Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
Ана тілім-Анам менің, сен тұрғанда кім көсем?!
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
Ана тілім-Анам менің, сен тұрғанда кім көсем?!
Менің егеменді елім, бейбіт байтақ жерім көгінде көк байрағы желбіреп, талай асуларды бағындырып, қиын белестерді артқа қалдырып, Тәуелсіздіктің отыз жылдығына қарай қадам басты. Кез келген мемлекеттің ең үлкен құндылығы – тәуелсіздік, сондықтан да бүкіл халқымыздың тарихи шежіресі, ұлттық болмысы, тағылымды кезеңі, өнегелі өмірі Тәуелсіздікпен өлшенеді. Құрмет орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Сабыр Адайдың қызыл мұқабалы «Уыз Ана» кітабы қолыма тиді. Сыйлыққа кітап алсам, ол үлкен мәртебе.
Кітапты тебірене оқып шықтым. Ішіндегі тараулардың айтары көп, «Уыз Ана» қойылымы маған үлкен ой салды, өйткені бұл шығармада ащы шындық, ата-баба өткен бұралаң жолдар, ұмытылмайтын қаралы қасіреттер, тарихи мұра бар. Уыз Ана... тақырыптың мағынасы тереңде жатыр. Пайымдауымша, уыз - сәбидің тіршіліктегі ең алғаш татар нәрі, шешесінің сүті. Әр жаратылысқа өз несібесін бөлген Алла Тағала нәрестенің мұрнына сүт иісін тез сезетін қасиет және ана құрсағынан ана тілін дарытқан. Уыз құрамында кішкентай шақалақтың әлденуіне, ширауына қажетті дәрумендер өте мол. Ел арасында әлсіз, әлжуаз балаларды көргенде «уызға жарымаған» деп топшылауының мәні - осы. Автордың ұлт тілін уыз анаға теңеуі де тегін емес, өмірден алынған. «Әр қазақ - менің жалғызым» деп айтарын тұшытып, бір ақ сөйлемге сыйдырған ағамыздың қазақ тілін жеке тұлға ретінде көрсетіп, мұң-мұқтажын мәнді, терең ойлы тебіреніспен жеткізе білген бұл шығармасы билік басындағыларға ой салып, әрбір оқырманның жүрегіне сенім ұялатып, жастарымызды патриоттық сезімге жетелейтіні анық.
Сабыр Адайдың «Уыз Ана» атты үш бөлімнен тұратын сахналық қойылымында Уыз Ана –Ұлт тілінің «Мен аршылмын, адалмын, тектімін. Тектілігімнен көзге түстім, қырылдым. Төбемнен сырық, желкемнен тоқпақ, кетпеді. Ат ізін құрғатпай, ақ ордамның күлін шашып, күбірткелі саусағын көзімнің қарашығына қадап, ата жау әлі күнге тізесін батырып келеді» Ақыретте екі қолым жағасында кетер. Өтірікке сүттей ұйытып, өмірімді зая, уақытымды рәсуа етті. Ұлтым кенжелеп қалды..» [1]- деген күңіренген үні қазақ қызының, яғни жас қазақтың, қалай жұбатарын білмеген шарасыз үнімен үндеседі. Уыз Ана басын баққан момын қазақтың «сен тимесең, мен тимен бадырақ көз» дегеніне келтіріп, Алаштың зиялы ұлдарының соңынан ермегенін басты қателік санап, бірлігі сақталмаған, білімді қумаған елдің «қазанға – қаспақ, қарынға – қуырдақ, көкаттыға – көкпар» болатынын кейіпкерлердің тілімен дәлелдейді. Қазақ қызы «мен де - сол дүрмектің бірімін»,- деп мойындайды да, «Сенің алдыңда перзенттік парызымды қалай өтеймін?» деген сауалын қояды. Уыз Ананың ұрпағына «Парыз - ардың ісі. Арсыз халыққа – ажал да сәнімен келмейді. Тірлікте өзгелермен тең болмасаң, өлгенде көрің де кең болмайды» [2]- деп ата-бабаның өткен жолын сатылай баяндауы күллі қазақ халқына үндеу іспетті.
Азғырушы, ірітуші шайтан бейнесіндегілер қаптаған жауыздықтың елестерін көз алдыңа әкеледі де, қазақтың өз дертіне ашынғанын мысқылдай отырып, бірге тамашалайды. Қос бұрымынан қосарланып өрмелеген қара жыландардың төбесінен төніп, адымын аштыртпайтынын, оны көрген ұрпағының кері қашатынын күңірене айтқан Уыз Ана әлі де болса, ана тіліміздің өзінің ұлттық мәртебесі дәрежесіне көтерілуіне аяқтан өз ішінен шалған кедергілердің бар екенін, түсіне білген адамға мысал арқылы тұспалдай, жұмбақтай жеткізеді. Өйткені, Сабыр Адай – жұмбақ та күрделі ақын, сөзі мен іргелі істерін бірге алып келе жатқан ақын. Жұмбақтығы - қазақ тілін тұлғалық кейіпте сөйлетіп, заманауи үрдіспен, драма жанры арқылы жеткізген. Ал игілікті істеріне бір-ақ мысал айтсам, «Адай ата-Отпан тау» рухани тарихи-мәдени кешеніндегі іргелі істері мен нақыл сөзге айналған бұрынырақта жазылған «Әр қазақ - менің жалғызым» әйгілі шығармасы осының айғағы дер едім.
Көріністе әрі қарай тәуелсіз елдің ұрпақтары болашаққа сеніммен қарайды да, Уыз Ананы сабырлыққа шақырады, «Ақ жанымды жыртыс қылып жолыңа, жаулығыңды жаңалайын, анашым!. Жаныңыздың сүйіп жүріп жазайын наласы мен жарасын» [3]- деп өз үлестерін қосатынын, көңіліндегі ана тіліне деген жанашырлық сезімін қос жанардан өкініш жасын ағыза отырып жеткізеді. Ұлттық болмысты сақтап, жүрер жолымыз қайсы?- деп жөн сұраған қазақ қызына Уыз Ана қуғын-сүргін жылдары қазақтың жарық жұлдызы Жалау Мыңбаевқа мұңын шаққанын айта келе, сол бір зұлмат тұста ажал құшқан боздақтардың рухымен сырласады. Қобыз сарынымен қосыла боздақтардың даусымен ата-бабамыздың өткен жолдары туралы сабақтастыра айтылған толғау өткен тарихымыздың шежіресін көз алдымызға әкеледі де, Уыз Ананың «Қайран, Міржақып, сөйле! Ұмытқан шығар, бұл қазаққа өткен ғасырдың басындағы өксігін, қазақ тілінің мұңын тағы бір қайталап көр»,- [4] деп алып, Алаштың зиялы ұлдарының бірі Міржақып Дулатовтың мемлекет қайраткері Жалау Мыңбаевқа жазған «Қазақ тілінің мұңы» атты хатын көрермен есіне қайта салады. Хат-локоматив. Хаттың басы: «Мен заманымда қандай едім?! Мен - ақын, шешен, тілмар бабаларыңның бұлбұлдай сайраған тілі едім. Мөлдір судай таза едім. Жарға соққан толқындай екпінді едім. Мен наркескендей өткір едім. Енді қандаймын? Кірленіп барамын, былғанып барамын. Жасыдым, мұқалдым. Мен не көрмедім?» [5] - деп басталып, парсы, араб, ноғай, орыс тілімен шұбарланғанын, ұлы ақын Абайдан қалған әдеби мұрадан кейін, Ахмет Байтұрсыновтың араша болғанын баяндай келе, тілді таза сақтауды Жалау Мыңбаевқа аманат еткен тұсы әрбір ана тілін биік қойған көрерменнің көңілін алай-түлей етеді. Сол аманат орындалды ма?! Кезіндегі сөзді дәл келтірсек: «Қазақтың Бұхар, Мекке-Медине, Стамбулда оқып қайтқандарының бәрі елге ноғайшылап, арабшалап, сартшылап қайтып жүр. Орысша оқығандарымыздың көбі екі сөздің бірінде орысша сөйлеуді әдет қылады. Сондықтан: таза қазақ тілі де күн бұрын сақталуына қам қылмасақ, бірте-бірте бұзылып кетеді» [6] деген сөзі әлі мағынасын жойған жоқ және өкінішке орай, өршіп жалғасуда, өйткені, әттеген-ай деп бармақ тістейтін кездер де кездеседі. Халел Досмұхаммедұлы: «Ана тілін біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш. Ана тілін білмей тұрып, орысша жақсы сөйлесең, бұл – күйініш»,- деп айтқан пікірі қазіргі қазақ тілінің темірқазығындай.
Ал қоғам қайраткері, әдебиеттанушы Ахмет Байтұрсыновтың үніне құлақ түрсек, «Біз де тіліміз бүлінбей сақталуын тілесек, өзгелерше, әуелі, өз тілімізбен оқытып, сонан соң, басқаша оқытуға тиіспіз”,- деген. Ғасырға жуық уақыт өтсе де, бұл құнды пікірлер ешқашан өз маңызын жоймай келеді. Алаш зиялыларының сол дәуірдегі ашынғаннан пайда болған ұранды сөздері, тілімізді, ұлттық құндылығымызды сақтауда ұлан ғайыр еңбектерін өскелең ұрпақтарға насихаттау, олардың санасын рухани жаңғырту педагогтардың парызы. Мемлекет тарапынан бекітілген әр түрлі бағдарламалар бойынша игілікті істер білім ордаларында қолға алынып, атқарылуда. Әйтседе, тіл тазалығын, сапалығын, байлығын, дәлдігін әлі де сақтамаушылардың, сыйламаушылардың бары қынжылтады. «Көш жүре түзеледі» дейді ғой қазақ атам, «көштің түзелетін уақыты болды» жылжу бар, намыс бар, жігер бар, Абайша айтсам, «Нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайрат» бойдан табылып, Сабыр Адайдай ағаларымыздың арқасында қылыштай қиып түсер тіліміз биіктей береді.
Украйнада жұмысқа тұру үшін, қызметкер өз ана тілін қаншалықты меңгергені туралы курстан өтіп, сертификат тапсыратынын баспасөз бетінен оқығаным бар. Шіркін, осы жақсы дәстүр біздің елімізде де қолға алынса ғажап болар еді. Қойылым ортасында Жалау Мыңбаевтың рухымен тілдесу арқылы бүгінгі дәуір, қайта оянған сананың көші, яғни қазақтың көші сапарға шығады:
Маңғыстау бойы мұнарлы, Бекеттен қалған пірлім-ай,
Көңілім қалай тыншиды, көзімнің жасы сырғымай.
Қазақ та деген ел едік, қапы да түскен аранға,
Осы бір көште соңғы үміт, қолдай гөр, енді, бір құдай?!
Бұл тақырып төңірегінде қалам тартқан бірегей жазушылар баршылық. Атап айтсам, прозаның қаранары Қ.Жұмаділовтың «Соңғы көші», жазушы С.Елубаевтың «Ақ боз» үйі, әдебиет сыншысы С.Жүнісовтің «Заманай мен Аманайы» осы қасіретті тарихи шындықты проза арқылы суреттесе, ал С.Адайдың шығармасының жанры бөлек, яғни драмалық қойылым. Бұл дегенің әдебиет тілімен сөйлесем, көркем шындықты ерекше тәсілдерімен шиеленіскен тартыстар желісіне жинақтап, оқиғаға қатысатын кейіпкерлер сөзі мен іс-қимылы арқылы көрсететін сөз өнерінің құдіретті тегі. Сондықтан да, тартыс атаулының ең бір шиеленіскен, шым-шытырық, күрделі түрі пьесада жатады. Бұл Сабыр Адайдың шығармасында да көрініс тапқан.
Қойылымның ІІ бөлімінде көшіп бара жатқан «Алтын да шуақ, арлы көш» жаңашылдықтың бастауы еді. Бұл-арлы көш. Автор көшке тілектес жандарды керемет суреттейді: көшпелілер империясының іргесін қалаған, түрік тектес этностардың бірлігін сақтаған қолбасшылар, аса көрнекті тарихи тұлғалар: Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөктердің көшін бұлт ішінде елестетсе, күні кешегі көшкен дәурен, сән мен салтанат, билік пен беделді Алтын орда дәуірінің образын құлпырған кемпірқосақ арқылы береді. Әр заманның өз көші бар, ол әр түрлі болғанымен, тілі мен тілегі, мақсаты мен міндеті бір.
Көріністе жат ниетті күндікшінің шайтанға айтқан мынадай сөзі бар: «Мына қазақ ел болмақшы, ұлт болмақшы жаңғырып, дұрыс еді жүргендері мәңгіріп һәм қаңғырып» [7] деп, ана тілін төрге шығарғысы келмей, ірітуші, азғырушы бәлеге ойран салуды тапсырады. Түсінуімше, күндікші деп жат ниетті, өз күнін көру үшін, әркімге жағынған, біреуді біреуге айдап салатын, айналасындағылардың өскенін, өнгенін көре алмайтын, іші тарларды айтады. Түбі күндес, күндейді, күндеп отыр деген сөзден шыққан. «Күндікші» сөзі тілімізде қазіргі говорда сирек қолданылады. Бұрынғы ұрпақтың тілінде белсенді болған сөз. Автор көмескі тартып бара жатқан осы сөзді қолдану арқылы қайта жандандырады. Өйткені, соңғы шыққан сөздіктерде «күндікші сөзі – күндіктеп жұмысқа жалданатын адам» дегенді білдіреді [8]. Жегі жемқорды да, қорғансыз, жалтақ бейсауытты да, мәңгүрт, ұлттан безген безгекті де, жат ниетті күндікшіні де, азғырушы, ірітуші шайтанды да Жас Алаш жеңеді. Жалау Мыңбаевтың және Алаштың құрбандарының рухының жаңғыруы арқылы жастардың болашағының жарқындығы көрсетіледі де, Уыз Ана – Ұлт тілі талай кедергілерден тайсалмастан өтіп, жеңіс мәресіне жетіп, әлем тілдерінің патшайымындай барша адамзатты тамсандырады. Тіл туралы қаншама түйінді ойлы мақал-мәтелдер, күрделі мәселелерді терең де нақты жеткізетін нақыл сөздер, ғылымды негіздеу мақсатындағы зерттеулер бар. Ана тілінің кенже қалғанын сөзбен сынап түйредік, әнмен құйқылжытып жүрекке жеткіздік, домбырамен күмбірлетіп күй тыңдаттық, қоңыр үнмен тамылжыта мәнерлеп оқыттық. Баяғы жартас-бір жартас. Сабыр Адайдың «Уыз Ана» туындысының жанры шебер таңдалған шығарма. Сондықтан да, бүкіл Қазақстанның театрында сахналануы тиіс деп пайымдаймын.
Қашаннан әрбір халықтың құнды қазынасының бірі ата-бабамыздан бізге мирас болып жеткен ұлттық тіліміз – қазақ тілі. Алаш арыстарының бірі – Халел Досмұхамедовше айтсам «Тіл – жұрттың жаны. Өз тілін өзі білмеген ел болмайды. Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт»-деген, сондықтан да тәуелсіз еліміздің әрбір жастары осы кітапты қолына алып, түсініп оқуы абзал дегім келеді.
Тобықтай сөздің түйіні, Қазақстан Республикасының Президенті Қасымжомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауында да «Ата заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі. Орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие. Біздің заңнамаға сәйкес, оның қолданылуын шектеуге болмайды. Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс»,- [9] деп нақты айтылған. Ана тілі-өз елімізде кең қанат жаюы тиіс.
Ана тілім-Анам менің, сен тұрғанда кім көсем?!
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.С.Адай. Уыз Ана. Алматы «Өнер» баспасы
2. А.Ісімақова. Алаш әдебиеттанушы. Алматы «Мектеп» баспасы
3. Қазақстан Республикасының Президенті Қасымжомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауы.
4. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. Алматы «Дайк-Пресс» баспасы
Гүлзира Жақаева, ЖШС «Каспий өңірі «Болашақ» колледжі директорының тәрбие жөніндегі орынбасары