Материалдар / Рубрика. «Сөз Маржан» Collaboration Fest. Ақымақ па әлде данышпан ба?
25 ҚАЗАН
Республика күніне арналған ашық тәрбие сағаты
Дайын материалдарды жүктеп алыңыз

Рубрика. «Сөз Маржан» Collaboration Fest. Ақымақ па әлде данышпан ба?

Материал туралы қысқаша түсінік
Бұл мақала оқушының дарынын анықтау туралы, әрбір оқушыны зерттеу туралы жазылған.
Материал тегін
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Ақымақ па әлде данышпан ба?

Кей кездерде "ұстаз" деген атымыз болса да, педагогикалық біліміміз болса да, шәкірттің жанын түсіне алмай жатамыз. Мүмкін біліктілігіміз жеткілікті деңгейде емес болар. Мүмкін артық жұмыс істегіміз келмейтін шығар. Әлде шамадан тыс есеп берулер, қағазбастылық секілді әурешіліктерден кейін балаға деген көңілбөлушілігіміздің дәрежесі төмендей ме? Әйтеуір кейбір балалар назардан тыс қалып, ілініп-салынып мектепті бітіріп жатады. Бірақ сол оқушыларымыздың өмірінің ары қарай сәтті құрылып, жетістіктерге қолы жетіп, жақсы маман иесі болып жатқанын көріп таң қаламыз. Таң қалатын несі бар? Бұл- біздің қателігімізді бетімізге басып тұрған өмірдің ақиқаты. "Әттеген-ай!" деп бармағымызды тістететін- дерек. Яғни мектеп қабырғасында бұл баланың талантын аша алмадық. Бейімділігін көре алмадық. Таяуда осындай қателіктің салдарын көрсететін бір аудиожазбаны тыңдадым. Онда атақты өнертапқыш Томас Эдисон туралы баяндалған екен. Аудиожазбаны тыңдай отырып Эдисонның анасының даналығына қайран қалып, мұғалімнің қателікке бой алдырғанын түсіндім. Өзімнің де қызмет жолымдағы әртүрлі істеріме есеп бере бастадым. Алдымдағы шәкірттерімді көз алдыма келтіріп, қай оқушымен қалай жұмыс істеуге болады деген сұраққа жауап іздедім. Менің ойымды сан-саққа жүгірткен жазба «Бір күні Эдисон анасына мұғалімінен хат әкеліп береді» деп басталады.

Ол хатта мұғалім Томасты мектепте оқыта алмайтындығын, себебі оның ақыл-ойының кемістігі бары туралы жазылған еді. Томас анасынан мұғалімінің не жазғанын сұрайды. Анасы іштей қиналып тұрса да ұлына ештеңені сездірместен «Сіздің ұлыңыз – данышпан. Біздің мектебіміз тым кішкентай. Мұнда ұлыңыздың деңгейіндегі, оны оқыта алатын мұғалім жоқ. Өтінемін, бұдан былай өзіңіз оқытыңыз» деп оқып береді. Кейіннен анасы қайтыс болған кезде Эдисон ескі заттарды жинастырып жүріп сол хатты тауып алады. Эдисон сол кезде анасының не себепті көз жасын көлдеткенін ұғып, өзі бірнеше сағатты жылаумен өткізді. Есін жиған соң күнделігіне: «Томас Алва Эдисон ақыл-есі дамымай, артта қалған бала болды. Парасатты да батыр анасының арқасында өз заманының ұлы данышпанына айналды» деп жазып қояды.

Иә, Томас өзінің анасының даналығына басын иген болар. Ал мен ұстаз ретінде өзіміздің жіберетін қателігімізді көрдім. Жоғарыда айтып өткенімдей шәкірттің жанына терең бойламай, зерттеп алмай, асығыс шешімдер қабылдап жатамыз. Эдисон анасы өте ақылды болғандығынан жолы болып, данышпанға айналды. Ал егер отбасында да, мектепте де таланты ашылмай тұрған баланың дарынын көміп тастап жатсақ ше? Сонымен мұндай жағдайларда не істеуіміз керек?

Біріншіден барлық баланы бірдей қабылдаған дұрыс деп ойлаймын. Оның оқу үлгеріміне қарамастан, тұрмыстық жағдайына қарамастан барлық баланың бойында өзіндік бір ерекшелігі бар екендігіне сене білуіміз керек. Сол ерекшелікті табу үшін шәкіртімізді зерделеп, зерттеу жұмыстарын жүргізген дұрыс. Ең алдымен отбасы жағдайына түңіліп көрейік. Баланың алғашқы ұстазы да, тәрбиешісі де- анасы. Анасының балаға деген қарым-қатынасы қандай? Мейірімділік көрсете ме? Сабағына назар аудара ма? Мектеппен байланысқа шығып тұра ма? Анасының денсаулығы қалай? Қандай қызмет етеді? Толық отбасынан шыққан ба? Әкесі бала тәрбиесіне көңіл бөле ме? Баланың денсаулығында кінәрәттар бар ма? Осы және басқа да сұрақтарға жауап ала отырып, баланың отбасындағы портретін құруға болады. Отбасын зерделеп болғаннан кейін оқушымызды психологиялық диагностикадан өткізу керек деп санаймын. Сырты бүтін, іші түтін болып жатқан отбасылар да көп. Сонымен қатар достарының ығында жүретін балалар да аз емес. Олай болса дос-жарандарын саралап көру керек емес пе?

Келесі кезекте оқушының бейімін, қызығушылығын анықтау. Сауалнамалар алу арқылы, әңгіме-дүкен құру арқылы шәкіртіміздің нені жақсы көретінін, болашақтағы арманын, қолынан қандай істер жақсы келетінін байқап көру қажет. Дауысы бар ма, жоқ па ән айтқызу, суретті дұрыс сала алмаса да сынып ішінде сурет байқауына қатыстыру, би үйрету секілді істер- баланың талантын ашудағы алғашқы қадамдар болары анық. Жалпы алғанда сынып ішінде сабақ барысында да, сабақтан тыс та әртүрлі байқауларды ұйымдастыру- баланың бейімділігін анықтаудағы бірден-бір тиімді тәсіл деп ойлаймын. Егер Эдисонның ұстазы қандай да бір құралдарды құрастыру секілді өнертапқыштар сайысын өткізсе, мүмкін оның бойындағы талантын байқар ма еді?

Тағы да бір байқағаным- ең алдымен ұстаз психолог болу керек. Баланың жан-дүниесін түсіне алғанда ғана, оқушы ұстазына сенім артады. Дос бола білу керек, баламен бірге бала да болу керек. Оқушыны қатып қалған қағиданың ішіне қамаудың қажеті жоқ. Оның қиялы мен арманы асқақ болатындай қанат бітіре білу қажет. Томастың анасының қолынан осы бір іс жақсы келген секілді. Ол баласының данышпан екендігіне сендірді. Сол арқылы Томасты білімге қарай жетеледі. Қиялын шыңдады. Өз-өзіне деген сенімділігін арттырудың нәтижесі осыдан-ақ көрініп тұрған жоқ па?

Дарындылықты ашудың қажетті шарттары туралы А.Владимиров «Бізге туғаннан берілген дарын өңделмеген алмазға ұқсайды. Жаңа ғана «Сібір кенінен» алынған мөлдір, қатты тас тәріздес (бірақ алмаз қаншалықты тамаша болса да, маржан тас екеуінің айырмашылығы жер мен көктің айырмашылығындай). Маржан тас деп-ерен еңбекті қажет ететін тегістелген алмазды айтамыз» деп жазды. Дарынды балаларға арналған бағдарламалар мен тапсырмалар – нағыз зертхана. Зертханамыздың жұмысы табысты болу үшін жан-жақты тәжірибелер жасалып, білім-білік деңгейімізді көтеріп, мақсатымызға қарай жұмыс жасауымыз керек. Алмазды қырлап, қажетті бейнеге келтіру қыруар жұмысты талап етеді. Оған қоса алдымыздағы шәкіртіміз Томас секілді бір қарағанда ақымақ болып көрініп тұрса, ұстаздың жұмысы бірнеше еселенетіні сөзсіз. Бірақ Эдисонның анасы секілді дарынын ашуға түрткі болар бір ғана тиімді әдісті қолдану- жеңіске жетудің алғышарты болатынына көзіміз жетті. Әрине Томастың қолжазбасында оның ары қарай қалай оқығаны, жұмыс істегені жазылмаған. Сонда да атақты өнертапқыш болу үшін талай тердің төгілгені айдан анық. Ең басты назарды аудартып тұрған қозғаушы күш-анасының сенімі екенін бәріміз де түсіндік. Бір ғана тауып айтылған сөздің құдіретіне көзіміз жетті.

Қорыта келе айтарым, ғалым да, шахтер да ұстаздың алдынан өтеді. Ұстаздан тәлім алады, тәрбие алады. Яғни біздің мойнымызға артылған жүктің салмағы ауыр. Алдымызда көздері мөлдіреп отырған шәкірттің ертең кім болары бізге байланысты. Мына бір тез өзгермелі заманда мұғалім білім мен біліктілігін күнделікті арттырып, жаңалықтан қалмауға тырыспаса еліміздің ертеңі не болары белгісіз. Жаңа заманның балаларының жанын түсіну де күрделеніп бара жатқаны кім-кімге де белгілі. Шәкіртінің сенімін арттыру немесе сенімін жоғалту- мұғалім шеберлігіне байланысты. Оқушының алдында маңызды рөлді атқарғыңыз келе ме? Онда сол рөлді тереңірек меңгеріңіз, күнделікті дайындалыңыз, қайталаңыз. Өзіңіздің бойыңыздағы қасиетіңізбен шәкіртіңізді баурап алыңыз. Өзіңізге сендіріңіз және шәкіртіңізге де СЕНІҢІЗ!



Материал жариялап тегін
сертификат алыңыз!
Бұл сертификат «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жарияланғанын растайды. Журнал Қазақстан Республикасы Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігінің №KZ09VPY00029937 куәлігін алған. Сондықтан аттестацияға жарамды
Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!