ҚАЗАҚ ТЕЛЕВЕЗИЯСЫНЫҢ
ПАДИШАСЫ
Қоғамды қозғайтын, адам
санасын селк еткізер тұлғалар, азаматтар болады. Олардың бірі
замандастарынан озып туады, кейбірі қалып туады. Кеңес заманында
қазақ жігіттерінің арасынан алғашқы тележүргізуші, диктор,
телерепортажды бірінші қолға алушы, алғашқы комментатор, көгілдір
экранның көркі болған, талантты, талғампаз, еңбекқор, білімі мен
зейіні қатар қонақтаған дарабоз Совет Масғұтов ұлттық телеөнер, сөз
өнері тарихында бірен-саран кездесетін тұлғалардың
бірі.
Сұлу өзен, сылдыр аққан
Сілетім,
Жібек талдан көмкерілген
келбетің.
Ерлер туып, аңғарында ел
болып,
Сен оларды сәбиіндей тербеттің
– деп Мұфтахидден Усин жырға қосып кеткен, топырағы киелі, талай
таланттар дүниеге келген, сол тұлғалардың есімдері мәшһүр атануына
себепкер болған сұлу өзен – Сілетім куә.
Совет Масғұтов сылдыр аққан
Сілетінің бойында 1939 жылы 29 ақпанда Ақмола облысы, Қызылту
ауданына қарасты, Қулыкөл (Чапай) ауылында дүниеге келген. Совет
Масғұтовтың тегіне, затына, сүйегіне зер салсақ, Орта жүздің Арғын
тайпасының Қанжығалы (Қожым) руынан шыққан. Қулыкөл жұртшылығының
айтуынша Совет Масғұтов орташа отбасыннан шыққан, өте қарапайым
жанның бірі болған деседі. Көзі тірі кезіңде жыл сайын ауылға
отбасымен келіп, демалысын Сілетінің бойында өткізуші еді деп ауыл
ақсақалдары журналист Совет жайында күні бүгінге дейін аңыз қылып
айтып отырады.
1960 жылдардан бастап Совет
Масғұтов қазақ телевизиясының жан-жақты өркендеуіне, дамуына сүбелі
үлес қосады. Журналистің негізімен қаланған елдің тарихын қамтитын,
жер мәселесі, салт-дәстүрімізді насихаттайтын, халқына елеулі еңбек
сіңірген тарихи тұлғаларды бүкіл республикаға таныту мақсатымен
«Достық экраны», «Сырласу», «Мың да бір рақмет», «Пай-пай жиырма
бес» сынды т.б. бағдарламаларды ептілікпен жүргізу ойының
ұшқырлығы, қиялының терендігілігі, нағыз дикторлыққа сай, лайықты
азамат екендігі байқалған.
Телевизия тарихында күрішші
Ұлбала Алтайбаева, екі мәрте Еңбек ері атанған Ыбырай Жақаев, мал
шаруашылығын дамытқан Жазылбек Қуанышбаев сынды тұлғалар жайында
мазмұнды да бейне сюжеттерді халық назарына жеткізген диктор Совет
Масғұтов болатын. Көрікті келбетімен, дикторлыққа лайықталған қоңыр
дауысымен, қазақы жүріс-тұрысымен, қарапайымдылығымен,
кішіпейілділігімен, білімімен, асыл сөздің құдыреті сынды осындай
қасиеттер бойына, ойына дарығандықтан журналистік шеберлігін Орта
Азия мемлекеттері, күллі Кеңес Одағы мойындаған кемеңгер тұлға.
Құдыретті сөздің құдыретін ұрпаққа өсиет етіп қалдырған Бауыржан
Момышұлының мынадай қанатты сөзі бар:
«Ерлік – елдің қасиеті,
жүректілік – жігіттің қасиеті» - дейді.
Дәл осы сөз, тап Совет
Масғұтовқа арнап айтылғандай.
1969 жылы «Союз» ғарыш
кемесінде топталып ұшқан ғарышкерлерге арналған «Жұлдыздар
эстафетасы жаңалықтарында» республика атынан тұңғыш сұхбат
жүргізген жүргізуші болды.
Совет Масғұтов бойына ананың
ақ сүтімен дарыған туған тілінің құдыреті мен тазалығын сақтай
білді.
Совет Масғұтовтың жары,
бүгінгі күнге дейін шаңырақтың түтінін түтеп, отбасының ұйытқысы
болып келе жатқан Шолпан Тоқсанбайқызы: «Атасы ақын болған. Текті
отбасынан шыққан. Кітапты өте көп оқитын. Дүниежүзілік әдебиетті
таныды. Түрлі әндер, шетел классиктерін тыңдайтын. Өте жан-жақты
білімді жан еді. «Совет үкіметінің мықты комментаторларының бірі»
деген атақты да алды деп сыр шертіп
тебіренеді.
Қорытындылай келгенде
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»
бағдарламасында: «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая
болған, есімдері ел есіңде сақталған біртуар перзенттері бар.
Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» – деді. Қазақ
телевизиясының падишасы атанған Совет Масғұтовтың атына
мектептерге, әсіресе туған ауылы Кулыкөлге бир көшенің атауын беру
керек деп ойлаймын. Дара жолымен журналистік, ғалымдық қасиеттерін
келер ұрпаққа насихаттау, жариялау біздің алдағы
міндетіміз.
қазақ тілі мен әдебиет
мұғалімі Шарипов Қуанышбек
Жеңісұлы