Білім сапасын арттырудағы әдіскердің
қадамдары
Қабылова Қатира
Дабылқызы
Сарыағаш ауданының адами әлеуетті дамыту
бөлімі
Сарыағаш қаласы
katerina.kabulova2020@mail.ru
Бүгінгі білім саласындағы
өзгерістер бала жанының бағбандары үшін өзекті мәселе болуда.
Қашықтықтан оқыту барысында білім саласындағы олқылықтарды жою
мақсатында түрлі қадамдар мен әрекеттер жасалынды. Алайда білім мен
тәрбие беруде баламен және оның ата-анасымен тікелей байланысатын
мұғалімдер көптеген қиындықтарға кезігуде. Ең басты кемшілік
қашықтықтан білім беруді үлкен жаңалық деп қарау және технологиялық
сауаттылық пен психологиялық жағынан дайын болмау. Дегенмен өз
ісіне жауапкершілікпен қарап, заманның өзгерісіне сай өзін-өзі
үнемі жетілдіретін, ізденіс үстінде жұмыс жасайтын педагогтеріміз
баршылық. Ал мұғалімдерге үнемі рухани, білімділік пен біліктілік
арттыру жағынан үздіксіз көмек беретін әдіскердің қызметі ерекше.
Осы тұста «Әдіскер деген кім? Әдіскердің қызметі
қандай?» деген сұрақтарға жауап іздеп
көрейік.
«Әдіскер» атауы ХVІІІ ғасырда қызметте
«төзімділік», ХІХ ғасырда мұғалімнің «тәжірибелік» ұғымдарымен
байланысты болып, ХХ ғасырдың басында мұғалім-әдіскер ретінде жеке
мамандық болып қалыптасты. [1] Бүгінгі таңда әдіскерге артылған жүк
те ауыр, талап та жоғары. Әдіскер- педагог білім алушылардың білім
сапасының артуына тікелей ықпал жасайтын мұғалімдермен тығыз
байланыс орната отырып жұмыс жүргізеді. Мұғалімдердің кәсіби өсуіне
жол көрсетеді, бағыт - бағдар береді, балаға білім мен тәрбие
беруде туындаған қиындықтардан шығу жолын айқындап, жеңуіне тікелей
әсер етеді,
т.с.с.
Әдіскер негізгі үш бағытта
міндеттер атқарады.
Зерттеуші
ретінде:
- педагогтердің қызметін,
әсіресе оқытудың инновациялық тәсілдерін іске асыру барысын
бақылайды;
- туындаған қиындықтардың
себептерін талдайды;
- білім беру бағдарламасының
тиімділігін бағалайды, қажет болған жағдайда оны оқытудың жаңа
тәсілін модельдейді.
Сарапшы
ретінде:
мектепте құрылған зияткерлік өнімнің
(бағдарламалар, авторлық курстар және т.б.) сапасына кәсіби бағалау
жүргізеді. Әдіскер педагогке, білім алушыларға берілетін материалды
нақты және түсінікті жеткізе алатындай етіп оқу жоспарын құруға
көмектеседі.
Басқарушы
ретінде:
оқу-әдістемелік материалдарды
құрастырады, нормативтік актілерді, стандарттар мен құжаттар
бланкілерін әзірлейді; қолданыстағы заңнаманы зерттейді және
қызметкерлерге білім беру іс-әрекеті мәселелері бойынша кеңес
береді. [2]
Әл Фарабидің «Ұстаз…
жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген,
естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын,
ешнәрсені ұмытпайтын алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен,
өнер білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар намысын
ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне
жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді
білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» деген сөзі мұғалімдердің
бағыттауышы («компасы» дер едім) әрбір әдіскердің жүрегінде болуы
шарт.
Бүкіләлемдік пандемия
жағдайында Қазақстан педагогтері қашықтан оқыту үрдісін жүзеге
асыруда. Педагогтер бұл үдерісті қалыпты деп қабылдап оқу жүйесін
жалғастыруы қажет. Міне осындай санқырлы, әртүрлі мәселелердің
түйінін шешуде әдіскердің атқарар қызметі орасан. Әрбір мұғалімге
бала оқытуда туындаған қиындықтардан шығар жолды нұсқап, оның
еңбектенуде қажырлылық танытуына шабыт
сыйлайды.
Педагог қашықтықтан білім беру
жағдайында мына қадамдармен жүргені дұрыс:
Өзіңізді
дайындаңыз. Ең алдымен өзіңізге және
оқушыларға қашықтықтан оқыту сыныптағыдай маңызды екеніне көз
жеткізуіңіз қажет, тек бала мен сіздің араңызда қашықтық жағдайы
сақталған. Баланың өз бетінше тапсырмаларды орындауы үнемі сіздің
бақылауыңызда болсын. Баланың материалды игеруі мен тапсырмаларды
орындауына бөлінетін уақытты анықтаңыз. Өйткені сізден басқа да
педагогтер барын ұмытпаңыз және балаға көп тапсырмалар беруден
аулақ болыңыз. IT- сауаттылығыңызды үнемі
жетілдіріңіз.
Іс-әрекетке
көшіңіз. Өтікізетін сабағыңыздың
ҚМЖ-сын жасаңыз. Оқу мақсаты → сабақ мақсаты → бағалау критерийі →
тапсырмалар → дескриптор → кері байланыс бағытын ұстаныңыз.
Ұсынатын бейне сабағыңыз оқушы орындайтын тапсырмаларға негіз болуы
керек.
Білім беру платформасын
таңдаңыз. Мұның маңызы зор. Материалды
игеру сапасы білім мазмұны бар платформаға тікелей
байланысты. Сонымен қатар қашықтықтан
оқыту нысанын таңдау керек. Егер сіз балалармен онлайн режимінде
сабақ өткізгіңіз келсе, сіз онлайн-веб-жүйелерді (Zoom, Timlink,
Teams) пайдаланып, жұмыс үстелін көрсетумен онлайн сабақтар өткізе
аласыз (қолданылатын оқу платформалары BilimLand; Kyndelik. кz;
Darin online).
Кері байланыс
жасаңыз. Қашықтықтан оқыту кезінде
оқушылармен байланыс жасау маңызды болып табылады. Тапсырманың
оқушы үшін түсініктілігін, анық-қанығын, оқу материалдарына толық
қолжетімділіктің болуын және т.б. үнемі бақылап отыру қажет.
Электрондық күнделікте тапсырмаларды жүктеу немесе хабарламалар
жазу арқылы оқушы және оның ата-анасымен байланыста болу
қолжетімді. Сондай-ақ ватсап желісімен байланыс жасау тиімділігі
жоғары дәрежеде.
Сабақ. Қашықтықтан сабақ өзінің
құрылымынан кәдуілгі өтіп жүрген бетпе-бет сабақпен бірдей
болатындығын есте сақтау қажет, атап
айтқанда:
Cабақтың басы: Ұйымдастыру
кезеңі мен үй тапсырмасын пысықтау.
Сабақтың ортасы: Білімнің
өзектілігі, жаңа білімді игеру, сабақты түсіну мен қорытындылау,
сабақты меңгеру, жіберілген қателерді талдау мен
түзету.
Сабақтың соңы: Үй тапсырмасы
және оны орындауға арналған нұсқаулық, рефлексия және кері
байланыс.
Оқушының орнына өзіңізді
қойыңыз. Қашықтықтан оқыту жағдайында,
яғни барлық мұғалім онлайн сабаққа көшу барысында оқушыға
қаншалықты дәрежеде күш түсіп отырғанын елестетіңіз. Бұл сіздің
әрбір жоспарланған сабағыңызға сыни көзқараспен қарауыңызға жол
ашады. Берілетін білім оқушыны шаршатпайтындай, білім алуда нақты,
айқын қадамдар арқылы мақсатқа жетуге жетелеу
керек.
Сондай-ақ 2007 жылда білім
сапасын арттыруда өз еңбектерімен танылған Колорадо штатындағы
Вудланд Парк орта мектебіндегі химия пәнінің мұғалімдері Джонатан
Бергмен және Аарон Самстың «керісінше оқыту жүйесі» тәсілін
тәжірибеге ендірсек. «Керісінше оқыту жүйесі» тәсілі білім
алушыларға бүгінгі таңда, әсіресе қашықтықтан білім берудегі ең
оңтайлы әдіс. Сипаттап кетсем, екі мұғалім Бергман мен Самс
сабақтан қалып қойған оқушыларға көмектесу үшін онлайн оқу
бейнелерінің әлеуетін түсінді. Олар химия дәрістерін жазу үшін
экранды түсіретін бағдарламалық жасақтаманы қолданып, оқушыларға өз
ыңғайлығымен бейнелерді көру үшін жүктеді. Олардың онлайн
дәрістері танымал болды. Түпнұсқалық дәрістерге қатысқан
көптеген оқушылар емтиханға дайындалу үшін бейнелерді қайталап
көрді. Көмек сұраған оқушыларға бір ақпаратты қайта-қайта
түсіндірудің керегі жоқ. Самстың қарапайым, керемет түсінігі болды:
«Оқушылар тақырып қиын болып, көмекке мұқтаж болған кезде ғана
мұғалімнің қасында болғанын сұрайды. Олар әрбір сабақта
мұғалімді қажет етпейді, сабақ мазмұнын өз бетімен түсіне
алады». Самс: «Егер біз барлық дәрістерді алдын-ала жазып,
оларды үй жұмысы ретінде оқушыларға берсек, сыныпта оларға
түсінбеген тақырыптармен көмектессек қалай болады?» деген ойға
негізделіп, осы әдісті шығарды. [3]
«Керісінше оқыту» үлгісінің
арнайы нұсқасын жүзеге асыру үшін Бергман мен Самс 2007-2008 оқу
жылындағы химия дәрістерін алдын-ала бейнеге жаза
бастады. Оқушылар дәрістерді үйде қарап, конспект
жазды. Оқу күнінде мұғалімдер бұрынғы үрдістерді қолдана,
химия зертханалық жұмыстарын орындап, оқушылармен бірге жұмыс
істеді.
Дәрістер алдын-ала жазылғандықтан,
мұғалімдердің тақырыпты түсінбеген оқушыларға көмектесу үшін
уақыттары болды. Бергман мен Самс сыныптарын 20 минут бұрын
аяқтайтын. Бұл өздеріне де, оқушыларына да пайдасын
тигізді. Оқушылар бұрынғыдай химияда көп уақыт өткізбеді,
бірақ олардың сынақ нәтижелері білімдерінің артқандығын көрсетті.
«Керісінше оқыту» ұғымының көп қолданылатын анықтамасы келесідей:
дәстүрлі түрде үйге берілетін үй жұмысы сыныпта жасалады. Бұл әдіс
бүгінгі таңда көпке танымал. Мұндай жұмыс жүргізу мұғалім мен оқушы
арасындағы байланысты арттырады. Оқушыны жалықтырып алмау үшін
білікті педагог әрбір сабағына тиянақты дайындалып,
оқушылардың сабаққа
қатысу белсенділігін арттыруға тырысады. Бүгінгі білім әрбір білім
алушының дербес білім алуына негізделген. Мұғалім оқушының дербес
білім алуына жол ашу керек. Оқушының өздігінен білім алуын
дамытуда «Керісінше оқыту» әдісінің маңызы
зор.
Қ.Сәтпаев «Өз білімін өмірдің,
өндірістің тәжірибелерімен нығайтып, байытып отыратын, тапқан
ілімін үлкенді кішілі ашқан жаңалығын халықтың қажетіне беріп
отыратын ғылым ғана өз дәрежесінде заман талабының өресінде болады»
деген болатын. Өзін-өзі үнемі дамытатын әдіскер ғана педагог
қызметкерлерді өзін-өзі дамытуға ынталандыра
алады.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
-
Білім беру ұйымдарына
электрондық оқыту жүйесін енгізу жағдайында педагогтардың
біліктілігін арттыруды ұйымдастыру әдістемесі Ахметова Г.К., Караев
Ж.А., Мухамбетжанова С.Т. Алматы:АҚ «ҰБАО
«Өрлеу»
-
Sdo.cpm.edu.kz порталы.
Біліктілікті арттыру курстары. «Педагогты әдістемелік
қолдау»
-
Академия.кз сайтынан кітаптар бөлімі.
«Мұғалім жұмысының сапасын арттыру».
Автор: Элизабет Грин.
-
Академия.кз сайтынан кітаптар бөлімі. «Тиімді
оқу стратегиялары» Автор: Джеймс Р. Дэви, Аделаида Б.
Дэвис