Материалдар / Ыбырай Алтынсарин
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Ыбырай Алтынсарин

Материал туралы қысқаша түсінік
Ыбырай Алтынсарин өз халқына, оның жас буынын оқу- өнерге, еңбекке баулуда, олардың бойындағы асыл қасиеттерін жетілдіріп, ұнамсыз жақтарынан жирендіруде қаншама еңбек етті
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
08 Қазан 2020
350
0 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Баяндама

ХІХ ғасырдағы қазақ тарихы мен мәдениетіндегі Ыбырай Алтынсарин

феномені

Ұлы қоғам қайраткерлері халық өмірінің елеулі бір бет бұрысында тарих сахнасына шығады. Шоқан, Ыбырай, Абайды туғызған дәуір де сондай бір тарихи кезең еді, яғни олар өмір сүрген ХІХ ғасырдың екінші жартысы қазақ халқының Россияға қосылу процесінің толықтай аяқталып, оның Россия арқылы баяу да болса капиталистік дамудың жолына түсе бастаған шағы еді. Ұлы орыс халқының прогрестік мәдениетінен сусындаған осы үш адам өз халқының болашағы үшін елден ерек орасан зор қызмет етті.

Ыбырай Алтынсарин өз халқына, оның жас буынын оқу- өнерге, еңбекке баулуда, олардың бойындағы асыл қасиеттерін жетілдіріп, ұнамсыз жақтарынан жирендіруде қаншама еңбек етті десеңізші?! Ұлы ағартушының бар саналы өмірі тек осыған арналды деуге болады. Ол қазақ балалары үшін мектеп ашсын не оқулық құрал жазсын, орыс классиктерін аударсын не өзі өлең шығарсын, мейлі, бәрі бір мақсатқа – өз халқын ағарту ісіне арнады. Алайда Ыбырайдың барлық мұралары әлі жиналып біткен жоқ.

1879 жыл ұлы ағартушы өміріндегі ең бір елеулі жыл болса керек. Өйткені бұл жылы көп жылғы еңбегінің жемісі «Қырғыз хрестоматиясы» атты алғашқы кітабы жарық көрсе, өзі Торғай облыстық мектептері инспекторы деген қызметке тағайындалады. Осы жылы оның «Қазақтарға орыс тілін оқытудың бастауыш құралы » деген әдістемелік құралы да Орынборда басылып шығады. Осы кітаптың басылуымен байланысты архивте мынадай деректер сақталыпты.

Ыбырайдың осы аталған кітапты шығаруға қанша қаражат қажет екенін айтуды өтініп сұраған хатына Орынбордағы баспахана қожасы Ефимовский- Мировецкийдің 19/ ХІ- 1879 жылы жазған жауап хаты сақталған. Онда аталған кітапты 2000 дана басып шығару үшін 345 сом ақша қажеттігі айтылған. Осы соманы генерал- губернаторкеңесінің есебінен төлеуге рұқсат берген Н. А. Кржижановскийдің бұйрығы да (23 ХІ-1879 жыл) сақталған. Сөйтіп Ыбырайдың бір жылда екі кітабы қатар жарық көрген.

Дәл осы жылы Ыбырай Алтынсарин қазақ тілінде газет шығару жөнінде де жергілікті патша әкімшілік орындары алдына ұсыныс жасаған. Болашақ газеттің үлгісі ретінде оның бірінші номерінің макетін өз қолымен жазған. Газет қазақ және орыс тілдерінде 45х35 см көлемінде 8 беттік болып жоспарланған, алғашқы 4 беті қазақша, соңғы 4 беті- соның орысша аудармасы.Газеттің аты «Қазақ газеті» деп аталыпты. Газеттің атынан кейін «1880 жыл. Ақпан айы. Бірінші жыл»- деп жазылыпты.

Осы газет үлгісін ішкі істер министріне жібере отырып, Орынбор генерал-губернаторы Н. А. Крижижановский өзінің 1879 жылғы 11 желтоқсандағыхатында орыс графикасымен ана тіліндеосы үлгімен газет шығару қазақ арасында сауаттылықты арттырып, халық ағарту ісін жолға қоюда көп пайда келтірер еді және үкімет ойлаған шаралардың халыққа тез жетуіне көмектесереді деп көрсеткен. Газет шығарумен байланысты баспахана ашудың қажеттігі, ол үшін жылына 4 мың сом қаражат қаралуы керек екенін ескертеді.

