Материалдар / Абай шығармашылығын оқытуда диалогтық оқытуды қолдану тиімділігі

Абай шығармашылығын оқытуда диалогтық оқытуды қолдану тиімділігі

Материал туралы қысқаша түсінік
Абай шығармашылығын оқытуда диалогтық оқытуды қолдану тиімділігі
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
18 Желтоқсан 2017
523
0 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Іс-әрекеттегі зерттеу жобасы туралы есеп. 6-сынып оқушыларын сабақ үрдісінде зерттеу


«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға»…

Абай.

Кәсіби шеберлігі мол ұстаз іс-әрекетті жүргізе отырып, сыныбын, оқушы білімін белгілі бір сатыға көтереді. Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептері педагогтарының біліктілігін арттыру курстарының бағдарламасынан күтілетін нәтижелер оқушылардың қалай оқу керектігін үйреніп, соның нәтижесінде еркін, өзіндік дәлел –уәждерін нанымды жеткізе білетін, ынталы, сенімді, сыни пікір –көзқарастары жүйелі дамыған, сандық технологияларда құзырлылық танытатын оқушы ретінде қалыптасуын қамтиды (Мұғалімге арналған нұсқаулық, 8-бет).

Сондықтан қазіргі заман мұғалімі өз пәнінен білімді ғана емес, тарихи танымы мол, педагогикалық, психологиялық сауатты, озық педагогикалық технологияларды меңгерген ұстаз болуы қажет, сол деңгейге сәйкес болуы шарт.Қазақстан Республикасының педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарының теориялық негіздері жеті модуль мәнмәтінінде топтастырылған. Бұл бағытта білім берудің әр түрлі нұсқадағы мазмұны, құрылымы, ғылымға және тәжірибеге негізделген жаңа идеялары, жаңа технологиялары бар. Модульдарды меңгеру- сауатты, жан-жақты маман болу. Екінші деңгей бағдарламасының міндеттерінің бірі -іс-әрекеттегі зерттеуді жоспарлау және жүргізу болып табылады. Осы міндетті жүзеге асыру мақсатында зерттеу тақырыбына диалогтік оқыту тәсілін негізге ала отырып басқа 6 модульді де қамтуға тырыстым. Негізінде, білім диалог арқылы беріледі (Мұғалімге арналған нұсқаулық, 39-бет). Оқушылар диалог әдісін қолдана отырып , мысалы: талқылау, білімді бірлесіп құру, түсіну мен дағдыларды қалыптастыру арқылы білім алады. Әрбір сабақта оқушыларға сұрақтар қою арқылы, тақырып бойынша өз ойларын айтуға мүмкіндік береді. Өзара талқылау арқылы, түрлі ойлардың болатындығын , бір - бірінің түсінуіне көмектеседі. Сұхбаттасу арқылы өз ойларын дәлелдеуге тырысады. Диалогтік тәсілдің оқушылардың ашылуына, ойын жеткізуіне, сөздік қорының молаюына көмектеседі.

Өмірлік тәжірибемнен бір мысал келтіре кетуді жөн көріп тұрмын, себебі алдағы уақыттағы «іс-әрекетім» тікелей осы оқиғамен де байланысты болды. Менің балабақшаға баратын кішкентай 4 жасар қызымның тәрбиешісі мені кездесуге шақырды. Өзінің тәжірибесінде бірінші рет кездескен оқиғаны баяндап берді. Балалардың болашаққа деген ойларын білу мақсатында ол кісі барлық балдырғандарға «өскенде кім боласыңдар?» деген сұрақ қояды. Сонда менің қызым «мен өскенде кемпір болам» деп жауап беріпті. Сабаққа қатысушыларды ду күлдіргенімен қоса «сары тісті» деп ойын жалғастырыпты. Тәрбиеші «мен мамандыққа байланысты сөйлем естігім келген, қателік те өзімнен кеткенін аңғардым, себебі сұрақты дұрыс, жүйелеп қоюуым керек екен» деп ойын аяқтады. Мен де ол пікірмен толығымен келісемін, себебі көп жағдайда оқушыға дұрыс сұрақ қоймай, оларды дұрыс сұрақ қойдыруға үйрете алмаймыз.

Сонымен қатар біздің мектептің өзекті тақырыбы – мұғалімдердің кәсіби дамуына диалогтық оқыту тәсілін енгізу арқылы оқушылардың ойлау, сөйлеу дағдыларын қалыптастыру болып табылады

Диалогтік оқыту арқылы оқушыларды ашық сұрақ қою дағдыларын қалыптастыру менің басты проблемалық тақырып етіп алуымның басты себептері осы. Ал мақсатым -осы жоғары дәрежелі сұрақ қоя отырып білім сапасын арттыру, интеллектуалды қабілеттерін арттыру және де жеке тұлғаның өзін-өзі шығармашылықпен жетілдіру болып табылады.

Осы мәселенің төңірегінде практиканың алғашқы күнінде мектеп басшысымен болған сұхбатта атқаратын іс-әрекеттеріммен таныстырдым. Әкімшілік тарпынан қолдау көрсетіліп, менің жұмысыма оң көзқарас танытты.
Выготскийдің білім беру моделі оқушының диалог құру нәтижесінде білім алады деп жорамалдайды. Ал Барнс сыныпта тіл қаншалықты қолданса, оқушылардың білім алуына соншалықты әсер ететінін айтады. Барнс білім берудің мұғалімді селқос тыңдағанда ғана емес, вербальды құралдарды қолдану нәтижесінде, яғни сөйлесу, талдау және дәлелдеу барысында жүзеге асатынын көрсетті. \Мұғалімге арналған нұсқаулық,98 бет.\

Бұл модульді басшылыққа алу себебім,менің қызмет жасайтын мектебім қыркүйек айынан бастап осы мәселе бойынша жұмыс жасап жатыр. Сондай-ақ гуманитарлық бағытта диалогтік әдіспен жұмыс жасау өздігінен туындап тұрады. Диалогтік әдісті әр мұғалім пайдаланатынына сенімдімін, сабақ басталғаннан аяқталғанға дейін болады. Қарым-қатынас жасаудың негізі- адамдардың бір-бірімен сөйлесу, сұрақ қою, жауап алу әрекеті.Сөйлеу арқылы адамдар бір-біріне ойын жеткізеді, басқаның ойын түсінеді.Сөйлеу , сұрақ қою ситуациялары арқылы сөйлесу актілері көрінеді.

«Істің басы-ретін танымақтық» деген философиялық түйінді басшылыққа алып, ең әуелі барлық қызмет-әрекетті көздеген мақсатын айқын ұғынып, «не үшін оқыту керек?» сұрағының мәнін ашып, нақтылы жауабын бұлжымас қағида дәрежесінде қабылдадым. Бұл пән бойынша енді «нені оқыту керек?» деген мәселе туындады. Мемлекеттік стандарт, оқу жоспары мен бағдарламасы, оқулықтар, тұтастай ғылыми және оқу-әдістемелік кешен арқылы білім мазмұнын жүйелеп, сынып шамасын белгіледім. Осыдан кейін ғана келесі кезекте «қалай оқыту керек?» деген сарынды сұрақққа жауап бердім.

Бірінші «Бетпе-бет» кезеңінің барысында тізбектелген сабақтар топтамасына құрастырған орта мерзімді жоспарының бағыттаушылық көмегі көп болды. Зерттеу сыныбым ретінді 6 «А » сыныбын алуды жөн көрдім, себебі белсенді, оқуға құштар және де жаңашылдыққа ұмтылатын оқушылар саны басым еді. Сыныпта 27 оқушы бар. Психологпен және де сынып жетекшісімен бірлесе жүргізілген диагностикамен танысып, әрі алдымда отырған әрбір оқушының деңгейін де бұрынннан білетінімді ескере отырып,оқушылардың оқытылып жатқан пәнге деген көзқарасын анықтау мақсатында сауалнама алдым. (қосымша 1)

Жауаптарына сәйкес ұпай сандарын жинақтап, әрбір балаға сараптама жасалды:

90-100 ұпай жинаған бала осы пәнге жан тәнімен берілген,биікке құлаш сермейтін, тілші немесе әдебиетші болуды көксейтін, тума дарын иесі деп тануға болады.Мұндай бала дайын тұлға, тек өмірдің тосқауылдарына дайын болса болғаны.Ол сабақты тағатсыз күтеді,мұғалімнен көбірек ақпарат алуды қалайды, өз қалауы орындалмаса, мұғалімсіз- ақ жетілуге қабілетті.Бұлармен ұйымдастырылатын жұмыстың түрі ғылыми ізденушілікті, шығармашылықпен дамылысыз дамитын ойды талап етеді.Олимпиадалар мен пән байқаулары мұндай балалардың шабытын оятып, талабын ұштайды, өрісін кеңейтеді.Мұғалім өзі мұндай баланың қажетін өтей алатындай білімді, алғыр, үнемі ізденіс үстінде жүретін шығармашыл тұлға болуы тиіс.

95-40 ұпай жинаған баланың түсінуге тұрарлық пәнге деген жылы сезім бар. Мұндай баланы бұл әлемге бағыттауға, жөн сілтеп, бейінін бұруға әбден болады. Олар жетекке тез ергіш, оларға ойлануға мәжбүрлейтін, шығармашылықпен алға ұмтылуға көмектесетін түрлі қиындықтағы тапсырмаларды беру керек.

35-0 пәнге деген ынтасы төмен, оқуға құлықсыз екендігі айқын көрініп тұр. Мұндай балалармен жүргізілген жұмыс түрі көбіне қызығушылықты оятатындай тренинг ойындардан, деңгейге сай тапсырмалар мен жағдаятты сұрақтардан тұрғаны жөн.Олардың өзге салаға деген бейінін анықтап, пәндік сұрақтарды саламен байланыстырып қойған дұрыс. Бұл балалардың ең алдымен ерік-жігерін, ықыласын тәрбиелеп алған жөн.

Пайыздық көрсеткіш бойынша төмендегідей нәтижені байқадым.(қосымша 2)

Сол сауалнама нәтижесінде, зерттеу нысаны етіп үш түрлі ұпай жинаған

үш оқушы белгіледім.

Б.- оқу жұмысына деген белсенділігі жоғары, барлық сабақты ұнатады, үй жұмысын жүйелі түрде орындап келіп отырады, сабақ үстінде бар назары мұғалімде болып, сұрақтарына жауап беріп, үнемі тақтаға шығып сабақ айтады, оқу озаты.

Е.- сабырлы, әр нәрсеге шыдамдылық таныта біледі,қиялы — ырықты, тез қозғалады, қимылдары шапшаң, барлық әсерге эмоцияналды баяу жауап береді, оның сезімдері оның сыртқы қылықтарынан көрінеді, ашулануы сирек,кейбір тапсырмаларға жауапкершілікпен қарай қоймайды,үлгерімі жақсы.

Д- байқағыштық қасиеті жақсы дамыған, тақтада тұрған баланың қателерін үнемі түзеп отырады, өз күшіне, жеңіп шығатынына, барлығы жақсы болады дегенге қатты сенеді, сабақ үстінде де, сыныптан тыс жұмыстарда да өзінің қателігін мойындай бермейді, ойы шашыраңқы, кей кезде өзін шыдамсызданып ұстайды, үй тапсырмасын көбіне орындамай келеді, көңіл-күйі өзгермелі, оқу үлгерімі –орташа.

Алдымен оқушылардың жайлы атмосферада жұмыс жасауына бағыттап алуым керек болды. Ол үшін барлық сабақтарымды сергіту сәтімен, психологиялық тренингтармен, тренинг-энерджайзерлармен бастадым. Мақсатым: сергек көңіл-күймен түпкі нәтижеге жету жолында жайлы атмосфера, жағымды ахуал қалыптастыру. Дәстүрлі сабақтарда бұл әрекет ескерусіз, елеусіз қалатын. Бұл сабақтарда байқағаным оқушылардың өздеріне деген сенімділіктері артып, белсенді, солардың әрекетке сергек енуі, сергіту сәтін дағдыға айналдыруға ниеттендім.

Келесі қадамым әр сабақта оқушыларды жаңа топтарға отырғызу.Топтастыруды 1-сабағымда диалогтік ой шабуылын жасап бастадым: -біздің тәуелсіздігіміздің басты белгісі не? Оқушылар өз ойларын айта бастады. -Дербес, шекарамыздың болуы, әнұранымыз, туымыз, елтаңбамыз, жеріміз. Дұрыс, осы жерімізді қорғап, бізге аманат қылып тапсырып кеткен ата-бабамыздың атын басқа елдерде шығарғанда бізді кімдер деп атайды?- деп жетелеуші сұрақ қойдым. Олар бірден қазақстандықтар,-деді. Дұрыс айтасыңдар.- Ал біздің астанамыз қалай аталады?-деп жетелеуші сұрақ қойдым. -Астана. Олай болса, сендерге таратылған жер атаулары арқылы жаңа топ құраймыз. (Мемлекет, астана, қалалар және құрылық атаулары арқылы 4 топқа бөлінеді) . Әрбір жауап қатқан оқушыларды бағдарлап тұрдым, лидерлік позицияны ұстанған оқушылар ғана алға түсіп, жауап беріп тұрды. Қалған оқушылардың жан жақты қырларын ашу менің басты мақсатым, ол үшін диалогтық оқытуды қолдану қажет екенін сезіндім.

Біріккен сөздердің емлесі тақырыбын ашу үшін, оқушылардың таным белсенділіктерін арттырып, бірге отырып оны шешу жолын мақсат ете отырып, сабақ барысында сұрақ-жауап, басқа да өнімді тәсілдер арқылы оны шешуге түрткі жасадым. Берілген тақырып ішінен ең қажетті, ең пайдалы нәрсені сұрыптап, таңдай білу үшін, соған сай әрекет жасау мақсатында интерактивті тақтаға белгілі бір сөздер тізбегі ұсынылды, оқушылар біріккен сөздердің емлесін өздері жазып, «ашық кесте» стратегиясын пайдаланды, бірақ кейбір оқушылар қамтылмай қалды. Өзінің айтар ойы бар оқушыны дайындау арқылы ісім оңға басатынына сенімді болғандықтан, әрбір оқушының парақшасын тексеремін деп баса айттым, әрі сұрақтар да қоя бастадым, себебі талап ешқашан өз мәнін жоймауы қажет. Нәтижені көп күттірмей көре бастадым, бір сөйлемнен тұрған кесте түрін де байқадым, ол да болса бір жеңіс. Сынып белсенділері арқасында кестені толтырдық.

Зерттеу тақырыбыма байланысты бұл сабаққа менің тағы бір үлкен мақсатым ол- оқушыларымның осы тақырып төңірегінде ауызекі сөйлеулерін диалогтық оқыту модулінің ашық сұрақтарын қолдана отырып дамытуым керек болды. Осы мәселелерді шешу төңірегінде бірінші бетпе – бет кезеңіндегі алған теориялық біліміме жүгіндім. Сабағымда сын тұрғысынан ойлау, оқыту мен оқуда ақпараттық – коммуникациялық технологияларды пайдалану, ынтымақтастық және топтағы бірлескен жұмыс, оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау және диалогтық оқыту модулдерін қолдандым.

Әрине сабақта ескеретін тағы бір жағдай ол менің бақылауға алған үш оқушым, сабақта оларды да бақылауымнан шығарып алмауым керек болды.А және С деңгейлі оқушым бірінші сабақта бір топқа түсіпті, тақырыптың мағынасын ашуда екеуі бір- біріне қызу түсіндіру үстінде екенін көзім шалды. (қосымша 3)

Зерттеп жатқан үш оқушымды назардан тыс қалдырмай «Серпілген сауал» әдісі арқылы оқушыларға жабық сұрақтан ашық сұраққа дейін сауалдар қойып дағдыландырамын деген мақсат тұрды алдымда.Ең алдымен, оқушыларға сауалдардың екі түрі: ашық және жабық сұрақтардың ережесін тағы бір қайталап өттік, біріккен сөздер тақырыбында ол жөнінде айтып, қызықты суретке сұрақ қойғызғанмын. Оның нәтижесі төмендегідей болды:

  • бұрын ешкім ашпаған, қол жетпеген беймәлім нәрсені ашу, оған қол жеткізу үшін жоғары қызығушылықпен әрекет ете бастады;

  • сұрақ қоюда әр түрлі жолдарды іздеді;

  • ешкімнің жетелеуінсіз өз беттерімен іс-әрекет жасады;

Әрине, кедергілер де болды Мысалы, бір оқушым сұрақ қоюдың орнына бос парақшасын ұстап отырғанын байқадым, осы ретте Виыготский айтуынша, интерактивті мүмкіндік, яғни көпірше, ұсынуым қажет.Мұғаліммен және басқа оқушылармен әңгімелесу-оқушының қызмет белсенділігін қамтамасыз ететін және түсінігін дамытатын маңызды құрал болғандықтан (Мұғалімге арналған нұсқаулық 39 - бет ) қасына барып көмек көрсеттім, алдағы уақытта жұптық жұмыс жүргізу керек деп ойыма түйіп қойдым.

Балалардың ойлау қабілетін барынша жоғары деңгейде дамыту үшін сұрауды қолдануға қатысты менің түсінігімде болған өзгерістер:

- бірден көп сұрақ қоймау.

- оқушыларға ойлауға уақыт беру.

- орынсыз сұрақтар қоймау.

- ойлауды дамыту үшін проблемалық сұрақтар пайдалану.

- оқушылардың жауап беру ниетін басатын сұрақтарды қоймау.

- оқушылардың алдыңғы жауаптарына сай сұрақтар құрастыру.

Сұрақтардың сапасы және жоспарлау үздік сабақтың айқын белгісіне айналуы күмәнсіз. Іс жүзінде біз сұрақтарға көп сенім артамыз. Сұрақтарды қоя білу стратегиясынсыз үздік прогресс, сабаққа етене кіріп кету және бағалау болуы мүмкін емес. Жоғары дәрежелі сұрақ қоюдың және оған толық қанды жауап алудың мен үшін бірден бір кедергісі болған ол, ашық сұрақтарды енді қоя бастауды үйрене бастағандықтан, оқушылардың сөздік қорының аздығы, осы мәселені шешуде сабақ барысында көп жұмыс жасау керек болды. Ол үшін оқушыға демалыс уақыттарында балаларға арналған әдеби кітаптардың тізімін ұсынуды дұрыс деп таптым

Қазақ тілін оқытудың дидактикалық принциптеріне сұрақ қоюда белсенділік және саналылық принциптеріне сәйкес, тілдік материалға байланысты мәліметтерді оқушы жаттанды түрде емес, саналы түрде меңгеруі тиіс.

Александер (2008) диалог түрінде оқыту оқушыларды ынталандыру және дамыту үшін әңгіме күшін қолдануға мүмкіндік береді деп санайды. Оқушыларға сыныпта әр түрлі тәсілдер арқылы жүргізілген және кеңейтілген диалогтарға қатысуға мүмкіндік берілгенде, олар өзіндік жеке түсініктерінің өрісін зерттей алады. Бұл мүмкіндіктер олардың тілді білімді құру құралы ретінде қолданудың жаңа тәсілдерін тәжірибесінен өткізуіне жол ашады деген. Александердің бұл ойы менің сабақтарымда дәлелденді, себебі әр түрлі стратегиялар қолдану арқылы оқушыларда жоғары қызығушылық тудырдым деп ойлаймын.

Мағынаны ажырату бөлімінде оқушыларға тақырыпты екіге бөліп, қос сөздер түрлері: қосарлама қос сөз, қайталама қос сөз туралы постер жасауды, постердің оң жақ бөлігін бос қалдыруды айттым, оның жалғасы келесі сабақтағы жаңа тақырып еді.

Балалар тапсырмаларды алып , аса қызығушылықпен орындауға кірісті. Осы тапсырманы орындауға он минут уақыт берілетінін ескерттім. Оқушылар, әр топ тапсырма бойынша өз идеяларын түрлі - түсті маркермен бірлесе отырып постерге түсірді .

Әр топтағы оқушылар берілген тапсырмалар бойынша өздерінің түйінді идеяларын сынып оқушыларының алдында қорғады . Осы кезде бірінші топтағы оқушылардың назары тыңдауға жақсы бағытталғаны байқалды.

Мерсердің зерттеуіне сәйкес әңгімелесу оқушылардың оқуының ажырамас бөлшегі болып табылады . Ғалым әңгіменің үш түрін ажыратып сипаттама берген .

1. Әңгіме – дебат

2. Кумулятивтік әңгіме

3. Зерттеушілік әңгіме (Мұғалімге арналған нұсқаулық , 99- бет , Екінші (негізгі) деңгей , үшінші басылым )

Мен бақылаған «Қос сөздер, қайталама қос сөздер » тақырыбындағы сабағымда екі топта да кумулятивтік әңгіме түрі басым болды. Бірақ оқушылардың бір-біріне қойылған сұрақтары алуан түрлі болды, біреуі білу мақсатында, біреуі біле тұрып сынау мақсатында болды.

Келесі кезекте кітаптағы тақырыпты оқу арқылы, білімдерін толықтырып, ақылдаса отырып келесі топқа өз жазғандарын ұсынатын тапсырма бердім. Себебі оқушылардың өздігінен орындайтын жұмысын жүйелі бір тәртіпке салу арқылы оқушылар білім негіздерін берік игеріп, білімді күнделікті іс-тәжірибеде қолдана білуге үйренеді деп ойлаймын.Оқушының өздігінен жұмыс істеуге, өздігінен үйреніп білім алуға үйрету ең тиімді жол.Өздік жұмыс орындауға дағдыландыру-шығармашылық жеке тұлғаны қалыптастырудың негізі.Оқушылар жұмысты өздігінен орындағанда олардың бойында зор белсенділік, шығармашылық қасиет, нақты берілген білімді ойына сақтай отырып, өздігінен қорытынды шығара білуге үйренеді. Топтық жұмыста жұп болып жұмыс істеу де оқушыларға өте қызықты болды. Себебі оқушылар бір -бірінің тілін тез ұғады, айтып тұрғаным, ойлағаным қате деген ой туындамайды Өздерін барынша еркін сезініп, жайлы атмосфера орнады.

Тіл сабақтары құрғақ өтілмей мәдениетті сөйлеу,сауатты жазу дағдысымен ұштасып жатуы үшін, әрбір категорияның өмірде қолдану аясын ашатындай мақсат қойылуы керек.Бұл мәселені бүкіл сабақ үрдісінде қайталап отыру қажет.Осы мақсатқа орай, мен тізбектелген төрт сабағымда «Сұрақ қою, қайтадан сұрақ қою», «серпілген сауал», «ауадағы сұрақтар», «бумеранг», «өрмекшінің торы» секілді стратегияны қолдандым. Топтарға жанама әсер ете жүріп,барлық оқушылардың әңгімеге қатысуын ынталандырып отырдым. Оқушының жауабын түзету ,ойға салу,дұрысын қабылдау және толығырақ жауап беруге итермелеу үшін түрткі болу сұрақтарын қойып отырдым. Мысалы: қос сөздердің кейіннен пайда болған бесінші түрін білдіңіз бе? Мұғалім үшін оқушыларға алғашқыда қойылатын сұрақтар ғана емес, оқушылардың жауаптарын тыңдағаннан кейінгі сұрақтардың да мәні зор. Оқушыларға сабақ барысында Неге ? Не себепті ? Сендер қалай ойлайсыңдар ? деген жетелеуші сұрақтарды үнемі қойып отырудың мәні өте зор. Себебі оқушы сұраққа жауап іздеу барысында ойланады, бір- бірімен пікірлеседі, жақын араласады.

Выготскийдің теориясы ЖАДА-да айтылғандай жоғары деңгейлі оқушының төменгі деңгейлі оқушыға ықпалы арқылы белсенділігінің артқанын көруге болады. Жұптық жұмыс өзіне сенімі аз оқушыға көп көмегін тигізді.Жоғары деңгейлі сұрақтар қою кезінде оқушылардың көпшілігі сыни тұрғыдан ойлай алатындықтарын, өз ойларын ашық,дәлелді жеткізе алатындықтарын көрсете білді.

«Сұрақ қою, қайтадан сұрақ қою» жағдайында А оқушым жоғары белсенділік көрсетіп, өзінің лидерлік ұстанымын жоғалтпай, қайта-қайта сұрақтардың күрделісін ұсына бастады. Өзіне сенімділігі де күшейе бастады, өзін көрсету ойы да басымдылықты танытты.

С оқушының мотивациясы мүлдем өзгерді.Бұрын сәтсіздіктен қашып, оқуға талаптанбайтын, ғылымның маңызын төмен санап, білімнің қажетін ескермейтін, құнды ақпараттарды енжар қабылдайтын ол адам танымастай өзгерді. Қызықты ақпаратты өз бетінше іздеп, тауып, өзгелермен ой бөлісуге асығатын боды. Мұның бәрі С және В оқушының табысқа жиі жетіп, өз күшіне сенуінің арқасында болып жатқан өзгерістері екені даусыз,өзіне жоғары талап қойып, сәтсіздік себебін өзінен іздеді.

«Бестік диктант» жүргізілгенде Сөз- Сөйлем- Сұрақ- Жауап- Жазу моделімен жазу ұсынылды. Оқушылардың өздері құрастырып,өздеріне берілген шығармашылық еркіндікті пайдаланды , өз мәтіндерін жазды.Абайдың «отыз бірінші қара сөзімен» байланыстырып жазған диктантта 7 оқушы бестікке бағаланды, себебі оқушы алдын ала сол мәтінмен жұмыс жасап, есінде сақтады, сол арқылы сұраққа да дұрыс жауап беріп, сауаттылығы артты. С деңгейлі оқушы «5» алып, осындай мәндес диктанттар жиі өткізіп тұруымды сұрады.Көп оқушы жаттанды түрде жауаптарын жаза бастады.

Диалогтық әдіс -тәсілдің сабақта тиімді екеніне көзім жетті. Сұрақ қою әдісті қолданғанда бала өз ойын біреуге жетік жеткізе алады. Бұл әдіс материалды есте сақтауына себін тигізеді, баланың сөздік қорын дамытады. Мұғалім баланың алған білімі жөнінде тереңірек мәлімет ала алады. Сұрақ-жауап әдісті жұппен жүргізген тиімдірек пе деп ойлаймын. Жақсы оқитын оқушылар мен нашар оқитын оқушылар бір жұпта жұмыс жасауда нашар оқитын оқушылар жақсы жауап берді. Оқушылар бір –бірін білім алуға жетелейді.

«Ауадағы сұрақтар» әдісі ең бір тиімді, оқушылар мен мұғалім арасында жақын байланыс орнатқан жіп іспеттес болды. Шар ішіндегі сұрақтар олардың танымдық қабілетін жетілдіріп, шығармашылық белсенділікке деген қажеттілігін қанағаттандырды. Кез-келген қажеттілікті қанағаттандыру жағымды эмоциямен, көңіл-күймен байланысты.Шарды алу себебім де осы еді. Ауада құлаған шарды аулап, оны жарып, ішіндегі әр түрлі деңгейдегі сұрақтарға жауап бергенде сабаққа ынтасы өте жоғары оқушылар мен құлқы төмен балалар өте белсенділік танытты, ойын қайсы, үйрену , үйрету қайсы екенін ұмытып, қойылған сұрақтарға жауап бере аламын ба, жоқ па деген қорқыныш ешбірінде болмады А деңгейлі оқушым сұраққа өте жылдам, әрі шығармашылық тұрғыда жауап берсе, В деңгейлі оқушым бұл сауалдың оған қиынырақ, яғни жоғары дәрежелі сұрақ келгенін айтып, оқулықтан бір «сығалауын» сұрады. «Сіңірген ойға санаға, сұрақтың таңдаппын қиынын, рұқсат па кітапқа қарауға,ұстазым жүрегі жылуым» деп өлең шумағын өрбіткенде, жоқ деп айтуға бата алмадым. С деңгейлі оқушым сұраққа өте жақсы жауап берді де , бұл ашық сұрақ сондықтан жылдам жауап бердім деген ой білдірді. Мен тосылып қалдым С деңгейлі оқушым ашық сұрақ пен жабық сұрақтың мағынасын шатастырып алғанын білдім. Ойын түзету мақсатында, сұрақ түрлері жазған ережені қарауын сұрадым. Ол ашық сұрақ деген бәріне түсінікті сондықтан ашық, ал жабық деген құпия, біраз ойлануды қажет ете ме деп ойладым, ережеге де қарамағанын айтты. (қосымша4)

Оқушылардың өзара әрекет дағдыларын дамытудың тағы бір тәсілі – оқушылардың бір-біріне сұрақ қоюы. Егер де сұрақ дұрыс қойылған болса сабақ берудің, білім берудің тиімді құралына айналып, оқушылардың білім алуына жағдай жасайды. «Өрмекшінің торында » сұрақты қарапайым етіп қою өткен тақырыпқа оралу ойға салу, дұрысын қабылдап және толық жауап беруге жол сілтейді. Сынақтан өткізу сұрақтары оқушыларға толық жауап беруге, өз ойларын анық білдіруге, өз ойын дамытуға көмектесетіндей болып құрылды. Қайта бағыттау сұрақтары да орын алды.
Диалогтық әңгімеде мұғалім сұрақтары және оларға берілген жауаптар ғана емес, сонымен қатар оқушылардың сұрақтары да маңызды. Алайда, оқушылардың тақырыпты, мәтін бойынша өз ойларын айтуда өз ойларын толық жеткізе алмағандығы, сөздік қорларының аздығы байқалып жатты. Соның әсерінен балалар өз ойларын айтуға тосылып, жауап бергенде байқалды. Оқушылардың бұл кемшіліктерін сабақта сұрақ – жауап және диалог құру арқылы жоятын болдым. Дәстүрлі сабақтарда сабақты қорыту, бекіту кезінде сұрақтарды өзіміз қоятын болсақ, бұл бағдарлама бойынша жаңаша сабақта оқушылар сұрақты өздері қоятын болды. Сұрақтарды жеңілден күрделендіре түсу керек екендігі ескертілді. Алайда оларға күрделі сұрақтар қою қиындық туғызды. Жеңіл болса да сұрақ қоя білгендері және оған жауап бергендері сабақтағы оқушылардың жеткен жетістігі деп ойлаймын, өйткені жаңа тақырыпты түсінбесе бір-біріне сұрақ қоя алмас еді.

Ой қорыту мақсатында үміт ағашында алдағы сабақтарға қарағанда оқушыларым да өз пікірлерін еркін жаза бастағанын байқадым. "Сұрақ қойғанда бар ойым жіпті қағып алу болды, бірақ өте қызықты, бұрын сұраққа жауап беруден қашқақтаушы едім, енді жіп маған қарай лақтырылуын асыға күттім"деп жазыпты Д. оқушым, ал Е. «балалардың шуы аздап мазамды кетірді, тыныштықты қаладым, сұрақтардың барлығына іштей жауап беріп тұрдым, мен тақырыптың бәрін меңгергеніме қуандым», Ж. оқушым «мен үшін өте көңілді болды, мен білмейтін сұрақ келсе де, басқа оқушыға бағыттау сұрағын қойып, жауабын білуіме мүмкіндік болды» деген пікірлерін білдірді.

Сөздік жұмысын жүргізу қазақ тілі сабағында басты орында.Себебі өз ана тілінде бағдарламаға сәйкес сөздік қоры мол тілдік шеберлігі қалыптасқан, байланыстырып сөйлеуді меңгерген оқушы ғана сапалы білім алуға бейім болады.Әрбір тізбектелген сабақта оқулықтағы немесе оқулықтан тыс пайдаланған мәтіндерді оқи отырып, онда кезіккен оқушыларға бейтаныс ұғымдарды өз тарапымнан қандай ұғымдар мен сөздер таныс емес екені сұралып отырды.Анықтау бойынша іріктелген ұғымдардың анықтамасын беріп, сөздікпен жұмыс істедік, ол оқушының сауаттылығын артуға да көмектесті.Бір тақырып көлемінде 20-25 сөзбен жұмыс жасаған күніміз де болды. Бірақ оқушылар кейбір сөздерді есіне сақтамай, шатастырып алды. Сондықтан 10-15 ұғымнан артық жаңа сөздерді пайдаланбағаны дұрыс деп шештім. Себебі сандық көрсеткіштен сапалық көрсеткіш мен үшін, оқушылар үшін де өте маңызды үрдіс.

Әрбір тізбектелген сабақтар топтамасында түрлі -түсті стикерлерді жиі пайдаландым. Өйткені, түрлі- түстің өзі эмоциялық қызығушылықты тудыратынын байқадым .

Карл Роджерс «Мен» тұжырымдамасын және жеке тұлғамен оның тәжірибесімен қарым - қатынас жасау маңыздылығын дамытты. Осы негізде өзіндік «Мен » тұжырымдамасы менің түсінігімде әлеуметтік, танымдық және эмоциялық компоненттерден тұрады. Яғни, менің жүргізген әрбір сабағымда оқушылардың эмоциялық сезімдерін дамыту арқылы танымдық және өзара қарым - қатынастық ахуал қалыптастыруға тырыстым. Оқушылар сөздікпен жұмыс жасап отырғанда әрбір оқушының арқалығына 3 түрлі стикер жапсырдым, сол түстеріне сәйкес интерактивті тақтадан тапсырмалар тізбегін шығарадым.

Көк стикер (А деңгей) 94-жаттығу

Сары стикер (В деңгей)99-жаттығу

Қызыл стикер (С деңгей)100-жаттығу

Деңгейлік тапсырмаларды 80 пайыздай оқушы орындап шықты,20пайызына әлі де көмек қажет екенін ескердім, бұл алдағы уақыт еншісі. Тапсырмалардың көбі жабық сұрақтан ашық сұраққа дейінгі дәрежеде еді, оқушылардың бұған да бейімделгенін байқадым, тізбектелген сабағымның

4- сабағымда көзім жете бастады.

Әрбір сабақтың соңында оқушылар өз білімдерін сабақ барысында жасалып қойылған критерийлер арқылы топтық, жұптық, өзіндік бағалау жасап отырды. Шәкірттерімнің жеткен әрбір жетістігі достарының да өзімнің де тарапымнан қолдау тауып отырды. Олардың еңбегі әрдайым формативті түрде бағаланып, көңілін көтеретіндей мақтау сөздер айтылып отырды. Қалыптастырушы бағалау барысында балалардың барлығының да аз-көп демей жеткен жетістіктері мадақталып отырды. Себебі сыныптағы бағалау Александер (2011) айтқандай, тек қана техникалық тәсіл емес. Бағалау – одан арғы оқу туралы шешімді қабылдау мақсатымен оқытудың нәтижелерін жүйелі түрде жиынтықтауға бағытталған қызметті белгілеу үшін қолданылатын термин. Смайликтер, бағдаршам, бес саусақ әдістерін қоланып, бағалау критерийлері арқылы өзіндік, өзара бағалауды жүзеге асырып отырдым.

Мен өз сабағымда формативтік бағалауды оқыту үшін бағалау ретінде қолданудың өте маңызды екендігіне көз жеткіздім. Оқушылардың сабақ айту кезіндегі жіберіліп жатқан кемшіліктеріне қарамастан, олардың еңбегін, ынтасын мақтап-мадақтап формативті бағалап отырдым. Кемшіліктерді, яғни қайсыбір қателіктерді өз беттерімен анықтауына талпындырдым. Ол үшін  түрткі сұрақтар беріп, олардың әрі қарай терең ойлана жауап берулеріне, жан-жақты ізденулеріне бағыт-бағдар беріп отырдым. Зерттеліп жатқан сыныпқа бұл таңсық дүние емес, себебі бұл жұмыс түрлері бұрыннан да іске асып отыратын.

«Мұғалімдер іс-әрекеттегі зерттеуді өз тәжірибелерін жақсарту үшін қолданады».(Мұғалімге арналған нұсқаулық) Мен де осы идеяға сай іс-әрекетті зерттеу барысында біршама өзімнің іс-тәжірибемді жақсарттым деп ойлаймын. Іс-тәжірибемдегі нақты өзгертулер мынадай болды:

  • сабақта диалог арқылы сын тұрғысынан ойлауды ұйымдастырдым

  • топтық жұмыс арқылы оқушылардың ынтымақтастықта жұмыс істеуіне бағыттадым

  • топтық бағалауды ұйымдастырдым,

  • оқушыларды кері байланысқа тарттым

  • оқушыларды ашық сұрақ қоюға дағдыландырдым.

Жаңа әдіс-тәсілдермен өткізген сабақтарымнан кейін зерттеуге алған оқушыларымның мынандай өзгерістерін байқадым.

А тобындағы оқушы танымдық қасиеттері дамып, проблеманы шешуде ойының ұшқырлығын байқатты. Берілген тапсырмаларды мұқият орындап, сұрақтарға жауап беріп, топ оқушылары арасында көшбасшы бола алды.

В тобындағы оқушы әлеуметтік ортаға бейімделіп, ойын айтуға талпынып, сөйлеуге машықтанды. Жолдастарының қолдауымен белсенділігі артты.

С тобындағы оқушы шамасына қарай сұрақтарға жауап бергенін бақылау барысында байқадым. Төмен деңгейлік сұрақтарға жауап бере алды.

Ашық сұрақтар қоюда мен сабағымда төмендегідей өзгерістерді аңғардым:

  1. Сабақты белсенді өткізіп, әр баладан еркін жауап алуға жағдай жасалды

  2. Менің іс-әрекетім емес, оқушы іс-әрекеті бірінші орында тұрып, сол арқылы соңғы нәтижеге жеттік, яғни оқушылар білімді өз іс-әрекеті арқылы меңгерді

  3. Терең, тиянақты, сапалы білім алуға жетеледі

  4. Оқушылардың шығармашылықпен іздену қабілеттері,зерттеу жұмыстарын жүргізу тәжірибелері қалыптаса бастады.

  5. Жеке тұлға ретінде,әсіресе, С оқушының «мен» деген ролі көтеріліп, өзі сұрақ қоя отырып, өз ойын бақылау, бағалау жүргізе алатын болды

  6. Үш оқушының рухани дүниетанымының өсуіне ықпал етті

Және де төмендегі диаграмма арқылы анық көрініс тапты. (қосымша 5)

Сұрақ қою арқылы мұғалім:

- оқушыларды тақырып бойынша және сындарлы сөйлеуге ынталандырады.

- оқушылардың шынайы қызығушылығы мен сезімдерін анықтайды.

- білімге құштарлықты дамытады және зерттеуге ынталандырады.

- оқушыларға білімін қалыптастыруға және вербалдандыруға көмектеседі.

- оқушылардың сыни тұрғыдан ойлауына ықпал етеді.

- оқушыларға сыни тұрғыдан ойлауға көмектеседі.

- оқушылардың бір-бірінен үйренуіне, басқа оқушылардың идеяларын
құрметтеуіне және бағалауына ықпал етеді.

[Мұғалімге арналған нұсқаулық, 41 - бет.]

Ашық сұрақтарды қоюға төселдіре отырып, оқушылардың біршама қырларын, бейімділіктерін аңғардым, олардың қызығушылықтары мен қажеттіліктері сабақ барысында қанағаттандырылса,танымдық белсенділіктері артатынына көзім жетті. Оқушы бағдарлама идеясында айтылған әдістердің барлығына дайын екен, тек оларға бағыт беретін көшбасшы мұғалім ғана керек екен. Басты идеямды жүзеге асыру мақсатында әрбір сабғымды мүмкіндігінше бейнетаспаға түсіріп отыруым қажет деп шештім, себебі ең маңызды «ұсақ-түйек» дүниелер айқын көрінеді. Әрі әдебиет пәніне өте қолайлы диалогтық оқытудағы «зерттеушілік әңгіме» бойынша атқарылар жұмыстарды жоспарлап жатырмын.

Болашақта бағдарламаның идеясы, түйінді ойлары менің тәжірибемнен үлкен орын алатынына сенімдімін. Өз әріптестеріммен бірлесе отырып, ауқымды жұмыс атқарармыз. Біріккен табысты жұмыстар, Lesson Study жүргіземіз. Бағдарламаның жеті модульге негізделген идеяларын ескере отырып, табысқа жетемін деп ойлаймын.

Уильям Уарт жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады деген тамаша сөзімен ойымды түйіндегім келеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Мұғалімге арналған нұсқаулық. ІІ (негізгі) деңгей.

  2. Мектептегі тәжірибе кезеңінде орындауға аранлған тапсырмалар.



Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!
Осы аптаның ең үздік материалдары
Педагогтардың біліктілігін арттыру курстары
Аттестацияда (ПББ) 100% келетін
тақырыптармен дайындаймыз
Аттестацияда (ПББ) келетін тақырыптар бойынша жасалған тесттермен дайындалып, бізбен бірге тестілеуден оңай өтесіз
Өткен жылы бізбен дайындалған ұстаздар 50/50 жинап рекорд жасады
Толығырақ