Ұлтының кемеңгер көшбасшы
ұстазы-Ыбырай Алтынсарин
Аклепесова Шынар Дарябаевна
Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы,
№13 «Дарын» мектеп-лицейінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
«Үміт еткен көзімнің нұры
балам» деп, қаймана қазақ баласының ертеңгі күнінен үміт етіп,
білімнің өшпес шырағын жаққан, ұлтымыздың ұлы ұстазы, кемеңгер
көшбасшысы, Абай сынды алыптардай тарих төрінен ойып орын алған
данасы Ыбырай Алтынсарин бүгінде 180 жасқа толып отыр. Отаршылдық
езгі мен надандық қараңғылығынан көз ашпаған қазақ даласына білім
сәулесінің нұрын шашқан Ыбырай «Кел, балалар, оқылық!» деп ұран
тастады. Өз ұлтының жанашыры ретінде қала мен қамал емес, даланың
дархан төсінен қазақ балаларына арнап тұңғыш мектеп
ашты.
Ыбырай Алтынсарин өзі ашқан
мектептерде ана тілінің таза оқытылуына көңіл бөліп, тілашар
ретінде халықтың ауыз әдебиетін пайдаланып, өзі де ұрпақ тәрбиесіне
арналған әдеби шығармалар жазды. Сол әдеби шығармалары арқылы
тіршіліктің өзекті мәселелерін көтеруге бет бұрды. Ол қазақтың
жазба әдебиетінің, әдеби тілінің негізін қалаушыларының бірі болды.
Шиеленіскен тартыстар, соны бейнелер, бұрын болмаған жанрлар арқылы
әдебиетті мазмұн жағынан емес, түр жағынан да дамытты. Оның
мазмұнды да мағыналы әсем лирикалық өлеңдері, қысқа да әсерлі
әңгімелері қазақ әдебиетінің тарихында өшпес орын
алады.
Надандықтың
белгісі-
Еш ақылға
жарымас.
Жөн білмеген
адамға...
Қыдыр ата дарымас...-деп
халқымыздың ұлттық дүнетанымынан да хабардар ете
білді.
Ұлы педагог
қоңыраудың әсем үніндей сыңғырлай соғып, білімнің мектебіне
тағылымды жол ашты. Оның әрбір өлеңі, әрбір әңгімесі ұлттық
құндылықты дәріптейтін тағылымы мол шығармалар. Қазақ даласында
«Қоңырау» болып білімге шақырған ұлы ұстаздың еңбегі
ұшан-теңіз.
Ыбырай Алтынсарин даланың тек қана қоңырауы
ғана емес. Ол өзінің «Таза бұлақ» деген кітабында жазғандай даланың
таза бұлағы да болды. Бұл таза бұлақтың мөлдір суынан академик те,
ғалым да, диқан да, шопан да, қарапайым қазақ баласының бәрі
де сусындады. Бәрі де содан дәм татты. Сол арқылы қазақ баласының
көзі ашылды. Өз
қаражатына мектептер ашып, оқулық жасаған болатын. Ыбырай «Қазақ
хрестоматиясына» кірген өлеңдерінде де халық ағарту идеясын
көтерді.
Ыбырай
ағарту ісімен бірге сол уақыттағы қоғамдық - саяси өмірге сергек
араласып, ғылым мен білімге, еңбек пен өнерге, дінге, этнографияға
қатысты еңбектер жазды. Ыбырай қажырлы еңбектерінің нәтижесінде
көркем еңбектері қазақ әдебиетінің қалыптасуына айрықша ықпал етті.
Сол әдеби шығармалары арқылы тіршіліктің өзекті мәселелерін
көтеруге бет бұрды. Ол қазақтың жазба әдебиетінің, әдеби тілінің
негізін қалаушылардың бірі болды. Ыбырайдың әдеби еңбектерінің
жинағы «Қазақ хрестоматиясы» (1879) ағартушылық мақсатта жазған
әйгілі екі өлеңмен ашылды. Ақын бұл өлеңдерді өз кезінде «Сөз басы»
деген атпен алған. Ол халық ағарту ісіне арнаған әдеби туындаларын
да оқу- білімді насихаттаудың ұтымды әдісінің қажеттігін көрсетті.
«Кел, балалар, оқылық» өлеңінде:
«...Сиса
көйлек үстіңде, Тоқуменен табылған
...
Сауысқанның тамағы, Шоқуменен
табылған... Өнер білім бәрі де
Оқуменен табылған... деп, ақын
қазақ жастарына өнер-білімнің қайнар бұлағы оқуда екенін айтып,
оқыңдар, ғылыммен сусындап, жетіліңдер деп, білім мен надандықты,
жақсылық пен жамандықты қатар алып, салыстырып
отырды.
«Өнер - бар жұрттар» деп
аталатын өлеңінде :
«...Ат өнері
білінбес,
Бәйгеге түспей
жарыспай.
Желкіндеп шыққан көк
шөптей,
Жас өспірім
достарым,
Қатарың кетті - ау алысқа
ай,
Ұмтылыңдар қалыспай!..» - деп,
жастарды өнер - білім жолындағы жарысқа шақырады. Ыбырай
шығармаларын оқыту - оқушыларға жақсылық, әділдік, азаматтық сезім,
ар-ұят, қамқорлық, қарапайымдылық сияқты адамгершілік қасиеттерді
қалыптастыруға көмектеседі. Отан от басынан басталады, ата ана мен
баланың арасындағы өзара сыйластық, ыстық ықылас «Балқожаның
оқудағы баласына жазған хаты» және «Ананың сүюі» өлеңдерінде ананың
баласына деген шексіз сүю, патриоттық сезімге тәрбиелейді және бала
тәрбиесіндегі ата - ананың рөлін де естен шығармайды. Ыбырай
әнгімелері өсіп келе жатқан жастарды еңбек қор болуға, талапты,
жігерлі, маңдай термен тапқан нанның дәмі тәтті екендігін үйретеді
«Атымтай Жомарт» әңгімесінде халық арасындағы Атымтай Жомарт еш
нәрсеге мұқтаждығы жоқ ол ылғи еңбектеніп, жұмыс істейді. Күн сайын
өз бейнетімен тапқан пұлға нан тауып жесем, сол нәр болып бойыма
тарайды. Еңбекпен табылған дәмнің тәттілігі өзгеше - дейді. «Әке
мен бала» әңгімесінде еңбекке жастарды тәрбиелеу мәселесін ерекше
атап көрсетеді. Ыбырай бұдан басқа шығармаларының тақырыптары
кейінгі жастарға үлгі.
Алтынсариннің ағартушылық
еңбектеріндегі өрелі ой - жеткіншектерге қоршаған ортаның
заңдылықтары мен өзара тығыз байланыстылығын меңгерту.
Алтынсариннің «Қазақтың болыстық мектептері туралы
записка», «Торғай облысының әскери
губернаторына берілген рапорт», «Торғай облысындағы оқу жұмысы жайы
туралы есеп» тағы басқа ресми іс қағаздарда. Ы.Алтынсарин мектеп
ашудың лайықты кезеңдері, қолайлы жағдайлар, мектеп шаруашылығы,
оқу тілі сияқты аса маңызды мәселелерді үнемі көтеріп аса мән беріп
отырды.
«Қазақ хрестоматиясы» 1876
жылдан бастап жазылып, 1879 жылы аяқталды. Бұл кезең Ыбырайдың
көркем шығармаларының жазылған кезеңі болып саналады. Ыбырай
шығармаларының әлеуметтік мазмұны мен идеялық бағытына көңіл
бөлсек, даусыз бір мәселені байқаймыз. Ол- жазушының әдебиетті
қоғамдық құбылыс ретінде бағалай білуі. Ыбырайдың әңгімелері мен
өлеңдері аз да болса , тікелей өмір мәселелерін суреттеуге
арналған. Сол кездегі ескішіл ақындардың шығармаларына тән діни
уағыздаулар, қоғамнан, халық тілегінен тыс мәселелер бос қиял мен
үмітсіздікке, дәрменсіздікке бой ұру, дараланушылыққа салыну,
өмірден торығу, т.б. Ыбырай шығармалары үшін мүлде жат құбылыстар.
Жазушы шығарманың тақырыбын күнделікті өмірдің ішінен алып, оған
өзінің озық ойлары тұрғысынан баға беруге талаптанады. Бұдан оның
жаңа идеяларды қоғам ішінде кеңінен жая түсу үшін көркем әдебитеті
бірден-бір күшті құрал ретінде танығанын және шебер пайдаланғанын
көреміз.
Қазақ жастары үшін арнайы
оқытушылар мектебін ашу ісіне де Ыбырай зор көңіл бөліп, көп мән
берді. Талмай іздену, тиісті орындарға жалықпай өтініш жасаудың,
сондай-ақ оқытушылар мектебінің дала жағдайындағы ағарту ісі үшін
айрықша қажет екендігін шебер дәлелдеудің нәтижесінде ол 1881 жылы
Орск қаласынан қазақтың тұңғыш оқытушылар мектебін ашты. Бұл
мектепке артқан үмітін және оның қоғамдық өмір ұшін маңызын ыбырай
өз сөзімен былайша сипаттайды: «Оқытушылар мектебі біздің
оқушыларымыздың барып түсетін мектебі еді; бұлар сонда белгілі бір
білім алып қазақ халқының тұрмысына, шынында да, пайдалы болған
болар еді... қазақ халқының ақыл-ойы мен экономикасының дами
беруіне көмектесе алатын адамдар болар
еді».
Ыбырай қазақ даласында ашылып
отырған мектептер қоғамдық өмірмен тығыз араласып, өзінің оқу,
тәрбие жұмысын оның озық талаптарына сай құра білуі керек деп
таныды. Мектеп бітірген жастардың әлеуметтік өмірге бірден және
батыл араласуын талап етті, сондай-ақ ең әуелі мектептің өзі оларды
осы бағытқаьнақтылы тәрбиелей алуы қажет деп санады. « Қазақ
балаларын ұқыптылыққа, тазалыққа, отырықшылық тұрмыстың
артықшылығына... үйретудің өзі қазақ даласында тәрбиелік мәні бар
жұмы деп білемін»- деп жазды ол.
Халықтың салт — дәстүрін
насихаттауда Ыбырай Алтынсариннің алатын орны ерекше. Алғаш рет
халықтың салт-дәстүрлерін өзінің шығармаларына енгізу арқылы
балаларды еңбекке, имандылыққа тәрбиелеумен қатар, атадан балаға
жалғасып келе жатқан халық салт — дәстүрге аса мән берді.
Ы.Алтынсарин қыз ұзату, құдалық төңірегінде 1870 жылы этнографиялық
очеркінде жазды. Адам өміріндегі ең бір қызық та қуаныш ұмтылыс
белең - оның үйленіп жеке отау тігуі. Ұрпақтарының үлгілі отбасын
құруы, сол жастардың ата — аналары мен ауыл адамдарының тілегі ғана
емес, қоғамдық қажеттілік екенін
көрсетеді.
Ежелгі қалыптасқан дәстүр
бойынша, қазақ жұртында отау тігудің бірден — бір жолы — құда
түсіп, қалың мал төлеп үйлену арқылы жүргізіледі. «Құда түсіп,
қалың мал төлеу ұғымының мағынасы кең. Бұдан қазақ жастары
қалыңдығын өздері талғамай әкесі алып берген деген ой тумаса керек.
Бұл жерде атастыру, қыз айттыру, көріп, яғни жар таңдап алу деген
дәстүрлері бар. Сұлулыққа жаны құмар халқымыз ғасырлар бойы ерге
адал жар, сенімді серік болар қыз баланың сымбаты мен келбеті,
мінезі мен ақылы, тәрбиесі мен өнегесі қандай болу керектігі
жөніндегі дәстүрлі талғамы мен өлшемін
қалыптастырған» Ыбырай қазақ балаларының
менталдық бейнесін жасаған жазушы, көркем сөз шебері. Оның
дидактикалық әңгімелері қазақ баласының жан сарайын, кәсіби ойлау
қабілетін ұлттық рухта сипаттайды. Жастарды еңбексүйгіштікке,
ізгілікке, тапқырлық пен әрекетшілдікке, ізденімпаздыққа
тәрбиелейді.
Бүкіл қазақ қауымын өзіне
қаратып, балаларды жаппай мектепке тартқан жас Ыбырайдың
мәдени-инновациялық қызметі оны біраз сергелдеңге салды. Бастапқыда
Ыбырайдың бастамасы Ресей империясының қырағы саясаты мен өз
қандастары тарапынан сенімсіздік туғызып, дін иелерінің қызғаныш,
бақастық сезімін үдетті. Абайша айтсақ, «мыңмен жалғыз алысқан» жас
Ыбырайдың жаңашылдығы Ыбырайға көп кедергі
келтірді.
Дегенмен, Ыбырайдың қадірін
біліп, қолдау көрсетіп, отырған замандастары да көп болған.Олардың
қатарында Ыбырайдың ерекше қабілетін жас уағынан аңғарып, оның
рухани қалыптасуына зор ықпал еткен Н.И.Ильминский, В.Григорьев
сынды ғалым ұстаздары, Ыбыраймен қызметтес, сыйлас болған В.В.
Катаринский, Я.П.Яковлев сияқты орыс чиновниктері, мектеп ашу ісіне
қаржылай және моральдық тұрғыда демеушілік көрсетіп,отырған қазақ
сұлтандары, қазақтың өнерлі, саналы, ұлтжанды азаматтары
болды.Өзінің мәдени-ағартушылық еңбектерімен Ыбырайдың даңқы сол
кездің өзінде-ақ чуваш халқының атақты ағартушысы И.Я.Яковлевке
жеткен. Ізденіс барысында осындай телегей теңіз біліммен қаруланған
Ыбырай өзі іргетасын қалаған мектептеріне санасындағы барын сығып
беріп, жанкештілік пен іскерлік танытты.Ыбырайдың қазақ-орыс тілді
бастауыш мектептері жалпы Орта Азиялықтарға, қазақ халқына тән
өзгешелік пен еуропалық озық үлгілердің негізінде құрылды.. Жаппай
отырықшылық тұрмыс-салтына көшуді, сауат ашуды, жастарды
кәсіптендіруді, шетел мәдениетінен үйренуді Ыбырай қазақтарды
мәдениетке жеткізудің тетіктері деп білді.
Ол мектептер балалар ғана
емес, сауаттылықтан үміт күткен бүкіл қазақ қауымы үшін мәдени орта
қалыптастырды. Алғаш рет білім мен мәдениет ұғымдарының мәні
жуықтап, өзара ықпалдығы арта түсті. Ыбырай мектептеріндегі білім
мен тәрбиенің мазмұны Орта Азия медреселерінен анағұрлым жоғары
деңгейде, ғылыми жүзеге асты.
Ыбырай Алтынсарин туралы
толғамды ой айтып, көлемді зерттеу жүргізген, философия
ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов: «Заңғар жазушы
Мұхтар Әуезов «Қазақта үш мұнара бар: Абай, Шоқан, Ыбырай» деп
салмақты сөзін осылай сабақтайды. Олай болса,
ойшыл ұстаздың тізбек-тізбек жөңкілген замана
көшінде көнермейтін, ескірмейтін ұлы, қуатты идеялары елдің,
мемлекеттің, халықтың көркеюіне мәңгілік мағына дарытары сөзсіз.
Олар: «Халық мектептері үшін ең керектісі – оқытушы. Тамаша жақсы
педагогика құралдары да, ең жақсы үкімет бұйрықтары да, әбден
мұқият түрде жүргізілетін инспектор бақылауы да оқытушыға тең келе
алмайды».
Даңқты жазушы М.Әуезов Ыбырай туралы: «Сол
заманнан бері қарай, біздің кейінгі ұрпағымыздың бәріне де Абай
қандай қадірлі болса, Ыбырай да өз орны, өз арналы мұрасымен аса
ыстық, аса бағалы болды. Олар кейде баяғыдан бері өткен шөл
ғасырлардың соңғы дәуіріндегі зор мұнарадай көрінсе, кейде еңбегі,
бағыты бірлікпен айқасып аққан қос өрімдей, шөл өлкені суарып, дән
бітіріп айқасып ағып келе жатқан қос өзендей
танылды» деп
жазған. ХІХ ғасырда Торғай топырағында дүниеге келіп,
қазақ халқының тарихына жарқ етіп енген ағартушы-ұстаз,
педагог-жаңашыл, ойшыл, жазушы-ғалым Ыбырай Алтынсариннің есімі
әліппе ұстаған, оқу-ілім іздеген әрбір қазақ баласына таныс. Өз
заманының озық ойлы, прогресшіл, интернационалдық көзқарастағы
азаматы болды. Ибраһим Алтынсаринді Қазақстанның ұлттық
педагогикасының негізін қалаушы болып қазақ халқының жүрегінде
мәңгі сақталады.