Бұл хатқа Ішкі істер министрлігінің кесесі 1880 жылғы 28 майда

« Господин Министр внутренных дел не изволил изъявит согласие на издание проектированной Вамигазеты для киргизскихстепей» деп жауап берген.

Сөйтіп қазақша газет шығару жөніндегі Ыбырайдың талабын не себеппен болса да жоғарғы үкімет орындары қабылдамаған.

Енді аталған газеттің мазмұны мен тіліне қысқаша тоқтала кетейік.

Газет 4 бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімнің рубрикасы « Бас әкімдер жағынан шыққан хабарлар» деп аталған. Мұнда бас мақала есепті қазақ халқына арналып жазылған үндеу- өсиет бар. Бұл мақаланың негізгі түйіні- Ыбырайдың өзінің ағартушылық идеясынан туындайды. Бұдан біз ұлы ағартушының өз халқының болашағына деген үлкен қамқорлығы мен жанашырлығын тағы бір айқын көргендей боламыз. Ол мақаланың мазмұны мынадай: «Өнерлі өрге жүзеді» деген бұрынғылардан қалған сөз бар екен. Бұл күнде бақ та, дәулет те, күш те сол мақалды ұмытпай ескерген жұрттарда. Қазақ халқы көшіп- қонып, шаруалық қылып, болашақ күнді ойламай бейпіл жүріп, бұл күнде бөтен қатар жұрттардан әр бір ісі кемге соғып жүр. Қазақтан бөтен ақ патшаға қарап тұрған жұрттардың қай- қайсысы да болса, еш болмаса өз мұңын, арызын өзі айта біледі, болмаса қағазбен жазып көрсететін адамдары бар. Біз жұмысты болсақ, бір білер- білмес кісіні алдымызға саламыз, қараңғы кісіге тек орысша тіл білгеннің бәрі де зор білімді кісі реуішті көрінеді, не болмаса біреумен барып, ісіміздің мәнісін айтып, ақылдасамыз. Ол ақылдасқан кісі арызымыздың заңға сыймайтын жері болса тура мұнан еш нәрсе өнбес , әуре болма деп айтпайды, ой, ісіңді түзеуге тек арыз берсең болады дейді. Сонан соң бір- екі , үш қараның бұлын беріп, әлгі кісіге арыз жаздырамыз. Бірақ ол арыздан ештеме тағы болмайды, себебі сол: не арызымыз әуел бастан – ақ орынды емес, не болмаса әлгі арыз жазған ақылшымыздың өзі адам сөзіне қанша түсінерлік шамасы болса, оның да заң түсіну шамасы сонша, оның ниеті тек біздің ақшамызды алдап алмақ еді. Осындай кемшіліктен қара халық түгіл, біздің бас адамдарымыз да азат емес. Біздің болыс, ауылнайларымыз қызмет істерін жазып беріп тұруға орыстан песір жалдайды, бір түлік малдың бұлын беріп, ол песірлер көбісінше іс мәнісін білмегендіктен , ауылнай- болыстар әкімдерден ұятқа қалып, әуре болып жүргені.

Қос, бұл күнде заманымызға қарай, мұқтаждық жылдан жылға үйретіп келеді қыс күні үйдің пайдалыекендігін. Ал, үй салуға кірісейік десек, қазақтың өзінен жөнді терезе, пеш, есік жасайтын, жөнді үй салатын бір адамымыз жоқ. Өнердің ең жаманы ағаш табақ, аяқ, күрек, балта, төрт аяқ арба болса, соларды да өзіміз істей алмай, базардан сатып аламыз. Малымыз бізге есепсіз көп май, жүн, тері береді, олардан өзіміз ешбір нәрсе істей алмай, терімізді 30 тиыннан 3 теңгеге шейін, майымызды 2-3 теңгеден сатамыз. Кент жұрты дереу былғары істеп, өзімізге 2-10 теңгеге шейін қайта сатады, майдан шам құйып, бұтын 5-6 теңгеден сатады. Тіпті жерден илеп, кім болса сол істеп жатқан кірпішті өзіміз істей алмай, керек болса не казак- орыстан, не естек, не ноғайдан аламыз. Осылардың бәрі де оқып, үйреніп байқасақ, кез келген қазақ істейтін нәрселер, бірақ білім жоқ надан болған соң, бізге бәрі де қиын көрінеді.

