жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Ашық сабақ: "Наурыз көктем - шуағын төккен" 6 сынып
Тақырыбы: «Наурыз – көктем, шуағын төккен».
Мақсаты:
1. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі туралы білімдерін тереңдету; саятшылық ұғым туралы түсінік беру.
2. Ауызекі сөйлеу арқылы оқушылардың дүние танымын кеңейту.
3. Оқушыларды елін сүюге, дәстүрлі мерекелерді құрметтей білуге, бойларына адамгершілік жақсы қасиеттерді сіңіре білуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Наурыз мерекесі туралы қанатты сөздер, ұлттық тағамдардан дастархан әзірленеді. Үнтаспадан әуендер беріліп жатады.
І. Кіріспе сөз:
1. Сахыналық қойылым – «Күнге тәу ету». (көрініске лайық әуен естіліп тұрады.)
Әжелер: Күн шықты, күн анаға тәу етейік!
Армысың, мейірімді Күн Ана!
Шуағы тараған ғаламға.
Табынып тәу етем өзіңе,
Тыныштық болсын деп даламда.
Тәу-тәу-тәу!
Жылуыңа тәу еттім, Күн Ана!
Әлемді жарық еткен қасиетіңе.
Тәу еттім! Тәу-Тәу-Тәу!
Махаббат: Тәу ету рәсімі. Ұлыстың ұлы күні Күн – Ана дүниеге өзінің сәулесін, нұрын, құтын құяды. Ол нұр, құтын көкжиектен көтерілген бастапқы алғашқы екі сағат мерзімде ерекше қасиетті мол ырысты болады деп есептеледі. Сондықтан Ұлыстың ұлы күні атқан таңды, шыққан күнді маңдайын тосып қарсы алған. Әжелер шығып келе жатқан Күнге тәу етіп, иіліп сәлем береді.
Әжелер: Ұлыстың ұлы күні Наурыз құтты болсын! Жаңа күннің бастамасы тәтті болсын! Шашу! Шашу! Әжелер шашу шашады.
Әуен ойнап тұрады. Аяулым: Кел, наурызым, шық төріме думандат,
Жұрт қарасын бейнетіңе қайран қап.
Табиғаттың тұмса шағы тамсантып,
Халқым да бір жадырасын сайрандап.
Кел, наурызым, самалыңмен еркелет,
Қырға шығар, жамағатты жетелет.
Бала біткен болып жүр ғой мәз - мәйрам,
Наурыз келген, көктем келген екен деп.
Кел, наурызым, берекелі жыл басым,
Мәңгілікке замананың құрдасы.
Жылда мені қуанышқа бөлейсің,
Ғасырлардың және менің сырласым.
Эльнара:
Кел, наурызым, бұла күшім, балғыным,
Сен келгенде қашар менен қайғы - мұң.
Құдіретің бар жаңғыратын ғаламда,
Сондықтан да асқақ сенің айбының.
Кел, наурызым, көргенің көп көнесің,
Жия алмаған кездер болды ел есін.
Бұқпантайлап қарсы алатын өзіңді,
Кездер болды, ұмытпайсың, білесің.
Кел, наурызым, ортаймайтын ырысың,
Тәуелсіздік және өзің тынысым.
Жалғастырып ұрпақтарды ұрпаққа,
Аралай бер сәнге бөлеп ел ішін.
Мұғалім: Мұсылман қауымы жыл басы деп мәртебе берген бұл күннің ұлылығы сонда, ол көктемгі жасарған табиғат құбылысы мен тіршіліктің оянуымен үндес, төл өргізіп, егін егуге кірісер уақыттағы бейбіт еңбекпен мәндес достыққа, бірлікке, елдікке шақыратын уағыздарымызбен мағыналас. Наурыз мейрамының тағы бір қасиеті түркі халықтарының, жалпы мұсылман қауымының туыстығын еске салып, түп тарихымызды жадымызда жаңғыртып, жердің алыс жақындығына қарамай арадағы шекара белдеулерін де елемей, Ұлыстың ұлы күнін пір тұтқан елдер де, жерлер де үлкен той думанмен аталып өтілетіндігінде. Бұл тарапта қазаққа жат ешнәрсе жоқ, оның бауырмашылдығы, жомарттығы, дархандығы, құшағының айқара ашықтығы әлемге аян.
Айбын:
Су жылтырап бүрін ашқан жас талдан,
Бу бұрқырап қатып қалған тастардан.
Күн күркіреп, жасын ойнап аспаннан,
Бар тіршілік Наурыздан басталған!
Ел де тыныш!
Жер де тыныш – бұл күні,
Көреміз тек қуаныш пен күлкіні.
Табысқан жұрт таныс тауып жатады,
Жамалғандай жүректердің жыртығы!
Саф тыйылып даламыздың бораны,
Күн өрлейді күмбезінен жоғары.
Наурыздың жиырма екісі толғанда,
Тоғысады тоғыз жолдың торабы...
Арна: Елім менен жеріме ырысын шашқан Наурыз!
Рысбай Алихан:
Жылғалардан су аққанда сырғанап,
Шаң - тозаңнан тазарады нұрлы алап.
Толтырады шаңырақтың шаттығын –
Жалғасады жақсылықтар – «Иә, сәт!»
Қарлығаштар үй сыртына ұя сап –
Жүрсе, Бақыт қонатынын хабарлап,
Бұлт көшеді ақ жаңбырын құя сап!
Жат боп бұрын бастары ешбір қосылмай,
Жүрген жандар таныс тапса – досындай.
Ол – осынау Наурыздың арқасы! –
«Ұлыс күннің» шапағаты осындай!
Көрініс: Наурызкөкек құсының ұшып келуі.
Қараңдар! Қараңдар! Құс ұшып келеді.
Басқа құстарға ұқсамайды екен...
Бұл сонда қандай құс, әже?
Әже айтайын деген кезде, тосыннан құдайы қонақ Қыдыр Ата келеді.
Қыдыр Ата: Амансыңдарма, балалар! Бұл құсты Наурызкөк деп атайды. Наурыз айында ұшып келетін көктем құсы. Оны алғаш көргендер «Наурызкөгім, келдің бе?» деп шақырады. Наурызкөкті үркітуге болмайды, ол киелі құс. Керісінше көрсеңдер оған жем шашып, құрметтеп қойыңдар! Ұлыстың Ұлы күні ерекше күн бұл күнде:
Күн мен түн теңеледі
Ренжіскен адамдар достасады
Жақын туыстармен дәм алысады
Ат шаптырып, балуан күрестіріп, қыз қуып, қол күрестіріп үлкен той жасайды.
1,2-ші бала: Бізде келдік көрші ауылдан Қыдыр Атаға ілесіп.
Әже: Қош келдіңіздер, Қыдыр Ата! Төрлетіңіздер, құтты қонақтарымыз болыңыздар.
Махаббат: Қыздар, қыздар! Көңіл көтеріп, бір ән салып жіберсеңдерші.
Ән «Наурыз-Көктем». (Гауһар, Нұрай, Ақнұр, Айерке)
Марлен: Тоқтаңдаршы, балалар. Қыдыр Атаның жанындағы екі бала қолдарына не ұстап келген?
Алишер: Жүр, сұрайық.
Нұрай: Ата, жолсеріктеріңіздің қолдарындағы не?
Қыдыр Ата: Қане, балалар, өздерің айтып беріңдер.
Мақсат: Бұл: Жыл басының алғашқы төлі Наурыз төл деп атайды. Наурыз айында мал төлдей бастайды. Осы наурыз төлін төлбасы ретінде бағаланып, малжанды қазақ баласы оны ерекше күтіп бағады. Төлбасы сатылмайды, ешкімге сыйға берілмейді. Мұндай малды көбіне өз қызығына, тойына немесе құрбандыққа жаратып, ырым етеді.
Ерасыл: Бұл гүл. Оны Наурызшешек деп атайды. Наурыз айында өсетін жапырақты, түрлі-түсті гүлді, қауашақты әсем өсімдік. Әсемдік үшін үйде өсіріледі. Майының дәрілік қасиеті бар. Қазақ елінің таулы аймақтарында оның бірнеше түрі өседі. Бұл гүл сирек кездесетін бағалы өсімдік қатарына жатады.
Баян: Апа, сіз не істеп жүрсіз?
Апа: Көже пісіріп жатырмын, бұл Наурыз көже.
Баян: Наурыз көже деген не?
Апа: Наурыз мерекесінің Ұлыстың ұлы күнінің ең қадірлі асы. Көже, негізінен, бидай, тары, күріш, ет, тұз, су ,қатық немесе айран . т.б. тағамдардан жасалады да әр үй өз отбасынан дәм татырады. Бұған қыстан шыққан қазы, шұжық, сүр ет сияқты сыйлы, сыбағалы мүшелер де қосылады. Қазақ тіліндегі жеті ата, жеті қазына, жеті қат жер, жеті қарақшы, жеті түн, халықтың ежелгі наным-сенімдерінен, туған. Сондықтан, кей жерлерде наурыз көженің құрамы өзгергенмен, ондағы азық-түліктің жеті түрі болуы мұқият сақталған. Наурыз көже ежелгі жомарттық, қонақжайлылық, кеңпейілділік сияқты бағалы дәстүрлердің бірі – дәм татырудың көркем көрінісі ретінде қалыптасқан. Өйткені, қазақта «Бір күн дәм татқанға қырық күн сәлем» деген мағыналы сөз бар.
Баян: Түсіндім, апа.
Апа: Көже дайын болғанша, қонақтардың көңілін аулап, өнерлеріңді көрсетіңдер.
