жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Әдебиеттік оқу пәнін оқытуда сын тұрғысынан ойлау технологиясын қолдану
ӘДЕБИЕТТІК ОҚУ ПӘНІН ОҚЫТУДА СЫН ТҰРҒЫСЫНАН ОЙЛАУ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ҚОЛДАНУ
Шегирова Надира Қайратқызы
Ғылыми жетекшісі: Мусина Күлшат Сыздықызы
«М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледж» КМҚК
Кіріспе
ҚР тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаев әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 75 жылдығына орай сол оқу орнында оқыған ашық дәрісінде «Қазіргі заманғы білім берудің келешек міндеті – ол сыни тұрғыдан ойлай білетін және ақпараттар ағымындағы жылдам бағдар алуға қабілетті адамдарды даярлау» - деген. [8.14]
Зерттеу жұмысының мақсаты: Әдебиеттік оқу пәнін оқытуда оқушылардың сын тұрғыдан ойлауына түрткі болатын әдіс-тәсілдерді, стратегияларды және олардың тиімділігін анықтау, дәлелдеу.
Зерттеудің міндеттері:
-әдебиеттік оқу пәні сабақтарында оқушылардың өз ойын емін-еркін жеткізуіне ықпал ету;
-сын тұрғысынан ойлаудың әдіс-тәсілдерін әдебиеттік оқу пәні сабақтарының барысында тиімді қолдану;
-сын тұрғысынан ойлау технологиясын қолдану арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру, шығармашылықтарын дамыту.
Зерттеудің өзектілігі: Оқыту үдерісінде пайдаланылып жүрген оқытудың жаңа технологияларының бірі – сын тұрғысынан ойлау технологиясының бастауыш білім беру жүйесіндегі әдебиеттік оқу сабақтарында қолданудың нәтижелілігін зерделеу. Оқушының білімді мұғалім көмегімен ғана емес, өзіндік ізденіспен алып, өз білімін өзі басқаруға, білімді еркін түсінуге, рухани және әлеуметтік жағынан өздерін дамытуға үйрену процесінде сын тұрғысынан ойлау технологиясының әдебиеттік оқу сабақтарындағы нәтижелілігін қарастыру да маңызды .
Зерттеу жұмысының гипотезасы: әдебиеттік оқу пәні сабақтарында оқушыларғы сын тұрғысынан ойлауға арналған түрлі әдіс- тәсілдерді пайдалана отырып, оның жан- жақты, терең ойлануына ықпал жасасақ, онда оқушылардың сөйлеу, ойлау, пайымдау дағдылары саналы түрде қалыптасады.
Зерттеу әдістері: зерттеу тақырыбы бойынша жазылған ой- пікірлерге, психологиялық, педагогикалық, әдістемелік ғылыми әдебиеттерге, мемлекеттік құжаттарға, оқулықтарға теориялық талдау жасау әдісі; әлеуметтік-педагогикалық әдістерді қолдану, оның ішінде оқушылардың тыңдау арқылы сөйлеу дағдылары мен біліктерін бақылау әдістері, оқыту, бақылау; оқушы әрекетін талдау.
Зерттеу жұмысының әдістемелік- практикалық құндылығы: Іс-тәжірибелік сабақтарда оқушылардың ойлау деңгейіне сын тұрғысынан ойлаудың стратегияларының әсерін бақылау.
Негізгі бөлім. Әдебиеттік оқу пәнінде сын тұрғысынан ойлау технологиясы стратегияларын қолдануды тиімділендіру
Қазіргі кезеңде мектептің әр күні көптеген ғылыми жаңалықтарға, терең әлеуметтік өзгерістерге толы. Сабақ барысында оқушының ізденуі мен зерттеу дағдыларын қалыптастыра отырып, пәнге деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында қолданылатын технологиялардың бірі - «Сын тұрғысынан ойлау технологиясы». Сыни ойлауды дамыту технологиясының дәстүрлі оқытудан басты айырмашылығы – білімнің дайын күйде берілмеуі. Сын тұрғысынан ойлауды дамытуда тәжірибені жүйеге келтірген Джинни Л.Стил, Куртис С.Мередит, Чарльз Тэмпл дейтін болсақ, Ж.Пиаже, Л.С.Выготский теориялары да басшылыққа алынады. Сын тұрғысынан ойлау технологиясының мақсаты: кез келген оқу материалындағы мазмұнды сынау емес, сын тұрғысынан қарау арқылы ұтымды жауап іздеу, жауапты іздеуге жай ойлау емес, шыңдалған ойлауға оқушылардың қолын жеткізу.
Технология бойынша әр сабақ үш кезеңнен тұрады: қызығушылықты ояту; мағынаны ашу; ой -толғаныс.
Бірінші кезең - «Қызығушылықты ояту». Жеке тұлғаның іс - әрекеті қолдануға болатын әдістер мен тәсілдер оқылатын мәселелер бойынша не білетінін еске түсіреді, ақпаратты жүйелейді, жауап алуға қажетті сұрақтар қояды. Бірінші кезеңде алынған ақпараттар тыңдалады, жазылады, талқыланады, жеке, жұп және топ бойынша жүргізіледі.
Екінші кезең - «Мағынаны ашу». Бұл кезеңде жаңа ақпараттармен, ойлармен танысады, тиісті тақырыпқа байланысты кино көру, дәріс, әңгіме тыңдау немесе тәжірибе - эксперимент жасау, мультимедиялық құралдарды пайдаланады. Сабақта жұмыс дара және жұп түрінде жүргізіледі.
Үшінші кезең- Ой толғаныс та «Эссе, Топтастыру, Пирамида, Құндылық сызығы, Т кестесі, Sinkuein немесе бес жолды өлең, RAFT, Түйін сөз, Семантикалық карта, Концептуалды таблица, Бір айналым сұхбат» стратегиялар ( әдіс-тәсілдер) қолданылады. Осы кезеңді тиімді етуге лайықталған “Бес жолды өлең”, “Венн диаграммасы”, “Еркін жазу”, “Семантикалық карта”, “Т кестесі” сияқты стратегиялар да бар [10]. Оқылған ақпаратты талдау, түсіндіру, шығарманы өңдеу жұмысы топ бойынша жүргізіледі.
Бір сөзбен айтқанда, «Сыни ойлау – критерийлерге негізделген пікір айту өнері». Сыни тұрғыдан ойлауға үйретуді дамытудың мақсаты – оқушыларға кез келген оқу материалын сыни тұрғыдан қарап, екі ұйғарым бір пікірдің біреуін таңдауда саналы шешім қабылдауға үйрету.
Америкалық профессор Дэвид Клустер өзінің көпшілікке танылған «Сыни ой дегеніміз не?» атты еңбегінде сыни тұрғыдан ойлаудың бес қасиетін атап көрсетеді:
Сыни ой дегеніміз – дербес, еркін ой. Сәйкесінше, кез келген ой жеке-даралыққа жеткенде ғана сыни сипатқа ие бола алады.
Ақпарат кейінгі емес, бастапқы кезеңде болуы тиіс. Өйткені, білім – адамды сыни тұрғыдан ойлауға жетелейтін қозғаушы күш.
Сыни ойлау сұрақ қойып, мәнісін түсініп, жауабын табуды талап етеді. Адам баласы жаратылысынан қызығушылыққа бейім келеді, қоршаған орта мен әрбір жаңалық өзінше қызық.
Сыни ой сенімді дәлелге ұмтылдырады. Сыни тұрғыдан ойлай алатын адам кез келген мәселеге өздігінен шешім тауып, оны ақылға қонымды, негізі берік дәлелдермен қуаттайды.
Сыни ой дегеніміз – әлеуметтік тұрғыдан ойлау. Бұл бірінші аталған дербес ойға қайшы келмейді. Себебі, сыни тұрғыдан ойлайтын адам, түптеп келгенде, өз ойының нәтижесін қоғам игілігі үшін жұмсауға міндетті. Қандай да бір ой өзгелермен бөлісіп, ортаға салынғанда ғана тексеріліп, ұшталады, немесе ойшыл Ханна Арендт айтқандай, «көппен істелген іс кемелдікке жетеді» [8.36-40]
Сыни тұрғыдан ойлайтын адам өз-өзіне мынадай сұрақтар қояды:
Мен не білемін? -Мен не білдім? -Менің білімім, ойым қалай өзгерді? - Мұны қалай пайдама жарата аламын? Мұғалім нақты жауабын бермеу керек, керісінше балаға сол жауапты өзі табуына көмек беру қажет.