Атығай Қошан ақынның бір мұңшылық сөзі есімнен кетпейді. Ол мынау жаңа штат ашылған соң, уездің мекемесіне арызға барып, соның турасында айтыпты:

« Уезде бір қазақ бар помощнек

Ол дағы іс ете алмайды басып- көктеп,

Арызды айтар кісің уезнай

Күн қайда айтатұғын сөзіңді ептеп;

Сөзіңе қанша айтсаң да түспеген соң,

Песірлер қуалайды пошол- кет деп...

Барар жер, басар тауың болмаған соң,

Қақпадан кете алмайсың төгеректеп,

Бірауыз тым болмаса тіл білмейсің

Өлдің ғой біздің қазақ тентіректеп...»

Міне, қазақтың осындай күйде екендігін аңғарып, жаңа біздің жұрт тумысында зерек, ақылды халық екендігін ескеріп, бұл құдайдың берген білімі зая кетпес үшін,бас әкімдеріміз қазаққа орысша жазу, тіл және әр түрлі өнер үйрететін әр уезге бір жақсы медіресе салдырғалы жатыр деп есітеміз. Әр медреседе жүзге шейін бала оқуға болады дейді. Құдай бұйырып, бұл хабар тек расқа шықса еді. Рас болғандай болса, бұрынғылардың айтып кеткен үгіттерін ұмытпасқа керек. « Темірді қызғанда соқ» және « Тентек ақылы түстен кейін енеді» деген. Әуелгі ақылдың керегі сол- әкімдердің осындай жақсы талабының үстінде кейінгі жастарға білім- өнер үйреттіріп, пайдаланыпқалу керек, біздің халықты жақсылыққа түсінбейтін халық екен деп таулары қайтып қалмасын. Екінші сол- уақытымен осындай істен пайдалана алмай, артынан өкініп жүрмелік. Осы бұрынғылардың ақылын орнына келтірсек, кім біледі, манағы мақал қалыбынша, біздің арамыздан да «Өрге жүзетін» адамдар табылар».

Міне, Ыбырай бұл мақаласында өз халқының кемшілік жақтарын айқын дәлелдермен көрсетс отырып, оның себебін ашып, бұл кемшіліктерден құтылар жол- жастарды мектепке беріп, оқу оқыту екенін көрсетеді, соған шақырады.

Осы бөлімде ел ішіндегі ұрлықты тоқтату үшін алынатын шаралар мен облыстық әскери губернатордың елді аралауы туралы ресми хабарлар жазылған. Сондай- ақ жаңадан сайланған волостной управительдер мен наградталған адамдар туралы хабарлар бар.

ІІ бөлімде « Ел ішіндегі хабарлар» деген рубрикамен елде болған өрт, мал ауруы және ауа райы туралы қысқа- қысқа хабарлар мен Орынбор маңайындағы малдың, басқа да товарлардың бағасы қандай екендігі жазылыпты.

ІІІ бөлім шет жұрттардан келген хабарларға арналған. Мұнда Англия мен ауғаныстан арасындағы қақтығыс, қазақ жеріне тыныштық бермей тұрған түрікпендерді тәртіпке шақыру үшін Амудария генерал- губернаторының өз әскерімен солай қарай кеткені жазылыпты.

Ал газеттің 4- бетінің астыңғы подвалы « Таңсық әңгімелер» деген рубрикамен түгелдей « Жиренше шешен туралы» әңгімеге арналыпты. Мұның « Қырғыз хрестоматиясына» кірген вариантынан біраз өзгешеліктері бар.

Енді бірер сөз газеттің тілі жайында болмақ.

Ең алдымен, газет қазақша жазылып, содан кейін орысшаға аударылғанға ұқсайды. Өйткені қазақша мәтіндердің тілі жатық, өте жүйелі және қазақтың мәнерлі көркемдеуіш сөздеріне толы. Газет таза орыс графикасының өзімен жазылғандықтан, кейбір сөздердің оқылуында қиындықтар кездеседі, дегенмен аңғарып оқыған адам тез оқып кете алады. Қазақ тілінің өзіндік дыбыстары орыс алфавитіндегі әріптерге қосымша жүктелген. Мәселен,к әрпі қазақтағы әрі к- ні, әрі қ- ны білдірсе, г әрпі әріг-ні, әрі ғ- ны білдірген і,и дыбыстары бір- ақ и әрпімен, ы және жуан и да бір- ақы әрпімен таңбаланған. Ң дыбысы и мен г таңбаларының қосындысы арқылыберілген. Алұ,ү,ө дыбыстары үшін әдейі таңба алынбай, олардың бәрі у таңбасымен жазылған. Сол сияқты е дыбысы а әрпімен берілген, сөз басындағые дыбысыорнына неге екені белгісіз э таңбасы алыныпты. Сөздің жіңішкелігін білдіру мақсатында кейде жіңішкелік белгісі (ь) қолданылған. Мысалы эль (ел), бзь (біз), тль (тіл) т.с.с. Газетте тыныс белгілері бірсыпыра дұрыс қойылған. Бірақ көп жағдайда жалғау мен шылау ажыратылмай, екеуі де өзінің алдындағы байланысты сөзімен бірге жазылған. Дәстүр бойынша Х әрпімен жазылып келе жатқан хан, хабар, халық деген сөздер газетте ауызша айтылуынша қан, қабар, қалық болып жазылған.

Атап айтатын жайт- газет мәтінінің лексикалық жағынан тазалығы. Мұнда оқымаған қазақ түсінбейтіндей сөздер жоқ деуге болады. Әкімшілік хабарлары жазылған ресми бөлімде ғана бірен- саран орыс әкімшілік терминдерікездеседі, олар да, көбінесе, қазақтың байырғы айту формасында жазылып берілген ( персір, болыс, аулнай, нагрет,мұнанай) . Бұлардан өзге бірнеше сөз атап айтқанда, штат, уезд, помощник, приговор, волостной управитель, областное правление, чрезвычайный съезд, орысша айтылуынша жазылыпты, өйткені бұл сөздер ол кезде халық арасында әбден сіңісті болмаған сөздер болса керек. Сондықтан олардың орысша транскрипциялануы сақталған. Араб- парсы сөздерін қолданғанда, олардың бұрыннан халыққа түсінікті болып кеткендерін ғана қолданған. Мысалы: әкім ( қызмет адамдары), кент ( қала), мекеме ( канцелярия), медіресе (оқу орны) , т.с.с. Газет материалдарындағы 2-3 сөздің ғана жай халыққа түпкі мағынасы түсінікті болмауы мүмкін. Оның бірі- киная. Бұл сөздің негізі арабтың сөзі болса да, татар тілінде « астарлап сөйлеу» мағынасында жиі қолданылатын сөз, газеттегі беретін мағынасы да осыған жуық. (Шешен енді ойына бір нәрсе алып, тіке сөйлеуге үйдегі қарттан ұялып, кинаямен қызға қарап тізесін сипады.Әлгі кинаялардың мәнісі...). Осы сияқты кетқұдайшылық деген сөз де түсініксіз. Парсы тілінде сәудегер деген мағынада парсыша сөз бар екен, мүмкін мұның осы сөзден туындаған сөз болуы. «Хан Жиреншеден тәттіде не тәтті, қаттыда не қатты? деп сұрағанда , Жиренше тәттіде тұз, қаттыда кетқұдайшылық қатты» деп жауап береді. Сонда қаттыда саудагер қатты деген ұғым туады. Ол саудагер алушыны аямайды деген мағынада айтылды ма екен? Сұлу деген мағынада бір- ақ жерде гузель сөзін қолданыпты. Мысалы: Мен саған, дұрыс, жазықтымын; сендей гүзелді не киімге жарытпадым, не сый қонақтарың болса ұялмай сыйлайтын ауқат тауып бермедім.

Ыбырайдың жалпы басқа тілдерден сөз алуға қалай қарағанын байқауға мына жағдайғакөңіл аударуға болады. Ол Ильминскийге жазған бір хатында өзінің табиғи қазақ тілін бұзатын татаризмге о бастан қарсы екенін айта келіп, « Алайда, қазақ тілінде қажетті сөздерді таба алмағанда, қазақ жазбаларында кейбір парсы немесе араб сөздерін қабылдау бөтен болмайды. Менің өзім қазақша жазбаларымда оларды осындай ретте қолданамын» деп жазды.

Газет материалдарында қазақтың кейбір сөздері әкімшілік термині мағынасында қолданылған. Мысалы: елші (посол), жарандар (сотрудники), бұйрық (приказ), төре (господин), (жұрт) страна.

Енді бірқыдыру сөздер мен сөз тіркестерінің қолданысынан жергілікті ерекшелік сипатын аңғарамыз. Жоғарыда келтірілген бір мысалда ауқат сөзі « азық- түлік» «ас» мағынасында қолданылған болса, сол мағынада екінші бір жерде «мәзір» сөзі кездеседі. (Бұл мәзірім сіздерге қос көрініп, мен бейшара бүгүн екі есе бақытты болдым). Сол сияқты ер- ортаны болу (жігіт ағасы болу немесе жер ортасы жасқа келу), орнына келтіру(орындау), көрмісім жоқ(көргенім жоқ), сөйлес қылды (сөйлесу) тәріздісөз тіркестері бүгінгі әдеби тіл нормасынан тысқары жатқандықтан, бұларды жергілікті сөз қолданыс па деп топшылаймыз. Ал аңның ау, жауаптың жуап түрінде кездесуі- көне түркі тіліндік дәстүрдің салдары болса керек.

Ыбырай тілінде кездесетін бір фонетикалық ерекшелік - әдетте ш әрпі жазылатын патша, қош, ғашық деген сөздері патса, қос, асық түрінде жазу. Бұл- оның басқа да шығармаларында кезддесетін жайт.

Газет материалдарының граммматикалық құрылысынан қазіргі әдеби тілімізден бөлек тұрғанмен ерекшелік таба алмаймыз. Сол дәуірдегі қазақ жазбаларында кездесетін өзге тілдік жалғау, жұрнақ көмекші сөздер мұнда атымен жоқ. Қазақ тілінің өзіндік жұрнақтары да, көбінше, ауызша сөйлеу тілінде кездесетін формада ұшырайды. Мәселен, ыңғайластық жалғаулық және көмектес септігі қосымшасы қызметін атқаратын мен, бен, пен формасы газетте дәл осы нұсқаларда және бұған қосымша менен тұлғасында кездеседі. Қазіргі тіліміздегі сондықтан себеп- салдар жалғаулығы газетте соның үшін түрінде, сияқты көмекші сөзі реуішті түрінде ұшырайды.Бұл да – жергілікті сөз қолданыспен байланысты болса керек.

Қорыта айтқанда, Ыбырай жасаған бұл газет үлгісі- қазақ баспасөзі тарихынан белгілі орын алатын, сонымен қатар ұлттық жазба әдеби тіліміздің ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы жай- күйін танытатын бағалы құжат.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Ыбырай Алтынсарин тағылымы Алматы: " Жазушы", 1991

2. Ыбырай Алтынсарин " Кел, балалар , оқылық" Алматы: "Атамекен", 2016

3. Ыбырай Алтынсарин "Екі томдық шығармалар жинағы". Бірінші том Алматы " Қазықұрт", 2003

4."Қостанай таңы"газетінен "Ата мектеп" мақаласы, 10 қазан 2014 ж.

5."Қостанай таңы" газеті"Таза бұлақ тағылымы"мақаласы, 23 қыркүйек 2014 ж.

6.Қазақ әдебиеті оқулығы 9- сынып, Алматы"Мектеп, 2013 ж.

7. Қазақ әдебиеті оқулығы 10- сынып, Алматы "Мектеп", 2010ж.





Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!