400 000+ дайын материалды шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар, көрнекіліктер және авторлық материалдар - 690 тг-ден бастап
Тақырып бойынша 31 материал табылды

АНА-ӨМІРДІҢ ГҮЛІ

Материал туралы қысқаша түсінік
Бұл материал бастауыш сынып оқушыларының 8-наурыз аналар мерекесіне арналған ашық тәрбие сағаты ұсынылған. Тәрбие сағатының барысында оқушылар өмірдегі ең асыл жан ана екенін ұғады
Материалдың қысқаша нұсқасы

Сабақтың барысы: І Ұйымдастыру кезеңі

Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұраны

Мұғалім: Қадірменді ата-аналар, ұстаздар, оқушылар! Бүгінгі біздің жиналып отырған себебіміз – алда келе жатқан көктемнің шуақты мейрамы – Халықаралық әйелдер мерекесі – 8 наурыз! Сондықтан алғы сөзіміз – қасиетті Ана туралы.

Абзал аналар, апа-қарындастар, ару қыздар!

Аймақты нұрға бөлеп, жылы леппен аялап, өңірімізге көгілдір көктем де келді. Халық осы күнді асыға күтеді. Өйткені, көктем жаңарудың басы, тіршіліктің қайта түлейтін шағы.Табиғат ананың осынау мерейлі мезгілінің аналар мейрамымен қатар келуінде терең мән бар. «Ізгілік атаулының бәрі күннің нұры мен ананың ақ сүтінен жаралған» — дейді халқымыз. Ана – тіршіліктің алтын арқауы.

Сіздерді быйылғы көктем мерекесі, аналар мерекесі, ізгілік, сұлулық, махаббат мерекесімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер.Асыл ана туралы қасиетті де құдіретті сөздер, аңыз-әңгімелер жеткілікті. «Жәннат – ананың табанының астында» — деген қасиетті хадисте. Осы сөздердің астарында теңіздей терең мағына жатқаны аян. Өмірдің мәні мен сәніне айналған ардақты аналарға берілген ең лайықты баға

«Әйел, бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» — деген халқымыз. Қандай нақтылы айтқан ой десеңізші. Шындығында әйелдер қауымынсыз, мына әлемді елестету мүмкін емес.Иә, құдайдан кейінгі құдірет иесі – ана. Адамзатқа әлемнің жарығын сыйлаған ана алдында бәріміз де бас иеміз. Бүгінде ұрпақ өсіруімен қатар, ел еңсесін көтеруде өз үлестерін қосып келе жатқан қазақ әйелдері қандай құрметке болса да лайық .

ІІ Негізгі бөлім

Ортаға барлық оқушылар шығады.Кешті жүргізушілер-АРНАТ пен ӘЛИНҰР жалғастырады.

І-жүргізуші Арнат:   Біз ғана емес

Қадір тұтқан бабалар

Ана деген – тіршіліктің тірегі,

Мерекеңмен, қасиетті Аналар!

Ар ма, ағайын! Қайырлы күн, қымбатты жиналған қауым!

Құрметті ақ жаулықты аналар мен әжелер, кер маралдай керілген әпкелер, қарындас, құрдастар, ұстаздар! Сіздерді көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтаймыз  мерекелік кешке қош келдіңіздер.

ІІ-жүргізуші Әлинұр:

Ең күшті нәрсе не?-десе

-Ананың әмірі!- дер едім

Аналардың барлығын

Жердегі Тәңірі !-дер едім.

Өз басым аналарды осылай деп бағалаймын.Аяулы да қымбатты аналар мен арулары-

мыздың төл мерекесі- 8-наурыз.Бір қолымен бесікті,екінші қолымен әлемді тербеткен

аналар мен арулардың мерекесі көктемнің келуімен тұспа-тұс болып отыр.Себебі

әлемді жаратушы-Ана.

І-жүргізуші  Арнат:Адамзатты жарататын-ана,ұлтты көбейтетін-ана,ұрпақты ұластыратын-ана,еркекті ер ететін- әйел-ана.Бір сөзбен айтқанда дүниенің тірегі-әйел-ана.Өмір деген алтын сарай есігінің күміс кілті-Әйел-Ана махаббаты.

ІІ-жүргізуші Әлинұр: Тіпті табиғаттың өзі де бұл күнде біздің тамаша әйел-аналарды даңққа бөлеп тұрғандай.Неге дәл осы күні әйелдердің халықаралық мерекесі болып белгіленді екен?

І-жүргізуші Арнат:Мұны білу үшін кезекті Қыдырбекке берейік.

СЛАИД көрсету
Қыдырбек
:
 Кейін шегініп, қалың тарихтың бір парағына көз салсақ, қасқайған Нью-Йорк қаласы мен сол алып, батыр қаланың әділеттілікті талап еткен нәзік жандыларын көреміз. 1857 жылдың 8 наурызында тігін және аяқ киім фабрикасының жұмысшы әйелдері үміттерін үкілеп, ереуілге шығады. Бұл күні тәулігіне 16 сағат жұмыс істеп, шағын ғана айлық алатын жұмысшы әйелдер басшылықтан 10 сағаттық жұмыс күнін, жарық әрі таза жұмыс орны мен еңбекақыларының ер-азаматтардың жалақысымен бірдей болуын талап етеді. Нью-Йорктың жан-жағынан көтерілген әйелдердің өз үні бейнебір толқын іспетті жан-жақтан естіліп, қоғамдағы әйелдердің орнын нақтылағандай болды. Осы күннен кейін алғаш рет әйелдердің қоғамдық ұйымдары құрылып, олар өз құқықтарын қорғауды қолға алды.

1910 жылы Копенгагенде жұмысшы әйелдердің қатысуымен II халықаралық конференция өтті. Социал-демократ партиясының әйелдер тобының көшбасшысы Клара Цеткин 8 наурыз халықаралық әйелдер күнін жыл сайын белгілі бір күнде тойлау керектігі туралы ойын ортаға тастады. Оның бұл ұсынысын өз құқықтары үшін күресуге бел буған қалың әйелдер тобы іліп әкетіп, келесі жылы-ақ, яғни 1911 жылдан бастап, Австрия, Дания, Германия мен Швейцарияда 8 наурыз мейрам ретінде тойланды.Наурыз айының басында біздің еліміздің көп аймағында әлі де қар жатады. Қыстағыдай ызғарлы, бірақ көңілімізді көктемнің алғашқы мерекесі жылындырады. Бұл мерекенің жылдың басқа мезгілінде болуы қисынға келмейтіндей, себебі, көктем секілді әйелдер де адамзатқа өмір, жылылық пен әсемдік сыйлайды емес пе?

Төлеген Айбергенов – «Ана» Орындайтын Тұрмахан Қыдырбек

Арманыңды ақтарам ба жүрегімде тербесем,
Айға сіңлі, қарындассың қасиетті Жерге сен.
Мен өзінді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем,
Сендік қуат мың есе артық Жердің тарту күшінен.

Сұлу әлем, әлем сұлу сен жаратқан адаммен,
Көк жолының қарсылығын қағып тастап барам мен.
Сендік қуат болар, бәлкім, басын иді көк маған,
Әр кез сенен туғанымды есіме алсам, тоқтаман.
Ал ұмытсам, ұмыт болып қаларымды білемін,
Ұмыт қалмау үшін менің шарқ ұрады жүрегім.

Шат жүріп-ақ қас қаққанша боламын мен шерменде,
Жетім емес кей ананың жетімдігін көргенде,
Көз алдымда жас дөңгелеп булығам да ызадан,
Маған тіпті сөз келмейтін ұяттардан қызарам.

Бұл дүниеге онсыз-дағы кеткен жоқ па көп есең,
О, аналар, кей пасықты жаратасың неге сен!
Тасбауырлар дүниеге келсін де, тез кетсін де,
Әлде өзгелер ондайлардан жиіркенсін дейсің бе?

Қай кеудені жылытады лапылдаған отпенен,
Өз кеудесін жылытуға құдіреті жетпеген.
Анаң саған керек болса, балаңа да сен керек,
Кезекпенен ауысатын ғұмыр ғой бұл дөңгелек.

Ана керек, о, адамдар, ана керек адамға,
Анасыздар аң сияқты күн кешіп жүр ғаламда.
Пікірімді ұнатпаған таптық та дер дананы,
Даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін ананы.

ІІ-жүргізуші Әлинұр: Сынып балаларының орындауында «Менің анам қандай?»тақыры-бындағы көріністі тамашалаңыздар.

Ортаға Досжан шығып: «Жігіттер осы сендердің аналарың қандай, менің анам ең жақсы адам»дейді. Сонда балалар шетінен өз аналарын мақтай жөнеледі.Осы кезде Мадиар шығып: «Тоқтаңдар, достар,дауласпаңдар. Менің ойымша:

Ана – жұмақ, біз – шуақ, саябағы,Ана – шырақ, біз -сұрақ санадағы.

Ана – теңіз, біз– қайық тербетілген,Ана – бұлақ, біз– құрақ жағадағы.

Ана өмірді нұрландыратын,шаңыраққа шаттық нұрын себетін, бізге сенімділік беретін,елге ырыс-құт сыйлайтын, бізді қандай болсақ та ,сол күйімізде қабылдайтын ,жердегіқорғаушы-тәңіріміз.Сендер айтқан қасиеттерге барлық адамның да анасы ие деп ойлаймын.Әр адам өз анасын өзінше жақсы көреді.Ендеше сол аналарға алғыс білдіріп,бас иейік»-дейді.

Барлығы бірге бастарын иіп, «Анашым мен сені жақсы көремін» дейді.

Интерактивті тақтадан «Ана жүрегі» бейнебаяны қөрсетіледі.

Аружан:  Шалқып, тасып әніміз
Жадырасын жанымыз,
Ана, сені құттықтап,
Әндетеміз бәріміз.

І-жүргізуші Арнат: Келесі  кезекті Миратқа береміз.

Мират:
Ана әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақыны, жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы, ақ сүтін емізіп аялаған, жанын да аямаған ардақтысы. Мен ана деген сөзді қанша айтсам да жалықпаймын. Өйткені ол дүниедегі ең ардақты жан. Ана баланы тоғыз ай көтеріп, толғатып, дүниеге келтіріп қана қоймайды, оны көзінің қарашығындай қорғап, аялап өсіріп аяғынан тік тұрғызады. Өмір есігін жаңа ашқан баланың бойына елінің рухын сіңіретін, жылауын қойғызатын ана. Ана баланың амандығын бақытты, абыройлы болуын тілейді. Бойымыздағы ең жақсы қасиеттер бізге алдымен анадан тарайды. Қайран ана, өз перзентін әдемі не ұсқынсыз, ақылды не ақымақ, мейірімді не рақымсыз, кесір-қырсық болса да бәрібір шексіз сүйеді. Дүниеде ананың көз жасынан салмақты, одан ауыр таразы басын басатын ештеңе жоқ. Өйткені ананың көз жасы өзінің киесімен ауыр. Алайда «Ананың көңілі — балада, баланың көңілі — далада» демекші, өзінің перзенттік борышын ұмытқан, сөйтіп ата-анасын сыйламайтын адамдарды да өмірден кездестіруге болады. Ана-тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. Анасы жоқ балалар да аз емес. Олар ананың мейірімін, аялағанын ешқашан сезген емес. Ендеше, анамызды сыйлап, құрметтейікші!

Барлықтарыңызды айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймыз! Жер-дүниенің жаңаруын, оның сәні мен мәнін паш етіп келе жатқан тамаша көктемнің мерекесі қарсаңында Сіздерге және отбасыларыңызға мол береке, бақыт, шаттық, мызғымас денсаулық, болашаққа зор сенім, көтеріңкі көңіл-күй тілейміз! Барша туған-туыстарыңызды жылы жүрегіңіздің мейірімділігі мен ыстық ықыласына бөлеуден шаршамаңыздар! Жылдан-жылға табиғаттың тамаша мерзімі – көктемдей құлпырып, жасара беріңіздер!

ІІ-жүргізуші Әлинұр: Десек те уақытпен жарыспайды
Қиялға қиялымен  қарыштайды
Шәкірттер шын жүректен тебіреніп
Өнерін аналарға бағыштайды-дей отырып ананың қадірін онан сайын сезіне түсу

үшін әдемі жыр жолдарын тыңдап алайық.

Әдемі:Өмірде ана бұлақ, ана пана

Өмірді өркендетер ана ғана

Өсірген талай көксем,талай шешен

Талай ер,талай ақын,талай дана

Ана-ол біздің елде ардақты адам

Кіші де,үлкен де оны ардақтаған

Өзінің аяулысы-Отанды да

«Ана» деп біздің халық текке айтпаған

Әлинұр: Алақанда әлпештеген мәпелеп

Ер жеткіздің ертіп жүріп жетелеп

Қарыздармын өзіңізге анашым

Парызымды өтеймін деп еселеп

Қажымайтын қайсар жанды данасың

Тербетіп қос қолыменбаласын да даласын

Қиындықтың төзе білген бәріне

Қартаймашы,қажымашы анашымІ

Ақдидар:Күніңмен құттықтап теңдік алған

Қарыздармын мәңгіге ана саған

Ниетің қабыл болып жан анашым

Өркендеп өсе берсін бала-шағаң

Ана еңбегі белгілі бәрімізге

Өсірген әлпештеген асыл анам

Қашан да сізбен бірге сәніміз де.

Әсемай:Анамыз біздің мейірлі

Жүзіне біздер қараймыз

Ақ пейілді ананы

Жомарт жанға балаймыз

Анамызға еркелеп

Қуантуды қалаймыз

Мадиар:Шуақты күнді көп көрген

Жүрегі терең көк көлден

Перзенті үшін шырылдап

Түн ұйқысын төрт бөлген

Анадан артық жан бар ма

Жүректен айтар ақ тілек

Күлімдеп саған қашан да

Тұратын бақыт,бақ тілеп

Анадан артық жан бар ма

Бақдәулет:Адам бар ма ана сүтін татапаған

Алуан-алуан ауыр сынды атқарған

Адалдықты,ар-намысты сақтаған

Мен анамның сонысына мақтанам

Жансая: «Ана» деген ұлы адам ғасырдан

Саған талай даналар да бас ұрған

Мен жырлаймын,бір сіз үшін анашым

Жыр жазамын гауһар,жақұт,асылдан

Сіз бар жерде әлем гүлдеп,жайнайды

Көкте күн мен ай-жұлдыздар самғайды

Аналарды

Аман еткей Жаратқан

Деп тілеймін күндіз-түніақ таңнан

Нұрасыл: Анасыздар — Ақ Еділ, Жайықсыздар —

Жүзе алмайды өтінде қайықсыздар.

Маздататын, жүректе от лаулататын,

Әр үйдің Күні десе, лайықсыздар.

Аружан:Ана сенсің нұрға бөлер жанымды

Ана сенсің гүлдендірер бағымды

Қуат беріп ,шуақ беріп жаныма

Ана сенсің түрлендірер әнімді

Көктем келсе жайқалады бақтарда

Құстар сайрап келеді біз жақтарға

Сен сияқты гүлденеді айнала

Қуанамын анашым сол шақтарға

Гүлсезім: Барша ана, құтты болсын мерекеңіз!

Әрқашан да ана, сізбен берекеміз!

Ақтасақ ақ сүтіңді, асыл анам,

Сонда біз кісілікке теңесеміз!

Бақдәурен: Тәңірім кеше көрсін кесірімді

Аспанға жазсам сенің есіміңді!!!

Ана,

Сен бақыттысың, тербете бер

Құба талдан иілген бесігімді…

Әсем: «Ана» сөзі қандай сенде сыр жатыр

Бұл дүниеге әкелдің сен сан батыр

Әкелдің сен өмірге ойшылды да

Құрметіңе ескерткіш саған қойсын да

Бар алқапқа аналар деп гүл өссін

Тартысқандар қоя тұрсын  күресін

Аналарға  табиғаттың сыйы ғой

Көктем деген мерекені білесің

ІІ-жүргізуші Әлинұр: Бишілер бар біздерде  қыздар тобы,

Мерекеге өнерімен келген бүгін.

Таң қалдырып, қанекей би билеші,

Қол соғып, демеу берсе көрермендер! — деп кезекті  4 сыныптың байсалды да байыпты бишілеріне береміз.

«ҚҰРАЛАЙ» би тобы
Данияр
:
  Шалқып, тасып әніміз

Жадырасын жанымыз,

Ана, сені құттықтап,

Әндетеміз бәріміз.

«Әке –ана» әнін орындайды Нұрсезім

І-жүргізуші Арнат:Кезекті оқушыларға береміз

Оқушылар өлең оқиды.

Ұлар: Білмедім мен, сен әйтеуір ораласың көп тілге,
Киелі сүт құдіретімен әлде есейіп кеттім бе?
Ана десе әйтеуір мен өзге сөзді есітпен,
Құлағыма үн келеді қоңыраулы бесіктен.
Құлағымда ол үн менің көрген емес толастап,
Өйткені сен жылауыма қарсы болдың о баста-ақ..
Бүкіл әлем шуларына жіберді де сүңгітіп,
Өзің қаққан қоңыраудан кетті маған тіл бітіп…
Қоңыраулардың үні мені жетектеді қиянға.
Қоңыраулардың үні мені шомдырды сан қиялға.
Тұтқасынан ұстамақ боп дария – білім есіктің,
Мектеп бардым, онан да мен қоңырау үнін есіттім.
Ұстаз болдым. Сөз сөйлетті болашақтың мінбері,
Көз алдымда қызыл ала қызғалдақтар гүлдеді.
Дәл бүгін де нұрлы ертеңнің қоңырауы етіп тұр мені,
Өміріме өзің қаққан қоныраудың үндері.
Өзің қаққан қоңырауда өмір жыры бар екен,
Оның үні тарқамайтын болды менің мерекем.
Сол үнменен тыным таппай бақытымды күреймін,
Өйткені мен мерекемнің тарқамауын тілеймін.

Мұқағали Мақатаев – «Шеше, сен бақыттысың»  ОРЫНДАЙТЫН: Құдайберген Толғанай

Шеше,
Сен бақыттысың!
Жыламағын.
Жай түсіп жатқанда да құламадың.
Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның,
Сондықтан жыламағын, жыламағын!
Бармын ғой,
Тірімін ғой,
Қасыңдамын.
Өлмеймін, мен өзіңдей асылданмын!
Таусылып, өз-өзіңнен шашылмағын,
Байырғы берекеңді қашырмағын!
Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа,
Өзім кепіл тот басып тозбасыма.
Екі жыр жазсам саған бірін арнап,
«Шеше» деп жаздым ылғи сөз басына.
(Тәңірім кеше көрсін кесірімді.)
Аспанға жазам сенің есіміңді!!!
Шеше!
Сен бақыттысың, тербете бер,
Құба талдаи иілген бесігімді…

Қадыр Мырза Әлі – «Ана» Орындайтын: Тоқсанбай Жеңісбек

Бәрі де, Ана,
Бір өзіңнен басталды.
Сен деп жаздым алғаш өлең дастанды.
Қуандым ба,
Өзің бар деп қуандым.
Жыладым ба,
Өзің жоқ деп жас тамды.
Бәрі де, Ана,
Бір өзіңнен басталды.
Жанарыңнан көрдім алғаш аспанды.
Еркелесем, бір өзіңе еркелеп,
Жасқандым ба,
Тек өзіңнен жасқандым.
Алғашқы дәм, ол да сендік сүт еді,
Ақ сүт берген қашанда үміт күтеді,
Отанымның өзі сенен басталып.
Жауларыма жеткен жерден бітеді

Тұманбай Молдағалиев – «Ана» ОРЫНДАЙТЫН: Досан Гүлсезім

Құлайын деп бара жатам құлдырап,
Көңілім жүдеп, көзім алды бұлдырап,
Сол кезде бір ән естимін жақыннан,
Аққан бұлақ секілденген сылдырап.

Есім жиып, өз бойымды тік ұстап,
Тіршіліктің әуенімен тыныстап,
Сергимін де, сезім гүлін құлпыртам,
Кел дегендей болады бір күміс бақ..

Сөндім-ау деп, өлдім-ау деп ышқынып,
Қалған кезде бойымдағы күш бұғып,
Сөнбейсің деп дауыстайды анашым,
Мен орнымнан жығыламын үш тұрып.

Ойнап шығам содан кейін құрақтай,
Жарқылдаймын жүрегімді жылатпай,
Мүмкін, мүмкін ана махаббаты шығар бұл,
Мені сүйеп келе жатқан құлатпай.

Мағжан Жұмабаев – “Ана” ОРЫНДАЙТЫН: Шады Ұлар

Үйдің іші ұйқыда,
Түн ортасы шамасы.
Көзін алмай бесіктен,
Бөбек жатыр албырап.
Бесікте бөбек ауру,
Тербетіп отыр анасы.
Үнсіз, меңіреу ұзын түн,
Жел азынап тұр есіктен.
Шөкиіп ана отыр,
Жүрегіне біреу біз
Сұғып алып кеткендей.
Үнсіз, меңіреу ұзын түн
Шөккен қара бір нардай.
Сарғайып, ана сарылып,
Демігіп, қызып, қысылып,
Ауық-ауық, селк етед,
Әлденеден шошьшып.
Селк етсе бөбек, ананың
Өзіне ажал жеткендей.
Шөкиіп отыр дем алмай…
Таң алдында қара бұлт
Күңіреніп көкті жабады.
Бөбегінің бетіне
Ананың жасы тамады.

ДИНА: Анасыздар, кең байтақ даласыздар.

Жаны жайсаң жеңімпаз данасыздар.

Көлеңке жоқ көңiлінде, қылауы жоқ,

Үлбіреген жауқазын баласыздар.

АЯНАТ:

Бір өзіңнен бастап өмір жолдарын,

Жүрегіңе, жүрегімді жалғадым.

Өзің мына сыйға берген өмірде.

Ақ сүтіңді ақтап өту арманым.

Бекарыс: Ана дейміз бәріміз де аңқылдап

Ана дейді жас сәби де жарқылдап

Ана деген – бәйтерегі өмірдің,

Ана деген – алтын қазық, алтын бақ!

ӘДЕМІ:  Анасыздар, әр үйге панасыздар,

Бала десе от болып жанасыздар.

Сәтті басса ұрпағың,- мерей тасып,

Қыз күлкісін сусын қып қанасыздар.

ЕРДӘУЛЕТ:Кезің жоқ мейірленіп тіл қатпаған,

Сөзің жоқ өнегесін тыңдатпаған.

Осынау дөңгелеген дүниеде

Жан Анам! кім бар сендей жақын маған?!

БАУЫРЖАН:Ана сен ардақтысың,аяулысың

Сен маған әрқашан да қымбаттысың.

