400 000+ дайын материалды
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар және авторлық материалдар
4 990₸/ 1 жыл
🔥Арнайы баға ·10.12.2026 дейін
Одан кейін - 29 990 ₸
Бір рет төлейсіз · Автотөлем жоқ
Тақырып бойынша 31 материал табылды

Ашық сабақ Достық айнасы 8Ә сыныбы

Материал туралы қысқаша түсінік
Өзін -өзі тану пәнінен 8 сынып оқушыларымен өткізген ашық сабағым пән мұғалімдеріне көмек , жұмыс тұрлері ұсынылады
Материалдың қысқаша нұсқасы

Бекітемін: _______________

«____»______________________

Пәні: Өзін – өзі тану

Мектебі: №202

Күні: 20.11.2018ж.

№: 11

Мұғалімі: КурманбаеваС

Сыныбы: 8Ә

Оқушылардың саны:

Тақырыбы: Достық айнасы

Құндылығы: Сүйіспеншілік

Қасиеттері: Адамдарға риясыз қызмет жасау, шынайылық, жанашырлық.

Мақсаты: Оқушылардың достық туралы түсініктерін кеңейте отырып, сүйіспеншілік құндылығының мәнін ашу.

Міндеттері:

  1. Білімділік: Оқушыларды айналасындағы адамдарға риясыз қызмет жасауға үйрету.

  2. Дамытушылық: Оқушылардың бойындағы жанашырлық қасиеттерін дамыту.

  3. Тәрбиелік: Оқушыларды шынайылыққа тәрбиелеу.

Ресурстар:

(материалдар, дереккөздер)

1.

Сабақтың барысы:

  1. Ұйымдастыру кезеңі.

5Т – ережесі:

1. Тәртіп.

2. Талап.

3. Тыныштық.

4. Тазалық.

5. Татулық.
Балалар ережені есімізге түсіріп, сыныптың тәртібін сақтап, оқып - білуге талаптанып, тыныштықты орнатып, тазалықты сақтап, бүгінгі күнімізді татулықпен өткізейік.

Тыныштық сәті. «Нұрға бөлену».
Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ - қолыңызды айқастырмаңыз, қолыңызды тізеге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.
Елестетіп көріңіз: Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан. Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын таза, әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңызды тілек қалауыңызды шайып, жүрегіңіздің қауызын ашты.
Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз. Ол біртіндеп күшейе түсуде. Ой мен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз. Сіздің қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, тек ізгі істерді істейді және баршаға көмектеседі. Нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббат құралына айналды.
Одан әрі нұр сіздің аузыңызға, тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындық ты және жақсы, ізгі сөздер ғана айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көзімізге де жетті. Көзіміз тек жақсыға қарап, бәрінен жақсылықты ғана көреді. Сіздің басыңыз түгелдей нұрға бөленіп, басыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді.
Нұр бірте - бірте қарқын алып және шұғылана бастайды, сіздің денеңізден шығып, жан - жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туысқанда рыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағытта ңыз. Нұрды уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз. Олардың да жүрегі нұрға толсын.
Осы нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан - жануарларға, өсімдіктерге, тірі жанға таралсын... Ғаламның барлық түкпір - түкпіріне нұр бағыттаңыз. Ойша айтыңыз: «Мен нұрлымын... Нұр менің ішім де... Мен Нұрмын»
Осындай Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде отыра тұрыңыз...
Енді осы Нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде. Оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз.
Жаймен көзіңізді ашуға болады. Рахмет!

  1. Үй тапсырмасын тексеру.

1. №10 – сабақ. «Жақсылықпен жаным дос» эссе жазып келу.

2. Келесі сабақ. №11, «Достықтың алтын жүлдесі» мәтінін оқып келу.

Сұрақтар:

  1. Төлеуғазының жаны неге тыныштық таппады?

  2. Кәрімжан нені армандаған еді?

  3. Кәрімжан «КСРО чемпионы» алтын белгісін не себептен досының омырауына қадады?

  4. Достық деген не?Достық туралы не білесіңдер?

  5. Өзің қиналған кезде көмектескен достарың болды ма? Мысал келтір.

