Материалдар / Құзіреттілік ұғымының мәні
2023-2024 оқу жылына арналған

қысқа мерзімді сабақ жоспарларын

жүктеп алғыңыз келеді ма?
ҚР Білім және Ғылым министірлігінің стандартымен 2022-2023 оқу жылына арналған 472-бұйрыққа сай жасалған

Құзіреттілік ұғымының мәні

Материал туралы қысқаша түсінік
Мұғалімдер қауымына арналған
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады.
Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
13 Қырқүйек 2018
5077
8 рет жүктелген
Бүгін алсаңыз 25% жеңілдік
беріледі
770 тг 578 тг
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

ҚҰЗЫРЕТТІЛІК ҰҒЫМЫНЫҢ МӘНІ



Мухтаров Аманғали Хамидоллаулы Филология ғылымдарының кандидаты.«Өрлеу» БАҰО»АҚ филиалы, Алматы обылысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты. «Мұғалімнің кәсіби дамуын психологиялық-педагогикалық тұрғыдан қолдау» кафедрасының меңгерушісі

Құзыреттілік ұғымы «білім», «білік» және «дағды» сияқты ұғымдарды қамтитыны, бірақ мұнымен шектелмейтіні жазылып жүрген жай. Педагогика ғылымдарының докторы К. С. Құдайбергенова «құзыр» ұғымының педагогикалық термин ретінде қалыптасуын 1950 – 70 жылдарға сілтейді. 1957 жылы Кеңес Одағы жердің жасанды серігін ұшырғаннан кейін АҚШ білім жүйесінің сынға ұшырап, соңы «құзыр» мәселесіне қатысты зерттеулердің ашылуына себеп болғанын айтады. Жалпы, ғалымдардың пайымдауынша құзіреттілік дегеніміз оқушының өзін-өзі ұйымдастыруы, басқаруы, бағалауы, қадағалауы, түзетуі, масылдық пен енжарлықтан арылуы, белсенді болуы және өз өміріне қатысты жауапкершілікті толық өз мойнына алуы. Мұның бәрі, яғни құзіреттіліктің белгілері адам өзі қызыққан, көңілінен шыққан әрекеттерді орындау барысында анық байқалады. Құзыреттілік оқыту нәтижесін ғана емес, сонымен қатар оқушылырдың шығармашылық әрекетін, рухани деңгейін де көрсетсе керек. Қысқа қайырып айтар болсақ, алынған білімді күнделікті өмірде пайдалана отырып, қандай да бір күрмеуі, түйіні қиын мәселелерді шешуге қолдана білу қабілеті. Бұл әрине оқушы практикасында ең алдымен мектептегі оқу үдерісінде қалыптасады.«Коммуникативтік құзыреттілік» (латынның «соmpetere» - қол жеткізу, сәйкес келу, сөзінен шыққан) - қоршаған орта, адамдармен және оқиғалармен әрекеттестікте болу тәсілдерін білуді, кез келген топта жұмыс жасау дағдыларын, ұжымдағы әр түрлі әлеуметтік рөлдерді меңгеру сияқты басқа да көптеген мәселелерді қамтиды. Оқушы белгілі бір кезеңде ешкімнің көмегіне жүгінбей-ақ хат, сауалнама, өтініш дегендерді өзі толтырып, түсініксіз мәселе жайында нақты сұрақ қойып, сауатты пікір таластыра білуі тиіс. Мұғалім қазақ әдебиеті сабақтарында оқушыларға әдеби тілдің, басқаша айтсақ шешендіктің заңдылықтарын жаттатпай, тілдік және қатысымдық тәсілдерді пайдалана отырып, айшықты, ажарлы сөзді орынды қолдануға жетелеуі керек. Сонда оқушы әдемі сөйлеумен шектелмей, жан дүниесіндегі әдемілікке көңіл бөледі. Эстетикалық талғамы қалыптасады. Коммуникативтік құзыреттілік жеке тұлғаның рухани өсуін дамытады, айналасындағы адамдарды түсіне білуіне көмектеседі.Сонымен, құзіреттілік білім беру нәтижесі ретінде оқыту сапасын қамтамасыз етеді. «Құзырет» және «құзыреттілік» ұғымдарын педагогикалық үдеріске енгізу білім берудің мазмұны мен әдістерін өзгертуді талап етеді. Оқушы білімді іс-әрекет негізінде алады. Ол алдыңғы кезекте оқушының тақырыптан қаншалық хабардар екендігін емес, сол мәселені танып білудегі әрекеті, яғни алдыңғы біліммен қалай ұштастырғанына, одан қандай нәтиже шығаратынына, қазіргі заманғы техника мен технологияны қалай игергеніне, кикілжіңдер мен қиындықтарды қалай шешетіндігіне назар аударады. Бүгінгі таңда мұғалім білім мазмұнын қалай игертемін деген мәселеде жиі ойлануы тиіс. Балаға тақырыпты меңгертудің жолын көрсете отырып, оған жұмыс істетеді. Білім беру жүйесінде оқушының бойында коммуникативтік құзыреттілікті қалыптастыруда ақпараттық-коммуникативтік технологияның рөлі ерекше. Оны қолдану оқушылардың қызығушылығы мен белсенділігін арттырады. Бағдарламаны толық меңгеруге, жұмысын жоспарлай алуға, өз бетімен жұмыс істеуге үйретеді. Оқушының заман талабына сай білім алуына ақпараттық құралдар тікелей әсер етеді. Ол тіпті білім сапасына да оң әсерін тигізеді деп батыл айта аламыз. Оқыту кезінде оқушының өз еркімен білім алуына, материалды ойлау қабілетіне орай ыңғайластыруға, жаттатып қоймай, шығармашылықпен меңгертуге көңіл бөлу қажет. Оқушы қиялы жүйрік, оны ойлануға жетелеу керек. Жан дүниесі таза әрі нәзік, қылау түсірмеуге тырысу қажет. Олар өздері қызыққан кезде белсенді әрекет етеді.Тұлға бойына ХХІ ғасыр дағдылары аталып жүрген құзіреттілікті сіңіру уақыт талабы. Аталарымыздан қалған «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген керемет сөз бар. Яғни замана көшінен қалма, жаңалықтардың алдында бол дегені. Демек, біз өмір сүріп отырған осы қоғамда мұғалім «құзіретті педагог», бала «құзіретті оқушы» болуы тиіс. Ол құзіреттіліктерді ғалымдар төмендегідей жіктеп жүр.
  • Тұлғалық - өзін жеке тұлға ретінде қалыптастыруға қажетті білім, білік, дағдыларды игеру, болашақта өзі таңдайтын кәсібін өзі анықтау, оның қиыншылығы мен күрделілігіне төзімді болу; 
  • Азаматтық - қазақ халқының салт-дәстүрі,тарихы, мәдениеті, діні мен тілін терең меңгеріп, Қазақстанның өсіп өркендеуі жолындағы азаматтық парызын түсінуі;
  • Технологиялық- ақпараттық технологияларды, білім беру технологияларын сауатты пайдалану; 
  • Басқарушылық –баланың кез келген қиындықты өз күшімен шеше білу қабілеті;
  • Ақпараттық - ақпарат көздері арқылы өзіне керегін тауып, білімін көтеріп отыруы; 
  • Әлеуметтік – өзі өмір сүретін ортада өзін еркін сезініп, әрекет жасай алу қабілеті;
Енді осы құзіреттіліктердің әрқайсына шама-шарқымыз жеткенше жеке-жеке тоқталып, қаншалық қажеттілігі барын айқындауға тырысып көрейік. Бүгінгі таңда әр баланың тұлғалық құндылығы бірінші орында тұруы тиіс деп жүрміз. Алайда, айтқан сөзіміз бен ісіміз бір үдеден шықпай жүр. Алысқа бармай-ақ баланың мамандық таңдауына келейікші... Оқушы өзіне қажет білім, білік, дағдыларды меңгере тұра, болашақта кім болатынын ата-анасы шешеді. Неге?! Оның әртүрлі себептері мен қатар дәйектері де бар шығар. Дегенмен адам өзі армандамаған мамандықты қалай алып жүреді?! Оның ыстығына күйіп, суығына тоңа ма?! Алда кездесетін қиыншылықтар мен кедергілерге дайын ба?! Әлде қу тіршілік үшін бәріне көнеді, көндігеді деп есептейміз бе?! Ойлану керек... Бүгінгі таңда қай салада болмасын «нағыз мамандар тапшы» деген пікірді жиі естиміз. Ол қаңқу сөз емес. Бәлкім оның астарын осы арадан іздеу керек шығар... Егер мектеп бітіргенше баланың тұлғалық құзіреттілігін толық қалыптастырсақ, ол жоғарыдағы мәселелерді өзі шешетін болса... оның несі жаман?! Ал азаматтық құзіреттілік мәселесі - ұлттық құндылықтарымызды сақтаудың бірден бір жолы. Бұл бағы замандарда аталар мен әжелер мектебі арқылы жалғасын табатын. Бірақ бізді уақыттың көші ол мектептен баяғыда ажыратып тастады. Кешегі кеңестік білім жүйесі де бұған аса мән берген жоқ. Жоғалтқанымыз көп, енді өз қолымызға еркіндік тиген кезде бұл нәрсені назардан тыс қалдыруға болмайды. Немересінің тілін жаңылтпашпен шығарып, логикасын жұмбақпен дамытатын, бесік жырымен әлдилеп, ертегімен ұйықтатын әжелер азайды. Енді олардың орнын балабақша тәрбиешісінен кейін мұғалім басатыны даусыз. Қоғам ұстаздар қауымына осындай ауыр жүкті қоса артып отыр. Енді мұғалім тәрбие жұмыстарымен тек тәбие сағаттарында ғана емес, пән сабақтарында да айналысады. Бұл ретте қазақ әдебиетінің алатын орны ерекше. Нағыз елжанды ұрпақ тәрбиелеудің таптырмас құралы. Туған елінің кешегісін білмейтін адамның ертеңі үшін күресетіні көңілге күдік тудырады. Бізге қарақан басының ғана емес, «жеті атасын білетін, жеті жұрттың қамын жейтін» азаматтар керек. Тек елімізде орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде жасалып жатқан бағдарламаларда қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің кіріктіріліп оқытылатыны біраз қынжылтады. Технологиялық құзіреттілік.... Маркова А.К. «технологиялық құзыреттілік - іс-әрекет кезіндегі барлық субъективті қасиеттер» деп тұжырымдайды. Оның пікірінше технологиялық құзыретті адам ойына алған әрекетті жоғары деңгейде іске асырады. Мұғалімге қатысты айтатын болсақ, ол - оқыту мен тәрбиелеуде жақсы нәтиже көрсететін адам. Ондай мұғалім өзгелерден өзінің технологиясы, жеке тұлғалық қасиеті, педагогикалық қарым-қатынасымен ерекшеленеді. Балалардың технологиялық құзыреттілігінің компоненттері:- терең білім (пәндер негізінде);- шеберлік;- оқу үдерісі кезінде жетілген кейбір тұлғалық қасиеттері.Технологиялық құзыреттілік баланың жеке тұлғасының іс-әрекетті орындауға деген қабілеті мен даярлығының, ішкі психикалықкүйінің жүйесі болып табылады. Бүгін мектеп партасында отырған бала - ертеңгі қоғам мүшесі. Ол үлкен өмірге қадам басқан сәттен бастап қиындықтар мен сандаған кедергілерге кездеседі. Оның бәрін еңсеру үшін білім, білік, дағдының өзі аздық етуі мүмкін. Сондайда маңдайы тасқа соғылғандай күйге түспеуі үшін бала бәріне дайын болуы шарт. «Тағдыр жазды, мен көндім» деп қол қусырып отырғанды ХХІ ғасыр кешірмейді. Оның үстіне қазақтың баласы ұяң. Әсіресе ауылдан келген жасөспірімдер ұялшақтыққа салып, сыбағасын желге ұшырып алатын жағдайлар кездесіп жатады. Әрине, ешкімге «ұятсыз бол» демейміз, бірақ «есікті жауып қойса терезеден кіріп», керегін алатын өжет мінез жетпей жатады. Баланың бойына осыны сіңіруіміз керек. Қысқасы қиындық туғанда тізгінді қолға алып, кез келген мәселені «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» шешетін, бойында басқарушылық қабілеті бар баланы мектептен тәрбиелеуіміз керек. Және барлық баланың сондай болуы керегін естен шығармағанымыз абзал. Ал ақпараттық құзыреттілік арқылы бала нақты объектілер көмегімен өзіне қажетті ақпаратты іздеп тауып, талдап ішінен керегін іріктеп алатын болады. Алынған ақпараты жүйелеу, салыстыру, түрлендіру, оны тыңдаушыға оңтайландырып ұсына білуге де белгілі бір дағдылар қажет. Оның негізі де мектептен қалыптасады. Бұл құзыреттілік оқушының оқу пәндері, айталық қазақ әдебиетіндегі мәліметтермен шектелмей, оны сыртқы әлемдегі ауқымды ақпараттармен қабыстыра қарауына мүмкіндік береді. Басқа ақпараттармен жұмыс істей білу дағдыларын қамтамасыз етумен қатар дамыта түсетіні сөзсіз. Бүгінгі таңда ақпарат табу оңай, алайда ішінен керегін іріктеп алуға құзіреттілік керек. Адамның әлеуметтік ортада өзін еркін сезіне алмауы оның іс-әрекеті мен қызметіне белгілі бір дәрежеде салқынын тигізеді. Егер бала мектеп партасында отырғанда кез келген топқа етене араласып, еркін жұмыс істеуді меңгерсе, үлкен өмірге араласқанда аса қинала қоймайды. Сондықтан мектеп есігін алғаш ашқан сәттен бастап бала әртүрлі адамдармен біте қайнасып, нәтижеге бірге жетудің рахатын сезініп өсуі қажет. Ондай бала есейген шағында қандай ортаға түссе, сол ортаға бейімделіп, сол жердегі өз орнын нақтылап алатын болады. Осының бәрі сайып келгенде ұлттық құндылықтарды бойына жиған, ақпараттық технологияларды, білім беру технологияларын сауатты пайдаланатын, кез келген қиындықты өз күшімен шеше білетін, ақпарат көздері арқылы өзіне керегін тауып, білімін көтеріп отыратын, өзі өмір сүретін ортада өзін еркін сезініп, әрекет жасай алатын тұлға тәрбиелеу болып табылады.

Материал жариялап тегін сертификат алыңыз!
Бұл сертификат «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жарияланғанын растайды. Журнал Қазақстан Республикасы Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігінің №KZ09VPY00029937 куәлігін алған. Сондықтан аттестацияға жарамды
Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!