Қамқоршым боп жүрсің сен әр уақытта

Балаң сені аялайды алақанда.

Бал деп ауырып жүр жүрегіңде

Сенің ойың балада тілегіңде.

Ана сен күліп ойнап жүре берші

Әрқашан сен деп соғад жүрегім де

НҰРБОЛАТ: Сенен өскен балалар,

Батырлар мен даналар.

Құттықтаймыз мейраммен,

Құрметті, жан аналар!

ДАРХАН: Ана десем шешек ашып жанары,

Өмірімнің бастау алар ажары.

Ана деген тіршілікке пана боп,

Әрбір үйде жұлдыз болып жанады,

БЕКЗАТ: Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа

Өзім кепіл тот басып, тозбасыңа.

Екі жыр жазсам саған бірін арнап

«Ана» деп жаздым ылғи сөз басына.

НҰРАЙ: Өр десек те сіздерді — лайықсыздар.

Төр десек те сіздерді — лайықсыздар.

Ер десек те сіздерді — лайықсыздар.

Зор десек те сіздерді — лайықсыздар.

МИРАТ: О, аналар осындайсың бәрің де,

Осындайсың жасың-дағы кәрің де,

Сыйынатын болса өмірде құдірет,

Сыйынар ем ана деген тәңірге…

ІІ-жүргізуші Әлинұр: Балаларыңыздың орындауында «Ана мен баланың қарызы » атты көріністі тамашалаңыздар.

Ортаға қызы АЙГЕРІМ, анасы КӘУСАР шығып көріністі қояды.

ІІІ Қорытынды

Барлық оқушылар кезегімен аналарына алғыс білдіреді:

Аружан: Аналар сіздерге рахмет!

ӘДЕМІ: Жарық дүниеге әкелгенің үшін

ДОСЖАН: Ақ сүт бергенің үшін

МИРАТ: Мейірімің үшін

ДИНА: Қамқор болғаның үшін

АЯНАТ: Ауырғанда уайымдағаның үшін

БАҚДӘУЛЕТ:Түнде бөлінген ұйқың үшін

БАҚДӘУРЕН: Әрбір сәтіме қуанғаның үшін

КӘУСАР: Алғашқы сөзіме қуанғаның үшін

АҚДИДАР:Алғашқы қадамыма қуанғаның үшін

КӘУСАР: Мені ойлап уайымдағаның үшін

Бекзат: Мен деп бетіңе түскен әжім үшін

ДАРХАН: Үйдегі татулық үшін

БАҚДӘУРЕН: Үйдегі береке үшін

ӘСЕМ: Үйдегі молшылық үшін

ҚЫДЫРБЕК: Тәлім –тәрбиең үшін

ҰЛАР:Үлгі-өнегең үшін

БАУЫРЖАН:Мені кешіргенің үшін

БЕКАСЫЛ:Маған еткен еңбегің үшін

ӘЛИНҰР: Мен деп ағарған шашың үшін

ЖЕҢІСБЕК: Жүрекке түскен салмақ үшін

МАДИАР:Маған қорған болғаның үшін

ТОЛҒАНАЙ: Рахмет сізге!

НҰРСЕЗІМ:  Рахмет сізге!

Рахмет сізге ,Анашым!-барлығы бірге айтады.

І-жүргізуші АРНАТ: Демеңіз біз өнерді аяп қалды,

Мезгіл де біраз жерге таяп қалды.

Қош болып тұрыңыздар көріскенше

Осымен сабағымыз аяқталды

ІІ- жүргізуші  ӘЛИНҰР: Дей отырып ,біздің сыйлығымызды  қабыл алыңыздар.

Аналар мен ұстаздарға балалар өздері дайындаған   сыйлықтарын береді.

ТОЛҒАНАЙ «АСЫЛ ӘЖЕ» әнін орындайды.



Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
0 ұстаз жүктеп алған
28.03.2019
778
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі