Материалдар / ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ: ҚАЖЕТТІЛІК ПЕН МҮМКІНДІКТЕР
2023-2024 оқу жылына арналған

қысқа мерзімді сабақ жоспарларын

жүктеп алғыңыз келеді ма?
ҚР Білім және Ғылым министірлігінің стандартымен 2022-2023 оқу жылына арналған 472-бұйрыққа сай жасалған

ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ: ҚАЖЕТТІЛІК ПЕН МҮМКІНДІКТЕР

Материал туралы қысқаша түсінік
Мақалада ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды жалпы білім беру үдерісіне енгізуге қатысты қоғамда қалыптасқан көзқарастар (соның ішінде белгілі ғалымдардың) мен Қазақстанда қолға алынып жатқан іс-шаралар жайы сөз болады.
Материал тегін
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Shape1



ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ: ҚАЖЕТТІЛІК ПЕН МҮМКІНДІКТЕР


ЯШОВА ГҮЛЖАН СОВЕТХАНҚЫЗЫ

1 ПМПК ПЕДАГОГ-ПСИХОЛОГЫ


Білім беру қоғамдық құбылыстардың аясындағы, ғылым мен техниканың жетілу үдерісіне негізделген сан қырлы, мәселелі сала болып табылады. Қазіргі таңда аталмыш саланың дамуын, келешегін бағдарлау инклюзивтік білім берудегі ұлттық тәсілдемені белсендіру әрекетімен сабақтасатындығын көрсетіп отыр. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының, негізгі принциптерінің бірі ретінде «сапалы білім алуға барлығының құқықтарының теңдігі, әр адамның интеллектуалды дамуын, психофизиологиялық және жеке-дара ерекшеліктерін ескере отырып, халықтың барлық деңгейі үшін білімге қолжетімділігі» нақтыланған [1]. «Қолжетімділік» мүмкіндігін қалыптастыру үшін түбегейлі жаңаша ойлауға негізделген іргелі реформалар кезеңіне қадам басқан шақта инклюзивті білім беру жүйесін дамытып, жетілдіруде жүйелі даярлық қажет-ақ.

Сапалы білімнің қолжетімді болу шартын қалыптастыруға бағытталған білім беру жүйесін түрлендіру процестерінің бірі жеке тұлғаны әлеуметтендіру мәселесі. Әлеуметтену – қоғамның толыққанды мүшесі болуы үшін қажетті адам баласымен әлеуметтік тәжірибенің меңгерілуі мен жаңғыртылуы. Әлеуметтендірілуге индивидтің жеке тұлға болып қалыптасып, білім, норма, бағалы құндылықтарды меңгеру құралы болып табылатын, түрлі әлеуметтік-феноменологиялық процестер енгізілуде. Баланың туылғанынан бастап, оның әлеуметтенген әлемге енуі оның әлеуметтенуін, әлемді түрлендіруші ретінде емес, керісінше, сол түрленуші ортаның дамытушысы болып табылатынын білдіреді. Жеке тұлғаны әлеуметтендіру мәселесі қазіргі таңда инклюзивті білім педагогикасының негізінде қолдау тауып отыр.

Ол балалардың дене, психикалық, зияткерлік, мәдени-этникалық, тілдік және басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, сапалы білім беру ортасына айрықша білім алу қажеттіліктері бар балаларды қосуды, барлық кедергілерді жоюды, олардың сапалы білім алуы үшін және олардың әлеуметтік бейімделуін, социумге кірігуін көздейді.

Барлық өркениетті әлемдегі қоғам жалпы адамзаттық моральға және әлеуметтік әділеттіліктің талаптарына сәйкес – білім беруде ерекше қажеттіліктері бар балаларды кемсітушілікке жол берілмеуі керек деген ұғымға келді. Қазақстан Республикасы БҰҰ-ның адам құқығы аясындағы конвенцияларын, декларациялары мен ұғымдарын басшылыққа ала отырып, барлық балалардың, оның ішінде денсаулық жағдайына (психофизикалық бұзылыстар, АҚТҚ және ЖҚТБ жұқпалы аурулы балалар және т.б.); қоғамда әлеуметтік бейімделу мәселелері бар (жетім, әумесерлік тәртіп), әлеуметтік-экономикалық немесе әлеуметтік-психологиялық мәртебесі төмен жанұяның жағдайына (нашар отбасыдан, қашқындар, оралмандар, аз ұлттардың балалары) байланысты білім алуда ерекше қажеттіліктері бар балаларға сапалы білім беруге міндеттеме алады.

Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген орта білім берудің инфрақұрылымдық дамуын қамтамасыз ететін міндеттердің бірі ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды инклюзивті ортада қолдау, ал орта білім берудің мазмұнын жаңарту аясындағы міндеттердің бірі білім беру ұйымдарын өлшемшартпен бағалау жүйесіне көшуді жүзеге асыру деп көрсетілген [2]. Бұл, өз кезегінде, инклюзивті білім берудің дамуын теориялық және әдістемелік жағынан жетілдіруді қажет етеді.

Бүкіл әлем инклюзивтік білім беру идеясы мен тәжірибесіне назар аударуда. Әйтсе де, қоғамда мүмкіншілігі шектеулі балаларды жалпы білім беретін ортаға қосу мәселесіне қатысты пікір алалығы орын алып отырғандығы да жасырын емес. Күдік пен үміт қатар бой көтеруде. Білім беру жүйесі барлық санаттағы азаматтарды тиімді білім берумен қамтамасыз етуге байланысты әр түрлі мәселелерге кездесуде. Барлығына арналған білім беру үшін мүмкіндіктерді демократияландыру жолында алға жылжу қажеттілігі қоғамды ізгілендіруге бағытталған ұлттық стратегия мен саясатты қалыптастыру мақсатындағы инклюзия үдерісіне негізделеді.

ХХІ ғасырдың алғашқы он жылдығында Қазақстан экономикалық өсімділігімен танылды. Әрбір мемлекетте дамуында ауытқуы бар балаларды әлеуметтік біріктірудің өзіндік тәжірибесі бар, ол тұрғындардың ұлттық менталитетін және әлеуметтік мәдени ерекшелігін ескереді. Алайда өзге елдің тәжірибесін нормативті-құқықтық база ретінде көшіріп алуға болмайды. Дәл осы Қазақстандағы түрлі ұйымдар жұмыстарының ерекшелігіне және түрлі модельдер мен интеграцияның формаларын қамтитын ұйымдастырушылық-құқықтық формаларына жатады. Қоғамдық және ата-аналар ұйымдарына оңалту және әлеуметтік мекемелерге дамуында ауытқуы бар балаларды тәрбиелейтін және біріктіріп оқытумен тәрбиелеудің жолын таңдайтын жанұяға өз модельдерін апробациялау және құрастыру қажеттілігі туындады. Мемлекет әрбір балаға оның ұлтына, дініне, денсаулығына қарамастан тегін жалпы білім беруге кепіл берді. Республикамызда тарихи қысқа уақыт ішінде мүмкіншілігі шектеулі балаларды оқытудың жабық «медициналық моделінен» ашық модельге көшу үдерісі байқалады. Біріктіріп оқыту кең қанат жая бастады.

Қазақстандағы инклюзивті білім беруді дамытудың маңызды кезеңі қазіргі кезеңдегі инклюзивті білім беруге жататын адамдар санатының кеңейтілуі, оларды сапалы білім беру қызметтерімен қамтамасыз ету қажеттілігі болып табылады. Әртүрлі санаттағы балаларды инклюзивті білім процесіне енгізу нормативті-құқықтық базаны жетілдіреді, білім беру мекемелерінде осы жұмыстарды жүйелеу талап етіледі және осы санаттағы балалардың білім беру қажеттіліктерін зерделейді.

Талдау нәтижелері шет елдердегі инклюзивтік білім берудің даму тенденциясы туралы ғылыми түсінікті кеңейтуге, инклюзивтік білім берудің теориясы мен әдіснамасын байытуға, инклюзивтік білім берудің батыстық өнімді тәжірибесін қазақстандық шындық жағдайында пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен бірге шет елдік тәжірибелер отандық жағдаяттық шындықты және Қазақстандағы білім беру жүйесінің даму ерекшеліктерін есепке ала отырып пайдаланылуға бағытталуда.

Қазақстан Республикасында білім берудің бұл түрі негізінен 1990 жылдары тарала бастады, әсіресе мүмкіншілігі шектеулі балаларды жалпыға білім беру үдерісіне енгізудің мемлекеттік жүйесін жасау бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастырған түрлі халықаралық ұйымдардың қолдауымен, профессор Р.А. Сүлейменованың бастамасы бой көтерді. Ғалымның берген анықтама бойынша, «инклюзивті білім беру – балаларды бөліп қарастыру кедергілерін жоюға бағытталған, барлық балаларды жалпыға білім беру процесіне қосу мен оларды әлеуметтік бейімдеуде жасына, жынысына, этникалық, діни қатынасына, даму кемшіліктеріне немесе экономикалық статусына қарамастан, отбасының белсенді қатысуымен, балаға түзету-педагогикалық және нақты әлеуметтік қолдау көрсету арқылы, адекватты білім беру жағдайларын жасауда, балалардың білім алу қажеттіліктері мен жеке ерекшеліктеріне баланы емес, ортаны бейімдеуге бағытталған мемлекеттің саясаты» [3].

2000 жылдан бастап Қазақстан Республикасында мүмкіншіліктері шектеулі балаларға қатысты жаңа білім беру саясаты қалыптаса бастады, балаларды әлеуметтендірудің, тәрбиелеудің, оқытудың, әлеуметтік қолдау көрсету мен бейімдеудің тиімді жолдары белсенді түрде қарастырылуда. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 1 маусымдағы № 348 бұйрығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында инклюзивті білім беруді дамытудың тұжырымдамалық тәсілдерінде» инклюзивті білім беруді дамытудың тұжырымдамалық тәсілдерінің стратегиялық бағыттары, іске асырудың тетіктері, күтілетін нәтижелер және іске асыру кезеңдері жан-жақты баяндалған [4]. Оқыту үдерісіне дайындық, әдістемелік қолдау және ұйымдастыру тетігі де сөз болады.

З.А. Мовкебаеваның даму мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпыға білім беру үдерісіне енгізу мәселелеріне қатысты еңбектерінде инклюзивті білім беруді «адам эволюциясы заңдылықты түрде әкеле жатқан қазіргі таңдағы шындық» [5] ретінде анықтайды. Сондықтан да ерекше оқытуды қажет ететін балалардың жалпы білім беруге кіріктілу үдерісіне тосырқай қарауға болмайды. Инклюзивті білім беру – мемлекеттік саясат. Мүмкіншіліктері шектеулі балаларды жалпыға білім беру үдерісіне енгізудің өзекті мәселелерін анықтау осы шаралардың нәтижесі болып табылады [6].

Арнайы білім беру саласына, балаларды дендері сау қатарларының білім алу ортасына кіріктіру бойынша, инновациялық үдерістер кеңінен енгізіле бастады. Мүмкіндіктері шектеулі балаларды әлеуметтік бейімдеу және қоғамға кіріктіру үшін тиімді жағдайлар жасаудағы инновациялық бағыттарды үйрену жұмыстары да жетілдіруде.

Қазақстан Республикасының саяси, экономикалық және мәдени өміріндегі маңызды өзгерулер білім беру жүйесінің реформалануы мен қайта құрылуының қарқынды үдерісіне бастама болады. Оқыту мен тәрбиелеудің дәстүрлі, өктем түрінен гуманистік, тұлғаға бағытталған түріне ауыстыруда, білім беру жүйесінде даму мүмкіншіліктері шектеулі балалардың негізгі құқықтары мен еркіндіктерін сақтауға бағытталған әлеуметтік жағдайлар, оларды қоршаған ортаның түрлі байланыстары мен қарым-қатынастарына және дендері сау қатарларымен біріге әрекет ету үдерісіне енгізу белсенді түрде дами бастады. Арнайы және инклюзивті білім беру барлық жеке тұлғаның білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру ұсынымдарын ескере отырып әзірленген арнайы және жалпы білім беретін оқу бағдарламалар арқылы жүзеге асырылады. Мүмкіншіліктері шектеулі балалар дәстүрлі білім беру жүйесінде арнайы (түзету) білім беру мекемелерінде, үйде немесе арнайы мектеп-интернаттарда білім алды. Елімізде арнайы білім беру ұйымдарының (арнайы түзету) мектептері мен мектепке дейінгі ұйымдары, оңалту орталықтары, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері және басқалар) желісі қалыптасқанына қарамастан, Республикада соңғы онжылдықта объективті және субъективті себептермен қоғамның мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға қарым-қатынасы мейлінше өзгерді [7]. Психофизикалық бұзылулар адамның сезуге, уайымдауға, әлеуметтік тәжірибені меңгеруге қабілеттілігін жоққа шығара алмайтындығы мейлінше терең мойындалады.

Әр баланың даму үшін білім алуға деген жеке қажеттілігі мен қабілетін ескеретін қолайлы жағдай жасау қажеттілігі түсіністік тапты. Келесі ұстаным қалыптасады: әр балаға ол бойындағы кемшілікке байланысты нені атқара алмайды деген тұрғыдан емес, ол бойындағы кемшілікке қарамастан не істей алады деген тұрғыдан қарау. Мұндай оқыту процесі балаға отбасынан, үйінен, туыстары мен жақындарынан, достарынан ажырамай білім алуға, қоғамға қосылып әлеуметтену мәселелерін нәтижелі шешуге көмек береді. Есейе келе, балалар өзіндік ерекшеліктерін қабылдап, басқа адамдардың ерекшеліктерін ескеруге үйренеді.

Инклюзивтік білім беру саясатының негізгі мазмұны барлық бала оқи алады деп мойындаумен тұжырымдалады. «Білім туралы» ҚР Заңының 3-бабының 1, 2-тармақтарына сай

«білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарына баршаның сапалы білім алуға құқықтарының теңдігі, әрбір адамның зияткерлік дамуы, психикалық-физиологиялық және жеке ерекшеліктері ескеріле отырып, халықтың барлық деңгейдегі білімге қолжетімділігі жатады» [1]. Білім беруді дамыту және оны іске асыру стратегиялық жоспарларында мүмкіндіктері шектеулі балаларды білім беру үдерісіне қосу механизмі нақты белгіленген, олар үшін қолжетімді ортамен қамсыздандыру талаптары анықталған. Құжаттарға сәйкес 2020 жылы жалпы білім беру мектептерінің 70%-ында инклюзивтік білім беруге арналған жағдайлар жасалуға тиісті. Ал бүгінгі студент, ертеңгі педагог инклюзивті жағдайда білім беруге дайын ба? Қажетті құзыреттіліктермен, арнайы білім негіздерімен қаруланған ба?

Білім беру мекемелері «балалардың айырмашылықтарына қарамай, барлық балаларды қабылдайды және олардың оқудағы ерекше қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған қажетті талаптарды құрады» десек те, бұл үрдіс толық қанды іске асып отырған жоқ. Педагогикалық жоғары оқу орындарын тәмамдаған кәсіби маманның жалпы білім беретін орта мектепте инклюзивті жағдайда жұмыс жасауға дайын емес екендігін жасыра алмаймыз. Жеке пән мұғалімдері даму мүмкіндігі шектеулі балалардың ерекшеліктерін меңгермегендіктен, мұндай балалармен жұмыс жасауда тығырыққа тірелуде. Осы орайда, Республикалық оқу-әдістемелік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру кеңесінің 2016 жылғы 30 маусымдағы мәжілістің №2 хаттамасының шешімі негізінде «Білім» тобы мамандықтарына 2 кредит көлемінде міндетті компонент ретінде бекітілген «Инклюзивті білім беру» пәнінің мазмұны негізінен мүгедектігі бар балаларды оқу үдерісіне ендірудің педагогикалық-психологиялық қолдау көрсетуге, яғни арнайы педагогика мен арнайы психология тұрғысында қарастырады [8]. «Мектепке дейінгі ұйымда инклюзивті білім беруге құзыретті мамандар даярлау» мақсатында даярланған «Мектепке дейінгі инклюзивті білім беру» (Алматы, 2016) типтік оқу бағдарламасында оқу бағдарламалары, бағдарламалар, күнтізбеге және тақырыптық жоспарларды дамыту, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған жеке жоспарын даярлау, оқыту әдістері [9] аталады. Типтік оқу бағдарламасында ұсынылған негізгі әдебиеттер оқушыларға білім беру, ерте жастағы балаларды тәрбиелеу мәселелеріне бағытталған. Мәселен, Н.М. Аксаринаның ерте жастағы балаларды тәрбиелеу еңбегінің алғы сөзінде «Основное содержание

учебника относится к воспитанию здорового ребенка» деп анық жазылған. Әрине, білім беру- тәрбиелеу негіздерін жүйелеуде мұндай еңбектердің маңыздылығы жоғары. Әйтсе де, арнайы әдістемелік көмек жоқтың қасы. Қажетті мәліметтерді там-тұмдап жинауға тура келеді.

Жоғары оқу орнын бітіруші түлек, болашақ кәсіби маман-педагогтің ойлау икемділігі дамыған, жан дүниесі терең, өмірге көзқарасы жоғары болуға тиіс, өйткені өзіндік рухани өсуін өзі басқара алатын адамның қолынан ғана шығармашылық жасампаздық келеді. Педагогикалық мамандықтың ерекшеліктері де осында болса керек. Әсіресе, педагогтың ізденімпаздығын, білуге деген құмарлығы мен артық білуге ұмтылуы өмір бойына сабақтасып отырады. инклюзивті білім беру жағдайында оқу және тәрбиелеу үдерісін ұйымдастыру ерекшеліктерін білу. Даму мүмкіндігі шектеулі балалар денесіне ыңғайлы жағдайды қамтамасыз етуді, оқу бағдарламаларын бейімдеуді, оқу материалының мазмұнын дифференциациялау, әр оқушының дарындылығын айқындау, олардың дамуына қолайлы жағдайлар жасау шеберлікті жетілдіруге негізделеді. Осы орайда болашақ педагогтерге даму мүмкіндігі шектеулі балалардың жеке категорияларының ерекшеліктерін білу қажет-ақ. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту сипатын айқындатындай бағдарлама даярлап, оқу-әдістемелік және тәрбиелік ұсынымдарды жеке пәндік сала бойынша жинақтаудың берері мол.

Екінші бір шешуші тетік ретінде мүмкіндігі шектеулі балаларды жалпы білім беру үдерісіне қосу бойынша педагогикалық ұжымның әрекетін координациялауды жандандыру мақсатында педагог кадрлардың біліктілігін арттыру ұсынылуда. Жалпы білім беретін мектептер оқу дағдысын игертуге бағытталып, оқушылардың белгілі бір білім мен біліктер жиынтығын меңгеруін қамтиды. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды оқыту мен дамытудың жеке траекториясын жасау мүмкіндігін қарастырмайды. Әр педагогтің өзіндік методикасына сүйенуін талап етеді. Жалпы білім беру үдерісіне кіріктірудегі басты мақсат әлеуметтік бейімдеу, қоғамдағы толыққанды өмірге дайындалуына жағдай жасау және көмек көрсету тұрғысында емес, оқу дағдыларын игертуге бағытталғандықтан, қажетті көмек өз деңгейінде көрсетілмейді. Бұл жалпы білім беретін ұстаздардың дайындығы мен білімдерін жетілдіру үрдісіне өзгерістер енгізу қажеттілігін көрсетіп береді. 2018 жылғы 13 тамызда Астана қаласында өткен Республикалық тамыз конференциясының

«Білім беру процесін психологиялық-педагогикалық қолдау инклюзивті білім беруді дамытудың басты шарты ретінде: стратегиялық жоспарлау, нәтиже, респективті шешімдер» [10] секциялық отырысында да инклюзивті жағдайда білім беру процесін оңтайландыру мәселесі көтерілді. Педагог кадрларға әдістемелік көмек ұсынылатындығы, келешекте даярлық курстарын ұйымдастыру қажеттілігі айтылды. Әйсе де, әзірге тек болжаудан әрі аса алмай отырмыз. Нақты, жүйеленген жоспар ұсынылмады.

Бүгінгі күннің талабына сай болашақ ұрпақтың сұранысын қанағаттандыратын тың бағдарлама ретінде барлық деңгейлердегі білім мазмұнын жаңартуға және өсудің тұрақты даму кезеңіне өтуге бағытталған, жалпы орта білім берудің барлық пәндері бойынша жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламалары әзірленуде. Жеке пән бойынша жаңа білім алып, зерттеу дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретіндей етіп іріктелген. Ұзақ мерзімді, орта мерзімді және қысқа мерзімді жоспарларда пән мазмұнын іріктеудің шиыршықтылық қағидаты нақтыланған. Ал инклюзивті жағдайда білім алушылардың психофизикалық даму ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін есепке ала отырып үлгілік оқу бағдарламаларын қалай, нендей өлшемдерге сүйене бейімдеу қажеттілігі жайында сөз қозғалмайды. Мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөліп, жаңартылған мазмұнды бағдарлама бойынша даярлық курсынан өткен кәсіби маман ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс жасау тетігін игере алмай отыр. Әрине, белгілі бір қалыпқа түсіріп, оңтайландыру бірнеше жылдың еншісінде екендігін жоққа шығара алмаймыз. Қоғамның өзгеру деңгейінің жылдам алмасуы, белсенділікпен алға ұмтылуы үлкен жауапкершілікті талап ететіндігін ескерсек, сан соғып, «Әй, қап» деп қалмасымызға кім кепіл?


Пайдаланылған әдебиеттер


  1. ҚР «Білім туралы» Заңы. – Астана, 2007 (15 сәуір 2016 жылы өзгертулер мен толықтырулар енгізілген).

  2. Қазақстан Республикасында білімді және ғылымды дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Астана, 2016 жыл // Қолжетімді түзім: adilet.zan.kz/kaz/docs/U1600000205

  3. Сүлейменова Р.А. Система ранней коррекционной помощи детям с ограниченными возможностями в Казахстане: проблемы создания и развития. Алматы, 2000. -23б.

  4. Қазақстан Республикасында инклюзивті білім беруді дамытудың тұжырымдамалық тәсілдері. Астана: Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2015. -13 б. // Қолжетімді түзім: http:www.edu.gov.kz/ru

  5. Мовкебаева З.А., Оралканова И.А., Бейсенова А. Инклюзивті білім беруді кіріктіруге педагогтарды дайындау бойынша әдістемелік ұсыныстар. - Алматы, 2016. -12 б.

  6. Масалиева Ж.А., Даркулова К.Н. Проблемы внедрения инклюзивного образования в школах города Шымкента//«Инклюзивті білім беру: тәжірибесі, мәселелері және даму болашағы»: атты ғылыми- әдістемелік семинар материалдарының жинағы. – Өскемен: С.Аманжолов атындағы ШҚМУ, 2016. – 44-46бб.

  7. Масалиева Ж.А., Даркулова К.Н. Қазақстанда инклюзивті білім беруді ендіру ерекшеліктері

//«Төртінші өнеркәсіптік революцияға 10 қадам: адами капиталды байыту мүмкіндіктері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының ғылыми мақалалар жинағы. -Шымкент:

«Оңтүстік Полиграфия», 2018. - 435-440 бб.

  1. Инклюзивті білім беру. Типтік оқу бағдарлама. «Білім» тобындағы мамандықтар үшін. Алматы, 2016. - 72-86 бб.

  2. Мектепке дейінгі инклюзивтік білім беру. Типтік оқу бағдарлама. 5В010100- Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу мамандығы үшін. Алматы, 2016. -74-83 бб.

  3. Республикалық тамыз конференциясының «Білім беру процесін психологиялық-педагогикалық қолдау инклюзивті білім беруді дамытудың басты шарты ретінде: стратегиялық жоспарлау, нәтиже, перспективті шешімдер» секциялық отырысы // Қолжетімді түзім: https://nao.kz/blogs/view/2/986?lang=kz



Материал жариялап тегін сертификат алыңыз!
Бұл сертификат «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жарияланғанын растайды. Журнал Қазақстан Республикасы Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігінің №KZ09VPY00029937 куәлігін алған. Сондықтан аттестацияға жарамды
Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!