Ұлы достық
музейі
Ходжаев
Қамбар
Е.Өмірбаев атындағы орта
мектептің 11 сынып оқушысы
Жетекшісі: Реукенова
Райгүл
Жаңа оқу жылын елбасымыздың
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» жолдауынан бастадық. Жолдауды
талдай келе, елімізді болашақта үлкен бір өзгеріс, бір серпіліс
күтіп тұрғанын сезіндік. Бұл жолдауда ең қуаныштысы қазақ халқының
рухани құндылықтарын қалыпқа түсіруге, дамытуға арналған
бағдарламалардың көптігі.
Менің ата-анам мәдениет
саласының мамандары болғандықтан біздерге жастайымыздан санамызға
ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа аманатталып келе жатқан қазақ
тарихын ұлықтап, салт-дәстүрді насихаттап
келеді.
Рухани жаңғыру бағдарламасын
жүзеге асыру арқылы болашақ ұрпақтың, яғни біздің бойымызға
патриоттық, ұлтжандылық, туған жерге деген махаббат сезімін
ұялатып, бәсекеге қабілетті білімді жастар болуға ұмтылдырады. Өз
басым дер кезінде жолданған жолдау деп білемін, елбасымыз «Туған
жерге туың тік» деп ұрандатқандай, ұлттық бірегейлікті сақтай
отырып, өз туған жеріміздің тарихын паш ету әрбір қазақстандықтың
міндеті деп ойлаймын.
«Мәдени мұра түрлері көп.
Солардың ішінде рухани мұра айрықша көңіл бөлуді қажет етеді.
Өйткені бұл мұра бізге, негізінен, ауызша формада, қолжазба күйінде
және кітап түрінде жеткен. Олардың сақталуы – өте қиын, әрі күрделі
іс. Ел аузында айтылып, бірден-бірге ауысып жүретін шежіре, аңыз,
жыр, өлең, терме, мақал-мәтел, т.б. дүниелер көне көз қариялармен
бірге өмірден көшіп, жоққа кетіп барады. Бізге бабаларымыздан
жеткен мұраны аман-есен келер ұрпаққа аманат етіп беру – тарих пен
халық алдындағы парыз» деген елбасы сөзін қолдаймын. Себебі мәдени
мұраны жаңарта отырып, рухани жаңғырамыз. Рухани жаңғыру – ел
жаңаруы, ал ел жаңаруы біздерден басталары
сөзсіз.
Әкем әрқашан жер бетіндегі
жанды-жансыз, көзге көрінетін-көрінбейтін құбылыстардың, барлық
тіршілік иелерінің бәрінің тарихы бар дейді. Рас! Мен туып өскен
мекен Маңғыстауды аспан астындағы мұражайға абыз тұлғалар бекер
теңемеген, Маңғыстаудың қарашаңырағы Ақкетікте тұнып тұрған
тарих.
Әдебиеттерден оқып
білетінімдей, маңғыстау жеріне бағзы замандардан бері талай
мемлекеттік құрылымдар салтанат құрған, хандары алтын сарайларда
тұрған, батырлары ата қонысын жанымен, қанымен қорғаған. Десек те
халқымыздың басынан өткен әрбір кезеңі мен әр дәуірінен хабар
беретін, ұрпаққа баба тарихын айна қатесіз жеткізетін мәдени
ошақтың бірі музей деп ойлаймын. Бұл мәдени орталықтардың
халқымыздың құндылықтары мен ұлттық тарихи-мәдени мұраларын жинап,
сақтап, көпшілікке насихаттап және ғылыми тұрғыдан
зерттеп-зерделеуде отандық тарихымыздың дамуында өзіндік үлестері
зор.
Ақкетік жеті жұрт жайлап –
қонған қасиетті мекен, құтты қоныс. Екі ғасырлық тарихында талай
тартысты өткеріп, бабалар көзіндей бізге жеткен баға жетпес
байлығымыз. Ақкетік небір қиын-қыстау кезеңдерді басынан кешірді,
бірақ ұлттық құндылықтарды жоғалтпай, бізге жетуге еңбектенген
аталарымыздың атын айтып, мақтан тұтпау, еңбектеріне бас имеу
мүмкін емес. Олар саябаққа өз баласындай қамқор болған Сатаңғұл
Тәжиев, небәрі 30 жәдігермен маңғыстаудағы алғашқы музей ашуды
ұйымдастырған Нұртілеп Несіпбеков, өмірінің тең жартысын
шевченкотануға арнаған Есбол Өмірбаев.
Кішкентай ғана Ақкетіктің
өзінде мәдени мұраны насихаттап, елге қызмет етіп отырған үш музей
бар. Әр музейдің өз бағыты болғанымен, барлығы бірдей туған
өлкемнің тарихының куәсі. Бірі қырымның қырық батырын өз жырына
қосқан Мұрын жырау атамыздың атындағы музей, бірі Маңғыстауымның
топырағынан нәр алған қазақ, орыс, түркмен ұлтының тарихын,
этнографиясын насихаттайтын музей, енді біреуі Маңғыстауымда ең
алғаш ашылған музей. Маңғыстаудың алғашқы музейіне биыл 85
жыл.
1932 жылы бой көтерген бұл
музейді «Достық музейі» деп дәл тауып айтқандай-ақ. Қазақ пен
украин ұлт арасын достықпен байланыстырып тұрған бұл музей
украинның ұлы ақыны Тарас Григорьевич Шевченко атымен аталады.
Сонау ғасырда Маңғыстау жерін, қырын әйгілі қазақ жазушысы Мұхтар
Әуезов «натуралист – суретшіге» теңеген Ұлы Кобзардың еңбегін
насихаттайтын музей ашпау мүмкін еместі. Бұл музейдің ашылуына
еңбегі сіңген жерлес аталарымыздің еңбектері
зор.
Аталған музейді бала
күнімізден бірнеше рет аралап, жыл сайын болып отыратын
өзгерістерінен хабардар қылатын музей қызметкерлеріне алғысымыз
шексіз. Мектеп қабырғасында өтетін көрмелерден туған өлкеміздің
тарихынан тың мәліметтер алып отырамыз. Мамыр айында алғашқы
музейге 85 жыл толуына орай арнайы қонақтап барған болатынбыз.
Музей қызметкерлерінің экскурсиясын тыңдау барысында өткен
ғасырдағы Новопетровск бекінісінің тұсында өмір сүргендей әсер
алдық. Бекініс болып құрылған Аккетіктің тарихын азғандай уақыт
ішіне сыйдыру мүмкін емес, алайда музейде қойылған жәдігерлер,
Тарас туындылары арқылы қандай әсем болғандығын көруге болады.
Музей экспозициясының негізгі құндылығы – жәдігер. Сол
жәдігерлердің әрқайсысының тарихын баз қалпында жеткізу, сақтау бұл
да өнер. Музейден сол кездегі Новопетровск бекінісінің куәгерлерін
көруге болады.
Бұл музейден тек қана Тарас
Шевченконың шығармашылығымен танысып қана қоймай, музейде көрмеге
қойылған Қаратау экспедициясы кезінде салынған туындылар арқылы
Маңғыстау жерін Әбіш атамыз айтқандай «ұйқыдағы ару» екенін
байқауға болады. Туынды әдемілігінде сөз жоқ. Новопетровск
коменданты Ираклий Усковтың жазғы резиденциясын, Агата Ускованың
қолданған бұйымдарын, Тарас қолынан шыққан туындыларын бағалап
жеткізу, мәдени мұраны жаңғыртып, жаңартып отырғандары үшін музей
қызметкерлеріне алғыс білдіремін. Қалада ұлттар арасындағы
қарым-қатынастар мен достық ғасырлар бойы қалыптасып,
ұрпақтан-ұрпаққа үлгі-дәстүр болып жапырақ жайып келе жатқаны
бүгінгі күнгі өлкедегі ұлттар ынтымағынан айқын байқалып отыр.
Сонау Новопетровск бекінісі салынғаннан бастау алған ұлтаралық
қатынас, бұл күнде етек алып, Маңғыстау бірнешелеген ұлттардың
ордасына айналып отыр. Бұл достықта жоқ шекара деген қағиданы
растайды. Қазіргі Президентіміз бен үкіметіміздің ұстанып отырған
саясаты да осы.
Мәдени мұра бүгінде
халқымыздың жадынан, тарихынан бөлінбейтін ұғымға, руханияттымыздың
байтақ қазынасына, ұлтымыздың ұйтқысына айналды. Жадымыз жаңғырып,
ұлттық отаншылдық сезім орнықты. Осыншама игілікті бастап берген
елбасымыз көреген деп ойлаймын.
Қазіргі жаһандану заманында
елім, жерім, тілім деп соққан жүрегі бар, зейінді де зерделі жастар
тәрбиеленген жағдайда ғана Қазақ елінің келешегі кемел болатынына
сенемін.