Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
"Бір аймақ- бір кітап" акциясы бойынша ауызша журнал С.Мұқанов "Балуан Шолақ"
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
Қарағанды облысы Шахтинск қаласы №5 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Абдрахманова Бейнегүл Байдрахмановна
Тақырыбы: «Бір аймақ – бір кітап»
акциясы. С.Мұқановтың «Балуан Шолақ»
повесі
Көрнекіліктер:
С.Мұқановтың,Балуан Шолақтың
портреттері слайд, ақынның кітаптары, ұлы
тұлғалар туралы қанатты сөздер.
Акция мақсаты:
Жалпы қоғам назарын кітап оқуға байланысты қызығушылықты арттыру, адамның жеке тұлғасын қалыптастырудағы кітаптың рөлін күшейту, оқырман мәдениетін дамыту және оларды қолдау боп табылады.
Акция міндеті:
-
Көркем әдебиетті қызыға оқитын оқырман аудиториясын кеңейту;
-
Оқу мәртебесін арттыру;
-
Балалар мен жасөспірімдерді туған өлкеге деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімде тәрбиелеу, көркем әдебиетті оқу арқылы жасөспірімдердің рухани және адамгершілік әлеуетін арттыру;
-
Оқуды қолдау мақсатында жалпы қоғамдық қозғалыс құру, отандық әдебиетке деген құрметті арттыру;
-
Ұжымдық және отбасылық дәстүрлік оқуды жандандыру;
Балалар мекемелерінің балалар және жасөспірімдер оқуын қолдау және алға тартудағы күштерін біріктіру
Мұғалім сөзі: Облысымызда «Бір аймақ – бір кітап» атты облыстық акция жүріп жатыр. Осы акция аясында 8-9 сынып оқушылары С.Мұқановтың «Балуан Шолақ» повесін оқып танысады. Біз төменгі сыныптарда С.Мұқановтың «Лашын» әңгімесі, «Каронмен күрес», «Есіл» туралы оқығанбыз.Ал бүгін біз қазақ тарихында да, әдебиетінде де есімдері алтын әріппен жазылған екі зор тұлғаның,яғни С.Мұқанов пен Балуан Шолақтың өмірі мен шығармашылығы туралы ауызша журнал арқылы таныс боламыз.Олай болса, сөз кезегі бүгінгі «Ауызша журналды» жүргізуші оқушыларға беріледі.
Жанбота:(1) Қайырлы күн, құрметті көрермен қауым! Бүгін «Бір аймақ – бір кітап» атты облыстық акция аясында «Ауызша журнал»өткізгелі отырмыз. Осы шараға хош келдіңіздер!
Жансая(2) Бүгінгі «Ауызша журналымыз» қазақ тарихында да, әдебиетінде де есімдері алтын әріппен жазылған екі зор тұлға, С.Мұқанов пен Балуан Шолақтың өмірі мен шығармашылығына арналады. Ал, құрметті ұстаздар, оқушылар осы «Ауызша журналды» бастауға рұқсат етіңіздер.
Жанбота: (3) Біздің журналымыздың бірінші бетіне назар аударайық. Мұқанов Сәбит Мұқанұлы (1900-1973) - қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Ғылым академиясының академигі.
Сәбит Мұқанов қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Жаманшұбар (бұрынғы Ақмола губерниясы, Қызылжар уезі, Таузар болысына қарасты екінші ауыл) деген жерде кедей отбасында 13 сәуір (26 сәуір) 1900 жылы туған. Сәбит жеті жасқа келгенде әкесі – Мұқан, сегізге толғанда шешесі қайтыс болады да, Мұстафа деген ағасының қолында қалады. Жетімдіктің ауыр тақсіретін тартқан Сәбит он жасынан бастап өз бетінше еңбек етеді.
Жоқшылық зардабынан Сәбит әркімнің есігінде жүріп, отыншы, сушы, қойшы, жылқышы болып күн кешеді. Тапқаны тамағына жетпей, мұқтаждық қолын байлаған ол – жасында оқи алмайды. Бірақ, оқысам, білсем деген арманы ойынан бір кеткен емес. Өз бетінше ұмтылып, ауыл молдаларынан хат таниды.
Жансая(4) 15 жасында қисса, дастандар оқи алатын халге жетеді. Татар молдаларынан сабақ ала жүріп, «Шәкір – Шәкірат», «Зылиха – Жүсіп», «Зарқұм», «Сал-Сал», «Зейне – Зайнап», «Ләйлі – Мәжнүн», «Сейфул – Мәлік», «Бадүғұл – Жамал», «Алпамыс», «Ер Тарғын» жырларын, Ғабдолла Тоқаевтің шығармаларын тауып алып оқиды. Бұл дастандардың көпшілігін Сәбит ауыл ішінде көбінесе жатқа айтып жүреді. Өлең шығаруға талаптанады, ел аузына ілігеді, ауыл ішінде өлеңші бала атанады. Абай Құнанбаевтың 1909 жылы басылған өлеңдері жинағымен танысқан ол Абайдай ақын болуды аңсайды. Абай поэзиясы Сәбиттің ақындық талантына зор қозғау салады. Жасынан ел аузындағы жыр-толғауларды, қисса-дастандарды жаттап, мақамдап айтып үйренген.
Айкен: (5) С. Мұқанов 1922 жылы Орынбордағы жұмысшылар факультетіне (рабфак) түседі. Осы кезде орысша үйреніп, орыс әдебиетінің үлгілерімен танысады.Біліміне ақындық таланты ұштасқан С. Мұқанов бірнеше өлеңдерін шығарады, ол 1926 жылы рабфакты бітіріп шыққан соң «Батырақ», «Октябрь өткелдері», «Сұлушаш» поэмаларын жазады. Бірқатар орыс ақындарының шығармаларымен танысады. 1926-1928 жылдары әр түрлі баспасөз орындарында істейді. 1928 жылы Ленинград университетіне түседі. Бірақ тұрмыстың ауыртпалығынан оны бітіре алмайды.
Балнұр: (6)1935 жылы Мәскеудегі қызыл профессура институтын тәмамдайды. Алматыға оралып, "Қазақ әдебиеті" газетінің редакторлығына тағайындалады. 1936-1937 және 1941-1954 жылдары Қазақстан Жазушылар одағын басқарады, 1937-1941 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогика институтында дәріс оқиды. 1954 жылы Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі болып сайланады. 1968 жылы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанады. Бірнеше съездерге делегат, басшы органдардың мүшесі болып сайланады. 1973 жылы қайтыс болады.
Назерке: (7) Журналымыздың екінші бетіне назар аударайық.
Ол «Қазақ әдебиетінің аға жазушысы- Сәбит» деп аталады.
Сәбит Мұқанов әдебиетке араласқаннан бастап-ақ дәуір, заман алға қойған тақырыптарға қалам тербеді. Ол қазақ әдебиетінің барлық жанрында өндіре еңбек етті. Жазушы қаламынан туған әдеби мұра сан жанрлы, мол көлемді, идеялық-эстетикалық мәні жоғары да бағалы. Ол 80 мың жолға жуық лирикалық өлең, жиырмаға тарта поэма, бірнеше повесть пен роман, көптеген әңгіме, очерктер, оннан астам пьеса, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар, қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын талдайтын монографиялар, қазақ мәдениетінің тарихы және этнографиясы туралы зерттеу еңбектер, тағы басқа сан-салалы кітаптар жазды. Сәбит әр алуан қызметтер атқаруымен қатар түрлі жанрда жаңа шығармаларын жариялады. Поэзияда: «Колхозды ауыл осындай», «Майға сәлем», «Сөз-советтік армия»; драматургияда: «Күрес күндерінде» (1938), «Алтын астық» (1939); прозада: «Жұмбақ жалау» (1938), «Менің мектептерім» (1940), «Балуан Шолақ» (1941) сықылды шығармалар сол жылдардың жемісі.
Жансая: (8) С.Мұқанов туралы қаламдастары мынадай пікір білдіреді:
*Құрметті Мұқанов! Сенің «Балуан Шолағыңды» оқығанда қуанғанымды айтсаңшы. Сен тамаша дастан жазғансың!»,- дейді орыс жазушысы А.Фадеев.
*«Қазақ әдебиетінің аға
жазушысы Сәбиттің аты – қазақ оқушысының мол қауымына өте даңқты,
анық қымбат аттың бірі.» М.Әуезов
*«Балуан Шолақ» алғаш жарық
көрген «батырлық поэма «Балуан шолақ» әнші, сал, сері
өмірінен жазылған алғашқы ғұмырнамалық
роман. Құлбек
Сәрсенұлы
Жанбота: (9)Журналымыздың үшінші бетіне назар аударыңыздар.
Атадан
ұл тумайды мендей сабаз,
Қалада қалды шіркін талай маңғаз.
Мировой қорлығына шыдай алмай,
Түбінде фонарының жаздым қағаз.
«Шаһарда
алты күндей болдым қонақ,
Сөйлеуге мизамыңды тілім олақ.
Жорға мен Ақбозатты алып кеткен,
Сұрасаң, менің атым – Балуан
Шолақ!»
Дариға: (10) Жастайынан жұрт назарына ілігіп, есімі шартарапқа жайылған қазақтың атақты ұлы Балуан Шолақ дүниеге келгелі бір жарым ғасыр болды. 1864 жылы Мойынқұмның Хан тауының маңында туған. Шежіреші қарттардың айтуынша, Балуан Шолақтың жас кезінде әкесі Көкшетауға көшіп келген. Әкесі Баймырза ағаш шебері болған. Әкесіне қарағанда, шешесі Қалампыр қарулы кісі болған дейді. «Алып — анадан» деген ғой, Балуан Шолақ та осы анасына тартып, теңдессіз алып күштің иесі болған.
14 жасынан бастап күреске түсіп, ат құлағында ойнаған спортшы болған, шауып келе жатқан ат үстінде әр түрлі күрделі жаттығуларды шебер орындаған. Мысалы: жүйткіп келе жатқан ат үстінде түрегеліп, не басымен тұруы, аттың бауырынан өтуі, бір аяғын үзеңгіге қыстырып, шалқалап жатып шабуы бойындағы жойқын күшті, ептілікті шебер игере алатындығын, қазақтың далалық цирк өнерінің іргетасын қалаған.
Осында өсіп, өнер қуып, Арқаның ардагер серісі атанған оның әндері, өлеңдері көптеген жинақтарға енген, жеке кітап болып та басылып шыққан. Оның ішіндегі ең сүбелісі – Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ» повесі
Жанбота: (11) «Балуан Шолақ» әңгімесінен үзінді.
Жас жігіттің жұдырығының тегеурінділігіне қарап «күші бар екен», деп ойлады Түйе балуан, сонда да аса қауіп қылмай, шекпенінің екі өңірін кеуде тұсынан қапсыра ұстады да, бір қолын бос жіберіп:
— Ал қимылда, бала!—деді.
Сол кезде Нұрмағамбет Түйе балуанның сол жақ бүйірінен де ұстап, оң жамбасқа ала сілтеп кеп қалып еді, Түйе балуанның оң тізесі бүгіліп барып, әрең дегенде түрегелді.
— Жықты! Жықты!.. — десті Керей жағы жүгіріп. Әдетте тізесін бүксе балуанның жығылғаны.
Екі жақтан да жігіттер жүгірісіп жанжалдасып жатыр еді:
— Тоқтаңдар!—деді Нұрмағамбет айқайлап, — жоқтағандарың, менің намысым болса, кейін қайт, Керейдің баласы! Тізесін бүгіп бәйгі алмай - ақ қояйын. Бағымнан көрем, қайта күресем.
Екі жағы балуандарды жіберіп, кейін шегінді.
Бұрын мұндай күшке кездеспеген Түйе балуанның ашудан бетіне түгі шықты. Нұрмағамбетті езіп тастауды ойлаған ол, денесінің әр тұсынан ұстап еді — темірге тигендей батпады, бұлтыңдап ойнаған бұлшық еттері уысын кейін серпіп жіберді. Денесін қапсыра көтеруге келтірмейтінін көрген соң, Түйе балуан белінен омырмақ боп, құшағын айқастырып алып, олай да, бұлай да бұрады, кейде ұршықтай үйіріп алып та кетті, бірақ, қалай сілтесе де тік түсетін бір тамаша!
Ызаланған Түйе балуанның самайынан тері, аузынан көбігі ағып, енді жағадан ап үйіруге ойлаған кезде, Нұрмағамбет оның ішіне кіріп кетіп, түйедей денесін иыққа сап арқалай жөнелді. Сол қалыппен бұлқынған балуанды босатпай, арқалап жүріп, үйіріп - үйіріп, сылқ еткізіп шалқасынан тастап кеп жіберді. Құлаған балуанның екпінінен жер солқылдағандай болды. Нұрмағамбет ор қояндай ойнақтап, Керейге қарап жайнаңдай жөнелді. Түйе балуан жығылған орнынан тұра алмай қалды.
— Қабырғам!—деді ол ышқынып, басын көтерейін дегендерге, — сынды білем...
Нұрмағамбетті Керей жағы төбелеріне көтеріп әкетті. «Сені тапқан анаңнан айналайын... Күшіңнен айналайын... Көп жаса!»... деген дауыстар даланы басына көтерді.
Бір уақытта Паң Нұрмағамбет төңірегіне қараса, аз ғана ақсақалдан басқа жан жоқ. Жұрттың қоршағаны балуан Нұрмағамбет.
— Отырсын түге, шуламай! — деп Паң ақырды,— не бар, даурығатын? Қаңғырған жалғыз ауыл Үйсінді сонша ардақтап, сонша қошеметтейтін, Керейдің ол бел баласы ма еді?
Паңға кім үндей алсын... Жұрттың даусы бәсеңдеді. Осы кезде: үстіне тамаша кілем жапқан, кере құлаш камшат құндыз бен ала жібек шапанды өркешіне ілген түйеге бастатып, күміс тұрманмен ерттеген сұлу жирен атқа бастатып, бас балуанның бәйгісі, — жүз ірі малды Арғын Паңның алдына әкеп тосты. Бір тоғыз мал қосып түйе мен атты Паңның өзі алды да, өзгесін ақсақалдарға үлестірді.
— Балуанның өзіне де ырым беріңдер. Кедей кісінің баласы, еңбегі, — деген әркімдерге Паңнан бұрын жауапты Нұрмағамбеттің өзі берді.
— Мен дүние жиғалы жүрген жігіт емеспін, — деді ол,— күшім мен халқым сен аман болсаң, одан артық маған не керек?.. Бәйгіден бір сабақ та жіп алмаймын, ол көпшілік — сенің сыбағаң!..
Ентігін басқан Нұрмағамбетке жұрт алғысты жаудырып қоршап тұрған кезде: басына ақ жібек шәліні желбегей салған, құлағында алтын сырғасы бар, көйлек пен бешпенті татаршалау, орта бойлы, бетінде аздап қорасан дағы бар, ойнақшыған қара көзді, кішірек қыр мұрынды, жиырмалар шамасындағы қараторы әдемі келіншек көпшілікті кимелеп келді де, Нұрмағамбеттің иығына қызыл ала батсайы шапан жауып, қалтасынан мол, ақ жібек орамал алып, қолына ұстатты.
— «Орамал тонға жарамайды, жолға жарайды» деген, — деді ол сыпайы, сызылған сәнді үнмен, — ерлігіңізге тартқан сыйым, көпке балап алыңыз!..
Келіншектің қарақаттай мөлдір, күлімдеген көзі Нұрмағамбетке күн сәулесінен өткір қадалып, оның өмірде жаннан жасқанбаған көзін тайдырып жіберді. Сол өткір қарастан оның бойы отқа тиген қорғасындай еріп кеткен сияқтанды, аузына сөз түспей, жаутаңдап қарай берді.
Сыйына лайық жауабы тез беріле қоймаған соң, келіншек тағы бірдеме дегелі оңтайланып келе жатыр еді:
— Балуан, сені Паң шақырады, тез жүр! — деді бір жігіт.
— Біз бір жолаушы ек, — деді келіншек, — мекеніміз — Қараөткел. Жүріп бара жатыр ек, хош болыңыз!.. Келіншектің ұсынған қолының жіңішке ұзын саусақтары да, Нұрмағамбетке оттай ыстық көрінді.
— Хош!—деген сөзге ғана келді оның, тілі. Келіншек Нұрмағамбетке қара көзінен нұр төге, төңкере бір қарады да, демін кеудесін кере алып, аяғын баяу басып жүріп кетті.
— Атын білесіңдер ме, әлгі келіншектің? — деп сұрады Нұрмағамбет, Паңға келе жатып, қасындағылардан.
— Білмейміз.
— Қап, сұрамағанымызды қарашы, — деді Нұрмағамбет өкінгендей, — әне, аттанып та кетті.
Паң Нұрмағамбет, балуан Нұрмағамбетті қарсы алдына шақырып алды да:
— Жай қолыңды!—деді.
— Нұрмағамбет екі қолын көтеріп, алақанын жайды.
— Жігітім, жарайсың. Күшіңе сүйсіндім, — деді Паң.— Не бата тілейсің?
— Тілеп бата ала ма, Паң ата?
— Екеуміз аттас екенбіз, — деді Паң, — сен Нұрмағамбетті қойып «Балуан» деген атқа ие болсаң қайтеді? Оны азсынсаң қасына «Шолақ» деген сөзді қосайын!..
— Паң. берер батаң «Балуан» деген атақ болса, мынау көп ол батаны мана айтқан!
— Я, рас... айтқамыз... «сүйгенін шұнағым» дейді... Халықтан сүйген атын ол алған... Оның аты «Балуан Шолақ»!—деген дауыс ду ете түсті.
Көптің құлағында бірнеше күнге шейін осы бір үн ызыңдағандай болды да тұрды
Ділназ (12):Журналымыздың төртінші бетіне назар аударыңыздар.
Көкшетау қаласындағы үлкен жиындарда 51 пұт (830кг-дай) кірдің тасын көтеріп, дүйім жұртты таң қалдырған. 1899 ж. Орыс палуаны Иван Кореньмен күресіп, оның қабырғасын сындырғанда Балуан Шолақ 35-те еді. Өмірінің елеулі кезең-белестерін Балуан Шолақ әрдайым әндеріне қосып отырған. Солардың ішінде өзінің күш-қуатын мақтан ететін тұстар да бар. Бұл ретте үлкен жиында 816 килограмм салмақ көтеріп («Кешегі сентябрьдің базарында Көтердім елу бір пұт кірдің тасын») жұртты таңырқатқаны және бәс тігіп – өз жанынан үлкен қаржы шығарып – орыстың әйгілі палуанын жыққаны («Қалтамнан жетпіс бес сом залог салып, Сындырдым Карон балуан қабырғасын») көбірек айтылады. Балуан Шолақтың өгізді көтеріп жүре беретіндігі, жеті жасар бұқаны сұлатқаны, жәрмеңкелерде өнер көрсеткенде жиырма жігіт жабысқан бөренені иығына асып тұратыны туралы, т.т. с.с. деректер ауызша әңгімелерде, мерзімді баспасөз беттерінде жарияланып жүрген мақалаларда жиі айтылады. Жетісуда болған сапарында салмағы 1050 кило тартатын зілмауыр тасты көтерген көрінеді.
Жанбота:(13) «Кешегі сентябрьдің базарында Көтердім елу бір пұт кірдің тасын» деп айтқандай, ел ішінде кең тараған әндерінің бірі - «Сентябрьді» назарларыңызға ұсынамыз.
Айнұр (14) Мұның үстіне Балуан Шолақ ән-күйге жасынан құмар болады. Бертін келе, жігіт шағында Балуан Шолақ осы екі өнерді қатар дамытады. Әке-шешесі қайтыс болған соң, Ғаникей деген қызға үйленген Балуан Шолақ ел аралап, салдық құрады және жалғыз-жарым жүрмей, маңына әнші-күйші, палуан, өнерлі жастарды жинайды. Топ құрып, «ансамбль» болып сауық құру Балуан Шолақтың дәстүріне айналған.
Өзі ұстаз тұтқан Біржан сал, Ақан сері әндерінің тамаша орындаушысы әрі насихатшысы болады. Олардың әнші-композиторлық дәстүрін берік ұстанып, кейін өзі де ән шығарады. Бұл тұрғыдан алғанда, Балуан Шолақ қазақтың әншілік өнерін өрістетуге үлкен үлес қосқан композитор. Көкшетау, Қарқаралы, Қараөткел, Сарысу бойындағы елдерді түгел аралаған. Балуан Шолақ Баян-ауыл, Семейде болады, Арқаның әндерін Жетісуға жеткізеді. Осы сапарында Кенен Әзірбаев Балуан Шолақтың көптеген әндерін үйреніп, халыққа таратады. Балуан Шолақтың «Ащылы-айырық», «Балуан Шолақ», «Желдірме», «Дікілдек», «Көкшетау», «Қосалқа», «Қос барабан», «Қос перне», «Құлан кісінес», «Кенже қоңыр», сияқты әндері бар. Белгілі музыка зерттеушісі Александр Затаевич ел арасынан Балуан Шолақтың бірнеше әндерін жазып алып, оны «Қазақ халқының 1000 әні» және «Қазақтың 500 әні мен күйі» жинақтарына енгізген.
Аида:( 15) Балуан Шолақтың аса атақты әндерінің бірі «Ғалия» екені белгілі. Бұл ән автордың есімін шартарапқа жайды. Ыстық, мөлдір махаббатты асқақтата жырлаған осынау сүйіспеншілік жыры өзінің асқақ та сазды әуенімен және нәзік сезімді ерекше құштарлықпен бейнелеуі арқасында көп көңілінен шықты. Бұл ән Балуан Шолақтың музыкалық шығармашылығының шырқау биігі санатында аталады. Ел арасында ол бірнеше түрде айтылып келген. Осынау көпке әйгілі тамаша әннің толықсыған кейіпкері жайында Сәбит Мұқанов пен Ахмет Жұбановтан бері талай зерттеушілер қалам тербеп келеді. Ғалия Тілеуқызының базарда қымызхана ұстағаны, көрікті болғаны, 22–23 жасар шағында оған қырықтың қырқасына шыққан Балуан Шолақтың ғашық болғаны, содан ғаламат ән туғаны, жалпақ дүниеге ғажайып жыр болып шашылған осынау махаббаттың 1908–1909 жылдары туғаны дау-дамайсыз шындық ретінде айтылады.
Жансая: (16)Енді назарларыңызға Балуан Шолақтың шоқтығы биік әндерінің бірі – «Ғалияны» тыңдауды ұсынамыз.
Мадина (17):Журналымыздың бесінші бетіне назар аударыңыздар.
Балуаннан 3 бала қалған.
Бәтен, Исажар, Құдайберген. Әйбат осы кенжесінен туған қыз болса,
ал Шолахов Шаидулла,Қайролла
немерелері. Әйбат апа Ақмола облысы,
Кенесары ауылында тұрады. Бірге туған бауырлары, яғни, Балуан
Шолақтың туған немерелері де баршылық. Барлығы Астанада тұрады.
Әйбат апа әкемнің көзі тірісінде жазушылар үйге жиі
келетін деп еске алады. Ту ұстаушы Нұрмахан – аты аңызға айналған
Балуан Шолақтың тікелей ұрпақтары да бар.Ол атақты Балуан Шолақтың
тікелей ұрпақтарының бірі, грек-рим күресінен әлем чемпионатының
екі дүркін қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы Нұрмахан
Тінәлиев.
Ж.Аружан(18)Шу ауданының Шоқпар стансасында тұрған
Сәрсен Жылысбаев «Балуан Шолақ» дастанын жазып, онда өзі сыйласып
өткен тұлғаның өмір тарихын жырға
қосты.
Балуан Шолақ Шу өңірінде болған сапарында
көтерген салмағы 1050 кг. тартатын тас бүгінде аудандық тарихи
өлкетану мұражайының алдына қойылған. Сондай-ақ, Далақайнар
өңіріндегі өзі аршыған тұнба әлі күнге дейін «Балуан Шолақ бұлағы»
аталып келеді. Балуан Шолақтың ағайындары Шу өңірінде, ал
ұрпақтары Көкшетауда
тұрады.
Еліміздегі көптеген қалалардағы спорт
сарайлары Балуан Шолақ атымен
аталады.
Даңқы алты алашқа танылған тұлғаға Жамбыл
облысы жерінде де лайықты құрмет көрсетіліп келеді. Тараз
қаласындағы бұрынғы Набережная және Дружба народов көшелері Балуан
Шолақ атын алған. Қазақстан Үкіметінің қаулысымен 1989 жылы Шу
ауданының Ақтөбе ауылы Балуан Шолақ ауылы деп
аталды.
Жанбота: (19)Балуан Шолақтың өмір жолы Сәбит Мұқановтан бастап Әнес Сарай, Дулат Исабеков, Серік Тұрғынбеков, т.б. сөз шеберлерінің шығармашылығына арқау болып, олардың қаламынан туған прозалық, драмалық, поэзиялық туындылар жұртшылыққа қажет рухани азық қорын толықтыруда. Көптеген зерттеушілер, публицистер балуаншолақтану саласына қызықты ізденістерімен өз үлестерін қосуда. Дала серісінің дүниеге келгеніне 150 жыл толуына орай оның аңыз болып кеткен өмір жолын жаңғырту ісі жалғаса бермек. Халқымыздың мақтанышына айналған Балуан Шолақтың әншілік-ақындық мұрасын насихаттау, оның қаһармандық бейнесіне мұқият назар аудару – баршамыздың парызымыз.
Жансая: (20)Бабаларымыздың өнегесі - біз үшін ерлік мектебі дей келе, журналымызды мына өлеңмен аяқтағымыз келеді:
Ұмыт болар бәрі мына опасы жоқ
Жалғанда,
Екі-ақ нәрсе ел есінде қалып жатса таң
қалма:
Қаһарманның ерлігі мен асыл сөзі
дананың,
Өте берер бұзып-жарып ғасырлардың
қамалын…