  6. Шынайы дос болу үшін адам бойында қандай қасиеттер болу керек?


  1. Сабақтың дәйексөзі.

(Оқушыларға үш рет айтқызып, дәптерге жаздырту)

«Достық негізгі талғамның, көзқарастың толық үндесуінен туады»

Цицерон

Сұрақтар:

1. Достықтың қадірі қандай?

2. шынайы дос болу үшін адам бойында қандай қасиеттер болуы керек?

3. Дәйексөзден қандай ой түйдіңіз?

Рухани деңгейге көтерілген адамдар барлық адамдарды дос ретінде қабылдайды.


4. Оқиға айту (Мұғалім сыйы)

Аюдың ақылы.

Екі жолдас орманда келе жатыпты. Бірінің денсаулығы мықты, екіншісі аурудан жаңа тұрған әлсіз екен. Кенет алдарынан аю шыға келеді. Денсаулығы мықты жігіт зымырап ағаштың басына өрмелеп шығып кетеді. Екіншісі жүгіруге шамасы жоқ, өтірік өлген болып жерге жата қалады. Өйткені аю өлген адамға тиіспейді деп еститін. Жолдасы көзі бақырайып, ағаштың ұшар басынан қарап тұрады. Аю ауру жігітке қарай беттейді. Жігіт қорыққанынан дем алмай қалады. Жыртқыш бас жағынан ары-бері иіскелеп, өлген адам екен деп жөніне кетеді. Ағаштың басынан түскен жігіт ауру жолдасына:
- Досым, аю құлағыңа не деп сыбырлады? – дейді. Сонда ол:
- 
Басыңа күн түскенде қашып кететін достан қашық жүр деді, – деп жауап береді

Сұрақтар:

  1. Аю неліктен жерде жатқан жігітке тимейді?

  2. Әңгімеде қандай дос туралы айтылады?

  3. «Басыңа күн түскенде қашып кететін достан қашық жүр»- дегенді қалай түсінесіз?

  4. Адал дос пен амал достың айырмашылығы қандай?

  5. Достық неліктен адалдықты талап етеді?Әңгімеден не түсіндіңіз?

«Жақсы адам- магнит. Магниттің бірнеше темірді, шегені өзіне тартып алатыны сияқты, жақсы адамның да жанына жұрт көп үйіріледі. Өзің жақсы болсаң айналаңда досың көп, жаман болсаң- жалғыз жүресің, орташа болсаң- сен де бір жақсының жанын жағалайсың...Досты сырттан іздеме, жақыннан ізде, өзіңнің ішіңнен, ішкі дүниеңнен ізде. Жаның жақсы, жүрегің жылы, ақылың парасатты болса - іздеген досың алыстан үйіріліп өзі келеді» деген екен. Жақсы дос таба білейік.


5. Шығармашылық жұмыс, топпен жұмыс.

Оқушылар үш топқа бөлінеді.
1 – топ:

1. Кемшіліксіз дос іздеген адам .................қалады.

2.    Дұшпан ...................айтады,

       Дос ....................... айтады.

3.    Киімнің  жаңасы жақсы,

       ........................... көнесі жақсы.

2 – топ:

1. Жүз .................болғанша, жүз .................... болсын.

2. Досы ............................. - өзі де жақсы.

3.  ................басқа қарайды,

       ................... аяққа қарайды.

3 – топ:

1.    Ақылсыз ................. ақылды дұшпан артық.

2.    ...................  көпті жау  алмайды.

3.    Ағаш тамырымен  мықты,

      Адам ...................мықты.


6. Топпен ән айту.

«Жан досым

Iздегенде табылатын қасыңнан,

Көңілі бар қызғалдақтай ашылған.

Көрiспесек сағыныштан жүдейтiн,

Кiм бар екен бала күнгi досыңнан!

Қайырмасы:

Жан досым, үстем болсын мерейің,

Әрқашан жеңiсiңді көрейiн,

Сырымыз да бiтпесiн,

Жырымыз да бiтпесiн, жырымыз да бiтпесiн!

Қос бұтағы секiлденiп ағаштың,

Қатар жүріп сырымызды сан аштық.

Жол тапсақ та бiрге жүрiп жол таптық,

Адассақ та бiрге жүрiп адастық.

Қайырмасы:

Жан досым, үстем болсын мерейің,

Әрқашан жеңiсiңді көрейiн,

Сырымыз да бiтпесiн,

Жырымыз да бiтпесiн, жырымыз да бiтпес 


7. Үй тапсырмасы.

1. №11 – сабақ. Достық туралы мақал – мәтелдер жазып келу.

2. Келесі сабақ. №11, «Бабалар аманаты» мәтінін оқып келу.


  1. Сабақтың қорытынды сәті.

Тыныс алуға зейін қою.

Баяу музыка қойылады.

Мұғалім: Сіздерден аяқ-қолыңызды айқастырмай, түзу отыруыңызды өтінемін. Біз қазір тыныс алу жаттығуын жасаймыз. Тыныс алуға зейін қойған кезде, біздің ақылымыз дем алады. Ауаны ішке жұту кезінде тыныштық пен қуаныш қабылдаймыз. Демді сыртқа шығарған кезде өзіміздегі мазасыздықтарды сыртқа шығарамыз.

Кәне, дайындалайық, балалар. Көзімізді жұмамыз..., арқамызды тіктейміз..., қолдарыңды тізеге қоюға болады...

Д е м а л..... ш ы ғ а р... (жаймен 9-10 рет) немесе 1..................2 [3].

Бүгінгі сабақтан игерген жақсы қасиеттерді есімізге түсіріп, жүрегімізге сақтайық. Рахмет!

























































Shape1 Shape4 Достық


Ертеректе ел ішінде Әйтімбет деген сөзге шешен кісі болыпты. Бір отырыста Әйтімбет шешенге замандастары:

– Достық нешеу? – деп сұрақ қояды. Сонда Әйтімбет тұрып:

– Достықтың екі түрі болады. Бірі – адал достық, екіншісі – амал достық.

– Дұрыс-ақ. Енді қалай ажырата аламыз? – дегендерге:

– Адал достық – өмірлік нұсқа болады, амал достықтың өрісі қысқа болады, – деп жауап берген екен Әйтімбет.


  • Әйтімбет шешеннің достықтың түрлері туралы айтқан сөзін қалай түсіндіңдер?

  • Адал дос бола білетін адамның бойынан қандай құндылықтар мен қасиеттер көрінеді?

  • Қандай адамдардың адал достары көп болады?Неліктен?

  • Өздеріңнің достықты қалай бағалайтындарыңды әңгімелеп беріңдер.

Жақсылық мәнгі ұмытылмайды


Екі дос ұшы-қиыры жоқ шөл далаға, құмға сапар шегіпті. Ұзақ жол шаршатқан күндердің бірінде олар болар-болмас бір мәселе төңірегінде сөзге келіспей, бірі екіншісін шапалақпен салып қалады. Таяқ жеген жігіт іштей қатты қорланса да өз-өзіне тоқтау айтып, жел үйірген құм төбенің үстіне: «Бүгін менің жан досым менің бетіме бір шапалақ салды!» деп жазып қояды.

Олар сапарын жалғастырып, иендегі тұнба сулы алқапқа келеді. Қатты шөлден қысылған олар секіре-секіре түсіп суға бас қойғанда, әлгі таяқ жеген жігіт құм-батпаққа бата бастайды. Серігі оны жан-дәрменімен құтқарады. Ол аман-есен жағаға шыққаннан кейін беліндегі қанжарды алып, жақын жерде тұрған тасқа: «Бүгін менің жан досым мені бір өлімнен құтқарды!» деп ойып жазып қояды.

Дәл осы кезде бірінші жігіт келіп оның мәнісін сұрағанда:

  • Досың ренжіткенде оңай ұмытылатын жерге жазу керек, мен сондықтан оны құмға жаздым, досың жақсылық істегенде оны мәңгі ұмытылмайтын жерге жазу керек. Сондықтан мен оны тасқа ойып жаздым. Ол қандай да бір боран-шашында да өшпейді!» деген екен.


  • «Досың ренжіткенде оңай ұмытылатын жерге жазу керек, ал досың жақсылық істегенде оны мәңгі ұмытылмайтын жерге жазу керек» деген оймен келісесіңдер ме? Неге?

  • «Жақсылыққа жақсылық әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық ер адамның ісі» мақалын қалай түсінесіңдер.

  • Достарыңның жасаған жақсылықтары туралы айтып беріңдер.

Құм мен тас

Екі дос шөл далада жолаушылап келе жатады. Бір кезде сөзден сөз шығып, екеуі тартысып қалады. Біреуі ашуға қатты булығып, екіншісін қойып қалады. Досының ұрғаны жанына қатты батады, бірақ ләм-мим демей құмға былай деп жазып қояды: «Бүгін мені жан досым ұрды!»

Екеуі көкорай шалғын жерге келгенше тоқтамай жүріп отырады. Суды сол жерден ішерміз деп келісіп алады.

Бір кезде досынан таяқ жеген батпаққа аяғы кіріп шыға алмай қиналады. Тіпті тұншығуға айналып, демі тарыла бастағанда, досы құтқарып қалады. Батпақтан кұтылғаннан кейін, тастың үстіне ойып тұрып: «Бүгін мені жан досым, өлім аузынан құтқарып қалды», - деп жазады.Оның бұл жазуына таңырқаған жолдасы:

– Ұрған кезімде құмға жаздың, ал енді не үшін тасқа жазып жатырсың? - деп сұрайды. Сонда досы:

– Біреу бізге жамандық жасаса, оны құмға жазғанымыз дұрыс, кешірім самалы оны өшіріп кетсін. Ал біреу жақсылық жасаса, оны тасқа ойып жазайық, оны ешқандай жел өшіре алмасын!

  • Досының айтқан өнегелі сөздерін қалай түсінесіңдер?

  • Неліктен адамдардың жасаған жамандықтарын кешіріп, ұмытып, жақсылықтарын ғана есімізге сақтап жүруіміз керек?

  • Шынайы досты қандай әрекеттер сипаттайды?

Өздерің қандай дұрыс әрекеттер жасап жүрсіңдер? Әңгімелеп беріңдер

Достық – мәңгіліккөктем1

Айналайын,ақниетті адамдар! Мынау дархан дүниеде сендерге шаттық сыйлайтын, мейірім шапағатына бөлейтін, адамгершілік қасиетіңді арттыратын бір нәрсе бар. Ол - мерейіңді тасытып, жүрегіңді алау боп маздайтын – Достық деген құдіретті күш. Осы құдіретті күштің, сенімді сыйластықтың арқасында арман қанаты қатайып, көңіл көкжиегі кеңейіп, ізгілік нұры жарқырай түседі.

Көктем – мәңгілік емес. Жауқазын шақ – жастық шақтың да кәрілікке ауысатын кезі болады. Асыл достық қана мәңгілік, жаңғырып тұрары сөзсіз. Достық суымайтын жүрек жылуы мен қуанышқа, көңіл көктеміне бөлейді.

Тарихшежіресінде өмірінің соңына дейін осы бір киелі сезімді қадірлеп, ту етіп өткен жандар қаншама?! Қимас дос үшін басын қатерге тігіп, жанын құрбан еткендер де кездескен. Осының сырын ұққанда, оттан да ыстық өмірдің мәні де, мағынасы да адамдардың бір-біріне деген махаббаты мен ұлы достығынан тұратынын еріксіз мойындайсың. Дегенмен, кейбіреулердіңжалған сыйластығын, уақытша достығын көріп, қынжыласың да... «Есепті дос айрылмас» деп халқымыз бекер айтпаса керек.

- “Достық деген таусылмайтын қазына,

Көктемде солып қалар гүл емес...” -

деген ақын Т.Айбергеновтің өлеңі ойға оралады.

«Дос – ажарың, жолдас – базарың», «Ағаш тамырымен, адам досымен мықты», «Доссыз өмір – тұссыз аспен тең»... Тағы сол сияқты аталы сөздерді оқыған сайын шабыттана түсесің. Ал, «жаныңа жақын, өмірлік досың кім?» деген сұраққа кейбіріміздің иығымызды қиқаң еткізіп, енді біріміздің «ондай адам жоқ шығар» деп күмілжи жауап беретініміз анық.

Бірде мен (сөзден сөз туып кетіп), осы асыл сезім туралы ой-пікірін білгім кеп: «Достық деген не?» - деп сұрақ қойдым, қасымдағы Т. деген танысыма. Ол езуіндегі темекісін сора түсіп, жымия күлді. Күлкісінен «сенің айтып отырғаның қандайдостық?» - деген ұғымды аңғару қиын емес еді. Менің ойнап отырмағанымды ұқты ма, артынша салмақты қалыпқа түсіп, ойланғандай боп жауап берді:

- Достық деген... біреуге бірдеңе берсең – сол достық. Біреуді мақтасаң – соның досысың, ал, «оңбағансың» десең – соның қасысың. Жалпы, достық дегенбіреуге бірдеңе берумен бірге, оның көңілінен шығу, міне осыдан кейін достық шығады. Өйткені берсең – аласың ғой..., - деп сөзін жұтып аяқтады. Оның өзіндік пікірі осындай, сезімі де солайқалыптасқандығы осы сөзінен көрінгендей еді.

Жоқ, Т., қателесесің, олай емес. Достық тек «беру-алумен» ғана өлшенбейді. Достық бір-біріңе деген іңкәрлігімен, сағыныш сезімімен, сыйластығымен, қимастығымен қымбат. Иә, ол жан дүниеңмен астасып кеткен басқа да толып жатқан асыл қасиеттерімен дараланады. Иә, қиналғанда мұңыңды, сағынғанда қуанышыңды, көңілдегі барлық сырларыңды, жүректегі ыстық сезіміңді бөлісетін жан қашанда сен үшін қадірлі емес пе?!

«Адал дос алтыннан да қымбат», - дейді. Достық – көңілдің жыры, кәусар бұлағы, өмірдің мәні. Достық – адамдарға шынайы сезім шуағын, көңіл қуатын жеткізетін, бақытқа бөлейтін нәрсе. Достық - бұл мәңгілік қартаймайтын, үнемі гүл болып, нұр болып тұратын жастық шақ! Осы құдіретті күштің әсерінен жасына қарамай көңілі көктемге бөленіп, жаны жарқын жаздың шұғыласындай болса, мұны жастық демей не дейміз? Ал жастық - өзінің жалындаған жігерімен, достыққа деген адалдығымен, азаматтық атқа беріктігімен танылатынын өз табиғатында адамдықтың туын биік ұстағандар жақсы біледі.

Әлгі Т. танысымның жоғарыдағыдай сөзіне көңілім түсіп қалғаны соншалық, оған бір түрлі жаным ашыды. Достық туралы түсінігі мынадай болса, оның шын ниеттес, мейірімді досы болмағаны да? «Доссыз адам – қанатсыз құспен тең», - демей ме халық. Құстың қанаты болмаса, ол ұшудан, биікке көтерілуден қалады. Шын досы жоқ адамның көзі ояу болғанымен, көңілі соқыр дер едім. Ал, есеппен дос болу – алдамшылықтың белгісі, тек көзбояушылық қана. Жалған достық жарға жығады. Халық қашанда дана ғой. Атамыз қазақ ежелден-ақ достықты, азаматтықты дәріптеп, қадірлеген. «Жасық жолдастан жыңғыл таяқ артық», «Жолға шықсаң жолдасыңның жүгі болма, жұбы бол», «Азаматпен дос бол, қадіріңді біледі», - дейді.

Сырым шешен бірде (жасырақ кезінде болса керек) Бала би деген қарт шешенге жолығады. Бала би сынамақ мақсатпен мынадай сұрақтар қойыпты:

- Үгітті, ақылды қандай адамдар айту керек?

- Үгітті ұққанға, ақылды жұққанға айту керек.

- Ат пен ер қандай жерде, не үшін шабады?

- Шабысыңа қарай, ер намысына қарай шабады.

- Дүниеде не тәтті?

- Аста тұз тәтті, адамда дос тәтті, - деп сонда алғырлықпен, тапқырлықпен жауап берген екен Сырым батыр.

Иә, мынау жарық дүние болғалы осы киелі атты қадірлеп, асыл сезімді ардақтай білгендер қаншама десеңізші! Қол жинап, көтеріліс бастаған Исатай Тайманұлы мен халықтың қаһарман да айбынды ақыны Махамбет Өтемісұлының қажет кезінде басын қатерге тігіп, бір-біріне сенімді серік, айрылмас дос болғаны тарих шежіресінен белгілі. Ақындар Төлеген Айбергенов пен Мұхтар Шаханов ізгі көңілдерін жүректен шыққан жырларымен жеткізген.

... Жазушы Мұқан Иманжанов пен қазақ әдебиеті публицистикалық жанрына өзіндік үлес қосқан Баубек Бұлқышевтардың адамдық махаббаты, айнымас достықтары кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге боларлықтай. Сонау қанқұйлы соғыста жүріп, алыстағы досына жазған бір хатында Баубек:

«... Досым, есіңде бар ма, Корчагин соғыста жараланып, ауруханаға түскенде партбилетінің арасынан «егер өле қалсам ағама білдір» деген адрес жазылған бір кішкене қағаз шығады ғой. Міне, сондай қағазды жазуға бізге де кезек келді. Аты-жөнімізді жазып, өз бойымызды сақтау үшін әрқайсымызға кішкентай медальон берілді. Бұл минут өмірі естен шықпас-ау! Осы кезде «өлім», «өмір» деп жарыса ұшқан екі сөзді айтсаңшы! Бәрі де үнсіз тына қалған, бәрінің де жүзінен байсалды пішін, терең ой аңғарылады. Иә, достарым ойға кеткен. «Кімді жазу керек?». Біреудің әкесі ауылда, ағасы қалада деген сияқты ең алдымен жаманат хабарды кімге естірту керек? Бұл шынында, ойланатын минут.

Жігіттер жазуға кірісті. Біреулері туған жерінің, ата-анасының адресін, екіншілері ағасының немесе сүйген жарының адресін жазып жатыр. Қысқасы, әркім ең сүйікті, ең жақын адамын жазуда. Әлден уақыттан кейін мен де жазуға кірістім. «Сол қағазды әлі сақтап жүрмін, жоғалтпай саған көрсетермін-ау». Мен кімді жазды дейсің ғой? Ең жақын, ең досым деп жазған кісім сен білмейтін біреу болды. Егер өліп кетсем сол жазған адамыма өте ауыр тиеді-ау деп те ойладым. Дегенмен, менің өлімімді біреу естігенше, әуелі сол ең жақын адамым естісін дедім. Ол адам – адал досым еді, сен едің...» - деген еді.

Міне, өлмес достық, мәңгілік махаббат!

«Біз – доспыз!» Сен осылай деп жаһанға жар салғың келеді. Дүрсілі қатты кішкентай жүрек осылай деп үн қатады. Бәлкім, болашаққа сенгендіктен болар. Бұл кейбіреулерге (әсіресе Т. сияқтыларға) күлкі боп көрінуі де мүмкін. Мейлі!

Жаса, жасай бер! Бал қаймағы ажырамайтын, іргесі сөгілмейтін Достық! Жаса, жасай бер! Шынайы сезім сыйластығынан туған, кеуделерде от боп алаулайтын Достық!

Жаса, жасай бер! Бірлік пен тірлікті ұғындырған, бір-біріңе деген риясыз тілеулестікті сездірген Достық! Бұл парасаттылықпен, үлкен жүрекпен адамдар арасындағы ұлы Достыққа бас иіп өткендердің жолын жалғастыру, қастерлеу – біздің азаматтық парызымыз да, борышымыз...

«Дос құшағы – жаз» дегендей, көріскен кезде құшақтасып, шұрқырасып жатқанға не жетсін шіркін?! Көріспей қалса тағатсыздана, бір-бірін іздеп, сағына білудің өзі – бақыт емес пе?! Мұндай керемет сезімді кез-келген жан бастан өткерсе керек.Үлкен Жүрегі бар жанда Үлкен Достық болмақ. Біреуді сүйе білу үшін де, жақсы көре білу үшін де ізгілікті дархан жүрек керек. Ондай жүрек жоқ жерде достық та жоқ. Екі адамның көңілден ақтарылған достық сезімдері арнасын тауып, көңіл көктеміне бөленіп жатқанының өзі қандай ғанибет!

Айналайын,ақниетті адамдар!Сонау бала кезден, балғын кезден басталған немесе жастық жігермен шыңдалған, сондай-ақ қиын-қыстау кезеңдерде сыналған достықтарың жоғалмасыншы. Достық көңілді бұлт шалмай, ізгі ниетті сатқындық жайламасыншы. Бір-біріне деген үздіккен көңілдердің жетімсіремеуін қалар едім. Адал достардың араларына қызғаншақтық, көреалмаушылық, өзге де пендешіліктер кіріп кетпесе екен.

Өзгелердіңсұқ көзі, өсек сөзі тимесе екен дейсің. Шын жүрегіңмен осынау достықтың жібі үзілмегенін қалайсың. Сарғайып сақталған альбомның бір шетіндегі:

... Өзің барда гүлденді көңілім де,

Көрсем деймін, досым-ау, сені күнде.

Атың мәңгі жүрекке жазылды ғой,

Ту болып желбірейді сенімімде! –

деген жолдар соныңайғағындай.

* *

Айналайын, ақ ниетті адамдар!Мынау дархан дүниеде сендерге шаттық сыйлайтын, мейірім шапағатына бөлейтін, адамгершілік қасиетіңді арттыратын, мерейіңді тасытып, жүрегіңде алау боп маздайтын – Достық деген құдіретті күштің туы мәңгілік желбірей берсінші!!!


  • Тек риясыз сүйіспеншілік қана адамдар арасындағы достыққа дәнекер бола ала ма?Неліктен?

  • Адал, қиянат жасамайтын дос болу үшін адамға ең алдымен не керек деп білесіңдер?

  • Қайткенде адамның ішкі жан-дүниесі тыныштық табады?

  • Достықтың биік өлшемі деп қандай тұлғаларды айта аласың?


Ханның ісі қараға түседі ме?2


Адам үмітсіз, армансыз өмір сүре алмайды. Көңілімдегі ойға алған істеріне қол жеткізуді ойлайды. Оның жолында қанша адамдармен сыйлас, сапарлас болады. Жанын түсінетін серік іздейді. Бәлкім, адамдардың мүмкіндігі де осыдан бастау алатын шығар?

Адамдардың өмір жолдарының тоғысуы да қызық-ақ. Біреу мектепте, бірі жоғарғы оқу орнында, біреу әскери борышын өтегенде, бірі қызметтес болғанда, енді бірі ауруханада... танысып, табысып жатады. Әсіресе, өмірге деген көзқарастарының бірлігі, мінездерінің сәйкестігі жолдастық жолдарын ұзарта түседі.

Осындайда бабаларымыздың сөзі ойға оралады «Жүз теңгең болғанша, жүз жолдасың болсын» - деген. Мұны бүгінгі өмірдің адамдары «жүз долларың да, жүз жолдасың да болсын» - дейді. Қазіргілер араласар адамын таңдап барып, белгілейді. Ал кейбіреулерін өмірдің өзі көрсетіп жатады.

Шынын айту керек, көбінесе бастық пен бастық, бай мен бай, іскер мен іскер, қойшы мен қойшы... достасуға ұмтылады. Бұл әсіресе жұмысы, тыныс-тіршілігі, ойы, қызығушылығы, мүддесі бір болғаннан шығар. Ал бастық пен қарапайым қызметкердің, баймен кедейдің, іскер мен жұмыссыздың сыйластығын байқай қоймайсыз. Күштілер әлсіздерді менсінбейді. Әлсіздер күштілерге жете бермейді. Оны уақытты текке өткеру деп біледі. Бүгін кедей ертең бай болмасына кім кепіл. Бүгінгі байдың ертең кедейге айналмасына ешкім де ештеңе айта алмайды. Тағдыр - шебер бәрін орнына қойып жатады. Жалғанды жалпағынан басып, асып-тасқандар да тәубасына келеді.

Ертеде бір жолбарыс ұйықтап жатса үстінен бір тышқан өте беріпті. Оянып кеткен жолбарыс тышқанды ұстап алып, сығымдап, өлтіруге айналады.

Жаны қиналған тышқан еңіреп жылап тұрып:

О, тақсыр! Өзіңе айтатын арызым бар. Мені өлтіре көрме. Күнәмды кешіре гөр.

Білместік өтті басымнан. Тірі жүрсем мен де саған пайдамды тигізермін, – деп жалбарыныпты.

Сонда жолбарыс бармақтай тышқанның сөзіне қарқылдап күліп:

–Мен жолбарыспын! Күшім де мығым. Сен шырпы сындыра алмайтын тышқансың.Сонда да қалжыңың қызық екен. Мына түріңмен сен маған қалай қызмет етпексің? Дегенмен, әзілің ұнады. Босатайын, бар, бара ғой, – деп тышқанды қоя беріпті.

Тышқан:

–Жолбарыспен дос болдым! – деп мақтанып жорғалай жөнеліпті.

Өмір деген қарама-қайшылыққа толы емес пе? Күндердің күнінде жолбарыс тоғайда жортып жүргенде мойны аспалы тұзаққа ілініп қалыпты. Қанша бұлқынса да босана алмай қиналыпты. Жолбарыстың гүрілдеген дауысын естіген тышқан жетіп барыпты.

Жолбарыс қинала:

– Ей досым, мынаның бір амалын жасашы, – деп көмек сұрапты.

– Қазір, қазір... – деп зыр жүгіріп жүріп, тұзақтың жібін тісімен қырқып үзеді.

Тышқанға разы болған жолбарыс:

– Рахмет, досым. Бұл жақсылығыңды өмір-бақи ұмытпаймын, – деп қайталай беріпті.

Иә, ажал тырнағынан алып қалған бармақтай тышқанғажолбарыс осылай разы болған екен.

Иә, мұндайжағдай өмірде болмай қалмайды.

Ауылдан іздеп келіп қаладағы бастық досының кабинетіне кіре алмай отыратындар да бар. Немесе керісінше, үлкен лауазымдағы басшы ауылдағы қарапайым шаруа досын арнайы іздеп баратыны бар.

* * *

Иә, кіршіксіз көңілге, шынайы сыйластыққа не жетсін? «Қайта кірер есігіңді қатты жаппа» - деген сөз бар халқымызда. Ертеңгі күніңді ойлан.

  • Риясыз сүйіспеншілік болмаған жерде достық бола ма?

  • Жолбарыс тышқанды не үшін жібере салды?

  • Тышқан досына қандай көмек көрсетті?

  • Бармақтай тышқанға жолбарыс қалай разы болды?


  • Неге сүйіспеншілікпен бөлісу керек?

  • Қандай сүйіспеншілік таза рухани сүйіспеншілік болады?

  • Неліктен барлық дүниені риясыз сүйіспеншілікбіріктіреді?

  • Риясыз сүйіспеншіліктің көрінісімен байланысты мысалдар келтіріңіздер.



Shape5 Shape8 Достық


Ертеректе ел ішінде Әйтімбет деген сөзге шешен кісі болыпты. Бір отырыста Әйтімбет шешенге замандастары:

– Достық нешеу? – деп сұрақ қояды. Сонда Әйтімбет тұрып:

– Достықтың екі түрі болады. Бірі – адал достық, екіншісі – амал достық.

– Дұрыс-ақ. Енді қалай ажырата аламыз? – дегендерге:

– Адал достық – өмірлік нұсқа болады, амал достықтың өрісі қысқа болады, – деп жауап берген екен Әйтімбет.


  • Әйтімбет шешеннің достықтың түрлері туралы айтқан сөзін қалай түсіндіңдер?

  • Адал дос бола білетін адамның бойынан қандай құндылықтар мен қасиеттер көрінеді?

  • Қандай адамдардың адал достары көп болады?Неліктен?

Өздеріңнің достықты қалай бағалайтындарыңды әңгімелеп беріңдер

1

2Ысқақ. Ә. Абзалдық әліппес. – Шымкент: Шекер, 1996. –78-79 бет.

Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
0 ұстаз жүктеп алған
27 ақпан
1401
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі