400 000+ дайын материалды шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар, көрнекіліктер және авторлық материалдар - 690 тг-ден бастап
Тақырып бойынша 31 материал табылды

Арахнология

Материал туралы қысқаша түсінік
ветеринария мамандығы
Материалдың қысқаша нұсқасы

МАЛДӘРІГЕРЛІК АРАХНОЛОГИЯ


Арахнология (Аrасһnоlоgіа) - өрмекші тәрізділер туралы ғылым (аrасһnе - өрмекші, lоgоs - ілім деген грек сөздерінен тұрады). Буынаяқтылар Аrасһnоidеа тобы, Аrtһrороdа (буын аяқтылар) топтамасына жатады. Жануарлар дүниесі ішінде буынаяқтылар өзінің көп түрлілігімен оқшауланады. Олардың жер шарында 1,5 млн-дай түрі бар. Әсіресе, жәндіктер барлық буынаяқтылардың 90%-ын құрайды.

Буынаяқтылардың симметриялы денесі бунақтардан құралған және хитинді қатты қабыршықпен қоршалған. Хитин қабыршығы полисахаридтерден тұрады. Қабыршақтың әр жерінде қалқаншалары (склерит) және оларды бір-біріне жалғастырып тұрған жарғақшалары бар. Сыртқы қабыршық қаңқа қызметін де атқарады.

Өрмекші тәрізділердің басы кеудесімен бірігіп, бас-кеуде бөлімін түзейді. Ал, кенелердің денесі біртұтас. Буынаяқтылардың аяқтары буындардан құралады. Жәндіктерде 3, ал өрмекші тәрізділерде 4 жұп аяқтары бар.

Буынаяқтылардың жүйке жүйесі жұтқыншақ маңындағы жүйке сақинасынан және оған қосылып жатқан құрсақ тізбегінен тұрады. Дененің әр буылтығында жүйке тізбегінің жұпталған түйіні бар. Буынаяқтыларда жүйкелік рецепторлар жақсы жетілген. Рецепторлар рөлін сенсиллалар (бір немесе топталған торшалар) атқарады, олар қабыршақ астына орналасқан. Олардың көмегімен буынаяқтылар қоректік заттарды (иелерін), ыстық - суықтықты, химиялық заттарды және басқа факторлерді ажырата алады.

Көз құрылысы әртүрлі. Жәндіктердің күрделі және қарапайым көздері болады. Кенелердің кейбір түрінің жай көздері бар, бірақ көптеген түрлерінің көзі болмайды.

Буынаяқтылардың қан айналымы тұйық емес. Жүрегі түтік тәрізді құрылымдардан тұрады. Олардың гемолимфасы (қаны) сары, қызыл немесе көгілдір түсті, ішінде қан түйіршіктері бар. Тыныс алысы арнайы түтікшелер (кеңірдек) арқылы іске асады. Кеңірдек тармақтары барша ұлпамен жалғасқан. Ұсақ буынаяқтылардың тыныс мүшелері жоқ, олар сыртқы қабыршағы арқылы тыныс алады. Суда мекендейтін буынаяқтыларда желбезектер болады.

Буынаяқтылардың қоректенуі әр қилы. Паразиттік жолмен өмір сүретін түрлері жануарлардьщ қанымен және ұлпаларымен қоректенеді. Зәр шығару жүйесі мальпиги түтікшелерінен тұрады.

Буынаяқтылар - дара жыныстылар. Арасында қосжыныстылары да кездесуі мүмкін. Өсіп-өнуі, әдетте аналығының ұрықтануынанан басталады. Көптеген түрлері жұмыртқа салады, кейбір түрлері ғана балаңқұрт туады.

Буынаяқтылар сатылап өседі. Жұмыртқасы жетіліп, балаңқұртқа айналады, олар түлеп нимфа сатысына, ал нимфадан имаго - еркегі немесе ұрғашысы түзіледі. Дамудың әр сатысында олар түлеп, қабықшасын өзгертіп отырады. Түлеу кезеңінде буынаяқтылар құрылысы өзгеріп, олар жетіледі. Буынаяқтылардың дамуындағы мұндай өзгерістер метаморфоз деп аталады.

Буынаяқтылар 5 топқа бөлінеді. Олардың 3 тобының ветеринариялық маңызы бар: Аrасһnоidеа (өрмекші тәрізділер), Insectа (жәндіктер), Сrustасеа (шаян тәрізділер). Мал дәрігерлік арахнология Раrаsіtіfоrmеs (паразитиформдық) және Асаrіfоrmеs (акариформдық) класына жататын кенелерді зерттейді. Паразитиформды кенелер індетті және инвазиялық аурулар қоздырғыштарын тасымалдайды. Қотыр ауруларын акариформды кенелер тудырады.


Паразитиформды кенелер

Раrаsіtіfоrmеs тегіне жататын кенелердің дене тұрқы ірі келеді. Бұл кенелер жануарлар (кейде құстар) денесінде (эктопаразиттер) паразиттік жолмен тіршілік етеді. Сондай-ақ, олар түрлі аурулар қоздырғыштарын тасымалдайды. Бұл текке жататын кенелердің ветеринариялық маңызы бар тұқымдастықтары:

1) Iхоdіdае - жайылым кенелері.

2)Аrgаsidaе - аргазид кенелері.

3) Gаmаsоidае - гамазоид кенелері.


Иксодид немесе жайылым кенелері

Иксодид кенелерінің мал патологиясындағы маңызы жөнінде ең алғаш пікір айтқан Кильборн және Смит (1983). Олар алғаш рет ірі қара пироплазмозын кенелер тасымалдайтынын анықтаған.

Протозоидтық, вирустық, бактериалдық жөне саңырауқұлақтар тудыратын аурулар қоздырғышын тасымалдауда және оларды сақтауда иксодид кенелерінің маңызы барын В.Л.Якимов, А.В.Белицер, Е.П.Джунковский, А.А.Марков, И.В.Абрамов, Р.Кох, А. Тейлер, Эд. Сержан және т.б. зерттеулері көрсетті.

Iхоdіdае тұқымдасы кенелерінің денесі ірі және біртұтас, пішіні сопақ-ұзынша келген. Денесінің алдыңғы жағында тұмсығы - гнатосома орналасқан. Тұмсықтың құрамына: оның түбі, екі қармалауышы, екі хелицері (жоғарғы жақ) және бір гипостомасы (төменгі жақ) енеді. Иксодидтердің қармалауыштары сезім қызметін атқарады, олардың көптеген сезімтал талшықтары бар. Қармалауыштарының көмегімен кене жануарлар терісіне жабысатын жерін тауып алады. Қармалауыштар арасына өткір тістерімен қаруланған хелицерлер орналасқан. Хелицерлердің астыңғы жағына гипостом орналасқан, оның үсті тікен тәрізденіп иректелген, солары арқылы кенелер теріге мықтап жабысады. Тұмсықтың тұрқы мен пішіні әртүрлі.

Денесі - идиосома, кененің даму сатысына және қанға тою дәрежесіне байланысты пішіні мен тұрқы өзгеріп тұрады. Аш кененің денесі жалпақтау, ал тойынғанда сопайып дөңгеленеді. Арқа жағында тығыздалған хитин қалқаншасы (скутум) бар. Ол ұрғашы кенелердің тек қана арқасының алдыңғы жағын, ал еркектерінің жотасын түгел жауып тұрады. Кейбір кенелердің алдыңғы жағында қалқаншаның шет жағына орналасқан көздері болады. Денесінің іш жағында, төртінші аяқтарынан төменірек торлы табақшалар - перитремалар, ал олардың ортасына тыныс тесіктері - стигмалар орналасқан. Сондай-ақ, кененің іш жағында жыныс және артқы тесіктері орналасқан. Иксодид кенелерінің еркектерін, ұрғашыларынан айыру оп-оңай (диморфизм). Аш ұрғашы кененің дене тұрқы еркегінікіндей немесе аздап үлкенірек. Қан сорғаннан кейін ұрғашыларының денесі бірнеше есе үлкейеді.

Иксодид кенелерінің (географиялық) жер жүзіне таралуы кейбір биотикалық және абиотиқалық жағдайларға байланысты. Әсіресе, кенелердің қоректік ортасы болуының маңызы өте зор. Одан басқа кенелердің өмір сүруіне қолайлы жылылық, ылғалдылық, өсімдіктер құрамы да үлкен әсер етеді. Кенелердің малға жабылуы, жұмыртқалауы ауа райының қолайлылығына, сондай-ақ күннің ұзақтығына да байланысты. Буынаяқтылардың мекендейтін жерін биотоп деп атайды.

Биотоптардағы кенелердің саны үнемі өзгеріп отырады. Адамның табиғатқа қол сұғуы, өсімдіктер және жануарлар дүниесін әртүрлі өзгерістерге душар етеді. Мұндай өзгерістерге сол биотопта тіршілік ететін кенелер өте сезімтал келеді. Мал жайылымдарын жақсарту мақсатымен себінді шөптердің аумағы ұлғайған сайын кенелер саны да азаяды.

Кеңелерді өз биотоптарында және ауылшаруашылық жануарларына жабысқан кезінде жою шаралары, адаммен мал басын олар жұқтыратын аурулардан сақтандырады. Иксодид кенелері өзінің жеке дамуында (онтогенезінде) бірнеше сатыдан өтеді. Оларға жұмыртқа, балаңкене, нимфа және имаго жатады. Аталығымен шағылысқан кенелердің ұрғашылары, мал қанына тойынған соң жерге (жайылымдарда) түсіп, күн сәулесі түспейтін жырыққа, тастар астына, қалың ескі шөп ішіне және т.б. жұмыртқалайды. Кенелердің ұрғашылары 3 мыңнан 15 мыңға жуық жұмыртқа салады да тіршілігін тоқтатады. Үш аптадан кейін жұмыртқалардан алты аяқты балаңкенелер шығып, мал қанымен қоректенеді. Кейбір балаңкенелер жануарлар денесінен түспей, дамуының келесі сатысы - нимфаға айналады. Нимфа сатысы да 4-6 тәулік қан сорғаннан кейін жануарлар денесінен түсіп немесе сол жануардың үстінде-ақ ең соңғы сатысы-имагоға айналады. Әр нимфадан кененің ұрғашысы не еркегі шығады. Кенелердің толық өсіп-даму циклі (айналымы) олардың таралу ареалына байланысты - бірнеше айдан 3—4 жылға дейін созылады.

Жайылым кенелерінің мал түріне шабуылдауына байланысты оларды бір иелі, екі иелі және үш иелі деп жіктейді. Бір иелі кенелер өсіп-дамуының барлық сатыларында бір ғана жануардың қанын сорады. Екі иелі кенелер балаң және нимфа сатыларында бір жануарды талап, ал имаго сатысында басқа жануарды талайды. Ал, үш иелі кенелердің балаң, нимфа және имаго сатылары үш түрлі жануарларды талап, өсіп-дамиды,

Кенелердің жануарлар организмімен қарым-қатынасы күрделі және әлі толық зерттелмеген. Олардың сан-қилы омыртқалылардың қанын соратындығы мәлім. Табындағы және отардағы малдардың кенеге талануы әртүрлі дәрежеде болады. Ол жануарлар тобының жасына және т.б. жеке организм ерекшеліктеріне байланысты. Жабысқан кенелердің саны организмнің тойтарыс күшіне, кенеге қарсы пайда болған иммунитетке байланысты.

Кене тұмсығы терінің эпидермалық қабатына ғана енеді. Тұрқы әртүрлі болғанымен балаңкене, нимфа және имаго сатыларының тұмсықтары теріге біркелкі тереңдікке енеді. Кенелер гипостомның тікендері және айрықша секрет «цемент» арқылы мал терісіне нығайып бекиді. Кене қанға тойып түскеннен кейін «цемент» жарақатта қалып қояды, соның әсерінен терінің эпидермалық қабатында реактивтік өзгерістер пайда болады. «Цементпен» және кенелердің сілекейімен бірге мал организміне антикоагулянттардан және т.б. улы заттардан құралған күрделі заттар енеді. Сондықтан жарақат орны ісінеді және оған эозинфильдері басым торшалар жиналады. Кенеге таланған жануарлардың қан құрамы өзгереді, организмде аллергиялық құбылыс пайда болады, сондай – ақ алынатын өнімдер саны төмендейді.

Біздің елімізде таралған Ixodidae тұқымдастығына жататын жайылым кенелері алты туысқа бөлінеді. Олар мыналар: Нуаlоmmа (шыны көз), Іхоdеs (жабысқақ), Dеrmасеntоr (тері жырғыш), Наеmарһіsаlіs (қан сүйгіш), Rһірісерһаlus (желпуіш бас) және Воорһіlus (бұқа сүйгіш).


Ixodidae тұқымдасы кенелерінің қысқаша туыстық морфологиялық белгілері:

Тұмсығы ұзын...................................................................................

Көздері бар...................................................................... Нуаlоmmа

Көздері жоқ ........................................................................... Іхоdеs

Тұмсығы қысқа...............................................................................

Тұмсық түбі төртбұрышты

Қалқаншасы мәрмәр түсті....................................... Dеrmасеntоr

Қалқаншасы мәрмәр түссіз................................... Наеmарһіsаlіs

Тұмсық түбі алты бұрышты

Артқы тесік өзегі бар. Перитремалары үтір тәрізді...................................................................... Rһірісерһаlus

Артқы тесік өзегі жоқ. Перитремалары дөңгелек немесе сопақ

........................................................................................ Воорһіlus


Hyalomma туысына ұзын тұмсықты, көздері бар кенелер жатады. Сондықтан оларды шыны көз деп атайды. Ауыл шаруашылық жануарларында бұл туыстың Нуаlотта anatolicum, H.detritum, H.scuреnsе деген түрлері кездеседі. Бұл кенелер Қазақстанның шөл және шөлейт аймақтарында көп тараған. Әсіресе, Қызылорда, Шымкент, Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Алматы облысының кейбір аудандарында кездеседі. Нуаlотта туысына жататын кенелер көбінесе ірі кара мал паразиті. Жылқы, қой, ешкі, түйе түліктеріне Hyalomma кенелері өте сирек жабылады. Бұл кенелердің H.anatolicum және H.detritum деген түрлері ірі қараның қарапайымдылар қоздыратын тейлериоз ауруын тасымалдайды. Кененің бұл түрі еліміздің Оңтүстігінде ғана кездеседі. Оның ареалының Солтүстік шекарасы - Ресейлік Астрахан облысынан, Қазақстанның Оңтүстігін басып, Қырғызстанға дейін барады. Теңіз деңгейінен 500 м биіктік бұл кенелерден бос. Кенелер мал қораларында, олардың қабырғаларында, оттығында тығылып жатуы мүмкін. Сондай-ақ, көң астында, кемірушілердің інінде, саман және қамыстан істелген құрылыстарда кездеседі. Ал, H.scuреnsе деген тірі мал қораларында қыстайды. Сол себепті тейлериоз ауруы шамалап қыста да кездеседі.

Ересек кенелер малды мамыр-тамыз айларында, ал балаңкенелері мен нимфалары тамыз-қыркүйек айларында талайды. Тойынған балаңкенелер мен нимфалар малдың үстінен жерге түсіп, жайылымда қыстап шығады. Н.рlumbeum кенелері жылқы пироплазмозы мен нутталиозының қоздырғыштарын тасымалдайды. Кенелердің бұл түрі Оңтүстік Қазақстанда және Орта Азия республикаларында кездеседі. Олар мамыр-маусым айларында малды көп талайды. Балапан кенелер мен нимфалары мамыр айынан қазан айына дейін мал қанымен қоректенеді. Жайылымға түсіп қалған нимфалар күзде имаго сатысына түлеп, көктемге дейін анабиоз жағдайына еніп, қыстап шығады.

H.scuреnsе - ірі-қара тейлериозы мен жылқы нутталиозының қоздырғыштарын тасымалдайды. Бұл кенелер Орталық Қазақстанға дейін тараған. Оңтүстікке қарай бұл кене жақсы бейімделген, тек теңіз бетінен 1000 м биіктікте ғана болмайды. Бұл кененің ерекшелігі - жануарларды жылдың суық уақытында, яғни қазан айынан мамырға дейін талайды. Олардың ұрғашылары жануарлар денесінен наурыз-мамыр айларында түсіп қалады. Маусым айында жұмыртқалап, одан шыққан балаңкенелер күздің суығына дейін малға жоламайды. Олар негізінен ірі қара малды, сирегірек жылқы, қой және т.б. жануарларды талайды. Қыстың желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында нимфалардың қоректенуі және оның имаго сатысына дамуы баяулайды.

Іхоdеs туысына жататын кенелердің тұмсығы ұзын, түбі төрт бұрышты. Көздері жоқ. Сондықтан олар бұтаның не шөптің басына шығып алып, алдыңғы аяқтарын созып отырады. Мұндай кенелерді мал жүретін соқпақтарда кездестіруге болады. Кенелер соқпақпен өтіп бара жатқан жануарларға немесе адамға жабыса кетеді. Сондықтан да бұл кене туысын Іхоdеs жабысқақ деп атайды. Жайылым кенелерінің ішінде бұл туысқа жататын кенелер аса көп тарамаған. Олардың Іхоdеs rісіnus және I.реrsulсаtus деген түрлері жайылымдарда жиі кездеседі. Бұл кенелер ірі қара бабезиозының қоздырғышы Ваbеsіа bovis, қой анаплазмозының қоздырғышы Аnарlаsmа оvіs және ірі қара анаплазмозының қоздырғышы А.mаrgіnаlе паразиттерін тасымалдайды. Сондай-ақ, I.perculcatus адамның кейбір вирусты және бактериалды ауру қоздырғыштарын жұқтырады.

Ixodes ricinus кенесі Евроазия аймағының солтүстік-батысында көп тараған, оның шығысқа қарай таралу шекарасы Волга өзеніне дейін келеді. Сондай-ақ Кавказ тауы мен тау етегінде де кенелер кездеседі. Ал, Волга өзенінен шығысқа қарай орталық және Оңтүстік алқаптарды басып, Қиыр Шығысқа дейінгі таулы және ағашты жерлерде I.реrsulсаtus кенелері кездеседі. Олар Қазақстанның тау етектерінде және кішігірім тауларда қалың шөп және бұталар арасында кездеседі. Кенелердің бұл түрі кекілік, ор қоян және т.б жабайы аңдар және үй жануарларының эктопаразитгері 20°С суықтыққа шыдай береді. Қолайлы жағдайларда өсіп – жетілуіне 5-9 айдай уақыт керек, ал кейбір жылдары бұл кенелердің өніп – өсуі 2-3 жылға дейін созылады. I.реrsulсаtus кенелері Қиыр Шығыста адамның энцефалит ауруының қоздырғышын тасымалдайтын және осы аурудың табиғи ошақтарын түзуге қатысатыны анықталды.

Dermacentor туысына жататын кенелер жылқының пироплазмоз (қоздырғышы Ріrорlаsmа саbаllі) және нутталиоз (қоздырғышы Nuttallia еquі) ауруларын тасымалдайды. Бұл туысқа жататын кенелердің алты түрінің ішінде Dermacentor marginatus және D.рісtus деген түрлерінің эпизоотологиялық маңызы бар.

Dermacentor туысына жататын кенелердің тұмсығы қысқа, түбі төрт бұрышты, жотасында, екінші аяқ тұсында көздері бар. Денесінің үстіңгі жағы қоңыр түсті болғанымен күміс реңді. Сондықтан бұл кенелерді басқаларынан тез айыруға болады.

Ересек, яғни имаго сатысындағы Dermacentor кенелері жылқы, ірі қара мал, ешкі, қой жіне т.б. жануарлардың қанын сорады. Ал балапан кене және нимфа сатыларында ұсақ кеміргіштерді талайды. Бұл кенелер жануарларға көктем және күз айларында жабысады. Ересек кенелер 2-3 жылдай аштыққа шыдайды. Бір жылдың ішінде бір ұрпағы өсіп-өнеді.

Dermacentor marginatus үш иелі кене. Олар жылқының пироплазмидоз ауруларынан басқа ірі қараның анаплазмозын (қоздырғышы Аnарlаsmа mаrgіnаlе), қойдың анаплазмозын (А.оvіs) және тейлериозын (қоздырғышы Тһеіlеrіа rесоndіtа), сондай-ақ кеміргіштердің туляремия ауруларын тасымалдайды. Кененің бұл түрі Украина, Молдавия, Қырым, Қазақстан, Орта Азия республикаларында, сондай-ақ Батыс және Шығыс Сібірдің Оңтүстік бөлігінде кездеседі.

Dermacentor рісtus түрі де үш иелі кене. Ол жылқының пироплазмидоздарынан басқа - ит пироплазмозын (қоздырғышы Ріrорlаsmа саnіs), ірі қара анаплазмозын және жылқының энцефаломиелит ауруы және омбы геморрагиялық қызбасы вирусын тасымалдайды.

Наеmарһіsаlіs туысына жататын түрлер Н.оtорһіlа және Н.lоngiсоrnіs (Н.nеumаnі). Бұл кенелердің тұмсығы қысқа, түбі төрт бұрышты, көздері жоқ, анальдік жолақ артқы тесіктің арт жағына орналасқан. Құрсақ жағында қалқаншалары жоқ.

Н.оtорһіlа үш иелі, ол қойдың анаплазмоз (Аnарlаsmа оvіs) және пироплазмоз (қоздырғышы Ріrорlаsmа оvіs) ауруларын тасымалдайды. Бұл кенелер Украинаның оңтүстігінде, Қырымда, Солтүстік Кавказда кездеседі.

Қазақстанның оңтүстік аймақтарында Н.риnсtаtа кенелері болады. И.Г. Галузо және т.б. (1944) байқауына қарағанда бұл кенелер қойдың бруцеллез ауруын таратуда маңызы зор. Н. lоngiсоrnіs үш иелі кене, қиыр Шығыста ірі қараның тейлериоз ауруын тасы- мялдайды (қоздырғышы - Тһеіlеrіа sеrgеnti).

Rһірісерһаlus туысына жататын кенелер: Rh.bursа және R.рumіlіо. Бұл кенелердің тұмсығы қысқа, түбі алты бұрышты, көздері бар, анальдік жолақ артқы тесік артында, еркек кенелердің екі жұп аналдық қалқаншалары бар.