Сын тұрғысын ойлау технологиясын іске асыру үшін оқушылардың сөйлеу мәнеріне, ең бастысы, тіл тазалығына да аса мән бергеніміз жөн. Тіл тазалығы дегеніміз – айтайын деген ойымызды еркін жеткізу, сөйлегенде бөгде тілдік элементтерді – диалектілерді, варваризмдерді араластырмай сөйлеу, халқымыздың асыл сөз қазыналарын тиімді пайдаланып, жатық, анық сөйлеу, әдеби тілде сөйлеу. Абай атамыздың сөзімен айтсақ, «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы».
Сын тұрғысынан ойлау технологиясының әдіс-тәсілдерін қолдану тиімділігін іс-тәжірибелік сабақтарда қолданып, зерттеу нәтижесінде тиімді деп танығандарыма тоқтала кетейін.
«ДЖИГСО» стратегиясы – ұжымдық оқыту әдісі. Мақсаты: жалпы мәселені алдымен жұпта, сосын ұжымда талқылау. Бұл жағдайда әрбір оқушы бір сәт өзін мұғалім ретінде сезінеді, оқуға деген жауапкершілігі артады. Әдісті қолдану төмендегіше ұйымдастырылады. Алдымен сынып 4 оқушыдан тұратын топтарға бөлінеді. Бұл «жанұя» топтар деп аталады. Содан кейін 1, 2, 3, 4-ке санау арқылы 1-лер бөлек, 2, 3, 4- өз алдына «жұмыс» тобын құрайды. Оқуға ұсынылатын материалдың тақырыбы талқыланған соң, осы мәтінді түсіну қажет екендігі ескертіледі. 4 логикалық бөлікке бөлінген мәтіннің 1-бөлігін 1-лер, 2-бөлігін 2 санын алғандар, 3, 4 – нөмірлі топтарға оқуға тапсырылады. Жұмысты бастамас бұрын оқушыларға «жұмыс тобында» мәтіннің тиісті бөлігін жақсы меңгеру қажеттілігін, өйткені сол бөлікті «жанұя топ» оқушыларына түсіндіруге жауапты екенін, мәтінді тұтас түсіну әр оқушының ыждағаттылығына байланысты екенін түсіндіру қажет. Келесі кезекте бастапқы топтармен қайта табысып, өздерінің үйреніп келген бөліктеріндегі мазмұнды ортаға салады. Осылайша бірін-бірі оқытуға, сол арқылы ойлауға үйренеді. ДЖИГСО – стратегиясы мазмұнды жоғары табыспен меңгеру, оқығанды есте сақтау үшін өте тиімді. Оқушының оқуға деген қызығушылығы артады, ұжымда жақсы қарым-қатынас қалыптасады, саналы тәртіп орнайды. 3-сыныптың «Әдебиеттік оқу» кітапбында «Адам-балық» тақырыбы бар. Оқушыларға бұл фантастикалық шығарманың 2 бөлігі берілген. Оқушылар бірінші күні 1-бөлігімен танысады. Келесі сабақта мәтіннің екінші бөлігімен танысады. Осы екінші сабақта «ДЖИГСО» әдісін қолдансақ, 2 мәтінді де бекітіп, сабақты қорытындылай аламыз. Бұл стратегияны қолдану үшін, ең алдымен, оқушыларды 2 топқа немесе оқушылар саны көп болып жатса 4 топқа бөлеміз. Мәтіннің бірінші бөлігін 1-топ, екінші бөлігін 2-топ оқиды. Мәтінді оқып болған соң оқушылар бірінші өз топтарының арасында, кейін барлығы мәтіннің мазмұнын талқылайды, бір-біріне сұрақ қояды, мәтіннің негізгі идеясын ашуға тырысады. Осы стратегия оқушылардың өзін еркін ұстап, мәтінге байланысты өзіне керекті сұрақтар коюына, өз ойын ашық жеткізуіне ықпал етеді. [3. 106-110]
«Қос жазба күнделігі» стратегиясы. Қандай да бір мәтін, әңгіме оқыған кезде оқушылар дәптерлерінің ортасынан вертикаль сызық жүргізеді. Мәтінді оқу барысында олар сызықтың бір жағына әсер еткен тұстар мен үзінділерін жазса, екінші жағына пікірін, яғни, нені еске түсіретінін, себеп салдарын жазады. Барлық оқушы тапсырманы орындап болған соң жұпта, топта талқылау ұйымдастырылады. Жұмыс аяқталған кезде мұғалім қорытуға арналған әзірлеп келген сұрақтарын қойып, жауаптар алады. Мысалға «Аққұс туралы аңыз» мәтінін алуға болады. [3. 20-21. Қосымша №2]
«Кубизм» стратегиясы. Бұл стратегия жан-жақты ойлауға жазуды қамтуға мүмкіндік туғызады және осы стратегияны сабақты немесе мәтінді бекіту кезеңдерінде қолданған тиімдірек. Ол үшін кубикті пайдаланады. Кубиктің алты жағы бар. Кубиктің жан-жағындағы жазудың көлемі 15-20 см көлемінде жазылуы керек. Не болмаса, сандарын жазып қоюға болады. Кейін тақтаға сол сандардың тапсырмасын жазылады.
Суреттеңіз: түсінгеніңізді суреттеңіз.
Салыстырыңыз: басқа көркем шығармалармен салыстыру.
Байланыстырыңыз: нені ойлатады, ойыңызға не келеді, ұқсас ойлар бар ма, ой өзегінен шалып өтіңіз.
Саралаңыз: қалай туғанын, ғылыми деректерге сүйене отырып айтыңыз.
Қолданыңыз: қай сәттерде қолдануға болады.
Талқылаңыз немесе қарсы пікір айтыңыз: өз сөзіңізді дәлелдеп, логикалық дұрыс немесе дұрыс емес пікірді айтыңыз. [Қосымша №3]
«Әлемді шарлау» стратегиясы. Бұл стратегияның мақсаты білім алушыларды пікірлестіру, ұжымдық, топтық жұмыстың нәтижесін қағаз бетіне түсіру, ортақ шешімге келу, бір-бірінің ортақ пікірін білу, қиялдау. Бұл стратегияны ертегі немесе ұзақ мәтіндерді, өлеңдерді өткен кезде қолданған тиімді. Мысалы, «Алтын балта», «Адам-балық», «Ақбас торғай», «Суыр сұңқар, су қайда», «Білім керек бәріне», «Адамдық борышың» және т.б. Осылардың ішінде Фариза Оңғарсынованың «Білім керек бәріне» өлеңін мысалға алуға болады. «Әлемді шарлау» стратегиясын осы өлеңге қолдану үшін, топтық жұмыс ұйымдастырған тиімді. Оқушылар өлеңмен танысып, оқып болғаннан кейін өз топтарынын арасында талдау жұмысы жүргізіледі. Оқушылардың ойлары бір-бірінікіне ұқсамауы керек және оқушылар алдын ала таратылған А4 парақтарына өз ойларын жазбаша түрде түсіреді. Кейін топтан бір спикер сайлап, сол спикер басқа топқа барып, өз тобының ойын айтады. Осылайша бір-бірімен піікір алмасып, өлең бекітіледі. [2. 70]
«Ұқсастық пен даралық» стратегиясы. Бұл стратегияда төрт нәрсені сипаттап жазады. Осы төртеуінің ұқсастығы ортаға жазылады. Бұл стратегиядан білім алушылар ұқсастықты табуға, даралықты тануға үйретеді. Сонымен қатар, осы стратегияны екі бірдей немесе ұқсас тақырыптарды өткенде пайдаланған тиімді. Мысалы, «Қарлығаш әулие», «Бала – бауыр етің», «Әйтеке бидің шешендігі» тақырыптары үш би туралы. Осы үш тақырыпты өткеннен кейін ұқсастықтарын, айырмашылықтарын, ерекшеліктерін жазуға болады. [3. 4-9]
«Ассоциация» стратегиясы. Бала дүниетанымының кеңдігі мен білімін көрсететін әдістердің бірі. Ассоциация деген сөздің өзі - шексіздік, өре беру деген мағынаны білдіреді. Осындай үлгі бойынша оқушының бір ұғымға байланысты дүниетанымының қаншалықты кең, бай екенін байқауға болады. Мұндай модель сызу арқылы оқушыға да баяндай алуға көп жеңілдік туғызады. Мысалға 3-сыныптың «Әдебиеттің оқу» оқулығындағы «Асыл сөз» өлеңін алуға болады. Оқушылар «Асыл сөз» сөзіне ассоцияция , яғни өлең жолында кездестірген қандай асыл сөздер естерінде қалса, солар жазылады. [3. 14-15. Қосымша №4]
Инсерт
(түртіп алу) жүйесі.
Бұл тәсіл бойынша оқу материалы дайын
күйінде беріледі, мәтінді оқып отырып
оның бір жақ шетіне немесе кесте түрінде
жазылады:
«V» - білемін «+» мен үшін
жаңа «-» басқаша ойлаймын «?» - түсінбедім,
тереңірек білгім келеді. Кестені мәтіннің
фрагменттері немесе толық абзац түрінде
толтырады. Сонан соң оқушылар жұп болып
немесе топпен өзара пікір алмасады.
Түсініксіз болған ұғымдарды мұғалім
түсіндіреді немесе басқа ақпарат
көздерінен іздеуге үйге тапсырма
беріледі. Мұнда оқушыларға аз таныс,
қызықтыратын, энциклопедиялық сипаттағы,
яғни құбылыстар туралы мәліметтер
жинауға болады. Бұл тәсіл дәстүрлі
оқытудағы «оқулықтан мына мәтінді
оқыңдар» деген тапсырмаға қарағанда
тиімді.[10.]
Сыни ойлауды дамытуда қолданылатын стратегиялар оқушыларға мынандай мүмкіндіктер береді: айқын мақсат қоя білу; белсенді қатысуды қолдау; жақсы дискуссияның болуына себеп тудыру; өзінің жеке сұрақтарын құрастыру мен қоюға деген ынталарын жандандыру; өзінің жеке пікірі мен ойын білдіруге көмектесу; оқуға деген оқушылардың мотивацияларын қолдау; басқалардың пікірлерін де сыйлау керек деген атмосфера құру; кейіпкерлерге деген сезімдері мен елестету қабілеттерін дамыту; өзгеруге стимул болады; сыни ойлауды дамытуды жоғары деңгейде қамтамасыз етеді.
Қорытынды. Қорыта айтқанда, ойлаумен ұштастыра білім алуды бағыттайтын оқыту технологиясы - оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту. Өйткені, белгілі тақырыптағы ойды сын тұрғысынан қарай отырып, ой-толғау, суреттей алу, еске түсіру, болжау оқушыны да жаңа бір әлемнің жаңалығын ашқандай қалыпқа жеткізеді. Әрі қарай ойын айтуға ынталандырады.
Бастауыш сыныптардағы «Әдебиеттік оқу» пәнінде сын тұрғысынан ойлау технологиясын пайдаланғанда ақыл-ойды дамытуға бағытталған жұмыстар жүргізу арқылы оқушы бойында дәлелдеуге, ой қорытынды жасауға, машықтандыруға болады. Кез келген мәтінмен жұмыста дәстүрлі оқыту жүйесінде оқу, түсінігін айту орын алатын болса, сын тұрғысынан ойлауда оқушы деңгейіне сай өз пікірін айту, өзгенің пікірін тыңдау, оған сыни баға бере отырып, шешім қабылдау талап етіледі. Мысалы, «Екі түрлі түсініктеме күнделігі» стратегиясында оқушы мәтіннен алған ойын түйіп, сол мәтін туралы өз пікірін қорғайды.
Әдебиеттік оқу пәнінде топтық жұмыстарды ұйымдастыру да тиімді деп есептеймін. Себебі, топтық жұмысты орындау барысында оқушылар ұйымшылдыққа үйренеді және бір ойға келіп жауап береді. Оқушыларда топтық жұмыс жасау кезеңіндегі өзгешеліктері, өзін-өзі ұстаулары топтағы «менің ойым дұрыс» деген ойдан «біздің ойымыз», «мен оның пікіріне келісемін» деген пікірлерге келеді. Топ тапсырмаларын бірлесе орындай отырып оқушылар ұжым болып ортақ жұмыс атқаруға үйренді. Осылай пікірлерінің өзгеруінен біз оқушы бойында талдау, жинақтау, салыстыра отырып, өзі шешім қабылдау қасиеттерінің орын алғанына көзіміз жетеді.
Сыни ойлауды дамытуда жазудың рөлі өте маңызды. Жазу бұл адамның ойын жинақтауына, жүйелеуіне, толықтыруына мүмкіндік беретін еңбек формасы десек те болады. Жазба жұмыстары ойды жүйелеуге, қателермен қайта жұмыс жасауға көмегін тигізеді. Жазба жұмыстарында ойлаудың жоғары қызметтері атсалысып, есте сақтау, ақпаратты қайта жаңғырту, еске түсіру, қайталау, ойды жүйелеу, бірізділікпен ойды жеткізу, жаңа ақпарат ойлап шығару сияқты күрделі ой қызметтері іске асып, көптеген басқа психикалық процестердің жұмылып жұмыс жасауына белсенді орта қалыптастырады. «5 жолды өлең», «Білемін, Білгім келеді, Үйрендім», «Жолаушының қойын дәптері», т.б. стратегиялары оқушылардың жазу үшін ойлануға, өз ішкі жан дүниесіне үңілуге, қорытып, қағазға түсіруге машықтандырады.
Жеке тұлғаға бағдарланған оқыту – оқушылардың жеке ерекшеліктерін есепке алу және әр оқушыға жеке тұлға ретінде, бірлескен қызметтің саналы әрі жауапкер субъектісі ретінде қарай бағдарлай оқыту.
Баланың жеке тұлға ретінде дамуы, өзіндік көзқарасының қалыптасуы, ой өрісінің кеңеюі бастауыш сатыдан басталады. [1. 129]
Әдебиет арқылы оқушы өмірді, қоршаған ортаны, адамды танып біледі. Сын тұрғысынан ойлау – идеяларды, бар мүмкіндіктерді шығармашылықпен жақындастыратын тұжырымдамалар мен ақпараттарды түйіндейтін күрделі құбылыс.
Әдебиеттік оқу сабағында сыни тұрғыдан ойлауды негіз еткендегі қолданған әдіс-тәсілдерімнің ең тиімділері мыналар болды:
«Миға шабуыл» стратегиясы;
«Кубизм» стратегиясы;
«Ассоцияция» стратегиясы;
«Түртіп алу» әдісі;
«Үштік» әдісі және т.б.
«Қандай мектептің болсын, басты нысаны- оқушыларға сапалы білім, салиқалы тәрбие беріп, оларды білімді, еңбекшіл етіп тәрбиелеу», - деп А. Байтұрсынов айтқандай, берілетін білім мен тәрбие егіз болуы шарт.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
Ашықбай Б. Білім кезең жолдары. – Павлодар: Парасат, 2008. [129-130 бб]
Қабатай Б.Т., Зейнетоллина Ү.К., Қалева В.А. Әдебиеттік оқу. Жалпы білім беретін мектептің 3-сыныбына арналған оқулық:1 бөлім. – Алматы: Атамұра, 2018
Қабатай Б.Т., Зейнетоллина Ү.К., Қалева В.А. Әдебиеттік оқу. Жалпы білім беретін мектептің 3-сыныбына арналған оқулық:2 бөлім. – Алматы: Атамұра, 2018
Малайсарин Ж. Қазақ мақал-мәтелдері. – Алматы: Ана тілі, 2006
Мейір Ж., Игенбаева Б. Креативтік тәрбие. Оқу құралы. – Астана: Фолиант, 2009. 50-51 бб
Мұғалім іс-тәжірибесінен. – //Бастауыш мектеп, №3,4, 2019. 54-56 бб
1Сатыбаева А., Сатыбаева Г. Қазақ тілін оқыту әдістемесі: оқу-әдістемелік құрал. – Астана: Фолиант, 2008. 95, 103, 149 бб
Сыни ойдың мәні мен маңыздылығы. – //Білім, №2, 2014. 14 б
Klooster D., What is critical thinking? //Thinking Classroom. Spring 2001. №4, 36-40 бб
https://infourok.ru/sin-trisinan-oylau-tehnologiyasini-distsilderi-1941097.html
https://multiurok.ru/index.php/files/syn-tu-rg-ysynan-oilau-tiekhnologhiiasynyn-tiimdil.html

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген