Ақсақ
Темір жайындағы кейбір аңыз әңгімелер
...Ақсақ
Темір жаулап алған елдердің халқын
қырып, қалаларын қиратып, мал-мүлкін
талан-таражға салғанымен де, сол елдердің
ғұламаларын, өнерпаз ұсталарын өзінің
астанасы Самарқандқа әкеліп, осы қаланы
безендіргені белгілі, соның ізі осы
күнге дейін сақталған. Екі жарым мың
жылдан астам өмір сүріп келе жатқан
Самарқанд Темірдің тұсында шынында да
көрікті қала болғаны осы күнде де
танылады.
Ақсақ
Темір жаулап алған қалаларындағы
кітапханаларды да өзінің астанасына
жинаған екен. Өзі оқымағанымен де,
ғылымның қадірін білген адам көрінеді.
Осы жайында мынадай бір аңыз бар.
Күндерде
бір күн Темір кітапханасына келіп
отырып, бас ғұламасын шақыртыпты. Ғұлама
кітапхананың есігінен кіріп тәжім етіп
босағада тұрып қалыпты. Сонда Темір:
– Қарт,
тыңда! – деп бастайды сөзін. – Менің де
өлер шағым таяу, оны өзім сезіп жүрмін.
Ажал жеткен күні жаным тыныштық табар.
Бірақ осы күні маған зор уайым маза
бермей жүр, ол мына кітапхананың тағдыры.
Осы кітапханада өзіңмен бірге отырып
кеңесіп, талай таңды атқызған кездерімде
мына асыл кітаптарды, осы ғылым байлығын
қандай зор қиындықпен жинағанымды өзіңе
де талай айтқанмын. Дүния жаралғаннан
бергі адамзат ақылының ең қадірлі, ең
жақсы, ең қымбатты туындыларын өз
сарайыма жинау үшін қаншама ғұмырымды,
қаншама күшімді, қайратымды жұмсадым.
Тілегіме жеттім. Бірақ ой-һой, жолына
жанымды қиып жинаған байлығым –
кітапханам мен өлгеннен кейін тозаңға
айнала ма деп қорқамын. Өйткені, бұл
байлықты балаларымның сақтай алатын
түрі жоқ. Егер менімен жауласатын
жауымның мен өлгеннен кейін кітапханамды
сақтайтынына көзім жетсе, бар байлығымды
қиналмай-ақ, қарсыласпай-ақ соған берер
едім. Қарт, айт! Кітапханамды мұрагерлікке
қалдырсам, ертең бұл не халге түсер? Ия
қарт, дұрысын айт! – депті. Сонда бас
хакім қолын жоғары көтеріп Темірдің
бетіне қарапты. Темір хакімнің көзқарасына
шыдай алмай көзін жұмғанда мынадай
көрініс пайда болыпты.
Қаланы
жау шауып, астан-кестенін шығарып,
үйлерді қиратып, халықты қырып, у-шу
болып жатады. Соның ішінде тек өзінің
сарайы мен кітапханасы ғана аман. Сол
кезде бір жақтан бір адам шыға келіп:
«Дүниядағы бар шындық, бар ғылым Құранда
жазылған, Құранда жоқтың бәрі де өтірік,
сондықтан мына кітапхананы да өртеңдер!»,
– деп айғай салады. Сол-ақ екен, сарай
үстінде де үлкен жалын көтеріліп, ондағы
бар Дүния, соның ішінде кітапхана да от
ішінде қалады. Темір іш құсасына шыдай
алмай тістерін шықырлатып ыңырсығанда
әлгі көрініс жоғалып, басқа бір көрініс
пайда болады: сарайының құлап қирап
қалғанын, өзінің алтын тағының үстінде
жауларының отырғанын көреді...
Сол
кезде Темір оянып, хакіміне «шық» деген
ишарат береді. Содан кейін сарайының
бір бөлмесінде үш күн, үш түн ешқайда
шықпай отырып кітапханасының жайын
ойлайды. Төртінші күн дегенде ең сенімді
деген адамдарын шақыртады. Оларға:
– Достарым!
Менімен бірге істейтін бір жұмысты
айтсам, тістеріңнен шығармауға мына
Құранның алдында ант етесіңдер ме? –
дейді. Жиналғандардың бәрі де:
– Ант
етеміз, тістерімізден шығармаймыз! –
деседі. Сонда Темір:
– Мына
асыл қазынамды ешкім таппасын, ластамасын
деп, жер астына көмгелі отырмын, – деп
теріс айналып жылай бастайды. Қасындағы
адамдар да жылап:
– Достымыз
және атамыз, не әмір етсең, соны істейміз,
– дейді.
Темір
сол аса сенімді адамдарын түн ішінде
тауға алып барып, бір қуыстан үңгір
қаздырып, таң ата қалаға қайтып келеді.
Сөйтіп тоғыз түн дегенде бір үлкен үңгір
дайын болады. Кітапханадағы кітаптарды
соған жиырма жеті күнде тасып болады.
Сонсоң үңгірдің аузын таспен бітеп,
үстін топырақпен көмеді. Темір сол
топырақтың үстіне етпетінен жатып ұзақ
жылағаннан кейін түрегеліп:
– Дүнияда
жауыздық пен надандық жойылғанша осында
жер астында жатыңдар, кісі көзіне
түспеңдер, – деп қоштасады.
Мұсылмандарда
мынадай бір аңыз бар. Мұхаммедтен кейінгі
үшінші халифа (төрт шаһарярдың бірі)
Ғұсман деген кісіні дұшпандары Құран
оқып тұрған кезінде қылышпен шауып
өлтірген екен дейді, сол Құран аса киелі
мұра болып саналады. Осы Құран да Темірдің
қолына түссе керек. Темір өлерінің
алдында өзінің ең бір сенімді адамын
шақырып алып:
– Саған
соңғы өсиетім, мына хазреті Ғұсманның
қаны тамған Құранды сен алып сақта,
мұның қадірін сен білесің. Сонсоң, мына
кітапханадағы кітаптардың тізімін де
сен сақта, – деп Құранмен бірге бір
дәптерді де берген екен дейді. Сол Құран
әлдеқандай жолдармен Петербургтегі
Эрмитажға барып түседі, тек революциядан
кейін ғана Уфадағы мүфтидің қолына
тиеді. (Сол Құранды мүфтиге алып барып
берген Жанша Досмұхаммедов екен дегенді
естігенім бар, бірақ рас не өтірігін
білмеймін Ғ. А.).
Темірдің
қабірі Самарқандтың қақ ортасында. Ай
толған түндерде ол қабірінен шығып,
ұйықтап жатқан еліне:
– Дүнияда
жауыздық жойылып болды ма? Адамзат
арасында адалдық, әділдік орнады ма?
Адамдардың бір-біріне туыс болар күні
туды ма? Жасырған қазынамды халыққа
қайтаратын уақыт жетті ме? – деп
айқайлайды екен. Сонда жан-жақтан:
– Жоқ,
жер жүзінде жауыздық әлі баяғысындай,
бәрі де надандықтың құшағында! – деген
жауап естіген соң Темір ашуланып, жерді
бір теуіп көріне қайта барып жатады
екен. Жер сол Темірдің жерді ашуланып
тепкенінен сілкінеді екен дейді.
Халық
– данышпан. Ертеде, әттең хат танымай
өткен талай таланттардың шалықтаған
қиялынан шыққан, ел аузында қалған
кейбір аңыз, ертегілерді осы күнге дейін
аузымыздың суы құри тыңдамаймыз ба.
Әсіресе, халық қадірлеген шешендердің,
билердің, батырлардың төңірегінде
сондай аңыз, әңгімелер көп болады. Ақсақ
Темірдің кітапханасы жайындағы да
сондай аңыздардың бірі ғой. Осы аңыздың
ішінде де халықтың ежелгі арманын –
адалдықты, әділдікті, адамгершілікті
көксейтінін көреміз. Бұл аңыз орыс
тілінен аударылып «Шура» журналының
1909 жылғы 20 санында басылыпты...