Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының діни көзқарастары
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
Павлодар қаласы
Мемлекеттік мекеме №15 жалпы орта мектебі ММ
Тақырыбы:
«Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының
діни көзқарастары»
Секция: этномәдениет
Орындаған : №15орта мектебі ММ
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Зкенова Гүлнияз Шариазденқызы
Мазмұны
1. Кіріспе................................................................................................................ 3
2.Негізгі бөлім........................................................................................................6
2.1. М.Ж.Көпеев – ұлтжанды, діни гуманист ақын.....................................8
2.2. М.Ж.Көпеев – дүниетанымы.................................................................10
2.3. М.Ж.Көпеев дін туралы........................................................................13
-
Қорытынды....................................................................................................18
-
Пайдаланған әдебиеттер тізімі.....................................................................20
КІРІСПЕ
Х1Х ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі әдебиеттің белді де беделді өкілі – М.Ж.Көпейұлы артына қыруар мол мұра қалдырды. Мәшһүр мұрасы жанрлық,тақырыптық жағынан көпқырлы, әрі сырлы. Сонымен қатар шығармашылығы да көп қырлы. Мәшһүр Жүсіп шығармашылығында дін мәселесіне ерекше көңіл бөлген.Оның бәрін бір еңбек көлемінде қамтып, жүйелі талдап шығу мүмкін емес. Сондықтан да зерттеу еңбегінде қаламгердің таңдаулы әрі көлемді туындылары ғана тілге тиек етілді. Сондай – ақ М.Ж.Көпейұлының ислам діні туралы еңбектері арнайы сөз болады.
Зерттеу еңбегінің негізгі нысаны –Төл туындыларында қазақ арасында қайнап өскен халқының іс-әрекетін, әдет-ғұрпын, салт – санасын, жақсы білген ақынның діни көзқарастарытуралы тұжырымдарды сараптай отырып, оның адамды адам ретінде биіктете түсетін исламдағы амалдар мен ілімдерін ғылыми тұрғыда қарастыру.
Ол үшін мен алға мынадай міндеттер қойдым:
-
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы – ұлтжанды, діни, гуманист ақын – дініңді де, өзіңді де қорлатпа өзгеге деп, адамдық, ұлттық, діни намысты қорғауға үндеуі;
-
Діннің адам өміріндегі аса маңызды қызметін жоғары бағалауы және оның тазалығы үшін күреске шақыруы;
-
қазақ сөз өнерінің көрнекті тұлғаларының бірі М.Ж.Көпейұлының дүниетанымының күрделілігін айқындау.
-
ақынның діни тақырыпқа қалам тартқан шығармаларын мысалдар арқылы дәлелдеу.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы
Осылайша, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармаларына талдау жасау арқылы ақынның көрікті, тарихи сөз бейнелерін мол қолдана отырып дін, исламға байланысты жазылған еңбектерінің молшылығын жеткізу және осы еңбектерді талдап зерттеу біздің міндетіміз.
Ғылыми жұмыстың теориялық – методологиялық негізі ретінде көрнекті қазақ және орыс сыншы – ғалымдарының зерттеу тақырыбына тікелей немесе жанама қатысы бар еңбектер пайдаланылады.
Жұмыстың құндылығы – Мәшһүр Жүсіп өлеңдері мен дастандарында халықты имандылыққа шықырып, адамгершілік рухында тәрбиелеуге тырысқан. Әр кезде айтылып жазылған ой – тұжырымдардан қорытынды шығарып, жазушының төл туындылары мен жинаған фольклор үлгілерін қарастыратын кез жетті. Сондай – ақ Мәшһүр шығармаларына қазіргі кезең алға тартып отырған талаптар тұрғысынан қарап, әдеби – тарихи зерттеуге талпыныс жасалды.
Ізденіс негізі: М.Ж.Көпеевтің таңдамалы төл туындылары мен ол қағазға түсірген діни еңбектерінің нұсқаларының көлемділері алынды. Дін өкілдерінің көрнекті тұлғаларының бірі екенін айқындау үшін ақын және оның дүниетанымы туралы филология ғылымының докторлары, профессорлардың жазған мақалалары мен еңбектерінен, Мәшһүр Жүсіп шығармаларынан материалдар пайдаланылды.
Зерттеу әдісі: Жұмыс салыстырмалы –методологиялық, талдау, сараптау және тұжырымдама жасау әдістеріне сүйеніп жасалған.
Зерттеудің жаңашылдығы мен дербестігі: Ақынның өмірбаянын жазғаннан гөрі мен оның діни көзқарасын танытуды жөн көрдім.
Зерттеудің қорытындысы: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы – терең ойлы, ұшқыр қиялы, өткір тілді, шешен сөзді, көріпкел ақын. Оның шығармаларынан терең тарихты, бай мұраны, ізгі салт – сананы , шынайылықты байқаймыз...Мәшһүр Жүсіптің Алланың ғылымын, хикметтерін, кемеңгерлік істерін, Құран қағидаттар-ын, шарттарын, түркілік-сопылық дәстүрлерін жетік, мүлтіксіз білетіндігін,ғалам-ды, адамзатты, мақұлықтар дүниесін қалай Алла мінсіз келістіріп жаратқанын білгірлікпен дәлелдеп түсіндіргенін білеміз.
Мәшһүр Жүсіп қазынасы - ұлттық игілігіміз. Өйткені, ол ұлт тарихы мен этнографиясына, философиясы мен фольклортануға, Қазақстанның саясы - құқықтық мәдениеті мен қазақ әдебиеті тарихына қатысты ұшаң - теңіз шежірелік деректер, ағыл-тегіл мәліметтер өлшеусіз әдеби нұсқалар, асыл сөздер қалдырған.
Мәшһүр Жүсіп өлеңдері мен дастандарында халықты имандылыққа шықырып, адамгершілік рухында тәрбиелеуге тырысқан, діни бағыттың уығын қадасып, шаңырағын көтеріскен Мәшһүр Жүсіптің нәрлі сөздерінің терең мазмұны мен шалқар кеңдігін айтуымызға тура мүмкін.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Дүние бір нәжіс – жаман
шіріген нәрсе, дүние аламын
деп, пенденің пендесі болма,
жаратқан бір құдайдың пендесі бол.
Мәшһүр Жүсіп – қазақтың ұлы ойшылы, фольклортанушы,этнограф, тарихшы, философ, ақын, көп тілді білген ғұлама, әулие. Ол жастайынан өнер- білімге, әдебиетке құмар болып, халық жырлары мен қиссаларды жатқа білген. Алланың нығметіне бөленген ойшылды ел – жұрт « Мәшһүр» атады.Ол 1887 – 1890 жылдары Ташкент, Түркістан, Бұхара т.б шаһарларға шығып, білімін толықтырады. Шығыстың классикалық әдебиетін жетік білген ғұлама артына талай ұрпақтың жан азығына айналар өшпес мұра қалдырды. Әсіресе, ислам құндылықтары туралы өлеңдерінде дін тарихы терең баяндалады.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармашылығы көп қырлы, әсіресе дін мәселесіне ерекше көңіл бөлген. Оның өлеңі- әңгімелері мен мақалаларының арқауы – жеке адам болмысы мен қоғам өмірінің байланысы одан туындайтын алуан түрлі мәселелер.
Нақтылай айтқанда Мәшһүр Жүсіп ұлттық идеяға таза ағартушылық бағыт ұстанды. Ұлттық сана- сезімді ояту негізіне құрылған төл туындыларында ол ар тазалығына,имандылыққа үндеді. Оның ұғымында дін адамның рухани дүниесін қалыптастырады, құдайды тану адамшылыққа, әділдікке бастау ісіне көмегін тигізеді. Құдайға сенетіндігін жасырмай: «Мен құдайды пір деп білемін. Осы үшеуіне наным- сенімім күшті. Құдай қандай өзі, не нәрсе, оны білуге, оны тануға ақыл-ойым, зейін-пікірім жетпейді» дейді.
М.Ж.Көпейұлының бұл куәлігі туралы белгілі ғалым Ы.Дүйсенбаев мынадай қорытынды жасайды: «Сөйтіп, «құдай» деген ұғымға үлкен мән беріп, ол адам ойы жетпейтін не шырқау биік, яғни тұңғиық терең деп қарау ертеде ойлы адамдардың тәжірибесінде көп ұшырасып келген.Олар көбінесе құдай деген түсінік арқылы адамгершілік қасиетті, әділдікті, жақсылықты,ізгілікті беруге ұмтылған. Сөз жоқ, бұлардың бәрінің туы негізінде дүниені, өмірді, идеалистік тұрғыдан танып жатыр (Ы.Дүйсенбаев, «Ғасырлар сыры». А.Жазушы, 1970, 9-бет).Осы пікірдің түп - төркініне көз жүгіртсек, Мәшһүрдің ой - топшылауы алдыңғы қатарлы ағартушы – демократтардың талғамдарымен сабақтастығын көреміз.
Жастайынан құранды жаттап, діни тәлім – тәрбие алған Мәшһүр шариғат ережелерін бұрмалаған қожа – молдаларға қарсы болып, өмір бойы күрес жүргізіп өсті. Құран сөздерін түсінбейтін, әліпті таяқ деп білмейтін дүмше молдалардың іс – әрекеттерін шенеп, онсыз да жоқшылықтың тауқыметін тартқан ел – жұрттың ішіне іріткі салып, онан сайын, бүлдіріп отырған қожа – молданың қылығын бетіне басады. Ол дін өкілдерін, құран қағидаларын дұрыс ұстай алмадың, шарттарын жақсылап атқармадың деп жазғырады. Бұл шығармаларды талдау барысында Мәшһүр Жүсіп дінді тәңіріні адамның этикалық адамгершілік табиғатын шектейтін тылсым күш емес, оған керісінше тазартуға ықпал ететін фактор ретінде толғайды.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының – ірі суреткер ақын екені, оның қазақ фольклорын жинаудағы, тарих, педогогика т.с.с ғылым салалары бойынша жазғандары біршама зерттелді деуге негіз толық.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы-ұлтжанды, діни, гуманист ақын.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы еңбектерінде дін Исламның ақиқаттығы, құндылығы қадір-қасиеті, адамзат өміріндегі пайдалары уағыздалған. Ол кісіні ақын, жазушы, тарихшы деп шектеуге болмайды. Себебі, еңбегінің күллісі - біздің дініміз, тіліміз, тарихымыз, әдет-ғұрпымыз, салт-дәстүріміз. Ақынның түсінігінше, елдің елдігін сақтайтын, қандай қиындық болса да алып шығатын-дін. Сондықтан да:
«Құдайдың шын нансаңдар бірлігіне,
Ерлердің күш қосыңдар ерлігіне.
Сарт демей, ноғай демей, қазақ демей,
Тілек қыл дін мұсылман бірлігіне».
«Азаттық бәріне бар, дінде болса» -деп білген ақын:
«Шариғат низамменен қатарласып,
Бірдей боп келсе екен деп теңбе - теңге».
«Шариғат ортамызда тұрса екен деп,
Бір дүкен дін ислам боп құрса екен деп.
Мешіт пен медресенің тексеруі,
Құран кітап жөнімен болса екен деп» -
жырлайды. Дін-халықтың рухани сенімі. Сенімінен айрылған халықтың болашағы жоқ. Сондықтан да отаршылдар өзге ұлттарды бағындыру үшін оның болашаққа деген сенімінен айырады. Бұл мақсатқа жетудің басты құралы - дінінен айыру. Патша үкіметінің де қазақтарды шоқындыру саясатын жүргізгені белгілі. Көпеев осындай арам пиғылдарға қарсы шығып елдің елдігін сақтап қалу үшін айырылмау қажеттігін әрдайым еске салып отырған.Дініңді қорлағаны халқыңды қорлағаны, өзіңді қорлағаны деп білген ақын:
«Дініңді кім қорласа – сол өш қасың,
Қорлықтан ақпап па еді көзден жасың» -
деп, ашына айтады. Дініңді де, өзіңді де қорлатпа өзгеге деп, адамдық, ұлттық, діни намысты қорғауға шақырады.
Ақын сыртқы дінбұзарларға да қарсы солай аяусыз күреседі. Әсіресе өсек пен дүние аңдыған дүмше діндарлардың жағымсыз іс-әрекеттерін ел алдында әшкере етеді:
«Өсекті қожа менен молда айтады,
Басқадан олар тіпті оңды айтады.
Арасын ағайынның балдай тәтті,
Дау-жанжал ырыс пенен молайтады» Қазақстан Республикасы ҮҒА орталық ғылыми кітапханасының қолжазбалар қоры. 1173-папка, 5-б) -деп, дінді күнкөрістің кәсібіне айналдырғандарды халық алдында масқара қылады. Сөйтіп діннің адам өміріндегі аса маңызды қызметін жоғары бағалаған Мәшһүр Жүсіп оның тазалығы үшін күресе де білді. Ол жырларында халықты өз дініне қастерлеуге шақырды; қазақ халқын өз дінінен айырғысы келген миссионерлерге қарсы күресті; дінді жеке бастың қамына пайдаланып жүрген пысықайлардың дінбұзарлық қылықтарын аяусыз әшкереледі.
Ислам діні адамды рухани тәрбиелейтін жол. Халқымыздың дүниетанымына айтарлықтай ықпал еткен философиялық жүйе – сопылық. Сопылықты екінші сөзбен суфиз деп те атайды. Сопылық Орта Азияға ІХ-Хғасырларда келген. Тарихшылардың айтуынша ең алдымен Иранға, содан кейін Орта Азияға тараған. Сопылық араб тілінде « Тасаууф», оны ұстанған адамға «мутасаууф» делінеді екен. Қазақ халқы суфизм немесе сопылық дейді. Қазақ жұрты да, басқа түркі халқы сияқты сопылыққа жат болмаған. Ахмет Яссауй бабамыз, одан кейінгі Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, ақын Әбубәкір сынды рухани толғалардың осы жолды ұстанғаны дәлел бола алады.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының дүниетанымы.
Екі ғасыр аралығындағы қазақ сөз өнерінің көрнекті тұлғаларының бірі М.Ж.Көпейұлының дүниетанымы өте күрделі.Оның өлеңі, әңгімелері мен мақалаларының арқауы – жеке адам болмысы мен қоғам өмірінің байланысы одан туындайтын алуан түрлі мәселелер. Мәшһүр Жүсіп тәңірге табынып, құлшылық еткен, бес уақыт намазды қаза жібермеген тақуа, пірәдәр адам болған. Ол Бұхара, Самарқанд шаһарларында, дін оқуын тәмәмдап, оны толық меңгереді. Оның дүниетанымында діни наным – сенім айрықша орын алады.
Мәшһүр Жүсіптің көрсетуінше, «Айтушы Құдайдың өзі де, не сөйлесем, соның сөзі» дейді. Мәшһүр Жүсіптің діни - сопылық дүниетанымы мейлінше терең. « Ұшы жоқ ұзын түбі жоқ терең» таусылмайтын сөз бар. «Ақырет жабдығы» толғамында сөйлеуші мен тыңдарман арасындағы өз ара қарым-қатынасты Шайхы Әбілқасымның уағыз айту үстіндегі күйіне орай ойлар өрбітуі, яғни « жан ділімен, шын көңілмен» сөйленуі қажеттілігі айтылады.
Түркілік –сопылық мәдениетті жетік меңгерген Мәшһүр Жүсіптің: «Көңіл деген үй сықылды нәрсе. Оның ішіне кіретұғын иесі – Жаратушы Құдай һәм Құдайдың пікір-зікірі» деген байламында діл, ождан, рухани тазалықты байыпты бағамдайды. «Сөз деген көңіл қазынасында жауһар» дейтін пікірінде қаншама сырлар, мағыналық қырлар бар. «Көңіл» ұғымында қазыналы жүрек, қасиетті рух, нәзік сыр, кемел парасат, дұрыс ниет, шалқар пейіл, мырза мейір, иман бір-бірлерімен керемет үйлесім тапқан.
Сондықтан бірқатар ғалымдар М.Ж. Көпейұлын ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы Қазақстандағы қоғамдық ой – сананың, діни – мистикалық ағымының өкілі деп танып келді. Ал аталмыш ақынның шығармаларын идеялық – эстетикалық мазмұн – мағынасына қарай қарастырып, тереңірек үңілсек, бұл пікірдің оғаштығына айқын көз жеткізер едік. Әрине бұған бертінге дейін үстемдік құрып келген сыңаржақ идеологияның шешуші ықпал етіп келгені талассыз.
Айтылған пікірдің ақиқатына жету үшін мысал келтірейік. Мәселен, Мәшһүрдің ел аузынан жинаған «Адам һәм оның ғұмыры» атты шығармасының («Әдеби мұра», Құрастырушы Ү., Сүбханбердина А. 1970) қысқаша мазмұны мынадай: «Бұл дүниені, жер мен көкті жаратушы ием адам мен басқа мақұлықтарға белгілі бір ғұмыр бермек болады. Хақ – тағала адамға 30 жыл, есекке 50 жыл, итке 40 жыл, ал маймылға 50 жыл ғұмырбелгілейді. Бірақ адамнан басқалары мехнаты көп ұзақ өмір сүргілері келмей, арыз қылады. Құдай басқа мақұлықтардың ғұмыр жасын азайтып, оларды өз сұрауы бойынша адамға береді.
Шығарманың мазмұны Шығыс елдеріне белгілі сюжет желісі болғанымен Мәшһүрдің осы оқиғаны таңдап алуы тегін болмаса керек. Егер шығарманың идеялық негізіне көз жүгіртіп, қарар болсақ, бәріміз мойынсынатын тәжрибеден алынған терең де мағыналы философиялық ой тұжырым жатқанын сезер едік!
М.Ж.Көпеев, сонымен қатар, дүние мен адамды жаратушы тәңірдің құдіретті күші туралы да жазады. Оның айтуынша, өзінен басқа тіршілік иесі жоқ кезде құдіретті Алла тағала екі түрлі кесектен, бірі – еркек, қасиетті «Кефті», екіншісі – ұрғашы қасиеті бар «Нонды» жаратқан. Осы екі кесектен – бүкіл тіршілік иесі тарағанға ұқсайды. Рас, құдіретті Алла – тағаланың адамзатты екі кесектен жаратқаны жайында құранда жазылмаған. Соған қарағанда, Мәшһүр Жүсіп бұл пікірді ескі араб не парсы жазбаларынан алғанға ұқсайды. Міне, осындай дінге қатысты ой – тұжырымдары Мәшһүрдің жалпы дүниетанымының, философиялық топшылауларының дұрыстығын айғақтайды.
Ел-жұртының тұрмыс –тіршілігіне көңілі толмаған келеңсіз іс –қылықтарына күйінген, жаны жадау ақын көңіл - көніштер медет іздеді. Бала жастан алған тәлім-тәрбиенің әсерімен Мәшһүр бір ғана Хақтағалаға табынып, соның ғана мархабатына сенді, жан - жарасына содан шипа тапты. Ол дін адалдыққа, қайырымдылыққа тәрбиелейтін бірден бір құрал деп түсінді. Құдай жолы әділеттіліктің ақ жолы деп түсінген ол ислам дінін уағыздап, халқына осы бағытта жөн сілтеді. Құдайды, пайғамбар жолын дұрыс , бұлжымайтын қағида деп біліп, дін мен ғылымды ұштастыруға талаптанды. Өкінішке орай, коммунистік партия үстемдік құрып, өз диктатурасын жүргізген дәуірде көбіміз Мәшһүрдің дүниетанымына, философиялық ой - тұжырымдарының байыбына барып, тереңіне сүңги алмадық.
Ал, қазіргі кезеңде өткендегі олқылықтардың орнын толтырып, күйініштерді кемітуге мол мүмкіндік туып отыр. Әсіресе, тіл,дін мәселесіне ерекше ден қойы-
лып ,халықтық тұрғыдан қолдау тауып отырған жағдайда алаштың ардагер азаматтарының ұлттық идеяға негізделген таным-түсінігін зерттеудің мән-маңызы айрықша.
Осы орайда, толғақты бір мәселеге тоқтала кеткен жөн. Ол - қазақ әдебиетіндегі суфизм. Шынында суфизмнің әдебиетіміздің дамуына тигізген әсері қаншалықты, айтулы ақын-жазушылардың қай - қайсысында да оның бар жоғын атап –түстеп беру алдымыздағы асудың бірі. Жас ұрпаққа дұрыс тәрбие беруде дін тағылымының атқаратын орны ерекше. Бұл ретте, Абай , Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп секілді ірі тұлғалардың шығармаларындағы дүниетаным эволюциясын тілге тиек етеріміз рас.
Мәшһүр Жүсіптің Алланың ғылымын, хикметтерін, кемеңгерлік істерін, Құран қағидаттарын, шарттарын, түркілік-сопылық дәстүрлерін жетік, мүлтіксіз білетіндігін «Алла құдіреті» туындысынан көруге болады. Алланың құдіретіне, «оны тануға ақыл-ойым, зейін-пікірім жетпейді» дейді де ғаламды, адамзатты, мақұлықтар дүниесін қалай Алла мінсіз келістіріп жаратқанын білгірлікпен дәлелдеп түсіндіреді. «Айдай әлемді, жанды-жансыз мақұлықтарды Құдай алты күнде түгел жасап шығарған. Соның өзгесі де бір бас, жеке адам да бір бас. Осы дүниені адам көркейтпек».
Құдайдың құдайылығын жұрт көзіне адам түсірмек. Ол алты күннен соң, Құдай жаратпақ еді, не болса да, сонда мүкі-тақы қалдырған дәнемесі жоқ.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы дін туралы
Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің дүниеге көзқарасы мен дүние түсінігіне, философиялық дүниетанымына сопылық поэзия, сопылық дәстүр, сопылар, сопылық философия ерекше ықпалын тигізді.
Ақынның діни тақырыпқа қалам тартқан шығармаларының жөні мүлдем басқа Онда қалаңыз, қаламаңыз діни термин сөздерден қашып құтыла алмайсыз. Ондағы мәжбүрлікпен қолданылған діни терминдік атауларға қарап, оны «кітаби ақындардың» қатарына оп-оңай қоса салу дұрыстыққа жатпайды. Оның үстінеМәшһүр Жүсіптің қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін мол жинауы да оның шығармаларының, тілінің тау суындай таза болуына өзінің ықпал-әсерін аз тигізбеген. Ауыз әдебиеті үлгілерінің тілі ақынның шеберлік мектебі болған, оны «кітаби тіл» сарынына түсіп кетуден аман алып қалған. Бұл фактор, сөйтіп, суреткердің халық тілінің кәусар бұлағынан еркін сусындауынан арқау болған.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармаларында, әсіресе, дастан, қиссаларында Құран, Інжіл (библия), Мұхаммед Пайғамбардың өмірге келуі, әлем жаратылысын, табиғат пен шариғатты жырлауынан ақынның Қытай, Араб, Орта Азия ақындарының еңбектерін терең білетіндігі, көне аңыздардан хабарының мол болғандығын аңғаруға болады. Ол еңбектерінің қатарында: « Жер мен көк», «Хаятбақшы», «Миғраж», «Пайғамбардың дүниеден өтуі» атты дастандары бар.
Мәшекең еңбектерінде Ислам дінінің барша мұсылман, адамзатқа аса пайдалы бірден бір дін екендігін ашып айтқан, дәлелдеп те берген ғұламалардың бірі. Оның ислам діні хақындағы айтқан пікірлері, дініміздің ақиқаттығы, дін мен ғылымның егіз екендігі хақындағы ойлары бұл күнде дұрысқа шығып отыр. Мәселен, қазір өзге дін өкілдерінің мұсылман дініне деген құштарлықтары арта түсуде. Кезінде атақты бұл күші К.Клей мұсылман болып, өз есімін өзгертіп Мұхамед Әли атанса, рок жұлдызы Майкл Джексон да мұсылман дініне кіріп, намаз оқыды. М.Джексон мешіт салдыру үшін 20млн.доллар қаражат бөліпті. Американ ғылымы Майкл Харттың: «Адамзат тарихындағы ең беделді жүз адам» деген кітабында бірінші орынға Мұхаммед Пайғамбарды, ал үшінші орынға Ғайса пайғамбарды қоюы тегін емес.
Қожа Ахмет Йассауидың сопылық философиясы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының рухани әлеміне әсер еткен.
Түрік әлемінде Ахмет Йассауидың ықпалы өте терең. Сондықтан түркі халықтарының мұсылмандығында сопылық дүниетанымының салмағы басым.
Философ Мәшһүр Жүсіп ойынша Хз. Мұхаммедтің өмірлік жолы-осы сұрақтардың жауабы. Мәшһүр Жүсіп ислам дінінде: «ең игі, ең пайдалы, Тәңірге тура бастайтын іс, яғни, ғибадат ол-адамға қызмет. Онда да мұқтаждарға, ғәріп, пақыр, жетімдерге қызмет».
Демек Көпеев адамды тура жолға шақырғаны: Аллаға сыйыну, шариғат жолына түсу, «...Иманды адам» болу, құран Кәрімді Алланың нұры деп түсіну, мұсылман парыздарын орындау.
Құран басынан ақырына дейін тек ақылмен іс-әрекет етуге үндейді, данышпандық сілтеулер береді. Есі дұрыс, кәмілетке жеткендерге сенім, ғибадат, жақсы мінез-құлық, мәдениетті болу секілді сипаттарды нық ұстауды талап етеді. «Өз нәпсісіне тұтқын болмасаң, оны дегеніңе көндіре аласың, ал керісінше шықса, тізгінді ұстап тұра алмайсың»- деген хадис бар. «Бір сахаба,өзінің бір жерге жиһад соғысымен барып жеңіске жеткенін, мол олжаға батқанын айтып тұрғанда Мұхаммед Пайғамбар келіп қалып, оған бұлай депті: - сенін жиһадтағы жеңісің кішкене ғана жеңіс. Соғыстың ұлысы өз ішіндегі нәпсімен соғысу. Сол ішкі соғыста жеңсең мақтауға лайық болар еді». Осы ойды ойшыл Мәшһүр – Жүсіпте шығармаларына айқын айтқан еді. Сөзімді дәлелдеу үшін мысал келтірейін:
Бір іске өкінбейін деп ойласаң ,
Нәпсіңнің достық айтқан алма тілін.
Нәпсінің кім құтылар хайласынан,
Залалы асып кетер пайдасынан.
Шайтанның щамаң келсе сындыр белін.
Жаудың басы өз нәпсің бермейді ерік,
Қосақталып лағып тұр оған серік.
Жалғанда бары – жоғы - бәрі бір бәс,
Нәпсінің, жүрген жанның айдауында.
Денемізге жан берді жарық нұрдан,
Нәпсіміздің жаратты күшті зордан.
Нәпсі залыл болар ма мұндай күшті,
Ерікке қоймай бізді отқа алып ұшты.
Көп күнә қаріп қылды талай ерді,
Шайтанның құрған торы нәпсіге ердіге.
Мәшһүр - Жүсіпке құлақ түрсек, бүкіл мәселе нәпсіге келіп тірілетін көрінеді. Еріксіз адам үшін ақиқат ұғымы да жоқ. Еріктімін деген сөз- бармын деп айта алу деген сөз. Болмыстың, өзіңнің «бар» екендігін сырына, мәніне жете білген адам ерікті адам.Сонымен бостандықтың негізгі нәпсінің тұтқынынан құтылу дегенге саяды. «Толық адам» болам десең, нәпсіңді, меншендікті жоқ ет, жалдап адасқандарды, күнәһарларды жолға сал- деген сияқты үгіт – насихат айтады.
Алладан нәсіп алғың келсе нәпсіңмен күрес, сонда ғана құтыласың. Өйткені, бақыт тура жолды тауып, сол жолда жүруді тоқтамай, жалғастырумен табылады. Алладан нәсіп алу істеген әр ісіңде Алланың ризашылығы үшін істеу.
Мәшһүр Жүсіп:
Ораза, намаз - пенденің міндетті ісі,
Құтылар қарызынан қылған кісі.
Жалғанда артық сауап қайыр екен,
Қылуға қайыр, ықсаң жетсе күші.
М.Жүсіптің сонымен бірге дін тарихы, мәні, ерекшеліктері туралы жазғандары бір төбе. Мысалы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Ғылымға берілгендік үлгілері» шығармасында:
Бір адам сексенге келгенде бір құлын азат қылыпты. Сонан соң құл ойлапты: «Құдая, сексенге келгенше пенденің пендесі болдым. Енді ғылым іздейін» - деп медресеге барыпты. Барса, бір – екі жас жігіттер отыр екен. Бұларға айтыпты:
- Қарағым, менің енді оқуға тілім келе ме? – депті. Сонда олар айтыпты:
- Мына екі аяғыңды жоғары қаратып, басыңды төмен қаратып, асып қойсақ, тілің келмек түгіл келеді, - депті.
- Ойбай, қарағым, өйткенде тілім келер болса, мені асып қойыңдар! – депті .Сонан соң ерігіп отырған шәкірттер асыпты да, қойыпты. Сол бетімен шығып кетіпті. Ертең келсе, кешегі байғұс әлі солай тұр екен:
Сонда айтып тұр дейді мына сөзді: «Кінту ғыбда хиыр әулие!» - деп «Ақырет кебірі» деген кітапты осы кісі айтқан екен. Бұл айта берген де, әркім жаза берген. Алла тағала бір күнде сондай қылған. Алла жаратқан...
Бұхарада бір шәкірт барып, бір ұстаға:
-Міфтах, - депті.
Онда ол ұста:
-Құп, тақсыр, - депті.
Бір – екі күннен соң келіп:
- Бітіріп қойдың ба? – дегенде, айтыпты:
- Сіздің не дегеніңізді білмедім.Әйтеуір: «Құп!» - деп едім, - депті.
Сонда ол шәкірт айтыпты:
-Надан бейшара осы күнгеше бір «міфтах» мағынасын білмейсің бе? – дегенде ,
-Енді не білесің не керек айта бер! – деп, сөгіпті.
Сонан соң ол ұста : «Өлмегенге қара жер» дегендей, терлеп – тепшіп, істеп беріпті. Сонан соң бұл ұста дүкенін, неше түрлі сайманын тастап, тәрік қылып: «Ғылым оқиын!» деп, медресеге барып, оқыған екен. Еш нәрсеге тілі келмепті: «Іздегенге жер көпті дүние – ай!» - деп медреседен қаңғып шығып кетіпті. Келе жатып, бір ағаштың түбіне отырса, қылжыңдап бір құмырысқа бір аяғы жоқ бір бидайды тістеп, бір ағашқа өрмелеп, алып шығамын деп, шыға алмай, жығылып қалады.Бидай бір жаққа, өзі бір жаққа, кетіпті дейді.Сөйтіп жүріп не керек, ақырында алып шығыпты. Ол байғұс мына құмырысқадан сабақ алып: «Бір аяғы жоқ құмырсқа житһады мынадай?!» - деп, қайта келіп, медресеге кіріп, ғалым болып, «Міфтах» - деген кітапты түсіріп алған екен.
М.Ж.Көпейұлының«Туысқан- бауырларыма бір насихат»шығармасында «Алыстан зілал -сұлтан Алланың көлеңкесі» деп айтылған. Құдай тағаланың көлеңкесі бар делінбейді, Кагбатолланы-Бәйталла деп атаған есепті. Бәйіт деуменен ол құдайға ой болып табылмайды. Тек шарапатты, құрметті басқа ойлардан артықтығын білдіру үшін айтылады. Бұ да сол сықылды сұлтандардың шарапаты, құрметі басқалардан артық болғандығы үшін айтылады. Сұлтан деген сөздің мағынасы – не қыламын десе өзі ерікті, кісіден сұрап іс қылмайды, көңілі нені тілесе, соны қылуға шамасы келеді деген сөз. Ол сұлтан болушының кім болмағанымен жұмысыңыз болмасын. Алла тағала оттағалакәләм хадимінде... бұйырды мағынасы... айтқыл, ей Мұхаммед, Мәліктердің мәлігі, алла тәбәрік оттағала кімді тілесе, өзінің мүлкіне соны ие қылады деп. Олай болса, құдіреті күшті құдай өзі қалап бірсыпыра мүлкіне ие қылып қойған соң, біздер сол патша ағзам Хазіреттерінің қазған жолында, шашылған топырағында болып, кеше, күндіз дәулеттерінің артылмағанына дұғада болсақ керек.
Біз осы күнде ел аралайтын жаудан, ірге аралайтын даудан, аузы қанды бөріден, қолы қанды ұрыдан, аман-тыныш тұруымыз патша ағзам Хазіреттерінің жәмиясында болғандықтан.
Бар білгендерің: «Жұрт бұзылды!» - дейсіңдер, жұрттың бәрін аралап жүріп, ішек-қарнын ақтарып көріп қойдың ба?! Өзің бұзылған үшін айтасың. Қазақ мақалында да айтады: «Өзі ұры жұрттың бәрін ұры дейді, өзі қары жұрттың бәрін қары дейді» деп. Сен де өзіңді үйіңде отырып түзетші, ақжүрек, ақпейіл болып, шын ықыласың, көз жасыңмен халық жұрттың пайдасына, һәм жұрттың басқарушысы болып тұрған патша ағзам Хазіреттеріне – ғаділетті, мархабатты болуына тілектес болшы, заман да түзеледі, адам да түзеледі.
ҚОРЫТЫНДЫ
Жоғарыда айтылған Мәшһүр - Жүсіптің көзқарасы туралы қорыта айтсақ: Адамды адам ретінде биіктете түсетін исламдағы амалдар мен ілімдер аса мол. Адамға көмек ретінде ислам діні берілген. «Ислам діні – бұл адамның ахуалын кемелдендіруге арналған дін» деген хадис бар.Адамның бұл жалғандағы өмірі құмар қууға емес, сауап істеуге арналғандығын Көпеев айтқан еді.
Ақын ислам құндылықтары туралы жазған өлеңдерінде Құран аяттарын тәпсірлеп, ғалам жаратылысы, пайғамбарлар тарихы, Алла алдындағы парыздар туралы терең талдап жазды. Әулие адам Жаратушысының өзіне дарытқан нығметтерін ерекше жағдайларда ғана көрсетеді. Сондықтан мен оны жай қызықты оқиға деп қабылдамаймын.
Мәшһүр Жүсіп қолжазбаларында көптеген ақын – жыраулардың өлең - қиссалары, дастандары болғандығын жоғарыда айттық. Бұхар жырау, Ақан сері, Шернияз, Шөже, Шортанбай секілді сөз зергерлерінің де біраз туындыларын, ел тарихына қатысты шежірелер, діни өлеңдер мен нақылдар, күлдіргі сөздерді де хаттап, қағазға түсірген. Мәшһүр Жүсіп өркениетті елдер қатарынан орын алу үшін қазаққа қандай үлгі боларлық дерек болса, соны ел игілігіне айналдыру жолында еңбек еткен.
Мәшһүр Жүсіптің ойшылдық, ғұламалық зердесі, парасат дүниесі осынау афоризмдерінен жақын көрініс табады. Оның Аллаға ғашықтық, ақырет, жалған, дін, діл, тіл, иман, ата-ананы ардақтау, мінез-құлық, қанағат, пиғыл, нәпсі, ықылас, бақ-дәулет, махаббат, ақыл, ғылым, білім, ұрпақ, ұлт туралы даналық толғамдары ұлт руханиятына қосылған кәусар бұлақ десе де болғаны. Мәшһүр Жүсіп қазынасы - ұлттық игілігіміз. Өйткені, ол ұлт тарихы мен этнографиясына, философиясы мен фольклор тануға, Қазақстанның саясы - құқықтық мәдениеті мен қазақ әдебиеті тарихына қатысты ұшаң - теңіз шежірелік деректер, ағыл-тегіл мәліметтер өлшеусіз әдеби нұсқалар, асыл сөздер қалдырды.
Сөйледім қадіри хал білгенімше,
Қылайық хаққа тәубә өлгенімше.
Тілеңіз жалғыз хақтан жарылқасын,
Көңілі жер қойнына кіргенімше - деп Мәшһүр Жүсіп өлеңдері мен дастандарында халықты имандылыққа шықырып, адамгершілік рухында тәрбиелеуге тырысқан. Мәшһүр Жүсіп: « ... Мен құдайды бір деп білемін, бар деп білемін, күшті деп білемін. Осы үшеуіне нанымым, сенімім күшті. Өзге нәрсеге «құлақпен естіген танық, көзбен көрген анық» дегендей, көзім көрмей нанбаймын».
Жастайынан діни білім алған Мәшһүр Жүсіп әр сөздің мағынасын тереңдікпен өлшейді. Ал тереңдік кедергіні бұзудан тұрады. Бабалардың ғақлиялы, қазыналы сөздерін жүрегінде сақтап өскен Мәшһүр Жүсіп рақымды тәңіріміздің мейірбан жаны. Мәшһүр Жүсіптің пайымдауынша күнә үш түрлі болмақ. Кешірілмейтін күнә, қалдырылмайтын күнә, кешірімді күнә.Алла тағаланың ісіне күмән келтірушілер мен құранда жоқ ғамалдарды істеушілердің күнәлары кешірілмейді.
Біреуге қиянат жасаған адамдардың күнәлары қалдырылмайды. Тіршілігінде сол қиянаты үшін кешірім сұрап, кісі ақысын жемеуге тырысқан жөн. Ал көркем мінезді азаматтардың күнәсы кешіріледі.
Еңсемізді тіктеп, ел болдық. Енді көкірегімізде ұлттық рух кернеуі керек. Ол үшін жас толқынға демеу боларлық даналық сөздер қажет. Сондықтан да діни бағыттың уығын қадасып, шаңырағын көтеріскен Мәшһүр Жүсіптің нәрлі сөздерінің терең мазмұны мен шалқар кеңдігін айтуымыз керек. Мәшһүр Жүсіп: «Намаз оқығанның қабірі жарық болады. Құранның әрпін таныған жан, періштенің сауалына жауап табады. Ораза ұстағандар қияметтің қиындығын жеңеді. Тірлігінде хикмат - хадис айтқан жан бейіштің көлеңкесінен сая табады», - дейді. Шамамыз келгенше осыларды орындауға тырысайық, ағайын.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
-
«Мәшһүр мұра» С.Негимов Л.Н.Гумилев атындағыЕуразияұлттық
университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы.
«Ақсу жолы»газеті, 7 наурыз 2013ж. №18
-
«Мәшһүр Жүсіп–сөз сазгері, тіл ұстасы» Ж.Сарбалаев С.Торайғыров ат. ПМПУ доц.фил.ғылым.кандидаты. «Сарыарқа самалы» газ.19.04.2002ж. №31
-
«Дархан даланың данышпан ұлы» Сая Молдайып, журналист.
«Сарыарқа самалы» газеті 23.08.2002ж.№ 67
-
«Имандылық мағынасы – әдептілік» Ә.Пазылов,
"Сарыарқа самалы" газеті 27.02.2013ж. № 23
-
Қазақстан мектебі журналы, №5. 2009жыл
-
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармалары 11-томы.
-
Павлодар. «ЭКО» ҒӨФ, 2007.
-
"Қазақстан мектебі" журналы №10, 2009ж. қазан
-
С.Сүтжанов, С.Торайғыров ат.Павлодар универс. аға оқытушысы, филол.ғылымыкандидаты. "Қазақ тілі мен әдебиеті журналы", 1999ж.
-
Д.Ысқақұлы, Б.Ысқақ "Мәшһүр Жүсіптің ой өрімі"/монография/.
Павлодар, Кереку 2010
-
"Мәшһүр Жүсіп қолжазбаларындағы ислам мәдениеті" 1том.
Павлодар, 2007 Қ.Жанарыс, Қ.Қ.Талқанбаева
-
Н.Е.Күнімжанов С.Торайғыров атындағы ПМУ, Павлоар қ.
-
М.Ж.Көпейұлы.Павлодар:ЭКО» ҒӨФ, 2003 – 203бет
-
М.Ж.Көпейұлы. шығармалары. 1-т.Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2003–203бет
-
М.Ж.Көпейұлы Екі томдық, 1-т.- Алматы: Ғылым, 1990
-
«Мәшһүр Жүсіп оқулары» республикалық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары.
-
"Жұлдыздар отбасы" журналы №19 (79) Қазан 2013 жыл, Аңыз адам.