АБАЙ АФОРИЗМДЕРІНДЕГІ ТАНЫМ
МӘНІ
Ерқалым Ұ.К., қазақ тілі мен
әдебиеті пәнінің мұғалімі
Талдықорған қ. М.В.Ломоносов
атындағы №5 орта-мектеп лицейі
E-mail:
erkalym@inbox.ru
Бұл мақалада Абай
афоризмдерінің мәні, таным мәселесі қарастырылады, сондай-ақ адам
танымына әсері мысалдар арқылы
көрсетілген.
Кілт сөздер: афоризм, таным,
дидактика, Абай философиясы, Абай мұрасы.
В данной статье
рассматриваются сущность афоризмов Абая, проблемы познания, а также
влияние на познание человека показано на
примерах.
Ключевые слова: афоризм,
познание, дидактика, философия Абая, наследие
Абая.
In this article discusses
about essence of the aphorisms of Abay and its problem of
knowledge, as well as the impact on human knowledge is shown by
examples.
Keywords:
aphorism, knowledge,
didactics, philosophy of Abai, Abai's
legacy.
Афоризм – бірінші кезекте
дидактикалық поэзияның жемісі, ал Абай шығармаларындағы
афоризмдерде, – жалпы әлем әдебиетінде ортақ заңдылық негізінде, –
абайлық өсиет сөздердің, дидактикалық-философиялық, тілдік-стильдік
тәсілде көрініс тапқан. Ал ұлы ақын шығармаларында дидактиканың
орын алуына себеп болған жай, яғни сол кездегі қазақ өміріне тән
қоғамдық жағдайлар болып табылады.
Афоризмдер өзінің құрылымдық
ерекшелігі мен мазмұнына қарай ықшам әрі адамға ой салатындай,
ойтүрткі болатын ерекшелігі бар. Адамда идея мен ассосацияның
тууына ықпал етеді.
Сонау көне дәуірден бері
афоризм өркениет әлемінен орын алып келеді. Ол халық даналығын
байытып, арман-үмітін, мүдде-мұратын бейнелейді, сондықтан қоғамдық
пікірдің қорытпасына, ой-толғамына айналып
отыр.
Оның тақырыбы ауқымды, адам
мен қоғам өмірінің ең мәнді тұсына, адамды үнемі толғандыратын,
толқытатын мәселелерге көңіл аударады.
Афоризмнің әдеби жанр ретінде
қалыптасуын анықтау үшін оның тарихына бойлап, «сөз» ретіндегі және
жанр сипатындағы мағынасын анықтап алған
орынды
Неміс ғалымдарының нұсқауы
бойынша, бұл сөз (афоризм) антика әдебиетінде «даналық сөз»,
«сентенция», «қысқа әрі сығымдалған стиль» мәнінде қолданылғаны
тарихтан белгілі болып отыр [1, 13 б.].
Көне грек ғалымы, атақты
Гиппократ біздің дәуірімізден 400 жыл бұрын өзінің медициналық
трактатын афоризм (грек тілінде – Aphorismos – анықтама, шектеу)
деп атаған. Онда аурудың белгілері мен диагноз қою, аурудың алдын
алу мен сырқатты емдеп жазу, сауықтыру туралы деректер берілген.
Трактат «Өмір – қысқа, өнер – мәңгілік» деген нақыл сөзбен
ашылған.
Афоризмдер жайлы зерттеу
жүргізгенде анықталған тағы бір жәйт, афоризм «сөз» мағынасында
Ресейде ХҮІІ ғасырда пайда болып, оның медициналық және әдеби мәні
қатар қолданылған. Ресей Академиясының Сөздігінде (1788) афоризм
(афорисм) «аз сөзге көп мағына сыйдырған», «иппократтық» әрі
«адамгершілік насихат» айтатын қағида деп қарастырылады. ХҮІІ
ғасырда атақты орыс жазушысы А.Т.Сумараков афористика жанрының
өрістеуіне үлкен үлес қосқан, ХҮІІІ–ХІХ ғасырларда А.Пушкин,
Л.Толстой, Салтыков–Щедрин, Ф.Достоевский, В.Белинский сияқты ұлы
жазушылар одан әрі жетілдіре түседі [1, 186
б.].
Абай афоризмдерінің тақырыбы
ауқымды. Тілдік тұлға моральдық-этикалық, педагогикалық,
әлеуметтік-философиялық, саяси-мәдени мәселелерге ден қояды. Ол
қоғам мен адам өмірінің қарапайым қалтарыс құпиясынан бастап,
күрделі мәселелеріне дейінгі аралықты диалектикалық бірлікте
тұтастырып жібереді.
Жалпы Абай афоризмдернің
мақсаты не? – деген сұрақтың туындауы орынды. Абай ақындықты
әлеуметтік қызмет деп бағалады. Қысқа да нұсқа сөз мәйегі санаға
бірден ұялайды. Абай өзінің әлеумет өміріндегі рөлін жақсы
сезінеді. Оған уәж болатыны – Абай өз кезеңінің ақыны ғана емес
ұстазы да болатын, әрі ақындықты азаматтық парызым деп санаған,
«сөйтіп, өз заманының ұстазы, өмірді оқушыларына үйретуші, танытушы
ақын Абай» дискурсында нақыл, ақыл сөзге мол орын берілген. Ол
мораль философиясын «толғауы тоқсан қызыл тілге» айналдырады.
Философиялық ұғым қалыптастыратындай дәрежеге
көтереді.
Абай афоризмдерінің шеберлігі
– оқушының қоғамдық көзқарасының мызғымастығы мен таным
көкжиегінің, жан-жақты даярлығының тұңғиық қорытпасы, олардың
жоғары эрудициясы мен шешендік білік, білім және дағдылар жиынтығын
қамтитын мәдениеті.
Таным процесі сезімдік
танымнан және рационалдық танымнан құралады.
Танымның бастапқы
пункті және негізі –
практика
(тәжірибе).
Абай он
тоғызыншы қара сөзінде таным процесі туралы
жазған:
«Адам
ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып
ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені,
көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін
ескеріп жүрген кісі өзі де есті
болады».
Таным
процесінің бірінші сатысы - сезімдік
таным.
Сезімдік таным дегеніміз - сезім мүшелері:
көру, есту, сезіну және басқалар арқылы жүзеге асырылатын
танып-білу. Сезім мүшелері дегеніміз – ол біздің
айналамыздағы дүние жайындағы мәліметтер санамызға келіп- кіретін
бірден-бір қақпалар болып табылады.
Сезімдік
таным негізгі үш формада: түйсіктер, қабылдаулар және елестету
арқылы жүзеге асырылады.
Ұғым, пікір, ой тұжырымы логикалық (рационалды)
танымның негізгі формалары болып табылады. Олар арқылы
зерттеліп отырған заттың мәнін ашамыз. Ойлаудың бұл формалары адам
психикасының (жан әлемінің) заттар мен құбылыстардың өзіндік бар
немесе болуға тиісті болмысы мен мазмұнын білдіретін саласы, әрине,
ол құбылыстар тек сыртқы нәрселер ғана емес, адамның өз жан
дүниесінің көріністері де. Олар олай болса құбылыстардың қандай,
қалай, не (кім) екендігін жәнеде тиістілігін анықтауға бағытталған.
Ойлаудың негізгі формалары - пікір, ұғым және түйіндеу (ой
тұжырымы) [2, 89
б.].
Абайтанушы ғалым Қ.Жұмалиев:
«Абайдың табиғат, ел өмірі, сүйіспендік, өнер, ғылым тағы басқа
өмірдің әртүрлі салаларына арналған сұлу лирикаларымен қатар, өз
кезегіндегі шет көрген мінез-құлықтарды қатты сынаған улы
сатираларымен қатар, өз кезеңіндегілерге сабақ, кейінгілерге үлгі
ретінде айтқан өлеңдерінің идеялық мазмұны, характері ақыл, нақыл
сөздерді керек етті» деген пікірінен Абай афоризмдерінің тақырып
аясын аңғарамыз. Осы ретте даналық ақыл беретін мысалдарына талдау
жасасақ [3, 317 б.].
Ұлы ақынның тілдік тұлғасы
дидактикалық, тәрбиелік мәндегі қара сөздерінде барынша ашыла
түседі, өйткені қарасөздерінің жазылу мақсатының өзі тілдік тұлға
болмысынан келіп шығады.
