Материалдар / Ақан Нұрманов
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Ақан Нұрманов

Материал туралы қысқаша түсінік
Жазушы Ақан Нұрмановтың Кейкі батыр туралы жазған шығармасына талдау жасау
Авторы:
14 Қараша 2023
232
0 рет жүктелген
Материал тегін
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Талант пен тектілік тоғысқанда

Әр заман мен әрбір орта өз тұрғыластарынан оқ бойы озық тұрған дара тұлғаларды өмірге әкелетіні әлмисақтан аян.Әсіресе, ұлысымыз тәуелсіздіктің үкілі байрағын тұғырына түптеп қондырып, барын бағалап, жоғын түгендеген аламан ғасырымызда қазақ елінің тарихында мәңгі өшпейтін із қалдырған ерен тұлғалардың жаңа қырынан мейлінше жарқырай көрінетіні де сондықтан. Өткен ғасырдың 60 жылдарында қайталанбас мәнерімен қазақ әдебиетінің табалдырығын қаймықпай еркін аттаған, қасиетті қарт Торғайдың топырағынан нәр алған Ақан Нұрманов та- оқшау туған танымал тұлғалардың бірі.

Естеліктерге сүйенсек, Ақан үнемі ой үстінде жүретін болған.Жазушылықтан бұрын журналист- қаламгерлік жолдан өткен.Дегенмен Ақан өз дегеніне жетті. Аудан көлеміндегі оқиғалар желісі бойынша «Аққу шоғыры», «Ымырт» хикаят, әңгімелерін жазды.Өз басын өзі ұрып отыратын жүйке ауруына ұшыраған Кенжебай, кей басылымдарда Ақсақ Темір дейді, әкесі өліп, оны бір жеті жерлей алмай, жалғыз өзі ешкімге хабарласа алмай жүрген қойшы оқиғасы да осында өткен адамдар.Ақан шығармаларын шөлдеп келіп суға бас қойғандай сіміре бергің келеді.

Жазушы Ақан Нұрманов 1968 жылы 16 шілдеде небәрі 35 жасында Алматы қаласында жүрек дертінен қайтыс болады.Өзі өлсе де, артында құндылығы өлшеусіз кесек туындылары қалды. «Құланның ажалындай» кең тынысты, қою оқиғалы өміршең туынды жазған Ақан ағамыздың бергенінен берері көп еді. Әттең, тағдыр деймі...

Шынында да айшықты туындыны қиналмай туғызған жазушының шығармашылық мүмкіншілігі мен әлеуеті жалғыз ғана романмен шектеліп қалады дегенге кім сенер? Сене қою да мүмкін емес. Осы себептен де жазушының шығармашылық лабораториясына ойша көз жүгіртіп, оның есімін алты алашқа әйгілі еткен туындысына талдау жасағанды, сөз құдіретінің тылсым сырларына шама- шарқымша саяхат жасағанды жөн көрдім.

Тәуелсіздіктің биік тұғырынан өткенімізге зер салсақ, бұрнағы ғасырдың басындағы тұрымтай тұсына, балапан басына кеткен аумалы – төкпелі заман ойға оралады. Қазақтың шалқар даласындағы сан- қилы оқиғалардың ащы шындығы бүркемеленіп, қылышынан қан тамған қызыл империяның жетпіс жыл бойғы отарлау саясатына негізделгенін, соған икемделгенін бүгін кім білмейді?

Орыстың менмен де астам пиғылының кесірінен азаттық жолында шыбын жандарын құрбандыққа шалған баһадүр бабаларымыз бен алты алашқа ардақты ақ берен ағаларымыздың атын атамақ түгілі, түсін түстеуге де қатаң тиым салынғанын кім жоққа шығарады?

Қысастық пен қиянатқа төзбей Кейкі батыр туралы тас шайнап, топырақ бүріккен кеңестер дәуірінде алғаш қалам тербеген талантты жазушы Ақан Нұрманов шыңырау түбіндегі шындықты шығаруға тырысқаны анық.Тарихи ақтаңдақтар түндігін түрген Ақанның жүрегінің түгі бар, сірә.Қашанда ақиқатты қазық еткен Ақанның бұл болмысына таң қала қоймаспын. Өйткені «Құланның ажалына» алғы сөз жазған Ә. Тарази да «Ақан көпшіл, әділ еді.Өтірікке жаны қас, сол үшін талай ұтылысқа түскен еді» деп ой түйеді.

