның орысшасындағы көркемдік бөлшектерді түсіріп алмай, соншалықты ұқыпты беруге ұмтылған ұқсастығына қайран қаласың. Мысалы, Крыловтың атақты «Қарға мен түлкі» атты мысалын Абай екі рет аударған. Екеуінің де өлең өлшемі, көлемі де бірдей. Бірі – жеті, бірі сегіз буынды жыр үлгісінде. Ал, Ахмет Байтұрсынов он бір буын қара өлеңмен төрт жолдық шумақтар арқылы баяндайды.

«Ну что за шейки, что за глазки.

Рассказывать – так, право сказки!

Какие перышки! Какой носок!

И, верно, ангельский быть должен голосок!»

Осы шумақ Абайдың нұсқасында былай:

«Неткен мойын, неткен көз,

Осыдан артық дейсің бе

Ертегі қылып айтқан сөз.

Қалайша біткен япырай,

Мұрныңыз бен жүніңіз!

Періштенің үніндей

Деп ойлаймын үніңіз…

Ал енді А.Байтұрсынов аудармасына қарайық :

«Тамаша қарағанға түрің қандай,

Мынау көз, мынау мойын, мұрын қандай,

Гаухардай қанаттарың жарқырайды,

Келісті қалай біткен және маңдай.

Крыловтың тәржіма жасау Абай шығармаларының соңғы кезеңдеріне жатады. Демек, Абай немен аяқталған болса, Байтұрсынов дәл содан бастады деуге, яғни Абай эстафетасын Ахмет жалғастырды деуге толық негіз бар.

Сонымен қатар, бұл жинақта орыс әдебиетінде мысал жанрын қалыптастырушылардың бірі И.И.Химницердің «Ат пен есек» шығармасы қазақшаға аударылған. Онда көтерілетін мәселелердің, айтылатын ойлардың салмақтылығына, қазақ оқушыларына жақын да, түсінікті болуына, қазақ ақыны қатты көңіл бөлген.

Бір жағынан қызықты форма, екінші жағынан ұғымды (дәлел) идея, үшінші жағынан қазақ тұрмысына ет-жақын суреттерді ұластыра келіп, бұл өлеңдерді халықтың төл дүниесіндей етіп жіберген.

«Маймыл», «Өгіз бен бақа», «Емен мен жілік», «Бұлбұл мен есек», «Қаптесер мен көртышқан», «Маймыл мен көзілдірік», «Жал мен ажал» секілді мысалдарды аудару машығы жағынан осы бірінші принциптің жемісі.

Мәселен, «Маймыл» атты мысалдың аудару принципі де дәл жоғарыдағы «Аққу, шортан, һәм шаяндағыдай»: Крыловтың төрт жолдық кіріспесіндегі негізгі ой түйіні аудармада сәл кеңейтіліп аяғына шығарылады да, қалған мазмұны қазақтың қара өлеңімен хикаялау түрінде дәл және емін-еркін жеткізеді. Ахмет Байтұрсынов аудармаларында сюжет сақталғанымен, еркіндік басым, қазақ тұрмысына жақын идеялар, заман тынысын танытатын жаңа ойлар айтылады. Мысалы: «Шал мен ажал» атты мысалдағы әбден шаршап-шалдығып зарыққандағы шалдың монологы:

«Мен сорлы, әрі нәрі, әрі жарлы,

Асырау қиын емес үйлі жанды.

Қартайдым, жалдаларға қайратым жоқ,

Бермеді тұтынарлық құдай малды.

Бұл маған не қылғаның, жаратқаным,

Бір шалға үйлі жанды қаратқаның ?

Төлермін салық ақша қайдан тауып,

Қажетім бірін сай ғып жаратпадың.

Не жаздым құтқармастан бұл бейнеттен,

Күнің жоқ тілегімді қабыл еткен.

Біреу кеш, біреу ерте өліп жатыр,

Келмейді маған ажал, қайда кеткен?»

Бұл жолдардағы «үйлі жан», «бермеді құдай малды», «жаратқаным» деген тіркестер тек қана қазақ психологиясына тән ұғымдар екенін дәлелдеп жатудың қажеті болмас.

Алуан-алуан ойға жетелейтін "Қайырымды түлкі", "Ала қойлар", "Үлес", "Қартайған арыстан", "Өгіз бен бақа", "Қайыршы мен қыдыр", "Ат пен есек" мысалдарында әлеуметтік-қоғамдық жағдайларды мегзейтін оқиғалар, адамдар психологиясымен сарындас әуездер, тағылымды, ғибратты тұжырымдар мол орын алған. Аудармашы негізгі түпнұсқа тексіне орайластырып, көркем ойға ой, суретке сурет қосып, пікірді ұштап, жаңа сарын – әуез қосып отырады. "Қартайған арыстан" мысалына:

Бақ қонса, сыйлар алаш ағайын да,

Келе алмас жаман батып маңайыңа. 

Басыңның бақыт құсы ұшқан күні

Құл-құтан басынады, малайың да, - деген жалғасты түйін жасайды. Бірнеше кісі тіл таба алмай, берекесі кетіп, өртке шалдығып, үлестен құр қалады. Осы "Үлес" өлеңінің түйінінде ақын өз позициясын ашық көрсетіп:

Ойласақ оқиға емес болмайтұғын,

Ел қайда өзін жаудан қорғайтұғын.

Қазіргі пайдасына бәрі жетік,

Адам аз алдын қарап болжайтұғын.

Аңдыған бірін-бірі жаудан жаман

Байқасақ ел белгісі оңбайтұғын.

Бұл белгі табылып жүр біздің жұрттан

Таласып бір-бірінің жүзін жыртқан.

Алданып арқадағы дау-шарына

Кәтерден кәпері жоқ, келер сырттан, —

деп терең маңызы бар әлеуметтік ой толғайды.

Адам аз алдын қарап, болжайтұғын – деп терең әлеуметтік маңызы бар ой толғайды. «Жарлы бай» деген мысалда қолында дәулет жоқ кезде жомарттанып, өзі сол байлыққа ие болған күні дереу ындыны бұзылып кететін тойымсыздықты суреттегенде, оның әсерін күшейте түсу үшін аудармашы оқиға жемісін оқырман түйсігіне әлгіден де жақындатып әкеледі.

Бұл жерде менің түсінгенім – А.Байтұрсыновтың тәржімалық тәжірибесінде ерлікті, еркіндікті, отаншылдықты сезіну, таза сүйіспеншілікті жырлайтын шығармаларды аударуға бейім болғанын аңғардым.


2.3.А.Байтұрсынов аудармаларының маңыздылығы

А.Байтұрсынов аудармаларының маңыздылығы өте жоғары деп санаймын. Себебі, ақын-аудармашының қай аудармасын алсақ та отаншылдық, туған жерге, елге деген сүйіспеншілік, ерлікті, еркіндікті, адамгершілік асыл қасиеттерді насихаттау арқылы , қазақ санасын оятып, жігер, күш-қуат беріп тұрғанын көреміз. Қазіргі жастарға берер мол мұра болуы да осының арқасы. Ақын аудармаларының тағылымдық, тәрбиелік мәні, маңызы ерекше елеулі. Ынтымақ, бірлік, мейірмандық, еңбексүйгіштік, сыпайылық, имандылық, ізгілік, сабырлылық, қиындықта қол ұшын беретін асқақ леппен, шынайы сезіммен жырланады. Берекесіздік, күншілдік, көрсоқырлық, әурешілік, бөспелік, опасыздық, даңғойлық, дарақылық, даңғазалық, топастық, ессіздік, өресіздік, жүзқаралық, тойымсыздық өткір сыналып әшкереленеді. Мәселен, «Егіннің бастары» деген мысал өлеңіне тоқталайықшы. Ақын осы бір ғана мысалында өркөкірек, тәкаппар адамдардың мінезін суреттеп, адамдарды осындай жаман әдеттерден аулақ болуға шақырады.











ІІІ. Қорытынды

Мен «А.Байтұрсыновтың көркем аударма саласына қосқан үлесі» тақырыбындағы зерттеу еңбегімді қорытындылай келе, Ахмет атамыздың көркем аударма саласына қосқан үлесінің зор екендігін түсіндім.

Ақынның өмірі мен өрісі биік таланты бір кезде қандай – жарқын да жанды қасиеттерімен көрініп, қазақ әдебиеті тарихында айқын іздерін қалдырса, қазір де сол асыл да абзал ерекшеліктерін өз бойында сақтауда.

Оның қай шығармасы болса да, жастардың психологиясын адамгершілік, шыншылдық, әділеттілік қасиеттерін дамытуға әсері мол. Өзі өшсе де сөзі өшпейді дегендей, өзі жоқ болса да біз үшін оның еңбектері мәңгі өшпейтін мұра болып қалған туралы түсінік беруге тырыстым.

Мен өз ғылыми - ізденістерім арқылы барлық баллалардың бойында әдептілік, адамгершілік болса , артымнан ерген сіңілдерім мен інілерім инабатты, ибалы, кішіпейіл, адал, мейірімді болса деген оймен жаздым.

Осы жоспарларым жүзеге асырылды, таңдаған мақсатым орындалды ғой – деп мен өз - өзіме сенім білдіргім келеді.

Осыған қоса менің осы жасаған жұмысымды қазақ әдебиеті сабақтарында пайдалануға болады және білім алушыларға айтарым халқымыздың осындай біртуар азаматтарының жақсы қасиеттерін, өнегелерін өзімізге үлгі тұтайық! Себебі, ата-бабамыздың бізге қалдырған мұраларын құрметтеу –ұрпақтық борышымыз.












Ақнұрдың ізденіс үстіндегі сәті










ІV. Пайдаланылған әдебиеттер:

1. .    Байтұрсынов, А. Ақ жол: Өлеңдер мен тәржімелер, мақалалар және әдеби зерттеулер.-Алматы: Жалын, 1991.-469 б.

2. Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010.ISBN 9965-26-096-6

3.Тарихи тұлғалар. Танымдық – көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова

4. А. Байтұрсынов. Тіл тағылымы /Құрастырған Г.Әнесов, А.Мектепов.-Алматы: Ана тілі, 1994.-446 б.
5. Байтұрсынұлы, А.     Маса [Текст]: өлеңдер мен көсемсөздер / Байтұрсынулы Ахмет. — Алматы: Раритет, 2005. — 208 б. — (Жыр жауhары). — ISBN 9965-663-85-8 :
6. Байтұрсынұлы, А. Бес томдық шығармалар жинағы.-А. :Алаш мұрасы. Т.3.-2005.-352б.
7.     Байтұрсынұлы, А. Көп томдық шығармалар жинағы. Алматы: Алаш. 5 том: Ер Сайын. 23 жоқтау  мақалалар.-2006.-288 б.: С. Торайғыров атынд. ПМУ, 2008. — 172 б. — (Қазақ тіл білімінің антологиясы). — ISBN 9965-842-47-7

Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!