Материалдар / Мақала "АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ ҚАРА СӨЗДЕРІ"
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Мақала "АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ ҚАРА СӨЗДЕРІ"

Материал туралы қысқаша түсінік
Ұлы Абайдың барлық сөзінің салмағы зор. Адамгершілік, рухани қасиеттердің жақсысын үлгі етіп, жамандықтан, надандықтан аулақ болуға үгіттеп отырды. Туған халқының жағымсыз мінездерін кейде әзілдей, кейде мінеп-сынай, кейде ащы мысқылдай отырып шығармаларына қосты. Мұнысы туған елінің өзге жұрттан кем қалмауын уайымдау еді. Меніңше, әр қазақстандық азамат Ұлы ақынымыз, көшбасшымыз Абайдың бір өлеңін жатқа оқып, қарасөздерін көкірегіне түйіп жүрсе игілікті іс болар еді деп ойлаймын.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
22 Сәуір 2021
259
2 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ ҚАРА СӨЗДЕРІ


Ерқалым Ұлжан Көкенқызы

Алматы облысы, Талдықорған қ.

М.В.Ломоносов атындағы№5 орта

мектеп-лицейінің қазақ тілі мен

әдебиеті пәнінің мұғалімі


«Абай – біздің ұлттық ұранымыз болуы керек. Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Менің ұрпағым мен балаларым үшін Абайдан артық, Абайдан ұлы, Абайдан киелі ұғым болмауға тиіс» деген Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев құнды, бағалы ой айтқан ойлы пікірін тірек ете отырып, жас ұрпақтың санасына Абай Құнанбаевтың жеке тұлғаны үйлесімді қалыптастырудағы ой пайымдаулары мен психологиялық көзқарастарын ғылыми негіздеп, оны оқу үдерісінде жүйелі түрде қолдануды іске асыру басты міндет [1, 32 б.].

Биылғы 2020 жылы қазақтың Ұлы ақыны – Абай Құнанбайұлының туылғанына 175 жыл толып отыр. Абайдың өлеңдері мен қарасөздерінде ұлт болмысы, тұрмысы, тіршілігі, бітімі мен дүниетанымы, жаны, тілі, діні, мінезі мен рухы көрініс тауып, «Абай әлемі» деген қайталанбас құбылыс ретінде бағаланды.

Абай Құнанбаев – қазақ халқының ұлы ақыны ғана емес, көшбасшысы деп те нық сеніммен айта аламыз. Ақынның туындыларын адамгершілік тұрғысынан талдайтын болсақ, ұлы ойшылдың келер ұрпағына тастап кеткен қазынасына баға жетпес.

Ұлы Абайдың барлық сөзінің салмағы зор. Адамгершілік, рухани қасиеттердің жақсысын үлгі етіп, жамандықтан, надандықтан аулақ болуға үгіттеп отырды. Туған халқының жағымсыз мінездерін кейде әзілдей, кейде мінеп-сынай, кейде ащы мысқылдай отырып шығармаларына қосты. Мұнысы туған елінің өзге жұрттан кем қалмауын уайымдау еді. Меніңше, әр қазақстандық азамат Ұлы ақынымыз, көшбасшымыз Абайдың бір өлеңін жатқа оқып, қарасөздерін көкірегіне түйіп жүрсе игілікті іс болар еді деп ойлаймын.

Ұлы Абайдың «ұлы» деп тек оның поэзиясы – өлеңдері ғана емес, «Қарасөздері» атты прозалық шығармалары да танытады. «Қарасөздер» – Абайдың шығармашылық дүниесіндегі орны ерекше қазына. Бұл мұра жайында кеңінен сөз етіп, толық баға берген адам – Мұхтар Әуезов болатын. Ол «Абай Құнанбайұлы» деген монографиялық еңбегінде: Қарасөздер – Абайдың өзі тапқан көркем прозаның өзінен бөлек, бір алуаны болып қалыптасады. Бұлар – сыншылдық, ойшылдық және көбіне адамгершілік, мораль мәселелеріне арналған өсиет-толғау тәрізді», – деп жазады.

Қарасөздерін көлемі жағынан шағын 46 бөлек шығарма құрайды. Олардың жанрлық сипаты да әртүрлі: көбі – публицистикалық туындылар, 46-сөз деп берілгені – білім-таным үлгісіндегі тарихи очерк, 25-сөз – Сократ пен Аристотельдің әңгімесі деп берілген өсиет. 5-сөз – мақал-мәтелдерді талдаған филологиялық этюд. 37-сөз – афоризмдер жиынтығы, 7-сөз психологиялық тақырыпта қозғаған этюд. 43-сөз – философиялық толғаныс, 38-сөздің мораль мәселелері жайындағы ой-пікірлері болып келетін ғылыми-публицистикалық еңбек деп ажыратуға болады [2, 562 б.].

Абайдың қарасөздері өмір тәжірибесінен алынған ой толғамының үлгісі, қорытындысы. «Қарасөздер» табиғаты мен тағылымына еркін енсек, «Хакім Абай ұлт мұраты, елдік мүдде мәселесін – еңбек, білім, ғылым, өнер төңірегінде кеңінен өрбітеді. Алыс-жақын елдердің (мысалы, орыс, ноғай, сарт, т.с.с.) өмір-тұрмыс, кәсіп-дағдыларына, дәстүрлеріне ден қояды. Олардың білім-ғылымға, еңбекке, өнерге, саудаға бейімділігі, оны өмір-тұрмыстың өзекті арнасы санап, содан алға озғаны үлгі етіледі.

Ал, надандық пен жалқаулық, еңбексіз бен жылпостық, залымдық пен зұлымдық, ұрлық пен бұзақылық сыры былай беріледі: «...ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады, әрбір қайратсыз қорқақ, мақтанғыш келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады». Бұл тұстардан, сөз жоқ өмір-тұрмыстағы кәсіп-дағды, дәстүрден өзге, еңбек мұраты басым бағыттарға ие болады. Әр елдің өзіндік өзгешелігі, қалыпты жайттары еске алынып, «еңбек етуге, мал табуға» арналатындығы үлгі-үрдіс ретінде көрсетіледі.

Абай шығармашылығының асыл арқауы мен басты бағыттары – Адам әлемін ашуға арналады. Хакім Абай өмір мұратын өзіндік тәжірибелерімен байытып, келеңсіз көрініс, кедергі-кемшіліктерді анық көрсетеді. Ел әңгімелерін, халық даналықтарын назарда ұстап, адам мұратын, өмір сырын, еңбек сипатын кең көлемде ашады. Ақыл-парасат, білім-ғылым, тәлім-тәрбие мәнін айқындап, олардың басты нысаны, түпкі нәтижесі адамгершілік жолына апаратын адастырмас компос екенін баса көрсетеді.

Демек, Хакім Абайдың «Қарасөздер» атты қазыналы кеңістігі –халқымыздың арғы-бергі кезеңдердегі жемісті жетістіктері, келеңсіз кемшіліктері қатар көрсетілген, сондай-ақ адам мұраты, өмірі мен еңбегі, ақыл-парасат нұры, білім-ғылым жүйесі, дін мен дәстүрі, тарихы мен танымы, мәдениеті мен тілі, т.с.с. жүрек әмірі мен көңіл таразысына тартылып, тәжірибе тәлімімен байланыста баяндалатын парасатты туынды.

Сонымен қатар, қарасөздер жанрын анықтауға талпыныс І.Жансүгіров тарапынан да жасалған. Әдебиетші ақын, сонау отызыншы жылдары жазылған «Абайдың сөз өрнегі» атты мақаласында былай дейді: «Әйтсе де Абайдың қарасөздерін, әлеумет пікірінің ортаға түсетін қарасөзінің алғашқысы деп ұғынуымыз керек. Өйткені Абайдан бұрын қазақтың таза тілімен мақала, нақыл, үгіттер жазған адам, сірә, бола қойды ма екен?» деген сараптама жасайды және бұндай ерекше сөз өрнегінің публицистика стиліндегі сипат иеленгенін дәл анықтайды [3].

І.Жансүгіров әдебиеттің жанры толық қалыптасып үлгермеген кездің өзінде-ақ қарасөздің құрылымдық, стильдік ерекшелігіне назар аударған. Ақын шығармашылығына терең зерттеу жүргізген І.Жансүгіров Абайдың суреткерлік шеберлігін, ақын поэзиясының көркемдік ерекшелігін танып, лайықты бағалай білген.

Абай қарасөздері – Ахмет Байтұрсынұлының танымында.

Ұлттық әдебиеттану ғылымының негізін қалаған Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш» атты еңбегінің «Қара сөз бен дарынды сөз жүйесі» деген екінші бөлімінде Абай шығармашылығының осы бір тұсына ғылыми бағдар жасайды.

Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» атты еңбегі – ұлттық әдеби теориялық ой пікірді ғылыми жүйеге түсіріп, әдебиеттің тегі мен түріне ұлттық сипат дарытқан ірі туынды. Аталған теориялық-әдістемелік құнды дүниенің бір парасы «Қарасөз» деп аталып, оны 1) Әуезе, 2) Әліптеме, 3) Байымдама деген салаларға ажыратады. Ал Әуезені іштей бірнеше түрлерге жіктей отырып (Шежіре. Өмірбаян. Мінездеме. Тарих. Тарихи әңгіме. Заманхат.), әрқайсысына ғылыми сипаттама береді. Заманхат түріне Абайдың қарасөздерін жатқызады [4].

Ұлттың рухани көсемі А.Байтұрсынұлы: «Абайды қазақ баласы тегіс танып білуі керек. ...Абай сөздері дүнияда қалғаны – қазаққа зор бақ» [5, 301 б.] дегенде абайтануды белгілі бір уақытпен, бір ұрпақ ауысуымен шектемегені белгілі.

Осы тұста атап өтетін жайт, Абай прозасының тіл көркемдігі кеңінен сөз болған емес, сондықтан да Абай тілін танудың қырларын зерттеп-зерделеген абайтанушы ғалым Р.Сыздықова қарасөздердің тілдік-стильдік болмысына лингвистикалық, филологиялық талдау жасау арқылы Абайдың сөз әлемін тануды одан әрі тереңдете түсті. «Абайдың сөз өрнегі» атты еңбегінде ұлы қаламгердің поэтикалық тіл үлгісінің көркемдік бітімін «Қарасөздерінің тілі қалай өрілген» тарауында ғылыми-теориялық тұрғыда шеберлікпен сомдап береді.

Даналық өлшеміне айналған ойшыл Абайдың ой дүниесі біздің негізгі идеялық және ұлттық қаруымызға айналып, қазіргі заманғы сын таразысынан өтіп, бүгінгінің биігінен түспей, ертең де еңселі болуы үшін әлі де зерттеп-зерделей, танып-таразылай береріміз заңдылық, айнымас ақиқат.

Абай өз сөздері арқылы белгілі бір ұлт өресінен ғана емес, бүкіл адамзаттық биіктен ой тастайды. Ұлы ақынның әлеуметтік-философиялық дүние-танымы арқылы әлемдік деңгейде ойлай алатын өресіне көз жеткізе аламыз.

Менің ойымша, Абай сөздері – ұлттық сананы қалыптастыратын рухани көз. Ұлттық сана мен ұлттық идеологияны жетілдірудегі Абай қарасөздерінің әсер-ықпалы әр ісімізден көрініп, қоғамдық дәрежедегі ой-бағдарымыздан көрініс табуы тиіс.

Қорыта келе айтарым, Абайдың қара сөздері – оның өнертанымының өзегін құрайтын өзгеше өнер түрі. Олардың ішкі мазмұны бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі ашып, бірте-бірте  ауқымды кеңейе түсетін, Күннің нұрындай жарыса тарап жатқан ой сəулелері секілді. Адамның дүние есігін ашқанынан бастап, ақыретке кеткенге дейінгі аралықтағы өмір сырын жік-жікке бөліп, жүйелеп түсіндіреді. Онда нəпсі мен қанағаттың, бай мен кедейдің, ақ пен қараның, адал мен арамның көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын нəзік пернелері рентгенмен түсіргендей аса бір дəлдікпен дөп басып ажыратылып отырады.

Хакім Абайдың «Қарасөздері» поэтикалық мұрасының көркем шежіресі, халық тағылымының өрнекті өлкесі, адам әлемі мен өмір мұратының тәлімді тәжірибесі, ұлттық сөз өнерінің жаңа көкжиегі, кең өрісі.

Сөзінің басында елді жайлаған ауыр дерттің тамырын басып, нақ айтқан Абай, келесі кезекте сол аурудың қайдан, неден пайда болғанын, себебін анықтайды. Ал одан кейінгі сөздерінде оның емін өзі де ұсынатындай.

Сондықтан да біз осы қара сөздердің мəнісін түсініп, оны тура мағынасында тани білуіміз керек. Егер де ұлы ақынның «Қара сөздері» əрбір қазақтың төрінен орын алса, егеменді еліміздің ертеңгі болашағы əлдеқайда сапалы азамат болып қалыптасатындығына сенім мол.




Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Н.Назарбаев Абай и наше время. Абай, наследники на перепутье - Алматы, 1995г.,

  2. Р.Cыздықова «Қарасөздер» қазынасы // Абай, 1993. №1-2.

  3. «Әдебиет майданы», 1934, № 11-12

  4. «А.Байтұрсынов шығармалары».-Алматы:«Жазушы», 1989.

  5. А.Байтұрсынов Ақ жол: Өлеңдер мен тәржімелер. Публицистикалық мақалалар мен әдеби зерттеулер. – Алматы: Жалын, 1994. - 464 б.




Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!