Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
ЛУДОМАНИЯНЫҢ ЛАҢЫ КӨП
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
ЛУДОМАНИЯНЫҢ ЛАҢЫ КӨП
Автордың аты – жөні
Мекеме атауы
Аңдатпа: Бұл мақалада лудомания деген сөзге кеңінен анықтама беріліп, оның қауіпі туралы жан – жақты жазылған. Балалар арасында тәуелділіктің түп төркіні зерттеліп, одан қорғаудың жолдары қарастырылады. Қоғамда лудоманияның дәріптелуі, жылтыраған жарнаманың соңы қандай жайттарға әкеліп соғатыны жөнінде сөз етіліп, ғаламтордың, тың технологиялардың жағдайға әсері баяндалған. Жас жеткіншектердің ойынға құмарлылығын бәсеңдетудің әдіс – тәсілдері айтылып, жүзеге асыруға тиіс жұмыстар тізбегі жазылған. Практикада қолданылу барысы сөз етіліп, мәселені шешу жолдары жөнінде ұсыныстар көрсетілген.
Түйінді сөз: лудомания, балалар, психология, мәселе, қоғам, ойын, әдіс – тәсіл
Аннотация: В этой статье дается определение слова лудомания и подробно рассказывается о его опасности. Исследуется причина возникновения зависимости среди детей и рассматриваются пути ее защиты. Речь идет о пропаганде лудомании в обществе, о том, к чему приводит конец рекламы, о влиянии интернета, новых технологий на ситуацию. Изложены приемы и приемы замедления увлечения юными подростками игрой, изложена последовательность работ, которые необходимо реализовать. Изложен ход применения на практике, даны рекомендации по решению проблемы.
Ключевые слова: лудомания, дети, психология, проблема, общество, игра, метод
Abstract: This article defines the word ludomania and describes in detail its dangers. The cause of addiction among children is investigated and ways to protect it are considered. We are talking about the propaganda of ludomania in society, about what the end of advertising leads to, about the impact of the Internet and new technologies on the situation. The techniques and techniques of slowing down the enthusiasm of young teenagers for the game are described, the sequence of works that need to be implemented is outlined. The course of application in practice is described, recommendations for solving the problem are given.
Keywords: ludomania, children, psychology, problem, society, game, method
Кіріспе:
Қазір инновациялық технологиялардың қарқынды дамып, түрлі гаджеттер мен ақпараттық – коммуникациялық құрал – жабдықтардың қол жетімділігіне орай жас жеткіншектердің ермегі – желілік ойындар мен бағдарламаларға ауғаны рас. Балалардың назарын аударып, психологиясына кері әсер ететін ойын түрлері өте көп. Оларды жарнамалау тәсілі те жан – жақты жүргізілуде.
Цифрлық тәуелділік – жыл артқан сайын балалар арасында өзекті мәселелер қатарынан орын алуда. Смартфонға жіпсіз байланған жат жеткіншектердің бойында агрессия, зейіннің төмендеуі, сабаққа деген құлшынысытың болмауы нәтижелерге алып келуде. Оның ішінде ойындарға деген ықылас ерекше байқалады.
Лудомания – ойынға деген құмарлық. Адамның ақыл – ойы мен бар санасын шырмайтын дерт бұрын тек ересек адамдар үшін қауіп төндіретін болса, қазіргі таңда балалар арасында да белең алып барады.
Психологиясы әлсіз, ойын жетегінде кеткен балалардың түрті тапсырмаларды орындаймын деп соңында қайғылы жағдайлардың орын алғанын да жасыра алмаймыз. Қазір адамдарды виртуалды басқару оңай. Ал, пиғылы арам жандардың тырнағына ең алдымен балалар ілінетіні анық. Себебі, олар сенгіш, адамдардың мінез – құлқын, түпкі мақсатын саралап жатпайды, бірден асығыс шешім қабылдауға әуес. Үйіндегі ересектер мен мектептегі мұғалімдерінің сөзін тыңдамай, таныс емес адамның тапсырмасын орындауға құлшынып тұрады. Бұл әсіресе, жасөспірімдік шақта айқын аңғарылады.
Жасөспірім кезеңі – адамның физикалық және психологиялық жай күйінің жаңа этапқа өтуіне орай мінез – құлықта өзгеріс орын алып көңіл – күйінің тез бұзылуы, қоршаған ортаға деген көзқарасының басқаша өрбуіне алып келеді. Әдетте құмар ойынға деген қызығушылық та дәл осы сәтте басталады. Көздің жауын алатын жарнамалардың сан мыңдаған түрі сананы шырмап, балалар өз жақындарына ересек екендерін дәлелдегісі келіп, өздігінен әрекет ете бастайды. Осылайша, түрлі ойын жетегінде кетіп, оның қаншалықты жеке басына қауіп төндіріп жатқанын да аңғармай қалады.
Әдістеме
Ойынқұмарлық жүре барып жабысатын дерт пе деп ойлаймын. Мамандар қазір осы ойынқұмарлықты лудомания деген психологиялық дертке жатқызып жүр. Тағы да сол мамандар осы лудомания дертінің маскүнемдікпен және нашақорлықпен бірдей екендігін дәлелдеген көрінеді. Кез келген адамның бойына жабысқан бұл дерттің алғашқы белгілері бойынша құмар ойыншының көңіл күйі болмайды екен. Бәрінен түңілуге ұшырайды. құмар ойынға әбден тәуелді болған жас бала, болмаса жасөспірім бара – бара ата – анасының қалтасынан, ересек жандар отбасынан ақша ұрлауды бастайды. Қарыз алып, қарызға да батады. Бұдан соң өтірік айтып, сол өтірікпен өмір сүреді. Бұл кеселдің соңы қайғымен де аяқталатыны бар...[1, 2 б.]
Қазіргі таңда желілік байланыс арқылы әлемнің кез – келген еліндегі адаммен ойынға қосылып, бірлесіп әрекет етуге мүмкіндік бар. Бұл әрине, баланың уақыт регламентіне әсер етіп, дамудағы ең маңызды құрал – ұйқының бұзылуына алып келеді.
Адамның ұйқысы дұрыс болмаса ол ашуға икемді, шаршаңқы, ештеңеге зауқысы болмайтын, энергиясы аз, селсоқ күй кешеді. Ал, лудоманияға ұшыраған балалардың бар ойы тек ойынға қосылу, оны жалғастыру болғандықтан тәтті ұйқыларын соған алмастырып, түн жарымына дейін ұйықтамай, таң ертең ерте тұру тәрізді күнделікті дағдыға айналғандықтан, психологиялық күйзеліске ұшырап, жағымсыз мінез – құлықты әдетке айналдыра бастайды.
Балалардың психологиялық өзгерісі өте көп жағдайда отбасылық кикілжің мен, ұстаздары, қоғамдағы адамдармен дұрыс коммуникация құра алмау мәселесіне алып келеді. Балалар өздерін ешкім түсінбейтіндей күй кешеді. Психологиясына тиген соққы сабақ үлгеріміне де әсер етіп, оқуға селқостық таныту, ештеңеге қызығушылық білдірмеу тәрізді көптеген кесапаттарға әкелуі мүмкін.
Әрине, әр ата – ана өз баласын жаман болсын демейді. Қатарынан қалдырмау үшін қажетті құрал – жабдықтармен қамтамасыз етіп, қолындағы барын беруге тырысады. Әлеуметтік желінің әбігерге саларын, ойыннан от шығатынын болжамайды. Заман талап еткен соң, оқуға да қажет болған соң еріксіз сатып алуға мәжбүр. Алайда, тағылымды тәрбие мен қадағалау қайткен күнде де ұмыт қалмауы тиіс. Бірақ тым қаталдық танытқан кезде де балалар ойын өзге арнаға бұрып, психологиялық күйзеліс салдарынан ойын жетегінде кетуі мүмкін. Сондықтан, балалардың гүл тәрізді нәзік, тал шыбықтай иілгіш екенін ұмытпағанымыз жөн.
Мен психолог – педагог ретінде әр баламен жеке тілдесіп, жай – күйін, отбасылық жағдайын, қызығушылығын, сабақ үлгеріміндегі өзгерістерді, бәәрін – бәрін біліп отыруға тырысамын. Құмарлылықтың басы – қызығушылық. Ойынның осал тұсы сол – балалар үшін барынша қызықты ойластырылуында. Бұдан пайда тауып отырғандар балалардың назарын аудару үшін түрлі әрекетке баруда. Алайда, мектеп оқушылары, ата – аналармен тығыз жұмыс жасау арқылы қатердің алдын алып, қоғамның кішкентай тұрғындарының қауіпсіздігін сақтай аламыз.
Оған қоса, арнайы сауалнама жүргізу, ата – аналармен тығыз қарым – қатынас орнату, арнайы дәріс сабақтарын жүргізіп құмарлықтың алдын алу түрлі әдіс – тәсілдер негізінде жүзеге асрылуы шарт. Ең бастысы оқушылар бұл ақпараттың бәрі анонимді сақталатынына сенімді болуы шарт. Себебі, олар өздеріндегі бұл өзгерісті өзгелердің білгенін қаламайды, ал кейде тіпті ішіндегі сырды жақындарына да жеткізе алмауы мүмкін. Сол себепті, педагог – психологтардың басты мақсаты, оқушымен сенімді қарым – қатынас орнату.Сонда ғана жұмыс жемісті болмақ.
Практикада қолдану
Қазіргі таңда бала психотерапиясы саласында ойын терапиясы – балаға көмек берудің жалғыз жолы десек, қателеспейміз. Ойын – психологияда баланы тану мен балаға әсер етудің бірден – бір әдісі. Тек балаға ғана емес, сонымен бірге, ересектердің де өзін – өзі тануында, дамуында ойынның «трансформациялық әдістер» қатарына еніп, соңғы кездері тәжірибелі психологияда кеңінен қолданыла бастады.
Ойынның баланы тану мен оған әсер етудің басты құралы ретінде танылуының өзіндік себебі бар. Бала санадан бұрын қиял мен образдардың әлемінде өмір сүреді. Өз тіршілігінде болып жатқан барлық құбылысты санамен емес, өз қиялының жеткен деңгейінде қабылдайды. Қиялындағы ойын арқылы сыртқа шығады. Мысалы, көркем әдебиеттерден балалық шағы Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарына сәйкес келген балалардың фашистерді жеңіп, «соғыс ойынын» ойнауы көбірек суреттелген. Яғни, бұл кездегі бала қиялындағы бар арман – соғыстың тезірек аяқталып, бейбіт өмір басталып, әкесі мен ағаларының келуімен байланысты болғанын көреміз. Мысалы, Сайын Мұратбековтың «Жабайы алмасындағы» Әжібектің – өзін балалар арасында «Бас қолбасшы» етіп, Ырысбекті – адьютанты, ал балаларды әскерге айналдырып алуына көңіл бөлейікші. Балалар «Бас қолбасшы» берген әрбір команданы бұлжытпай орындауының астарында соғыс балаларының әке мен ағаға деген «аштығы», ынтызарлығы, қастарында жоқты аңсап, олардың орынын Бас қолбасшы мен оның адьютанты арқылы толтырғандығын байқаймыз.
Ал, кеңестік кезеңдегі және одан кейінгі балалардың мектепте мұғалім, оқушы, ата – ана болып ойнауының астарында осы кезеңдегі ең басты үрдіс – балалардың мұғалімнің өте жоғары беделін сезгендігін, жұмысбасты ата – ананың жетіспеушілігін ойынға қосқан жүрегінің түбіндегі мұңын көруге болады.
Қазіргі балаларға келсек, олардың ойнайтын ойындары көбінесе, қайшылықтардан өту, өз құндылықтарын іздеудің төңірегінде болып отыр. Мысалы, «Minecraft» ойыны арқылы балалар алдымен өздері тіршілік ететін кеңістіктерді дайындап, сол жерде бірегей әлемдерін орнатады. Ойын әлемінде ешқандай шектеу жоқ. Бұл кеңістікте балалар түрлі пайдалы қазбалар – құндылықтар іздеп табады, т.с.с. Мұндай ойынға әуес балаларға қатысты «Олардың тіршілігі неліктен виртуалды әлемде ғана мүмкін? Ата – анасы оларға әдемі орта қалыптастырып бере алды ма? Бала құндылықтарын сезіп, оған көрсете алып жүр ме?» деген сұрақтардың туындайтыны заңды.[2, 77 б.]
Олай болса ойын элементтерін қолдана отырып оқушылардың психологиялық жай – күйін бағдарлау, оған баға беру, мінез – құлығындағы өзгерістер мен қызығушылығын талдау арқылы біз әр шәкірттің тұлғалық ерекшелігін саралай аламыз. Бұл бірлесіп әрекет етуге мүмкіндік беріп, ойын бүкпесіз жеткізуге, сырын ашуға септігін тигізеді.
Сұрақ – жауап, диалог құру арқылы да баланың бойындағы басым бағыт, оны алаңдататын жағдаяттармен таныса аламыз. Әдетте, көңілді жүрген балалардың өзінде үлкен проблема жатуы мүмкін. Көбісі сыртқа білдірмеуі үшін қоғамдық ортада өзін қалыпты ұстап, бірақ ішкі жай – күйі аласапыран күйде болғандықтан, психологиялық күйзеліске ұшырайды. Ал, мектеп мамандарының міндеті әр баланың әлеуметтік жағдайы, білім деңгейімен қатар, ішкі әлемінде болып жатқан өзгерістерге үңіле алу қажет. Ол үшін түрлі сауалнамалар дайындап, ойын элементтерін түрлендіре отырып пайдаланып, жекелей сұқбаттар жүргізіп, үнемі психологиялық диагностика жасап отыру қажет.
Психодиагностика – жағдайды жіті назарда ұстап әр баланың бойындағы өзгерістерді аңғаруға мүмкіндік береді. Ұзақ мерзімде бақылау жағдайға баға беруге, оны сырттай саралап, орын алған мәселеге назар аударуға жол ашпақ. Әр баланың жас ерекшелігін ескере отырып, өз даму деңгейіне сәйкес психологиялық мінез – құлықтың қалыптылығы, агерссияның тым артуы немесе бәсеңдеуі, сабаққа ынтасы, қоршаған ортамен коммуникация құру дағдысы, тағы осы тәрізді сәттердің бәрін жіті назарға ала отыра, кез – келген мәселенің алдын алуға болады. Әр баланың психологиясы әр – түрлі. Олардың өзіне тән жеке ерекшеліктерін ескере отырып қажетті шараларды іске асыру, дер кезінде әрекет етіп, қауіптің алдын алу жоғарыда көрсетілген әдіс – тәсілдер негізінде қолжетімді болмақ.
Ұсыныстар
Қазіргі балалардың ойын алаңдарындағы түрлі автоматтарды алып қараңыз, бала санасы осы арада уланып жатыр. Сондай – ақ әлі тілі шықпаған сәби де қолындағы ұялы телефондағы түрлі ойындарға есі кете алданатын болған. Қазіргі ата – аналардың жылаған, мазасызданған балаларын уататын да, алдандыратын да осы калтафон болып барады. Тіпті, компьютер ойыны, букмекерлік ұтыстар, жай ғана ойын автоматтарының өзі қанымызды қыздырып қана қоймай, жанымызды бұзып жатқандығы да алаңдайтын жайт. Сонда біз өз балаларымызды туа сала құмар ойынға бейімдеп жатқан жоқ па екенбіз? Қазақтың бір ойланатын тұсы, міне, осы!
Ойынқұмарлықпен мемлекеттік деңгейде күресу керек. Бұқаралық ақпарат құралдары, сайттарда онлайн казинолар, букмекерлік компаниялардың жарнамасы қаптап кеткен. Радионы қоссаңыз да жарнамасф айқайлап тұрады. Қаланы аралап көріңізші, онлайн казиноға шақырған жарнамалар өте көп. [3, 2 б.]
Сол себепті, балаларға арналған ақпаратты сүзгіден өткізу, жас ерекшелігіне сай ғаламторда ересектерге арналған жарнамалардың орын алмауын іске қосу қажет. Ата – аналар қадағалайтын көптеген бағдарламалар бар, бірақ олардың көбісін ел тұрғындары білмейді. Қауіпсіздік шараларын іске қосатын қажетті дүниелерді халыққа жеткізу жан – жақты жүргізілуі шарт.
Қорытынды:
Лудомания – тек ересектер үшін қауіпті деп ойласақ қателесеміз. Ол бала кезден бастау алып, тіпті осы кезеңде көптеген қиындықтардың туындауына түрткі болуы мүмкін. Әсіресе қазіргі әлеуметтік желілердің қол жетімділігі, ғаламтормен еркін байланыс орнатылуы, ұялы телефонның балалар арасында кең қолданысқа ие болуы мәселені ушықтыруда.
Мектеп жасындағы жандар еліктегіш, кез – келген жарнамаға иланатын, тәуелкелге бел бууға даяр, бір – біріне ақпаратты тез таратып, өз – ара келісімге келіп, бірлесіп әрекет етуге құмар жандар. Олар қауіптің туындауынан бейхабар, қоғамдағы жаға ұстатарлық жайттарды естісе де жеке басына төнбейді деп өз – өзін сендіріп, түрлі ойын жетегінде еріп кетуі мүмкін. Сондықтан, ең алдымен тағылымды тәрбиені әр баланың бойына терең сіңіріп, екіншіден психологиялық тұрақтылық, яғни жауапкершілік сезімін арттыруды ұмытпағанымыз абзал. Барлық дайын затқа үйреніп, қалаған дүниесіне еш қиындықсыз жететін, «жоқ» деген сөзді білмей өскен балалардың да бойында лудоманияға тәуелділік тез қалыптасады. Себебі, олар кедергіге ұшырамаған, барлық қалауын дер кезінде орындағанға бейімделіп, жеңіліс табуды білмейтін жандар. Тіпті, озат оқушылардың өзі ойын қуалап кетуі де ғажап емес. Себебі, ол бәрін білемін деп ойлайды. Олай болса, бұл қауіп кез – келген жанды айналып өтпеуі мүмкін. Сондықтан, ең алдымен психологиялық тіректің, ішкі сенімнің жоғары болуына мән бергеніміз абзал.
Балалар біздің болашағымыз. Барлық игі жақсылықты сіңіріп, жамандықтан бойды аулақ ұстауға шақыру, қауіптің алдын алу қоғам алдында тұрған үлкен міндет. Жан – жақтан жағымды эмоция сыйлап, келеңсіздіктің алдын алуға әрқайсымыз үлес қосуымыз қажет.
Қолданылған деректер:
-
Ерғалиев, Ж. Құмар ойын қаныңды қыздырып, жаныңды бұзбасын! [Мәтін] / Ж. Ерғалиев // Егемен Қазақстан. - 2019. - № 85. - 6 мамыр. - 6 б. ISSN<br>
-
Өзге бұлақ: балаға қараудың экзистенциялық негіздері [Мәтін] / Н. Молдабайқызы ... – Нұр-Сұлтан : Полиграфкомбинат, 2022. - 112 б.
-
Есали, А. Онлайн ойын ойраны [Мәтін] / А. Есали // Егемен Қазақстан. - 2023. - 19 сәуір (№ 73). - 5 б. ISSN 1999-9720.<br>