Материалдар / Шығыстың асыл аңызы
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Шығыстың асыл аңызы

Материал туралы қысқаша түсінік
Бұл мақала Киелі Шығыстың тарихында елеулі оқиғадан қалған немесе сол оқиға ауыздан-ауызға бізге жеткен аңыздар жайлы болмақ.
Авторы:
07 Қараша 2023
325
3 рет жүктелген
Материал тегін
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

ӘОЖ 82-343(=512,122)

Айтылмаған аңыз сырлары

Қасаинoва А.Н «Қазақ тілі және әдебиет» БББ 2-курс студенті ҒЫЛЫМИ ЖЕТЕКШІ:Келгембаева Б.Б-ф.ғ.к. қауымдастырылған прoфессoр «С.Аманжолов атындағы ШҚУ» КЕ АҚ e-mail: aru.kasainova@icloud.com

Аңыздар – ғасырлар үні мен бабалар сырын кейінгі ұрпаққа жеткізер халық даналығының алтын көмбесі. Халқымыздың тарихы мен рухани өмірін танытатын маңызды әдеби жәдігерлер. Аңыздар ел өмірінен орын алған нақты оқиғаларға құрылады, әрі осы оқиғалар көбінесе бір мекенмен, тау-таспен және өзен-көлмен байланыстырылады. Ғасырлар үні боп бізге жеткен әрбір аңыздан ақиқат іздеу, өтірік-шынын тексеру ақылға сыйымсыз әрекет. Олар халық қиялымен көмкерілген әдемі оқиға болғандықтан да – аңыз. Аңызда халықтың әдет-салты, ғасырлар бойы жинақтаған ұлағат өнегесі, даналық тәжірибесі жатыр. Аңыздар сырын ұғып, оның өзегіндегі даналықты өмірімізге бағдаршам етіп ала білу – рухани жетілудің көзі. Біздің дәуірімізге дейін түрлі аңыздар шебін ауыздан-ауызға айтылып жеткені айдан анық. Және де олардың жетуінде маңызды оқиғаларға байланысты бірнеше тақырыпқа бөлінетінін байқаймыз.. Соған орай аңыздың тақырыбы бойынша екіге бөлінгенін Сейіт Қасқабасов былайша жүйелеген: «Аңыздар әр кезде де туып отырады, сондықтан біздің фольклорда ежелгі заманда, сондай-ақ кейінгі уақыттарда пайда болған аңыздар қатар жүреді. Көркемдік сипаты мен шындыққа қатысы жағынан алғанда аңыздар екі түрге бөлінеді. Бірі – тарихи аңыздар, екіншісі мекендік (топонимикалық) аңыздар. Алғашқысында сюжеттің негізі – тарихи оқиға болады да, кейіпкерлер де көп жағдайда өмірде болған, ел тағдырында елеулі роль атқарған айтулы адамдар болып келеді. Топонимикалық аңызда, негізінен, белгілі бір жердің тарихы, оның солай аталу себебі әңгімеленеді.» [1] Яғни, аңыздар екіге бөлінсе де, бір дәуірде қалмай көркемдік сипатта қайта туып отыратындығында. Ендігі сөзіміз тарихи аңыздар жайлы болмақ. Қазақ жерінің әр өңірінде сол өлкенің қайталанбас сұлу табиғатын, киелі орындарын, біртуар ұлдары мен ару қыздарын әңгіме ететін тарихи аңыздар мол. Дәуіріміздің ғұлама жазушысы М.Әуезов: «Жер әңгімеші, жер әңгімеші болған соң – ел әңгімеші. Жер – анасы, ел – баласы деуге болады. Ел айтқан әңгімені – ел мекені, ер бесігі жер де айтады. Көз жіберсең, көңіл тоқтатсаң, тыңдап көрсең – көпті айтады. Алдымыздағы, айналамыздағы көк өзен, өлке, қойтас, қырқа, бұлақ, шалғын – барлығы да қазақ халқына сүйікті, қымбат болған, көп-көп өлеңнің ұясы, тербелген бесігіндей. Бұл жерлер – әсіресе әңгімеші жерлер».[2] - дегенде ата-бабаларымыздың қиялына қанат бітірген туған жердің киелі аңыздары туралы айтқан. Ел мен жердің тарихы егіз, оларды бір-бірінен бөліп қарай алмаймыз. Оны сүю, жақсы білу, жүрегімізде жаттап өсу біздің перзенттік борышымыз.Тарихи аңыздар – тарих бетінде өшпес із қалдырған шынайы аңыздар тобы. Ерте кезде тарих шырмауында түрлі оқиғалардың белең алып, халық ауызында сақталуы жайдан-жай емес. Тарихи аңыз арқылы халықтың мұраты, сенімі, батырлығы, шешендігі тарих сахнасында көрінісін береді. Баяндалатын оқиғалары мен бейнеленетін кейіпкерлеріне қарай тарихи аңыз бірнеше топ құрайды: а) оғыз-қыпшақ заманының оқиғаларына байланысты аңыздар. Олардың біразы уақыт өте келе әпсанаға айналған; ә) Алтын Орда дәуіріне қатысты аңыздар, олардың кейіпкерлері: Шыңғыс хан мен Жошы, Ақсақ Темір мен Едіге, т.б. Бұларда тарихилық басымырақ; б) Қазақ хандығы тұсындағы оқиғаларды әңгімелейтін аңыздар, олардың басты қаһармандары; в) XIX ғасырдағы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысты туған аңыздар, олардың кейіпкерлері; г) XX ғасырда жасаған тарихи тұлғалар туралы аңыздар.[3] «Бабалар сөзінің» 85-томында айтылғандай бұл алты топтағы шығармалардың бәрі аңыз жанрына жатпауы мүмкін, уақыт өткен сайын ежелгі дәуірдегі оқиғалар аңыз емес әпсанаға жақындай түсетіні анық. Соған орай Алтайдың бергі дәуірге жақын тарихи тұлғаларының сипатына қарай аңыздарды ел ауызынан естіп жатамыз. Шындығында, Алтайдың табиғатының кереметтігін бәріміз білетін болармыз. Топырағының құнарлығына сай жасыл кілеміне, бұлағының мөлдірлігіне, тауының биік шыңына, сол шыңнан арылмайтын бұлтпен таласқан ақша қарларына қарап бейне бір ертегідегі көріністі еске түсіреміз. Сондай бір керемет табиғатта не бір тарих болып қалған оқиғалар да біршама. Олардың бірсыпарысы ел аузында айтылып та, кітап беттерінде жарық көріп те жүр. «Бірде жаздың мамыражай шағында, Марқакөл тауының бір биік орманының «Көпен қия» деген шыңында Көпен деген елге әйгілі ақсақал-би келе жатқан көрінеді. Жалғыз екі аяқты жолаушының іздегені не, әлде бара жатқаны қай жақ белгісіз. Сол шыңда аялдап отырғаны сол-ақ екен, қасындағы орманнан сыбдырмен келе жатқан үлкен аюды байқап қалады, қашса ұстап алатынын білген соң, орнынан тұрып алыппен алыса жөнеледі. Қолындағы жалғыз қаруы-кездік, соның арқасында аюды сұлатып, шыңнан құлатқан екен. Көпен ақсақалдың аюмен алысатындай неткен алып денелі кісі екендігін көрсететін тағы бір тарихи, шынайы әңгіме естіген едім. Көпен би мен Абай атамыздың бір шығыстан екені мәлім. Бірде сол Алтай тауларында құрылтайлап халықтар жиналған екен. Сол жерде Абай атамыз бен Көпен биіміз де болыпты. Халықтың көптігі сонша, Абайдың дауысын ғана естіп, көре алмай: «Абайды көре алмадық»-деп даурығыпты. Сонда тұрып Көпен би Абайды отырған жерінен «Міне, Абай деген осы кісі, көріңдер» деп көтеріп көрсетіпті.»[4] Бұл тарихи аңыздың бертінге дейін ел ауызында ғана айтылып жүрген-ді. Шынайы тарихқа негізделіп айтылып жүрген бұл аңыздың тұлғасын сол ғасырдағы жазушылар шығармашылығынан да, өмірбаянынан да кездесетінін көреміз. Тарихи аңыздарда шынайы тұлғалардың арман-мақсаты, беделі, мықтылығы өз болатынын естен шығармайық. Сонымен қатар, тарихи аңыздың жанрлық сипатында мекендік аңыздың да бірліктері көрінетінін осы аңыздан байқай аламыз. Жалпы тарих сахнасында аңыз өмірде болған, ел өткенінде үлкен із қалдырған тарихи оқиғалар, тарихи тұлғалар жайындағы мағұлматты шынайы етіп баяндайды. Тыңдаушы аңызда суреттеліп отырған жайды шындық деп қабылдаған.[5] Әр елдің, жердің, аймақтың өзінде ғана туындаған бірнеше аңыздар түрлері сол жердің халқының мифтік санасы мен шындығын бірге алып жүруге көмектеседі. Фольклортанушы М.Ғабдуллиннің өзі аңызға тарихилық сипаттың тән екендігін көрсетеді:«Оқиғасын реалистік болмыстан, шындық өмірден алып ауызша шығарған қазақ халқының көркем шығармаларының елеулі бір саласы - аңыз-әңгімелер»[6] Яғни, біздің пайымымызда аңыздың қалыптасуында тарихилық сипат басым болса, тарихи шындыққа негізделсе тарихи аңыздың қалыптасуына ықпал жасайды. Жоғарыда біз ежелгі дәуірдегі тарихи аңыздар шебінің әпсанаға айналып кететіндігін айттық. Бұл пікірді С.Қасқабасов анығырақ дәлелдеп көрсетті: «Бірте-бірте оқиға болған дәуірден алыстаған сайын, аңызда қоспа көбейіп, неше түрлі қосымша детальдар пайда болып, алғашқы мәліметтік әңгіме көркемделе түседі де, болған оқиғаның өзі көмескі тартады, сөйтіп, аңыз әуел бастағы сипатын жоғалтып әпсана-хикаятқа ауысады...». Дегенмен, біздің тарихымызда Қазақ хандығы кезеңінің өзін алатын болсақ, ол жайлы жазылған аңыздар біршама. Ол туралы филoлoг-ғалым Алмасбек Әбсадықов «Қазақ хандығы және тарихи аңыздар» еңбегінде Қазақ хандығы кезіндегі ел билеген жандардың, тарихи оқиғалар мен билердің ел тұтастығын сақтаудағы көрсеткен өлшеусіз қызметінің, батырлардың ерен ерліктерінің тарихи аңызға арқау болып, қалыптасқандығын көрсетеді. Сондықтан айтылған алты топтың алдыңғы дәуірлеріндегі жайттардан да аңыздар бар екендігін жоққа шығармаймыз. Аңыздың хикаялармен де, әпсанамен де тұтасып жату себебі де дәуірлеу кезеңімен байланысты болатыны шынайы. Сөз соңында халық ел мен жердің өткені мен кеткенін білгісі келген болса, тарихи аңыздардың берері мол екендігін көре алатынын айтқымыз келеді. Оқиғасы шындыққа негізделіп, нақты өмір көріністерінен алынғанымен, ауызша таралған тарихи аңыздар қазақ фольклор саласынан айрықша орын алады. Және көшпелі ата-бабамыздан қалған рухани құндылықты айрықша бағалап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе отырып, насихаттау қазақ ұлтына тән мәселе екенін баса айтамыз. Тарихи аңыздар - қазақ халқының өшпес мұрасына, біздің тарихымыздың бір бөлігіне, асыл мұрамызға айналуы қажет.



















Әдебиеттер тізім

1. Қасқабасов С. Ойөріс. Алматы: Жібек Жолы, 2009. –33б.

2. Әуезов М. Уақыт және әдебиет. –Алматы: Ғылым, 1969.-400б.

3. Бабалар сөзі: Жүзтомдық.-Астана: Фолиант, 2012. Т.85: Тарихи аңыздар.-10б

4. Ел ауызынан

5. Келгембаева Б. Ел мен жер тарихы: Шығыс Қазақстанның фольклорлық прозасы.-Өскемен:Медиа-Альянс,2005.-27б.

6. Ғабдуллин. М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті.-Алматы: Ғылым, 1974.-240б.





Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!