Материалдар / ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ ҰЛЫ БҰЛҚЫНЫСЫ
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ ҰЛЫ БҰЛҚЫНЫСЫ

Материал туралы қысқаша түсінік
ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫ! Иә, содан бері де отыз төрт жыл – ширек ғасыр уақыт өтіпті. Келелі оқиғалар мен кемел өзгерістерге толы ширек ғасыр... 1986 жылғы ЖЕЛТОҚСАН қазақ халқының ұлттық сана-сезімінің өсуіне айрықша ықпал етті. Халықтың өзін-өзі тануын, ұлттық болмыс-бітім, сын-сипатын, ең бастысы Тәуелсіздік туралы ұғымын түбірімен өзгертті.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
20 Желтоқсан 2022
319
4 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ ҰЛЫ БҰЛҚЫНЫСЫ


Кеп-кеше мықты секілді ед,

Көртке ұқсап қалды жүдеп нар.

Желтоқсан сайын жетім боп,

Бір жылап алар жүрек бар…[1]

Есенғали РАУШАНОВ



Бейсенбекова Шарипа Асановна

Тараз қаласы, №11орта мектебі, тарих пәні мұғалімі

ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫ! Иә, содан бері де отыз төрт жыл – ширек ғасыр уақыт өтіпті. Келелі оқиғалар мен кемел өзгерістерге толы ширек ғасыр... 1986 жылғы ЖЕЛТОҚСАН қазақ халқының ұлттық сана-сезімінің өсуіне айрықша ықпал етті. Халықтың өзін-өзі тануын, ұлттық болмыс-бітім, сын-сипатын, ең бастысы Тәуелсіздік туралы ұғымын түбірімен өзгертті. Жастардың бас көтеруі сонымен бірге демократия мен адам құқығы туралы да ұғымға айта қаларлықтай өзгерістер енгізді. Сан ғасырлық тарихы бар, байтақыт жері, байсалды елі бар республиканың басшылығына жергілікті ұлттың салт-сана, әдет-ғұрпынан мүлде хабары жоқ, көлденең көк атты адамды тағайындау – шектен шыққан кемсітушілік еді. Сол орайда Желтоқсан оқиғасы халықтың сана-сезімінің өскендігінің, өзін толғандыратын проблемаларға азаматтық көзқарасын ашық білдіре алатындығының да айқын көрінісі еді.[2]

Жалпы, сонау есте жоқ ескі замандардан тамыр тартатын, қаһары жер жаһанды тітіренткен Дарий, Александр Македонский, Шыңғысхан, Наполеон сынды билеушілер жүзеге асыра алмай кеткен әлемдік үстемдік желігі ХХ ғасырда басқаша сипат алып, қайтадан өршігені белгілі. Дегенмен екі дүниежүзілік соғыс, бір қырғи қабақ, қарусыз соғыс мемлекеттердің санын азайта алмады, қайта көбейте түсті. Империялар іргесін бекіткеннің орнына ыдырай бастады. Отаршылдықты тәуелсіздік, озбырлықты бостандық жеңіп жатты. Бұл жеңіс қашан да марғау, қашан да салқынқанды қазақ даласына тым кешігіп келді. Бүгіндері Тәуелсіз дамудың баталы беташары ретінде бағаланып жүрген Желтоқсан оқиғасы бұрынғы Кеңестер Одағында 1985 жылғы сәуірде дүркірей жөнелген «Қайта құру» үдерісінен туындағаны айқын. Ол науқан күндей күркіреген Кеңестер елі мен дүбірлі дүниенің ғана емес, жұмыр басты пенденің тыныс-тіршілігінде де көп нәрселерді астын үстіне шығарып, аударып-төңкеріп тастаған еді. Сонымен, 1986 жылдың Желтоқсаны! КСРО кезінде көтерілісті қаладағы бұзақылардың әрекеті ретінде көрсетуге тырысты, кейініріек көтерілісті «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» ретінде танылды. Көптеген деректер жасырын қалып, кейінірек олардың көздерін жою мақсатында КОКП ОК-нің бұйрығымен жағылып жіберілді.

1991 жылы КСРО құлағанан кейін, көтеріліске қатысқандардың көпшілігі ақталып, көптеген деректердің көзі ашылды. Оқиғаға «көтеріліс» ретінде танылып, тәуелсіздікке бағытталған, ұлтты біріктіруші оқиға ретінде танылды. Көптеген тарихшылар Алматыдағы желтоқсан оқиғасы КСРО-ның құлауына әсер еткен негізгі оқиға болды деп есептейді.

