жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Ашық сабақ Ертегілер елінде Даярлық сыныбы
«Ертегілер елінде»
Білім беру саласы: Коммуникация Көркем әдебиет
Таным(Математика)
Шығармашылық(Музыка)
Мақсаты : Мектепке дейінгі жасындағы баланы театр түрлері арқылы шығармашылық және парасаттылық қабілеттерін жан-жақты дамыту; - Сөз өнерін қастерлей білуге, өз білімін көтеруге, шешендікке баулу. - Балалардың сөздік қорларын байытып, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге тәрбиелеу;
- Театрлық іс - әрекетті ертегілерді пайдалана отырып – ойын дамыту. Ертегі тыңдап,оқиғаның өрбуіне кейіпкерлерді сипаттай білуге үйрету.Балалардың ой-өрісін дамыту үшін ертегі кейіпкерлерінің іс-қимылдарын,көрсете алуға үйрету. Ертегіні ойнау барысында, кейіпкерлердің жүріс-тұрысын ,дауыс ырғағын, дұрыс жеткізе білуге тәрбиелеу.Ертегіні мұқият тыңдай білуге, өз түсініктері бойынша айта білуге үйрету. Сөздік қорларын молайту, тілдерін дамыту.Ертегі кейіпкерлерінің сипаты арқылы жақсы қасиеттерге баулу.
Міндеттері: Балалардың тілін дамыту, сөйлеу мәдениеті мен ой - өрісін, дүниетанымын жетілдіру. Ойын нақты тапқыр сөйлеуге, ақылды, салмақты ой айтуға баулу. Баланың қиялын есте сақтауын шығармашылық қабілетін дамыту, ойдан әңгіме, ертегі шығарып айтуға дағдыландыру. Баланың әлеуметтік және эмоционалдық дамуына жағдай жасап, әр баланың жеке дара әртістік, шығармашылық қасиеттерін ескере отырып, өзін қоршаған ортаға, адамдарға, құрбыларына, өзіне деген қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру.
Бөлімі: Театр іс-әрекеті.
Тақырыбы: «Үйшік» ертегісі.
1. Білімділік: Ертегілердің ерекшеліктері, олардың түрлері.
2. Дамытушылық: оқушының қазақ тілінде сұраққа дұрыс жауап беріп, еркін әңгімелеуін дамыту. Театрға деген сүйіспеншілігін дамыту
3. Тәрбиелік: ертегілердің мәнін терең білу, оқушыларды жақсылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу. Жаман жақсыны айыра білу.
Сабақ барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі:
Оқушылармен сұхбат (диалог)
Тәрбиеші: Балалар ерте,ерте,ертеде деп не басталады?
Балалар: Ертегі
Тәрбиеші: Ендеше балалар біз бүгін ертегілер еліне саяхатқа шығамыз.
ІІ. Сабақты түсіндіру «Ертегілер» деген сөзді қалай түсінесіңдер? – Ертеде шығарылған көркем әңгіме.
ІII. Тірек сызбаны пайдаланып, сұрақтарға жауап беру.

IV. Аудитыңдалым тыңдау. «Ертегілер жанры туралы түсінік»
Қиял-ғажайып ертегілері. Қиял-ғажайып ертегілердің оқиғасы қиялға, фантазияға құрылады, өмірде болмайтын нәрселер туралы баяндалады. Кейіпкерлері қиялдан туған жалмауыз, жезтырнақ, мыстан кемпір, алып дәу, жеті басты жылан, айдаһар және олармен күресетін батырлар болып келеді. Қиял-ғажайып ертегілер адамдардың арманы мен қиялын танытады, болашаққа деген сенімін білдіреді. Ертегі кейіпкері арманына жету үшін жолында кездескен барлық кедергілерді ақылымен, айласымен, достарының көмегімен жеңіп отырады. Қиял-ғажайып ертегілерге «Ер Төстік», «Алтын сақа», «Тас болған шаһар» және т.б. жатады.
Жан-жануарлар немесе хайуанаттар туралы ертегілердің кейіпкерлері – үй жануарлары, құстар мен аңдар. Хайуанаттар мен жануарлар туралы ертегілерде халық солардың мінез – құлықтары арқылы адам бойындағы жақсы мен жаманды танып білген. Мысалы, түлкі – қу, айлакер; қоян – қорқақ, әлсіз; арыстан – күшті. Хайуанаттар туралы ертегілерге «Арыстан, қасқыр, түлкі», «Аю, түлкі және арыстан», «Түлкі мен ешкі» және т.б. жатады.
Тұрмыс-салт ертегілерінде қойшы, малшы, бақташылардың тұрмыстары суреттеледі. Бұл ертегілерде өмірде болатын жағдайлар мен болмайтын нәрселер араласып отырады. Тұрмыс-салт ертегілеріне «Бозіңген», «Арыстан мен кісі», «Аю, түлкі және қойшы» сияқты шағын ертегілер жатады.
Шыншыл ертегілер – қазақ ертегісінің ең көп тараған түрі. Шыншыл ертегілердің кейіпкелері – қарапайым еңбек адамдары. Хан, бай, молда шыншыл ертегілерде жағымсыз кейіпкерлер болып келеді. Бұл ертегілерде қатардағы адам мәселесі сөз болады. Адамның ақылы мен айласы жауыздықты жеңеді. Шыншыл ертегілерге «Аяз би», «Қаңбақ шал», «Айлалы тазша», «Дүмше молда» және т.б. ертегілер жатады.
Қазақ ертегілері қалай басталады? Мысалы:
Ерте, ерте, ерте екен
Ешкі жүні бөрте екен...
немесе
Баяғы өткен заманда,
Дін мұсылман аманда,
Есте жоқ ескі заманда,-
Ертеде бір бай болыпты,
ертеде бір кемпір мен шал болыпты деген сөздермен басталады.
Ертегінің соңында:
Барша мұрат басына жетіп,
Сақалы сирағына жетіп,
Бір жан өтіпті,-
деп аяқталады.
Тәрбиеші: Балалар қараңдаршы не көріп тұрсындар?
Балалар: Үйшік
Тәрбиеші: Ия балалар бұл үйшік.
- Балалар, жылдағы дәстүр бойынша ел президенті Қазақстан халқына өзінің жолдауын жолдады.Ол жолдауда ел басшыларына нақты тапсырмалар берілген болатын. Сол тапсырмалардың ішінде қазақстан халқын биылғы жылы баспанамен қамтамасыз ету керек екендігі тапсырылған болатын. Яғни қол жетімді баспаналы болу. Сол тапсырманы естіген ормандағы аңдар да естіп қуанып жатқан көрінеді. Сабағымыз ертегі сабақ болғандықтан аңдар да баспаналы болғысы келіп бір-біріне үй салып, көмектесіп жатқан көрінеді.Бүгінгі сабақта біз де аңдарға арнап үй салып беріп көмектесіп көрейік.Ол үшін балалар біз «Үйшік» ертегісіне саяхат жасайық.Ертегіге саяхат жасамас бұрын балалар біз оның кейіпкерлерімен танысуымыз керек емес пе? Ол үшін сендер менің жұмбағымды шешулерін қажет. Дайынбыз ба?
V.Жұмбақ шешу
1.Үй ішін аралап,
Түнде көп жортады.
Қаптарды жыртады,
Мысықтан қорқады. (Тышқан)
2.Таңдайлары тақылдап,
Шулайтын кім шалшықта,
Бірін-бірі мақұлдап. (Бақа)
3.Қалқиған ұзын құлағы,
Елеңдеп қорқып тұрады (Қоян)
4. Өзі бір қу,жүрген жері айқай-шу.(Түлкі)
5. Күші десе,күші бар
Тісі десе, тісі бар.(Қасқыр)
-
Қыс бойына жатады,
Тәтті ұйқыға батады.(Аю)
Тәрбиеші: Жұмбақтың шешуін дұрыс таптыңыздар,жарайсыздар!
VI.Ертегімен танысу
Ендеше осы кейіпкерлер туралы ертегімен танысып алайық.
(Балалардың назарың экранға аударту)
Балалар осы ертегімізді ой елегімізден өткізіп алайық.Осы ертегідегі кейіпкерлерді қандай кейіпкерлерге жатқызамыз.(жағымды,жағымсыз)
Қалай ойлайсыңдар?
Осы кейіпкерлердің бойынан қандай жағымды қасиетті байқадындар?
-Мейірімділік,қамқорлық,адамгершілік.
«Көңіл сыйса бәрі сияды» деген мақал осыдан туған болар.
VII.Ертегіні сахналау
-Енді осы ертегімізді сахналап көрсетуге қалай қарайсыңдар?Олай болса жаңағы жұмбақты шешкен балалар ортаға шыға қойыныздар.
- Ертеде жазық далада бір үйшік болыпты. Бір
мезгілде шиқылдауық тышқан әдемі үйшікті көріп, тоқтай қалып
сұрайды:
—шик-шик-шик үйшік-үйшік! Кім үйшікте тұрады?
- Бірақ оған ешкім үн қатпады, сөйтіп тышқан үйшікке кіріп өмір
сүреді.
- Содан кейін бақылдап бақа келеді:
— бақ-бақ- бақ үйшік-үйшік! Кім үйшікте тұрады?
- Деп бақа сұрады.
— Мен, шиқылдауық тышқанмын.
— Ал мен, бақылдаған бақамын.
— Кел, бірге тұрайық!
— деп бақа мен тышқан үйшікте бірге өмір
сүреді. Секеңдеп қоян келеді. Тоқтай қалып сұрайды:
— Үйшік-үйшік! Кім үйшікте тұрады?
— Мен, шиқылдауық тышқанмын.
— Мен,..бақылдаған бақамын.
— Ал сен кімсің?
- деп екеуі сұрайды
— Мен, секеңдеген қоянмын.
— Кел, бізбен тұр!
- Енді олар үшеуі үйшікте тұрады.
-Терезені түлкі келіп тоқылдатады:
— Үйшік-үйшік! Кім үйшікте тұрады?
- деп олда сұрайды
— Мен, шиқылдауық тышқанмын.
— Мен, бақылдаған бақамын.
— Мен, секеңдеген қоянмын.
— Ал сен кімсің?
— Мен түлкімін.
- деп түлкі жауап қайтарады.
— Кел, бізбен тұр!
- Енді олар төртеу болады.
Жүгіріп келіп есіктен сұр қасқыр сұрайды:
— Үйшік-үйшік! Кім үйшікте тұрады?
- деп олда сұрайды:
— Мен, шиқылдауық тышқанмын.
— Мен, бақылдаған бақамын.
— Мен, секеңдеген қоянмын.
— Мен, түлкімін.
— Ал сен кімсің?
Деп сұрайды
— Мен, сұр қасқырмын.
— Кел, бізбен тұр! Енді олар бесеу болады.
Барлығы көңілді өмір сүріпті, ән айтыпты. Бір күні қорбаңдаған аю
үйшіктен шыққан дауыстарды естіп, тоқтап айқайға салады:
— Үйшік-үйшік! Кім үйшікте тұрады?
— Мен, шиқылдауық тышқанмын.
— Мен, бақылдаған бақамын.
— Мен, секеңдеген қоянмын.
— Мен, түлкімін.
— Мен, сұр қасқырмын.
— Ал сен кімсің?
- деп барлығы сұрайды.
— Мен, қорбаңдаған аюмын.
— Кел, бізге! деп барлығы аюды шақырады.
- Шақырғандарына қуанған аю үйшікке
кірейін-кірейін деп, кіре алмайды. Сонда аю ендеше:
— Мен, шатырда тұрайын.
— Бізді басып қаласың.
— Жоқ, қорықпаңдар.
— Жарайды, шық дейді барлығы.
Аю отыра қалғанда үй: «тарс» — етіп құлады.
Үйшіктен аман-есен: тышқан, бақа, қоян, түлкі, қасқыр қашып
шығыптыты. Барлығы бірігіп бөрене тасып, тақтай аралап үлкен үй
салуға кірісті.
VIII.Фигуралардан уй құрау
Барлығы жаңа үйшікте тату-тәтті өмір сүріпті.
Жарайсыңдар,балалар шаршаған шығарсындар,орындарына жайғаса қойындар.
IХ. «Кім тапқыр?Кім жылдам?» ойыны
Енді қалған балалармен ойын ойнасақ.Ойын: «Кім тапқыр?Кім жылдам?»
Кәне балалар ойынға шығайықшы.
Ойын шарты:Қазір музыка еститин боламыз.Сол әуен ертегідегі қай кейіпкерге тән екенін тауып,жүрісін салуларыныз қажет.
X. Сабаққа қорытынды жасау.
Сұрақтар арқылы оқушылардың жауаптарын тексеру.
- Балалар осымен ертегіміз аяқталды.
Балалар, сендерге "Үйшік" ертегісі ұнады ма?
- Қандай кейіпкерлер кездесті?
- Аю келіп үйшікті не істеді?
- Барлығы бірігіп не салды?
XI. Балаларды мадақтау:

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген