Материалдар / ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ДАРА ПЕРЗЕНТІ Ы.АЛТЫНСАРИН ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ДАРА ПЕРЗЕНТІ Ы.АЛТЫНСАРИН ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ

Материал туралы қысқаша түсінік
Қазақ тарихына Ыбырай Алтынсарин көрнекті ағартушы, педагог, ақын, қоғам қайраткері ретінде енді. Өйткені, ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин қазақ даласын оқу-білімге, ілімді үйренуге шақырып, соған өзі ұйытқы болып, Қазақ даласында бірнеше мектептер ашқан, дүниедегі байлық та, мал да, бақыт та тек оқу екенін өсиет еткен.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
01 Наурыз 2022
235
0 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ДАРА ПЕРЗЕНТІ Ы.АЛТЫНСАРИН ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ



Жумабаева Меруерт Саттархановна

29 Ә.Молдағұлова атындағы ЖОББМ

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Шымкент қаласы



Қазақ тарихына Ыбырай Алтынсарин көрнекті ағартушы, педагог, ақын, қоғам қайраткері ретінде енді. Өйткені, ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин қазақ даласын оқу-білімге, ілімді үйренуге шақырып, соған өзі ұйытқы болып, Қазақ даласында бірнеше мектептер ашқан, дүниедегі байлық та, мал да, бақыт та тек оқу екенін өсиет еткен.

Ағартушының «Қазақ хрестоматиясы», «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» еңбектеріндегі әрбір шығарманың композициялық түзілімі, сюжеті басқа қаламгерлерден ерекше. Шығармаларының тілі жеңіл, балалардың ұғымына ауыр тимейді, түсінікті, айқын жазылған және тәрбиелік мәні зор еңбектер. Сондықтан да, әлі күнге дейін көтерген тақырыбы жағынан мазмұнын жоймаған шығармалар ретінде бүгінгі күнгі оқулықтарымыздың бетінен түскен жоқ. Мұның өзі ағартушының алысты болжай білетін ғалым-ұстаз екенін аңғартады. Ағартушы өнер мен білімге қолы жеткен халықтың экономикалық озықтығын әр шығармасында көрсетеді және оларды өз оқушысының ұғымындағы түсініктер арқылы береді. Ыбырай қоғамның ертеңгі ұрпағы – жастарға әр уақытта да зор сеніммен қарады, олардың тамаша келешегіне сеніп, ғылым мен техниканың жаңалықтарын қазақ даласына осы жастар ғана жая алады деп сенді. Ұлт ұстазы жастарға ұрлық, әділетсіздік жасап күн көргеннен гөрі, шындықпен өлгеннің өзі артық, «қорек тап бейнеттен де», яғни, «еңбек ет те тамақ тап, еңбексіз еш адамға телмірме» – дейді. Оның тәрбиелік мәнде ұсынып отырған бұл сияқты ой-пікірлерінен ағартушының жалпы адамгершілік идеяларының қаншалықты жоғары және шынайы дәрежеде болғанын байқау қиын емес. Ы.Алтынсариннің мазмұнды да мағыналы әсем лирикалық өлеңдері, қысқа да әсерлі әңгімелері қазақ әдебиетінің тарихында өшпес орын алады. Ыбырайдың әдеби еңбектерінің жинағы «Қазақ хрестоматиясы» (1879) ағартушылық мақсатта жазған әйгілі екі өлеңмен ашылады. Ақын бұл өлеңдерді өз кезінде «Сөз басы» деген атпен алған. Оқушылармен жүргізілетін тәрбиелік жұмыстар барысында, сабақ барысында «Кел, балалар, оқылық», «Өнер – білім бар жұрттар» өлеңдерінің маңызы жоғары. Ол халық ағарту ісіне арнаған әдеби туындыларында оқу – білімді насихаттаудың ұтымды әдісінің қажеттігін көрсетті. Оқу білімнен кенже тұрған халық үшін ғылым мен техниканың жетістіктерін насихаттай алатын қысқа көлемдегі поэтикалық шығармалардың айрықша ұтымды екенін, әсерін терең сезінді, сенді. Қазақ жастарын білім алуға мәдениеттің жаңа дәстүрлерін игеруге, бойға сіңіруге шақырды.

Ыбырай шығармаларының әлеуметтік мазмұны мен идеялық бағытына көңіл бөлсек, даусыз бір мәселені байқаймыз. Ол – ағартушының әдебиетті қоғамдық құбылыс ретінде бағалай білуі. Ыбырайдың әңгімелері мен өлеңдері аз да болса, тікелей өмір мәселелерін суреттеуге арналған. Сол кездегі көптеген ақындардың шығармаларына тән діни уағыздаулар, қоғамнан, халық тілегінен тыс мәселелерге бос қиял мен үмітсіздікке, дәрменсіздікке бой ұру, дараланушылыққа салыну, өмірден торығу т. б. Ыбырай шығармалары үшін мүлде жат құбылыстар. Әдебиетімізде бұған дейін оқу-білім, өнерге бірыңғай шақыратын жырлардың жоқтығын ескерсек, «Кел, балалар, оқылық» өлеңінің мән-маңызы ашылып айқындала түседі. Ыбырайдың «Өнер-білім бар жұрттар» атты өлеңі де бастан аяқ тың мазмұнды, жаңа сипатты шығарма. Ыбырай мұнда қазақ балалары түгіл, ересектердің ұғымында жоқ техника тетіктері мен құрал-жабдықтарының іс-әрекет, қозғалысы мен адамға көрсетер қызметін суреттейді. Шынында, құлақ естіп, көз көрмеген паровоз, пароход, радио, телеграф, телефон, газ, электр, самолет, т. б. секілді техника құрал-жабдықтарының қызмет-көмегі жас балалар үшін тек қиялдағы дүние секілді болатын-ды. Сондықтан бұларды қазақ балаларына айтып түсіндіру талабында ол ел өмірінде бұрыннан бар жұмбақтау тәсілін ұстанады. Алтынсарин оқушылардың білімді адам болғандағы мақсат, міндеттері өз халқының бір керегіне асу, оның прогрестік жолмен ілгерілеуіне жетекшілік жасау, мәдениет жағынан салыстырғанда, басқалардан бірнеше ғасырлық кейін қалған өз елін, «тастан сарай салдырып, айшылық алыс жолдардан, көзіңді ашып-жұмғанша жылдам хабар алдыратын» елдердің қатарына жеткізу деп білді. Автор сол таныс емес техника заттарының іс-әрекеттерін алдымен өз өмірімізде бар нәрселермен теңеу арқылы ұғындырмақ болады.

Ағартушы-ақын тағы енді бір топ өлеңдерінде мазмұн мен түрдің бірлігіне мән беріп қана қоймай, оның көркемдік сипаттарына да зер салады. Мұнда да ол оқушының ынта-ықыласы мен ойлау-қабылдау ерекшеліктерін естен шығармайды. Айталық, «Береке кеткен елдерде» деген өлеңімен бұрын бірге басылып келген «Бұл кім?» атты қысқа ғана жыр, бастан-аяқ жұмбақ түрінде жазылған. Сондағы «Түн ұйқысын төрт бөліп, Түнде бесік таянған» деген жолдар болмаса, қалғанынан сөздің Ана туралы екенін білудің өзі қиын. Алайда, Ыбырай пікір салмағы түсетін соңғы тармақтарға аяулы ананың баланы өсірудегі теңдесі жоқ еңбегін, мейірім-махаббатын шебер сыйғызып асқақ жырлайды. Бұл өлең өзінің құрылысы жағынан халық ауыз әдебиетіндегі бесік жырларымен үндес болып келсе де, танымдық, көркемдік сипаттары тұрғысынан терең мағыналы дүние екені айқын аңғарылады. Дәл осындай ерекшелікті «Балғожа бидің баласына жазған хаты» атты жырдан да көруге болады. Автор мұнда да қарапайымдылық пен бейнелілікті, бұлтартпас уәж бен қисынды, шешендік тапқырлықты назарда тұтып, оның әсерлілігін арттыра түсу үшін өлең түрін Сәлем хат үлгісінде құрады. Ыбырай халықтың, ғасырлар бойғы кәсіп-тіршілігіне қалыптасқан еңбек пен ойын туралы ұғым-түсініктеріне де енді жаңаша қараудың қажеттігін айтады. Мәселен, «Доп ойнаған тозар, асық ойнаған азар, бәрінен де қой бағып көтен-мойын жеген озар» деген мәтел бізде мал бағу шаруашылығына сәйкес ертеден сіңіскен. Дегенмен, Ыбырай бұл түсінікті өнер-білім өрлеген заманда бүгінгі талапқа сай ұғыну қажет екенін, егер олай түсінбесек оның заман талабына толық жауап бермейтінін білдіріп, бүкіл болашақтың өнер-ғылымда қалғанын, оны еркін игермей ата-ананы асыраудың да мүмкін еместігін жария етеді. Ағартушының дидактикалық жырларынан дараланып оқшау тұратыны «Әй, жігіттер» деп аталады. Мұнда ол ел бірлігі мен татулық, үй ішіндегі сыйластық пен жар таңдау мәселесін сөз ете отырып, халқымыздың өнер-білімнен артта қалуына басты себеп болып келген надандықты сын садағына алады. Ы. Алтынсариннің шын мәніндегі жаңашыл ағартушы-ақын екенін танытатын шығармалары – «Жаз» және «Өзен» дейтін өлеңдері. Бұларда ол тұңғыш рет бірыңғай табиғат сипаттамаларын беріп, бұрын-соңды болмаған жаңа дәстүрдің туып орнығуына жол салды. Осы тыңнан туған үрдіске орыс әдебиеті классиктерінің тікелей әсер-ықпалы болғанын да атап айтқан жөн. Ақынның «Жаз» атты өлеңінің «Сәуірде көтерілер рақмет туы» деп басталуында да мән бар сияқты. Мұнда Ыбырай Жаңа жыл басы – көктем айларының ел жайлауға көшкен бір мезетін әдейі бөліп алып суреттеген. Мал баққан көшпелі халық үшін бұл кезең аса қуанышты екені түсінікті. «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілген» тұсында келетін сол айларда мал төлдеп, жұрт аққа кенеледі. Күн қызуынан жер де буланып, көк шығып, гүл-бәйшешекпен құлпыра түседі. Ақын мұның бәрін Күн мен Жердің мейірім-шапағатынан деп, оларды ата-ана кейпінде алып суреттейді. Ал қызыл-жасыл гүлдерді албұртқан жас балаға теңейді. Ыбырайдың мұнартқан сағымды күліп қол бұлғаған кісіге балауы да тағылымдық тұрғыдан мейлінше сәтті шыққан. Бұл орайда ақынның табиғат көріністерін адам өмірімен байланыстыра бейнелеуі, табиғаттың әсем де сұлу сипаттамаларын өмір шындығымен астастыра беруі де тың бастама, сәтті қадам болған. Халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, оларды жүйелеп, жариялауға да Алтынсарин аз еңбек сіңірген жоқ.

Ы. Алтынсарин баланы жас шағынан еңбекке баулудың қажеттігі туралы көп жазған. Сондай әңгімелерінің бірінің мазмұны мынадай. Бір жас бала жер бетіндегі тіршілік иелерінің іс-әрекеттеріне таңданып, «бұлар не істеп жүр?» деп сұрайды. Сонда үлкен кісі, шырағым, бұл кішкентай жәндіктердің ісі, еңбегі саған ғибрат: өрмекші маса, шыбынға тұзақ құрып жүр – ұстап алған соң оны өзіне азық етеді; құмырсқа бала-шағаларына тамақ тасып, тапқанын өзі жемей, аузына тістеп қуанғаннан ініне жүгіріп қайтып барады, қарлығаш балапандарына ұя салуға шөп жинап жүр. Міне, көрдің бе, жұмыссыз жүрген бір жан жоқ. Бәрі де жұмыс істеп жүр. Сен де ертеден кешке дейін босқа жүріп уақытыңды босқа жіберме. Еңбек етуге әдеттен. «Еңбек етсең – емерсің»! «Байлық неде?» деген тағы бір әңгімесінде кедей кісінің сұрағына ғалым мынадай жауап береді. Қанағат ете білсең, еңбек қылсаң – байлық сол. Малы көп болса да қанағаты жоқ кісі байлыққа жеттім деп айтпайды, ешуақытта тоймайды. Малы аз да болса, соған қанағат ете білсе, біреуді алдап жемесе, біреудің еңбегінен пайдаланбаса, мұндай адамның көңілі жай болады. Соның үшін байлық – қанағат пен адал еңбекте. Ұлағатты ұстаздың «Аурудан аяған күштірек», «Асыл шөп», «Малды пайдаға жарату» атты этноәлеуметтік мәндегі әңгімелері қайырымдылық пен бауырмалдық, сабырлылық пен шы- Қазақ философиясы тарихы (ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін) 118 дамдылық секілді ізгі қасиеттерді тәрбиелеуге арналған. Ыбырай мұнда балалар ұғымын ескеріп, оқиғаның қысқа қайырылып, мысал, жұмбақ іспеттес етіп кұрылуына мән береді. Сол арқылы шәкірттердің зейін-ықыласын арттырумен қатар, олардың ойлау қабілетін жетілдіруге зер салады. Ыбырайдың «Шеше мен бала», «Жан-жануарлардың дауласқаны», «Баланың айласы», «Надандық», т. б. әңгімелерінде де ұлтымыз танымына тән, этноәлеуметтік мәселелер сөз болады. Автор «Шеше мен бала» әңгімесінде ойлы да ұтқыр диалогты кең қолдану жолымен мейірімділік және қайырымдылықтың не екенін әсерлі етіп суреттеген. Шешесі қызынан өзі берген теңгені қайда жұмсағанын сұрағанда, ол «бір тентек балаға бердім» дейді. Ал шын мәнінде қызы қолындағы ақшасын ол балаға «тентектігіңді қой» деп бермейді, оның қолындағы қор болған құсты босату үшін береді. Тіпті, қанша алатынын да сұрамай, барлық ақшасын түгел бере салады. Бұған шешесі: «Көбірек жақсылық етуге шамам келсін десең, әр нәрсеге күтімді болу керек, құстың бәсін сұрап, кемге бермеймін десе, сонда ақшаңның бәрін беру керек еді. Қызым, жақсы іс етіпсің, мінекей саған тағы теңге... Осындай рақымды бол, саған мұның үшін құдай рақым етер» – дейді. Қазақта «судың да сұрауы» бар дейді. Бұл жерде әңгіме сараңдықта, немесе, мырзалықта емес. Бұрын да, қазір де кез-келген нәрсенің өзіндік құны болатындығында. Ендеше оның хақын сұрау айып емес. Ұстаздың бұл еңбегінің бүгінгі күн үшін де маңызы зор. Өйткені нарық – әр нәрсенің парқын біліп жасауды талап етеді. Қазіргі уақытта қазақ қоғамы үшін адал еңбек ету, әсіресе жас ұрпақтың жалқаулық, ұрлық, сыбайлас жемқорлық сияқты келеңсіздіктерден аулақ болғаны мемлекетіміздің жарқын болашағы үшін қажеттілік.

Жан-жақты талант иесі Ыбырай Алтынсариннің есімі қашанда уақыт сынынан мүдірмей өтіп, өз халқымен бірге жасасып келеді. Оның өмірі өз Отанын шексіз сүйіп, оған бүкіл жан-тәнімен қызмет етудің тамаша үлгілерінің бірі болып табылады.



Әдебиеттер тізімі:

1. «Ыбырай Алтынсарин және оның достары мен ізбасарлары». (Тарихи очерктер). Әсет Ламашев. Алматы: «Қазақстан», 1998

2. «Кел, балар, оқылық». Ыбырай Алтынсарин. Алматы: «Атамұра», 2006

3. «Ыбырай Аалтынсарин тағлымы» (әдеби – сын мақалалар мен зерттеулер). Мұхамедхарым Жармұхамедов. Алматы: «Жазушы», 1991

4. «Таңдамалы шығармалар» Ыбырай Алтынсарин. Алматы, 1955

5. «Педагогика» Ж. Әбиев, С. Бабаев, А. Құдияров Алматы: «Дарын», 2004

6. «Ыбырай Алтынсаринн шығармаларының тілі». С. Хасанова . Алматы, 1972

Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!