Материалдар / Мақала АҚЫЛБЕК ШАЯХМЕТ ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРДІҢ ҚОЛДАНЫСЫ

Мақала АҚЫЛБЕК ШАЯХМЕТ ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРДІҢ ҚОЛДАНЫСЫ

Материал туралы қысқаша түсінік
АҚЫЛБЕК ШАЯХМЕТ ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРДІҢ ҚОЛДАНЫСЫ Мақала
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
28 Қазан 2024
19
0 рет жүктелген
450 ₸
Бүгін алсаңыз
+23 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +23 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

ӘОЖ 811.512.122

Бекбосынова А.Х.,

филология ғылымдарының кандидаты,

қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының

қауымдастырылған профессоры

Ө.Сұлтанғазин атындағы ҚМПУ

Қостанай, Қазақстан

Калиева А.,

5В011700 – қазақ тілі мен әдебиеті

мамандығының 2 курс студенті,

Ө.Сұлтангазин атындағы ҚМПУ

Қостанай, Қазақстан



АҚЫЛБЕК ШАЯХМЕТ ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРДІҢ ҚОЛДАНЫСЫ



Түйін

Мақал-мәтелдер – халық даналығының қайнар көзі. Олар ғасырлар бойы қалыптасып, сол халықпен бірге жасап, біте қайнасып кеткен дүние.

Мақалада Ақылбек Шаяхметов туындыларындағы мақал-мәтелдердің стильдік қызметі талданады.

Кілт сөздер: мақал-мәтел, бейнелілік, тұжырымды ой, стильдік ерекшелік, халық даналығы.

1 Кіріспе

Халық өнерінің бірі де бірегейі – мақал-мәтелдердің көркемдік қуаты сан алуан. «Сөздің көркі – мақал», – деп халқымыз мақал-мәтелдің құдіретіне аса жоғары баға берген. Мақал-мәтелдердің көкжиегі өте кең, әрі тақырыптар мазмұны ауқымды. Олар адамды жақсылық пен ізгілікке жетелеп, мәнді, мазмұнды ойлар арқылы тәрбиелейді.

А. Байтұрсынұлы «қара сөз бен дарынды сөз жүйесіне» тоқтай келіп, оларды іштей өрнекті сөйлемдер, өлеңді сөйлемдер, шешен сөз, дарынды сөз, ділмәр сөз деп бөледі де, әрқайсысына жеке зерттеу жүргізеді. Осылардың ішінде мақал-мәтелге айрықша орын беріледі. «Мәтел дегеніміз – кезіне келгенде кесегімен айтылатын белгілі сөздер. Мәтел мақалға жақын болады, бірақ мақал тәжірибеден шыққан шындық түрінде айтылады» [1].

Ғ. Қалиев пен Ә. Болғанбаев: «Мақал дегеніміз – халықтың ғасырлар бойғы дүниетанымы, тәжірибесі жинақталып берілген, мазмұны жағынан ғибрат, өсиет сияқты, ізгі қасиеттерді уағыздайтын, құрылымы жағынан әрі көркем, әрі ырғақты, ықшам нақыл сөз. Мақал формасы жағынан аяқталған сөйлем іспеттес. Мақалдардың көпшілігі екі компонентті, яғни құрмалас сөйлем типтес болып келеді.

Ал, мәтелге келсек, мақалға берілген анықтаманы оған да беруге болады. Мәтел де халық даналығынан туған, мағынасы уағыз, өсиетке негізделген, ырғақты, әрі ықшам сөз үлгісі. Мәтелдің мақалдан айырмасы – мәтелде айтылатын ой-пікір мақалдағыдай емес, негізінен жанама түрде астарлау, меңзеу түрінде берілетіндігінде», – дейді [2].

Ә.Қайдар мақал-мәтелдердің пайда болып қалыптасуы ішкі және сыртқы факторға байланысты: «Ішкі фактор әрбір этникалық қауымның халық болып қалыптасуының ұзақ тарихи процесіне, өзіндік дүние танымына байланысты. Ал, сыртқы фактор сол этникалық қауымның бір табиғи ортада, басқа халықтармен араласуынан, бір-біріне тигізген мәдени әсеріне байланысты. Мақалдар негізінен екі бөлімді болып келеді де, алдыңғысында іс-әрекеттің шарты мен жағдайы айтылып, соңынан сол пікірді түйіндеп қорытындылайды. Я болмаса, екі нәрсені бір-біріне қарсы қойып салыстырады», – деп тұжырымдаған [3].

С.К. Кенжемұратова мақал-мәтелдердің пайда болуы жайлы: «Қазақтың кейбір мақал-мәтелінің халық ертегілерінен, хикая, өлең, жырлардан пайда болғанын аңғарамыз. Мәселен, қазіргі мақал ретінде айтылып жүрген: «Түйе бойына сеніп, жылдан құр қалыпты»; «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді»; «Өз үйім-өлең төсегім» – деген мақалдар ертегілерден қалған жұрнақтар.

Мақал-мәтелдердің кейбіреуі көрнекті ақын-жазушылардың қолтума нақыл сөздерінен де пайда болады. Қазақтың ұлы ақыны Абайдың өлеңдері мен қарасөздерінің көбі халық арасына кең тарап, мақал-мәтелдік сипатқа ие болып кетті. Мысалы, «Атаңның баласы болғанша, адамның баласы бол» деген сияқты даналық өсиеттері», – деп көрсетеді [4].

С.Ғ. Қанапина мақал-мәтелдердің көркем мәтіндегі қолданысын, тілдік-стильдік, ұлттық танымдық қызметін көрсетіп: «Мақал-мәтелдер жазушы тілін жандандырып, өткірлік сипат, ұлттық ажар беретін стильдік мәні ерекше құрал болып табылады. Мақал-мәтелдер кімде-кімнің болсын сөз мәдениетін арттырып, шеберлікке үйрететін әсем өрнек. Мақалдардың негізгі ерекшеліктеріне: мақалдар объективтік дүниені көркемдік тұрғыдан жалпылай қорытады; мақалдардың тура және ауыспалы, ишарат, бейнелі мағыналарының қатынасын қатаң еске алып, олардың біріншісінен екіншісіне ауысу процесін белгілі мәселеге халықтық көзқарастың өзгеру құбылысымен байланысты қарау керек; мақалдар дүниені көркемдік тұрғыдан бейнелегенде өзіне тән логикалық заңдылықтар арқылы бейнелейді», – деп ажыратқан [5].

Ш.П. Қарсыбекова: «Әрбір мақал-мәтелдердің бойына этнос болмысына тән, оның рухани, заттық (материалдық) мәдениетіне, дүниетанымына, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, наным-сеніміне, т.б. ерекшеліктеріне бай ақпарат жиналғанын көреміз», – дейді.

Ғалым мақал-мәтелдердің логикалық және семантикалық топтардың өз ішінде макро және микро топтарға жіктеген: 1.Заттардың сәйкес және сәйкессіз сапалы әрекеттері; 2. Заттардың табиғи сапалы сәйкестігі мен сәйкессіздігі; 3. Табиғи сапалы заттардың сәйкесті және сәйкессіз әрекеті; 4. Көлеміне қарай болатын сәйкесті және сәйкессіздік; 5. Мерзім сәйкестігі мен сәйкессіздігі; 6. Сандық сәйкестік пен сәйкессіздік; 7. Орнына, жағдайға, әрекетке, қимылға, қалпына және де т.б қасиеттеріне байланысты болатын сәйкестік пен сәйкессіздік; 8. Бағыт сәйкестігі мен сәйкессіздігі; 9. Уақыт сәйкестігі мен сәйкессіздігі [6].

2 Материалдар мен әдістер

Бұл мақаланы жазу барысында жалпы теориялық әдіс, оның ішінде баяндау, талдау, жіктеу, салыстыру, жинақтау әдістері қолданылды. Ақылбек Шаяхметов өлеңдеріндегі мақал-мәтелдер жан-жақты зерттелініп, жоғарыда аталған әдістер бойынша талданды. Салыстыру әдісі арқылы мақал-мәтелдердің халық ауыз әдебиетінде алатын орны анықталды.

3,4 Нәтижелер мен талқылау

Ақын-жазушылар тіліндегі ерекше көріктеу құралы – мақал мен мәтелдер. Мақал-мәтелдердің көбі игі қасиеттерге үндеу мен уағыздау сипатында келеді. Мақал-мәтелдердің өзіне тән өміршеңдігі – мазмұнының тереңдігінде, тілінің айшықтығы, көпшілігі өлең сөзге құрылғандықтан еске сақтауға қолайлы аз сөзбен ауқымды мағына беретіндігінде.

Ақылбек Шаяхмет өлеңдерінде мақал-мәтелдерді синтаксистік, морфологиялық жағынан, өз қалпында өзгетпей, ешбір құбылтусыз қолдану аясы көп кездеседі. Мақал-мәтелдердің түп нұсқасы сақталған мысалдар келтірейік:

Бар ниетің болса дұрыс,

Шыға аласың жылымнан.

Жақсы сөз – жарым ырыс

Деген сөз бар бұрыннан («Үй артында кісілер бар»).

Адамға не туралы болса да жақсы-жағымды сөз айтып, оң пікірін білдіру – жартылай бақыт, зор қуаныш сыйлаумен барабар емес пе?

Өнер алды – қызыл тіл,

Өзеуресең, өзің біл.

Айтқан сөзден қалған із

Бірде гүл де, бірде күл («Өнер алды –қызыл тіл»).


Есімде он сегізден асқан кезім,

Ағынды тау суындай тасқан кезім.

Ақылым басымдағы шаштан ұзын,

«Алды жөн, арты соқпақ» басқан ізім («Есімде он сегізден асқан кезім»).

Ақылбек Шаяхметов мақал-мәтелдерді қолданудануда оларды авторлық өңдеуден өткізіп, бір сыңарын антоним не синоним сөздерімен ауыстырып немесе мағынасын басқа сөзбен алмастырып жеткізеді. Яғни, ақын халықтың бай тілдік қазынасын меңгере отырып, оларды орнымен орайластыра қолданып, олардың бір мүшесін түсіріп, орнын ауыстырып немесе өлең жолының ұйқасына қарай басқа сөз пайдалана отырып, жаңа тіркес құраған.

Мысалы, «Кесе алмайсың тілімді» деген өлеңінде:

Дауыстары қарлыққан

Шешендерге болдық таң.

Қызық тілде сүйек жоқ,

Аңдап сөйле, сондықтан («Кесе алмайсың тілімді»).

Бұл шумақта халқымыздың «Тіл – сүйексіз» деген мақал-мәтелін автор өз ыңғайына қарай өңдендіріп, жаңа тіркес жасағанын байқаймыз. Тіпті, өлең атауының өзі инверсияға ұшырағаны көзге анық көрінеді.

Біреу тонып секірсе, біреу тойып мәз болар,

Алғыс айтқан ауыздан қарғыс шығар кез болар («Сөз»).

«Сөз» атты өлеңінде қатар келген қос мақал екі құбылысты бір-біріне қарама-қарсы кою арқылы, яғни антонимдік жұп құрау арқылы жасалған.

Жалпы Ақылбек Шаяхметов өлеңдерінде сөз үнемдеу, мақал-мәтелдердің жұптарын ықшамдап қолдану – жиі кездесетін құбылыс. Кейбір мақал-мәтелдерді туынды тармағында икемдеп алып инверсиялаған.

Ғалым Р.Сыздықова: «Өлең синтаксисінің проза синтаксисінен негізгі ерекшеліктерінің бірі – ауыстыруға (инверсия) байланысты. Сөйлем мүшелерінің қазақ тіліне тән классикалық тәртібі: бастауыштан баяндауыштың бұрын орналасуы, тұрлаусыз мүшелердің өздері қатысты мүшелерден бұрын орналасуы, құрмалас сөйлемдегі басыңқы мүшесінің бағыныңқыдан кейін келуі – өлеңде жиі және оңай бұзылып, инверсия жасайды», – деп көрсетеді [7].

Пайда болған тұңғыш сөз нұр төккенде жарық күн,

Құдіретті жарықтық мысын басып алыптың.

Биік-биік шыңына алып шыққан даңқтың,

Артын бақсақ әліптің, сөз - байлығы халықтың («Сөз»).


Сүйексіз дейсің тіл неге,

Айтайын оның қайбірін?

Іздейтін күндіз, түнде де,

Өлеңім менің – Ай, Күнім («Қызыл тілім»).


Тілден – басқа пәле деп,

Мылқау болып жүргем жоқ

Қызыл тілдің қадірін

Көп жұрт әлі білген жоқ («Тіл – елшісі сор, бақтың»).


Таңба салып кеткен тіл,

Сүйектен де өткен тіл.

Талайлардың түбіне

Оқжыландай жеткен тіл («Кесе алмайсың тілімді»).

Жоғарыдағы мысалдардан Ақылбек Шаяхметтің тілінде мақал-мәтелдердің дағдылы орындарын ауыстыру, яғни инверсияға ұшырауы, сөз қосып, мағынасын толықтырып, жаңғыртып қолдану және бұрынғы тіркестің негізінде жаңа тіркес жасау сияқты өзгерістерді байқауға болады.

Мақалдардың өзгеріске түсуі және ерекше лепке ие болуы стильдік қолданыста сөз зергерлерінің сөз саптау шеберлігіне қарай құрылған. Бірақ мұндай өзгерістер мақал-мәтелдердің жалпы мазмұнына, мән-мағынасына, бүкіл тіркеске негіз болып тұрған бейнеге еш әсерін тигізбейді. «Мақал-мәтелдердің осылайша әртүрлі өзгерістерге ұшырауы салдарынан пайда болған, тіл практикасында бір-ақ рет қолданыс табатын түрлерін инварианттар дейміз. Инварианттық өзгерістер көркемдік өрнегін, образы мен бейнелеушілік әсерін, эмоция-экспрессивті қуатын бойында сақтай отыра, пайдаланатын талантына байланысты», – деп саралайды Ә.Қайдар [8].

Тақырыптық тұрғысынан қарастырғанда, автор қолданысындағы мақал-мәтелдердің көпшілігі – сөз құдіреті мен тіл қасиеті секілді негізгі идеяға құрылған. Төмендегі мысалдарды оқи отыра, Ақылбек Шаяхметтің тілге, сөзге деген сүйіспеншілігін анық көре аламыз:


Екі жақтың ортасында жатқан тіл,

Ащыны да, тұщыны да татқан тіл,

Осы тілмен достарымды күлдірсем,

Осы тілмен дүниені бүлдірем («Неге, неге жақсы көрем тілді мен?»).


Қысын көрсең өмірдің, әрине, оның жазы бар,

Киім шіріп, тән тозар, өшпей жалғыз сөз қалар («Сөз»).


Жылы-жылы сөйлесең, іннен шығар жылан да,

Қатты-қатты сөйлесең, қаймығады қыран да

(«Сөз саптасы саналы көпке жетіп, артылған»).

Мақал-мәтелдердің әдеби тілге қатысын айта келе, әрбір мақалдың сөз саптауын, сөйлем құрылысын, ұйқасты, үйлесімді сөз орамдарын, сырт тұлғасының ғана емес, бір сөзбен бір сөз туындап, сыңғырлап ұқсас келуі, аз сөзбен көп мәнді аңғартуы, тәлімдік, тәрбиелік мәні – барлығы айшықты да айқын, ұшқыр да ұтымды екені көрсетеді. Әдеби тілдің сұрыпталған, сымбатты сипатын сақтап қана тұрған жоқ, сонымен қатар, әдеби тілдің икемділігін арттырып, дәлдігін айқындап, дамыта түседі.

5 Қорытынды

Сонымен, Ақылбек Шаяхмет қолданысындағы мақал – мәтелдер өлеңдердің көркемдік бояуын қалыңдатып, ширықтырып, тілдің эстетикалық қызметін күшейтіп, өлең сөзді терең мағыналы әрі айшықты етіп тұр. Қазіргі таңда поэзиялық туындыларына мақал-мәтелдерді қосып, оларды орынды қолдана білудің маңызы өте зор. Себебі, мақал-мәтелдер өз оқырманына терең ой салып, даналық пен ізгілікке шақырады. Егер Ақылбек Шаяхмет секілді мақалдарды молынан қосып өлең шығаратын болсақ, болашақ жастарымыз ата-бабамыздан қалған бұл мұраны ешқашан ұмытпасы анық.

Әдебиеттер тізімі:

1 Байтұрсынов А. Шығармалары. – Алматы, 1980. - 92 б.

2 Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. Оқулық. – Алматы: ‟Сөздік - словарь” баспасы, 2006. – 197 б.

3 Қайдар Ә. Халық даналығы. – Алматы: ‟Тоғанай Т” баспасы, 2004. – 25 б.

4 Кенжемұратова С.К. Мақал-мәтелдердің синтаксисі. Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация авторефераты. - Астана, 2002. – 11 б.

5 Қанапина С.Ғ. «Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдердің танымдық бейнелілігі (Ғ.Мұстафин, С.Мұқанов шығармалары негізінде)". – Қостанай. ТОО ‟Центрум”, 2010 – 22 б.

6 Пернеқұл Ш.Қ. “Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдердің топтастырудың этнолингвистикалық принциптері” автореферат. – Алматы, 2004. – 24 б.

7 Сыздықова Р.Ғ. Абай және қазақтың ұлттық әдеби тілі. – Алматы. – 34 б.

8 Қайдар Ә. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. – Алматы, 1991. – 132 б.


БЕКБОСЫНОВА А.Х., КАЛИЕВА А.,

ИСПОЛЬЗОВАНИЕ ПОСЛОВИЦ И ПОГОВОРОК В СТИХАХ АКЫЛБЕКА ШАЯХМЕТОВА

Пословицы и поговорки – источники народной мудрости. Они формировались на протяжении веков, существовали вместе с этим народом и развивались. В статье анализируется стилистическая функция пословиц и поговорок в стихах А.Шаяхметова.

Ключевые слова: пословицы, образность, концептуальная мысль, стилистические особенности, народная мудрость.


BEKBOSSYNOVA, А.KH., KALIYEVA, A.A.

THE USE OF PROVERBS IN AKYLBEK SHAYAKHMETOV`S POEMS

Proverbs and sayings – sources of national wisdom. They were formed over the centuries, existed together with this people and developed The article analyzes the stylistic function of proverbs in A. Shayakhmetov's poems.

Keywords: proverb, figurativeness, conceptual thought, stylistic features, folk wisdom.





















Автор туралы ақпарат:

Бекбосынова Асия Хасановна, филология ғылымдарының кандидаты, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры, Ө.Сұлтанғазин атындағы ҚМПУ, 87015304828

Калиева Аружан Адамбековна, 5В011700 – қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 2 курс студенті, Ө.Сұлтангазин атындағы ҚМПУ, 87477461349


Сведения об авторе:

Бекбосынова Асия Хасановна, кандидат филологических наук, профессор кафедры казахского языка и литературы, КГПУ имени У.Султангазина, 87015304828

Калиева Аружан Адамбековна, 5В011700 – студентка 2-ого курса профессии казахского языка и литературы, КГПУ имени У.Султангазина, 87477461349


Information about the author:

Bekbossynova Asiya Khasanovna, candidate of philology, professor of the department of the Kazakh language and literature, KSPI named U.Sultangazin, 87015304828

Kaliyeva Aruzhan Adambekovna. 5B011700 – 2nd year student of the Kazakh language and literature profession, KSPU named U.Sultangazin, 87477461349

Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!
Іс-шаралар кестесі
Педагогтардың біліктілігін арттыру курстары
Аттестацияда (ПББ) 100% келетін
тақырыптармен дайындаймыз
Аттестацияда (ПББ) келетін тақырыптар бойынша жасалған тесттермен дайындалып, бізбен бірге тестілеуден оңай өтесіз
Өткен жылы бізбен дайындалған ұстаздар 50/50 жинап рекорд жасады
Толығырақ