«Мемлекеттік тіл - ұлт бірлігінің басты
ұйытқысы»
Әрбір тілде сөйле әлемді таң
қылып,
Ана тілін білмеу қандай
заңдылық?!
Өсер балаң, байтақ далаң
тұрғанда,
Қазақ тілі жасау керек
мәңгілік!
Мемлекеттік тіл —
аса маңызды да ең өзекті
мәселе, тіл — қазақтың жан дүниесі, рухани негізі,
ел еркіндігі мен ұлтты танытатын басты белгісі болып табылады. Ол
— ұлт болмысын ұғындырып, төңірегіне жұртты
топтастырушы, біріктіруші фактор. Тіл- жеке адам ғана емес, бүкіл қоғам үшін
маңызды тіршіліктің құралы. Тіл – мемлекеттік нышан ретінде
танылатын басты құндылық.
Сондықтан мемлекеттік тілді білу — өмір талабы, заман сұранысы,
қоғам қажеттілігі болып отыр. Олай
болса, тілді өмірдің барлық саласында қолданып,
аясын кеңейту жолында әрбір қазақстандық өз азаматтық міндетін
атқаруға тиіс. Ол үшін тіл білуді мақсат тұтып, алдына талап қоя
қажымай ізденіп, айрықша көңіл бөліп, аянбай
еңбектенсе, мемлекеттік тілді меңгерері анық. Туған тіліңді қорғау –
туған Отаныңды қорғаудан да маңыздырақ.
Мемлекеттік тілдің қолдану
аясын кеңейтіп оны қоғамдық қарым-қатынас тіліне ену – бүгінгі
заман талабы. Ендігі мақсатымыз- тәуелсіз мемлекетіміздегі қоғам
өмірінің барлық саласында тілдің кеңінен қолданылуын қамтамасыз
етуіміз керек. Президент Н.Назарбаев өз Жолдауында «Тіл – Қазақстан
халқын біріктіруші құрал болуы тиіс. Қазақ тілі – біздің рухани
негізіміз. Біздің міндетіміз - оны барлық салада белсенді пайдалана
отырып, дамытуымыз қажет. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сан
жылдар буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үлесімізбен толыға
түскен қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз»,- деген
еді.
Бір халықтың тілін білген адам
сол халықтың жан дүниесін сезінеді, рухани құндылықтарына бойлай
алады, қуанышы мен қайғысына ортақтасады. Қазақстан халқы бір
тілде- мемлекеттік тілде тілдесуі қажет. Ел Президенті Нұрсұлтан
Назарбаевтың сөзімен айтсақ, «Мемлекеттік тіл – Қазақстан халқын
ұйымдастырушы фактор болуы керек». «Қазақстан халқын топтастырудағы
аса маңызды фактор болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру –
Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы». Мемлекеттік тіл
– еліміздегі барша ұлт өкілдерін бір мақсатқа ұйытудың басты
кепілі.
Басты мақсаты - ұлт бірлігін
нығайтудың алғышарты ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымда
қолданылуын қамтамасыз ету, тіл саясатын қоғамдағы тұрақтылыққа
нұсқан келтірмей үйлесімді жүзеге асыру болып
табылады.
Елбасының Қазақстан Халқына
жолдаған Жолдауында белгіленген басым бағыттардың бірі - барлық
қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы ретінде мемлекеттік
тілді жан-жақты дамытуға басты назар аударылып отыр. Осы мақсатта
Қазақстан халықтары Ассамблеясы да өзінің стратегиясында
мемлекеттік тіл мен қазақ халқы мәдениетінің басты ролі азаматтық
және рухани мәдениеттің ортақтығы негізінде Қазақстанның барлық
этностарының бірігуі жолында қазақстандық сәйкестіктің қалыптасуы
басты міндеттерінің бірі болып табылатынын
жариялады.
Басқа ұлт өкілдерінің
диаспорасы болып табылатын қазақстандықтар бүгінгі Қоғамда, әсіресе
мемлекеттік қолдау мүмкіндігі жоғары салаларда қазақ тілінің
қолданыс аясы едәуір кеңейіп келе жатыр деп айтуға толық негіз
бар.
Қазақ тілі - еліміздің барлық
азаматтарын біріктіретін мемлекеттік фактор болып табылады. Ана
тілінде таза сөйлеу, оған деген оң көзқарас ең зор адамдық,
мәдениеттілік, тәрбиелілік болып саналады. Қазақстан зайырлы,
егемендігін баянды еткен мемлекет екендігін, оны әлемдегі озық
елдердің қатарына қосу үшін мемлекеттің тілдің жетекші рөл
атқаратынын жас ұрпақтың санасына сіңіріп, өз Отанының патриоты
етіп тәрбиелеу – бәрімізге ортақ, қасиетті парыз. Сондықтан бәріміз
бірігіп мемлекетіміздің тәуелсіздігінің басты белгісі ана тіліміз -
қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, қолдану аясын кеңейтуіміз
қажет. Елдіктің негізгі шарттары, түптеп келгенде
мемлекет тілінің, ұлт рухының көтерілген биігімен өлшенеді. Әрбір
азамат өз елінің патриоты ретінде ең бірінші кезекте мемлекетті
құрушы ұлт өкілдер - қазақтардың өзі бастап мемлекеттік тілдің
абыройын асқақтатуға ат салысуы керек деп есептеймін. «Өзге тілдің
бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген қанатты қағида жүрегіміздің
төрінен орын алып, жолбасшымыз болуға
тиіс.
О, туған тіл! Тас бұлақтың тұнығы да сенде,
ана сүтінің жұғымы да сенде, райхан гүлдің жұпары да сенде, қыран
құстың жанары да сенде, назды сұлудың нәзіктігі де сенде, сахара
даланың жазықтығы да сенде, сондықтан ана тілін ар-иманымыздай
ардақтап, аялай білейік,
ағайын!
Әлихан Бөкейханов
атындағы
мектеп-лицейдің қазақ тілі
мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі Кузембаева
Мейрамгуль Кайыркеновна