Материалдар / Мұғалім - әлемдегі ең үздік мамандық

Мұғалім - әлемдегі ең үздік мамандық

Материал туралы қысқаша түсінік
Мақала, эссе
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
25 Мамыр 2024
239
0 рет жүктелген
405 ₸ 450 ₸
Бүгін алсаңыз 10% жеңілдік
беріледі
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Мұғалім – әлемдегі ең үздік мамандық

Жай мұғалім хабарлайды,

Жақсы мұғалім түсіндіреді,

Керемет мұғалім көрсетеді.

Ұлы мұғалім шабыттандырады.

Уильям Уорд


Мұғалім – мамандық, ал ұстаздық қызмет – жаратылыстың адамға дарытқан сыйы. Бойыңа күш-қуат, жұдырықтай жүрегіңе шашылған нұр, адам алдындағы бұралаңдаған соқпақ жолға шамшырақ болып, талмас қанат беріп өрге сүйрейтін де, адамды рухани байытып тасыңды төрге сүйрейтін де – осы ұстаздық қасиет. Ұстаздық қызмет – қызығы да, қиындығы да өз басына жетерлік, ең бастысы жауапкершілігі өте жоғары, жүгі ауыр мамандықтың бірі екені жұртқа аян. Мен сондай жауапкершілікті арқалап, ұстаздық жолға сескенбей нық қадам басқаныма қуанамын.

Бүгінгі таңда білім беру саласында көптеген өзгерістер орын алуда. Оқыту процесінде тың идеяларға негізделген жаңаша мазмұнмен қамтамасыз ету міндеті көзделген. Білім берудің негізгі мақсаты – болашақ өмірге белсенді түрде аяқ басуға дайын, саналы ұрпақты қалыптастыруға ықпал жасау. Бұл мақсатқа жету үшін педагог ең алдымен білім берудің жаңа әдіс-тәсілдерін бойына сіңіруі, тоқтамай алға жылжуы, дамуы, өсуі қажет. Сәтсіздіктерге қаймықпай үздіксіз ізденіс жолында жүрген адамнан міндетті түрде нағыз маман иесі шығары анық.

Педагогтардың сапалық құрамын арттыру үшін ең алдымен педагогикалық шеберлікке аса зор мән беруіміз керек. Педагогикалық шеберлік – құтыдағы гүл секілді. Су құйып отырмаса ол гүл жайқалып өспей шіріндіге айналады. Дәл сол секілді педагогтардың шеберлігі де күнделікті дамуды, алға жылжуды қажет ететін өнердің бір түрі деп атар едім.

Педагогикалық шеберлікті 3 бағытта қарастырғым келіп отыр:

1.Іздену. Түрлі байқауларға қатысу, оқушыларды қатыстыру, методикалық құрал шығаруға талпыныс жасау, т.б.

2.Өз білімін жетілдіру. Көптеген курстарға, білікті ұстаздардың шеберлік сыныптарына қатысу, тәжірибеде зерттеу жүргізу, сабағын талдай алу, сабаққа сұрақпен кіріп, сұрақпен шығу, әр ісіне зерттеу жасап, өз нәтижесін ұжымда талқылау, нәтижесін жетілдіру жолдарын іздеу.

3.Өз тәжірибесін насихаттау. Өз тәжірибесін жас мамандарға, өзге де ұстаздарға методикалық кітапшалары, мақала, ашық сабақ жоспарлары арқылы насихаттау.

Қазіргі заман мұғалімі деген кімдер? Рухани жағынан дамыған, педагогикалық әдіс-тәсілдердің барлық түрлерін жік-жігімен меңгерген білікті маман, өзін әрқашан толықтырып отыратын шығармашыл тұлға. Оның ішінде жұмысқа жаңадан білек сыбап кірісіп, төселіп келе жатқан жас мамандар да бар. Жас мұғалімдердің білім беру сапасын көтеруге ең бірінші жұмыс істеп отырған мекеме ықпалын тигізеді. Яғни ұжыммен бірігіп жұмыс жасау арқылы жастар барлығын меңгере бастайды. Мен де жас мамандардың қатарынанмын. Менің алға жылжуыма әріптестерім көп септігін тигізді десем қателеспеймін. Өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, дұрыс бағыт көрсетті деген ойдамын. Жас мамандарды ұжым болып қолдау өте маңызды. Менің ойымша үлкен нәтиже шығу үшін жас мамандардан кәсіби біліктілігін арттыра отырып, білімі жоғары, мәдениетті, өзіне деген сенімі мол, жаңалыққа жаны құмар, қиындықтардан сабақ алып, тәжірибе жинақтай алатындай тұлға дайындау қажет. Жас мамандардың бойында келесі қасиеттер болуы керек:

1. Педагогикалық үрдісте жүйелі жұмыс жүргізе алу;

2. Педагогикалық өзгерістерге тез төселу;

3. Жаңаша ойлау жүйесін меңгере алу;

4. Инновациялық білімді дамыту;

5. Жаңа педагогикалық идеялар мен жаңалықтарды өмірге әкелу;

6. Оқушылармен ортақ тіл табыса алу;

7. Білімді, іскер, шебер болу.

Жас мамандар өз педагогикалық шеберлігін арнайы курстарда, түрлі семинарларда, біліктілікті көтеру мекемелерінде жетілдіріп отыруы керек. Мұғалімнің кәсіби біліктілігі оның практикалық қызметінде іске асырылады.

Бүгінгі жас буынға жан-жақты білім беру – әрбір ұстаздың басты міндеті. Ж.Аймауытов: «Сабақ беру үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол жаңадан жаңаны табатын өнер» деген. Ең бастысы оқушының шығармашылық қабілетін дұрыс дамыта білу. Оқушылардың ой-өрісін кеңейту, өзіне тән қабілетін байқап, сол қасиетіне қарай ізденуге дұрыс бағдар көрсету қажет.

Ушинскийдің «Бала балқытылған алтын, оны қандай қалыпқа құйып, қандай мүсін жасаймын десе де мұғалімнің қолында» деген сөзі осы міндетті жүзеге асыру үшін ұстазды үлкен асуларға жетелейді. Мұғалім білім беру, тапсырма орындату, айтқанын істету мақсатындағы ережемен қатып қалмауы керек. Ол білім мен тәрбие бере жүріп, оқушының ең сенімді адал досы бола білуі қажет. Мен сондықтан сыныптағы әрбір оқушының жан дүниесіне үңіліп, түсінуге тырысып, олармен бірдей дәрежеде сөйлесіп, ойларын еркін жеткізулеріне көңіл бөлемін.

Мен өзімнің тәжірибемде оқушыларды бөліп-жармай барлығына бірдей сөйлеп, барлығын бірдей мадақтап, әр жасаған жұмыстарын эмоциямен, әртүрлі тәсілдермен бағалап отырса қандай оқушы болмасын шабыттанып, сабаққа деген зейіні ашылатынын ұқтым. Мен кейде сабақ соңында үлгерімі нашар оқушылармен уақыт өткіземін. Ол оқушыда қандай қиындықтар бар екенін, ойын қысылмай айтуын сұранамын. Соңында мен одан болашақта үлкен үміт күтетінімді, барлығы қолынан келетініне сенім білдіріп шығарып саламын. Нәтижесі мені қуантпай қоймайды. Бастысы баланы мұғалім бар жүрегімен, жан-тәнімен жақсы көріп, сенім білдіруі керек. Менің байқайтыным көп жағдайда әртүрлі жарыстарға сыныптың атынан тек пысықтау, белсенді оқушылар жиі қайталап қатысады. Мен де алғашында көзге түскен оқушыны ғана қатыстырып жүрдім. Және ол оқушыны сыныптың көзінше марапаттаған кезде басқа үлгерімі төмен оқушылардың жанарынан біртүрлі түсініксіз сезімді байқадым. Өте ыңғайсыздандым. Менің түсінгенім үлгерімі төмен оқушы алып шыға алмаса да оны алға қарай қанаты сынған құсты әупірімдеп ұшырғандай шабыттандырып, демеп жіберсе ол оқушының да біріншісі, екіншісінде болмаса да үшіншісінде қолынан келері сөзсіз. Мен осылай жарыстарға үлгерімі төмен оқушыларды таңдап алып, солармен жұмыс жасауға кірістім...

«Әр бала бір жұлдыз, жарқырауына жәрдем бер»-деген асыл сөзді ұстанып, әр баланың жан дүниесі қалаған ісін таңдауға, өз ойын ашық айтып, еркін сезінуіне, ойлау қабілетін шыңдауға мүмкіндік беруіміз керек. «Елдің болашағы жастардың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздың қолында» - деп, өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдай білетін, шәкіртінің жан дүниесіне нұр құйып, өмірде өзі бақытты болып қана қоймай өзгелерді де бақытқа жеткізсем дейтін ұстаз болу!








Материал жариялап тегін
сертификат алыңыз!
Бұл сертификат «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жарияланғанын растайды. Журнал Қазақстан Республикасы Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігінің №KZ09VPY00029937 куәлігін алған. Сондықтан аттестацияға жарамды
Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!