Материалдар / Тәуелсіздік тұғыры: білім беру саласының дамуы мен перспектикалары
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Тәуелсіздік тұғыры: білім беру саласының дамуы мен перспектикалары

Материал туралы қысқаша түсінік
Ағымдағы жыл – Қазақстан Ресубликасы үшін тарихи тағылымды жыл. КСРО мемлекетінің ыдырап, Қазақ елінің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толады. Тарих атты алып Шежіре атамыз үшін 30 жыл қас қағым сәт болар, ал біздің ел үшін Тәуелсіздік жылдары – еліміздің толағай табыстарға қол жеткізген тарихи маңызы бар айтулы кезең. Еліміз талай қиындықтан өттік, іргетасы берік, қуатты мемлекетке айналдық. Осы жылдары тәуелсіздігіміздің тұғыры берік, саяси бағытымыз тұрақты болып, Қазақстан халқының бір тұтас ұлт болып қалыптасу жолында маңызды қадамдар жасалып, тың жобалар жүзеге асырылып жатыр
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
19 Қазан 2022
219
0 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады


Тәуелсіздік тұғыры: білім беру саласының дамуы мен перспектикалары

Ағымдағы жыл – Қазақстан Ресубликасы үшін тарихи тағылымды жыл. КСРО мемлекетінің ыдырап, Қазақ елінің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толады. Тарих атты алып Шежіре атамыз үшін 30 жыл қас қағым сәт болар, ал біздің ел үшін Тәуелсіздік жылдары – еліміздің толағай табыстарға қол жеткізген тарихи маңызы бар айтулы кезең. Еліміз талай қиындықтан өттік, іргетасы берік, қуатты мемлекетке айналдық. Осы жылдары тәуелсіздігіміздің тұғыры берік, саяси бағытымыз тұрақты болып, Қазақстан халқының бір тұтас ұлт болып қалыптасу жолында маңызды қадамдар жасалып, тың жобалар жүзеге асырылып жатыр. 30 жыл ішінде экономика, әлеуметтік сала, білім-ғылым бағыттары бойынша жаңа жобаларды, саяси реформаның үшінші кезеңін іске асыру шаралары жалғасуда. Ұлт денсаулығына қатер төндірген экологиялық мәселелер де оң шешімін тапты: Семей полигоны жабылды, тартылған Арал теңізінің айдынына, өзен-көлдердің кемеріне су тола бастады. Халықты адамдар тығыз орналасқан оңтүстік жақтан Солтүстік аймақтарға қоныстандыру секілді игілікті істер жүзеге асырылып жатыр. Әлемдік аренада өзіндік саяси-идеологиялық бағыты бар толерантты ел ретінде танымал болдық. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Осынау толағай табыстардың бәріне Елбасының дара көшбасшылығының һәм халқымыздың даналығы мен парасатының, бірлігі мен ынтымағының, отандастарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік. Сондықтан Елбасы Тәуелсіздігіміздің мәңгі символына айналды десек, ақиқатты айтқан болар едік», – деп ҚР Тұңғыш Президентінің ел тарихындағы, Тәуелсіздік тарихындағы орны мен рөлін айқындап көрсетті.

Тәуелсіздіктің отыз жылдық белесі – мәні зор тарихи кезең. Тәуелсіздіктің отызжылдығына, тарихи оқиғаға сәйкес бірнеше тарихи тұлғаларымыздың атаулы мерейтойлары: ХХ ғасырдың Гомері, жыр алыбы – Жамбылдың 175, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың – 155, күш атасы алып атамыз Қажымұқанның – 150 жылдығы сәйкес келіп отыр. Тәуелсіздігіміздің отызжылдық белесінің терең мәнін, халқымыздың тарихында артына өшпес із қалдырған көрнекті тұлғалардың елге сіңірген еңбегін өскелең ұрпаққа идеологиялық тұрғыдан насихаттау – үлкен жауапкершілікті талап ететін өте маңызды іс. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілуге тиіс», деп айта келе, тарихи кезең туралы тәлімдік-тәрбиелік мәні зор ақпараттар мен жаңа форматты іс-шаралар ұйымдастыру қажет екендігін тоқталып, Тәуелсіздіктің отыз жылын үш кезеңге, үш онжылдыққа бөліп, әр кезеңнің өзіндік ерекшелігі мен тарихы маңызын көрсетті. Алғашқы онжылдық – жас Қазақстанның мемлекеттік іргетасын қалау кезеңі, екінші онжылдық – еліміздің керегесін кеңейтіп, экономикалық әлеуеті артқан, саяси тұрғыдан тұғыры тұрақталған, ал үшінші онжылдық – еліміздің шаңырағы шарықтап биікке көтерілген мемлекетіміздің мерей өскен кезең, деп атап көрсетті. Көп векторлы «Қазақстан – 2030» стратегиясы қабылданып, шетелдегі қазақ диаспорасын атамекенге тарту аясында «Нұрлы көш», әр вектор бойынша елімізді дамытуға арналған «Нұрлы жол», «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму», «100 нақты қадам», «Мәңгілік Қазақстан» бағдарламалары, ел азаматтарын жұмыспен қамтып, халқымыздың тұрмыстық жағдайын жақсартып, әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Жол картасы», агрокәсіпті өркендету үшін субсидиялау жобалары мен бизнесті, орта және шағын бизнесті қолдауға, жеке кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Атамекен», «Бастау» секілді маңызды бағдарламалар игілікті жалғасын табуда. БҰҰ секілді тағы да басқа халықаралық беделді ұйымдарға мүше болды. Әлемдік дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, ЕҚЫҰ ұйымының саммиті секілді, т.б. ауқымды халықаралық шаралар ұйымдастырылып, «Азиада», «Универсиада» спорттық сайыстары өткізілді. Саяси және экономикалық әлеуетімізді арттыруға арналған жобалармен қатар, рухани қазынамызды, ұлттық құндылықтарымызды құрметтеуге, сақтауға арналған «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданды. Мемлекетімізді дамыту үшін шетелден қомақты инвестиция тартылды. Қазіргі уақытта елімізде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі секілді ірі инфрақұрылымды жоба жүзеге асырылуда. Осындай толағай табыстарға, қомақты жетістіктерге жету жолында көрегенділікпен басшылық еткен Елбасының парасатты көшбасшылығы мен Қазақстан халқының даналығы мен ерен еңбегінің арқасында қол жеткізгенімізді Президентіміз атап көрсетіп, алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу, деп, осы бағытта саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет екендігін айтты.