Саясаттың зардабынан талай қаламгерлер мен тарихшылар шындықты айта алмаған, дұрысы ішінен тынған. Ал Ақан ағамыздың өзгешелігі мезгілді күтпеуінде. Күтуге уақыты да жоқ еді.Алайда, Ақан Құлан Кейкі батырдың әдеби- тарихи портретін асқан суреткерлікпен, нағыз жазушыға тән шынайылықпен сомдап кетті.Шығармадан автор өресінің биіктігін, тарихи уақиғадан жан- жақты хабардарлығы мен ой қатпарларының тереңдігін пайымдайсыз.

Құлан- Кейкі Көкембайұлы тарихи ірі әрі шытырман қайшылығы мол тұлға. Батырды бүкіл қазақ халқы Аманкелдіден бір мысқал да кем көрмейді. Аманкелдіні көз мерген, Кейкіні қол мерген деп дәріптеген.Қалың бұқара ғана емес, зиялы қауым да Кейкіні жүректерінің түбінде сақтап келген. Алайда кешегі зар заманда «Жау Кейкіні», «Банды Кейкіні» тарихшылар да, әдебиетшілер де ақтап ала алмады.Соншама жылдар іштен тынумен болды.

Ақан да Алматыдағы тәуір қызметін қалдырып, шалғайдағы Аманкелді ауданына ат басын тірейді. Кейкі батыр туралы болашақ шығармасына желі боларлық материалдарды жалықпай жинастырып, Торғай даласындағы көтерілістің көзі тірі куәгерлерімен жүздеседі.Осылайша Кейкі бейнесі Ақанның қара қазанында ұзақ қайнайды. Тынымсыз ізденіс пен толғаныстың нәтижесінде Кейкі батырды жалған жаладан арашалауға тырысқан алғашқы талпыныс жасалып, әдеби прототипі-айсыз түнде адасқан аңғал батыр Құланның бейнесі оқиға өзегіне айналған «Құланның ажалы» романы өмірге келеді.Ақан куәгерлерден естіген оқиғаларды дөп басып, болған күйіндей етіп жазуды мақсат етпеген.Оның желісін ғана алып, белгілеген нысанаға өз жолымен тура да дәл жеткен.Жазушының асқан шеберлігі де осында.Әрбір әріпті қатаң сүзгіден өткізетін коммунистік идеологияның жағдайында еңсесі езілген ұлтының рухын көтеруді көздеген даулы да қауіпті тақырыпқа қалам тарту – басыңды өз еркіңмен балтаға тосу еді. Романның Кейкінің емес, «Құланның ажалы» аталуы да сондықтан.

Қыр тағысы Құланның көкей тереңінде еңбегін емген момын шаруа жолына түспек ниеті, ниеті ғана емес,арманы бар еді,ауылындағы бас көтерер жігіт желеңін зорлағандай жұмысқа жегіп, аз ғана жерге егін еккізген.Сол егіннің талқанын татамыз деп жүргенде шағын ауылға ылаң келді, кедейлер үкіметінің қаһарынан именіп, «Уақытша бұғып жүрген бай –молдалардың құйыршықтары, шаш ал десе, бас алған әпербақандар милиция формасын жамылып», кешегі мыңбасының мекен-жайының маңайында ойран салды, көпе- көрнеу басынғандық білдірді,шамына тиді.Ондайға батыр төзсін бе, әкіреңдеген бейбастақ жазасын алды.Бірақ қара күйе жұққыш келеді, Құланның үстінен арыз түсті, «үкімет адамына қол көтерді,демек үкіметке қарсы шықты» деген жала жабылды.Құлан байқатпай келіп бауырына кіріп алған Абдул үшін де біраз күйіп,соны тастап кете алмай теріс жолға тереңдей енді.Бұл да Ақан тапқан күрделі образдың бір қыры. Кейбір деректерде Құланды Шолоховтың «Тынық Донындағы» Григорий Мелеховқа теңейді.Мен бұл пікірмен келіспеймін.Өйткені Ақанның жазған шығармаларынан ешкімге де еліктемегенін байқаймыз. Өзге түгіл өзін де қайталамаған жан.Бір шығармасы екіншісіне ұқсамайды. «Аққу шоғыры» мен «Құланның ажалын» бір адамның қолынан шықты деу мүлде қиын.Бұдан Ақанның ә дегенде жабылау болып көрінгенімен, сын сағатта, қиқу таянғанда шашасына шаң жұқпас нағыз жүйрік екенін байқайсыз.

«Құланның ажалы» романының алғашқы тарауларында Құлан әкесімен аңға шығады. Иә, текенің бұрқағы басталғанда, теке атып алады.Текесін аулап ата берсең, табын азып, мекенін тастап, басқа жаққа ауып кетеді.Бұл орайда Ақан ел басына төнген 1937 жылғы нәубетті айтқысы келген болар, бәлкім.Өйткені, сол кезде халқымыз ел бастайтын көсемдері мен серкелерінен айырылды.Басшысыз ел тез азады.

Талай қабырғалы журналистер қалам тартқанымен, Кейкі тарихы мен трагедиясы- әлі соңғы нүктесі қойылмаған тақырып.Ата- бабаларымыз сан ғасырлар армандаған тәуелсіздіктің,1916 жылғы ұлт- азаттық көтерілістің хас батыры, мерген Кейкі Көкембайұлының жарқын образын алғаш рет әдеби тілмен жатық кестелеп, зергерлікпен сомдаған, көркем сөздің ұстасы санатында Ақан ағамыз әдебиет тарихында қалатыны сөзсіз. Мұнысы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясындағы Кенесары бейнесін қаз қалпында халқына қайта оралтқан ерлігінен кейінгі Ақанның жасаған асқан батылдығы болды. Туған халқын ерекше сүйгені үшін ғана айыпты Кейкі жөніндегі тарихи әділдікті орнықтыруды мұрат тұтқан жазушы Ақан Нұрмановпен бүгінгі ұрпағы қалай мақтанса да артық емес. «Ақанды Ақан етіп даралайтын Кейкі батыр және жазушының ешкімге ұқсамайтын даралығында.Олай болса, Аманкелді мен Кейкі тарихта мәңгі жасайтын болса, Ақан да әдебиет әлемінде солармен бірге жасайтын жарық жұлдыз,»- деген Ақанның бала күнгі досы, белгілі журналист Ә. Қылышбайұлының пікіріне ешкім де дау айта алмас. «Құланның ажалын» жазушы Ақан Нұрмановтың шыққан биігі деп емес, бір белесі деп қабылдау қажет.

Жас жазушы әдебиетке өзіндік өрнегімен оқушы назарын өзіне аудара келді.

Ақан Нұрмановтың алғашқы әнгімелерінен бастап жұртшылықты елең еткізіп, өзіне тартқан, әсіресе, жастарды елеңдеткен бір сыр бар. Бұл сыр жазушы творчествосындағы мөлдір сезім шынайлығы, адам жанының нәзік сырларын тап басып, мөлдірете жазған әңгіме, повестері дер едік. Ақан қандай оқиғаны, нені жазса да шынайы сезіммен, лирикалық сезіммен жазады.

Жазушы Ақан Нұрмановтың танымал повестерінің бірі «Солай болған екен» деп аталады. Әңгіме кейіпкер сезімінің шынайылығымен оқырманын баурап алады. Сәлимадай ұяң да ұстамды жанды қасірет - қайғы ертерек торлады. Әңгімеде адам жанының нәзік те бейтаныс қырлары мен беймәлім сырларын жазушы лирикалық мұңды сезіммен табиғи қалпында жеткізеді. Сәлима өмірге құштар еді, ашық жарқын өсіп келе жатты. Қияқ алып қашты, макүнем болды. Ұрлық жасады. Таза махаббат иесі жас жанға өмірлік ұмытылмас жара салды. Жас жан жасымады. Өмірге құштарлық танытты.

Жазушының кез келген әңгімесін оқып көр, бұрын айтылған жағдай, ашылған сыр, белгілі характер басқаша қырынан, жатық, жанға жайлы, нәзік көрініспен суреттеледі. Әрі, автор бұл жәйді, сол өзінің лирикалық сезімдегі сырбаз, сыпайы, жаймашуақ қалпында жеткізеді, әңгімені баппен, байыппен жазады. А.Нұрмановтың әңгімелері сырлы, шуақты келеді, айтарын автор байыппен баяндайды. Ол жасаған характерлі бейнелер қарапайым, қайырымды болып көрінеді.

Жазушы жасаған бейнелер көбіне-көп сол кезеңнің жастары, өмірді жаңғыртуға белсенді үлес қосып жүрген ауыл адамдары болып келеді. Ақан әңгімелерін оқи отыра, олардың жан дүниесін, ой әлемін, мақсат-мұратын, қуанышы мен мұңын, дүниеге көзқарасын, адамгершілік бет-бейнесін көріп, танисың, жастардың бізге беймәлім жаңа сырларымен танысасың.

Ақан әңгімелерінде қайталанбас мұң, сағынышты саз, терең толғаныс, ойлы, ойнақы наз, қимас сезім көріністері жатады, сол сезімдер өзіңді іштей баурайды. Бұл дегенің Ақан Нұрмановтай таланттың творчестволық табысы, қаламгер шеберлігі. Ақанның кез келген әңгімесінде естен кетпес нәзік бейнелер кездеседі, әрі олар ұмытылмастай есіңде жатталып қалады. Сол бейнелер өз бойындағы адалдық сезіммен, адамдық аяулы болмысымен, аңқылдақ мінезімен, қарапайым қалпымен оқушы есінде сақталады. Ақанның «Аққу шоғыры», «Ор», «Күн ертеңге ауып барады», «Ымырт» атты шығармалары тың бейне , айшықты характерлерімен оқушы жүрегін баурайды.

«Аққу шоғыры» әнгімелерінде қарапайым шопанның азаматтық ерлігі барынша қарапайым, соншама нәзік жырланады. Болат- қарапайым шопан. Жүрек қалауымен екінші тың аталған қой шаруашылығын көтеруге келген жас. Орталықтан шеткері қоныста қой бағады. Қоныста ауру әкесімен жалғыз қалып, қой бағып жүр. Әке дүние салды. Күн боран, елмен қатынас үзілген. Үйде өлікпен бірге қонып жүр. Күндіз малын бағады... Жас шопанның азаматтық ерлігі. Бұл Болат шопанның ерлігі емес, міндетті борышындай көрінеді. Әкесі өлсе де, боранмен жалғыз алысып, бірін- бірі түтіп жеуге айналған қойларға алыстағы маядан шөп тасиды.Әкесін жерлей алмай, оң жаққа салып қойып, өз ойымен алысады.Адамның қолының бақытқа жетуі ұзақ дәурен, бақытсыздыққа ұшырауы қас қаққанша деп ой түйеді.Болат- сырты сабыр, іші - жалын жан. Ол кездегі кеңестік жүйеде әкең өлсе де, қоғам малы өлмеу керек.Міне, осындай кешегі кеңестік кездің шындығын Ақан басын бәйгеге тігіп жазған.

Ал бас кейіпкері Құмар Рахметов болған «Ор» повесінде Құмар арқылы адам баласы есейе келе көп нәрседен айырылып қалатындығын,балалық таза көңілден, балалық таза сенімнен, балалық таза сезімнен айырылатынын, тек есіңе сағыныш боп анда- санда оралатындығын,ал айырылдым дегенше, жұрдай болатындығыңды және енді саған адам да, құдай да көмектеспейтіндігін білесің.Жанар Құмарға терең ор қазды. Екі сиырды бақташы мойнына жазып, сотта істі қылды. Сүйгені Сара да Құмарға хат жазып қылмысты мойнына алуға шақырады. Бақташы ішпей, жемей сотталуға шақ тұр. Арашаға Құмардың досы Павел Коновалов түсті. Куәлар табылды. Жазушының «Ор» әңгімесі Құмардың ақталуымен аяқталады. Бірақ, Құмар мен Сараның махаббат сырларының арасына өшірілмес дақ түсті. Сырлы махаббаттың мұңды қорытындысы осылайша аяқталады. Таза махаббат жолында пайда табу жат қылық. Опасыздық жолы. Оқиға да қарапайым, айтар ойы да қомақты әңгіме.

«Күн ертеңге ауып барады» әңгімесіндегі кейіпкерлер болған оқиғаны кезек-кезек әңгімелеп шығады. Жолы болмаған қыз алып қашу әңгімесі. Балаң жастың албырт қылығы. «Қолға түспес, қимас» махаббатқа деген сезім көрінісі. Автордың суреттеуінде қимастықпен жайсаң жандармен қоштасасың. Шынайы суреттер, қимас бейнелер көз алдыңда қалады.

Ақанның қай шығармасын алсаң да, психологиялық шығарма екеніне көз жеткізесің.Салимаш, Болат, Құмардың жан дүниесіне бойлай еніп, жаның ашып, енді не болар екен деп отырасың. Кейіпкердің жан дүниесіне тереңдей ену, сол арқылы оқырманды да өзімен ілестіру Ақанның өзгеше бір қыры болса керек. Кейде сол кейіпкерлердің характерінен Ақанның характерін танығандайсың.Сондай ақкөңіл, адал жандармен бірге сол кездегі қоғамды танисың, адамдар өмірі, олардың тынымсыз еңбегі көз алдыңда тұрады.

Жазушы Ақан Нұрманов әңгімелерінде, жоғарыда сөз болғандай, кейіпкерлерін лирикалық жағдайда сомдап, олардың іс-әрекеттерін келістіре қарапайым түрде өрнектейді. Ақан жасаған сол қарапайым бейнелер адалдық сезімімен, аңқылдақ мінезімен, аяулы болмысымен көңілде жатталып қалады. Ақан -адамды табиғи бар болмысымен көрсетуде, характерлерді айшықтауда төселген, танымал болған жазушы. Жазушының шеберлігі, әсіресе, характерлі бейнелерді айшықтауда, бейнелерін аша түсуде ерекшеленеді. Ақан сомдаған көптеген бейнелер жан дүниесіндегі жарқындық, іс-әрекетіндегі адалдық, сезімталдық, қайырымдылық, бауырмалдық сияқты болмыстарымен оқушылар естерінде қалады. Ақан өз шығармашылығында ұмтылмас бейнелерінің өмір жолы арқылы осы аталған адами қастерлі қасиеттерді көркемдік қисынын тауып жазуды басты суреткерлік мұраты деп білген жазушы.

Көзі тірі болғанда Ақанның әлі талай тұщымды туындыларды өмірге әкелері анық еді.Өйткені оған әдебиетті еріккеннің ермегі емес, ардың ісіне балаған Ақанның туындылары дәлел.Әшейінде біртоға көрінетін Ақан қашан да әдебиетті дарынсыздардан қызғыштай қорыған.Жазушының салиқалы сырға, байсалды ойға толы алғашқы әңгімелері, повестері туралы замандас жазушылар С. Шаймерденов, Қ. Ысқақов, Ә. Тарази сынды әдебиет майталмандары жақсы баға берген, естеліктер жазған.Ақан шығармаларын «салқын сабырға, салиқалы сырға, байсалды ойға толы» деп баға берген.

Ақан әдебиеттегі тектілігін сақтады.Көзбояушылыққа төзбеді. Талант пен тектілік қана тоғысқанда шын әдебиет өмірге келетіндігін дәлелдеді.Кісілік пен кішілікті сақтап қалу тек хас таланттың ғана қолынан келері анық.Жаратушы жазушыға аз ғана ғұмыр берсе де, тектілік жағынан таршылық жасамапты. Демек, қазақ әдебиеті көгіндегі Ақан жұлдызы да мәңгі жарық,алыстаған сайын жарқырай түспек. Талант пен тектілік тоғысында жазушының шығармалары туған халқымен мәңгі жасамақ. Бұл жағынан алғанда, Ақан Нұрманов- бақытты қаламгер.

«Тектінің бәрі өз қасиетін өзгеден бұрын біледі. Ақан да өз қасиетін жақсы білді. Ұлы дарындар атақ пен сыйлықтан қалыс тұрады. Егер атақты алсам деп армандаса, шын дарын емес»,- деп баға берген Мұсабаев Хамитбек ағамыз тағы да: «Өз басым Ақанды табиғаттың өзіндей тазалық иесі, бақытты жан деймін» деп ой түйеді.

«Мен әдебиет зерттеушісі болсам, Ақан маңайын белден қазар ем» деп Ә. Тарази да кейінгі ұрпаққа ой тастайды.Ендеше, Ақан мұрасы өз зерттеушілерін күтуде.Ақан туралы, оның шығармашылығы хақындағы күрделі зерттеулер жүргізіп, түбірлі ой – пікір айту – ақантанушылардың еншісінде.Өйткені, Ақан әлемі кім- кімді болса да тұңғиығына тартпай қоймайды.

Алдағы уақытта әдебиет әлеміне құйрықты жұлдыздай жарқырап келіп, ерте ағып түскен Ақан Нұрмановтың шығармашылығы қазақ әдебиеті оқулығының бір тармағына еніп, тек Қостанай өлкесі ғана емес, барша қазақ баласы оқып танысатындай деңгейге жетсе деймін.



































«Ақан Нұрманов атындағы жалпы білім беретін орта мектебі» ММ



Баяндама



Тақырыбы: Талант пен тектілік тоғысқанда





Оқыған: Жапарова Әсел Мұратәліқызы

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!