жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
31-мамыр Қуғын сүргін құрбандарын еске алу күні
Зұлмат жылдар тарихы
31 Мамыр Ашаршылық және саяси қуғын - сүргін құрбандарын еске алу күні. Тарихтағы бұл қаралы күн Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 1997 жылдан бастап аталып өтеді.
Ия, тарих қойнауына көз жүгіртіп қарасақ, сонау Кеңес үкіметі құрылған 1917 жылдан бастап , 1928 жылғы ірі байлардың мүлкін тәркілеу, қызыл үкіметке бағынбағандарды жер аудару, ату, қуғындау, қу жақ атанып кеткен сол кездегі Қазақстанды басқарған Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы, Филипп Исаевич Голощекиннің билікке келуімен басталған 1929-1932 жылдардағы «Кіші Қазан», шаруаларды күштеп ұжымдастыру саясаты, 1931-1933 жылдардағы табиғат апатшылығы құрғақшылық пен қатар Кеңес үкіметі қолдан жасаған аштық , 1937- 1938 жылдардағы сталиндік саяси қуғын - сүргін қазақ халқын қынадай қырып, ұлтымыздың санының азаюына әкеп соқтырды.1931-1933 жылдары болған ашаршылықтан 2 миллионнан астам жуық қазақ қырылды. Ашаршылыққа ұшыраған халық өзен көлдерді жағалай бақа-шаян теріп, жәндіктерді, ит пен мысықты қорек етті. Ашаршылыққа шыдамаған 2 миллионнан астам қазақ Өзбекстан,Түркменстан, Иран, Ресей, Моңғолия, Қытай, Ауғанстан, Еуропа елдеріне қоныс аударды.
Ашаршылық
Қазақ даласында ашаршылық 2 рет болды: 1921-1922 және 1932-1933 жылдар.
1931-1933 жылдары республикада жыл сайын мал саны кеміп отырған. Қазақстанның қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов, Смайыл Сәдуақасовтар Кеңес үкіметінің зорлық-зомбылықтарына наразылығын Кеңес өкіметі басшыларына жеткізіп отырды, бірақ Кеңес өкіметі оған құлақ аспады.
1929-1933 жылдар арасында Қазақстанда Кеңес үкіметіне наразылықтарын білдірген 400-ге жуық көтерілістер болды. Кеңес үкіметі қазаққа ешқандай жақсылық жасаған жоқ десек артық айтпаған болар едік. Себебі сол бір зұлмат жылдары ұлт жанашырларының көзін құрту, оларды қуғынға ұшырату саяси репрессия басталған еді.
Саяси репрессияны тарихшылардың есептеуі бойынша үш кезеңге бөлуге болады.
Қуғын-сүргіндердің бірінші толқыны 1917–1921-шы жылдар болады. Ол кеңес өкіметінің саясатын қолдамаған оппозиционерлердің үстінен шықты. Азамат соғысынан кейін Кеңес өкіметі нығайып, ауқымды жүйелі жұмыс басталды. Міне сол кездері «Алаш» партия өкілдерінің ізіне түсуі басталды.
Қуғын-сүргіндердің екінші толқыны 1921-1930-шы жж. болады.
Осы кезеңде «кулакка» қарсы күрес басталады. Оларға ауқатты шаруаларды, содан кейін орта шаруаларды жатқызды. 1928–1932 жж. — қуаңшылық, Кеңес үкіметі қолдан жасаған аштық жылдары.
Қуғын-сүргіннің үшінші толқыны 1937–1938-шы жж. болады.
Осы
жылдары көптеген партиялық номенклатураның
өкілдері құлады. Сол уақытта Сталин
партия қайраткерлерінен құтыла бастады:
Т. Рысқұлов, Л. И. Мирзоян, Ф. И.
Голощекин және тағы басқалары
ату жазасына кесілді.
Жалпы КСРО көлемінде репрессия 1928 жылдан басталды. Қазақстанда алдымен «ұлтшылдар» деп айып тағып, Алаш қайраткерлерін тұтқындады. Салдарынан Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков, Санжар Асфендияров, Ахмет Байтұрсынов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев , Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышбаев, Ілияс Жансүгіров және тағы басқа ұлтымыздың зиялылары ату жазасына кесілді.
Ресми деректерге сәйкес, 1937-1938 жылдардағы саяси - қуғын сүргіннен
Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады. 25 мыңнан астам адам ату жазасына кесілді. Олардың арасында ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері, дәрігерлер болды.
Жалпы, елімізде Сталин режимінің 11 лагері орналасты. Лагерьлерге вагондармен Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен тұтқындар тасымалданды. Алжирдің азабын 20 мыңнан астам әйел тартты. Ал осы тозақта Алаш арыстарының жұбайлары да отырған.
1929 жылдан 1953 жылға дейін, дәл Сталин билік еткен тұста, КСРО- да 4 миллионнан астам адам атылды, асылды. Соның 100 мыңнан астамы қазақтар. 25 мың адам атылу жазасына кесілді, қалғандары 20-30 жылды арқалап темір тордың арғы жағына кете барды. Қолдан ұйымдастырылған осы аштық пен қуғын сүргін Алаш санын 42 пайызға кеміткен.
Көш
Репрессия жылдары Қазақстанға 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың корей, 507 мың Солтүстік Кавказ елдерінің өкілдері жер аударылды. Сондай-ақ қазақ жеріне күшпен қырым татарлары, түріктер, гректер, қалмақтар мен өзге де ұлт өкілдері көшірілді. Жалпы елімізге 1 миллион 500 мың адам жер аударылды. Сөйтіп қазақ жері көпұлтты елге айналды.
Қазақ жеріндегі лагерьлер
Қазақстанда саяси қуғындалған адамдарға арналған АЛЖИР (отанына опасыздық жасағандардың әйелдері қамалған Ақмола лагері), Карлаг (Халықтық ішкі істер комиссариатының Қарағанды еңбекпен түзеу лагері), Степлаг (саяси тұтқындарға арналған лагерь) арнайы лагерьлері құрылды.
Бұл азаптау лагерлеріндегі көптеген адамдар жазықсыз еді, оларды соттар емес, «үштік» жазалап, соттан тыс орган соттады. «Үштікке» аудан комитетінің бірінші хатшысы, ауатком( ауылдық атқару комитетінің) төрағасы және жергілікті ІІХК бастығы кірді. Өнеркәсіп дамыған және темір жол салынған аумақтарда жұмысшылар жетпеді. Қарағандыдан Алматыға дейін салынған темір жолды тұтқындар салғанын көбі білмейді. Екібастұз, Қарағанды, Жезқазғанды да тұтқындар салды. Лагерьлердегі аштық, індет жайлады.
АЛЖИР
Ең ірі лагерь – АЛЖИР, бұл жерде "отанына опасыздық жасағандардың" әйелдері қамалды. Талайдың тағдырын тәлкек еткен мекеме КСРО ішкі істер халық комиссариатының бұйрығымен 1937 жылы 15 тамызда Ақмола қаласының жанындағы Төңкеріс (Малиновка) елді мекенінде құрылды. "АЛЖИР" лагері 30 га жерді алып жатты. Оның Қарағанды және Ақмола облыстарында бірнеше бөлімшелері болған.
"Қазақстандағы лагерьлерге КСРО-ның түкпір-түкпірінен мал тиейтін вагондармен әйелдерді әкелінді.
Лагерьдегі әйелдер 20 сағаттап жұмыс істеген.
"Қазақстандағы лагерьде 62 ұлт өкілі жазасын өтеді. Әйелдер 18-20 сағат жұмыс істеді.
Тарихи деректерге сүйенсек, 1921-1954 жылдар аралығында КСРО-да шамамен 3 миллион 777 мың адам қуғын-сүргінге ұшырады, оның 642 мыңға жуығы өлім жазасына кесілді.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірінде "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы" заң қабылданды.
1997 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды.
Тәуелсіздіктіңарқасында 146,5 мың кінәсіз айып тағылған қазақстандықтың аты жазылған 14 "Аза кітабы" жарыққа шықты.
340 мыңнан астам қуғын-сүргінге ұшыраған азамат ақталды.
Қуғынға ұшыраған адамдар туралы деректер әлі де зерттелу үстінде. Алматы облысынан табылған Алаш арыстарының сүйегі қайта жерленді. Елімізде Алматы, Қарағанды т.б өңірлерде саяси қуғын - сүргін құрбандарына арналған бірнеше мұражайлар салынды, кітаптар басылып шығып жатыр, қуғынға ұшыраған тағдырлар туралы фильмдер түсірілуде, пікірталастар жалғасуда.
Қорытындылай айтсақ , сталиндік қуғын – сүргін жалпы КСРО халқын тағдыр тәлкегіне ұшыратқан болса, соның ішінде қазақ ұлтына тікелей жоспарлы түрде үлкен қиянат жасалды. Бұл зұлмат жылдары қазақ ұлтының бетке ұстар озық ойлы, ұлтжанды азаматтарының, қоғам қайраткерлері мен ғалымдарымыздың құрбан болуына, олардың ата аналары, туыстары мен әйел, бала шағаларының қуғындалуына, олардың өмір бойы азап көруіне душар етіп, ұлтымыздың тіл мен дінінің, тарихымыз бен салт - санамыздың ұмыт болуына дейін алып келді. Осы бір азапты қасіретті жылдар халық жадынан мәңгіге ұмытылмайды. Біз Қазақстан атты Тәуелсіз елдің жастары осындай аға ұрпақтың , біздерді тәуелсіз заманға жеткізу жолында өз өмірлерін құрбан қылғандығын , ұлтымыз үшін жасаған еңбектерін, олардың көрген қиындықтарын ешқашан ұмытпаймыз! Біз жастар аға ұрпақтың ұлт үшін жасаған істерін одан әрі жалғастыруға ант береміз! Назар қойып тыңдағандарыңызға үлкен рахмет!

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген