400 000+ дайын материалды
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар және авторлық материалдар
4 990₸/ 1 жыл
🔥Арнайы баға ·10.12.2026 дейін
Одан кейін - 29 990 ₸
Бір рет төлейсіз · Автотөлем жоқ
Тақырып бойынша 31 материал табылды

Ашық сабақ: Адалдық - адамдықтың белгісі 9 сынып

Материал туралы қысқаша түсінік
Өзін-өзі тану мұғалімдеріне сабақ жоспарымен бөлісу
Материалдың қысқаша нұсқасы

Мұғалім: Ескенова А. Т.

Мектеп: Қазақ мектеп-гимназиясы

Тақырып: Адалдық - адамдықтың белгісі Сабақ №15

Құндылық: Ақиқат

Қасиеттер: әділдік, шыншылдық, адамгершілік. 

Сынып: 9

Оқушылар саны: 24


Сабақ мақсаты: Оқушыларға адалдық ұғымын түсіндіре отырып, ақиқат құндылығының мәнін ашу.

Міндеттері:

1. Оқушыларға адалдықты өмірде қолдана білудің маңыздылығын түсіндіру.

2. Оқушылардың бойында әділдік, шыншылдық қасиеттерін дамыту.

3. Оқушыларды әділ, шыншыл, адамгершілікпен өмір сүруге тәрбиелеу.

Ресурстар:(құралдар, мәлiметтер)

Мұғалімдерге арналған әдістемелік құрал, оқулық, ғаламтор желісі, АКТ, А3 қағазы, маркер.

Сабақ барысы:

  1. Ұйымдастыру кезеңi. Тыныштық сәті. «Нұрға бөлену».

Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз, қолыңызды тізеге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін (баяу әуен ырғағымен)

Елестетіп көріңіз: Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан. Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын таза, әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңызды, тілек қалауыңызды шайып, жүрегіңіздің қауызын ашты.

Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз. Ол біртіндеп күшейе түсуде. Ойша осы нұрды қолдарыңызға бағыттаңыз. Сіздің қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, тек ізгі істерді істейді және баршаға көмектеседі.

Нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады.Олар нұр мен махаббат құралына айналды.

Одан әрі Нұр сіздің аузыңызға, тіліңізге тарады.Тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздер ғана айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді.

Нұр көзімізге де жетті. Көзіміз тек жақсыға қарап, бәрінен жақсылықты ғана көреді.Сіздің басыңыз түгелдей нұрға бөленіп, басыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді.

Нұр бірте-бірте қарқынды және шұғылана бастайды, сіздің денеңізден шығып, жан-жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туысқандарыңызға,мұғалімдеріңізге,достарыңызға,

таныстарыңызға бағыттаңыз. Нұрды уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз.Олардың да жүрегі нұрға толсын.

Осы Нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан- жануарларға, өсімдіктерге, тірі жанға таралсын... Ғаламның барлық түкпір-түкпіріне нұр бағыттаңыз.

Ойша айтыңыз: «Мен Нұрлымын...Нұр менің ішімде... Мен - Нұрмын»

Осындай Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде отыра тұрыңыз...

Енді осы Нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде.Оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз.

Ойша нұрға бөленгеннен кейін жайымен көзіңізді ашуға болады. Рахмет!

Оқушылармен тыныштық сәтінен алған әсерлері туралы пікір алмасу.


«5 Т» ережесін еске түсіру

  • Тәртіп

  • Талап

  • Тыныштық

  • Тазалық

  • Татулық

  1. Үй тапсырмасын тексеру.

№14 сабақ. 85 бет 2-тапсырма

Өзіңіздің қандай екеніңізді білу үшін, өзіңізге сыни көзқараспен қараңыз. Мына сұрақтарға жауап беріңіз:

  1. Менің мінезімнің күшті жақтары қандай?

  2. Менің мінезімнің осал жақтары қандай?

  3. Басқаларды мен қалай қабылдаймын? (оң, теріс)

  4. Мені қанаттандыратын не?

  5. Мені не қобалжытады?

  6. Менің туған-туыс, достарыммен қарым-қатынасым қандай?

  7. Мен қиындықтар мен шиеленіскен қарым-қатынасқа қалай қараймын?

  8. Мен қарым-қатынас жасайтындармен өзімді әр түрлі ұстаймын ба, онда менің адамгершілік қағидаларым өзгере ме?


№15 сабақ. 86 бет С. Сейітовтың «Шындық шырайы» өлеңін жаттау.

Сабақ барысын талдау:

  1. Дәйексөз.

«Ақиқат жол – жөнекей жұлып ала салатын гүл емес,

Ол ұзақ жолдың түпкі мақсаты».

Гераклит

3.1. Дәйексөзді оқыту.

3.2. Дәйексөзді дәптерге жазу.

3.3. Мағынасын ашу

  1. Ақиқат шыңына қалай қол жеткіземіз?

  2. Ақиқат қандай болады?

  3. Әр адам ақиқатпен өмір сүруге бола ма?


Гераклит (б.з.д.535 – c. 475ж.) антикалық филсофияның бірегей өкілдерінің бірі, Эфес мектебінің ұстазы, Сократқа дейінгі философияның көшбасшыларының бірі. Ол диалектикалық ойлау дәстүрінің негізін салған ойшыл. Табиғат философиясы дәстүрін жалғастырушы. "Логос", "От", "Ағын", "Қайшылық" ұғымдары арқылы өзінің онтологиялық философиясын қалыптастырған. Оның мағынасы терең нақыл сөздері бүгінге дейін айтылады. Ақсүйек болса да, бірақ мінезі тұйық, мұңлы жүзді болғандықтан, әсіресе жазған, айтқан сөздері астарлы, күрделі, сырлы болып келетіндіктен замандастары оны Тұңғиық әулие деп атаған екен.


4. Әңгімелеу. 87-88 бет Зейін Шашкиннің «Темірқазық» әңгімесі.

...Қайдар машинадан түсіп, шалға сәлем берді. Мақыш одырая қарады да, таныған адамдай, жымиып қолын созды.

  • Әліксалам, балам! Түсің жылы екен, жақсылық іздеп жүрген бала

емессің бе?

- Әрине ата, жақсылық іздеп келдім осы ауылға!

- Лебізің тәуір, сенейін, балам, айтшы маған: өмірде не жақсы? – деді Мақыш шегір көзін шақита қарап. Қайдарға бұл сұрақ ескі ауыз әдебиетінен алынған жасанды сұрақ сықылды көрінді. «Тегі, ақын болам деп, бола алмай қалған шал боп жүрмесін!».

- Өмірде жақсылық көп қой, ата! Қайсыбірін атай берейін.

- Олай емес, балам. Мен өмір бақи жақсылық іздеп келдім.

- Я таптыңыз ба?

- Әлбетте. Таппасам, сұрамаймын ба? Қазіргі жастар нені жақсылық деп ұғады екен, соны білгім келеді. Әсіресе өзің сияқты, оқыған, машина мінгендері.

- Айтыңыз, мүмкін, біз албырттықпен білмейтін де болармыз.

- Я, балам, ол ақиқат. Жақсылық аяқ астында оралып жүр, соны көрмейсіңдер. – Мақыш сөзін шұбырта, қисса оқығандай, өзгеше мақаммен айтады. Шоқша бурыл сақалын тұтамдай ұстап, «айтайын ба, айтпайын ба?» дегендей, қобалжып барып сөзін аяқтады. – Дүниедегі жақсылық – адалдық деп білем! Адалдық – өмірдің Темірқазығы. Бұрынғы заманда айдалада, қара түнде жолаушы жұлдызға қарап жол табатын еді, сол сияқты өмірдің Темірқазық жұлдызы – адалдық екен! Арамдық жақпайды. Түбінде сол алдыңнан бір шығады. Айтарым осы.

Сұрақтар:

1. Әңгіме не туралы?

2. «Адалдық – өмірдің Темірқазығы», — деп неге айтады?

3. «Адалдық – адамдықтың белгісі» — дегенді қалай түсінесіңдер?

4. Адалдық қандай әрекеттен қандай жағдайда көрінеді?

5. Сенің өміріңде жалғанның шындыққа айналған кезі болды ма?



5. Шығармашылық іс-әрекет. Топтық жұмыс.

5.1. Оқушыларды құндылықтар атауы бойынша топқа бөлу.

5.2. Топтық жұмысты түсіндіру.

5.3. Тапсырмаларды орындау, қорғау.

5.4. Топтық жұмысты қорытындылау


1-тапсырма

1-топ (постер қорғау) 

Тақырып: «Қазіргі қоғамда адал адамдар азайып бара жатқан жоқ па?» осы тақырыпты оқушылар сурет арқылы ашу керек.

2-топ «Адам болам десеңіз...» тақырыбына эссе жазу. 

3-топ Адалдық туралы мақалдар мен нақыл сөздер жазу. (түймедақ жасау)

4-топ «Адамға ең керегі...» тақырыбына өлең құрау


2-тапсырма (жағдаяттар шешу)

Жағдаят 1 
Сіз үйіңізден маңызды кездесуге бет алғаныңызда, кенеттен телефон шылдырлайды. Телефон шалып тұрған сіздің ең жақын досыңыз, өзінің сәтсіздікке душар болғанын хабарлайды. Сіз не істемексіз, досыңызға көмек беруге ұмтыласыз ба, әлде өзіңіздің маңызды шаруаңызға бет аласыз ба?

Жағдаят 2

Ажар мен Алмагүл сабақтан келе жатыр еді. Ажар жарнамадан жаңа фильмнің басталғанын көріп: - Менің қалтамда апам “Самса алып жерсің” деп берген ақша бар. Кеттік, кино көрейік, - деді. 
Алмагүл: 
- Үйден сұранып шыққан жоқпыз, іздеп қалады ғой - деп, іркіліп қалды. 
- Ештеңе етпес, “мектепте болдық”деп айта саламыз. 
* Ажардың ұсынысына сен қалай жауап берер едің? 

Жағдаят 3

Меруерттің көңілі ештеңеге толмайды. Тіпті ол бәйек болып жүретін ата - анасының, жақындарының мейірімі мен қамқорлығын сезінбейді де. Меруерт өзінің бұл қылығына еш қиналмайды. 
Меруерттің немқұрайлылығының себебі неде? 
Меруерттің бойында қандай қасиеттер жетіспейді деп ойлайсыңдар?

Жағдаят 4

Сен сабаққа дайын емессің, бірақ оның белгілі себептері бар. Мұғалім саған жаман баға қойды. Әділ екеніңді өз тарапыңнан қалай дәлелдер едің?


Жұптық жұмыс. 89-бет Жаңа ақпарат (Адалдық сөзіне анықтама жазу)

Оқу ақпараты. (жаңа ақпаратты оқып, адалдық сөзіне анықтама беру дәптерге)

Ары таза адал адам мәнді өмір сүреді. Оның ішінде Отанына, отбасына, қоғамға адалдық адамның өзіне, өзгеге, болашаққа деген сенімін арттыра түседі.

Адалдық әр адамның өзін де, өзгені де сыйлауын көрсетеді.

Адалдық бар жерде адам өзіне де, өзгеге де шындықты айтады, оны айту ауыр болғанда да ол тартынбайды. Адал болу тек қана өтірік айтпау емес, шындыққа ешбір қалтықсыз сену.

Адалдық біздің жан дүниемізден басталады. Ол адами қарым-қатынастан және іс-әрекетімізден көрінеді. Адал адамға сенім артуға болады, оның қандай жағдайда да бұлтақтамай, сөзінен таймай, берген уәдесінде тұратынына күмән келтіруге болмайды. Адалдығы бар адамның рақымы да мол болады.


6. Топпен ән айту.

Әке - Ана

Жанашырым ана - дара шыным ана

Бар асылым ана шуағымсың

Бағбанымсың әке, зор бағымсың әке

Қорғанымсың әке шырағымсың

қайырмасы:

Ана - аяулым өзіңмен мақтанамын

Ана - мен сені Меккеге апарамын

Ана - баланың қолдаған бақ талабын 

Бұлағымсың.

Әке - бір жылы сөзіңе шаттанамын

Әке - мен сені Меккеге апарамын

Әке - биікке самғайды баптағаның

Шынарымсың әке.

 

Өмір берген маған, көңіл бөлген маған

Сенім берген маған ай күнімсің.

Қамқорларым дана - сүйенішім дарам

Әке менен ана байлығымсың.

қайырмасы:

Ана - аяулым өзіңмен мақтанамын

Ана - мен сені Меккеге апарамын

Ана - баланың қолдаған бақ талабын 

Бұлағымсың.

Әке - бір жылы сөзіңе шаттанамын

Әке - мен сені Меккеге апарамын

Әке - биікке самғайды баптағаның

Шынарымсың әке.

қайырмасы:


7. Үй тапсырмасы

  • № 16 сабақ. 89 бет тапсырма.


8. Сабақтың соңғы тыныштық сәті

Баяу музыка қосылады

Тыныштықта бүгінгі сабағымызды есімізге түсірейік. Бүгінгі сабағымыздан алған әсерімізді жүрегімізге түйейік. Әр уақытта шындықты айтып, ақиқатқа көз жеткізейік.





Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
6 ұстаз жүктеп алған
20 ақпан
2117
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі