Материалдар / Батыр Сағадат өткен майдан жолы
2023-2024 оқу жылына арналған

қысқа мерзімді сабақ жоспарларын

жүктеп алғыңыз келеді ма?
ҚР Білім және Ғылым министірлігінің стандартымен 2022-2023 оқу жылына арналған 472-бұйрыққа сай жасалған

Батыр Сағадат өткен майдан жолы

Материал туралы қысқаша түсінік
Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтің 100- жылдығына арналған мақала .
Материал тегін
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Батыр Сағадат өткен майдан жолы


Нургалиева Кунсая Джамбуловна,

Генерал С.Қ. Нұрмағамбетов атындағы

әскери колледжінің география пәні мұғалімі,

Астана қаласы.

«Адам-ерекше тағдыр иесі. Соның бірі әрі бірегейі-Сағадат Нұрмағамбетов. Оған тағдыр өзі отасқан тірліктің ОТАСУЫНДА отша жанған жалын мен салқынқанды сабырды тел серік етіпті»-деп жазады журналист Болат Жүнісбеков Сағадат Нұрмағамбетов туралы «Отасу» эссе-жазбасында. Қан майданда от кешіп, тәуелсіз мемлекеттің қалыпатасуына жанын салып, аянбай еңбек еткен, есімі тарихта мәңгілікке қалатын батыр да дара тұлға-Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов. Батырдың естелік-кітаптарын оқи отырып, мені аса қызықтырғаны соғыс барысында азат еткен, ерлікпен жүріп өткен елдері мен майдан жолдары.

Сағадат атамыз жас кезінде география және тарих мұғалімі болуды армандағаны белгілі. Әлемді соғыс өрті шарпымағанда арманы орындалып, талай балаға тәрбие беріп, география мен тарих сабақтарында балаларды дүниежүзі елдерімен таныстырып, білім нәрімен сусындататын ұстаз жолын таңдар ма еді, кім білсін? Мектепте үздік оқып, жұмулы көзбен әлем картасынан кез келген жерді көрсетіп бере алуы осы пәнге деген аса қызығушылығы болғанын көрсетеді. Бірақ, тағдыр Сағадат атамыздың пешенесіне әлем картасында жатқа білген елдермен сұм соғыс жағдайында танысуды жазды. Батырдың соғыс барысында жүріп өткен жолы аса ауқымды. Соғыс басталғанда бар-жоғы 17 -жаста болған бозбала туған елі Қазақстаннан Түркіменстанға Бірінші пулеметшілер училищесіне оқуға жіберіліп, одан арғы сапары майданға ұласты.

Батыр өз естелігінде: «Біз болашақ курсанттар жолға шықтық. Военкоматта Түрікменстанға баратынымызды хабарлады. Ыстық пен әбден күтуден қажыған біз қыркүйек айының басында саяхатымыздың соңғы нүктесі Байрам-Әли қаласына да жеттік. Осында әскери қалашық, Бірінші Түркістан пулеметшілер училищесі орналасқан. Жоспарлы сабақтар басталуы керек болатын, бірақ күтпеген жерден мектепті ауыстыру туралы бұйрық келіп жетті. Енді қайда? Кушкаға! «Мог ли я помышлять на своих любимых уроках географии, что судьба забросит меня в этот населенный пункт - самую южную точку страны?»- деп география пәні мұғалімі сабақтарда әңгімелеген КСРО-ның ең шеткі нүктесі Кушкамен осылай танысуына тура келгенін еске алады. Қазіргі Кушка-1999 жылдан Серхетабад қаласы, батыр айтқандай атауы Гушгы өзені (Кушка) атымен берілген.

Сағадат Кожахметұлы Бірінші Түркістан пулеметшілер училищесін 1943 жылы 26 сәуірде үздік аяқтап, лейтенант шенімен соғысқа аттанады. Бұдан әрі батырдың ұзақта , қиындыққа , ерлікке толы майдан жолы басталады. Алғашқыда пулемет взводының командирі болып тағайындалып, көп ұзамай пулеметшілер ротасын басқарды.

Сағадат Кожахметұлының география пәнін қаншалықты жақсы білгенін болған жерлерін географиялық тілде сипаттап, суреттеп баяндауынан аңғарасың. Соғыс оқиғаларын аса бір шеберлікпен сипаттай білген.«От огненных лет до суверенной армии» естелік-кітабында штаб бастығы М. И. Сафонов Солтүстік Кавказ территориясын неміс-фашистерінен азат ету жоспарымен таныстырғанын айтады. Сағадат батыр естелікте соғыс оқиғасының болған жерін түсінікті тілмен егжей-тегжейлі баяндайды: «Негізгі қорғаныс шебі – Көк линияның өзі – алты шақырым тереңдікте орналасқан, оның сол жақ қанаты Вербяная шұңқырынан басталып, көптеген Азов сағаларынан өтеді, одан әрі Курка өзенінің бойыда жағалай биік жер қорғандары созылып жатыр. Көгілдір жол шығысқа - Адагум өзенінің бойындағы батпақты жерлер арқылы Киевская ауылына дейін барады. Майданнан бұл аумақты Кубань жайылмаларының кең жолағы алып жатыр»-деп жазады. Естелікте географиялық атаулармен қатар, шұңқыр, саға, биік жер, батпақты жер, жайылым сияқты географиялық термин- атаулары дәлдікпен қолданылады.

Сағадат Кожахметұлы елді азат ету арқылы әлемді шарлады, батырдың ерлік жолында кездескен географиялық атаулар жетерлік. Днепр, Днестр, Одер, Шпрее, Пилица, Курка өзендерін азат ету оқиғалары жеке-жеке бір төбе.

Әсіресе Польша жеріндегі Пилица өзені үшін болған шайқаста рота сарбаздары 6 пулеметті істен шығарып, 35 жау әскерінің көзін жояды. Сағадат Нұрмағамбетовке Польша жерін азат етудегі асқан ерлігі үшін Кеңес Одағының батыры атағы беріледі. Батырдың азат еткен барлық жерлерін тізбектеп жеткізу бір баяндама аясына сыйғызу әрине мүмкін емес, ең бастысы осы соғысқа қосқан ерен еңбегі, жасы әскер қатарына жетпесе де, әскери комиссариаттың табалдырығын тоздырып, соғыс майданына сұранып, табандылығы арқасында арманына жетіп, Отанымен қатар жарты Еуропа жерін азат етіп, ерлікпен жүріп өтуі.

Сағадат Кожахметұлы өз шығармаларында географиялық салыстыруларды да қолданып отырған. Украинаны азат ету кезінде сол жердің табиғатын өзі туып өскен Трудовое ауылының табиғатымен салыстырады. Батыр Украинада қайың ағаштары елдегідей бiрдей өсiп, көлдерi көгерiп, «жертөлелері» қазақтардың жерiне қазылған саман үйлермен ұқсасып кеткендей сезім қалдыратынын сағына, сипаттап жазады. Иә батыр атамыз өз туған өлкесін қайыңды, көктеректі ормандармен кезектесіп отыратын ақ селеулі даладан тұратын, көлі жазда құстар шуылына толы , мамыраған жазымен, қыста қатаң табиғатымен қарсы алатын өлке деп сипаттайды. Батырдың естелік-кітаптары географиялық номенклатураға толы десе де болады. Ол естелігінде Түркіменстандағы пулеметшілер училищесіне бара жатқандағы елді- мекендерді тізіп көрсетеді. Олар: Петропавловск, Омск, Новосибирск, Барнауыл, Семей, Алматы, Жамбыл, Шымкент, Өзбекстан арқылы Ташкент, Самарқанд, Қаған, Әмударияны кесіп өтіп, Түркіменстандағы Чарджоу қаласы, Байрам -Әли, Кушкаға жетуі.

Келесі жол- соғыс майданыны жолы Ашхабадтан басталып, Красноводск, Каспий теңізі, Махачкала, Грозный, Пятигорск, Минеральные воды, Армавирге жетіп, Краснодар, Солтүстік Кавказ, Украина, Белоруссия, Молдова, Польша жерлерін азат етуге қатысып, Германияның рейхсканцеляриясына жасалған шабуылмен аяқталды. Украинадағы бір Донбасс маңын азат етудегі елді мекендер қаншама десеңізші: Осино-Ольховка, Нижняя Крынка, Енакиево, Горловка, Дебальцево, Никитовка, Сталино, Макеевка солай, солай жалғаса береді. Батыр атамызға қаншама елді жерді азат етумен қатар, сол елді-мекендердің тұрғын халқымен соғыс майданы жағдайында етене жақындасып, сөйлесуге, олар көрген соғыс зардаптарын сезінуге де тура келді. Донбасс жеріндегі Катык шахтерлер поселкісін азат етуде халықтың қуанышын, соңғы бір үзім нандарымен бөлісуі батырдың жүрегінде мәңгі қалғанын жазады. Ал, Днепрден қайта өту операциясы кезінде өздері әбден қажыған, шаршаған, жартылай аш қарттар мен әйелдер, балалар қайықтар мен салдар жасау үшін соңғы шегелері мен ағаштарын беріп, барларымен бөлісіп көмектескенін тебірене жазады.

Иә, соғыстың аты соғыс, батыр атамыз қан майданда жолдастарынан , басшы командирлерден айрылу өте ауыр екенін, тек қана сол уақытта қайғыны фашистерден өш алу арқылы сөндіріп отырғанын айтады.

Соңғы рет сұхбаттасқан журналистердің біріне Сағадат Кожахметұлы: «Жүздеген, мыңдаған жылдар, ғасырлар өтер, сол кезде біздің ұрпағымыз Отан үшін от кешкен батыр бабаларын бүгінгідей еске алып, ардақтап, мақтан тұтатынына сенемін...»-деген екен. Батырдың «Мой передний край», «Лицом к огню», «А в памяти нет тишины» шығармаларымен әскери колледж тәрбиеленушілері жақсы таныс. Әр күні сабақтар алдында 15 минут батырдың естелік-шығармаларын оқып, батыр өткен қан-майдан ізімен жүріп, батырдың шығармалары арқылы Отаншылдық пен патриоттық тәрбие алуда. Әскери колледж мұғалімдері батырдың 100 жылдығына арналған кураторлық сағаттар өткізіп, челлендждер дайындалып, конференциялар өткізіп батырдың ерлік жолдары ұлықталуда.

Өзім дәріс беретін география сабағында ұландардың пәнге қызығушылығын арттыру және батырдың өмір-жолын үлгі ету мақсатында болған территорияларын еске түсіртіп, картадан анықтатып, сұрақтар қойып отырамын.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілуге тиіс»- деп айтқан жолдары бар.

«Есімі ел жүрегінде сақталған ер ғана бақытты»- деп Бауыржан Момышұлы айтқандай қанша жылдар өтседе жас ұрпақпен қатар, аға буын үшін Сағадат Нұрмағамбетовтің өткен өмір жолы тірі аңыз, табандылықпен , ерліктің Отанға қалтқысыз адалдықтың үлгісі болып қала бермек.




















Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. С. Нұрмағамбетов «От огненных лет до суверенной армии»

  2. aqiqat.kazgazeta.kz/news/1962 Болат Жүнісбеков «ОТАСУ немесе Кеңес Одағының Батыры және Қазақстан Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов туралы» эссе


Материал жариялап тегін сертификат алыңыз!
Бұл сертификат «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жарияланғанын растайды. Журнал Қазақстан Республикасы Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігінің №KZ09VPY00029937 куәлігін алған. Сондықтан аттестацияға жарамды
Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!