  Жоқ жерден пәле іздеу, жік табу, қаралау, қудалау жұмыстары одан кейінгі жылдары да жымысқы саясаттың астарында қызу жалғаса берді. Алдымен «Қазақ ұлтшылдығы» деген атақты қаулы шықты. Ойдан-қырдан қашқан, қуғын-сүргін көрген барша халықты бауырына басқан, пана болған, қонағына төрін беріп, өзі босағаны қанағат тұтқан, қол қусырып қошемет көрсеткен қарға тамырлы, қаршыға сіңірлі халқымыздың маңдайына «ұлтшыл» деген қара таңба басылды. Барлық мекеме-кәсіпорындарда, оқу орындарында ұлтшылдықтың ұясын анықтау, осындай пиғылдағы адамдарды әшкерелеу, қоғамнан аластату науқаны қарқын алды. Сол желеумен көптеген жастар жұмыстан босатылды, оқудан шығарылды. Кемсітудің, қорлаудың неше атасын бастан кешірді. Адамдық тұрғыда жүйке ауруына ұшырады, маман ретінде кәсіптік бағытта өсіп-дамуына тосқауыл қойылды. Біраз адамдар тіпті қылмыстық жауапқа тартылып, сотталды.

Әлеуметтік-қоғамдық қатынаста халықтар достығы күн тәртібінің алдыңғы қатарына шықты. Осы ұстанымға адал адамдар жан-жақты дәріптелді. Газет-журналдар бетінде «Қос тіл – достықтың қос қанаты», «Қазақстан – халықтар достығының мекені» деген сияқты айдарлар қаптап кетті. Бұл барыста, баяғы асыра сілтеушілік қой, қисынға келмейтін іс-шаралар да орын алмай қалған жоқ. Мәселен, ұлттық рухани-мәдени әлеміміздегі үздік жетістіктеріміздің бірі – теледидарлық «Тамаша» ойын-сауық бағдарламасы ілеспе аудармамен орыс тілінде де беріле бастады. Тіпті осы өзімізге ғана тән төлтума өнеріміз – Айтысты да орысшалау жөнінде сөз болды ғой деймін... Сондай оспадар іс-қимылдардың бір мысалы – студенттік жатақхана бөлмелерінде аралас – бірнеше ұлт өкілдері болып тұратын жастардың арнайы тізімі жасалып, олар ерекше құрметтелді, өзгелерге үлгі етілді.

Енді желтоқсан көтерілісінің бастау бұлағы, шығу төркіні, себеп-салдары, тарихи маңызы жөнінде бір-екі ауыз сөз айтқым келеді. Қылышынан қан тамған қызыл империяның қитұрқы саясатына сауатты әрі ашық түрде наразылық білдіріп, қарсы тұру еліміз тарихында сонау ХХ ғасыр басындағы 20-30 жылдардан бері болмаған жайт еді. Сол орайда 1986 жылы Желтоқсанда алаңға шыққан жастарды көзі ашық, көкірегі ояу, мүлдем жаңа буынның өкілі деуге әбден болатын сияқты. Кейде мынадай ой келеді: «Сол ызғарлы күндері іштен тынып, үнсіз, тілсіз қалғанда не болатын еді» деген. Ел болудан, ұлт болудан қалатын едік-ау... Демек, шын мәнінде, сексенінші жылдарғы халқымыздың ары мен ұяты қазақ жастары болды. Желтоқсан көтерілісінің кенеттен бұрқ ете түсіп, алып империяның көсемдері күтпеген адуын мінездің бой көрсетуінің себебі мен салдарын сарапшылар әр түрлі түсіндіргенімен, ортақ белгілері бар екендігін де айту керек. Сол кездегі қазақ қоғамында қалыптасып, пісіп-жетілген ауыр ахуал бұл оқиғаның жоқ жерден пайда бола қалмағандығын көрсетеді.

Айталық, деректер бойынша, 1915 жылдың қарсаңында қазақтардың саны 6 миллиондай болған. Өкінішке орай, бұл сан сол сұрапыл кезеңдердегі сан қилы, қанқұйлы себептерге байланысты айналасы отыз жылға толмайтын уақыт ішінде, нақтырақ айтқанда, 1945 жылы 2,5 миллионға дейін кеміп кетті. «Жұт жеті ағайынды» демекші, 1930-60 жылдар аралығында Қазақстанға 4 миллионға жуық адам көшіп келді. 1962 жылы еліміздегі жергілікті ұлт өкілдерінің үлес салмағы 29 пайызға дейін күрт түсті. Ал сол сан сапаға әсер етпей қоймады. Қазақ халқы өз тамырынан ажырай бастады. Салт-сана, бітім-болмысына қауіп төнген ұлттың болашағы бұлдыр тартты. Тіпті қазақ тілі қолданыс аясынан сырылып, барлық халық шаруашылығы салаларынан, тіпті күнделікті тұрмыстағы қолданыстан біртіндеп ығыстырыла бастады. Кеңестік жүйе кезеңінде бір деректер бойынша қазақ тілі сабағы 700-ден астам мектептерде оқу пәндері қатарынан шығарылып тасталды.

Әрине, бұл ретте бір жайды айта кету орынды. Сол кездердегі Қазақстанға жер аударылған, күштеп әкелінген сандаған халықтардың бұл нәубетке еш кінәсі жоқ еді. Олардың барлығы да солақай саясаттың, тұрлаусыз тағдырларының құрбаны еді. Алайда көп ұлтты ахуал, ортақ тыныс-тіршілік қазақтардың халық болып қалыптасуына кері әсерін тигізбей қоймады. Оның үстіне, «жығылғанға жұдырық» іспетті, қазақ даласының әлеуметтік және экологиялық тынысы да тарылып бара жатты. Республика алып атом полигонына, экологиялық аурулар ошағына айналды. Сөйтіп, 70-80 жылдары бұрынғысынша Қазақстанды орыстандыру, ұлттық өзіндік ерекшеліктерді жоғалту, қазақ тілінің аяқ асты етіліп, құлдырауы, экологиялық проблемалардың шиеленісу үдерістері тереңдей түсті.

Соның бәрі келіп, 1986 жылдың Желтоқсанында көкіректі кернеген ашу-ыза болып ақтарылды. Бүтіндей бір ұлтты қорлаған өрескел өктемдікке жастар қауымы жалаң қолдарымен-ақ қарсы тұрды. Олар жоғарғы басшылықтың әрекетіне қарсы өздерінің келіспеушілігін ашық білдірді, олар өз халқының азат өмірі үшін айқасқа шыққан саналы күрескерлер ретінде танылды. Желтоқсан оқиғасында тоталитарлық үрдіс жағдайында пісіп-жетілген, түбірімен қате ұлттық саясат салдарынан туындаған алғышарттар бар еді. Көтеріліс сандаған жылдар сорабында мызғымас қамал саналып келген кеңестік империяның іргесін шайқалтып, көбесін сөгіп, ақыр аяғында құлап тынуына ұрындырған пәрменді соққы болды. Алматы кейінде Баку, Вильнус, Тбилиси қалаларында да өткен Мәскеудегі саяси орталыққа бағынбауды көздеген аймақтық бас көтерулер шеруін бірінші болып бастап берді.

... Сөйтіп жылдар жылжып өте берді. Кең қанат жайған жариялылық желімен тоқыраудың тоңы жібіп, тілден тиек, ойдан тұсау алына бастады. Республикада ұлттық мәдениетті, тарихты, дәстүрді тануға бірыңғай ұмтылыс өріс алды. Ұлттық дамудың семіп қала жаздаған тамырына жаңа нәр құйылды. Осы тұрғыдан алғанда 1986 жылғы Желтоқсан Қазақстан Тәуелсіздігі үшін, ұлтымыздың гүлденуі үшін, оның өсіп-өркендеуі үшін тер төккен, бейнет шеккен азаматтардың барлығы үшін де қадірлі, қасиетті. 80-жылдардың аяғында Желтоқсан оқиғасына қайтадан баға беру жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Оған Қ.Мырзалиев, М.Шаханов сияқты белгілі ақындар, қоғам қайраткерлері басшылық жасады. Комиссия жұмысына білікті мамандар, сол кезеңнің куәгерлері, желтоқсан құрбандары көптеп тартылды. Ақырында, 1990 жылғы наурыз айында, қаншама кедергімен жұмыс істеген жұмыс тобы және комиссия мүшелері өз тұжырымдары мен ұсыныстарын әзірлеп бітіп, өзінің тарихи міндетін орындап шықты. Қараша айында баспасөзде Желтоқсан оқиғасын тексеру комиссиясының қорытынды материалы жарық көрді. Соның негізінде ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы арнайы қаулы қабылдап, ол бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Қалай дегенмен, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына түпкілікті баға берілмей келе жатқан сыңайлы. Бұл орайда Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев әділ атап өткендей: «... Күрделі кезеңнің күйбеңімен жүріп, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының тарихи маңызын толық дәрежеде бағалап үлгерген жоқпыз». Желтоқсан қаһармандары өздерін жаппай соққыға жығып, қақаған аязда мұздай су шашқанына, өздеріне қарсы иттер, БТР-лер, сапер күректері мен шоқпарлармен қаруланған милицияның ерекше отрядтарын, арнаулы әскерлердің курсанттары мен солдаттарын айдап салғанына, сондай-ақ, «бейбіт жасақтар» дейтіндердің темір сыммен, арматурамен соққының астына алғанына, жаппай тұтқындауға қарамастан, бірнеше күн бойына бүкіл Қазақстанда бір жерде ашық, бір жерде жасырын түрде халықтың еркі мен мұң-қайғысын жанына жалау етіп, республиканың дербестігіне, еркіндігіне және тәуелсіздігіне қол жеткізу жолындағы күресті жалғастыра берді. Олар денсаулығын, болашағын, тіпті өмірін де құрбандыққа шалды. Сол кездегі қыздарымыздың ерлігі мен батырлығы аңызға айналды. Бұл жөнінде Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев: «1986 жылғы Желтоқсан оқиғалары қазақ жастарының сана-сезімінің қаншалықты өскендігін көрсетті. Олар жүз жылға жуық уақыт бойы халықты казармалық тәртіпте ұстап келген тоталитарлық жүйенің алдында бірінші болып айылдарын жиған жоқ. Жастар бұдан әрі кез келген ұлтқа тән ұлттық мақтаныш сезімін қорлауға жол бермейтінін өз халқының атынан ашық мәлімдеді» - деп баға берген еді.[4] Сондықтан да оларды орынды мақтаныш ете білейік, кейінгі өскелең буынға үлгі-өнеге етейік.Сондай-ақ, қазақ зиялыларының да ең басты ізгі мақсаты-халқына қызмет ету мақсатын «Алаш» жетекшілерінің бірі Міржақып Дулатұлы Бутырск түрмесінен жазған хатында былай деп айқын баяндаған: «...Мен өзімнің құлдыққа түсіріліп, езгіге салынған бейшара халқымның осы құлдық жағдайдан шығуды өз борышым деп санадым... саяси саладағы оқиғаларды дер кезінде болжай алмадым деп санаймын, ал қазір Кеңес өкіметіне қарсы күрес деп отырғанның бәрі менің қазақ ұлтын дербес, тәуелсіз, бақытты жағдайда көргім келген тілегім ғана».[3] Желтоқсан құрбандарының да ойы осы болғанына сенуге міндеттіміз. Халқының  қайғысына қабырғасы қайысқан, тіпті,  сол үшін денсаулығында  нашарлатып, талай күн мен  түнді ұйқысыз  өткізген Мұхтар Шахановтың өмірі мен  халық келешегі үшін аянбай жұмыс  жасап, тер төккен қаламының ұшынан найзағайдың шоғындай үлкен намыстың, қажымас қайраттың, тарих қойнауындағы алтын әріптердің ізімен қалған оқиғалардың көрінісін көреміз. Оны тереңірек ұғыну үшін ел ағасы Мұхтар Шахановтың «Желтоқсан эпопеясы» атты деректі романына көз жүгіртуіміз керек.

Сонымен, Желтоқсан оқиғасы – азапты тарихымыздың ашуға толы ақтық беті, азат тарихымыздың арман мен айбынға толы алғашқы беті. Желтоқсан оқиғасын баяғы ата-бабаларымыздан бермен қарай арман болып көкейкесті болып келе жатқан барша мұраттарымызға жеткізер жарқын бетбұрыстың жойқын беташары деп бағаласа да болады.[2] Ендігі міндет – Желтоқсан жол салып берген жаңару мен жаңаша даму үдерістерін баянды ету, барынша өрістету. Саяси-әлеуметтік, қоғамдық тұрғыда сындарлы мемлекет болу. Желтоқсан рухы бізді осыған шақырады. Желтоқсан ұлылығын жете ұғына отырып, ортақ Отанымыз – қазақ байтағының болашағы үшін бірлік, берекемен еңбек ете беруге, тер төге беруге үндейді. Ендеше, азаттық туын асқақ ұстайық, Тәуелсіздік тұғырын бекемдей түсейік. Тәуелсіздігіміз мәңгі, баянды болсын!


























Пайдаланылған әдебиеттер тізімі



1.Есенғали Раушанов «Желтоқсаның келді» өлеңдер жинағы

2.Жомарт Оспан «Ұлттық рух» 2011 жыл

3.Қазақстан тарихы 3 том Алматы, 2002 жыл

4. Н.Ә. Назарбаев: «1986 жылғы Желтоқсан оқиғалары» баяндамасы



Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!