Математика сабағында
оқушыларға эстетикалық тәрбие беру
«Эстетика» термині гректің
«эстезис» - сезімталдық деген сөзінен шыққан. Бұл сөзді ғылыми атау
ретінде ең алғаш енгізген неміс ғалымы Баумгартен. Оның «Эстетика»
атты еңбегі 1750 жылы жарық көргеннен бастап, эстетика ғылым
саласына айналды.
Эстетикалық тәрбие болмыстағы
және өнердегі сұлулық пен әсемдікті дұрыс қабылдау және эстетикалық
түсінікті, сезім мен талғамды тәрбиелейтін өнерде және өмірде
сұлулықты жасау, оған қатысу қабілетін, қажетсінуін қалыптастыратын
тәрбиенің құрамдас бөлігі.
Эстетикалық тәрбие тұлғада
әсемдік сезімін дамытады. Адам әсемдікті сезінуден, өз өмірін
сұлулық заңымен құруға ұмтылады.
Адамдардың эстетикалық
сезімдері олардың өмірінде зор рөл атқарады. Әсемдікті көре,
түсіне, жасай білу адамның рухани өмірін байытады, қызғылықты
етеді, оған ең жоғары рухани ләззаттануға мүмкіндік береді. Мұғалім
әр адамның адамгершілікті тұлғалық мәнін жан-жақты дамытуға
ұмтылады, сондықтан әр баланың сезім нәзіктігін, көркемдікті, әсем
нәрсені сүйетіндей етіп дамытуы керек.
Қазіргі кезде эстетикалық
көзқарасты тәрбиелеу - тәрбие барысының зейін салуды, күн санап
өсіруді талап ететін мәселесі.
Оқушылардың эстетикалық
көзқарасын тәрбиелеу - дамыған әсемдік сана мен талғамды, оны
қабылдау және бағалау қабілетін қалыптастырудың мақсатқа бағыттала
ұйымдастырылған процесі. Эстетикалық көзқарасты тәрбиелеу оқушыны
жан-жақты және үйлесімді дамытудың жалпы жүйесінде ең алдымен өзіне
тән қызмет атқарады. Ол іс-әрекеттің барлық түрлеріндегі әсемдік
нышанын анықтап, оны оқушының әсемдікке көзқарасының дамуы, білім
алуы, қалыптасуы құралына айналдырады.
Эстетикалық тәрбиенің негізгі
міндеттері мыналар:
- эстетикалық қабылдауды -
табиғаттағы, өнердегі, қоршаған өмірдегі әсемдікті қабылдауды
дамыту;
- эстетикалық талғамды,
әсемдікті бағалай білуді, шын әсем нәрсені эстетикалық емес
нәрседен ажырата білуді тәрбиелеу;
- өнерде өзін шама-шарқынша
көрсете білуге, қоршаған өмірге эстетиканы сіңіре білуге
тәрбиелеу.
Өз ұлын бала күнінен әсемдікті
сүюге баулыған космонавт Герман Титовтың әкесі бұл жөнінде өте
жақсы айтты: «Өнерді түсінбейтін инженер - нашар инженер; қиялдай
алмайтын конструктор - конструктор емес; музыканы сезінбейтін және
позицияның кереметін түсінбейтін ғалым - әншейін өзін жұтатқан
адам. Сен кім бол мейлің, сенің өмірің рухани жағынан бай болуға
тиіс, сен әсемдікті көре білуге және одан ләззат ала білуге
тиіссің…».
Эстетика педагогиканы
әсемдіктің мәнін және оның көрініс беру заңдылықтарын түсінумен
қаруландыратын болса, ал педагогика адамның осы әсемдікке деген
көзқарасын қалыптастыру құралдары туралы мәселені шешеді,
эстетикалық тәрбиенің нақты міндеттерін алға қояды және оқу-тәрбие
жұмысының барысында ол міндеттерді шешудің жолдарын
белгілейді.
Математиканы оқыту барысында
да оқушыларды жан-жақты тәрбиелеуге болады. Математиканы оқытудағы
тәрбиелік мақсат - математиканы үйрету барысында оқушыларды
жан-жақты тәрбиелеуге мүмкіндік беретін барлық қолайлы мезеттерді
пайдалану болып табылады.
Оқушылардың эстетикалық
түсінігі мен талғамын қалыптастыруға әр пән өз мүмкіндігінше үлес
қосады. Соның бірі - математика пәнінің қосар үлесі қомақты.
Математиканың табиғатының өзі оқушыларды тәрбиелеуге бай мүмкіндік
туғызады және әсемдік сезімін оятады. Математиканың эстетикалық
әсері көбіне-көп бұл пәннің ғылыми құрылымы мен дәлелдерінің
логикалық сындарлылығының әдемілігіне
байланысты.
Математиканың объектілердегі
симметрия, дұрыс көпбұрыштардың, дұрыс көпжақтардың қасиеттері,
фигуралардың өлшемдестігі т. б. оқушылардың бойында туа біткен
эстетикалық сезімді оятады және олардың эстетикалық талғамдарын
қалыптастыруға көмектеседі.
Оқушылардың бойында
эстетикалық сезімді қалыптастыруда геометрия пәніндегі «Нүктеге
қарағандағы симметрия», «Түзуге қарағандағы симметрия»,
«Кеңістіктегі симметрия арқылы түрлендіру» т. б. тақырыптар үлкен
септігін тигізеді.
А. В. Погореловтың 10-сыныпқа
арналған «Геометрия» оқулығында «Табиғаттағы және іс-тәжірибедегі
симметрия» тақырыбында симметрияның табиғатта кең тарағаны, оны
жапырақтардың пішінінен, өсімдіктердің гүлдерінен, жануарлардың
түрліше мүшелерінің орналасуынан, кристалл денелердің пішінінен
көруге болатындығы, іс-тәжірибеде, құрылыста және техникада кеңінен
қолданылатындығы айтылып, олардың суреттері оқулықта бейнеленген.
Бұл оқушылардың симметрия жөніндегі түсініктерін арттырып, тек
геометрияда немесе тек сызбада ғана емес, өмірдің өзінде оның
мысалдарының өте көп екендігін түсінуіне, оқушылардың көз алдарына
симметриялы бірнеше заттарды, тіршілік иелерін елестету арқылы
олардың бойында эстетикалық әсерлену пайда болуына әкеліп соғады.
Оқушылардың бойында осындай эстетикалық әсер туғызу эстетикалық
тәрбие беру болып табылады.
Өмірдегі әсемдікке тап
болғанда адамның сүйсінуі және масаттануы, ренжуі және қайғыруы,
жақсы көруі және жек көруі, мейірленуі және елжіреуі, қуануы және
жылауы т. б. мүмкін. Бір нәрсе маңызды - ол қалай болса солай,
немқұрайды қала алмайды. Әсемдік әрқашан сезімге
бөлейді.
Эстетикалық қабылдау, жоғарыда
айтып өткеніміздей, толып жатқан эмоциялар туғызады. Сондықтан
эстетикалық тәрбиеде эстетикалық эмоцияларды ояту жөніндегі жұмыс
өте зор рөл атқарады.
Математика сабағында
мүмкіндігінше оқушылардың өздеріне есеп шығартып, «рахаттану»,
«қуану», «мақтану» т. б. сезімдерін оятуға
болады.
Эстетикалық тәрбиелеу ісінде
кейбір есептердің ең «әсем» шешуін табуға баулудың да маңызы кем
емес. Бұл тұрғыда ұстаз шәкірттерден есептің оригиналды, рационал
шешу жолдарын талап етіп, табылған шешулерге үнемі эстетикалық
жағынан да баға беріп отыруы пайдалы.
Сонымен қатар, тең қабырғалы
үшбұрыштың, квадраттың, ромбтың барлық қабырғалары, тік
төртбұрыштың, квадраттың диагоналдары өзара тең болатындығына,
мәндес теңдеулердің түбірлері бірдей болатындығына т. б.
оқушылардың назарын аудартудың маңызы өте зор. Оқушыларға
эстетикалық тәрбие беру үшін мұғалім ең алдымен мұндай нәрселерді
өзі көре білуі тиіс.
Мұғалімнің міндеті - пәннің
көркемдігін айқындап, сол арқылы оқушылардың математикаға ынтасын
арттыру. Олай болса, теоремаларды дәлелдеудің көркемдігі мен есепті
шығару жолының әдемілігін қабылдауға оқушыларды тәрбиелеу қажет.
Теорема дәлелдеуінің немесе есепті шығару жолының әдемілігі -
олардағы әр алуан түрлендірулер мен есептеулердің қысқалығында,
дәлелдеуінің қарапайымдылығында, шешуге тиісті проблеманың
анықтығында және нәтиженің кең қолданыс
табуында.
Оқушыға эстетикалық тәрбие
беру мұғалімнің педагогикалық шеберлігіне, ұйымдастырушылық
қабілетіне, сөйлеу мәнеріне тығыз
байланысты.
Тәжірибелі мұғалім әрбір
сабағында оқыту мен эстетикалық тәрбиені ұштастырып, шәкірттерінің
білімді де саналы, тәрбиелі болып өсуіне мол үлесін қосып
отырады.
Айнур
Каканова,
Ш.Уәлиханов атындағы жалпы
орта мектептің
математика пәнінің
мұғалімі
Шардара
ауданы