Қапанова Гүлжібек
Нәбиқызы
Қызылорда қаласының оқушылар
мен жасөспірімдер үйі
Мәдени- көпшілік
меңгерушісі
Кітап оқу- рухани кемелденудің
кепілі!
«Кітап дегеніміз – алдыңғы
ұрпақтың келер ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан
тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік», – деген еді Ғабит
Мүсірепов. Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі –
білім қазынасы. Ол ұрпақтан-ұрпаққа ауызша, жазбаша түрде немесе
әдебиет арқылы да жеткен. Кітап адам баласының сан ғасырлық
ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. Кітап-
адамға жан азығы, рухани байлығы бола білген. Cол себепті оның
қасиеті қай кезде болмасын жоғары әр ұлттың, елдің келешегі мен
болашағын баян еткен, тарихы мен өткенін жыр еткен де - кітап
болатын.
Кітап – адамзат баласының баға
жетпес асыл құндылығы. Білім мен мәдениеттің биік белестеріне
жетелейтін–тәрбие құралы. Шығыс ойшылы Науаи: «Кітап – ақылына ақы
сұрамайтын алтын қазына» десе, Абай
атамыз:
Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта,
Ерінбей оқып көруге.
«Танымның бар тамашасы –
кітапта, оған қол жеткізу үшін кітап оқудан жалықпа» деп
насихаттайды. Осы сөздің астарынан терең ой түюге болады.
Кітап қоғамның дамуына ғана емес, адамның өмірден өз орнын табуы
мен оның санасын ізгілендіруге үлкен үлес қосады. Жапон
халқында «Әуелі миды тойдырайық, сонда ол қарынды тойдырады» деген
даналық сөз бар екен.
Әлқисса, Шығыстағы ел аузында
мынадай бір тәмсіл жүр.
Заманында бір әмірші өзіне
бағынышты елдің бүкіл білімдарларын жинап алып, тосын сұрақ
қойыпты:
– Дүниеде ең зор, керекті,
барлық нәрседен хабардар ететін не
бар?
Лезде біреулер «Дүниедегі ең
зор нәрсе – қылыш» десе, екінші біреулер «Ең керектісі – нан, одан
ұлық нәрсе жоқ» деп жамырасқан жұртшылық біраз жерге барыпты.
Айтылған жауаптардың ешқайсысына көңілі толмаған
әмірші:
– Үш күн мұрсат беремін,
маған тура жауабын тауып келіңдер, – деп үкім
етеді.
Уәзірлер дереу бас қосып,
ақылдаса бастайды. Сонда біреуі «көрші елде бір ғұлама бар, анық
жауабын бір білсе, сол білер» деп қалады. Тығырыққа тіреліп
тұрғандар бұған бірден келісе кетеді. Шұғыл хабаршы аттандырып,
әлгі ғұламаны сарайға алдырады.
– Дүниеде ең керекті нәрсе
не? – деп әмірші сұрағын
қайталайды.
– Кітап! – дейді ғұлама
нық сеніммен.
– Кітап дейсің бе? – деп
таңданыпты әмірші.
– Иә, дүниеде ең керекті
нәрсе – кітап, деп тағы қайталайды
ғұлама.
– Адам баласы үшін өмірде
екі нәрсе қастерлі әрі қажет. Олар – нан мен кітап. Нанды қалай
құрметтесек, кітап та соншалықты құрметке лайық. Нан – ризық,
несібе, дастарқанымыздың көркі, өмірдің берекесі болса, кітап –
өткенімізді баяндайтын тарих, бүгінімізді көрсететін айна, ертеңгі
күнімізді айтып беретін мұғжиза. Пәктену, иманның бүтіндігі, рухани
кемелділік те кітаптан. Кітап – адамның кеңесшісі, өмір сапарындағы
серігі. «Кітап көрмеген – надан, кітап кірмеген үй – тас қараңғы
зындан» дегенді бұрынғылар бекер
айтпаған.
Ғұламаның сөзін ешкім
бөлмейді, бірақ бәріне оның айтқаны ұнап бара жатқан сияқты. Ол
тоқтағанда, уәзірлер:
– Әміршім, сұрағыңыздың
дұрыс, жауабы осы болар? – деп гу ете
қалады.
– Сеніңше, мұхиттар мен
құрлықтар, жер бетіндегі ұлт пен ұлыстар туралы да хабар беретін
осы кітап па? – деп әмірші сынай
қарайды.
– Әлбетте, тақсыр! – дейді
бас иіп ғұлама.
– Төрткүл дүниені көз
алдыңызға келтіріп қоя алатын да, өмірі көрмеген адамдармен һәм
ел-жұртпен таныстыратын да осы кітап. Мысалға, мені алып қараңыз.
Мен туып-өскен ауылымнан көп ұзап шыққан адам емеспін. Бірақ осы
кітаптың арқасында дүниенің төрт бұрышын талай шарладым. Қасиетті
Құран Кәрім мен Хадис Шәріфтер де кітап екенін айтпасам да
болады.
Осы сөзден соң әмірші жадырап
сала береді. Оның «Сарайымда қал, кеңесшім бол» дегеніне көнбеген
ғұлама әмірші берген алтындарға жаңа кітаптар сатып алып, еліне
оралыпты.
Содан бері сан ғасырлар өткен
де шығар. Заман өзгерген, оған қоса көзқарастар өзгергенімен, кітап
өзгерген емес. Бағалай білгенге әу бастағы қадірін, қасиетін
жойған жоқ. Тек формасы түрленді. Біз жаһандану дәуіріндеміз. Қағаз
кітаппен бірге уақыт талабына сай, кітапсүйер қауымға қолжетімді
электрондық нұсқадағы кітаптың түрі көбейді. Заман ағымына сай,
мыңдаған том-том кітаптар кішкентай қалта телефоныңызға сыйып
кетеді. Кез-келген жерде, уақыт талғамай оқи бересіз. Былай қарасаң
заманауи кемелдену жолы шығар. Алайда дәстүрлі кітап оқудан кемшіл
тұсы жетерлік. Десек те, кітап оқудың кереметі: кітапты қолға алып,
парақтап оқу адамның өзіне деген сенімділігін арттырып, күш-қуат
беретінін ешкім жоққа шығара
алмас.
Жұртшылықтың кейінгі кездері
көркем әдеби кітаптарды ғана емес, жеке тұлғаны дамытатын, өзін-өзі
жетілдіретін танымдық психологиялық, мотивациялық, бизнес
әдебиеттерді көп оқитыны белгілі. Әдеби туынды – жазушы қиялының
жемісі. Ал қазіргі ұрпақты «Z» ұрпақ десек, олар көбінде қиялмен
емес, нақтылықпен өмір сүргенді құп көреді. Қазіргі кезде көп
адамның психологиялық танымдық яғни, адамның жанына үңілетін, өзін
тануына көмектесетін, өз бойындағы қасиеттермен жұмыс жасауды
көрсететін кітаптарды оқуға деген қызығушылығы артқан. «Талғамға
талас жоқ» десек те, көркем әдеби шығармаларды көп оқыған
оқырманның қиялы мен сана-сезімі мазмұнды шығармалар мен тарихи
танымдық кітаптарды оқыған кезде ғана дамиды. Әдеби, көркем сөздер
адам жанын тыныштандырып, ағзаны жағымсыз дүниеден
тазартады.
Адамның тұлға болып
қалыптасуына көптеген факторлардың әсері бар. Атап айтқанда
ата-ана, қоршаған орта, салт-дәстүр мен әдет-ғұрып және рухани
азықты атауға болады. Рухани азықтың қайнар көзі – кітап. Балаға
кітап оқу әлемін ерте жастан таныстырған жөн. Кітап оқи отырып
баланың ойлау қабілеті мен сауаттылығы артады. Айтар ойын еркін
жеткізіп, ойлау қабілеті қалыптасады. Ең бастысы, жадыны
жақсартады. Оқу процесі баланы уақытты үнемдеуге тәрбиелейді.
Сондай-ақ бөтен ортада өзін еркін сезіне алады. Сөздік қорын
дамытып, шебер сөйлеуге әдеттенеді.
Осы орайда, оқырманның көркем
шығарма оқуға қызығушылығын арттыра отырып, эстетикалық
дүниетанымын кеңейту, сөздік қорын байыту, ақын-жазушылардың
шығармаларын құрметтеп, рухын қастерлеуге, ана тілін ардақтауға
тәрбиелеу, әдеби тілді сауатты еркін меңгеруге қалыптастыру, жеке
тұлғаның мәдениетін дамыту мақсатында Қызылорда қаласының оқушылар
мен жасөспірімдер үйінде «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында
«БУККРОСИНГ», «Оқуға құштар ұлан», «Бабалар үні», «Ахмет оқулары»,
«100 жаңа оқулық», «Президент оқуға ұсынған 30 кітап», «Оқуға
құштар құрдастар» және отбасылық кітап оқу құндылығын қалыптастыру
мақсатында «Менің атым Қожа» сайысы мен кітап оқу акциялары
жүргізіліп келеді.
Сонымен қатар, 20 минуттық
кітап оқуды жандандыру мақсатында "БІЛГЕНІҢМЕН БӨЛІС" жобасы
аясында әрбір үйірме жетекшісімен өздерінің жан-дүнеиелеріне жақын
жанр бойынша немесе пәндік бейінділіктері бойынша оқыған кітаптарын
көпшілікпен бөлісіп, кітаптың авторы мен шығарма желісін қысқаша
мазмұндау арқылы өзі оқыған кітапты оқуға кеңес беретін
педагогикалық оқылымда жолға қойылып
келеді.
Қорыта айтқанда, Президентіміз
Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітап оқу – рухани кемелденудің кепілі.
Қазіргі уақыт секунд сайын жаңарған ақпарат заманы. Алтын
уақытымызды пайдалы істерге жұмсағанымыз жөн» деген сөзін жадымызға
түйгеніміз абзал. Әлемді технология жаулаған уақытта кітапқа
деген құмарлықты арттыру басты талап десек: ізгілік,
мейірімділік, қайырымдылық, гуманизм орнаған қоғамда білім, ғылым,
бизнес қана емес, мемлекеттің барлық саласы дамып, жанданады.
Өркениетті деңгейге жету үшін кітаптың, кітап оқудың маңызы зор
екенін түсінуіміз керек. Сонда ғана рухани қажеттілігімізді
үздіксіз жетілдіре аламыз. Интеллектуалды ұлтты қалыптастырудың бір
жолы – кітап оқу, сондықтан ел ертеңі деп санайтын жас
жеткіншектерге кітап оқуды насихаттайық! Кітап оқу - рухани
кемелденудің кепілі! Кітап оқудан қол
үзбейік!