Тәуелсіздік жылдары қазақстандық білім беру саласына жаңа бағыт, тың серпін әкелді. Бұл жаңалық тек жалпы білім беру саласында ғана емес, жеке тұлғалардың интеллектуалдық қабілетін арттырып, қызметін дамытуға, әлеуетін кеңейтіп жатқандығынан байқауға болады. Мысалы, кеңестік дәуірде қазақстандық ғалымдардың шетелмен, әсіресе капиталистік алпауыт елдердің көрнекті ғалымдарымен, білім ордаларымен байланыс жасауы, еңбектерімізді жариялау өте қиын болатын. Қазіргі таңда білім беру саласында шетелдіктермен әдістемелік, ғылыми-инновациялық байланысты тығыз орнатып, еңбектерімізді отандық қана емес, әлемдік рейтингте көрсеткіші жоғары Scopus, Web-Science, World-Science, т.б. базасында индекстелетін басылымдарда ғылыми еңбектерімізді кеңінен жариялай алу мүмкіндігіне қол жеткіздік. Елбасымыздың, Президентіміздің тіл саясатына қатысты айтқан тұжырымды терең ойларын жүзеге асыру мақсатында, отандық білім беру сатысын әлемдік деңгейге көтеруге, көпұлтты елімізді, біздің қоғамымызды одан әрі ұйыстыратын негізгі фактор – мемлекеттік тіліміздің өрісін кеңейту, қолданыс аясын, бәсекеге қабілетті дамыған елу елдің қатарына енуіне, әлемдік аренаға шығуына жол салатын білім мен ілімнің, ғылым мен техниканың тілі ретінде құзыреттілігін артуына байланысты тіл маманы ретінде үнемі ізденіп жүремін. Қазақ тілін өзгетілді аудиторияда шет тілі ретінде оқытудың инновациялық әдістемесін мемлекеттік және жалпыадамзаттық мәдени кеңістікте ғылыми-теориялық тұрғыдан саралап, оқыту технологиясына қатысты лингвистикалық және инновациялық әдістемелік мәселелерді талдап, зерделеп, отандық білім кеңістігінде бәсекеге қабілетті қазақ тілін көптілді ортада оқытудың инновациялық кешенді әдістемесін қалыптастыру мақсатында еңбек етемін. Педагогикалық шеберлігім, ғылыми әлеуетімді, кәсіби біліктілігімді арттыру мақсатында шетелдік ғалымдармен тәжірибе бөлісу бағытында Кембридж панелінде пікір алмасамын, республика деңгейіде ғана емес шетелде өтетін халықаралық конференцияларға, симпозиумдарға қатысу мүмкіндігіне ие болып, еңбектерімді шетелдік баспасөздерде жариялап жүрмін. Мысалы, отандық, шетелдік басылымдарда 150-ден астам ғылыми-әдістімелік, имдждік мақалаларым мен 20-дан астам оқу құралдары, оқу бағдарламам жарық көрді. Скопус базасында авторлар серіктестігімен екі мақалам және «ресейлік «Итернаука» баспасында ұжымдық монографияда еңбегім жарық көрді. АҚШ, Түркия, Канада, Ресей, Украина, ҚХР, БАӘ, Мысыр, Чехия, АИР, Моңғолия мемлекеттерінде баспасөздерінде және өткен халықаралық конференцияларда, симпозиумда ғылыми-зерттеу еңбектерім жарияланды. Университеттің табалдырығын 1987 жылы студент болып аттадым, 1992 жылы дипломымды алдым, содан бері табан аудармай университетте еңбек етіп келемін. Осы жылдары еңбегім үшін университет тарапынан еңбек кітапшама жазылған сыйақылар мен алғыстар алдым. Қазақ халқының ұлттық мәдениетін шетелдік азаматтарды да таныстыру мақсатымен халықаралық семинарға да қатысып жүремін. Корей елшілігі жанындағы корей ағарту орталығындағы семинарға қатысып, қызықты дәріс оқығаным үшін, ұйымдастырушылар сертификатпен бірге алғысхат та тапсырды. Оралман тыңдаушы жастары мен АИР тыңдаушыларына қазақ тілі сабағында сапалы білімі беру ісін саналы тәрбиемен ұштастыра жүргізгенім үшін Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қорының, Ауғандық жерлестік қауымдастық тарапынан бірнеше рет алғысхат алдым, 2016 ж. әлемдік ғылым кеңістігіне қосқан ғылыми ізденісім мен жаңалығым үшін «World Science» халықаралық ғылыми ұйымының дипломымен, 2016 ж. «Просвещение» Республикалық ақпараттық-әдістемелік орталығының ІІ дәрежелі дипломымен, 2020 жылы халықаралық және республикалық өнер-білім сайыстарына тыңдаушыларға жетекшілік еткенім үшін «Жеті өнер», «Әдеби кейзет» пен «Ұстаз тілегі» орталықтарының «Алғыс хатымен», «Құрмет грамотасымен», 2020ж. желтоқсанда өткен Халықаралық білім беру және тренингтік платформасында Орталық Азия магистрантары мен студенттері арасында ұйымдастырған ІІІ халықаралық «Young Philologist» («Жас филолог») пәндік онлайн олимпиадасына қатысқан екі тыңдаушым үшін «New educatin Asia» ғылыми-әдістемелік орталығының «Алғыс хатымен», халықаралық «Инфоурок» сайтының «Алғыс хатымен», «Құрмет грамотасымен» және ұстаздарға арналған пәндік олимпиадаға қатысқаным үшін республикалық «Ұстаз тілегі» ақпараттық-әдістемелік орталықтың І дәрежелі дипломымен марапатталдым. Өзімнің және шәкірттерімнің осындай жетістіктерге жетуі – еліміздің тәуелсіздігінің жемісі. Сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыз аңсаған азаттыққа Елбасының парасатты саясатымен бейбіт жолмен қол жеткіздік. Осы Тәуелсіздігіміз бәрінен де қымбат, Еліміздің тұтастығы – тәуелсіздіктің берік тұғыры. Мемлекетіміздің тұтастығын сақтап, еліміздің экономикасын, халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын көркейтуге қазақстандық әрбір азамат өз үлесін қосуы керек. Көпұлтты мемлекетіміміздің іргетасының беріктігі халықтар достастығында, еліміздегі көп ұлттың ынтымақтасығында, ал халқымызды ұйытыратын басты фактор – мемлекеттік тіл. Тілі тұтастығы – ел тұтастығы, тілге құрмет – елге ізет екендігін ұмытпай, өскелең ұрпақ Тәуелсіздіктің тұғырын әрқашанда берік ұстау үшін әуелі мемлекеттік тілімізді құрметтеп, имандылық пен ізгіліктің, әдептің алтын дәнін сепкен ата-баба дәстүрін сақтап, ұлттық құндылықтарымызды ардақтап, еліміздің жарқын болашағы – қазақстандықтың бақытты өмірінің, тату тұрмысының кепілі екенін шын жүрекпен сезініп, отанының кемел келешегі үшін аянбай қызмет етуі керек. Бақыттың басты кілті – азаттық, отанға деген сүйіспеншілік пен адал еңбекте екені ұмытпа, жас ұрпақ!

