Материалдар / Мақала Ыбырай Алтынсарин - ұлы даланың дара ұстазы
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Мақала Ыбырай Алтынсарин - ұлы даланың дара ұстазы

Материал туралы қысқаша түсінік
материал арнайы пән оқытушыларына көмекші құрал ретінде пайдалануға арналған
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
25 Мамыр 2021
343
0 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН – ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ДАРА ҰСТАЗЫ

Сол заманнан бері қарай, біздің кейінгі ұрпағымыздың бәріне де Абай қандай қадірлі болса, Ыбырай да өз орны, өз арналы мұрасымен аса ыстық, аса бағалы болды. Олар кейде баяғыдан бері өткен шөл ғасырлардың соңғы дәуіріндегі зор мұнарадай көрінсе, кейде еңбегі, бағыты бірлікпен айқасып аққан қос өрімдей, шөл өлкені суарып, дән бітіріп айқасып ағып келе жатқан қос өзендей танылды.

Ірі ағартушы, зор саналы, әлеумет қайраткері, өнерлі ақынның артында қалдырған ізіне, қадірлі жолына қарап отырсаң, заманына бақсаң, көңілге үлкен алғысқа толы ойлар келеді. Сонда, өз өмірінің, еңбегінің барлық қисынсыз қиын шалғайлықтарының бәрін елеместен, жасымастан батыл басып, ұдай ұзап бара жатқан шын зор қайратты танисың. Мұндай іс пен тұрақты айнымас мінез тек қана халықшыл, азаматтық санасы айқын жаннан шығады. Ыбырайда сол күш терең еді, мол еді.

Мұхтар Әуезов


Қазақ даласында білімнің шырағын жағып, ұлт ұстазы атанған Ыбырай Алтынсариннің туғанына биыл 180 жыл. Аса көрнекті ағартушы-педагог, жазушы, этнограф, фольклоршы. Ыбырай Алтынсарин барлық сан қырлы қоғамдық қайраткерлік және шығармашылық іс-әрекетімен қазақ халқының әлемдік өркениетті мәдениетпен танысуға, халықтар арасындағы достықты нығайтуға шақырды.

Бүкіл ғұмырын қазақ балаларын оқытуға, мектеп ашуға сарп еткен Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы 20 қазанда қазіргі Қостанай облысы, Қостанай ауданында дүнеге келген. Азан шақырып қойған аты – Ибрагим.

Бала Ыбырай үш жасқа толғанда әкесі Алтынсарыдан айырылады. Осыдан кейін туған атасы, сол кездегі белгілі би, рубасы Балқожа Жаңбыршыұлының қолында тәрбиеленеді. Немересінің білім алғанын қалаған атасы тамыр-танысының көмегімен Ыбырайды Орынбордағы Шекара коммиссиясы жанынан ашылған мектепке жаздырады. 1850 жылы 22 тамызда Ыбырай сол мектепке алғашқы 30 баланың бірі болып қабылданады. Балғожа би немересін кішкентайынан адалдыққа, тапқырлыққа, турашылдыққа, шешендікке баулыған. Өзімен бірге жиын-тойларға ертіп,  билік айтқызып, қанатын қатайтқан. Ыбырай жасынан зерек болып, алғырлық танытып, көпшілік құрметіне бөленіп өседі.

1857 жылы жазда Ыбырай Орынбордағы мектепті үздік тәмамдап шығады. Осыдан кейін екі жылдай атасы Балқожа бидің хатшысы болып жұмыс істейді. Кейін Орынбор облыстық басқармасына кіші тілмаш болып қызметке алынады. 1864 жылы 8 қаңтарда Торғай жерінде алғашқы мектебін ашты. 1866-1868 жылдары Торғай уезінде уақытша судья болып қызмет етті. 1868 жылы Торғайдағы қазақ мектебі бір класстық орыс-қазақ училищесі болып қайта құрылды. Сол жылы Ырғыз қаласында екі класстық орыс-қазақ училищесі ашылады.

1874 жылы орыс географиялық қоғамына мүше болып сайланды. 1875-1876 жылдары Орынбор, Қазан, Петербург қалаларына сапар шегіп, ол жақтан оқушыларға қажет әдістемелік және тағы басқа кітаптар әкеліп, ағартушылық ісіне қызу кіріседі.

