1-бөлім
Эссе
« Менің жаңа заманауи
педагог ретінде қалыптасуым»
Ұстаздық – ұлы
іс
Эссе
Мен өзімнің ұстаздар әулетінен
шыққанымды мақтан етемін, себебі, алғаш мектеп табалдырығын аттап,
алғаш рет қолыма қалам ұстаған күннен бастап, менің арманым мұғалім
болу еді. Маған алғаш дәріс берген, алғаш қолыма қалам ұстатып,
алғаш рет әріп элементтерін жаздырып үйреткен әкем еді. Әкем кешегі
Ұлы Отан соғысынан кейін өзінің бар саналы ғұмырын жас ұрпаққа
білім мен тәрбие беру ісіне арнаған. Қазір мен сол арманыма жеттім
деп санаймын, және маған өмірімде дәріс берген ұстаздарыма,
ата-анама алғысым шексіз.Мұғалімнің бейімділігі, дарындылығы
көбінесе оқушының тағдырын шешеді. « Ұстазсыз шәкірт тұл, шәкіртсіз
ұстаз тұл», «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген
даналық сөздер дәл осы ұстаздарға арналып айтылған. Әрине, ұстаз
деп тек мұғалімдерді айтуға болмайды. Менің өміріме бағыт берген,
кәсібімді үйреткен, тіршілігіме нәр берген адамның барлығын ұстаз
санаймын. Менің пайымдауымша мектептегі ұстаздарға келетін болсақ,
олардың жаны нәзік, жомарт, сезімтал жандар деп айтар едім. Оқушыға
ұстаздық жасайтын адамның бойында өз мамандығына берілген, уақытпен
санаспайтын, алдындағы шәкірттеріне бар қуатын сарқып бере алатын,
олармен бірге қуанып, бірге қайғыра алатын барлық асыл қасиеттер
болуы қажет. Жеке басым толыққанды айта аламын. Ұстаз болу – кез
келген адамның қолынан келе бермейді. Өзім өмірдегі ұстаздарымды,
ата-анамды нағыз ұстаз деп айта аламын және олардың жолын қуып,
өзімнің де солар сияқты ұстаз болғаныма
қуаныштымын!
Мұғалім – мамандық, ұстаздық -
ұлы қасиет. Яғни, ұстаз болу адам бойындағы ұлы қасиеттердің бірі.
Осы мамандықты таңдап тер төгіп еңбек етіп жүргеніме биыл жиырма
бес жыл, яғни, ширек ғасыр болыпты. Қиыны мен жеңілі, қызығы мен
қуанышы мол болған еңбек жолымда мен шама шарқыма қарай көп
іздендім, өз ісінің нағыз мамандарын, ең үздіктерін іздедім.
Осылайша, мен өзімдік бір ұстанымыма келдім; биіктерге жету үшін,
болашаққа көз жүгіртіп, алға бір мақсаттар қойып, өз арманыма жете
білуім керек деп санаймын. Нағыз ұстаз шәкірттерін « біз жақсы
ұстаздан сабақ алдық» деп айтатындай дәрежеге жеткізу
керек.
Педагог тұлғасы тәрбие беру
құралы болуы керек. Педагог оқушылар алдында өзін-өзі жетілдіре
білуі аса маңызды істің бірі. Оқушы мен мұғалім қарым-қатынасы
мұғалімнің сөйлеу мәдениетіне, келбетіне, жүріс-тұрысына , киім
киісіне тікелей байланысты. Оқушылар қауымына әсіресе мұғалімнің
сөйлеу мәдениеті көбірек әсер етеді.Мұғалім қанша білімді болса да,
оның сөйлеу және өзін-өзі күту, ұстау мәдениеті төмен болса, ондай
мұғалімдерді оқушы қауымы сыйламайды . Сондықтан мұғалім таза
сөйлеуге, өзін-өзі күтуге, өзгені сыйлауға, құрметтеуге ерекше мән
қояды. Бұл ұстаздың жан дүниесіндегі қасиетін, мәдениетін,
білімділігін айқындаса керек.
Сондықтан оқушылар қауымын
жауапкершілікке, инабаттылыққа, өзгені құрметтей білуге, сыйлауға
үйрету тек баланы құрметтеу арқылы іске асады. Сондықтан да болар,
«ұстаздық – ұлы іс» екендігі.
Зеренді
ауданы
Қарлкөл негізгі
мектебі
Қазақ тілі мен әдебиеті
мұғалімі: Тасымов Жаныбек Балапайұлы
2017-2018 оқу
ж.