    Елбасымыздың «Қазақстан-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауында ендігі меже – Тәуелсіз Қазақстанның әлемдегі дамыған Топ-30 мемлекеттердің қатарына қосылу екендігі көрсетілген. Жас Қазақстанның – әлемнің ең дамыған, өркениетті, алпауыт мемлекеттер қатарына қосылуы үшін, еліміздің жарқын болашағының кепілі, өркениетті елдің кемел келбеті, Тәуелсіздік тұғырын нық ұстайтын білімді де білікті ұрпақ тәрбиелеу – қазіргі буынның, білім беру саласының қызметкерлерінің қасиетті міндеті, парызы. Отандық және әлемдік білім-ғылым кеңістігінде, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу, рухани, мәдени саласының дамуы, адамгершілік қасиеттердің артуы, жеке адамның интеллектуалдық қабілеті жоғары тұлға ретінде қалыптастыру үшін елімізде барлық жағдай жасалуда. «Болашақ» және студент алмасу секілді халықаралық маңызды жобалар жоғары білім алғысы келген талантты жастарға тек отандық қана емес, әлемнің жетекші ЖОО-ларында, алыс-таяу шетелдік білім ордаларында қалаған мамандығы бойынша білім алуына кең жол ашты. Елбасымыздың парасатты саясатының арқасында елімізде білім беру саласы қарқынды түрде дамып келеді. Отандық ғылым-білім саласының әлемдік деңгейдегі білім стандартына кірігуіне, интеграциясына жол ашылды. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде елімізде экономикалық тұрғыдан қиыншылықтар болды. Көптеген жұмыс орындары жабылды немесе уақтылы айлық берілмейтін. Осы алмағайып кезеңде К.Н.Нәрібаев бастаған университет басшылығы іскерлік танытты, университетте жалақы ай сайын беріліп тұрды, оқытушалар мен еңбек ұжымының өз ісіне деген ынтасын арттыру мақсатында көтерме сыйақылар, студенттерге материалдық көмек беріліп тұрды. Бұл игі үрдіс университетте еш үзілген емес. Биылғы жылы университетке ректор болып келген Ж.Қ.Түймебаев та төл университетіне деген сүйіспеншілігі мен қамқорлықпен қарайтынын танытып, еңбек ұжымын жалақысын көтеріп, ұлттық мерекеге орай сыйақы тағайындады. Сонымен қатар ғылым зерттеулер мен білім беру сапасын дамыту барысында іс-шаралар атқарылып жатыр. Университетте қалыптасқан тағы да бір ізгілікті үрдіс – қызметкерлердің баспанамен қамту мәселесі де жақсы жолға қойылған. Жаңа басшымыздың назарынан да бұл мәселе тыс қалған жоқ. Универсиетте баспанаға мұқтаж қызметкерлердің тізімі жасалып, мемлекеттік бағдарлама аясында пәтер беру, жер телімін алу тізімі жасалып, құзырлы ұйымдарда тиісті құжаттарды ресімделді. Ардагер ұстаздарды ұлықтау, білім сайыстарын. спорттық жарыстар өткізіледі. «Жаңа жыл», «Наурыз» мерекелері мен Қазақстанның жоғары оқу орындары әлемдік 1 Маусым балалар күні– университеттің еңбек ұжымы үшін ғана, олардың отбасының кішкентай мүшелері үшін де шаттық сыйлайтын айтулы күндер. Университетіізде ауыз толтырып айтатын, мақтан тұтатын жақсы дәстүрлі іс-шаралары, жетістіктері аз көп. Ең бастысы, әлемдік рейтингте білім көрсеткіштерімен, ғылыми-инновациялық зерттеулерінің нәтижелерімен басқа шетелдің жетекші оқу орындарымен бәсекелесе бастады. Ұлттық рейтингтің абсалюттік үздігі, Орта Азия мен Түркі елдері академиясының үздігі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әлемдік топ университеттердің QS рейтингі бойынша 165-орынға көтерілді. Еліміздің өркениеті мен экономикасы дамыған, халқының тұрмыстық ахуалы жоғары деңгейде болып, әл-ауқатының артуына, еліміздің Тәуелсіздігінің тұғырлы болуы тірегі де кепілі – отанының дамуына өз үлесін қосатын, кәсіби бағдарда бәсекеге қабілетті, өз ісіне адал, үлкен жауапкершілікпен қарайтын, еңбекқор, ұлтжанды білікті де білімді мамандар даярлау үшін біздің, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұстаздар ұжымы да аянбай еңбек етуде. Сапалы білім беру ісін саналы тәрбие жұмысымен ұштастыра жүргізу барысында университеттің барлық білім беру департаменттерімен бірге ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының ұстаздары да өз үлестерін қосуда. Біздің кафедраның профессор-оқытушылары құрамы тыңдаушыларға отандық жалпы білім беру стандартына сәйкес дайындық курстарынан сабақ беруді үш бағытта жүргізеді: шетелдік тыңдаушыларды, шетелдегі қазақ жастарын, отандық жастарды оқыту үдерістерін ұйымдастырады. Кафедрада шетелдік тыңдаушыларды Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі саяси-мәдени ортасына бейімдеу, сонымен қатар шетелдік қазақ жастарын Қазақстанды тарихи отаным деп танып, еліміздің дамуына өз үлестерін қосуға шақыру және жастарды отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа тәрбиелеу, халқымыздың салт-дәстүрін сақтауға, ұлттық құндылықтарымызды әспеттеуге, конфессияаралық диалогке, толеранттылыққа баулу бағытында білім беру саласын әлеуметтік-тәрбие істерімен тығыз байланыста жүргізеді. Осы бағытта «Менің Отаным – Қазақстан», «Ардағым – атамекенім», «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы», «Армысың, әз Наурыз», «1 мамыр – Қазақстан халқының достық күні» мен «Тарихи тұлғаларға тағзым» секілді атаулы мерекелерге, мерейтойларға, тарихи маңызды оқиғаларға және арналған тәрбиелік мәні зор мәдени-танымдық іс-шаралар, концерттер, әдеби кештер мен денсаулықтың кепілі – спорт саласына қатысты сайыстар ұйымдастырылады. Жастарға тек жалаң білім беріп қана қоймай, ғылым кеңістігіне жол ашып бағыт беру, білімнің биік әлеміне қанат қақтыру мақсатында кафедрада жыл сайын жас ғалымдар мен студенттердің, ұстаздардың халықаралық, республикалық деңгейде дәстүрлі ғылыми-әдістемелік конференциялары, семинарлары, дөңгелек үстелдері оффлайн және онлайн режимде өткізіледі.

Елбасымыз «Қазақстан -2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: «...Білім – біздегі Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамының берік негізі, – деп атап көрсетіп, еліміздің болашағы, берекелі дамуы жолындағы басты стратегиялық бағыт – білім мен ғылымнан бастау алатындығын баса назар аударып, – ...Бізге ұлттық зияткерлік ұйытқыны жасау қажет, эрудициясы жоғары, сапалы адамдар қажет, олар халықаралық деңгейдегі бәсекелерге лайықты қабілетті болуы шарт. Бүгін білім беру үрдістеріне назар салудың маңызы өте жоғары. Іс-әрекетті орындайтын немесе жасайтын біліктілікті,, өмір сүруге үйрететін біліктілікті, заман талаптарына лайықты бірлесіп өмір сүре алатын біліктіліктерді әрбір адамның бойына егу қажет», – деп, отандық, әлемдік білім-ғылым кеңістігі мен еңбек нарығында бәсекеге қабілетті білімді де білікті маман жастарды тәрбиелеу ісін білім ошақтарынан бастау керек екендігін атап айтты. Елбасымыз бен Президентіміздің жасампаз елдің жарқын болашағы жастарға қатысты айтқан асыл ойлары мен жарқын да жаңа мақсатын жүзеге асыру жолында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың еңбек ұжымы аянбай еңбек етіп жатқанын сөз жүзінде емес, нақты іс жүзінде жүзеге асыруда. әлемнің жетекші оқу орындары мен ғылым ордаларымен халықаралық байланыстар орнатуда. Ұлттық рейтингтің абсалюттік көшбасшысы Университетіміз әлемдік білім мен ғылым кеңістігінде өзінің жетістіктерімен әлемдік рейтингі жоғары жетекші оқы орындарының ТОП-200-дің қатарына енді, Түркі елдер академиясының ең үздік білім ордасы атағын иеленді. Университет жетістіктерінде әрбір факультеттің, әрбір кафедраның ұстазының қажырлы еңбегінің үлесі бар. сол секілді біздің ЖОО-ға дейінгі білім беру факультеті де өзіндік үлесін қосуда. Біздің факультет 2011 жылы 1985 жылы жасақталған шетел азаматтарына арналған дайындық факультетінің негізінде құрылды. біздің факультет өзінің қалыптасу барысында көптеген оң өзгерістер мен даму кезеңдерін сәтті өткерді, факультет ұжымы тіпті 90-жылдары да қажырлы қайратпен жемісті қызмет етті, қазір ХХІ ғасырда да еңбек жолын сенімді түрде жалғастыруда. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ білім беру саласында бұрыннан-ақ жүзден астам шетелмен тығыз байланыс жасайды. Қазіргі уақытта университет өзінің халықаралық байланыстарын кеңейтіп, жетілдіріп, өркендете отырып, Еуропалық білім беру кеңістігіне сенімді түрде кірігу ісін жүзеге асыруда. 2003 жылы университетте университеттердің (Magna Charta Unuversitatum) Ұлы Хартиясына қол қойды. Бұл игі іс ЖОО-ға дейінгі білім беру факультеті үшін маңызды жайт болды, білім беру аясында көптеген әлем елдерімен байланысын кеңейте түсуіне жол ашты. Мысалы, Венгриялық Шандор Ковач деген студент өзінің қыпшақтар туралы ғылыми зерттеуін аяқтау үшін дайындық факультетіне казақ тілін үйренуге келді. Қазақ ғалымдарының түпнұсқадағы зерттеулерін оқу үшін оған біраз еңбектенуіне тура келді. Кейіннен Шандор қыпшақтардың тұрмыс тіршілігі мен салт-дәстүрін әрі қарай зерттеу үшін өзінің өмірін Қазақстанмен тығыз байланыстырды. Қазіргі уақытта Шандор Ковач Венгриядағы Яс-Надькун-Сольнок облысындағы Ассамблеяның жетекшісі. Ол Қазақстанмен байланысын үзбеді, қазақ тілінде өте жақсы сөйлейді. Ш. Ковач – біздің еліміздің жиі қонағы. Невада-Семей антиядролық қозғалысының белсенді мүшесі, жетпіс жастағы дайындық факультетінің қарт студенті Жапониялық Такаго Масахико дайындық факультетін тәмамдағаннан кейін өзінің оқытушысы Г.Мұсаеваны Осака қаласында орналасқан Евразиялық тілдер орталығы мен «Хибакуси» антиядролық қоғамына шақырды. Орталықта доцент Г.А.Мұсаева шетелдіктер дәрісханасында қазақ тілін оқытудағы өз тәжірибесін таныстырды. 2001 жылдың қаңтар айынан бастап шетел азаматтарына арналған дайындық факультеті халықаралық бағдарлама бойынша жоғары оқу орны арасындағы көне Ханкук шет тілдер Университетімен байланыс орнатып, корей студенттерін халықаралық студенттер алмастыру бағдарламасы бойынша қабылдай бастады.

Тәуелсіздіктің жаңа ғасыры жаңа дәуірдің лебін ала келді: жаңа заманда маңызды қадамын – шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдерін оқыту ісі қолға алынды. 2001 жылдан бері факультетте президенттік бағдарламаның арқасында 2000-нан астам шетелдік қазақ жастары білім алып шықты. Атамекеніне оралып, қалаған мамандығы бойынша ана тілінде білім алып жұмыс істеп жатқна түлектеріміздің жылдан-жылға артып келеді. Еліне оралып еңбегі жанған түлектеріміз де аз емес: талантты жас Қазымұрат ақынымыз, күміс көмей әнші Ұшқын, «Қамшы кейзет» сайтының жетекшісі Біләл өнер мен шығармашылық саласында еңбек етіп жүрсе, ал Құрмет шетелдік қазақтарды орналастырып, қабылдайтын қалалық миграция департаментінде еңбек етіп жүр. Қазіргі кезде факультет алдына қойған екі үлкен міндетті: шетел азаматтарына екі категория бойынша білім беру – этникалық қазақтар мен шетелдіктерді оқыту ісін жүзеге асыруда. Сонымен қатар мемлекеттік тілді меңгергісі келетін шетелдіктердің қатары жылдан-жылға артып келеді. Бірнеше жылдан бері жыл сайын ҚазҰУ-ға, біздің факультетке, қазақ тілін оқып үйренуге келетін шетелдіктердің саны арта түсуде. Қазақстан Республикасындағы экономикалық және саяси тұрақтылық, жергілікті халықтың қонақжайлылық қасиеті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығы білім алушыларға білім алу мен елімізде тұру үшін қажетті жағдайлардың бәрін жасап, ұйымдастыра білетін іскерилігі, ең бастысы – шетелдік студенттерді факультетте алатын білім сапасының жоғары деңгейде екендігі қызықтырады. Үздіксіз білім беру жүйесі бойынша құрылған ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінің инфраструктурасы ерекше: мектеп – колледж – университет. Факультетте екі кафедрамен қатар ҚазҰУ-дың колледжі мен «Бейіндік мектеп» және «Талапкер» кәсібибейіндік, «Зерде» орталықтарының жұмыс істеуі жоғары оқу орнына дейінгі оқыту жүйесінің біртұтас білім беру саласын қалыптастырды. Факультетте, кафедрада осылайша қалыптасқан ынтымақтастық пен сабақтастық тыңдаушыларымызға тиісті дәрежеде білім алуға мүмкіндік береді. Түлектеріміздің қалаған мамандығы бойынша отандық ЖОО-ға түсіп, білім алуы үшін ұстаздар ұжымы аянбай қызмет етеміз. Кафедрада еңбегіміз жемісті болуы үшін «Шебер ұстаз» сыныбы, оқу-әдістемелік, ғылыми семинарлар, пән бірлестіктері тұрақты түрде жұмыс істейді. Бұл іс-шаралар тек оқытушылардың шеберлігін жетілдірумен қатар, тыңдаушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, олардың таланттарын ашуға да бағытталып жүргізіледі. Біздің студенттер университет іс-шараларына белсенді түрде қатысады. Республика сарайында Ұлы Отан соғысының 65 жылдығына арналған шарада «Жас қазақ» қойылымын көрсетті. Кезінде ҚХР-дан келген Ұланай атты аруымыз «Ана тілі» аруы атанса, шетелдік бірнеше тыңдаушымыз республикалық «Сөз мерген» лингвистикалық телесайысына қатысып, жүлдегер атанды. Әсіресе, соңғы оқу жылдарындағы жетістіктеріміз өте жоғары, 2019-2020 оқу жылы талантты, өнерпаз тыңдаушымыз Әсел Шопан отандық екі бірдей өнер сайысының жүлдегері болды. Жыл сайын тыңдаушыларымыз «Фараби оқулары» халықаралық жас ғалымдар мен студенттердің дәстүрлі конференциясы аясында өткен байқаудың жеңімпаздары болады. Биылғы жылы аталмыш конференцияда алты тыңдаушымыз жүлдегер болды. Республикалық деңгейде өткен олайн олимпиадалар мен блиц-турнирлерге белсене қатысып, 26 тыңдаушымыз жүлделі орындарды иемденді. Кафедра ОПҚ құрамы да пәндік олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп, біліктілік санаты жоғары мектеп ұстазына лайық екендігін танытты. Университеттің толағай табыстарына өзіндік үлесін қосып жүрген факультетіміздің тарихында ардагер ұстаздарымыздың алатын орны ерекше. Өмірден өтсе де, артына жарқын із қалдырған профессор Т.Қаратаев «Еңбек ардагері», «Жеңістің 60 жылдығы», «Жеңістің 65 жылдығы», «Батыр шапағаты Бауыржан Момышұлы», «Әлия Молдағұлова», «10 жыл Астана», «Ғылым мен білімге қосқан үлесі үшін» (Евразия университеті), «Жоғары мектептегі үздік еңбегі үшін» (1984ж.), «Қазақстан білімінің құрметті қызметкері» деген медаль, төсбелгілерімен марапатталған. Өзі туған ауданының (Ақтөбе обл., Әйтеке би ауданы) құрметті азаматы атанған. Диссертациялық кеңеске мүше болған. Т.Қаратаевтың жетекшілігімен бірнеше кандидаттық және магистрлік диссертациялар қорғалған. Көп жылдар бойы Қазақ радиосы мен телевизиясында халықаралық хабарлар жүргізген. 20-дан астам кітап-кітапшалардың, 200-ге жуық мақалалардың авторы. «Жүз жылдың ақ-қарасы», «Тарихтағы аттас тұлғалар» атты оқу құралдары жарық көрген.

Факультеттің қалыптасуына үлкен еңбек сіңірген, ауған алапатын басынан кешірген интернационалист-майдангер, ардагер ұстазымыз, доцент Ж.С. Садықов қаламынан 24-тен артық ғылыми әдістемелік мақала, 15 оқу-әдістемелік, 2 оқу құралы жарық көрді. Ж.С. Садықовтың Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы ерекше еңбегі ескеріліп, КСРО Оқу министрлігінің медалімен, Ы.Алтынсарин атындағы және ҚРҰҒБ министрлігінің төсбелгілерімен, Қазақ Жоғары оқу министрлігінің Құрмет грамоталарымен 2 рет және университеттің күміс медалімен марапатталды. Қытай Халық Республикасынан Кеңестік кезеңде атамекеніне келген Катеков Ермек Абдоллаұлының өмір жолы да тағылымға толы. 1963 жылы Новосибирск университетінің механика-математика факультетін «математика» мамандығы бойынша бітірген ол 1963-1974 жылдары Абай атындағы ҚазҰПУ-ға оқытушы болып келеді. 1976-1985 жылдары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті Механика және қолданбалы математика факультетінде оқытушылық қызмет атқарды. 1985 жылдан жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушысы қызметін атқарды. 50 жылдай ұстаздық еткен Ермек Абдоллаұлы 19 ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектердің авторы, ерен еңбегі үшін бірнеше рет университет ректорының құрмет қағаздарымен марапатталды.

Жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру үшін ұлағатты ұстаздық мамандығын таңдаған Аккушкарова Куралай Ахметовнаның еңбек жолы мен өнегелі өмірі кімге де болса үлкен үлгі. ҚР оқу ісінің үздік ұстазы Кеңес одағы кезінде мемлекет тарапынан 1970 жылы «В ознаменование 100-летия В.И. Ленина» медалімен, ал «Ерен еңбегі үшін» медалімен екі рет: 1970 және 1984 жылдары, ҚР БҒМ министрлігінің және Алматы қаласы әкімдігінің құрмет грамоталарымен, дипломдарымен бірнеше марапатталды. Білім беру саласындағы ерен еңбегі және табысты ғылыми зерттеулері мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дамуына қосқан айрықша үлесі үшін университеттің Үлкен Алтын медалі берілді, «Құрмет» орденінің иегері Ахметовна 100-ге жуық ғылыми, оқу-әдістемелік еңбектің, 4 оқу құралының авторы, ҚР ҰҒА-ның академигі, физ-мат.ғылым. кандидаты, профессор К.Ахметовна кафедраның құрметті меңгерушісі болып еңбек етуде. Еліміздегі білімнің «қара шаңырағы» атанған үздік оқу орнында және осындай ұлағатты ұстаздармен бірге еңбек етіп жүргенімді мақтан етемін.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғамның экономикалық-әлеуметтік саласына ғана емес, білім-ғылым арнасына да жаңа леп әкелді. Бағдарлама аясында елімізде білім мен ғылым кеңістігінде, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, құбылмалы дәуірдің жаһандық өзгерістеріне икемді мамандарды білімді де білікті тұлға етіп қалыптастыру үдерісі іске жүзеге асырылуда. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы еліміздің экономикасымен қатар білім мен ғылым саласына да жаңа серпін берді. Әсіресе, кеңестік кезеңде тоталитарлық саясаттың салдарынан тарихымыз жете зерттелмеді. Коммунистік саясаттың шеңберіне сай бейімделіп жазылған тарихымыздың терең зерттеуді қажет ететін ақ таңдақ тұстары аз емес. Біздің факультет жоғары білімді маман даярлайтын жетекші оқу бөлімі болмағандықтан арнайы зертханалар болмаса да, кафедрадағы тарихшылар мен филологтер ғылыми-зерттеу ісінен тыс қалған жоқ. Мысалы, тарих пәнінің аға оқытушысы, «ҚР білім беру саласының құрметті қызметкері» А.К.Бегалиева оңтүстік өңірдегі тарихшы ғалымдармен М.Б Кожа, Е.А Есжанмен бірлесе зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ғылыми еңбектерін «Орта Азия мен Қазақстан археологиясы және м.е. Массон» атты монография етіп, «Қазақ университеті» баспасында жариялады. Филолог М.Ш.Тойғанбекованың кезінде қазақ балалар әдебиетінің дамуына сүбелі үлес қосқан, бірақ соңғы уақытта есімі атала бермейтін, көрнекті жазушымыз М.Тиесовтың шығармашылығы туралы зерттеу жұмысы монография болып университет баспасынан жарық көрді. Кафедра оқытушысы Ш. Даулбаевтың жетекшілігімен «Ғылым фонды» гранты бойынша «Получение мелко дисперсного гидроксиапатита кальция» ғылыми жобасы жүзеге асырылуда. Ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Ж.Т.Бимағамбетова БҒМ гранты бойынша «Проблемы энергетической безопасности и формирование энергетической политики в ЕАЭС» атты жоба аясында еңбек етіп жүр, сонымен қатар кафедра меңгерушісі доцент М.С.Мырзабековтың жетекшілігмен университетте әріптестерімен бірге ағымдағы оқу жылы қаңтар айында халықаралық деңгейде фестиваль ұйымдастырылып, ал сәуір айында ұстаздардың біліктілігін, педагогикалық шеберлігін арттыру мақсатында шетелдік ғалым, АҚШ Огайо штаты ғылыми-зерттеу Цинциннати (Union Institute & University (UI&U), Университетінің (UI&U) белгілі профессоры Тичаут Вуденнің дәріс оқуымен халықаралық оқу-әдістемелік семинар өткізілді. Тәуелсіздігіміздің берік тұғыры мемлекет басшысының парасатты саясаты мен халқымыздың ынтымақтастығы болып табылады. Елімізде мекен етіп жатқан көп ұлттың басын біртұтас қазақстандық халық болып ұйыстыратын басты фактор – мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі. Қазақ тілі кеңестік кезеңнен бастап елімізде қазақ мектептерінде ана тілі, ал ұлттық мектептерде екінші тіл ретінде оқытылып жатыр. Қазіргі таңда әлемге толеранттығымен, табиғи бай ресурстарымен танымал қонақжай қазақ еліне шетелдіктер жиі келеді. Шетелдіктердің келу мақсаты әртүрлі, дегенмен, Қазақстанда ұзақ мерзімге тұрақтап қалғысы келетіндер үшін мемлекеттік тілді меңгеру қажеттігі туындайды. Осыған байланысты қазіргі уақытта қазақ тілін шет тілі ретінде оқыту жүйесі қалыптаса бастады. Қазақ тілін көптілді ортада оқытудың әдістемесін жетілдіру қажеттілігі тіл мамандарының жан-жақты зерделеуін керек ететін өзекті мәселе. Себебі, тәуелсіздік алғанына отыз жыл өтсе де, орыстілді білім беру мекемелерінде мемлекеттік тілді оқыту өз дәрежесінде емес. Сол себепті де орыстілді дәрісханада сабақ берген тәжірибеме сүйеніп, орыстілді аудиторияда қазақ тілінің фонетикасын оқыту әдістемесін зерттеу ісімен айналысып жүрмін. Авторлар серіктестігімен «Оқу сауаттылығы пәнінің жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламасын» құрастырдық. 2020 жылы «қазақ тілін ше тілі ретінде оқытудың инновациялық технологиясы» атты оқу құралым жарық көрді. Болашақта орыстілді аудиторияда қазақ тілін оқыту әдістемесіне қатысты зерттеу еңбегімді монография етіп жариялауды жоспарлап жүрмін.

Біз, ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының ұстаздары, өз тарапымыздан білім алып жатқан жастардын келешекте Қазақстанның тең құқылы мақтан тұтар азаматы болуына барлық күш жігерімізді саламыз



Дереккөздер:

  1. http://z-o.kz/index.php/el-zh-ne-elbasy/2595-ba-dar-men-beles

  2. https://kaz.nur.kz/society/1892218-tuelsizdik-brinen-kymbat-tokaevty-makalasy-zarialandy /.

Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!