АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ЖӘНЕ ЛАТЫН
ӘЛІПБИІ
Қостанай облысы әкімдігі
білім басқармасының
"Қостанай қаласы білім бөлімінің
№8 жалпы білім беретін мектебі" КММ
Қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімдері
Турсинбекова Айнаш
Орманбекқызы
Сакауова Айнұр
Серікқызы
Осыдан біраз бұрын қазақ әдебиетінің мүйізі қарағайдай
серілері мен ірілері Ұлы Ахаңды – Ахмет Байтұрсыновтың қазақ
әдебиеті мен тілінің қай саласын зерттеген ғалым екенін анықтай
алмай әлек болды. Оған себеп, бүгінде қазақ тілін зерттеуші
мамандар Ахмет Байтұрсыновтай дара тұлғаны тіл ғылымының –
лингивистика саласының маманы ретінде мақұл көреді. Бұл орынды да
шығар. Өйткені Ахмет Байтұрсыновтың қазақ тілін мектепте оқыту үшін
жасаған «Әліп-би», «Тіл құралы» тәрізді оқу құралдары мен тіл
ғылымындағы ізденістері күні бүгінге дейін маңыздылығын жоғалтпай
келе жатқаны анық. Мысалы, зат есім, сын есім, сан есім секілді 9
сөз табы әлі күнге дейін Ахаң жасап берген қалпынан айныған жоқ.
Басқаны былай қойғанда, оның 1926 жылы баспадан шыққан «Әдебиет
танытқыш» деген еңбегі – қазақ әдебиетіндегі ғана емес, бүкіл түрік
әлеміндегі әдебиет теориясының негізін салған тұңғыш та, дара
кітап. Ал әдебиетші-ғалымдар болса, Ахаңды шын мәнінде, қазақ
әдебиетін жан-жақты зерттеп, осы бағытта еңбек еткен ғалым деп
танығысы келеді. Сонда, Ахмет Байтұрсыновты қай ғылымға телиміз?
Әдебиетші һәм тілші қазақ ғалымдарын мазалап жүрген де міне, осы
сұрақ...
Ғалымдарды сан-саққа жүгіртіп, екі ұдай күйге түсіріп келген осынау
маңызды сауал-сұрақтың жауабын жақында алқалы басқосуда көрнекті
әдебиеттанушы ғалым Тұрсынбек Кәкішев нақты дәлелдермен анықтап
берді. Кәкішевтің пікірінше, қазақ мәдениеті мен тілін дамытуға
Ахметтей еңбек сіңірген, ондай ұлылықтың үлгісін танытқан адам жоқ.
Дегенмен қазіргі тілші-ғалымдардың оны өздеріне ыңғайлай беретіні
қисынсыз. – Рас, шындығы сол, қазіргі тіл білімі саласында
жүргендер Ахмет Байтұрсыновты лингивистикаға тарта береді. Мұндай
көзқарастан арылуымыз керек. Ахаң қазақ филологиясының негізін
қалаған адам. Оған әдебиет те, тіл ғылымы да кіреді. Сондықтан
Ахаңның өрісін тарылтпай оның атын мақтан етуіміз керек. Тіпті
бүгінгі күні жазушы-әдебиетшілер арасында Сәбит пен Сәкенді
өзгелерден бөле-жарып, қара күйе жағып қарайтын шала білімділер
бар. Олар Сәкендерді қазақ жеріне Кеңес өкіметін орнатқан басты
айыптылар деп таниды. Тіпті оларға одан өзге ешкім Кеңес өкіметінің
шаруасына араласпаған, оған еш қатысы жоқтай көрінеді. Шындығына
келгенде, Ахаң мен Сәкеннің арасындағы қатынас өте жақсы болған.
Сәкен өзінің «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген
тақырыппен 1923 жылғы ақпанның 18-де жариялаған мақаласында Ахаңның
ұлт үшін атқарып жатқан қызметі мен қазақты өркендету үшін жасап
жүрген шаруаларын айтқан еді. Ол сол үшін де «ұлтшыл» атанып,
бірнеше рет қудаланған болатын. Ал Сәбит Мұқанов 1932 жылы «ХХ
ғасырдағы қазақ әдебиеті» деген оқулық шығарған. Ол кезде Ахаңдар
айдалып, Беломорканалда жер қазып жүрген еді. Осы еңбегінде Сәбит
Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов,
Сұлтанмахмұт Торайғыров және Ғұмар Қарашты, тіпті сол кезде Алаш
қайраткері деп аталып жүрген Мұхтар Әуезовты де еңбегіне кіргізіп,
оларды осы заманның әдебиетін қалыптастырушы, ұлт қайраткерлері
ретінде көрсеткен болатын. Осының бәрін байыптай келгенде, Алашты
бір бөлек, «қазақты қайтсем де жеткізем» деп шырылдаған Кеңес
қайраткер- жазушыларын бір бөлек атау дұрыс емес. Бәрі де бір
қазақтың жоғын жоқтады, тек қана бірі демократиялық бағыт ұстанса,
бірі коммунистік жолмен жүрді. Оларды бір-бірінен бөліп қарауымыз
тарихи шындықты бұрмалағанымыз, тарихы бұрмаланған халық
адасушылыққа тап болады. Тарихи шындықты дұрыс көрсетпеген жағдайда
біз елді адастырамыз, – деді академик-ғалым Тұрсынбек Кәкішев.
Әдебиетші-ғалымның пікірінше, қазіргі күні латын әліпбиіне көшу
мәселесі күн тәртібінде тұр. – Біз бәрінен кешігіп жатырмыз.
Көршілес өзбектер мен әзірбайжандар әлдеқашан латын әліпбиіне көшіп
алды. Көштің соңында әдеттегідей, біз келеміз. Ең маңыздысы, егер
біз латынша жазсақ, онда әлемнің көптеген елдерінің тілін,
жазу-сызуын танитын боламыз. Себебі, бүгінде дүние жүзі
халықтарының 70 пайызы латын графикасын пайдаланады. Техниканың
тілі де латынша. Сондықтан да «егер әлемдік дамудан кеш қалмайық»
десек, онда тезірек латыншаға көшкеніміз дұрыс. Бұған қиналатын түк
те жоқ. Өйткені, Ахаңның, Ахмет Байтұрсыновтың араб алфавиті арқылы
жасалған 24 әріптен тұратын төте жазуы негізінде еш қиналмастан
латыншаға өтуімізге болады. Бұл екі әліпби бір-біріне жақын,
олардың үндестік заңы да және тағы басқа тіл заңдылықтары да өте
ұқсас, – деп Тұрсынбек Кәкішев өзінің ойындағы пікірін ашық айтты.
Демек, барлық іс – ел басқарып отырған
азаматтарда!
Ахмет
Байтұрсынов - қоғам кайраткері, ақын, әдебиеттанушы, лингвист,
аудармашы, публицист, ағартушы-ғалым, ұлт ұстазы.
1873 жылы, қаңтар айында Қостанай облысы, Жангелдин ауданы,
Сарытүбек деген жерде дүниеге келді. Әділетсіз орыс оязының
зорлығына қарсы тұрған әкесі Байтұрсынның 15 жылға Сібірге жер
аударылуы он үш жасар бала Ахметтің жүрегіне өшпестей жара
салады.
1886-1891
жылдары Торғай қаласындагы екі сыныптық мектепте, 1891-1895 жылдары
Орынбордагы мұғалімдер даярлайтын мектепте оқиды.
1895-1909 жылдары ұстаздықпен айналысып, бала
оқытады.
1905 жылы жер
меселесі, казақтың өз жерін өзіне кайтару жөнінде патшаның атына
хат жазушылардың бірі болады. Патша өкіметіне наразылығы үшін 1907,
1909 жылдары абақтыға қамалады. 1910 жылы қазақ жерінен қуғындалып,
Орынбор қаласына жер аударылады.
Халықтың
ой-санасын оятуға бар күшін, қаламгерлік қуатын салып, 1909 жылы
И.А.Крылов мысалдарын аударып, "Қырық мысал" жинағын шығарады.
Қазақ поэзиясына өзіндік жаңалық, ою-ернек әкелген "Маса" жинағы
А.Байтұрсыновтың ағартушылық, демократтық, гуманистік идеяларын
халыққа жеткізеді.
1913
жылдан 1917 жылға дейін М.Дулатовпен бірге "Қазақ" газетін
шығарады. Саяси бағыттағы мақалалары патша үкіметі орындарына
жақпаған басылымның редакторы ретінде А.Байтұрсынов бірнеше рет
түрмеге жабылады.
Патша
тақтан түскен соң Ахаң қазақ зиялыларымен бірігіп, ұлттық "Алаш"
партиясын құрады. Кеңес үкіметі орнаған соң А.Байтұрсынов Қазақстан
үкіметінің мүшесі, Халық ағарту Комиссариаты жанындағы ғылыми-әдеби
комиссияның төрағасы болып сайланады.
Орынбор,
Ташкент, Алматы қалаларындағы педагогикалык жоғарғы оқу орындарында
сабақ береді. Голощекиндік асыра сілтеу саясатына қарсы болғаны
үшін 1929, 1937 жылдары екі рет саяси репрессияға ілігіп, жазықсыз
атылды.
Өз кезеңі
үшін орны зор, мәні үлкен ұлттық баспасөз органы – «Қазақ»
газетінің (1913—1918) редакторы болған, «Айқап» журналының
(1911-1915) беттерінде ой-пікірлерін білдіріп отырған, қоғам
тағдырына үңіле білген А. Байтұрсынұлы публицистикасының өзіндік
орны бар. Өйткені публицистика дегеніміз- әлеуметтік көкейкесті
мәселелерді сөз етіп, қоғамдық ой-пікірге ықпал жасайтын әдебиет
жанры болса және ол көбіне-көп мерзімді баспасөзде көрінетін болса,
бұл екі шарттың А. Байтұрсынұлы публицистикасындағы орнын анықтап
беретіні рас.
Негізінен, А. Байтұрсынұлының публицистикасы көбінесе
мақалалар түрінде көрінеді. Ал очерк, фельетондар жоққа тән. 1911
жылы «Айқаптың» № 2 санында жарияланған «Қазақ өкпесі» деген
мақаласынан бастап, 1912-1914 жылдары «Қазақта», «Айқапта» өз
атымен немесе бас мақала етіп жариялаған «Оқу жайы», «Бастауыш
мектеп», «Қазақ жерін алу турасындағы низам», «Қазақ һәм 4-дума»,
«Жауап хат» (Жанша Сейдалин мырзаға), «Шаруа жайынан», «Досмайыл
қажыға ашық хат», «Бұл заманның соғысы», «Губернатор өзгерілуі»,
«Земство», «Басқосу турасында» т. б. мақалалары – мәселе қойылысы
мен әлеуметтік үні жағынан нағыз публицистикалық дүниелер.Мысалы,
«Қазақ өкпесі» деген мақаласын алып қарасақ, Ахмет Байтұрсынұлы
былай деп жазды:«Қамсыз жатқан қазақтың көңіліне соңғы кезде ғана
қайғы кіре бастады. Басқа келген нәубеттің қайдан келгенін, кімнен
басталғанын біле алмай, әркімнен көріп өкпеледі. Пайдаланып отырған
жерін мұжыққа алып берді деп хүкіметке өкпеледі. Қазақ жерін
қазыналық етуге көнген деп өткендерге өкпеледі…Өзге жұрттар ілгері
басқанда, қазақ кері басқан. Ханы надан, халқы надан жұрт мықты
мемлекеттің жанында өз алдына хан болып тұруға күш керек екен; ол
күш алтыбақан алауыз қазақта болмаған өз алдына жұрт болып тұра
алмайтын болған соң, Россияға қосылған. Қазақ жерінің қазыналық
болғанына өкіну – білмегендік. Әуелі қазыналық етемін дегенде
көнбеске шара жоқ. Екінші, жер өзінде болса, қазаққа пайдалы емес,
бәле болар еді…
Қазақтың естектен надандығы да,
жалқаулығы да кем емес…
Қазақтың әлі күнге
жерден қол үзбей отырғаны
– жер қазыналық болғандықтан…
Жер жалдаған қазақ
аз ба? Жерді жалдаудан тартынбағандар сатудан да
тартынбайды. Жер қазыналық болған соң сата алмады, жалдаудан
тартынып қалған қазақ аз шығар…
Талап жоқ, үміт мол бір
халықпыз…
Өзімізге өкпелемесек, өзгеге өкпелер
бет жоқ»- деп жазады ол. Осылайша қазақтың «жер, жер» деп жар
салғаны болмаса, сол жерді дұрыс пайдаланбай отырғанын айтып,
халыққа ой тастайды. «Қараған қарап қалар деп» хаты бар жерді
өңдеп, оның жемісін көруге, біреуге өкпелегенше қимылдап жан
сақтауға шақырады. Бұл мақала сол кездің өзекті мәселесін шешуге,
оның себеп-салдарын ашып көрсетуге деген үлкен ізденісті
көрсетеді.
Ал «Оқу жайы» мақаласында «Қазақша оқу
әлі бір белгілі тәртіпке келіп жеткен жоқ» кемшілігі есепсіз көп.
Қазақша оқу кітаптары жаңа ғана көрініп келеді, тәртіппен оқытарлық
мұғалімдер аз, оқу программасы жоқ, белгілі оқу жылы жоқ, салған
мектептері жоқ, мұғалімдерге арналған айлық ақы жоқ, қазақша оқуды
аймаққа бірдей жеткілікті етерлік жасалған өрнек жоқ, оқыту ғылымын
үйрететін даримұғаллимин (педучилище) жоқ. Орысша һәм қазақша
оқудың керегінше пайдасын көру үшін қазақ әуелі әр нәрсенің асылына
түсініп іс істерге керек. Хүкімет қазаққа қазақша мектеп салып
бермейді, қазақтың қазақша оқуын тіпті тілемейді. Сондықтан
мектептерімізді тәртіпке қою қазақша оқуды халыққа таратуды өз
міндетіміз – деп жазады. Яғни сол замандағы қазақ балаларын
оқытудың талапқа сай емес екенін айтып, қазақтың білім алуына
жағдайды өзіміз жасайық, ешкім біз үшін алаңдамайды деп, халыққа
үгіт тастайды. А. Байтұрсынұлы публицистикасында оқу, ағарту ісіне
ерекше назар аударған. Оған «Білім жарысы хақында», «Қазақша оқу
жайынан», «Орысша оқушылар», «Оқыту жайынан», «Мектеп керектері»,
«Бастауыш мектеп» қатарлы мақалалары дәлел бола алады. Бұлар қазақ
мектептерінің аздығы оқулықтардың жетіспеуі, мұғалімдердің білім
сапасының төмендігі, оқыту жоспарының жоқтығы, мектептердің
жай-күйі т. б. толып жатқан мәселелерді қамтиды. Өз мақалаларында
публицист көтерген мәселелерінің шешу жолдарын міндетті түрде
ұсынып отырған. Оның еңбектері сонысымен де құнды. Мысалы: «Қазақша
оқу жайынан» мақаласында ол: «Жаңа жолдың оқуы жаңа оқып шыққан жас
мұғалімдердің қолында. Бұлардың күштері тың, білімдері соны,
пікірлері жаңа. Бұлардың бір кемшілігі сол: бала оқыту ғылымын
оқығандары ішінде кем болады. Сондықтан көбіне – қазақ мұғалімдері
түгіл, ноғай мұғалімдерінің көбі дыбыс айыру жағынан шорқақ
көрінеді. Дыбысты жақсы білмей бала оқытуға болмайды… Екінші
кемшілігі – қазақ, ноғай мұғалімдері оқуды дыбыспен жаттықтырудан
бастайтын көрінеді. Ол дыбыспен жаттықтырудың оқуды, жазуды
жеңілдетуге пайдасы көп екенін я білмегендік, я білседе істеп
көрмегендік. Осы айтылған кемшіліктерін
түзеу мұғалімдерге қиын емес. Қазақ тіліндегі дыбысты қазақ
сөздерінің ішіндегі дыбыстарды айтып байқаумен білуге болады.
Дыбыспен жаттықтыруды оңай оқыта білген адамдардың оқытқанда
істеген ісінен көріп үйренуге болады я білетін адамдардан 10-15 күн
білім, сабақ алып үйренуге болады», — деп жазады. Сонымен қатар В.
И. Лениннің 50 жасқа толған күніне байланысты «Ұшқын» газетінің
1920 жылы 11 мамырдағы нөмірінде жарияланған «Лениннің 50 жасы» деп
мақаласы көңіл аударады; біріншіден, А. Байтұрсынұлы кеңес үкіметі
жағына әбден ауысқанын, коммунистік партияның платформасын
жақтайтынын жария етеді, екіншіден, қазақтың сол кездегі қалың
бұқарасына сол қара халықтың өз тілінде В. И. Лениннің идеясы,
күрес жолын, жеңісін түсіндіреді, «социализм ұйымын таныстырады».А.
Байтұрсынұлының мақалалары тек қазақ тілінде емес, орыс тілінде де
жарияланған. Оның «Жизнь национальностей» атты басылымда «Революция
және қазақтар», (1919, № 29-37) «Тағы да Қазақстандағы аштық
жайында» (1921, № 23-121) т. б. еңбектері жарық көрген. Жалпы, А.
Байтұрсынұлының саяси-әлеуметтік көзқарасы, сол замандағы қазақ
қоғамында болған түрлі оқиғаларды шешуге талпынысы, еңбектері
бүгінде өз мәнін жойған жоқ. Ол қазақ баспасөзінің іргетасын
қалаушы, әрі публицист ретінде тарихи орны бар ірі
тұлға.
Пайдаланылған әдебиеттер
тізімі:
-
Қазақстан тарихы
(көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 3-том. — Алматы:
«Атамұра», 2002. — 768 б.
-
Сыздықова Р. Ахмет
Байтұрсынов. Алматы.
Білім.1990.
-
Байтұрсынов А. Ақ
жол. Алматы. Жалын, 1991.
-
Әбдіманұлы Ө. 20
ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиеті. Алматы. Қазақ университеті,
2002.
-
Қожакеев Т. Қым-қуыт
іздер. Алматы. Санат.1999.
-
.«Айқап». Алматы.
«Қазақ энциклопедиясы».1995.