Қазақ елі тарихының рухани
жаңғыруы
Ұлт Көшбасшысы, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мәні аса зор
еңбегінің жас ұрпаққа берер үлгі-өнегесі өлшеусіз. Ұлттық сананы
жаңғырту жолында рухани сілкініс туғызған еңбектің тарихи тағылымы
ұшан теңіз.
Рухани жаңғырудың бастау бұлағы «Мәдени
мұра» (2004), «Халық – тарих толқынында» (2013) бағдарламалары
аясында басталды. Елбасының биылғы жылы жасаған дәстүрлі Жолдауы
«Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп
аталғаны мәлім. Елбасы араға аз ғана уақыт салып бұл
жаңғырудың жөні тіпті бөлек екенін, нақтырақ айтқанда рухани
жаңғыруға бет бұрған қоғамдағы «ұлттық сана туралы» ой
төңірегіндегі ойын одан әрі өрбітті. Ұлттық сананы жаңғыртудың
кезеңі келді деп білетін, дамыған, келешегі баянды мемлекет құруды
мұрат еткен Елбасы бұл бағыттағы кемел ойларын бірнеше бағытта,
дәлірек айтқанда бәсекеге қабілетілік, прагматизм, ұлттық
бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның
революциялық емес, эволюциялық
дамуы, сананың ашықтығы жайын жаңғыртумен
жалғастырған. Аталған аманаттардың қай-қайсысы болса да ХХІ ғасырға
азат, тәуелсіз ел ретінде қадам басқан қазақ елінің жұлдызын
жарқыратып, әлемдік өркениет көшіне ұмтылған халықтар санатына
қосуды мұрат тұтады.
Сан ғасырлар бойы отар елдің тепкісін, теперішін
көріп өскен халықтың ұлттық санасы аз ғана уақыт ішінде жаңғырып
кете алмайды. Алайда, азаттық аренасына жасындай жарқылдап шыққан
ширек ғасыр ішінде рухани жаңғырудың жаңа белесіне өтетін кез
келді. Ал енді рухани жаңғырудың бір биігі тарихи сананы
жаңғыртумен ұштасқанда ғана өз нәтижесін береді. Сол себепті де
кемеңгер Көшбасшымыз революциялық сілкіністерден көз ашпаған өткен
ғасыр көшінің келбетіне былай деп баға береді: «ХХ ғасыр халқымыз
үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды. Біріншіден,
ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан өзімізге ғана
тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі
еріксіз таңылды. Екіншіден, ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық
соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жазылмай келеді.
Үшіншіден, қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаздады.
Төртіншіден, еліміздің көптеген өңірлері экологиялық апат
аймақтарына айналды».
ХХ ғасырдағы ақтаңдақтар бояуы тым қалың. 1916
жылы басталған ұлт-азаттық көтерілісі қырғыны, азамат соғысы
(1918-20) салған лаңдардың жалғасы дәулет жиғандардың малын тартып
алып тәркілеумен, Ахаң, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов
бастаған алаш қайраткерлерін қуғындаумен, соттаумен, 1931-1933
жылдардағы қазақ халқының тең жартысын қырғынға ұшыратқан, яғни
қолдан жасалған аштықпен жалғасты. Одан әрі «халық жауларын»
әшкерелеу арқылы ату, айдау, Ұлы Отан соғысы немесе Екінші
дүниежүзілік соғысы салған қасірет, ақыр аяғы тың игеру саясатының
қазақ жеріне әкелген орасан зор экологиялық апатына ұласты. Сонымен
қатар аталған апаттармен ұдайы қат-қабат бірге болған, яғни Елбасы
ерекше атап көрсетіп отырған қазақтың тілі мен мәдениетін құрдымға
кетіретін рухани апаттардың өлшемін айтып жеткізу оңай
емес.
Елбасының тарихи жадыны жаңғырту үшін айтылған
осы ойларының әрбір түйіні кейінгі ұрпаққа сабақ боларлық даналық
мектебі. Құлдық қасіреттің, бодандық қамыттың не екенін білмейтін
жас ұрпақ өсіп келеді. Алайда бұл ұрпақ өткен тарих тағылымынан
ғибрат алып, ғасырлар бойы күрестің жемісімен келген жеңісті баянды
ету жолында болатын қиындықты жеңіп, мәңгілік ел болуды мақсат етіп
отырғанда ғана халық арманы шын мәнінде жүзеге
асады.
Елбасы ескертеді. «Біз тарихтың сабағын айқын
түсінуіміз керек. Революциялар дәуірі әлі біткен жоқ. Тек оның
формасы мен мазмұны түбегейлі өзгерді. Біздің кешегі
тарихымыз бұлтартпас бір ақиқатқа – эволюциялық даму ғана ұлттың
өркендеуіне мүмкіндік беретініне көзімізді жеткізді. Бұдан сабақ
ала білмесек, тағы да тарихтың темір қақпанына түсеміз». Ұлт болып
қалыптасуға қауіп төндіретін, дінді қара жамылып немесе қаба сақал
қойып қорқытатын, енді бірде қантөгіс жасаудан шімірікпейтін
сепаратистердің әрекеті тарихтың темір қақпанына оңай түсіреді.
Өткен тарихтан тағылым алып, бүгінгі тарихқа сергек қарауға себеп
пен салдар жеткілікті. Ұлт Көшбасшысының қадап айтып, қасіреттен
сақтандыратын кемел ойларының бәрі ғибрат пен
өнеге.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» «мың өліп, мың
тірілген» халқымыздың өткен тарихынан тағылым ала отырып таяу
жылдардағы міндеттерді де белгілеп берді. Қателік жасауға, көштен
қалуға хақымыз жоқ. «Туған жерге ту тіккен» халқымыздың алдында Ұлы
мақсаттар, биік асулар тұр. Тарих өлшемінің аз ғана уақытында
өзгеріп, бүкіл әлем жұртшылығы алдында абыройы асқақтап келе жатқан
халқымыздың ұлттық сана биігінде самғап, өркениет көшінің алғы
сапында тұруға ұмтылатын кезі келді. Сан ғасырлар бойы тарих шаңына
көміліп келген халқымыздың жұлдызы сәті азаттық арқылы келді.
Болашаққа баратын бағытты рухани жаңғыртумен жалғастырып келе
жатқан Көшбасшысы бар Қазақстан Мәңгілік
ел.