Материалдар / Марфуға Бектемірова поэзиясындағы «жүрек» концептісі филология концепт талдау

Марфуға Бектемірова поэзиясындағы «жүрек» концептісі филология концепт талдау

Материал туралы қысқаша түсінік
Марфуға Бектемірова поэзиясындағы «жүрек» концептісі талдау. Филология факультеті студенттеріне. Осы сайтта дайын презентацияны да жүктедім
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
28 Қазан 2024
18
0 рет жүктелген
450 ₸
Бүгін алсаңыз
+23 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +23 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі

Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университеті

Филология департаменті

Қазақ тілі мен әдебиеті білім беру бағдарламасы













Концептуалды талдау

(Марфуға Бектемірова поэзиясындағы «жүрек» концептісі)









Орындаған: Калиева Аружан, ҚТмӘ 17-32

Ғылыми жетекші: Есіркепова К.Қ. ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор















Қостанай, 2019

Кез-келген халықтың көне замандардан бері қалыптасқан өзіндік болмыс бітімі, салт-дәстүрі, материалдық және рухани мұралары - сол халықтың ғұмыр жолының айнасы. Өткен замандардан жеткен мұралары – бүгінгі ұрпақ үшін тек тарихтың қарапайым куәгері ғана емес, сонымен бірге қазіргі сан тарау мәдениетіміздің бой көтерген берік тұғыры да. Концепт терминінің теориялық негіздерін ғалымдар Д.С.Лихачев, Н.Д.Арутюнов, Е.С.Курбяков, А.Н.Мороховский, Н.К.Репцев, В.В.Колесов, А.П.Бабушкин, В.А.Маслов, А.Л.Туревич, А.Вежбицкая, Ю.А.Степанов т.б. ғалымдардың ізденістерінде өзіндік қырларынан көрінген. Концепт адам санасындағы ұлттық бірліктерді, психикалық ресурстарды, адам білімі мен тәжірибесі арқылы жинақталған ақпараттық құрылымды, ментальдық лексиконның, концептуалдық жүйенің адамзат психикасында бейнеленген барлық әлем бейнесінің оперативті мазмұндық бірліктерін түсіндіреді.

Бүгінгі таңда лингвистика ғылымында концепт терминінің қарастырылуы лингвистика мен философияның өзара бір-біріне деген әсерінің күшеюіне байланысты туындаған. Логикада “концепт” термині “ұғым, түсінік” терминдерімен тең. Ресей тіл білімінде “концепт” термині алғаш рет ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында пайда болды. Концепт ұғымы адамзат іс-­әрекеті нәтижесінің мазмұны, тәжірибе мен білім мазмұнын бейнелейтін ұғымдар, әлемді тану процесі туралы танымдарға жауап береді. Концепт- латынша "conceptus" көптеген формалардың мазмұнын өзіне жинақтаушы және солардың бастауы дегенді білдіреді. Концепт терминінің мағына ауқымының кеңдігі соншалықты, зерттеуші тарапынан оған берілген анықтамалар әрқилы және сан алуан. Негізінен бәрінің ой­-пікірлері концепт деген ұғымға саяды [1,42].

Ал, «концепт» ұғымы дегеніміз – адам санасына тұрған орта, дін, мәдениет, жалпы айтқанда, дүниетаным негізінде белгілі-бір ұрпақтан өзгеріссіз беріліп отыратын құндылық. Н.Д. Арутюнова мәдени концептілер туралы былай дейді: «Каждое из этих слов обладает своими законами, сочетаемости, своим лексиконам, фразеологией, риторикой и шаблонами, своей областью референции, и поэтому, описывая и анализируя «язык» каждого культурного концепта, мы открываем доступ к соответствующему понятию» [2,31].

В.В.Колесов концепт ұғымын қазіргі зерттеулерде кездесетін мәдени концепт ұғымымен байланыстыра келе былай деп жазады: «Концепт» ­сөздің мағыналық толығуының негізгі нүктесі әрі дамудың ең соңғы шегі. Мәдени таңба ретіндегі сөз мағыналарының даму нәтижесіндегі алғашқы мағына –соңғы нүкте, яғни қазіргі мәдениеттегі қатары молайған ұғым концепт бола алады. Концептілер ұлттық дүниетаным, мәдениет негізінде қалыптаса отырып, ұлттың ұлт болып айқындалу белгісі ретінде де маңызды және олар тілде де көрініс тапқан, яғни белгілі­-бір концепт төңірегінде тілдік белгілер оның мән-мағынасын ашуда бірден­бір маңызды орын алады. [3, 22].

Жеке ғылым ретінде танылуы үшін оның негізгі ұғымдары мен өзіне тән категориялары, терминдері болуы шарт. Концепт термині - когнитивті лингвистикада кең қолданылып жүрген негізгі ұғым. Когнитивті лингвистика - тілді жалпы танымдық механизм ретінде қарастыратын бағыт. Адам өзіне дейін қалыптасқан тәжірибені басшылыққа алады, дамытады, сол арқылы жаңа үғымдарды жасайды, тың негіздегі таным көкжиектерін белгілейді. Адамзаттың әлем жөніндегі танымы адам жадында ақпаратгы сақтау бірліктері сценарий, фрейм, схема, скрипт түрінде көрінеді (репрезентацияланады).

Жалпы, концепт философиялық тұрғыда екі бағытта түсіндіріледі: біріншісі – рухани мәдениеттің өзекті сөзі, екіншісі – сөздің пайда болуына дәнекер алғашқы түсінік. Концептің басты белгілерінің бірі – оның мәдени реңкте болуы. Сондықтан ол ұлттық ерекше дүниетанымды түсінуде басты компонент болып саналады [4, 55-56 б.].

Р.И.Павеленис: «Адам ақиқат дүниенің тілдік көрінісін іздемес бұрын сол дүниені өзінің сезімдік қабілеттері, жинақталған ақпараты арқылы танып алады. Танымында қалыптасқан дүние туралы ақпараттардың ұқсас жақтары мен айырмашылығын санада сұрыптайды (өңдейді). Дүние туралы ақпаратты меңгеру әрбір тұлғаның өзіндік талдап, жүйелеу базасына қатысты. Осындай әрекеттер нәтижесінде пайда болған ұғым ақпараттарының реттелуін концептілік құрылым деп атаймыз [5, 26]»,-деген тұжырым жасайды. Концептілік құрылымдардың санада бейнеленуі әртүрлі формада көрініс табады.

Олар: 1.Қарапайым форма (фрейм); 2.Күрделі форма (скрипт); 3.Оқиғалы форма (сценарий); 4.Сызбалы форма (схема); 5.Бейнелі форма (ойсурет). Адам санасында қалыптасатын бұл формалардың басты қызметі: концептілік құрылымдарды санада бейнелеу; құрылым элементтерін (ақпараттарды) өңдеу.

Сонымен «концепт» - әр ұлттың өзіндік дүниетанымын көрсететін, ғасырлар бойы санада сақталған ұлттық құндылықтар жөніндегі түсінікті білдіретін күрделі құрылым. Адам санасында дүниенің көрінісі когнитивті құрылым-концептілік типтер арқылы іске асырылады. Әр халықтың тілі оның ғасырлар бойы жүріп өткен жолының тарихы туралы мәлімет береді. Себебі ұлттың тарихи кезеңдегі барлық басынан өткен жағдайлары оның тілінде сақталады.

Сондықтан ұлт пен тіл бір-бірімен байланыста дамиды. Сол тілдің ішкі-сыртқы болмысын сол тілде сөйлейтін адам ғана терең таниды. Тілдің лексикалық қорындағы кейбір сөздер екінші бір ұлттык бояумен оранып, сол тілде сөйлеуші халықтың салтдәстүрімен, мэдениетімен байланыстағы терең мағынасы сөзге ауысады. Міне, концепт те осы жүкті арқалап тұрады.

Бұл мақалада Қостанай өңірінің ақыны Марфуға Бектемірова поэзиясындағы «жүрек» концептісі негізге алынды.

Жүрек негізінен дене мүшенің сезіну мүшесі ғана емес, діни тұрғыдан өзгеше қасиеттерге ие екені бізге мәлім. Жүрек адам бойындағы тек сезімді, эмоцияны ғана емес, сонымен қатар адам танымындағы алуан түрлі іс-әрекеттерді, амалдарды «ақыл, қайрат, жүрек» үшеуі біріге отырып, басты орган, бастаушысы «жүректің» қызметіне, яғни қан тамырлармен өне бойымызға тарап, өмірдегі кез келген үдеріске ойлану, бір нәрсеге өз еркімен шешім қабылдау, сезіну, махаббаттың пайда болуы, ар-намыстың пайда болуы, жауапкершілікті сезіну, мейірімін төгу, өкіну, тіпті, алдағы іс-әрекеттің болашақтағы орындалуы жөнінде алдын ала сезу, т.б. алапат сезім, алуан түрлі сипатқа ие болады. Соңғы когнитивтік зерттеулерде «жүрек» атауының мәніне көп көңіл бөлу үрдісі басталды, оның да өз себебі бар. Жүрекке берілген анықтамаларды қарастырып көрсек:

Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «жүрек» сөзіне берілген анықтама былайша сипатталады: «Жүрек. 1. Бойға қан жүргізуші басты орган. 2. Ауысп. Кісінің жан дүниесі, рухани сезімі» [6,324]. Ал «жүрек» концептісіне қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде салғастырмалы тұрғыда зерттеу жүргізген А.А.Султангубиева мынадай жалпылама түсініктеме береді: «Жүрек адам өміріндегі физикалық және рухани өмір сүрудің негізгі көзі болып табылады» [7,189].

«Адам көкірегі – сезімнің ұясы. Оны бірінен соң бірін туындатып, бірімен-бірін шарпыстырып, бірін тұтандырып, бірін тұншықтырып жататын майдан алаңы – жүрек» [8, 46], - Ж.Ысмағұловтың түсініктемесі жүректің тікелей қызметін сипаттайды. Көзіміз жетіп отырғандай, «жүректі» түсіндіру үшін оған берілген түсініктемелердің өзі жеткіліксіз, өйткені оның қызметі кейде өзіміз түсініп байыбына жете алмай кететін тылсым, жұмбақ қасиетке ие.

М.Бектемірова поэзиясындағы «жүрек» сөзінің қолданылуына зер салсақ, шынында да өлеңдерінің өн бойы жүрек сөзімен өріліп, астасып жатыр. «Ынтық жүрек», «жас жүрек», «ғашық жүрек», «ақ жүрек», «мазасыз жүрек», «қара тастай жүрек», «жүрек жұтқан», «тәтті жүрек», «нәзік жүрек», «үнсіз жүрек» секілді ақын қолданысынан жүрек сөзінің семантикасына байланысты кеңірек сипат беруімізге болады, яғни ақын қолданысынан «жүрек» сөзіне байланысты әлдеқайда толық түсінік ала аламыз.

Фрейм – бұл концептілік жүйенің құрылымдық элементтерін танытатын концепт типінің қарапайым формасы. Ол концептінің ең жақын семаларынан құралады және ең жақын ассоциативтік, стереотиптік таңбалар арқылы көрініс табады. Е.С.Беляевтің пікірінше: «Фрейм – айтылған сөзден емес, көруден алған әсер, бірақ ол санада динамикалық әрекеті арқылы стереотиптік таңба ретінде сақталады».

Фрейм - санада сақталған ақпаратты құрылымга бөліп, бөліктерін анықтайды. Біздің түсінуімізше, әр концепттің бойында оның кұрамдас бөлшектері, яғни фреймдері болады. Фрейм арқылы адам, жадындағы ақпарат ассоциацияланады. Бұл ақпараттар тілдік бірліктер арқылы ғана көрінеді, яғни адам санасында әлемнің тілдік бейнесін корсетеді.

Мысалы, «жүрек» концептісінің фреймдік құрылымы М. Бектемірова поэзиясындағы, «жас жүрек», «ғашық жүрек», «ақ жүрек», «мазасыз жүрек», «қара жүрек», «тәтті жүрек», «нәзік жүрек», «үнсіз жүрек» сияқты танымдық элементтерден (тармақтардан) құралады.

Әрбір халық, әрбір этностық топ қоршаған ортадағы түр-түс ұғымын өздерінше танып, өз дүниетанымында тұжырымдайды. Қоршаған әлемдегі түр-түс ұғымдары кез келген ұлт мәдениетінің феномені. Ол этностың рухани дүниетанымымен, мәдени өмірімен, болмыс бітімімен бірге дамып, ұрпақтан-ұрпаққа ұлттық сана арқылы беріліп отырады.

Ақ түс - қазақ ұғымындағы ең қасиетті, ең ардақты, ең сүйкімді, ең жұмсақ бояулардың бірі. Сол себепті ақ түс әлемдік дүниетанымда жақсылық, ізгілік, адамгершілік, пәктік, сүйкімділік секілді ұғымдардың бәрімен де шектесіп, астарласып жатады. Басқаша айтқанда, аталмыш ұғымдардың барлығы да осы ақ түспен ассоциацияланады. Мұны тіліміздегі ақ жарқын, ақ жүрек, ақ көңіл, ақ ниет, ақ пейіл, ақ жолтай болды, ақ иық, ақ иіліп сынбайды, ақ тілек тәрізді сөз орамдары дәлелдей түседі. Қapa түc - қaзaқ мәдениетінде aқ – қapa түcтеpі өзapa бинapлық жүйе құpaйды. Cонымен біpге aқ - күннің, қapa - түннің cимволдық белгіcі. Дүниеде қapaмa-қapcылықcыз еш нәpcе жоқ. Қapaмa-қapcылықcыз дaмудың жүзеге acуы дa мүмкін емеc. Оны нaқты түpде былaй көpcетуге болaды: ізгілік пен жaуыздық, әділеттілік пен әділетcіздік, aдaлдық пен apaмдық, пaйдa мен зиян т.б., демек өміpдің мәні қapaмa-қapcылықтың біpлігі мен күpеcін тaну, жеңу болca, cол түcінік қaзaқ ұғымындa aқ пен қapa aйнaлacынaн оpын aлaды [7, 112]

М.Бектемірова өз өлең тармақтарында стереотипке жүгініп, жүректің тазалығын, пәктігін, адал ниетін ақ түске бояп кескіндесе, адамның арсыздығы мен арам ойларын қара түске теңеп фреймдік қолданыстар арқылы суреттейді.

Халық едік,

Жүрегі ақ, серті берік,

Келеміз ғой ғасырдың дертін еміп,

Үміт артып қарайды келер ұрпақ,

Қамығады қаракөз жер түнеріп («Мекен бұл», 49б)


Көзін сүзіп қозғалмастан тұрады ай,

Жақсы үмітпен жерді кезіп жүр арай.

Жібітем деп қара тастай жүректі,

Қара түнге қамалған жас құралай («ШаҺризада», 11б)


Сонымен қатар, ақын өлең жолдарында жүректің жас шамасын айқындап көрсетеді. Бұл арқылы жасқа сай мінезін, іс-қимылдары мен танымын танытады. Жастық шақ – адам өмірінде күннің көтеріліп келе жатқан шуағы тәрізді. Ол таң сәресіндегі күннің сәулесі сияқты, келешекке мақсат қойған, сол арманына жету үшін бойы шабытқа толы, адам ойлау сезімінің толықсыған кезеңі. М.Бектемірова «жас жүрек» фреймі арқылы оқырманның көз алдына жалындаған жастық шақ кезеңін ұялатып, сол бір сәттің қайтып келмейтінін астарлап бейнелейді.

Жас жүрегім,

Жыр-теңізін тасытқан,

Көңіл – кеме, жағалауға асыққан.

Қайта оралды көкейіне арудың,

Көптен күткен,

Жыл құсындай асыл ән («Ән», 23б)

Кәрілік – адам ағзасы мен психикасының дамып жетілуінің соңғы шағы. Адамның жеке басының даму кезеңдерінің ішінде кәрілік шақ – оның өмір тәжірибесінің барынша молайып, көзқарасының әбден қалыптасып, бойындағы бар қабілеті мен күш-жігерін еңбекте, ғылымда, өнерде, техникада тағы басқа сарқа пайдаланып, өзінің басынан кешірген, жүзеге асырған іс-әрекетіне көз жіберетін кезі. Ақын келесі өлең жолдарында өзінің талай нәрседен өтіп, табиғат аясында демалып, тыныштықты қалайтын кәрі жүрек фреймдік тілдік бірлікті қолдану арқылы жасының ұлғайғандығын айқындайды.

Кімге айып көркемделсе ой-күмбез,

Ақ моншағын толқын үзіп шашады.

Гүлдерімді жинап алып толқын тез,

Кәрі жүрек кеудесіне басады («Көз тұндырып дүниеге қарашы», 56)


Жүрек – жетім. Кез келген қоғамның қай уақытта да ең қорғансыз әрі әлжуаз бөлігі – жетімдер. Жетім сөзінің түпкі мағынасы «жалғыздық». Мысалға: жетім үй–тұрғыны жоқ үй, жетім дала–халқы кетіп қусыраған жер, жетім мал–шешесі жоқ төл, жетім адам–әкесі мен шешесінен айырылған адам.

Ақын қиялға беріліп, арманның көптігін айтады. Өзінің мықты, әрі шыдамды болғандығын жазса да, жүрегінің жетімсіреп, жылаған кезін баяндайды. «Жетім жүрек» тіркесін қолдану арқылы жүректің жалғыздықпен дос болып, ішкі жан дүниесінің қиналғандығын көрсетеді. Алайда, келесі бір өлең жолы арқылы, армандар қанша көп болса да, оның жүрегінде бір сәуле барын, оның өшпейтіндігін де көрсетеді.

Әке де жоқ,

Құласам сүйеп қалған,

Жетім жүректе сақтаулы талай арман.

Білсең, досым, бір кезде менде нәзік,

Жұлдыздардай жап-жарық жүрек болған («Өміріме өзімдік бар айтарым», 66б)

Жүрек – сүю. Сүю - адам жанының асыл қасиеті, асқақ мұраты, риясыз, ынтық, нәзік сезімі. Махаббаттың сезімдік әсер тұрғысынан күйініш пен сүйініш, қорқыныш пен үміт өзара ұласа жүріп, адам бойында күйіп-жанған ынтық сезім, қанат бітірер ұшқыр қиял, риясыз пейіл, мейірім-шапағат түрінде көрініс беруі сүюдің бар түріне тән жалпы сипаты болып табылады. Ақын осы өлең жолдары арқылы махаббаттың негізгі мәні жүректе екендігін жазады. Жүректің сүюге құмар болатындығын, кез келген сезім жүректе ерекше орын алып, жанып-өшетіндігін көрсетеді. Яғни, жүректің сүю үшін жаралғандығын «сүйген жүрек» фреймдік тілдік бірлік арқылы түсінеміз.

Мөлдіреп жатқан Айнакөл көзін ілмеді,

Беймәлім бізге толқынның неге күлгені.

Беймәлім бізге бұлттардың қайда көшкені,

Белгілі жалғыз жүректі жүрек сүйгені («Қуаныш, мұңсыз өтпейді күндер өмірде», 12б)

Сүйген жүрек ләзатты сезім тамызған,

Жеткендей сонау жұлдыздар жақтан әуезді ән.

Туған жер, сені сағынып кетем, сағынып,

Армандай ақ гүл жарылған кезде қауыздан («Сағындым ерке», 23б)


Жүрек – сезімтал. Бұл өлең жолдары арқылы, әр сөйлеген сөздің, тіпті достың әзілі болсын, барлығының жүрекке тиетіні. Жүректің сезімтал әрі әлсіз екендігін көрсетеді.

Әнім сенсің, жүректегі мұңлы ән,

Жаз кеудеме тағдыр дәмін тұндырған.

Абайсызда әлсіз жүрек дірілдеп,

Сенсіз маған көрінеді бұлдыр маң («Әкеме», 42б)

Егіледі сан рет есіл жүрек,

Ауыр ойлар оралса есіме көп.

Тәтті ойымды таусылтып іздеп келем,

Көңілімнің осынау көшін түзеп («Егіледі сан рет есіл жүрек», 74б)


Жүрек – адал, таза жүрек. Адалдық – адам бойындағы таза ниет, бағалы қасиет, адамның сана-сезімі мен ар-ұжданына қайшы келмейтін әрекеттердің моральдық-этикалық жиынтығы. Қазақ пайымында адам бойында адалдық, пәктік, ар-ұждан, жан тазалығы тәрізді қасиеттердің қалыптасқан нормаға сай болуы керек. Ақын жүрек тазалықтың, адалдықтың символы ретінде көрсетеді. Жүректе бөтен ой жоқтығын, алданып қалуы мүмкіндігін жазады. Ақын өлең жолдарында тіл мен жүректі салыстыра қолданады, тілдің ұзын екендігін, оның айтпайтынды айтып, көңілге тигізе әсер етуі жайында айта отырып, жүректің сөзін тыңдап, құлақ асқанын дұрыс болады деп кеңес береді. Себебі, жүрек – адал, таза.

Ешкімді ешқашан қызғана алмаспын,

Өкініп, мені ешкім есіне алмасын.

Тап-таза жүрегім өзіңді сақтайын,

Кіршіксіз сақтайын, көңілің қалмасын («Жаныма батады», 129б)


Желігі жастың жүр қайда,

Өшпеген соң да өзгерме.

Жүрегін сөйлеп тұрғанда,

Өтінем, тілге сөз берме («Желігі жастың жүр қайда», 71 бет)


Жүрек – ғашық жүрек. Ақын жүректің махаббатқа берік екендігін, ғашықтық біткен уақытта өзінің де дәмі таусылатындығын баяндайды. Жүрегі туған жеріне, туған еліне, сұлу табиғатына ғашық екендігін оқырман назарына салады. Ғашық жүректің сатып кетпейтіндігін, адал әрі сенім артуға болатын қасиеттін көрсетіп суреттейді.

Сексен, сексен екен – ай,

Санаусыз-ақ, білемін.

Сол көлдердің көркемін-ай,

Сезді ғой ғашық жүрегім

Туған ел мені барым деп күтсе,

Арым деп оны күтемін мен де,

Жүрегімдегі ғашықтық бітсе,

Сол сағаттарда бітемін мен де... («Сол көлдердің көркемі-ай», 81б)

Қарамадын

Тым жүдей өңіме де,

Тыңдамадың, ғашық жүрек егіле ме? («Өзім жаққан», 9б)

Ақын өзінің ішкі көңіл күйін, толғанысын, болашақтағы ұстанымы мен мақсаттарын осы жүрек арқылы жеткізеді. Ауыртпалық болсын, қуаныш болсын, жүрекпен қоса келген фреймдік элеметтер арқылы жеткізеді.

Қорыта келе, фрейм типіне салып тануда мынадай қағидаларды ұстануға болады: фрейм–белгілі бір концепт жүйесіне ұйымдасқан санадағы ақпараттар бірлігі; ол ассоциациялық қор арқылы танылады; концепт жүйесінде ең қарапайым белгілері мен қасиеттері арқылы модельденеді; ұғым туралы нақты мәліметтерді танытады; санада ақиқат дүние туралы жинақталған алғашқы таным –түсініктерді реттейді. Марфуға Бектемірова шығармаларынан 12 фреймдік элементтер табылып, мағыналары ашылды.


Схема – когнитивтік санада сыртқы сигналдар мен ішкі сезімдер көмегі арқылы жинақталған ақпараттарды кеңістікте, заттық формада таныту тәсілі. Бұл тәсіл концептіні құрайтын ақпараттардың ұқсас жақтарын ұқсас емес қасиеттерінен ажыратып, концепт мазмұнын дәл, нақты денотат арқылы тануға мүмкіндік жасайды. Әрбір схема танылатын ұғымның заттық деталін жасауға ұмтылады, концептіні көзбен көріп, қолмен ұстауға болатындай формада түсіндіретін таңбаларды құрайды.



С. Стиллинг, В.Файнштейн пікірінше: «Схема әрбір жағдаяттың мазмұнын нақтылайтын және сол мазмұндағы объектілер мен құбылыстарды жалпылама ұғындарады». А. Величковский пікірінше: «Схема – бұл білім репрезентациясының үнемі толықтырылып отыратын фрагменті. Бұл фрагменттердің төменгі көрінісі – сенсорлық ақпараттар, оның толықтырылған көрінісі - концептілік білім [8, 30]. Схема ақиқат дүние туралы ақпараттарды топтастырып, олардың заттық бейнелер арқылы немесе кеңістіктегі материалдық негізі бар статикалық құбылыстар арқылы көрініс табуына негіз жасайды. Дүниені тануда таңбаларды, бейне мен символдар жүйесін қолданамыз. Сондықтан когнитивтік санада тану операциялары – сигналдар мен таңбалар үйлесуі схема құрылымын құрайды.

Дүниені схемалық құрылымда тану механизмі мынадай қағидаларға негізделеді: ақиқат дүниені тану барысында кеңістіктегі материалдық бейне ретінде сенсорлы, перцептивті қабылданған ақпараттары жинақталады; ақпараттарды детальдау әрекеті қалыптасады; детальданған ақпараттар арқылы концептінің кеңістіктегі формасы объективтенеді.

М. Бектемірова поэзиясындағы «жүрек» концептісіне қатысты схемалар: «жүрегі жарылды», «жүрегінің жарқылы ұшты», «жүрек жұтқан», «жүрекке жақын алу», «жүректі әуреге салу», «жүрегі дір ете қалды», «жүрегі лүп етті», «жүрегі айныды».

Жел буып, нәзік белін мүсіндеген,

Қайыңдар арасында жүрсің бе, өлең?

Құшақтап сол қайыңды мен де тұрғам,

Жүрегім жарыла дүрсілдеген («Жел буып», 33б)

Үйіме кіргендей-ақ бір данышпан,

Сен келсең, кейпім қызық құрақ ұшқан.

Қыз ертіп сен үйіме келген күні

Жүрегім жарылып кетсін қуаныштан («Менен туған», 76б)

Жүрегі жарылды; жүрегі жарыла жаздады - қатты қуанды, көңілденді [11,215].

Жүрек – айналаны тану үшін, сезіну үшін, жетілу үшін қажет рухани мүше. Қуаныш, қайғы, шаттық, сенім, турашылдық сезімдер жəне т.б. сезімдер де жүректе мекендейді. Адам жүрек арқылы шындық пен өтірікті, дұрыс пен бұрысты айырады. «Жүрегі жарылды» схемалық қолданыс арқылы Марфуға ақын сүйіктісімен жолыққан сәттегі қуанышын, сол сәттегі қайталанбас сезімін бейнелейді.

Сезімталмын, соған жүрек дір етті.

Қанша нәзік, қанша мұңлы болсамда,

Бұл әлемде,

Жан жоқ шығар менен артық жүректі («Жүрегімді бере алмаймын», 99б)

Жүрегі дір ете қалды – кенет қатты қорықты [11, 215]

Жаным менің

Сезгенде мол тынысты

Кеудемнен жүрегімнің жарқылы ұшты,

«Сүйемін» деп айтуға дәрменім жоқ,

«Сүйемін» деп айту да қорқынышты. («Сүйемін», 18б)

Жүрегі тас төбесіне шықты; жүрегінің жарқылы ұшты- 1.Қатты қорықты, үрейленді; 2. Ренжіді, көңілі қалды [11,218].

Қорқақтық — адамның белгілі бір жағдайларда қорқыныш сезімімен сипатталатын мінез-құлқы. Қорқақтықтың қозғаушы күші - қорқыныш. Ақын «жүрегінің жарқылы ұшты», «жүрегі дір етті» деген схемалық қолданыс арқылы қорқақтықты шектен тыс сақтық пен абайлампаздықтан ажырата білу керектігін және сүйгеніне өз сезімін білдірудің қаншалықты қиын екендігін айқындайды.


Аңыз да, ертегі емес оның бәрі,

Көк толқындар жартасқа соғылады.

Бір күшті ағын алып кетері анық,

Жалындап жүрек жұтқан жандарды («Бір-ақ рет келетін ғасырдайын», 22б)

Жүрек жұтқанжүрегінің түгі бар - өте батыл, ештеңеден қорықпайтын адам [12, 57]. Ақын адам бойындағы ержүректікті, қайсарлықты, турашылдықты, еркіндікті, өжеттікті білдіретін схемаға құрылған тілдік бірлік сын сағатта шешім қабылдай алу, қауіп-қатерге қарсы тұра білу, қиындықтан қорықпау секілді әрекеттердің көріністері болып табылады.


Жоғалтқанда адам қымбат уақытын,

Әр нәрсені жүрекке алар жақын тым.

Қысқа ойлап озам деме өзгеден,

Ойлан, адам, ойлау сенің бақытың («Ойлан, адам», 73б)

Жүрекке жақын алу – бір жағдайды жанына жақын қабылдау; сезімтал, нәзік адамға қатысты айтылады [11, 215]. Сезімтал жандар заттың табиғатына терең үңіледі. Олар айналадағыларға қарағанда жақсырақ сезеді. Ақын сезімталдық – нашар мінездің көрсеткіші емес екендігін суреттей отырып, мұндай адамдар табиғатынан адамгершілігі мол, әділ келетінін бейнелейді.


Күту керек, мүмкін жыл, мүмкін айлар,

Мәңгі емес бірақ та бұл құдайлар.

Өз ісінен өзінің жүрегі айнып,

Өзі жайлы олар да бір күн ойлар («Еске түсіп жақсыны жүдеткені», 83б)

Жүрегі айныды 1. Құсқысы келді; 2. Безер болды, мезі болды [11,214]. Бұл өлең жолдарында М.Бектемірова жақсы адамдардың жанын жүдеткен, парақор, мансапқор, ниеті қара адамдардың жасаған тірліктеріне өкініп, өз ісітеріне құсқысы келетін дәрежеге келетіндігін бұл схемалық элемент арқылы көрсетеді.

Сценарий. Концепт қалыптастырудағы оның қарапайым танымдық элементтері фрейм болса, әрбір фрейм тармақтарының төңірегінен оқиғалар мен жағдаяттар жүйесін жинақтауға болады. Бұл жүйені құрайтын бөлшектер – сценарийлер мен скриптер. Сценарий белгілі бір фреймнен туындайтын эпизод фрагменттерінен құралады. Бірақ ол фреймнен уақыт өлшемін шешетін факторлар арқылы ажыратылады. Сценарий концептінің идеясын танытатын сюжеттерден құралады.

Басып өтем мұздарды да, отты да,

Кең пейілді дүниеге жоқ кінә,

Толқын – көңіл қалжырай ма бір күні,

Жүрегі жоқ жартастарға соқтыға.

Күзгі желдер ұшырғанда гүлді үрлеп,

Сала берер сан пернелер күмбірлеп.

Патшалықта сезім билік ететін,

Мазасыздау мекендейді бір жүрек («Мазасыз жүрек», 89б)

Ақын бұл өлең жолдарында сүйген адамның жүректе мекен етіп жүргенін, сол махаббаты үшін өмірдің ащы-тұщысынан өтуге дайын екендігін әсем сюжетке құрады. Тармақтарға үңіліп қарасақ, ертегіге ұқсайтын іспетті.

Асқар арға

Дақ салса кейбір пасық,

Жаным менің жүдеме,

Далаға шық.

Даналыққы кең дала тұнып тұрған,

Сендік асқан арманға дала ғашық.

Нәзік еткен сені де

Кең дала жүдетпейді,

Туған жердің сендерсіз күні өтпейді («Жаным менің, жүдеме», 77б)

М.Бектемірова бұл өлеңінде жүректің жүдемеуі – табиғаттың арқасында деген түйін жасайды. Әрбір адам маң даланың таза ауасын жұтып, керемет көріністердің куәсі болған шақта ішкі жан дүниесі тазарып, талай істерді бітіруге күш-жігер жинайды. Егерде жүректеріңіздің жүдегенін сезсеңіздер, онда міндетті түрде табиғатпен тілдесіп, ішкі жан-сырына үңілу керектігін ақын бұл сюжетке құрып оқырманға жеткізеді.

Жүрегімді,

Бере алмаймын сыр тұнған,

Айналып өт,

Долы дауыл сыртымнан.

Мен – бұлақпын,

Жылап аққан көктемде,

Жылап жатып арманына ұмтылған.

Кейбіреулер,

Өсек тасып күнелтті,

Сезімталмын,

Соған жүрек дір етті.

Қанша нәзік, қанша мұңлы болсамда,

Бұл әлемде,

Жан жоқ шығар менен артық жүректі («Жүрегімді бере алмаймын», 99б)

Ақын бұл өлең жолдарымен өзіңнің батылдығы мен қайсарлығын, талай қиындықтарға тап болса да, артынан талай өсек сөздер ерсе де өз арманына ұмтылып, жүрегін таза кейпінде сақтап қалғанын баяндайды.

Ойсурет – концепт құрылымдарын бейнелі формада таныту. Ойсурет санада бейне, символ, метафора, аллегория көмегімен танылады. Концептінің ойсурет типіне салынып танылған формасы логикалық – позитивтік танымнан гөрі эстетикалық таным деңгейінде, ақиқат дүние үзіктерін өздігінше суреттеп ұқсату, елестету шеберлігінен туындайды. Қиялдау (фантазиялау) шеберлігі басым болса, концептіні ойсуретке салып таныту деңгейі, яғни ұғымды метафоралау деңгейі жоғары болады. Ойсуреттің ерекшелігі абстрактілі ұғымдарды аялық білімдері сәйкес келетін адамдар үшін тез, әрі жеңіл түсіну барысында көрінеді.

М.Бектемірова шығармаларында «жүрек» концептісінде кездесетін ойсурет құрылымы: «ғашық жүрек – ұстатпайтын қасқа құлан», «жүрек – домбыра шегі», «жүрегім сынаптай балқығанда» және т.б.

Арман ғой...өмірдегі басқа мұнан,

Ғашық жүрек – ұстатпайтын қасқа құлан.

Жатырмын құламайтын күмбез салып,

Жиналған жақұт түстң жастарымнан («Арман ғой..», 173б)

Бұл өлең жолдарында автор метафораға құрылған ғашық жүректі қасқа құланға ауыстырып, адамның махаббаттан басы айналған сәтте талай істерге бара алатындығын айқындап көрсетті.

Жүрек деген,

Домбыра шегі ме еді?

Жаратқан ғой нәзік қып тегі оны.

Сәл нәрсеге үзілер мына жүрек

Сәл нәрсеге балаша егіледі («Ғашық жүрек», 16б)

Домбыра — қазақ халқының ең кең тараған екі ішекті, көп пернелі музыкалық аспабы. Ол – қазақтар өмірінде маңызды орын алатын, өзіндік музыкалық сипаты бар аспап. Ақын қиялынан туған бұл көрініс оқырманның көз алдына тамаша бейне елестетеді. Жүректі домбыраның шегімен салыстыруы үлкен шеберліктің көрінісі. Яғни қазақтың ұлттық аспабының шегі іспеттес адам ішіндегі жүрегі де нәзік әрі сәл нәрсеге үзіліп қалуын тамаша бейнелейді.

Аптыққан, аласұрған екі жүрек

Тапты ма, тапқан жоқ па бір келісім

Өкінбе, мүмкін, жүрек ерте өледі,

Ол саған сәби болып еркеледі («Өкінбе...»,46б)

Ақын жүректі кейіптеу тәсілімен жандандыра суреттейді. Аптығып, аласұрып жатқан екі жүрек бірін-бірі тапты ма, әлде таппады ма деп айта отырып, оның да бір күні өлетіндігін суреттейді. Бұл арқылы жүректің жанды қасиеттерін ашады.

Ер тұрманы

Атыңның алтыннан ба?

Қара түнді қақ жарып жарқырар ма?

Жетуге асықпын мен бұлқынғанда,

Жүрегім сынаптай балқығанда («Ақбоз аттылы», 14б)

Балқу - қатты кристалдық заттың сұйық күйге ауысуы. Ақын жүректі сынапқа теңеп, оның қатты температураға түсуіне байланысты, яғни бір жанға қатты ғашық болғандықтан жүрегінің балқып жатқандығын ойсурет арқылы жеткізеді.

Құдай ғана келеді енді маған жәрдемге,

Тірі болсам дейтұғын арман ғана бар менде.

Бас тартады тіршілік ақынына ардақтап,

Тас жатады кейде менің ыстық кеудемде

(«Құдай ғана келеді енді маған жәрдемге», 116 бет)

Ал бұл өлең жолдарында, ыстық кеудеде тас жатады деп бейне жасау арқылы, өзінің жүрегінде бір реніш, мұң бар екендігін, бірақ нақты қандай қиындық жүректе орын алғанын ашық айтпай, оқырманға ой тастайды.

Таңданбаса, таңданбас жасын ғана,

Таң болып сен тұрарсың, асыл аға.

Жүрегімде ал менің көктем туып,

Көк шалғынға малынған жасыл дала («Үміт бер өмір сүретін», 22б)

Көктем келгенде табиғат көркейіп, жандана бастайды. Дәл сол секілді жүректе де көктем туса, ғашықтық сезімі пайда болады. Ақын бұл өлең жолдарымен өзіңнің ғашық екендігін астарлап суреттейді.


Қорытынды

Концептуалды талдау барысында «концепт», «фрейм», «схема», «ойсурет», «сценарий» және т.б. секілді ұғымдармен терең танысып, ғалымдардың ол жайындағы пікірлерін саралап талданды. Қостанайлық ақын «жүрек» концептісін өлең жолдарында ерекше ұйқастармен астастырып, мағынасын түрлі көркемдік тәсілдермен ашатыны байқалды. «Ғашық жүрек – ұстатпайтын қасқа құлан», «жүрек – домбыра шегі», «жүрегім сынаптай балқығанда» ойсурет құрылымы мен «жүрегі жарылды», «жүрегінің жарқылы ұшты», «жүрек жұтқан», «жүрекке жақын алу», «жүректі әуреге салу», «жүрегі дір ете қалды», «жүрегі лүп етті», «жүрегі айныды» секілді схемалар «жүрек» концептісінің қолданылу ерекшелігін танытады. Қорытындылай келе, Марфуға Бектемірованың поэзиясындағы «жүрек» концептісін талдау барысында барлығы 25 мысал теріліп, оның ішінде: 10 фрейм, 6 схема, 3 сценарий және 6 ойсурет элементтерінің қолданыс ерекшеліктері мен мағыналары ашылды.




Пайдаланған әдебиеттер:

1.Жампейісова Ж.М. «Ақ» және «Қара» концептілерінің әлеуметтік мағыналары. ҚР ҰҒА-ның хабаршысы, 2005.- №8.

2. Ислам А. «Өмір» концептісінің тілдегі көрінісіне лингвомәдени сараптама, 2003.-№ 4. ҚР ҰҒА –ның хабаршысы.Тіл әдебиет сериясы.

3.Күшпаева М.Т.Тары концептісінің семантикалық құрылымы мен лингвомәдени мазмұны.­ 2003. Дис.жұмыс.

4.Ислам А. Ұлттық мәдениет контекстіндегі дүниенің тілдік суреті: филол.ғыл. докт. ... дисс. – Алматы, 2004. – 229 б.

5.Гиздатов, Г.Г. Типология и динамика когнитивных моделей в речевой деятельности [Мәтін]:

Диссертация / Гиздатов Г.Г. –Алматы, 1999
6. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. – Алматы: Дайк-Пресс, 2008.-968б.

7. Султангубиева А.А. «Жүрек» сөзінің семантикалық өрісі (Қазақ, ағылшын, және орыс тілдеріндегі «жүрек» концептісі бойынша). ҚазҰУ Хабаршысы. Филология сериясы. №3(111).2008. – 138б.

8. Ысмағұлов Ж. Абай ақындық тағылымы. Алматы: Ғылым, 1994.-56б.

9. Күштаева М.Т. «Тары» концептісінің семантикалық құрылымы мен лингво мәдени мазмұны [Мәтін]: Автореферат / Күштаева М.Т. – Алматы, 2003

10. Ғиздатов Г. Когнитивные модели в речевой деятельности. - Алматы: «Ғылым», 1997.

11. Кеңесбаев І.К. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. – Алматы: Қазақ ССР-нің «Ғылым» баспасы, 1977 жыл. – 712 б.

12. Смағұлова Г. Мағыналас фразеологизмдер сөздігі. - Алматы: «Елтаным» баспасы, 2010 жыл. – 252 б.

13.Бектемірова М. Жанары жәудір дүние. – Алматы: «Айқап» баспасы, 1993 жыл.-121б.

14. Бектемірова М.Айдыным менің. – Алматы: «Өлке» баспасы, 1997 жыл.-108б.

15. Бектемірова М. Ғашық жүрек. – Қостанай қ., 2001 жыл.-271б

Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!
Іс-шаралар кестесі
Педагогтардың біліктілігін арттыру курстары
Аттестацияда (ПББ) 100% келетін
тақырыптармен дайындаймыз
Аттестацияда (ПББ) келетін тақырыптар бойынша жасалған тесттермен дайындалып, бізбен бірге тестілеуден оңай өтесіз
Өткен жылы бізбен дайындалған ұстаздар 50/50 жинап рекорд жасады
Толығырақ