«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл»Атыңнан айналайын, Егемен Ел, Тәуелсіз күнің туды, кенеле бер .Мерейің құтты болсын, Тәуелсіздік,Ғасырдың тойы болшы, келе берер! «Тәуелсіз Қазақстан!», «Қазақстан Республикасы»! Неткен керемет, киелі ұғымдар! Осы бір егіз атауларды естігенде менің бала жүрегімді керемет қуаныш кернейді. Бұл ұғымдардан, Отанымыздың тәуелсіз, еркін мемлекет екенін бірден аңғаруға болады. Бүгінде біз – қанатын кеңге жайған егеменді елміз. Көк туымыз желбіреп, бала жүрегімізбен әнұранымызға әуен қосып, әнұранымызды асқақтай шырқаудамыз. Яғни, қандай ауыр күндердің артында көптеген жақсылығы болатынына көзіміз жеткендей. Осынау жақсы күндерге жетуде, білектің күшімен, найзаның ұшымен, соңғы демі қалғанша туған жерімізді қорғап, бізге аманат етіп қалдырған ұлы даланың ұлы кемеңгерлерінің арқасында бақытты өмір кешудеміз. Тәуелсіздік туының желбірегеніне де, міне, 25 жыл толады. Тоғыз жолдың торабындағы алпауыт елдер қатарындағы алып мемлекетімізді әлем жұртшылығы құрметтейді. Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев Қазақстанның 25 жылда биік тұғырға көтерілуіне елеулі үлес қосты. Ерен еңбегімен Қазақстанның әр азаматының жүрегінен орын алған осындай көшбасшымыздың болғанына да мақтанамын. Мен тәуелсіз елдің патриот ұланымын, ойнап, еркін білім алып жатқан ерікті елдің еркін ұланының бірімін! Тәуелсіздік – ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт — сананың мызғымас тірегі, күші, алтын діңгегі, халықтың бақ жұлдызы. Тәуелсіздік – арман! Жер бетінде қанша ұлт болса, сонша арман бар. Сол арманға біздің қазақ халқы жетті. Сол жолда талай — талай қас батырлар жанын қиып, қорғап қалған, талай арулар махаббат құрбаны болған, талай өзегі өртенген өкінішті жандар мен қуаныштан жүрегі жарыла шаттанған пенделердің куәгері болған қасиетті Отанымыз – Қазақстан! Тәуелсіздік — барлығымыз үшін ерекше қасиетті күн. Бірліктің, ынтымақтастық пен татулықтың күні. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі — ең алдымен халқымыздың бақыты. Қазақстан — қазақ халқының ата-баба мекені, ежелгі қонысы. Еліміз өлшеусіз табиғат байлығымен ғана емес, ең алдымен сан түрлі ұлттардан құралған халқымен ерекше екенін ұмытпаған абзал. Бүгінгі бейбіт те шуақты күндерді бағалай отырып, жаңа биіктерге ұмтылу – біздің буынның бағыты болуы тиіс.