Абай отыз жетінші қара сөзінде
нақыл сөздерді тізеді. Нақылдардың барлығы дерлік адам бойындағы адамшылық
қасиеттерді ардақтауға бағытталған. "Адамның адамшылығы істі
бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес", – дейді
Абай.
Жалпы, қара сөзде
ақын адам
бойындағы қайратсыздық, заманның адамға әсері, білімге талпыныс,
достық, тіленшілік, білгенді үйрету сынды тақырыптарды
қозғайды.
«Адам баласын заман өсіреді,
кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват», – деп әр
адамның заманға, заманның адамға әсерін сөз қылады.
Абай заманды қалыптастыратын адамдардың өздері екендігін,
сондықтан, әркім өз танымын дамытуға, өзін тәрбиелеуге күш салуы
керектігін меңзейді.
«Мен егер закон қуаты қолымда
бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін
кесер едім», – деп, адамның кез келген уақытта өзін қолына алып,
түзете алатындығын айтады.
«Бақпен асқан
патшадан
Мимен асқан қара
артық;
Сақалын сатқан
кәріден
Еңбегін сатқан бала артық», –
деп, білімге құштарлықты, адал еңбекті насихаттайды.
Абай, осылайша, қара сөзінде
қоғамдағы олқылықтарды сынап, ұрпаққа, замандастарына жақсылыққа
апарар жолды меңзеп, әсер етуге тырысады.
Ойшыл ақын халықты оқу-білімге
үндейді:
«Малды сарып қылып, ғылым табу
керек.
Өзіңе табылмаса, балаң
тапсын.
Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние
де жоқ.
Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан
ораза, қылған қажылық ешбір ғибадат орнына бармайды», — дейді [3,
144–145 б.].
Адамзат қоғамы пайда болғалы —
ұрлық, бұзақылық жойылмай келе жатқан жат қылықтар. Абай заманында
осындай жолсыздықтар жаңбырдан кейін қаулап шығатын саңырауқұлақ
сияқты қаптап кетті.
Абай: «Ғұмыр өзі — хақиқат.
Қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда кəмəлат жоқ», — дейді. Нақтылы ой.
Бар мəселенің кілті — ғұмыр. Тек ғұмыр болған соң ғана, өзге
нəрселер туралы мазмұнды əңгіме жасауға болады [3, 199
б.].
Абай қай өлеңінде немесе қай
қара сөзінде болсын қулықты, зұлымдықты, арамдықты дəріптемеген.
Керісінше, сондай жаман қасиеттерден жұртты жирендіріп, адалдыққа,
имандылыққа тəрбиелеген.
Ол отыз сегізінші сөзінде
былай дейді: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нəрсе бар. Сонан
қашпақ керек: Əуелі — надандық, екінші – еріншектік, үшінші —
залымдық деп білесің.
Надандық — білім-ғылымның
жоқтығы, дүниеден ешнəрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік
хайуандық болады.
Еріншектік — күллі дүниедегі
өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік бəрі
осыдан шығады.
Залымдық — адам баласының
дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш
хайуан хисабына қосылады» [3, 207 б.].
Абай өлеңдеріндегі
афоризмдерге тоқталсақ:
«Жаманға жүзің
салма,
Малды екен
деп.
Жақсыдан қолыңды
үзбе,
Жарлы екен
деп»,
«Өнерлі жігіт өрде
озар,
Өнерсіз жігіт жер соғар», -деп
кімнен қашып, кімнен қол үзбеу керектігін айтса, соңында ол да жоқ.
Өнерлі жігіт пен өнерсіз жігіт туралы өзінің бақылай келе қорытқан
пікірін айтады. «Мынаны ал, ананы алма»
демейді.
«Әсемпаз болма
әрнеге,
Өнерпаз болсаң
арқалан.
Сен де бір кірпіш
дүниеге,
Кетігін тап та, бар, қалан». [4, 158 б.]
«Досыңа достық – қарыз іс,
Дұшпаныңа әділ бол!» [4, 130
б.]
«Егіннің ебін,
Сауданың тегін,
Үйреніп, ойлап мал ізде.
Адал бол, бай тап,
Адам бол, мал тап,
Қуансаң, қуан сол кезде.
Біріңді, қазақ, бірің дос,
Көрмесең, істің бәрі бос...» [4, 96
б.]
«Еңбек қылсаң ерінбей,
Тояды қарның тіленбей». [4, 96
б.]
«Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап, босқа күлуге.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ,
Бес дұшпаның білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой,
Бес асыл іс көнсеңіз...» [4, 61
б.]
Бұл келтірілген үзінділерде ақын өнер, ғылым,
еңбек, достық,
қастық, әділдік, өсек, өтірік, жауыздық, рахымшылық, талап, ұят,
ар, тағы басқа
бірнеше нәрселердің бетін ашып, не нәрсені адам қасиет біліп
үйрену, не нәрседен
қашу керектігіне басалқылық жасап, даналық ақыл береді, сондай-ақ танымды арттыруда
маңызы зор. Осылар тәрізді өмірдің әр
саласын алып, аз сөзге көп мағына сыйғызып, жұртшылыққа айтқан
Абайдың өнегелі сөзі, үлгілі өсиеті көп.
Афоризм – құрылысы жағынан
мақал сияқты, бірақ тың жайды айтатын күшті сөз. Абайдың
аудармаларының ішінде де афоризмдер бар. Олар мақал болуға даяр
тұрған сөздер: «Досы жоқпен сырлас, досы көппен сыйлас, қайғысыздан
сақ бол, қайғылыға жақ бол»; «Қайратсыз ашу – тұл, тұрлаусыз ғашық
тұл, шәкіртсіз ғалым тұл». Екінші мысалдағы «тұл» сөзіне
этимологиялық сөздікті қолданып талдасақ, көне түркі тілінен шыққан
сөз, қазіргі түркі тілдерінің көбінде қолданылады. Азербайжан,
түрік, гагауз тілдерінде дул, өзбек, қырғыз, ұйғыр
тілінде тұл. Осы тілдердің көпшілігінде тұл сөзі жесір әйелді
білдіреді. Қазіргі қазақ тілінде тұл сөзі ауыспалы мағынада да
қолданылады [5, 193 б.], [7, 13 б.].
Абай афоризмдері ақынның жеке
шығармашылығы аясымен ғана тұйықталып қалған жоқ, әдеби тіл қорынан
лайықты орын алды. Тіпті халық тілінің төл туындысына айналды,
әдеби тілді байытуға үлес қосып, тілдік мәртебені
жоғарылатты.
Абай афоризмдері ұлттық
психологияның жағымды–жағымсыз тұсына түйін жасап қана қоймайды, ең
озығын одан әрі бекіте түседі [6, 75 б.].
Афоризмдер – Абай тілдік
тұлғасының негізгі стильдік ерешелігі, басты көрсеткіші болып
табылады.
Абай шығармаларындағы
афоризмдер қазақ дүниетанымының айнасындай болып, қазақ ойын
жаңғыртады, сөйтіп қанатты ойлары мен ажарлы афоризмдері бүкіл
шығармашылық мұрасының негізгі өзегін құрап
отыр.
ӘДЕБИЕТТЕР:
-
Федоренко Н.Т., Сокольская Я.И. Афористика. –
Москва: Наука, 1990. – 419 б.
-
Нысанбаев Ә. Әбжанов Т. Қысқаша философия тарихы.
Алматы, 2009. – 212
б.
-
Құнанбаев А. Шығармаларының екі томдық
жинағы: ІІ т. — Алматы: Қазақ ССР-нің «Ғылым» баспасы, — 312
б.
-
Құнанбаев А. Шығармаларының екі томдық
жинағы: І т. — Алматы: Қазақ ССР-нің «Ғылым» баспасы, — 316
б.
-
Қазақ тілінің қысқаша
этимологиялық сөздігі: Қазақ ССР-ның «Ғылым» баспасы, Алматы –
1966. – 233 б.
-
Қ.Жұмалиев Қазақ әдебиеті
тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі.- Алматы:
Қаз.мем.көркем әд.баспасы, 1993. – 128 б.
-
Қ.Өмірәлиев Абай афоризмі. –
Алматы: Қазақстан, 1993. – 128 б.