Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
Ақмаржан қала - Маңғыстау
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
«№7 мектеп – лицейі»
Тақырыбы:
«Ақмаржан қала –Маңғыстау»
Дайындаған: Сайынова Ә.Қ
Сыныбы: 10а
2018 оқу жылы
«Ақмаржан қала –Маңғыстау»атты тәрбие сағаты
Маңғыстау! Төңірегің түгел тұнып тұрған керемет! Төңірегің түгел тұнып тұрған хикая! Төңірегің тола ғажайып дастан! Ә.Кекілбайұлы.
Мақсаттары:
1. Оқушыларды елін, жерін сүюге тәрбиелеу, патриоттық тәрбие беру.
2. Оқушыларды өнерге бейімдеу,сахна мәдениетіне баулу.
Көрнекілігі: интерактивті тақта,слайдтар.
Тәрбие сағатының жүрісі:
1-жүргізуші- : Армысыздар,құрметті ұстаздар,оқушылар! Назарларыңызға 10а сыныбы дайындаған «Маңғыстау –менің мекенім» атты тәрбие сағатын ұсынамыз!
Тәрбие сағатын Құрманғазының күйі «Адаймен» ашамыз.
Ортада -------- пен -----------------.
2- жүргізуші- Іңкәр: Не замандар өтсе-дағы бұлағай,
Көк түріктің туы қалды құламай.
Маңғыстауым –тұнып тұрған тарихым,
Ашық аспан астындағы мұражай,-демекші, кең байтақ қазақ даласында осы бір қасиетті өлкенің тарихы ерекше.Тарихының тамыры тереңге тартқан Маңғыстау жері талайларды тамсандырған.Табиғаты таңғажайып,тау-тасы түртіп қалсаң сөйлеп кеткелі тұрған ғажап өлке.
1-жүргізуші: Маңғыстау өңірі - Қазақстанның оңтүстік-батысында орналасқан.Облыстың батысы мен солтүстігін қоршай орналасқан Каспий теңізі арқылы Шығыс Еуропаға шығуға толықтай мүмкіндік болса,оңтүстігінде Түркменстан, солтүстігінде Атыраумен шектеседі.
2- жүргізуші: Маңғыстау облысы 1973 жылы 20 наурызда құрылды.1988 жылы 2 маусымда таратылып,1990 жылдың 17 тамызында тарихи «Маңғыстау» деген атпен қайта облыс болып құрылды.Орталығы –Ақтау қаласы.
«Балауса» биімен биші қыздарымызды қарсы алыңыздар!
1-жүргізуші: Маңғыстау-көкірегі жұмбақ әлем,
Сырласқан кезіңді айтып мұнарамен!
Шұбырып езуінен жұлдыз ағып,
Кірпігін таң алдында жұмады әрең.
Көркемсөз. Оқитын ----------------------- «Алтын бесік».
2- жүргізуші: Маңғыстау ауданы -1928 жылы құрылған. Аудан орталығы - Шетпе селосы.Аудан көлемі -47,9 мың шаршы км-гетең.2005 жылғы санақ бойынша 28,7 мың адам тұрады.Аудан құрамына 22 ауыл кіретін 11 ауыл әкімшілігі бар.
Самғатып ән көмейін алқаңда үздім,
байлаулы біз торғайы балпан құздың.
Маңғыстау –жерұйығым! Қаблан құрсақ,
Көзіндей мөлдірейсің Салқам қыздың!
Ортада ---------------- мен ---------- «Жаңарған Маңғыстау» әнімен!
1-жүргізуші: Отпан тауы –«От-адамның» мекені,
Әлімсақта болған екен деседі.
Ғұламалар табиғатпен тілдескен,
Дана шалдар өтіп кеткен кешегі.
2- жүргізуші: Отпан-тау –тарихи- мәдени кешен,кесене. 2007 жылы 25 қазанда ашылды.Кешен Сабыр Адайдың бастамасымен 2004 жылы қолға алынған. Жоба бойынша Отпан –таудың басында салынған 12 құлпытас ортасынан қос күмбез көтеріліп,алтынмен қапталған.
1-жүргізуші:Отпантау кесенесіне кірер жол екеу: олар «қасиетті босаға» деп аталады.Күмбезді көтеріп тұрған құлпытастарға Адайдың сегіз арысының аты мен рулық шежіре жазылған.
Ортада Светқали Нұржанның «Отпан-тау» өлеңімен -------------------.
2- жүргізуші: Ақтау қаласы - Маңғыстау облысының орталығы.Қаланың іргетасы 1963 жылы Ленинград жобасымен Каспий теңізінің жағасына салынған.
1-жүргізуші: Маңғыстау деген май бүйір серке,паң дала
Талайлар кеткен таңдайын қағып таңдана.
Ақбөбектен арнасынан алған сұлулық,
Мақтаулы қала Ақтауға жатыр жалғана.
Хор. «Ақтау шаттығы».
2- жүргізуші:Маңғыстау десе аузымызға бірден Бекет –ата мен 362 әулие түседі. Маңғыстаудағы әулиелер саны-360,қырда-Бекет,ойда-Саназармен 362 деген қағиданың қатесіздігін айғақтай түседі.
1-жүргізуші:Иә,киелі Маңғыстау жері –әулиелерге бай.Әрқайсысының өзіне тән қайталанбас қасиет ерекшелігі болғандығы аян.
Ортаға «Туған жер» әнімен ------------,--------------------,-------------------шақырамыз.
2- жүргізуші: Ақжарма күй ең, Абылша ешкім шертпеген,
Айықпай кеткен,Асан қайғының да дерттері ең.
Ақбөбек біткен маңдайының,күй бітпей
Жалғанда сені аққулар мекен етпеген.
1-жүргізуші: «Маңғыстау деген киелі мая,кер үлек,
Кекетіп жүрмең қақталған күнге тері»- деп,сірә,Маңғыстауды жырға қоспаған ақын кемде-кем шығар.Кезекті Маңғыстау жайлы жауһар жырларға береміз.
Рза Оңғарбай. «Мен білетін Маңғыстау».
Оқитындар: 1.-----------:
Бұл өлкеге келмеді,өтпеді кім,
Өткенімді зерттейтін көп пе еді ілім?
Маңғыстауды «Маң» «Қыстау» деп жорыған
Ғалымдарға шындығы өкпелімін.
Ей,ғалымдар,белгілі жайың маған,
Сырын саған ашқан жоқ сайын далам.
Келіспеймін білгішпен және де мен,
«Мың қыстау» деп өлкемді пайымдаған.
Білгіштер ме,-сөзден-сөз құрады олар,
Қалай жазса,солай сөз тұра қалар.
Маңғыстау да емес ол,Мыңғыстау да
Мың ғажаптың мекені бұл аралар.
2.-----------: Қағаз жазып күні-түн құнжыңдапсың,
Келеді ме шештім деп шынжыр таққың?
Білгің келсе айтайын бұл- өлкесі,
Жауабы әлі белгісіз мың жұмбақтың.
Кескілескен көп болған мұнда қырғын,
Беті күйген қан ұйып,шым тақырдың.
Айға білеп азуын арпалысқан,
Мекені бұл жаужүрек мың батырдың.
Қайран өмір,бейбіт таң,туатын күн,
Көзі болар қайнарлы қуатыңның.
Қашағанша қапысыз жырлап кеткен,
Мекені бұл марқасқа мың ақынның.
3.-------------: Ақын жүрек алмайды ылғи тыным,
Бар болса егер тыңдашы шын түйсігің.
Жарысқанды жаңылтқан,жолға тастап
Мекені бұл дәулескер мың күйшінің.
Жөні бөлек қысылып, қымсынудың.
Махаббатқа мас болып тұншығудың.
Мекені бұл алма бет,ай маңдайлы
Ақбөбектей ажары мың сұлудың.
Бергені ме белгісіз бір бұйрықтың?-
Білген бабам қадірін қыл құйрықтың.
Бәсекелі бәйгеде топ жаратын
Мекені бұл желжетпес мың жүйріктің.
4.----------: Мекені бұл мың таудың дамылдаған,
Байлығының мұрты әлі шағылмаған.
Жаңғырық жүр шыңдардың арасында
Болашағын өлкемнің дабылдаған.
«Аңғал өлке есігін қаусырмаған»,
Деп айтады мұжылған тау сыр маған.
Мың дарынның өлкесі бұл Маңғыстау
Айтатыны әлі де таусылмаған.
Әр төбенің басында толы дерек
Ертелі кеш ерінбей шолу керек.
Мен сенбеймін «қайқысын жетеу», -десең,
Жетпіс жеті кемінде болу керек.
Керегі жоқ ұжмақтай ұяның да,
Ірілікпен осынша сиямын ба?
Мен білетін Маңғыстау артық,кемсіз
Тап осындай перзенттік қиялымда.
5.------------------: «Менің елім».
Менің елім санасы, даласы бай,
Түндігі ашық,пейілі-бала шырай.
Ұзын арқан,кең тұсау,мәрт мінезді
Маңдайы ашық,жазира даласындай.
Менің елім-қынабын тот баспаған.
Даласынан береке,құт қашпаған.
Киесіне жолығар, киесіне
Шылым шегіп,нуына от тастаған.
Менің елім суына түкірмеген,
Бергеніңе кең Алла шүкір деген.
Суымды да,сақтай көр нуымды да
Құдайларын ұмытқан күпірлерден.
2- жүргізуші: Маңғыстау – мекен түйіле қалса түнерген,
Сүйіне қалса,сезімнен нәзік гүл өрген.
Бұл даладан Досан шыққан Иса мен,
Жауының басын жаһаннамға жіберген.
Маңғыстау деген -тектілер туын тіккен жер,
Шайқалып шаңырақ,қансырап қанша тіктелді ел.
Жандармдар да,жаналғыштар да бата алмай,
Жауының өзі тағдырдан зауал күткен жер.
1-жүргізуші: Барады бүгін, дабылың құлақ жарып тым,
Жыршыңмын сенің,жылуыңмын,жарықпын.
Сен үшін Амударияны да,бұғалықтауға жуық қап,
Келешек күннен тарттырып та жүрмін суыртпақ.
Оу, Маңғаз өлкем, таңдайың қатқан аптапта,
Қарлығаш құсап,Жайықтан жетем су ұрттап.
Ортада ән-шашумен --------------- мен ---------.
2- жүргізуші: Мұнара біткен табандап сенде,өр төсімен көк тіреп,
Жеті қат жердің тілгенде бауырын өтті деп.
Аруана дүние ағыл да тегіл иіп бір,
Мың бұлақ атты –ау,көкірегіңді тепкілеп.
Ортада мың бұралған бишіміз------------------.
--------------- мен ---------- орындауында «Ауылға барғым келеді» әні.
1-жүргізуші: Жаным-ау,қайда жүрсің ақ шағала,
Келсең кел,бұл өлкені жат санама.
От-суы мол осынау байтақ алқап
Сая болған батырға да,патшаға.
2- жүргізуші: Шағалалар – Қазақстанның кез-келген су алабында кездеседі.Соның бірі – Каспий теңізі.Каспийді шағалаларсыз елестету мүмкін емес.
Хор. «Ұшады Маңғыстаудан шағалалар».
1-жүргізуші: Киелі Маңғыстау жері туралы сыр шертетін болсақ,бұған бір 40 минут түгіл,1 күн аздық етер.Абыл,Нұрым,Сүгірлерден бастау алатын жыраулар мен 362 әулиемен жалғасын табатын киелі мекенді жырлауға 10 күн де аздық етер деп ойлаймын.Маңғыстау – мәңгілік ән,таусылмайтын жыр-дастан, тарихы-шежіре, қойнауы – кенді, жайлауы-малды, келешегі кемел өлке.
2- жүргізуші:Сөзіміздің соңын «Қысылғанда дем, жабыққанда жар болатын» қасиетті Бекет-Ата рухы кім-кімді де қолдап,ел болу жолындағы келелі қарекеттерге қадам басқан отандастарын оң іске бағыттай берсін!
Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет!