БАТЫР БАУЫРЖАН ТҰЛҒАСЫНЫҢ ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНДЕГІ
РӨЛІ
Әрбір қазақ Бауыржан Момышұлы деген
атамыздын атын естігенде, соғыс жылдары қан майданда қол бастаған
дивизияның батыл командирі еске түседі. Бауыржан Момышұлы өрліктің
синониміне, ерліктің символына айналған аса ардақты әрі айбынды
есім. Оның алып тұлғасы бар биіктің ішіндегі заңғардай, қыран қия
тәрізді қиырдан мұнартады. Ұлы баба есімі әр кезде еске алынып,
ерліктері жас ұрпақ алдында сырдай сөз болып, жұрт алдында жырдай
айтылып отырса, оның өнегесі талай жүректерді жаулап, түлектерді
баулып, қанаттандыра береді.
Аңызға айналған ұлы тұлға – Бауыржан Момышұлы
жаужүрек батыр, даңқты қолбасшы, қарымды қаламгер. Оның өзгелерден
даралап тұрған айырықша қасиеті – оның қалам мен қаруды қатар
ұстауы, әрқашан да ұлт мүддесін қаймықпай қорғауы. Бауыржан
Момышұлы өз тұсында шепті жарып, шеңбер бұзды. Құрсауланған дәуірде
тас шайнап, от жұтқан батыр еркіндік үшін бұлқынды. Азаттық ауасын
аңсап, ұлтының елдігі мен теңдігін талап етті. Азаттықтың да
бастауында осындай елін қалтқысыз сүйген, қиындықтан қаймықпай,
дүлей соққан дауылға қарсы жүрген қазақтың қыран мінезді ұлдары
тұр. Олардың найзағай намысы мызғымас саналған, тегеуріні қатты,
өкімі өктем империяның тас қамалының да қабырғасын
қақыратты.
Бұл дүниеде сүтпен бірге сүйекке біткен
кісілік келбетінен айнымай, тектілік тұғырынан таймай, жүзін
сыртқа, арқасын ыққа бермей, ақ адал ғұмыр кешу тек дараларға ғана
даритын сирек қасиет.
Атаның мінезі қыстың қаһарлы аязындай қатал.
Жалғандыққа жаны қас, өте сезімтал, адамды тану психологиясы өте
жоғары, тәкәппар мінез көрсететін адамдардың мысын басып тастайтын,
табиғаттың ерекше жаратқан дарабозы. Ал, көңілі жарасып, мейірімі
түскен пендеге сыпайы, ақкөңіл, ақжарқын мінез танытып, ең қиқар
деген адамның өзін жөнге салып жіберетін ақылшы, дастарханын жайып,
ақ батасын беретін өте жомарт кісі
болған.
Қазақ халқы батыр перзентінің
әрбір келген жасын жанынан шығармайды. «Отан үшін отқа түс
күймейсің», «Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу –
сатқындықтың белгісі» - деген нақыл сөздері Атамыздың өз отанын
сүйгендігін, мақтан тұтқанын дәлелдейді. Соғыста болған әрбір
ата-бабамызды жүз жыл болсын, мың жыл болсын әрдайым өз
жүрегімізде, ойымызда, санамызда сақтап, қасиеттей қадірлеп, өз
алғысымызды білдіруіміз қажет.
Жастардың ұлттық патриотизмін,
Отанына деген сүйіспеншілігін дамытуға Бауыржан Момышұлы сияқты
батыр ата-баларымыздың қосқан үлесі өте зор. Халықымыздың,
ұлтымыздың амандығы, Отанымыздың ары қарайда дамуы жас ұрпақ
қолында. Әрқашан осы кездегі бейбіт өмірге ата-бабамыздың
қаны мен тері, жанқиярлық ерліктері мен ерен еңбектерінің арқасында
жетіп отырғанымызды қадірлеуіміз және ұмытпауымыз
қажет.
Батыр тек қана еуропалық және
ресейлік әскери ғылыммен, әскери өнерге сүйенбейді, өз
ата-бабаларымыздың жауынгерлік дәстүрлеріне арқа тірейді. «Білек
бірді жығады, ақыл-айла мыңды жығады», «Ер намысы – ел намысы»,
«Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді» секілді аталарымыздың ұшқыр
сөздерін Бауыржан Момышұлы орынды пайдаланған. Сондықтан батырдың
өсиеттері қазақ жауынгерлеріне өте жақын, ойларына азық, бойларына
қуат беріп тұрады. Қанатты сөздер жайдан жай тумайды және оны айтып
қалдыру кім болса соның қолынан келе бермейді. Ол үшін ғұлама,
терең ойшыл, үлкен философ, ақынжанды және өз басы күнделікті
күйкілжің өмірден жоғары тұратын ірі тұлға болуы керек. Бәукең,
міне, сондай адам. Ол кісінің нақылдары сан алуан тақырыпқа
арналған: соғыс және бейбіт өмір, тәртіп пен тәрбие, парыз бен
қарыз, тіл мен әдебиет, салт пен дәстүр, тағы сол сияқты болып
жалғаса береді. «Намысты нанға сатпа», «Ердің туы – намыс», «Тізе
бүгіп тірі жүргеннен, тіке тұрып өлген артық», «Ұшқынсыз от
тұтанбас», «Өзін сыйламаған басқаны сыйлауға қабілетсіз», «Тәртіпке
бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» т.б. сөздері жастың
да, кәрінің де санасында жатталған ұлағатты
сөздер.
Бала тәрбиесіне ерекше көңіл
бөліп оның сәби шағынан бастап-ақ кейінгі өмірінің қалыптасу
барысының алғашқы баспалдақтарын жасаған. Тәрбие адам бойында жақсы
мінез-құлық қалыптастырады. Балаға адамның, азаматтың бойындағы
барлық жақсы, асыл қасиеттер ананың ақ сүтімен бірге берілуі қажет.
Бауыржанның қанатын қатайтып, биікке самғаған қыран болуындағы
отбасының әсері қандай, ол қандай жанұядан өркен жайды? Ана сүтімен
бірге бітетін қасиеттерге ол осы шығармасында зеректік, ойшылдық
және сезімталдықты жатқызады.
Туған ұлты үшін ұран салып,
ұлт намысын таптатпай, ұлт байрағын құлатпай, айбынды ұстаған
Бауыржан атамызды өз халқы шексіз сүйіп мерейін асырды. Баукең
үйреткен тағлым - Ұлы сенім, Болашаққа деген сенім еді. Бауыржан
үйреткен тағлым - ұлы шындық. «Жалғандықтың балын жалап өмір
сүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық» деп Бауыржан сияқты орақ
тілді, от ауызды жаужүрек азаматтар ғана кесіп айта алады. Ол
үйреткен тағлым - өз халқыңды ағынан жарылып, жанындай жақсы көру.
Ұлт ар-намысына, ұлт тарихына, ұлт санасына, ұлт мәдениетіне қамқор
болу еді. Тарихи кесек тұлғалар тұғырында Б. Момышұлы өнегесі баға
жетпес байлыққа жол сілтейді. Жас ұрпақты жігерлендіреді,
батылдыққа баулиды. Адамдыққа тәрбиелейді. Өзін Кеңестік Армияның
командирімін деп қана есептеген жоқ, қазақ халқының перзентімін деп
есептеді. Ол соғыста шен мен шекпенді ойлаған жоқ. Халқының
ар-намысын ойлады. Алдындағы жаумен айқаса жүріп, артындағы елдің
тағдырына тебіренді. Алдындағы жауына оқ жолдаса, артындағы халқына
сөз жолдады.
Бауыржан Момышұлы есімін
төрткүл дүние халқы түгел таныды. Оның елі үшін жасаған ерліктері
мен еңбектері ұшан-теңіз. Осы бағыттағы туындылары Шығыс Еуропада,
Орталық Америкада, Израильде, Кубада және Мәскеудің әскери
мектептерінде арнайы пән ретінде
оқытылады.
Даралық дариясы, тағылым телегейі қанша алсаң
да таязданбайды. Қиялы ұшқыр, рухы асқақ Бауыржан Момышұлының
қанатты сөздерінің құдіреті ғажап, тәрбиелік куаты мол. Оның
толқыныс-толғаныстары жүректі тербейді. Идеялық мұратының биіктігі,
білім-танымының тереңдігі, философиялық көзқарасының кемелдігі
қайран қалдырады. Оның ерлігі әрқашан әр қазақ баласының
көкірегінде мақтаныш сезімін тұтатып тұрары
сөзсіз. Мұның барлығы Бауыржан Момышұлының мәңгілік
өмірінің куәсіндей. Қазақ аман тұрғанда, Бауыржан аты
өшпейді.
Молдакулова
А.Д.
Жамбыл политехникалық
жоғары
колледжінің арнайы пән
оқытушысы