Rh.bursа - екі иелі кенелер, көбіне ірі қара мал мен қойдан табылады, ал R.рumіlіо үй және тағы хайуанаттарына онымен қоса адамға да жабысады. Rh.bursа кенелері қойдың бабезиозын (В.оvіs), тейлериозын (Тһ.rесоndіtа) және пиролазмозын (Р.оvіs), сондай-ақ, ірі қараның анаплазмозын (А.mаrgіnаlе) тасымалдайды. Кенелердің бұл түрі Қырымда, Қара теңіз жағалауында, Кавказда және Қазақстанның оңтүстігінде кездеседі. Бірен-саран кенелер теңіз деңгейінен 2800 м биіктікке дейін кездеседі. Имаго фазасында қой мен ірі қараға наурыз айынан бастап жабысады, бірақ негізінен жағырапиялық алқапқа байланысты мамыр-шілде айларында белсенділігі күшейеді. Ал балапан кенелері жаздың екінші жартысынан бастап, күз айларына дейін кездеседі. Олар қой құлағының ішкі жағына жабысып қанын сорады. Имаго фазасында қойдың түксіз жерлеріне жабысады. Жылына бір ұрпақ береді.

Воорһіlus туысына жататын біздің елімізде бір ғана кене түрі бар (В.саlсаrаtus). Бұл кенелер жайылым кенелері ішіндегі ұсағы. Кененің түсі қоңыр, тұмсығы қысқа, тұмсық түбі алты бұрышты, көздері бар. В.саlсаrаtus кенелері ірі қара пиролазмозын, франсаиеллезін тасымалдайды. Ауру қоздырғыштары кененің жұмыртқасы арқылы немесе трансовариалды жолмен келесі ұрпаққа көшіп отырады. В.саlсаrаtus кенелері Қазақстанның оңтүстігінде, Орта Азия республикаларында кездеседі. Бұл кене бір иелі. Малға жабысқан кене 25-30 күнде қанға тойынып, тасалау жерге 2-3 күннен соң жұмыртқа салады. Жұмыртқадан шыққан балапан-кенелер жануарларға жабысып, қанға тойған соң 4-6 күн ішінде нимфаға айналады. Олар иесінің денесінен түспей 5-10 күннен соң имаго (еркек немесе ұрғашы) фазасына дейін өсіп-өнеді. Толық өсіп жетілуіне 2 айдай уақыт керек. Жылдың жылы уақытында В.саlсаrаtus кенелері үш ұрпақ береді. Балаңкенелер 6-7 айдай ашығуды көтереді. Тың жерлерді игеруге байланысты В.саlсаrаtus кенелерінің саны жылдан жылға азайып келеді. Бұл кенелердің биотоптары ағашты-бұталы тау етегінде өмір сүруге қолайлы жағдайлар бар жерлерде кездеседі.


Иксодид немесе жайылым кенелерімен күрес шаралары

Иксодид кенелерімен күрес екі бағытта жүргізіледі. біріншісі — олардың шоғырланған жерлері — биотоптарында жою, ал екіншісі — жануарларға жабысқандарын жою.

Кенелерді өз биотобында жою тиімдірек. Кенелерге қарсы шараларды, олар малға жабыспас бұрын бастаған жөн. Кенелердің көптеген түрлері жұмыртқаларын жерге салып, олардан балаң кенелері де сонда пайда болатынын ескере отырып, сол аймақтағы жерді жыртып, көп жылдық шөп егіп, жасанды жайылымға айналдыру жақсы нәтиже береді. Мұндайда көп кенелер өздігінен жойылады, сондай-ақ өсімдіктер құрамы өзгереді, топырақтың жылылық-суықтығы, ылғалдығы өзгеріп, қалған кенелердің тіршілігіне кедергі жасайды. Жайылымдарды жырту кейбір жерлерде Воорһіlus саlсаrаtus, Нуаlоmmа sсuреnsе, Rһірісерһаlus bursа кенелерін жоюға септігін тигізеді, немесе кене түрлерінің санын азайтады. Кейбір өңірлердің биік тау жайылымдарында иксодид кенелері мүлдем болмайды. Төменірек жатқан орман белдеуінде де кенелер өте сирек кездеседі. Сондықтан биік тау жайылымдарын пайдалану, малдарды кенеден қорғаудың ең тиімді жолы. Малдарды таулы жайылымға топырақ суығанда айдаған абзал. Себебі жол бойында кенелі жерлер болуы мүмкін. Кейде, жол бойында малға кене жабыспас үшін, оларды акарацид дәрілерімен тоғытады.

Кейбір өңірлерде қойды кысқы жайылымдарға және одан қайтқанда теміржолмен немесе машиналармен тасиды.

Мал қораларында қалып қоятын Нуаlоmmа аnаtоlісum, Н.dеtrіtum және Н.sсuреnsе сияқты кенелерді жоюдың маңызы зор. Аталған кенелер мал қораларында қыстап, қыс пен көктемде малға жабысып қанын сорады. Бұл кенелерді жою үшін - олар тығылатын саңлауларды, құмға цемент араластырып сылап, кеміргіштердің інін бітеу, сондай-ақ қора маңындағы шөп-шалаңды шауып отырған жөн. Сонан соң, қораны аэрозольді акарацидтермен дәрілейді. Ол үшін аэрозоль - 2 (хлорофос пен ДДВФ қосындысы - 9:1) 20 мл м3 мөлшерінде қораға, глак-ц-глутар альдегиді және циодрин негізінде жасалған баллондағы препаратты 50 мл м3 есебімен шашады. Бұлардан басқа қораны дәрілеу үшін 1,5% хлорофос, 0,2% бензофосфат 200-400 мл м2 мөлшерінде қолданылады. Дәріленген қораларға мал енгізу үшін оларды 3-4 сағат желдетіп, оттықтарын тазалап, ыстық сумен жуу қажет. Мал қораларына дезакаризациялау жұмыстары, көктемде, малға ересек кенелер жабыспас бұрын жүргізіледі.


Жануарлар денесіне жабысқан кенелерді жою

Малды кенелерге қарсы акарицид дәрілерімен, олар малға жабыспас бұрын дәрілеген дұрыс. Ол үшін, неғұрлым әсері ұзаққа созылатын дәрілерді таңдап алу пайдалы. Бірақ, әр акарацидтік дәрілердің балаңкене, нимфа және имаго сатыларына тигізетін әсері әр қилы екенін ескеру керек.

Акарицидтерден мал уланып қалуы да мүмкін. Акарицидтердің әсеріне төл және арық мал, сондай-ақ ұзақ айдаудан келген мал өте сезімтал. Күннің ыстығы да дәрінің организмге тез сіңуіне әсерін тигізеді. Сондықтан 3 айға дейінгі төлге, тууына 1 ай қалған буаз малға кенеге қарсы дәрі қолдануға болмайды. Уланудан сақтандыру үшін малды күннің салқын кезінде дәрілеген абзал. Әрбір дәрінің әсерлі заттарының мөлшері, оның паспортында көрсетілуі керек. Онсыз дәріні қолдануға болмайды. Акарацид дәрілер улы болғандықтан, оларды арнайы орындарда сақтап, оларды сақтау мерзімі және қолданылу мөлшерін мұқият қадағалап отырады. Мал ауруларымен қатар адам ауруларын тасымалдайтын кенелерге қарсы күрес жүргізгенде, кене денеге жабыспас үшін арнайы комбинезон киу, малмен жұмыс істігеннен кейін денені қарап шығу және т.б. сақтық шараларын қолдану қажет.

Малға жабысқан кенелерді жою үшін акарицид дәрілерді бүрку арқылы немесе тоғыту арқылы дәрілеу жұмысы жүргізіледі. Ірі қара мен қойды шомылдыру үшін арнаулы, жүзіп өтетін тоғытпа жасалады. Тоғытпа кірпіштен, тастан, темір бетоннан жасалатын күрделі құрылыс. Қой тоғытатын тоғытпаны ферма маңына салады. Тоғытпа маңында құдық болуы тиіс, оған мал тоғытылған сұйықтықты ағызып, біртіндеп жерге сіңіреді. Малды тоғыту үшін акарацид ерітінділері мен эмульсиялары қолданылады.

Ірі қараны бүрку әдісімен дәрілеу үшін 0,2% бензофосфат, 0,5 /о циодрин, 0,15% дурсбан эмульсияларын әрбір 7 күн сайын, әр жануарға 1-3 л мөлшерде қолдануға болады. Жеке малдарға аэрозольді дерматозол баллонын әр малға 60-80 г есебімен қолданады.

Қойды арнайы тоғытпада шомылдырады. Ол үшін 0,2% бензофосфат, 0,05% неоцидол, 0,1 % дурсбан акарацидтермен әрбір 9-10 күн сайын шомылдырады. Суық маусымда ірі қарада Нуаlоmmа туысына жататын кенелер кездеседі. Оларға қарсы севин дустын пайдалануға болады. Малды дустпен емдеу сыртқы аула ішінде жүргізіледі. Оны арнаулы дайындықтан өткен және арнаулы киімі, көз әйнегі, қолғабы және тыныс алатын аспабы бар адамдар ғана жүргізеді. Дусты әуелі сеуіп, сонан соң оны кенесі бар жерге ысқылау керек. Әрбір ірі малға 300-400 ғ дуст жұмсалады


Аргазида кенелері

Аргазида кенелері Раrаsіtіfоrmеs тегіне жататын ірі кенелер. Олар Аrgаsidае тұқымдасына жатады. Оның ішінде Аrgаs және Аlvеоnаsus туыстарының ветеринариялық маңызы бар. Аргазида кенелері еліміздің Оңтүстігінде таралған, олар мал мен құс денесінде кездеседі. Өсіресе Аrgаs реrsісus немесе парсы кенесі, Alveonasus lahorensis қашар кенесі мал, құс қораларында жиі кездеседі.

Бұл кенелердің барлық сатылары құс баррелиозы, құс туберкулезі, құс сүзегі және үйрек қылауын тасымалдайды. Кенелер құс эктопаразиті ретінде, құс шаруашылығына едәуір зиян келтіреді. Олар көптеп жабылып, құс балапандарын өлімге ұшыратуы мүмкін. Парсы кенелерінің дене тұрқы 4,5-9 мм, ал ені 3-6 мм. Пішіні жұмыртқа тәрізді, денесі жалпақ, аш кененің түсі сұр. Қанға тойынған кенелер түйебұршақ тәрізденеді. Бұл кенелердің көздері жоқ, тұмсығы денесінің астыңғы жағында, перитремалары орақ тәрізді. Кенелер Қазақстанның Оңтүстік облыстарында және Орта Азия республикаларында таралған.

Парсы кенелер тауық ұяларын, оның қонақтайтын тұғырын, тақтай және бөрене жарықтарын және құс қоралары маңындағы жабайы құстардың ұяларын мекендейді. Бұл кенелер тек құстарға ғана жабысады. Сүтқоректілер денесінде болмайды.

Парсы кенелері жылы уақытта ғана өсіп-өнеді. Ол үшін ең кем дегенде 20°С жылылық қажет. Парсы кенелерінің балаң сатысынан басқалары жарық сәуледен қашады, сондықтан олар қараңғыда ғана құстарға жабылады. Ал, ұядағы парсы кенелері құсты күндіз де шағады. Кенелер көп рет қан сорады. Әр қан сорған сайын ұрғашы кенелер 130 шақты жұмыртқа салады. Жұмыртқа ішінде 2 аптадан соң балаңкене дамиды. Олар құстың мойнына, қанат астына, клоака маңына жабысып, құстың қанын сорады. 3-10 күн- нен кейін олар түсіп қалып, бірінші нимфа сатысына, онан соң қан сорғаннан кейін екінші нимфа сатысына айналады. Соңғы нимфа сатысынан имағо немесе ересек кене пайда болады. Кененің толық өсіп-өнуі 1 - 2 жылда аяқталады. Парсы кенесі 2-3 жылдық аштыққа шыдайды.

Парсы кенелеріне қарсы кешенді шараларды жүргізу-оларды құс қораларында толық жоюға мүмкіндік береді. Ол үшін құсты уақытша лагерлерге көшіріп, құс қорасын және оның маңындағы ағаштарды, қуыстарды мұқият зерттеу қажет. Құс қорасындағы аралық қабырғаларды және т.б. тетіктерді сыртқа шығарып ыстық сумен жуып кептіру керек. Қабырғадағы саңылаулардың сылағын түсіріп, жарыққа ыстық соляр майын немесе бояу жағады.

Қора ішін дәрілеу үшін 1,5% хлорофос, 1 % неоцидол, дикрезил немесе карбофос, 1 % циодрин, 4-5% натрий фенолят эмульсиясы әр 1 м2 көлемғе 100-200 мл. мөлшерде шашады. Бұл дәрілерді бүрку үшін ДУК, ВДМ, ЛСД қондырғылары және гидропульттер қолданылады. Құс қораларын 3-5 күннен кейін қайта екінші рет және керек жағдайда үшінші рет дәрілейді. ТАН аэрозоль қондырғысы көмегімен бағытталған аэрозоль тұманын жасау үшін 3% карбофос ерітіндісі және 0,5% ДДВФ қолданылады.

Құсқа жабысқан балаң кенелерді жою үшін оларға акарацидтерді сыртта шашады. Негізінен құстарды 11-12 күн қорадан тыс жерде ұстау балаң кенелерден құтылудың ең тиімді әдісі. Құсты бұл қораларға күрделі жөндеуден өткізіп, қорытынды дәрілеуден кейін 5-10 күннен соң ғана орналастыруға болады.

Құс қоралары мен құс фабрикаларын елді мекендерден алыс орналастырады. Оларды бақ немесе ағаш ішіне салмайды, себебі жаз уақытында парсы кенелері ағаш қабығы астына және ондағы құс ұяларына тығылып жатады.

Кене мекендеген ескі құс қораларынан құрал-сайман және құрылыс заттарын алып, пайдалануға тыйым салынады.

Аlvеоnаsus lаһоrеnsіs — қора кенелері. Қой денесіне бұл кенелер көптеп жабысьш, мал басьш жаппай арықтатады, кейде салдандырады. Тәжірибе жұзінде қой қора кенелері Аnарlаsmа оvіs және Тһеlеrіа оvіs қарапайымдыларын тасымалдайтыны анықталды.

А.lаһоrеsіs кенелері Кавказда, Қазақстанның Оңтүстігінде және Орта Азия республикаларында кездеседі. Бұл кенелер көбінесе ескі қой қораларын, басқа да мал қораларын мекендейді. Олар қора қабырғасының саңылаулары мен жарылған жерлерінде тығылып жатады. Бұл кенелер кеміргіштердің ішінде, тастар қуысында, қурай арасында да болуы мүмкін.

А.lаһоrеsіs кенелері қойға, түйеге және басқа малдарға сирек жағдайда жабысуы мүмкін, кейде олар адамға да жабысады. Кене имаго сатысында арасына үзіліс беріп бірнеше рет қоректенеді. Кененің ұрғашьшары қанға тойынғаннан соң жұмыртқалайды, олардан 14-15 күннен кейін балаң кенелер шығады. Бұл балаң кенелер 11 айдай аштыққа шыдайды. Балаң кенелер малға қыркүйек, желтоқсан айларында жабысады. Күзгі-қысқы маусымда жануарлар денесінде қоректенген балаң кенелер бірінші нимфа, ал кейінірек екінші және үшінші нимфаға айналады. Бұл кезең 3 аптадан бір жарым айға дейін созылады. Жерге түскен нимфалар бірнеше айдан соң имаго немесе ересек сатысына түлейді. Қора кенелері имаго сатысында 7-10 жьш аштыққа шыдайды.

Қора кенелерін жою үшін 1% дилор суспензиясы, анаметрин Н дәрісінің 0,25% эмульсиясы, неоцидолдың (диазинонның) 0,05% эмульсиясы қолданылады. Бұл дәрілерді 200-400 мл м2 мөлшерде қораға шашады. Күзде қойды қораға қамарда оларды қайталап дәрілеу шарт.

Малға жабысқан кенелерді жою үшін әсері ұзартылған фосфорорганикалық дәрілер қолданьшады. Ол үшін 0,025 г/кг мөлшерде қолданылған сульфидофос — 20 және 0,040 г/кг мөлшердегі диоксофос жақсы нәтиже береді. Салмағы 40 кг қойға омыртқа жотасы тұсынан өлшегіш аспаппен 5 мл. сульфидофос немесе 10 мл диоксофос тамызады. Бұлардан басқа ивомек, бутокс, протеид, неоцидол, байтикол және т.б. дәрілерді де қолдануға болады.

Сульфидофос-20-мен дәріленген малды 40 күннен, ал диоксофостан кейін 2 аптадан соң ғана союға болады. Қой қора кенелерімен түбегейлі күрес жүргізу үшін ескі қоралардан арылып, жаңа стандартты қой қораларын салу шарт. Кенесі бар қорадан кенелер басқа қораларға таралып кетпес үшін, ондагы жануарларды акарицидтермен дәрілегеннен кейін ғана көшіруге болады.




Гамазоид кенелері

Гамазоид кенелері де паразитиформ тегіне жататын буынаяқтылар. Бұл кенелер тобы ішінде Dеrmаnуssus gаllіпае тауық кенесінің практикалық маңызы зор. Бұл кене боррелиоз, орнитоз, тырысқақ және оба ауруларының қоздырғыштарын тасымалдайды. Соны- мен қатар бұл кенелер құс денесіне жаппай жабылғанда олар азады, жұмыртқалау қабілетгілігі төмендейді, тірілей салмағы кеміп, балапандар өлім-жітімге үшырайды. Тауық кенелері D.gаllіпае ұсақ, тұрқы 0,75 мм-дей (аш кезінде) қозғалымпаз буынаяқтылар. Аш кенелер ашық сары түсті, қан сорған соң олар қызарады, содан соң қоңырқай тартады. Пішіні сопақ, үстінде көптеген қылдары бар. Дене сырты көптеген қалқаншалардан (склериттерден) құралған, ал олардың арасында созылымпаз жарғақ бар, ол кененің қан сорғанда 2 есе үлкеюіне мүмкіндік береді. Аяқтары ұзын, оның ең бірінші буыны - коксалары қозғалымпаз, ал ең соңғы буын табанында жұп тырнақшалары және мөлдір жабысқағы бар. Бірінші жұп аяқтары сезім қызметін атқарады, кене қозғалғанда алдыңғы аяқтары жылдам көтеріліп және жылдам төмен түсіп, кене өз жолын сипап көргендей болады, себебі тауық кенесінің көзі жоқ. Ауыз мүшелері тесіп-соруға бейім: жоғарғы жақтары (хелицерлері) ұзын және үшкір. Тыныс тесіктері (стигмалары) 3-ші және 4-ші коксалар тұсында ашылады. Кененің еркегі ұрғашыларынан кішірек, хелицерлері қысқарақ, бірақ қомақты (13-сурет). Балаң кенелері қан сормайды, сыртқы қабыршағы мөлдір, шыны түсті.

Тауық кенелері құс қораларында, құс ұяларында мекендейді. Олардың жиылатын жерлері: қабырғаның саңылауы мен жарықтары, құс қораларындағы қоқыс және шаң. Жылы құс қораларында (жылылығы 20-25°С шамасында) тауық кенелері жьш бойы тіршілік етеді. Олар әсіресе жаздың ыстық кезеңінде тез өсіп-өнеді. Әдетте бұл кенелер түнде шабуьш жасайды, бірақ тым көбейіп кетсе, күндіз де құсқа жабыса береді. Кене 11 айдай аштыққа шыдайды. - 5°С- тан төмен суықтыққа кене шыдамайды, қырылып қалады.

Құс қораларында тауық кенелерін табу үшін саңылаулар мен жарықтардың шаңын жинап, шыны ыдысқа салып, аузын мықтап жауып қояды. Лабораторияда сақтықпен ішіне қағаз төселген, шетіне вазелин жағылған Петри тостағандарына жинаған тозаңды аз-аздан салып мұқият зерттейді. Суық кездерде тостағанды аздап жылытуға болады.

Бұл кенелермен тиімді күрес құстан босатылған қораларда жүргізіледі. Ол үшін қора ішін құс саңырағынан мұқият тазалап, ағаштан жасалған бұйымдарды сыртқа шығарады. Құс қора ішінде дератизация жүргізіледі, көгершін, қарлығаш және торғай сияқты құстардың ұяларын алып тастау қажет. Құс қораларын 2 рет 1-2% хлорофос ерітіндісімен, 0,5% карбофос эмульсиясымен, 0,5-1% ушхлорметафос-3 эмульсиясымен, 0,25-0,5% циодрин немесе дикрезил эмульсиясымен, 0,02% ДДВФ эмульсиясымен дәрілеу қажет. Дәріленген қорада кенелер бір бөлмеден екінші бөлмеге көшіп кетпес үшін дәрілеуді біртіндеп ең алдымен аналық құс тұрған және жұмыртқалайтын тауық тұрған бөлімшелерден бастайды, сонан соң акклиматизацияльщ бөлмені және топтастыру үйшіктерін дәрілейді.


АКАРИФОРМДЫ КЕНЕЛЕР

Саркоптоидоздар (қотыр аурулары)


Асаrіfоrmеs тегіне жататын ұсақ кенелер қоздыратын инвазиялық аурулар малдың төрт түлігінде түгел кездеседі. Бұл ауруларды ел арасында қотыр деп атайды. Қотырды малдың түлігіне байланысты қышыма, көнтек, қыршаңқы деп те атайды. Бірақ, ғылыми терминология бойынша қотыр түрлерінің аты оның қоздырғышының латынша атына байланысты.

Акариформды кенелер 3 тек тармағына жіктеледі: Sаrсорtіfоrmеs, Тrоmbidifоrmes, Оrіbаtеі. Саркоптиформды кенелер Sаrсорtоіdеа, Аnаlgеsоidеа - қауырсын кенелері, Туrоgliрһоіdеа - тироглифоидты кенелер тұқымдарына бөлінеді. Соңғы екеуі дәнді дақылдарда, ұнда шөпте және тағы басқа жем-шөп өнімдерінде тіршілік етеді. Саркоптоид кенелері Рsоrорtidае және Sаrсорtidае тұқымдастарына жіктеледі. Ал, Тrоmbidifоrmеs тек тармағы Dеmоdесidае тұқымдастығынан, Dеmоdех туысынан тұрады.

Мал-жануарлар қотырын саркоптоид кенелері қоздырады. Қотыр кенелері, иксодид, аргазид кенелеріне қарағанда, өте ұсақ кенелер. Олар мал-жануалардың тұрақты паразиттері.


Псороптоз (тері қотыры, көң қотыр)

Псороптоз - Рsоrорtidае тұқымдасына жататын, тері бетін мекендейтін кенелер қоздыратын қотыр ауруы. Бұл ауруға шал- дыққан малдың терісі қабынады, қышынады, арықтайды, жүні түседі, ал кейде өлім-жітімге үшырайды.

Рsоrорtidае түқымдасындағы кенелер Рsоrорtеs, Сһоrіорtеs және Оtоdесtеs деген 3 туыстыққа жатады.

