ҰЛТ КӨСЕМІ - АЛИХАН
БӨКЕЙХАН
Биыл көрнекті қоғам және
мемлекет қайраткері, ұлт азаттық қозғалысының теориялық негізiн
сaлушы әрі көсeмі, қазақтың тұңғыш саяси партиясын ұйымдастырушы
және Алашорда үкіметінің төрағасы
«Түзу қалам - қисайған,
өткір қалам - мүжілген заман» - деп өзі өмір сүрген қазақ даласының
бастан өткерген қиын заманын жырлай кеткен Әлихан Бөкейханның 155
жылдық мерейтойы. Бұл бүкіл халық үшін маңызды мерекелердің бірі
болып табылады.
Тарихтағы ақтаңдықтар ақиқатын
алғашқылардың бірі болып зерттеген белгілі жазушы-публицист Бейбіт
Орынбекұлы Қойшыбаев. Осы автордың 2001 жылы жарық көрген «Әлихан
Бөкейханов» атты еңбегінде Алаш көсемі Әлихан Нұрмұхамедұлы
Бөкейханның өмірі мен қызметі туралы толық мәлімет ұсынылған.
Аталған кітапта ұлт қайраткерінің басынан кешкен күрделі кезеңдері
мен саяси соқпағы туралы толық деректер
бар.
«XVIII ғасырдың аяғы мен XIX
ғасырдың басында мемлекеттілігі өзін-өзі билеу көріністері мүлде
жойылып, бөтен жұрттың езгісі мен қанауына түскен қазақ халқы – осы
жүзжылдықтың басында сол кезгі өркениет үлгісімен жерлерін
біріктіріп, мемлекеттілігін қалпына келтіруді батыл қолға алған-ды.
1917 жылдың 12 желтоқсанында Орынбор шаһары қарлы аязды еді. Сағат
15:00 қазақ автономиясы жария болды. Ұлттық – территориялық негізде
құрылған автономия. Делегаттар бөркін аспанға атты...»,- дейді
автор тұңғыш «Алаш» автономиясының құрылған тұсын
суреттеп.
«Қазақ облыстарының
автномиясына «Алаш» деген ат берілді. Алып империяның
қазақтар тұратын аймақтарын зор қуаныш кернеді. Алты алаштың
баласының басына ақ орда тігілді деп шаттанды қазақ. Алаш туы
көтерілді деп ұрандатты қазақ. Отансыз жұрт отанды болды деп
рухтанды қазақ». Сөйтіп, аңсаулы ұлттық мемлекеттігіміздің алғашқы
жұрнағы пайда болғаны жазылады. «Оны революция толқындары осылай
кеудесінде сәулесі бар барша азаматты шаттыққа бөлеп, жаңа стильге
аударғанда 1917 жылы 25 желтоқсанда жұрт шартараптан елеңдей көз
тіккен Орынбор қаласын да өмірге әкелген еді»,- деген мәлімет
келтіреді автор.
Қазақ автономиясы кешегі
империя тәжінің иесі Екінші Николай монарх тақтан тайдырылғалы,
демократиялық Ресей республикасы туа сап бастан кешіп жатқан саяси
дағдарыс тұсында ұйымдастырылды.
«Алашорда» Уақытша Халық
Кеңесінің Төрағасы болып Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов сайланды.
47 жасар көрнекті саяси қайраткер, ғалым, көсемсөз майталманы.
Ресей демократтарымен үзеңгілес болып, иық тірестіріп еңбек етіп
жүрген азамат. Оны делегаттар үш үміткер қатысқан баламалы сайлауда
көпшілік дауыспен таңдап алды. Ол алғашқы Қазақ автономиясының
тұңғыш та жалғыз басшысы болды. Сол лауазымымен тарихта
қалды.
Әлихан
Бөкейханов 1866 жылы 25
наурызда Семей облысының Қарқаралы
уезінде, Тоқырауын болысының №7 ауылында өмірге келген. Кеңес
өкіметі тұсында ол жер Жезқазған облысының Ақтоғай ауданындағы
Қаратал кеңшарының аумағына кірді. Тәуелсіздік кезінен бері оның
туған жері – Қарағанды облысындағы Ақтоғай ауданының Әлихан
Нұрмұхамедұлы Бөкейхан атындағы ауыл.
Ол Нұрмұхамед отбасында
туып-өскен бес ұл, бір қыздың ішіндегі тұңғыш бала еді. Сауатын
молда алдынан мұсылманша ашты. Зерек те, алғыр жеткіншек уақыт
талабына сай білім алуды аңсайды. Баласының тауын шағылтпай,
Нұрмұхамед сұлтан оны уезд орталығындағы орыс оқуына
береді.
Халық ағарту ісі қазақ
даласында империя орталығы жүргізіп отырған отарлау саясатына
сәйкес өркендеді. Орыс оқу орындары баланың сауатын орысша ашып,
рухани жандүниесін, дүниетанымын орыстандырып жіберу қызметімен
қатар, олардың озық білімге, қол созуына да алғышарттар жасап
жатты. Қарқаралы мектебі де сондай ұялардың бірі болатын. Міне, осы
оқу орнында оқыту үшін, тоғыз жасар Әлиханды әкесі аулынан екі
күндік жердегі Қарқаралы қаласына әкеп
орналастырды.
Әлихан Қарқаралыда жеткіншек
шағынан жасөспірім жасына іліккенге дейін сонда тұрып, балғын
шәкірттік кезеңінің жеті жылын өткізді. Бастауыш мектепте, қалалық
училищеде оқыды. Орыстың тілін үйренді. Орысша оқытылған пәндер
бойынша сол кездегі мектеп бағдарламасына сәйкес, ғылым негіздерін
игерді. Нақты кәсіп – етікшілік өнерге де
үйренді.
Әлихан Қарқаралы училищесін
1886 жылы маусымда тәмамдады. Он алты жасар Әлихан оқуын
жалғастырғысы келеді. Ата-ана, әрине қарсы емес еді. Талапты, алғыр
бозбаланың оқуға деген ынтасы уезд орталығындағы әкімшілік
тарапынан да қолдау тапты. Көп ұзамай шағын Қарқаралыдағы үш
сыныпты қалалық училищенің түбіт мұрт түлегі білімін орта оқу
орнына түсіп, тереңдетуді аңсап, байтақ қазақ даласының Сібірдегі
кіндігіне айналған алып шаһарға аттанады.
1886 жылдың күзінде Әлихан
Омбыға келді. Қазақ уәлаятындағы бас қалаға бір қиырда жатқанына
қарамастан, жұрт түрлі шаруамен сапар шегеді. Өйткені, ол астана.
Биліктің қазақ тағдырын шешетін бір тұтқасы сонда. Өлкедегі тәуір
мектептер де сол қалаға шоғырланған. Сондықтан да, шалғайда жоқ
білім ордасын ел сияқты Әлихан да осы жерден
іздейді.
Әлихан оқуға келген кезде –
Омбы уезіндегі қазақтар жалпы халық санының үштен бірін ғана
құрайтын. Ал шаһардың өзінде тұратындар тіпті аз еді. Әлихан
құжаттарын Омбы техникалық училищесіне тапсырды. Қабылдау емтиханын
ойдағыдай тапсырып, сынақтан мүдірмей өтеді. Осылайша мемлекеттік
оқу-тәрбие орнының киім-кешек, жатақхана, және оқу ақы-жәрдем
пұлымен толық қамтамасыз етілген тәрбиеленушісі ретінде білім
айдынына құлаш созады. Төрт жыл білім
алады.
Бір кездері қазақтың да орыс
секілді өз мемлекеті, хан деп аталған өз патшасы болғанын – орыс
тарихынан іштей салыстырар деректерді кезіктірген сайын ойлай
түсті. Өзінің де хан ұрпағы екеніне мән берді. Содан, бабаларымен
сабақтастық белгісі ретінде, фамилиясын өзгертіп алу жөнінде ниет
етіп, идеясы училищені бітірер мерзім тақалған сайын тез пісіп
жетіле бастады.
Әлихан Омбы Техникалық училищесін 1890 жылы
тәмамдады. Білімін жоғарылатуды мақсат тұтып, Санкт-Петербургтегі
Императорлық Орман институтында жалғастыруды көздейді. Бірақ бұл
үшін белгілі бір дәрежеде көмек керек. Жоспарын, тілегін ұстазына –
училище директоры Доброхотовқа білдіреді.
1890 жылы күзде қабылдау
емтихандарын ойдағыдай тапсырып, Әлихан Санкт-Петербург Орман
институтына оқуға түсті. Сол тұста фамилиясын бабасының атынан
жаздыруға да рұқсат алды. Сонымен сұлтан Әлихан Нұрмұхамедұлы
Бөкейхановтың ғұмырындағы маңызды белес – Питерде өткізген төрт
жылдық студенттік кезең басталды.
Әлихан Бөкейханов жоғары оқуға
кірген жылы қазақтың тағы бір болашақ аяулы ұлы жоғары оқуды
бітірген еді. Ол – Бақытжан Бисәліұлы Қаратаев, әйгілі Әбілқайыр
ханның ұрпағы, орыс үкіметінің отарлаушылық әрекетіне қарсы
көтерілген 1805-1816 жылдарғы қозғалыстың жетекшісі болған Қаратай
сұлтанның шөбересі, Императорлық Санкт-Петербург университеті заң
факультетінің түлегі.
Астанаға алыстан келген жиырма
жасар жас Әлихан студенттік өмірдің алғашқы жылдарында, сөз жоқ,
Бақытжан сынды аға буын қандастарына еліктей қарады. Мазасыз
ой-пікірлері бұрқ-сарқ қайнаған жаңа қауыммен бауырласып кетуіне,
сол секілді ересек азаматтар оң ықпал етті деп әбден айтуға болады.
Көп ұзамай Бақытжан Қаратаев Кутаисиге қызметке жіберіледі. Соған
байланысты астанадан кеткенге дейін, екеуі сөз жоқ, ағалы-інілі
жылы қарым-қатынаста болды. Әрі бұл шақта, қараңғы қазақ халқы
туралы ағартушылық тұрғыда ой толғайтын барша көзі ашық азаматтар
секілді, олар пікірлес-тін. Сондықтан да, көзқарастарындағы кейін
айқын көрінген елеулі айырмашылықтың тап сол питерлік кезеңде орын
алуы әсте мүмкін де емес еді. Дегенмен, араға ширек ғасыр салып
барып – бұл екеуі бірін бірі мойындамайтын, тіпті тыңдай қоймайтын
жағдайға жетті. Екеуі екі үлкен саяси ағым басына
шықты.
Буырқанған Питердің саяси
мектебінен жастай өту – оның болашақ қайраткерлік қызметіне көп
жәрдемдесті. 1894 жылы орман шаруашылығының экономист мамандығын
бітіреді. Омбыға оралады. Алғашқы жылдары әуелі төменгі дәрежелі
орман мектебінде оқытушы, одан Омбы қоныс аудару басқармасының
шенеулігі қызметтерінде істейді. Сол негізгі қызметтерімен қатар,
ғылыми-зерттеушілік, шығармашылық, публицистік жұмыстарға ден қоя
бастайды. Зерттеуші және қаламгер ретіндегі алғашқы тәжірибелерін
жасайды. Осы шаруалар барысында ол кемелденеді, жан-жақты толысады.
Болашақ қайраткерлік, серкелік қабілеті ұштай
түседі.
Отаршылдық, ішкі Ресей
шаруаларын қазақ жеріне қоңыстандыру саясаты, жергілікті халық пен
келімсектер қарым-қатынасы оның қаламына ілінді. Ол империя қол
астына қазақ хандықтарының өту себептерін қарастырды. Ұлт-азаттық
көтерілістерге де, көңіл бөле бастады. Тұрмыс-салт, мәдениет,
билік, заң, этнографиялық мәселелер, өнер, ұлттық құрылым, шежіре,
әдет-ғұрып, діни иланым, ауыз әдебиеті, фольклордың мәні, оның
тарихи оқиғаларды бейнелеу дәрежесі, ауыз әдебиетіндегі әйел
бейнесі, әйелдің әлеуметтік жағдайы – бәрі-бәрі оның назарынан тыс
қалмады.
Дала өлкесінің орталығы Омбы
қаласында күн сайын шығып тұрған «Акмолинские областные
ведомости» атты ресми газетке қосымша ретінде, қазақ тілінде,
1888 жылдан 1902 жылға дейін «Дала уәлаятының
газеті» атты апталық газеті жарық көріп тұрды, ол үкімет
тарапынан шыққан ресми басылым. Міндеті – ел-жұртқа аса жоғары
пәрмен, жарлық, бұйрықтарды жеткізіп отыру. Газетте ағымдағы
тыныс-тіршілікті, қоғами ахуалды, саяси-әлеуметтік өмір
мәселелерін, тарихты, ауыз әдебиеті үлгілерін, ел мүддесін көздеген
сан-қырлы сөздерді жазды. Мақалалар патша цензурасы мүмкіндік
берген мөлшерде, сол кездегі сауат деңгейінде, саяси, мәдени, іліми
өре жеткен дәрежеде жазылды.
1905-1907 жылдардағы бiрiншi
орыс революциясының қазақ даласында ұлт-азаттық қозғалыстың бел
алып өрiстеуiне айтарлықтай ықпалын тигiзген аласапыран жылдар
болды. Нәтижесiнде, 1905 жылы Семей губерниясына қарасты Қарқаралы
қаласына таяу Қоянды жәрмеңкесiнде Алаш көсемi Ә.Бөкейхановтың
басшылығымен тұңғыш қазақ съезi болып өттi. Онда патшалық Ресейдiң
отарлық езгiсiне қарсы күштi наразылық бiлдiрген қазақ қоғамының
бiрнеше баптардан тұратын басты саяси талап-тiлектерi айтылды. Ал,
«Қарқаралы петициясы» деп аталатын бұл саяси құжаттың авторлары
Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жақып Ақпаев сынды ұлт
зиялылары болды. Осы орайда, «Қарқаралы петициясына» қатысы бар»
деген күдiкпен Ә.Бөкейханов алғашқыда Кереку, одан кейiн Омбы
түрмелерiне қамалған едi. Алайда, ол 1906 жылы патшалық Ресейдегi I
Мемлекеттiк Думаға сайлау науқаны кезiнде Семей облысы қазақтары
атынан депутат болып ұсынылады. Сөйтiп, депутаттық мандатқа ие
болған Ә.Бөкейханов түрмеден босатылып, Семейде өз сайлаушыларымен
кездесу жиынын өткiзедi.
1905-1907 жылдардағы Әлихан
Бөкейхановтың Семей өңiрiндегi қоғамдық-саяси қызметi оның халық
депутаты, қазақ кадет партиясы басшыларының бiрi ретiнде Петерборға
I Мемлекеттiк Думаның жиынына аттануымен аяқталып, одан ары қарай
жаңағы Мемлекеттiк Думаның тарауы және Финляндияның Выборг
қаласындағы «Выборгское воззвание» деген үлкен саяси оқиғаларға
қатысуымен жалғасады. Алайда, ел өмiрiндегi осындай күштi саяси
толқуларды басып-жаныштауға байланысты жергiлiктi патша өкiметi
органдары тарапынан Алаш ұлт-азаттық қозғалысы қайраткерлерiн қайта
қуғындау басталады. 1908 жылы Әлихан Бөкейханов екiншi рет
тұтқындалып, Семей түрмесiне
қамалады.
Әлихан Бөкейхан қарапайым өмір
сүрді. Семей түрмесiнен босап
шыққаннан кейін, большевиктер оны туған елінен барынша алыс ұстауға
тырысады. Сөйтіп, 1922 жылдың күзінде Әлихан Бөкейхан Мәскеуге жер
аударылады. Сол жылы Мәскеу қаласындағы Ұлттар істері жөніңдегі
Халық комиссариаты жанындағы орталық баспаның, 1926-1927 жылдары
Ресей ғылым академиясының ғылыми қызметкері
болды.
1937 жылдың 27 қыркүйегінде
қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалаған аса көрнекті
қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым Әлихан Бөкейханов
жалған айыппен Мәскеуде өлім жазасына кесіледі. Үкім сол
күні-ақ жүзеге асырылды.
Әлихан "туған жерден үш аршын
жер бұйырса жетеді" деген сөзді ағайын-туыстарына әрдайым қайталап
отырады екен. Алайда, оған да, оның қыздарына да, немересі
Ескендірге де ата-баба жерінен топырақ бұйырмады. Барлығы Мәскеуде
жерленді.
Тәуелсіз
ел, болашағы зор мемлекет боламыз
десек,
осындай ұлы зиялыларымыздың ерең еңбегін
ұмытпай, олардың бойында болған батырлық, патриоттық қасиеттерін
өзіміздің де, өзімізден кейінгі ұрпақтың да бойына сіңіруіміз
қажет.
Пайдаланылған әдебиеттер
тізімі:
-
Ахметова «Алаш партиясы туралы
бірер сөз» «Ақиқат» 1995 ж .7 шілде.
-
«Алаш қайраткерлері көзқарас
эволюциясы» егемен Қазақстан 1999 ж.
-
«Алаштың алғашқы құрылтайы»
Жұлдыз 1997 ж. №3.
-
«Алаштың ақиқатын кім айтады?»
Қазақстан коммунисті 1990 ж.№3.
-
«Алаш азаматтары жайлы
деректер» Ақиқат 1993 ж. №4.
-
А. Байтұрсынұлы «Ана тілі»
1991 ж.
-
Ахмедов «Алаш болғанда» А.,
1996 ж.
-
Әбжанов
«Қазақ интелегенциясы мен мәдениеті туралы» А., 1992
ж.
-
Богачев «Алашорда» Ақиқат 1994 ж.
№3.
-
Құл-Мұхамед «Алаш ардагері
Ақбаевтың саяси қуғынның көзқарастары» А., 1996
ж.
-
Қазақ зиялылары (өткені,
бүгіні, ертеңі (Заман Қазақстан 19 қыркүйек, 1997
ж.
-
Қазақстан тарихы очерктері А., 1994
ж.
-
М. Қойгелдиев «Ә. Бөкейханов шығармалары» А.,
1994 ж.
-
Мұстафа Шоқай «таңдамалы» І том. А., 1998
ж.
-
М. Қойгелдиев «Алаш қозғалысы»
А., 1994 ж.
-
М. Дулатұлы «Шығармалар» А., 1997
ж.
-
Нүрпейісов «Алаш һәм Алашорда» А., 1998
ж.
-
Пірманов, Қапаева «Қазақ интелегенциясы» А., 1997
ж.