Ы. Алтыысарин өзі оқып, қызмет істеген жылдары Орынбор, Қазан, Уфа, Петербург қалаларындағы сол кездегі шығысты зерттеуші ғалымдар В. В. Григорьев, Н. И. Ильминский, В. В. Катаринский. А. Алекторов, А. А. Мазохин, уездік қызметкерлер Яковлев, Караулов, Плотников, тағы басқалармен тығыз байланыста, достық қарым- қатынаста болады. Солар арқылы белгілі татар ағартушылары Ш. Маржани, Қ. Насыри, С. Кукләшев әсіресе, Петербург университетінің оқытушысы, Ш. Уәлихановтың досы, белгілі татар ағартушысы Хұсаин Фаизхановпен де танысып, достасады. Олармен хат алысып тұрады. Оқу-ағарту ісінде бұлардың қайсысының болса да Ы. Алтынсаринге көп көмегі тиген. Әрине, Ыбырай олармен істес, қызметтес, достас болып жүргенмен, қазақ халқының тағдыры, келешегіне байланысты барлық мәселелер жөнінде үнемі пікірлес бола бермеген. Кейбір күрделі, принципті мәселелер жөнінде Ы. Алтынсариннің өз достарымен келіспей қалатын кездері аз болмаған. Мәселен, ол Н, И. Ильмннский, А. Алекторов, А. Бессонов т. б. миссионерлік әрекеттеріне қарсылық білдіріп отырған. Мәселен, Ы. Алтынсарин сол кездегі қазақ жазуын (яғни араб әрпін) орыс алфавитіне көшіруге мүлдем қарсы болған.

Бұл жөнінде жоғары орындарға бірнеше рет хат жазып, арыз айтып, ұсыныстар жасаған, Мысалы, ол 1871 жылғы 31 августа Н. И. Ильминскийге жазған хатында былай дейді: «Шапағатты төрем Николай Иванович! Сіз бұл хатыңызда қазақ арасына орыс алфавитін енгізу жөнінде пікір айтқан екенсіз. Бұл талассыз пайдалы пікір ғой. Дегенмен, оны жузеге асыру, меніңше, үлкен қиыншылыққа кездеседі. Орыс әрпімен жазылған кітаптар қазақ арасына, тап біздің ойлағанымыздай, жеңіл және тез сіңе қоймайды.

Бірінші жағынан, фанатизмнің салдарынан, екінші жағынан, орыс жазуына көзі уйренбегендіктен, оның таныс еместігінен, оның үстіне, елімізде тарап отырған татар жазуының, әсерінен — міне осылардың бәрін еске ала келгенде, жалпы оқуға арналған кітаптар мектептің, есігінен шықпай, соның өзінде қала береді. Ал араб әрпімен жазылған кітаптарды алатын болсақ, егер бұл кітаптар пайдалы кітап болса, ең алдымен, мазмұны кызық болса, мектептен тыс ел арасына тез жайылып, қазақ жастарын білімге тартуға жетекші бола алады. Кітаптарды қазақтың өз тілінде, олардың өздеріне таныс әріппен шығара білу керек. Сөйтсек, ол кітаптарды жұрт бірден қолға алып оқып, бұл кітаптар, татар кітаптарымен қатар, зор күш болар еді. Бұл арада әріптің арабша не орысша болуы -араб әрпінің ептеген зияны болғанымен, ісімізге онша кесел келтірмейді. Ал араб әрпінің ол зиянынан құтылуға болады. Міне менің шын пікірім осы». Бірақ Ы. Алтынсариннің бұл ұсынысын И. И. Ильминский де, сол кездегі оқу министрі Толстов та, қасиетті синодтың статс-секретары Победоносцев те қабылдамаған. Өйткені, олардың түпкі мақсаты, Н. И. Ильминскийдің өз сөзімен айтқанда: «Обрусение инородцев и совершенное слияние их с русскими по вере и языку — вот конечная цель, к которой должна стремиться система инородческого образования в крае». Сондықтан Ы. Алтынсарин «Қазақ хрестоматиясын» орыс алфавитімен жазып, шығаруға мәжбүр болған. Кейін бұл кітап 1889 жылы Қазан қаласында Ы. Алтынсарин өзі арман еткен араб әрпімен қайта басылып шығып, ел ішіне кең тараған.

1879 жылы 1 қыркүйекте Торғай облысындағы мектептердің инспекторы болып тағайындалды.

Ыбырай Алтынсарин қазақ балаларын білім нәрімен сусындатуға асықты. Осы арманын жүзеге асыру үшін облыстық басқармаға мектеп ашу туралы өтініштер жіберді. Ақыры 1860 жылы облыстық басқарма Алтынсаринге Торғайдан қазақ балаларына арналған бастауыш мектеп ашуды тапсырды, әрі өзін сол мектепке орыс тілінің  мұғалімі етіп тағайындады. Бірақ, жергілікті үкімет Алтынсаринге қол ұшын соза қоймады, сөйтіп мектеп ашу ісі ұзаққа созылды. Ыбырайдың армандаған мектебі араға төрт жыл салып, 1864 жылы 8 қаңтарда Торғай жерінде салтанатты түрде ашылды. Бұл ұлт ұстазы негізін қалаған алғашқы білім ордасы еді. Мектепті Алтынсарин төрт жыл бойы жинаған ақшасына ашты.

"Қаңтардың сегізі күні менің көптен күткен ісім жүзеге асып, мектеп ашылды  және оған қазақтың тамаша да, сүйкімді де, зерек те 14 ұл баласы қабылданды. Мен оларды оқытуға қойға тиген аш қасқырдай кірістім. Қуанышыма қарай балалар айналдырған үш айдың ішінде орысша және татарша оқуды да, тіпті жазуды да меңгеріп алды", - деп жазған еді Ыбырай Алтынсарин.

1879 жылы Алтынсарин Торғай облысы бойынша орыс-қазақ учищелерінің  инспекторы болып тағайындалды. Бұл оның қолын ұзартты. Торғай, Жітіқара, Обаған, Қарабалық, Әуликөл болыстарында және Қостанай қаласында тағы он бес мектеп салынды.

1882 жылы Ыбырай Алтынсарин барлық мектепке ән-күй сабақтарын енгізді. Жергілікті, ауқатты ел азаматтарынан ақша жинап, кітапхана ашты. Қазақ балаларын тек біліммен сусындатпай, еңбекке баулуды көздеген ол 1883 жылы 15 қарашада Торғай қолөнер мектебін ашты.

Алтынсарин қазақ қыздарын оқытуға да көп күш салды. 1887 жылы 15 қарашада Ырғыз қыздар училищесінің негізін қалайды. 1888 жылы қыздарға арналған 12 орындық мектеп интернат ашады.

Ыбырай Алтынсарин мектеп ашқан кезде, балаларға арналған оқулықтар  мүлде жоқ болатын. Дәл осы жылдарда өнегелі ұстаз қысқа-қысқа әңгімелер мен өлеңдер шығар бастайды, оқу құралдарын жазуға кіріседі.

1879 жылы ақынның қазақ мектептеріне арналып жазылған алғашқы ұлттық оқулық –"Қазақ хрестоматиясы" жарық көрді. Ағартушы оқулықтағы жазу мақсатын хрестоматияның алғы сөзінде: “Бұл кітапты қарастырғанда мен, біріншіден, осы біздің ана тілімізде тұңғыш рет шыққалы отырған жалғыз кітаптың орыс-қазақ мектептерінде тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын, сонымен қабат, жалпы халықтың оқуына жарайтын кітап бола алу жағын көздедім…” деп тұжырымдаған еді. Хрестоматия бұл екі міндетті де толығынан атқарды. Оқулықтың ревалюцияға дейінгі мерзімде бірнеше мәрте (4 рет) қайталап жарық көріп, оның өз кезеңінде ғана емес, одан кейінгі ұзақ жылдар бойында да талай жас ұрпақ үшін білім, өнеге көзі, рухани қазына бастауы болды. Бұл “Қазақ хрестоматиясының” қазақ мәдениетінің тарихындағы өзіндік үлкен орны мен маңызын айқындайтын факт. Өйткені, хрестоматияға Ыбырай өзінің педагогтық мақсатына лайықтай жазған тәрбиелік мәні жоғары көптеген шығын әңгімелерін, өлеңдері мен ауыз әдебиеті үлгілерін, сондай-ақ, орыс педагогтері мен айтулы орыс қаламгерлерінен аударған шығармаларды еңгізген болатын.

Ыбырай "Қазақ хрестоматиясына" кірген өлеңдерінде де халық-ағарту идеясын көтерді. Оның "Кел, балалар, оқылық!", "Өнер-білім бар жұрттар" өлеңдері осындай мақсатта туған. "Кел, балалар, оқылық!" өлеңінде ақын, бір жағынан, жастарды оқуға, білім алуға үндесе, екінші жағынан, оқу, өнер, ғылым-білімге, оның жалпы халық үшін керектігіне еш мән бермейтін ескі көзқарасқа соққы береді. Өмірдегі сарқылмайтын мол байлық – білім екенін айта келіп, білімге адамның қолы жету үшін, ерінбей оқу, қажымай еңбек ету керектігін түсіндіреді.

Бір құдайға сиынып,

Кел, балалар, оқылық,

Оқығанды көңілге

Ықыласпен тоқылық.

Небәрі төрт жолдан ғана тұратын осы өлең шумағын бүкіл қазақ даласында білмейтін адам кемде-кем десек, қателеспеген болар едік. Өйткені, бұл өлең жүз жылдан астам уақыт казақтың оқулық кітаптарына еніп, мектеп табалдырығын аттаған әрбір баланың алғашқы әліппесі болып келеді. Сондықтан да, ол өлең жолдары әрбір қара таныған қазақтың көкірегінде сақталып, жүрегінде жатталып келеді.

Бұдан бөлек, Алтынсариннің шығармашылығында табиғат көріністерін суреттейтін өлең жолдары да кездеседі. Ақын оқырмандардың көңілін табиғатқа аудару арқылы жас шәкірттерінің бойында Отанға сүйіспеншілігін, патриоттық сезімін қалыптастыруды мақсат етті.

Еңбекті сүю және қадірлеу – Ыбырай әңгімелерінің негізгі тақырыбы. Оны жазушы шағын әңгімелерде үгіт, өсиет түрінде берсе, кей шығармаларында халықтың қоғамдық санасын тәрбиелейтін реалистік суреттер арқылы бейнелейді. Оған "Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш", "Атымтай жомарт", "Әке мен бала" және тағы басқа әңгімелері дәлел.



Ыбырайдың тұңғыш баласы Абдолла 1880 жылы дүниеге келеді. 1887 жылы Әбдірахман деген екінші ұлы, 1888 жылы Шарипа атты қызы туды. Балалары Әбдірахман мен Шарипа кішкентай кезінде ауырып қайтыс болды.

1920-1930 жылдардағы дүрбелеңнен Ыбырайдың ұрпақтары да байдың тұқымы ретінде қуғындалған. 1928 жылы Алтынсариннен қалған жалғыз тұяқ Абдолла да Қазақстаннан тыс жерге қоныс аударады.

Нағима Абдоллақызы — Ыбырай Алтынсариннің жалғыз немересі. Нағима атасын көрмесе де, 1924 жылы қайтыс болған әжесі Айғаныстың көзін көріп өскен.

Нағима Ыбыраева 1916 жылы Қостанай облысы, Талапкер ауылында дүниеге келді. Бала кезінде атасы Ыбырай ашқан Қостанайдағы мектепте үш жыл оқиды. 11 жасында анадан айырылады. Нағима Ыбыраева екі баланы дүниеге әкелген, өмірінің соңғы жылдарын Тараз қаласында өткізді. 1998 жылы 30 наурызда 82 жасында қайтыс болды.

Ыбырай Алтынсарин 1889  жылы 17 шілдеде Қостанай қаласынан үш шақырым жердегі көл жағасында салдырған ағаш үйінде ауырып өмірден өтті. Өлерінің алдында өзіне тиесілі жерлерді Қостанай қаласындағы ауыл шаруашылық училищесінің меншігіне беруді тапсырды. Ұлт ұстазының жасы бұл кезде небәрі 48-де еді.

Ыбырай Алтынсарин-ағартушы ақын, өмір шындығын озық идея тұрғысынан таныта білген тамаша қаламгер. Тәуелсіз еліміздің өркениеттілікке жету жолында Ыбырай Алтынсариннің де үлесі бар екені ақиқат. “Туған елге пайдалы іске қолдан келгенінше үлес қосу — әрқайсымыздың міндетіміз”, - деп кеткен ұстаздың сөзі де, ісі де әрқайсымызды өмірге құлшындырып, жаңа ғасырлардан жалғасын таба бермек.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:


  1. «Алтынсарин Ы. тағлымы». Алматы, Жазушы, 1991ж.

  2. Асқаров А. «Ұлы Тұранның ұлдары», Алматы, 1998 ж.

  3. Алтынсарин Ы. «Таза бұлақ» жин. Алматы, Жазушы, 1988ж.

  4. Алтынсарин Ы. «Екі томдық шығармалар жинағы». Алматы, 2003ж.

  5. Алтынсарин Ы. «Қазақ хрестоматиясы». Алматы, 2003 ж.

  6. Ахметова Ә. «Қазақ балалар әдебиетінің кітапханасы». Алматы, 1992ж.

  7. Асылов Ұ., Әміров Р. «4 класс қазақ тілі оқулығына әдістемелік нұсқау». Алматы, Рауан 1997 ж.

  8. «Алтынсарин әңгімелері». Алматы, Мектеп 1980 ж.

  9. Алтынсарин Ы. «Өнер – білім бар жұрттар». Алматы, Жалын 1991ж.

  10. «Алтынсарин оқулары». Білім, 2005ж.

  11. Әбжанов Х., Әлпейсов Ә. «Ы.Алтынсаринды жаңаша оқығанда».

  12. «Қазақстан мектебі» Алматы 1992 ж. 129б.

  13. Дербісәлин Ә. «Ы.Алтынсариннің жазушылық қызметі туралы». Алматы 1958ж.

  14. Жадрина М. «Ы.Алтынсарин және қазіргі оқулық мәселесі». Бастауыш мектеп, №11 10 – 11б.

  15. Ильминский Н. «Воспоминания об И.Алтынсарине». Казань, 1891ж.

  16. Көшімбаев А. «Қазақ әдебиетін оқыту методикасы». Алматы, 1969ж.



Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!