Рsоrоріеs туысына жататын кенелердің дене тұрқы 0,8 мм. Олардың тұмсығы ұзын, теріні тесіп, малдың сөлін соруға икемделген. Төрт жұп аяқтары ұзын, жақсы дамыған. Бірінші, екінші және төртінші жұп аяктарында, ұзын және бунақталған тірекшелерінің ұшында сорғыш жабысқақтары бар. Бірақ еркек кенелерінің төртінші аяқтарында олар дамымаған. Жыныстық диморфизм жақсы дамыған. Еркек кенелердің арт жағында екі бүргігі бар, олардың әр қайсысында 4 тал қылшық бар, сондай-ақ жыныс жабысқағы бар. Ұрғашы кенелердің арт жағы дөңгеленіп біткен (14-сурет).

Әр мал түлігіне тән өз алдында бір қоздырғыш түрі болғанымен олардың морфологиясы, яғни құрылысы бір-біріне ұқсас. Псороптозды қойда Рsоrорtеs оvіs, ірі қарада Р.bоvіs, жылқы мен есекте Р.еguі, үй қоянында - Р.cunісulі түрлері қоздырады.

Қоздырғыштардың өсіп-өнуі. Рsоrорtіdае тұқымдасына жататын қотыр кенелері тұрақты паразиттер қатарына жатады, себебі олардың мекені және өсіп-өну ортасы тек жануарлар денесі ғана, қоршаған ортада олар тіршілігін аз-ақ уақыт сақтайды.

Ұрықтанған ұрғашы кенелер тері үстіне жұмыртқа салады. Әр жұмыртқа үстінде желім тәрізді зат болғандықтан олар теріге жабысып қалады. Ұрғашы кенелер күніне 1—2-ден, барльпы 60 шақты жұмыртқа салады. Жұмыртқадан 3-6 күннен кейін балаң кене шығады. Кейінгілерден 3-4 күннен кейін нимфа, яғни протонимфа пайда болады. Протонимфа 3-7 күннен кейін түлеп, екінші нимфа немесе телеонимфаға айналады, ал телеонимфаның имаго сатысына айналуына 2-3 күн керек.

Ұрғашы және еркек кенелердің өсіп-өнуіне әртүрлі мерзім керек. Қолайлы жағдайда еркек кенелер 14-16 күнде, ал ұрғашылары 18-20 күнде өсіп жетіледі. Ұрғашы кенелер салатын жұмыртқаның саны және олардан шығатын ұрпақтың дамып жетілуі тері маңындағы ауаның ылғалдылығына байланысты. Ыңғайлы жағдайларда бір жұп кенелер бір жыл ішінде миллиондаған ұрпақ береді.

Эпизоотологиялық деректер. Малдың әр түлігіне, қотыр кенелерінің сол мал денесінде мекендейтін түрі ғана тән. Қотыр кенелері сау малға ауру малмен жанасқанда жұғады. Сондай-ақ, ортақ жайылым, суат, қора және әр түрлі құрал-саймандар, әбзел, малшылардың киімі арқылы да жұғуы мүмкін, арық малға қотыр жұққыш келеді, себебі арық малдың терісі селдіреп жұқарады да, оны кене тұмсығымен оп-оңай теседі. Семіз малдың терісі тығыз және қалың болады. Сондықтан кененің өмір сүруіне ол қолайсыз. Қотыр мал арасына әсіресе ылғалды, жауында жылдары көбірек тарайды.

Псороптоз көбінесе энзоотия түрінде өтеді. Ауруға биязы және жартылай биязы жүнді қой тұқымдары бейім. Ауру күз және қыс айларында етек алады. Басқа шаруашылықтардан мал терісіне жабысып келген қотыр кенелері аз уақыт ішінде өсіп-өніп мал фермасына, тіпті бүкіл бір шаруашылық малына тарап кетуі мүмкін.

Патогенезі. Кенелер тері үстінде жорғалап, денесіндегі қылшықтарымен және аяқтарындағы жабысқақтарымен, сондай-ақ сөл соруға бейімделген ұзын тұмсықтарымен теріде орналасқан рецепторларды тітіркендіреді, сондықтан тері қышынады. Қышынған жерлерін жануарлар тісімен жарақаттайды, сілекейімен ылғалдандырады. Осының барлығы алғашқы ошақта кененің жылдам өсіп-өнуіне әсерін тигізеді. Терінің қышынуына кенелердің жарақатқа енетін улы сілекейі де әсерін тигізеді.

Ауру белгілері. Псороптоздың жасырын кезеңі 2-3 аптадай. Аурудың алғашқы сатысында қотырға шалдыққан тері қызарьш ісінеді. Сонан соң теріде түйіншектер пайда болады, біраздан кейін олар мөлдір экссудатқа толып күлдірейді. Кейінірек олардың іші іріңге толып пустулаға айналады. Мал қышыған жерлерін қасығанда күлдіреуіктерден қан аралас ірің ағып, қабыршақтанып қатып қалады. Қотырға шалдыққан мал қатты қышынады — бұл аурудың негізгі белгісі. Зақымданған жерлерінің жүні түсіп қалады.

Тері қотырына койдың шоқтығы, арқасы, белі және сауыры сияқты нағыз жүні қалың әрі ұзын жерлері шалдығады. Егер қой ауру басталғаннан кейін 6-8 апта емделмесе, қотыр мал денесіне түгел тарап, аяқтары мен бас терісінен басқа жері түгел зақымданады.

Ірі қарада тері қотыры мойынның екі жағынан, шоқтығынан және екі жақ бүйірінен басталады. Сонан соң зақымданған жер үлкейе түседі. Ескі ошақтарда тері қатпарланып, жүні түсіп қалады. Мал қасынғанда терінің әр жері жарылып, қаны шығып тұрады.

Жылқының қотырға жалы, шоқтығы, иығы шалдығады. Жылқы бұл жерлерін қабырғаға, бағандарға және тісімен қасып жарақаттайды. Аурудың екінші сатысында зақымданған жерлерінің жүні түсіп, дерматитке айналады.

Үй қоянының тері қотырына құлақ қалқанының ішкі жағы ғана шалдығады. Құлақ ішін қатпаршақтар басып кетеді. Ауру қоян ытыпыршып, аяқтарымен қүлағын қасиды. Еғер ауру асқынса ортаңғы және ішкі құлақ бөлімдеріне тарап, ауру қоянның басы қисайып қалады.

Диагнозы. Саркоптоидоз (қотыр) ауруларын анықтағанда оның сыртқы белгілеріне: қышыну, қасыну, терідегі қабыну өзгерістеріне, яғни қызару, ісіну, түйіршіктер және іріңді безеу де пайда болуы, жүннің түсіп, терінің қатпаршақтануы, т.б. мән беру керек. Сондай-ақ эпизоотологиялық деректерді де есепке алу шарт. Қотырдың етек алып, мал арасына таралатын мерзімі күзгі-қысқы маусым. Тек қана үй қоянында ғана қотыр жыл бойына кездесе беруі мүмкін.

Қотыр ауруларын нақты анықтау үшін микроскопиялық зерттеулер жүрғізу керек. Зерттелетін зат - ауру малдан алынған тері қырындысы. Ол үшін қандауырдың үшкір жағымен терінің сау және зақымданған жерінің шакарасынан қырынды алынады. Қы- рындының көлемі 0,5-1 см3-дай болуы шарт. Қырынды ішінен қотыр кенелерін табудың бірнеше әдісі бар.

1) Ауру малдан алынған қырындыны бактериологиялық тостағанға салып, қақпағын жабады да, қақпақ жағын төмен қаратып, термостат ішіне немесе ыстық (60°С) суға толы стакан үстіне қояды. 5-10 минут өткен соң тостағанның қақпағын қырындыдан босатып алып, микроскоп немесе күнтартқыш лупа арқылы зертгейді.

2) Шыныдағы қырындыға бірнеше тамшы керосин тамызып, үстін жапқыш шынымен жауып езгілейді де, микроскоппен кенелерді іздестіреді.

3) Шыныдағы қырындыны бірнеше тамшы 10% сілті ерітіндісімен жұмсартып, 10 минуттан соң қысқышпен аз-аздап алып, микроскоп арқылы зерттейді.

Емі. Ауа райына, яғни күннің ыстық-суықтығына байланысты әр түліктің қотырын емдегенде ьшғалды немесе қүрғақ әдістер қолданылады. Ылғалды әдісі тиімді және еңбекті (құрғақ әдіспен салыстырғанда) аз тілейтін әдіс.

Қой малын көбінесе арнаулы тоғытпада тоғыту әдісімен емдейді. Қотыр шығып жүрген шаруашылықтарда қоиды екі маусымда, яғни көктемде қои қырқылғаннан кейін және күзде (күздің жайма-шуақ жылы күндерінде) тоғыту жақсы нәтиже береді. Қой тоғытуға 0,05% неоцидол эмульсиясы қолданылады. Емдік мақсатымен қотыр кездесетін отарларда арасына 10-12 күн салып, екі рет тоғыту жақсы нәтиже береді.

Шет елдік дәрілерден соңғы жылдары ивомек қолданылып жүр. Ол қойдың әрбір 50 кг. тірілей салмағына 1 мл-ден тері астына (қолтықтағы) егіледі. Бұл дәріні қыста пайдаланған өте тиімді. Бутокс, протеид, байтикол дәрілерінің де емдік қасиеті өте жоғары.

Бұл акарацидтер буынаяқтыларға қарсы өте дарығыш. Акарицидтік дәрілерді емдік мақсатпен арасына 10-12 күн салып екі рет, ал сақтандьфу (дауа) мақсатымен 1 рет малды тоғыту немесе бүрку әдістері арқылы қолданады.

Ірі қара қотырын емдеу үшін коллиодты күкірттің 2% суспензиясы қолданылады. Бұл дәрі арасына 8-12 күн салып, екі рет бүркіледі. Күннің суық маусымында коллоидты күкіртген жасалған 3% дуст қолданылады. Сондай-ақ креолиннің 2-3% эмульсиясы немесе 1% хлорофос ерітіндісі 2-3 рет қолданылады. Бірен-саран малды күн суықта емдеу үшін соңғы жылдары бүріккіш ыдысқа толтырылған акродекс, циодрин, дерматозоль, псороптоз дәрілері қолданылып жүр. Оларды малдың зақымдалған жерінен 30 смдей қашықтықта үстап, бүріккіштің бас жағындағы түймесін басқанда, ішіндегі дәрісі аэрозоль болып шашылады. Шет елдік дәрілерден қотырға қарсы стомазан (1:200) ерітіндісі де жақсы нәтиже береді.

Жылқыны емдерде алдымен денесін жьшы сабынды сумен немесе 0,2% сілтілі содамен тазалап жуу шарт. Еғер қыста жылқыны 2-3% хлорофос дустымен емдесе, көктемде 1,5% хлорофос ерітіндісімен немесе коллоидты күкірттің 3% суспензиясымен арасына 10-12 күн салып, 2-3 рет бүркеді.

Үй қояны псороптозында ең жақсы нәтиже беретін камфора майына ерітілген 3% хлорофос ерітіндісі. Бұл ерітінділер көз түтікшесімен 1-1,5 мл мөлшерінде жьшыдай құлақ ішіне тамызьшады. Ем 7-10 күннен соң қайталанады. Сондай-ақ үй қоянының құлақ қотырын циодрин, дикрезил аэрозолдарымен де емдеуге болады. Аурудың жеңіл түрінде екі рет қолданған емнен үй қояны сауығып кетеді, ал ауыр түрінде емді арасына 7 тәулік салып үш рет қолданса да болады.

Алдын алу және күресу шаралары. Қотырды (Қышыма) болдырмас үшін, қой малын жылына екі рет акарицид дәрілерінщ біреуімен жазғытұрым және күзде тоғыту қажет. Сондай-ақ, мезгіл-мезгіл мал басын дәрігерлік байқаудан өткізіп отыру керек. Сырттан әкелінген малды 1 ай бойы оқшаулап бағып, оған үнемі малдәрігерлік байқау жасайды. Қотыр мал бөлек бағыльш, емделеді. Мал ішінен қотыр шыққан шаруашылықтан бірде-бір бас малды басқа жаққа шығаруға болмайды.

Қора-жай, құрал-саймандарды, киім-кешектерді әртүрлі физикалық және химиялық әдістермен мезгіл-мезгіл зарарсыздандырып отыру қажет.

Жайылымдар мен суаттарды, мал тұрған шарбақтарды биологиялық әдіспен зарарсыздандырады. Ол үшін қотыр шыққан жерді жазда 2,5 ай, ал қыста 5 апта пайдаланбайды, яғни ол жерге мал ұстамайды.

Қора-жайды қотыр кенелерінен тазарту үшін креолиннің 3- 5% ыстық эмульсиясын қолданады. Ал қотырдан өлген мал терісін 12% әк ерітіндісімен 6 сағаттай зарарсыздандырады. Сондай-ақ, қора мен аула ішін зарарсыздандыру үшін 5% сабынды-карбол ыстық ерітіндісі, күкіртті карбол қоспасының 3% ерітіндісі, 3% лизолдың ыстық ерітіндісі қолданылады.

Шет елдік дәрілерден қора-жайды зарарсызданыру үшін стомозан (1:210) ерітіндісі де бүрку арқылы қолданылады. Ерітіндіні жүмсау мөлшері 30-50 мл м2, яғни әрбір шаршы метрғе 30-50 мл стомозан (1:200) ерітіндісі жұмсалады.

Жануарларды сыртқа шығару (сату, басқа шаруашылыққа жіберу) тек қышымаға қарсы домдаудан кейін, мемлекеттік ветеринариялық инспектордың рүқсатымен іске асырылады.


Саркоптоз (қышыма қотыр)

Саркоптоз - қотыр ауруларының яғни саркоптоидоздардың бір түрі. Терінің жоғарғы эпидермис қабаты ішін мекендейтін, өте ұсақ Sагсорtеs туысына жататын кенелер қоздыратын, теріні қышытып дерматитке айналдыратын инвазиялық ауру.

Қоздырғышы. Бұл кенелер морфологиялық, яғни дене құрылысы жағынан бір-біріне өте ұқсас болғандығымен қатар, малдың әр түлігінде өзіне ғана тән түрлері мекен етеді. Sагсорtеs туысынан жылқыда - S.еqui, ірі қарада - S.bоvіs, қойда — S.оvіs, түйеде — S.саmеlі, шошқада — S.suіs, итте — S.саnіs түрлері кездеседі. Sагсорtеs туысы Sагсорtіdае тұқымдасына жататын кенелер өте ұсақ. Пішіні дөңгеленген, тұмсығы таға тәрізді, кеміруге бейім. Дене тұрқы 0,2-0,5 мм. Аяқтары қысқа, табандарында қоңырау тәрізді жабысқақтары бар. Олар ұрғашы кенелердің бірінші және екінші жұп аяқтарында, ал еркек кенелердің бірінші, екінші және төртінші жұп аяқтарына орналасқан (16- сурет).

Sаrсорtеs кенелерінің биологиясы да, яғни өсіп, өнуі де бір-біріне өте ұқсас. Кененің ұрықтанған ұрғашылары терінің эпидермис, яғни жоғарғы қабатынан ұзындығы 15 мм-дей жол жасап, олардың әр кайсысынын ішіне 2-8-ден жұмыртка салады (17-сурет). Бір ұрғашы кене небары 40-60 жұмыртқа салады. Жұмыртқадан 3-6 күннен соң балаң кене шығады да, 3-4 күннен кейін бірінші нимфаға, ал тағы бір 3—7 күннен соң ол екінші нимфаға айналады Соңғылар 2—3 күннен кейін ересек кенелерге, яғни имаго сатысына айналады. Терінің эпидермис астындағы қабатының көтеріліп өсуіне байланысты екінші, яғни телеонимфа тері үстіне шығып қалады. Мұнда еркек кенелермен шағылысқаннан кейін терінің басқа жеріне көшеді де, ұрғашы кенеге айналғаннан кейін терінің эпидермис қабатын тесіп, салынған жолға жұмыртқалай бастайды. Sаrсорtеs кенелерінің толық өсіп, дамуына 15—19 тәулік кетеді.

Өзіне жайсыз қоршаған ортаға түсіп қалған кенелер өсіп, өнбейді. Олар ыстық-суықтықтың және ылғалдықтың өзuеруіне өте сезімтал болғандықтан 15 тәуліктен соң-ақ қозғалымпаз қасиетін жоғалтып, жансызданады.

Эпизоотологиясы. Саркоптоз қотыры мал бір-бірімен жанасқанда жұғады. Әсіресе, малды ұзақ уақыт бір суаттан суарса немесе ортақ жайылымда жайса, қышыма қотыр тез тарайды. Бұл ауру негізінен, күз бен қыста шығады. Көктемде мал түлеп, жүні түскен кезде, мал котырдан бірте-бірте сауығып, саркоптоздың клиникалық белгілері жөнді байқалмайды. Бірақ бұл кезде Sаrсорtеs кенелері мүлдем жойылып кетпей дененің төменгі жағындағы тері қатпарларында бірен-саран сақталуы мүмкін. Күзде кенелердің өсіп, өнуіне қолайлы жағдаилар туады, жауын-шашын молайғанда қотыр кенелері тез көбейіп, ауруды қайта қоздырады. Сондықтан қышыма қотырына қарсы бағытталған күзгі шараларды мұқият және дер кезінде жүргізу қажет.

Қора қабырғасында және оның ішіндегі жабдықтарда қалып қойған қышыма қотыр кенелері қоршаған ортада өсіп, өнбейді, тек тіршілік қабілетін 3 аптаға дейін сақтайды.

Клиникалық белгілері. Қышыма қотырдың жасырын кезеңі 15-20 күн. Саркоптоздың алғашқы сырт белгілері малдың басында, көз маңында, тұмсығында байқалады. Жылқы мен шошқаның алдымен мойнында, жауырынында, сонан соң төс жағына тарап және құйрығының түбіне жайылады.

Түйенің қотырға мойны, сандарының ішкі жағы, бас терісі, аяқтарының жұлығы, бақайларының арасы шалдығады. Алғашқыда қотыр ошақтары қатты қышиды, сонан соң онда кішкене түйіншектер және іріңді бөртпелер пайда болады. Қышыған жерлерін мал қасиды, сондықтан зақымданған терісі жарылып кетеді. Терісі қатпарланып жүні түсіп қалады, мал арықтайды.

Ірі қара мен қойда саркоптоз өте сирек кездеседі. Саркоптозға негізінен қойдың бас терісі, ал мүйізді қараның бас және мойын терісі шалдығады.

Саркоптозды анықтау тәсілдері псороптоздағыдай. Бір ескертетін нәрсе Sаrсорtеs кенелері өте ұсақ және терінің ішін, яғни эпидермис қабатын мекендейді. Сондықтан теріден микроскопиялық зерттеу үшін қырынды алғанда, теріні қанды-сөл шыққанша тереңірек қыру керек.

Саркоптоздың емі мен дауа шаралары да псороптоз ауруындағыдаи.



Хориоптоз (тері жегіш қотыр)

Тері жегіш, яғни терінің үстіңгі эпидермис торшаларымен қоректенетін Сһоrіорtеs туысына Рsоrорtіdае тұқымдасына жататын қотыр кенелері қоздыратын саркоптоидоздардың бір түрі.

Қоздырғышы Сһоrіорtеs туысына жататын кенелердің пішіні сопақ, дене тұрқы 0,3-0,4 мм, тұмсығы теріні, яғни эпидермисті кеміруге бейімделген. Жақсы дамыған төрт жұп аяқтары бар. Ұрғашы кенелердің бірінші, екінші және төртінші жұп аяқтарына қысқа және бунақталмаган тірекшелерге орналасқан сорғыш жабысқақтары бар. Еркек кенелердің барлық аяқтарында сорғыш жабысқақтары жақсы дамыған (18-сурет).

Малдың әр түлігінде өзіне ғана тән Сһоrіорtеs кенелері өмір сүреді. Ірі қарада - Сһоrіорtеs bоvis, жылқыда - Сһ. equі, ешкіде Сһ.сарrае, қойда - Сһ. оvіs.

Бұл кенелер де өзінің өсіп, өніп дамуында мына сатылардан өтеді: жұмыртқа, балапан-құрт, протонимфа, телеонимфа және имаго.

Қой хориоптозы. Саркоптоидоздардың бұл түрі қотырға қарсы, алдын-ала сақтандыру шаралары жүргізілмейгін шаруашылықтарда кездеседі. Ең алдымен Сһоrіорtеs кенелері аяқтың тұсамыс буыны тұсын зақымдайды. Бұл араның терісі қайызғақтанады, қышиды, сонан соң қатпаршақтанып қалыңдайды.

Ірі қараның аяқтары құйрық түбі, кейде желін терісі зақымдалады.

Жылқының аяқтары (шаша тұсы) және санының ішкі жағы зақымдалады.

Ешкі хориоптозы сирек кездесетін ауру. Аурудың алғашқы белгілері аяқ тұсында ғана болып, кейбір жағдайларда дененің басқа бөліктеріне де тарайды. Ауруга шалдыққан жерлері қатты қышиды, терінің эпидермисі қатты қайызғақтанады және жүні түсіп қалады. Ешкі малын емдегенде, олардың тоғытуды ауыр көтеретінін еске алу шарт. Ем және дауа шараларын жүргізгенде ешкінің тұқымдасына дейін ескерген жөн. Себебі биязы жүнді ешкілер тоғытуға аса сезімтал келеді.

Хориоптозды анықтау, емдеу және дауа шаралары саркоптоидоздың басқа түрлеріндегідей жүргізіледі.



Ет қоректілердің отодектозы

Отодектоз - ет қоректілердің, яғни ит, мысық, түлкі және т.б. андардың құлақ қалқанының ішкі жағы және сыртқы есіту түтігінің іші зақымданатын қотыр ауруы.

Бұл аурудың қоздырғышы — Оtоdесtеs суnоsіs. Ол Рsоrорtidае тұқымдасына Оtоdесtеs туысына жатады.

Морфологиялық жағынан Оtоdесtеs туысына жататын кенелер Сһоrіорtеs туысындағы кенелерге өте ұқсас. Бірақ олардың төртінші жұп аяқтары жақсы дамымаған. Сондай-ақ, балапан кенелері мен протонимфа және телеонимфаларында мүлде болмайды.

Кененің денесі жалпиган, ұзынша-сопақ пішінді. Ұрғашысының дене тұрқы 0,3-0,5 мм, еркегі кішірек - 0,2-0,4 мм. Ұрғашысының 1 - және 2-жұп аяқтарының табанында жабысқақтары бар. Еркегінің 1, 2, 3- және 4-жұп аяқтарында жабысқақтары бар. Денесінің арт жағында жабысқақтары болмағанмен әрқайсысында екі қылшалы төмпешіктері бар. Тұмсығы қысқа дөңгеленген, кеміруге бейімделген. Жыныс диморфизмі жақсы дамыған.

Өсіп-өнуі. 9-10 тәулікке созылады. Олар мынадай бағдар бойынша көбейеді: жүмыртқй, балаң-кене, протонимфа, телеонимфа және имаго.

Эпизоотологиялық деректер. Отодектоз ит пен мысықтан басқа бағалы терілі аңдарда (түлкі, жанат тәрізді ит және т.б.) кездеседі. Инвазиямен көбінесе жоғарьща аталғандардың 1,5-айдан 4 айға дейінгі күшіктері зақымданады. Кейде ауру зілді түріне көшіп, ауырғандардың ішінен өлім-жітім көбейеді.

Кенелердің мекен ететін негізгі орындары: құлақтың сыртқы қалқаны, сыртқы есіту түтігі және дабыл жарғағы.

Ауру белгілері. Алғашқыда ауру ит пен мысықтың немесе аңның түгі реңсізденеді, құлақтарында қышу пайда болады. За қымданған құлақ іші қабынады және зақымданады. Ауру жану- арлар беймазаланады, басын шайқайды, шыңғырады, құлағын торға қасиды.

Кейде мұндай тынышсыздану тоқтайды да, біраздан кейін қайта басталады. Құлақ ішінен алынған қырындыда көптеген кене бары анықталады. Есіту түтігінен шыққан жалқаяқ қатып қалады, қатпаршақтанады. Есіту түтігінің терісінде уытты жаралар пайда болады.

Кейбір жағдайларда отодектоз іріңдеткіш микробтармен асқынады. Бағалы андардың дабыл жарғағы тесіліп кетуі де мүмкін. Мұндайда ортаңғы және ішкі құлақ бөлімдері, тіпті ми қабықтары да зақымдалуы мүмкін.

Диагнозы. Құлақтың ішкі жағының қабынып, қабыршақтануы отодектозға күдік тудырады. Ал қырынды ішінен тірі кенелердің табылуы диагнозды толық дәлелдейді.

Емі және дауа шаралары. Мына дәрілер жақсы нәтиже береді.

1) Камфора майына ерітілген 3% хлорофос қолданылады.

2) 5% никохлоран эмульсиясы да жақсы нәтиже береді.

3) Ивомекті аэрозоль түрінде немесе егуге болады. Цидектинде қолданылады. Емдеу 14 күннен соң қайталанады. Ем жұмысымен қатар қора-жайды дезакаризация шараларынан өткізу шарт.

Аурудың алдын алу үшін карантин шараларын жүргізу қажет. Асыл тұқымды бағалы аңдардың құлағы тексеріледі. Шағылыстыру алдында (қараша және желтоқсан айларында) барлық асыл тұқымды аңдардың құлағына 5% дикрезил суспензиясы 1,5-2 мл- ден енгізіледі. Ит пен мысықты аң фермаларына жолатпау керек. Отодектозбен ауырып сауыққан аңдарды жүні шығып болғанша сақтап, сонан соң союға жібереді.



Құс кнемидокоптозы

Кнемидокоптоз немесе аяқ қотыры жасы бірден асқан құстарда кездесетін ауру. Оны қоздыратын құс аяғының қауырсынсыз жерлеріндегі, мүйізді қабығы астында өмір сүретін өте ұсақ Кnеmidoсорtеs туысына жататын кенелер. Әдетте кнемидокоптоз тауықта кездеседі. Бірақ бұл ауру күрке тауықта, кептерде және т.б. құстарда кездесуі мүмкін.

Қоздырғышы. Асаrіfоrmеs тегіне, Аnаlgеsоidеа тобына, Кnеmіdосорtеs туысына жөне Кnеmіdосорtеs mutаns түріне жататын кенелер. Kn.mutans кенесінің дене тұрқы 0,5 мм, пішіні дөңгеленген. Ұрғашыларының арқа жағы шығыңқы ал құрсақ жағы жайпаңдау келеді. Тұмсығы таға тәрізді. Аяқтары өте қысқа, арқа жағынан қарағанда үшінші және төртінші жұп аяқтары көрінбейді. Ұрғашыларының табанында екі тырнақша тәрізді өсіктері бар.

Еркектерінің дене пішімі сопақ, арт жағында қылтанақтары бар. Еркек кенелердің аяқтары ұрғашьшарының аяқтарынан ұзындау келеді.

Өсіп – өнуі. Ұрықтанған ұрғашы кенелер балаң кенелер туады. Балаң кенелерден бірінші нимфа, ал бұлардан екінші нимфа шығады. Екінші нимфалардан имаго сатысындағы еркек немесе ұрғашы кенелер пайда болады. Ұрғашы кенелер өз өмірінде 6-8 балаң кене туады. Қолайлы жағдайларда кененің өсіп – өнуіне 20-26 тәулік керек. Қоршаған сыртқы ортада кенелер 5-7 тәулік өмір сүре алады.

Эпизоотологиялық деректер. Кнемидокоптоздың құсқа жұғуына оларды тығыз орналастыру ықпал етеді. Клиникалық белгілері анық жаз айларында байқалады.

Патогенезі. Аурудың қоздырғышы аяқтың қауырсынсыз жерлері қабыршақтарының астында өсіп, дамиды. Қабынған жерлер уыттынады. Одан шыққан дымқыл сұйық шаңмен араласып, құс аяқтары былғаныш сұр түске боялады. Қабыну және қышыну салдарынан құс аяқтарын шоқып тастайды, ауру асқынып аяқтары өлі еттенуге дейін барады.

Ауру белгілері кене жұққан соң 4-6 айдан кейін ғана пайда болады. Аяқтарының қауырсынсыз жерлерінде кірлі ақ қатпаршақтар пайда болады. Зақымданған жерлері қышығандықтан, құс аяқтарын шоқиды. Ауру көпке созылса, құс саусақтары өлі еттеніп, түсіп қалады. Диагнозы аурудың белгілеріне және зақымданған аяқтардан алынған қатпаршақтарды микроскопиялық зерттеулеріне, сондай-ақ олардан Кnеmidoсорtеs кенелерін табуға негізделген.

Емі, дауасы және күрес шаралары. Кнемидокоптозға жасы 6 айдан асқан құстарды түгелдей немесе ішнара қышынғандарын қарап отыру керек. Ауру құстар етке сойылады немесе емделеді. Егер шаруашылықтағы құс ішінде 10%-дан астамы ауруға шалдықса, мұндағы құс басы түгелдей өзгертіледі. Емдеу мақсатымен құстың аяқтарын 1 минутқа қайың қарамайына немесе нафталин мұнайына салып емдейді. 10 күннен соң осындай ем қайталанады. Ауруға бейім немесе жұғуға қауіпті деген топтардағы құстарды бір рет қана дәрілейді. Ауру шыққан құстарды далаға, арнайы бөлінген лагерге шығарып, құс қораны акарицидтермен дәрілеу қажет.

Сондай-ақ, құстарда осы туысқа жататын кенелердің Кn. lаеvіs деген басқа түрі де кездеседі. Ол тауықтың терісін зақымдайды. Қаламының түбі қайызғақтанып, қабыршықтанады. Қауырсындары сынады немесе түсіп қалады. Шаруашылыққа құс басын жинарда, барша құстарды карантинде ұстап, осы кезде оларды кнемидокоптозға зерттейді. Тері кнемидокоптозының сақтандыру шаралары да, аяқ кнемидокоптозындағыдай.



Жануарлар демодекозы

Демодекоз жануарлар мен адамда кездесетін тері ауруы. Бұл ауруға шалдыққан жануарлардың ең алдымен терідегі түк баданасы мен май бездерін Dеmоdех туысына жататын өте ұсақ кенелер зақымдайды, сонан соң дерматит, гиперкератоз белгілері байқа- лады, жануарлар арықтайды.

Қоздырғышы. Терінің ішкі қабаттарында өмір сүретін ұсақ, денесі ұзьшша пішінді кенелер. Олар Frоmbіdіfоrmеs тек тармағына Dеmоdіcіdае тұқымдасына, Dеmоdех туысына жатады. Малдың әр түлігінде өзіне тән түрлері бар: ірі қарада - Dеmоdех bоvіs, жылқыда - D.еquі, шошқада - D.рһyllоіdеs, қойда D.оvіs, итте - О.саnіs және т.б. Ауру әсіресе итте, ірі қарада және шошқада ауыр өтеді.

Dеmоdех туысына жататын кенелер морфологиялық құрылысы жағынан бір-біріне өте ұқсас. Дене пішіні қүрт тәрізді. Бас-кеуде және құрсақ бөлімдері ұласқан. Түсі ашық-қоңыр, сыртқы қабығында көлденең жолактар байқалады бұл көлденең катар болып жатқан ұсақ қалқаншалар.

Ұрғашыларының дене тұркы 0,3 мм, еркегі кішірек - 0,2 мм, ені 0,06 мм. Тұмсығы жақсы дамыған таға тәрізді. Аяқтары кысқа, үш буылтықты, тырнақшалары бар. Балаң кенелерінде аяқ орнында 3 жұп төмпешіктері бар (20-сурет).

Қоздырғыштың өсіп-өнуі. Ұрықтанған ұрғашылары ұршық тәрізді не сопақ жұмыртқаларын салады. Жұмыртқадан 4-6 тәуліктен соң, балаң кенелер шығады. Ал 6-9 тәуліктен кейін балаң-кенелер протонимфаға, онан соң 5-8 тәулік телеонимфаға, ал тағы 8-10 тәуліктен соң имагоға айналады. Бір ұрпақтың толық өсіп, өнуіне 25 - 30 күн керек.

Өсіп, өнуінің барлық сатылары түк баданалары мен май бездерінде өтеді, олардың ішінде кенелер тез көбейіп, колониялар түзеді. Мысалы, бір сиырдың үстінде 4 мыңға жуық колония, ал олардьщ әр біреуінің ішінде әр даму сатыларындағы 5 мындай кене болуы мүмкін. Денеден сырт жерде 34-40°С жылылықта кенелер 9 күндей тіршілігін және қозғалымпаздығын сактайды

Демодекоз ауру мал сау малмен жаңасқанда және ластанған қоршаған ортадағы заттар арқылы жұғады. Ауруға жас мал бейімдеу келеді.



Ірі қара демодекозы

Бұл ауру Ресейдің солтүстік батыс аймағында көбірек тараған. Қазақстанда демодекоз жергілікті сиыр тұқымдарында болмайды. Батыс елдерінен әкелінген малда болуы мүмкін. Демодекоз 6 айдан асқан жанураларда негізінен көктем және жаз айларында кездеседі. Бұл кезеңде ересек кенелер өзінің өсіп, өнген жерлерінен тері үстіне шығады.

Патогенезі. Демодекс кенелері түк баданалары мен май бездерінде көбейіп, оларды атрофияға шалдықтырады. Сондықтан терінің физиологиялық қызметі бұзылады. Сондай-ақ, жануарлар денесінде кенелердің метаболизм өнімдері жиналады. Басқа да микробтар дүниесінің дамуына жағдай туады.

Ауру белгілері. Ауру малдың мойнында, жауырында, кеудесінде және арқасында үлкендігі бұршақтай бұдырмақтар (томпешіктер) пайда болады, олардың диаметрі 2-10 мм-дей, сипап көргенде өте қатты және тығыз келеді. Кейінірек бұл төмпешіктер жұмса- рып, олардың төбесі тесіліп қанды ірің пайда болады, қысқанда ішінен ақ балауыз тәрізді зат шығады. Зақымданған жерлердің түгі алғашқыда ширатылып, кейіннен түсіп қалады. Тері қалындайды, бірақ қышу болмайды.

Патанатомиялық өзгерістер. Терінің іш жағынан жақсы байқалатын сұр заты бар тығыз ошақтар табылады. Терінің гистологиялық кесінділерін зерттегенде түк баданалары мен май бездерінің кеңейгендігі және қабырғаларының зақымданғандығы, сондай-ақ эозинофилдерден, лимфоциттерден және гистиоциттерден құралған ошақты инфильтраттар кездеседі.

Диагнозын клиникалық және эпизоотологиялық деректер негізінде қояды. Оны анықтай түсу үшін төмпешіктерді кан алғыш инемен тесіп, ішіндегісін микроскоп арқылы зерттеу қажет. Ол үшін алынған жадығатқа екі есе керосин немесе вазелин майын, олар болмаса 10% ас тұзы ерітіндісін қосып, мұқият араластырады да, «езілген тамшыларын» микроскоп арқылы кіші немесе орташа үлкейткішімен қарайды. Тірі кенелерді өлгендерінен ажырату үшін төсеніш шыныны аздап жылжыту шарт.

Емі. Қоздырғышқа дәрі тікелей дарыса, олар тез өліп қалады, бірақ қоздырғыштың тері ішіне мекендеуі оны химиялық заттардан қорғайды. Сондықтан демодокозбен ауырған жануарларды емдеу өте қиынға соғады.

Демодекоз шыққан шаруашылықтарда жануарларды бүрку әдісімен немесе дәріні шашамен жағып емдейді. Емдік мақсатымен 0,5%-ды дикрезил эмульсиясын, 1%-ды хлорофос ерітіндісін қолданады. Жануарларды әрбір 4-5 күн сайын 5-6 рет дәрілеу қажет. Сонда ғана ауру белгілері бірте-бірте жоғалады. Сырттан қолдануға 0,5% корал, 1,5% карбофос, 0,2% этафос жөне 5% гордон эмульсиялары тиімді. Сондай-ақ 0,2% г/кг мөлше- рінде тері астына егілетін ивомек те жақсы нөтиже береді.

Жоғарыда аталған эмульсиялар мен ерітінділер әр жануарға айларында кездеседі. Бұл кезеңде ересек кенелер өзінің өсіп, өнген жерлерінен тері үстіне шығады. 2-3 л есебінен қолданылады. Жануарларды осындай дәрілеу олардың организмінде ешбір жанама құбылыстарды туғызбайды. Қандағы холинэстеразаның дарынсыздығы 30-38%-дан аспай және әрбір дәрілеуден кейін 3-4 тәуліктен соң қалпына келеді. Ауруға шалдыққан жерге жергілікті ем де қолдануға болады. Демодекоз колониялары шоғырланған жерге арасына 4-5 күн салып, 3-4 рет «Акродекс» және дерматозолъ аэрозольдары қолданылады, бірақ мұндайда бүкіл тері жабынын дәрілеуді де естен шығармау шарт.

Дауасы. Ай сайын жануарларды клиникалық байқаудан өткізу және демодекоз бүдырмақтары түзілетін жерлерін сипау арқьшы зерттеп отыру қажет. Кейде бұл бұдырмақтардан жадығат алынып, микроскоп арқылы тексеріледі. Ауру шыққан жағдайларда осы топты түгел оқшаулап емдеу шарт. Ауру жұғуы күдікті жануарларды сақтандыру мақсатымен арасына 9-10 күн салып, екі рет акарицидтермен дәрілеу қажет.

Жануарлар денесіндегі кенелерді қырумен қатар мал қораларын және ауру мал жанасқан жабдықтарды да 1%-ды хлорофос немесе дикрезил ертіндісімен 200 мл м2 мөлшерінде бүркіп дәрілейді. Сондай-ақ малдың күтімі мен азықтандыруын жақсарту шарт. Шек қою шараларын, сақтандыру жүйелерін жүзеге асырғаннан соң және теріні зерттеп, тірі кенелер таба алмаған жағдайда ғана алуға болады.



Ит демодекозы

Демодекоз ит тұқымдастары арасында өте жиі кездесетін қотыр ауруы. Оған әсіресе, ергежейлі пинчерлер, той-терьерлер, боксер тұқымдас иттер, шығыс-европалық қасқыр иттер және т.б. шалдығады. Демодекоз 2 айлық, әсіресе 6 айдан 2 жасқа дейінгі күшіктерде жиі кездеседі. Ауру жер жүзінің барлық елдеріне тараған.

Қоздырғышы - Dеmоdех саnіs, өзінің құрылымы және өсіп-өнуі жағынан, осы туыстықтағы кенелермен өте ұқсас. Бірақ демодекоздың ауыр түрінде демодекс кенелерін иттің сөл бездерінен, ішек қабырғаларынан, бауыр, талақ және бүйрек ұлпасынан табуға болады.

Ауру белгілері. Аурудың иттерде қабыршақты (жеңіл) және іріңді безеулі (ауыр) түрлері болады. Алғашқыда кенелер қабақ доғасы, ерін, бет, мойын, шынтақ тұсындағы теріні мекендеп, сонан соң басқа жерлеріне тарайды. Кене мекендеген ошақтардың түгі түседі, терісі қызарады, қалыңдайды, тыржияды, кебек төрізді қабыршақтар пайда болады, кейде тері жарылып, үстіне қан шығады. Терінің қышуы әдетте білінбейді немесе өте әлсіз. Іріңді безеулі түрінде іші қабыну өнімдеріне, кенеге және іріңдеткіш микробтарға толы бұдырмақтар пайда болады. Бұдырмақтың үстіндегі тесік аркылы сыртқа шыққан жалқаяқ кеуіп қалады. Тері қызарып қатпаршақтанады, асқынған жағдайларда одан қолайсыз иіс шығады. Ауру иттерде қан аздық дамып, арықтауы үдей түседі. Олар әбден титықтап, арықтап, созылмалы сепсистен өледі.

Диагнозы. Микроскоп арқьшы терінің терең алынған қырындысын зерттеп, одан демодекс кенелерін табуға негізделген.

Емі және дауа шаралары. Емі тері үстіндегі кенелерді жоюдан басталады. Ол үшін жануарларды К сабыны эмульсиясымен, 1% хлорофос ерітіндісімен және т.б. жуу керек. Сондай-ақ, ауру иттің азығын жақсарту, үйшік ішін және күтім жабдықтарын кенеден арылту үшін дәрілеу шарт.

Аурудың жеңіл түрінде, яғни денеде 1-3 ошақ қана болса, терінің түгін қырқып, терінің бензинге, эфирге немесе ацетонга шыланған тампонмен сүртіп, 14% йод тұндырмасын жағады немесе «Акродекс» және дерматозолъ аэрозолдарымен емдейді. Қабыну қүбьшысын азайту үшін 3 күннен соң, осы жерлерге Вишневский сүртпе майын жағу керек. Емді арасына 5-6 күн салып, 2-4 рет қайталау қажет.

Демодекоздың ауырлығы орташа түрінде де, яғни ит денесінің әр жерінде 3-5 ошақтан болса, осыған ұқсас ем шаралары жүргізіледі. 2% хлорофос ерітіндісі немесе 1% корал, байтекс эмульсиясы мақта тампонымен теріге сіңіріліп жағылады.

Иттерге жалпы ем жүргізу үшін 0,025 г/кг мөлшерде ішке хлорофос беріледі. Бұл ем 5-6 дүркін, арасына 5-6 тәулік салып жүргізіледі. Сондай-ақ тері астына 0,2 г /кг мөлшерінде ивомек 35 рет, арасына 7-10 күн салынып егіледі. Күретамыр арқылы 0,5- 1 мг/кг мөлшерінде 1% трипансин де, арасына 3-6 тәулік салып егілгенде жақсы нәтиже береді.

Демодекоздың ауыр түрінде емдеу өте қиынға түседі. Ең алдымен жануардың тері үстіндегі және ішкі мүшелеріндегі кенелерін жою керек. Ол үшін әрбір 5-6 күн сайын жануарды 2% хлорофос ерітіндісімен жуып, оны ішке де береді. Сонан соң зақымданған ошақтарға (Акродекс) дерматозоль аэрозолдарын немесе Вишневский сүртпе майына 2-3% дикрезил қосып жағады. Мұндай емді аурудың клиникалық белгілері жойылғанша қолданады.


Малды қарақұрт шағуы


Қазақстанның оңтүстік аудандарында малды қарақұрт шағуы кейбір жылдары жиі кездесіп тұрады. Қарақұрт уы қойдан басқа түліктің баршасына өте қауіпті.

Қарақұрт уы адамға да өте қауіпті. Қарақұрт шаққан адамның дене қызуы шүғыл төмендейді, адам қара терге түседі, соңынан жүрегі салдануы мүмкін.

Қарақұрттың көзге әрең ілінетін бір тамшы уы, санаулы ми- нут ішінде төрт есекті өлтіруге күші жетеді.

Қарақұрт буынаяқтылар - Аtһrороdа топтамасына өрмекші тәрізділер - Аrасһnоidеа классына, өрмекшілер - Аrаnеіnа тегіне және Lаtһrоdесtus trеdесіmguttatus түріне жатады. Қарақұрт деген қазақша аты ғылымға атау ретінде енген.

Морфологиясы және биологиясы. Қарақұрттың дене тұрқы 1,5-2 см-дей. Оның уы өте қатерлі, тіпті түйе сияқты ірі малдардың өзін де жығады. Ұрғашылардың мінез-құлқы да өте озбыр. Ұрықтанып, ұрпақ берер алдында өз еркегін аяусыз өлтіреді. Сондықтан, оны «қара жесір» деп атаған. (21-сурет).

Қаракұрттың бас бөлімі кеудесімен ұласқан, содан кейін кұрсақ бөлімі келеді. Жақ қармалауыштарында (педипальпаларында) күрделі шағылыс мүшелері бар. Бас, кеуде бөлімінің жоғарғы жағында 4-тен орналасқан екі қатар көздері бар. Денесінің төменгі қарын жағында 4 жұп буылтықты аяқтары және олардың алдыңғы жағында бір жұп қармалауыштары бар. Жоғарғы жақтың (хелицерлердің) өткір тырнақшалары төмен қарай иілген. Хелицерлердің түп жағында улы бездері бар, ал олардың өзегі тырнақшалардың ұшынан ашылады.

Қарақұрт уының қой түлігіне ешбір әсері жоқ. Қой оларды шөппен бірге жеп қоюы да мүмкін. Бұл жағдай осы күнге дейін ғалымдарға жұмбақ болып келеді. Қарақұрт мамық жүнді піллә ішіне бірнеше жүз (100-700) жұмыртқа салады. Бір ұрғашы қарақұрт 2-14 піллә тоқиды. 5-7 күннен соң, жұмыртқадан балаңқарақұрттар шығып, піллә ішінде қыстайды. Осы кезде оның уы өте күшті болады. Қараңғыда олар мал мен адамға көбірек шабуылдайды. Сондықтан оларды медициналық мақсатпен түнде де аулайды. Көп дамыған жылдары әр м2 жерге 7 қарақұрттан келеді. Қарақұрттар аз жылдары оларды арнаулы инсектарийлерде сақтап, қыс айларында 2-3 рет «сауып», уын жинап алады.

Дауа шаралары. Ерте уақыттан-ақ адамзат ұсталған улы жәндіктердің тұндырмасын олардың шағуына қарсы қолдана бастаған. Қазіргі кезде де осы халық тәжірибесіне негізделген «каракуртин» деген қан сары суы жасалынды. Бұл өте тиімді және қолдану мерзімі өте ұзақ дәрі. Каракуртин дәрісі малға да, адамға да қолданылады. Оны жасау үшін қарақұрттың уы қажет.



Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
2 ұстаз жүктеп алған
22.12.2017
1452
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі