Критериалдық бағалау – бұл
білімнің мақсаты мен мазмұнына сәйкес келетін, оқушылардың
оқу-танымдық біліктілігін қалыптастыруға себепші болатын, айқын
анықталған, ұжыммен шығарылған, білім процесінің барлық
қатысушыларына алдын ала белгілі критериялармен оқушылардың оқу
жетістіктерін салыстыруға негізделген процесс. Егер балаға оның
белгілі бір деңгейге жеткендігін айтса, онда бұл оған үздік
нәтижеге жету үшін не істеу керектігін түсінуге көмектеспейді; бұл
ретте егер баламен бірге оның жұмысында мұндай бағалауға не
әкелгенін және бағалау өлшемдерін түсіндіруге талдау жасаса, онда
бұл балаға өзінің нәтижесін жақсарту үшін кейін не істеу керектігін
түсінуге мүмкіндік береді. [МАН, 107 бет]
Критериалды бағалауды
енгізудің мақсаты:
• Мектепте оқыту сапасын
жоғарылату;
• Мектеп бітірушілердің білімін
халықаралық стандартқа сәйкестендіру.
Критериалды бағалаудың
міндеттері:
• Сабақтың әр бөліктеріндегі әр
оқушының дайындық деңгейін анықтауға;
• Бағдарламаға сәйкес оқу
мақсаттарын орындау қабілеті;
• Жеке оқушының даму жетістігін
бақылауға;
• Оқушының білім алу барысындағы
қателіктері мен олқылықтарын айқындауға;
• Әр түрлі жұмыс барысындағы
алған өз бағасының әділдігіне көзін
жеткізуге;
• Оқу бағдарламасының
тиімділігін саралауға;
• Сабақ үдерісі мен білімнің
меңгерілуі туралы оқушы мен мұғалім және ата-ана арасындағы кері
байланысты қамтамасыз етуге
Критериалды бағалаудың
маңызы:
Мұғалімдер
үшін:
• Сапала нәтижеге әкелетін
критерийлер құрастыруға;
• Өз іс-әрекетін саралап және
болашаққа жоспарлай алатын мәліметтер
алуға;
• Сабақ берудің сапасын
арттыруға;
• Оқушының жеке ерекшеліктерін
ескере отырып, оқытудың әр тұлғаға арналған ауқымын
жоспарлауға;
• Бағалаудың әртүрлі әдістерін
пайдалануға;
• Оқу бағдарламасын қолжетімді
ету үшін ұсыныстар енгізуге
Оқушылар
үшін:
• Танымдық қабілеті мен ойлау
деңгейін арттыратын оқытудың әртүрлі әдістерін
пайдалануға;
• Табысқа жетелейтін бағалау
критерийлерін түсінуге;
• Өзін және өзгелерді бағалау
арқылы кері байланысқа түсуге;
• Сыни ойлауына, еркін ойын
айтуына, өзінің білімін көрсетуге
Ата-аналар
үшін:
• Баласының білім сапасының
дәлелдемелерімен танысуға;
• Оның оқуындағы табыстылықты
бақылауға;
• Оқуына қолдау көрсету үшін
бағыт алуына мүмкіндік туғызады.
Критериалды бағалау жүйесінің
тиімділігі:
• Мұғалімге оқушының оқу
жетістіктерін объективті түрде бағалауға мүмкіндік
береді;
• Оқушыларға оқу үдерісі
барысында туындаған қиындықтарды түсінуге, бағалауға мүмкіндік
береді;
• Ата-аналар оқушының оқу
жетістіктер бойынша объективті дәлелдемелермен қамтамасыз етіледі;
Оқушылардың оқу жетістіктерін бағалауда бірқатар дағдылар
қолданылады. Олар: білу, түсіну, қолдану, сыни ойлану, анализ,
синтез, бағалау, зерттеу дағдылары, рефлексия, коммуникативті
дағдылар, тілдік дағдылар, жеке жұмыс жасау дағдылары, топта жұмыс
жасау дағдылары, мәліметті іздеу дағдылары, тәжірибелік дағдылар,
шығармашылық дағдылар, IT-технологияларды қолдану
дағдылары.
Қазақ тілі – Қазақстан
Республикасының мемлекеттік тілі. Мемлекеттік тіл – еліміздегі
халықтар бірлігінің негізгі факторы, ұлтаралық қарым-қатынастың
ұйытқысы. Бүгінгі қоғам еліміздің білім беру жүйесінен көп тілді
меңгерген дара тұлғаны қалыптастыруды талап
етуде.
Тіл- халықтың жеңістері мен
жетістіктерінің , ұлттық құндылықтары мен өмір сүру салтының
көрінісі. Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде құрметтеу -
Қазақстанда тұратын барлық халықтың
міндеті.
Орыс тілді мектептерде қазақ
тілі пәнін оқытудың негізгі мақстаты – оқушылардың тілдік
дағдыларын дамыту, қазақ тілін қадірлейтін, қоғамдық мәнін
түсінетін тұлға қалыптастыру, тіл нормаларын сақтап, дұрыс қолдана
білуге , еркін сөйлесуге және сауатты жазуға
үйрету.
Жаңартылған бағдарламаның
білім мазмұны қазақ тілі арқылы оқушыларға қазақ халқының
материалдық және рухани құндылықтарын , қазақ халқының
салт-дәстүрін құрметтеуді , қазақша сөйлеу әдебі мен
әдетін дағдыландыруды мақсат етеді және алған білімдерін өмірде
қолдана білуге үйретеді.
Қазақ тілі пәнін оқыту үдерісі
тыңдалым, оқылым, оқылым, жазылым, айтылым әрекеттері арқылы
ұйымдастырылады.
Алдымен өзге тілді мектептерге
арналған 1 сыныптың қазақ тілі оқулығына тоқталғым келеді.
Оқулық оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай, өте қызықты етіп , өзге
ұлт өкілдеріне түсінікті етіп жасақталған. Берілген бір
тақырып әртүрлі тапсырмалар арқылы меңгеріледі. Мысалы бір
сабақтың үстінде меңгеретін сөздер мен сөз тіркестерін, сөйлемдерді
суретке қарай отырып, аудиодискіден тыңдай отырып, сұрақтарға жауап
бере отырып,диалог арқылы сөйлесе отырып, сабақтың соңында
тақырыпты толықтай меңгеріп шығады.
Білім берудің жаңартылған
бағдарламасы бойынша қазақ тілін меңгеру нәтижелері критериалды
бағалауды қолдану арқылы жүзеге асырылады. Менің бүгінгі тоқталғым
келіп отырған тақырыбым - орыс сыныбында қазақ тілі сабақтарында
критериалды бағалаудың тиімді жолдары және сабақта кездесетін
қиындықтар.
Критериалды бағалауды оқыту,
оқу және бағалаудың өзара тығыз байланысында негізделген.
Критериалды бағалау нәтижелері білім беру үдерісін тиімді
жоспарлау және ұйымдастыру мақсатында пайдаланылады. Критериалды
бағалау қалыптастырушы және жиынтық бағалаудан
тұратынын білеміз. Қалыптастырушы бағалау оқушы мен мұғалімнің
арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді және оқу процесін дер
кезінде түзетуге мүмкіндік береді.
Орыс сыныптарында 1
сыныпта қазақ тілі пәнінен қалыптастырушы бағалау
тапсырмалары оқушыларға айтылым, тыңдалым, оқылым, жазылым
дағдылары және тілдік нормаларды қолдану бойынша
берілген.
Білім алушыларға оңай,
өздігінен орындай алатын тапсырмаларға төмендегідей тапсырмаларды
жатқызар едім: тыңдалған сөздің мағынасына сәйкес суретті табу,
мәтінде айтылған заттардың атын суреттен таба білу, заттардың түсін
келтіріп бояу, сөздерді сауатты жазу, суреттегі заттарды
сипаттау,төл дыбыстарды дұрыс айту және табу т
.б.
Алайда кейбір тапсырмалар орыс
тілді мектеп оқушыларына, оның ішінде өзге ұлт өкілдеріне
қиынға түседі. Мысалы: берілген мәтін бойынша сұрақтарға
қазақша жауап беру, мәтін бойынша өз пікірін қазақша айту, өз
ойын айту, суретке қатысты өз ойын қазақша жеткізу,
мультфильмнің үзіндісін өз сөзімен қазақша айту өзге ұлт өкілдеріне
қиындық туғызады. Кейбір оңай тапсырмалардың өзін орысшаға аударған
кезде ғана істей алады. Бір сабақтың үстінде берілген
тапсырмаларды меңгерумен қатар қалыптастырушы бағалаудың
тапсырмалар мөлшері оқушыларға өте көп
жүктелген.
Сабақта қалыптастырушы
бағалауды жүйелі өткізу – жиынтық бағалаудың нәтижелі, сапалы
болуының баспалдағы. Жиынтық бағалау – тоқсан соңындағы оқушы
білімінің жетістігін саралайтын жұмыс, ендеше осы жұмыстың бастауы,
негізі қалыптастырушы бағалауда
қаланады
Жиынтық бағалау бірінші
сыныпта үшінші тоқсаннан бастап өткізіледі. Қазақ тілінен
«Саяхат», «Салт-дәстүр және ауыз әдебиеті» ортақ
тақырыптарынан кейін және тоқсандық жиынтық бағалау
өткізілді. Жиынтық бағалаудың да оқушыларға оңай және қиын тұстары
болды.
Мысалы оқушылар мәтіннің
кім/не туралы екенін айта алады, суретте бейнеленген заттарды
дұрыс атайды, мәтін бөліктерінің ретін дұрыс анықтайды, қарапайым
сұрақ құрастыра алады т.б.
Сонымен бірге кейбір оқушылар
тыңдаған мәтіннің мазмұнын қазақша айтуда, сурет бойынша
шағын әңгіме құруға, заттарды сипаттайтын сөздерді жазуда немесе
берілген ертегінің неліктен ұнайтынын қазақ тілінде
жеткізуге, берілген ертегінің үзіндісін, оқиғаның жүйесін сақтай
отырып әңгімелеуде қиналады.
Біздің мектептеріміз аз
қамтылған шағын мектептер болғандықтан критериалды бағалауды өткізу
оңайға түседі. Бір сыныпта бары төрт оқушы. Оқушыларға берілген
тапсырмаларды түсіндіріп, үйретуге толық мүмкіндік бар. Бірақ
сабақта оқушыларды топқа бөле алмаймыз. Олар тек бір топпен
жұмыстанады немесе жеке жұмыстанады Баланың саны аз болғандықтан
сыныпты алға тартып отыратын лидер оқушы аз болады.Жаңаша
бағалаудың қорытындысы бойынша пайызбен шаққанда оқушының білім
деңгейін салыстыратын болсақ, мысалы 62% алған оқушыда, 84 %
алған оқушы да төрт деген бағаны алып шығады.Осыдан дәстүрлі
бағалау мен критериалды бағалаудың арасында көп айырмашылық бар
екенін көреміз.
Бүгінгі таңда оқушы білімін
критериалды жүйе бойынша бағалаудың өміршеңдігі мен ұтымдылығы
дәлелденіп отыр. А.Байтұрсынов: «Дүниеде өзгермейтін нәрсе жоқ.
Ғылым да, тіл де, табиғат та дамиды. Осындай дамуды, өзгерісті
басынан өткеретін құбылыс та – тіл» деп жазған. Жеке тұлға
тәрбиелеуде тіл құзіреттілігінің маңызы ерекше. Білім алушының тіл
құзіреттілігін жетілдіруге критериалды бағалау жүйесінің ықпалы өте
зор. Қазіргі заманда дамытудың нақты, бағытты, жүйеленген
әдістемелері жасалып, психологиялық қолайлы жағдайлар тудырып
отырса, кез келген ерекше қабілетті оқушы дарынды оқушыға айнала
алады. Ал дарынды ұрпақ – елдің ертеңі екенін, оқушы жастан
белсенді азаматтық позициясымен ерекшеленетін бала қоғамымыздың
ертеңгі зияткерлік тобы екенін үнемі есімізден
шығармайық.