Қыдыр Ата: Қане, балалар, босқа отырғанша Ханталапай ойынын ойнап жіберіңдер! Менде бір марқайып қалайын, қызықтарыңды көріп.
Ұлттық ойын: Жеңілгендер айыппұл өтейді.
Би: «Қыздар». (Сымбат, Аяулым, Арайлым, Ақнұр, Нұрай, Гауһар)
Алишер: Апа, қарным ашты, бауырсақтан алып жейінші.
Апа: Тәйт! Онысы несі? Үлкен дастарқанға бата бермей, дәмнен ауыз тимей кішінің қол сұққанын қайдан көрдің?
Апа 2: Көже дайын болды, дастарқанда жасалынды, Қыдыр Ата төрлетіңіз, дастарқанға бата беріңіз!
Қыдыр Ата:
(қолың жайып)
Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын,
Қайда барсақ, жол болсын!
Ұлыс бақты болсын,
Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін,
Бәле жала жерге енсін!
Ұлы халқым тоқ болсын,
Көйлектерің көк болсын,
Қайғы уайым жоқ болсын,
Қуаныштарың көп болсын!
Әумин! (бетін сипап бата береді.)
Апалар көже құйып, дәм татқызады.
Айдана: Қонақтарымыз дастарқаннан тұрғанша, өлең жарыс жасайық...Алихан! Баян! Айерке! Марлен! Махаббат! Ортаға шығыңдар. Қане бастайық!
Бошан Алихан:
Ұлы күнде тауып мезгіл бір ретін,
Атқарғандай қасиетті міндетін.
Жаратылыс нұрын бөліп Жаратқан,
Жылына бір теңелген сәт Күн мен Түн.
Жан байытып жұрттың жылы лебізі,
Ізгі жолда сайрап жатты ел ізі.
Орындадық нақыштарын Наурыздың,
Салт-дәстүрге бай ұлтпыз ғой, негізі.
Аққа тиіп ағайынның ауызы,
Артты бір күн Наурыз көже маңызы...
Баян:
Бойындағы нәрін берген аямай,
Табиғаттың адамға жоқ қарызы!
Асыл жандар қысқы сүрден ас қамдар,
Бел алады берекелі бастаулар.
Жақсылықтар жиынтығы әз-Наурыз, Жамандықты өткен жылға тастаңдар!
Күн-ернімен аспан жерді сүйеді,
Кемсеңдейді бұлт-сақалды иегі…
Жанды-жансыз құбылысты қамтыған,
Мерекелік ұғым – түгел киелі!
Айерке:
Наурыз келді, көктем келді ағайын,
Жадырайды, жаңғырады маңайым.
Назды, сазды әз Наурызым, армысың?
Сұлу мүсін саған біткен бар мүсін.
Қайнарындай қалың қуат, қайраттың,
Сен келдің де ғаламшарды жайнаттың.
Тіршілікке тіл бітіріп өзгеше,
Дүниенің бұлбұлдарын сайраттың.
Марлен:
Сен ортақ дастарқансың бәрімізге,
Татырған сары уыздың нәрін бізге.
Наурыз, сен көктемдегі үмітіміз,
Жарылқар берекеміз сары күзде.
Наурыз – ол емес әсте дырду - думан,
Киік емес қиқулап бір күн туған.
Ол – қыздың кісілікпен көшеленіп,
Рухани есеюі ұлдың туған.
Наурыз – ол ұсақтықтан арылуың,
Халықтың бірлігінің мығымдығы.
Күдіктің безбеніне тартылмайтын,
Қазақи Ата дәстүр Ұлылығы.
Махаббат:
Қансонарда бүркітші шығады аңға,
Тастан түлкі табылар аңдығанға.
Жақсы ат пен тату жолдас – бір ғанибет,
Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға.
Салаң етіп жолықса қайтқан ізі,
Сағадан сымпың қағып із шалғанда.
Бүркітші тау басында, қағушы ойда,
Іздің бетін түзетіп аңдағанда.
Томағасын тартқанда бір қырымнан,
Қыран құс көзі көріп самғағанда.
Төмен ұшсам түлкі өрлеп құтылар деп,
Қандыкөз1 қайқаң қағып шықса аспанға,
Көре тұра қалады қашқан түлкі
Құтылмасын білген соң құр қашқанға.
Аузын ашып, қоқақтап, тісін қайрап,
О да талас қылады шыбын жанға.
Қызық көрер, көңілді болса аңшылар,
Шабар жерін қарамай жығылғанға.
Қырық пышақпен қыржыңдап тұрған түлкі,
О дағы осал жау емес қыран паңға.
Сегіз найза қолында, көз аудармай,
Батыр да аял қылмайды ертең таңға.
Қанат, құйрық суылдап, ысқырады,
Көктен қыран сорғалап құйылғанда.
Жарқ-жұрқ етіп екеуі айқасады,
Жеке батыр шыққандай қан майданға.
Біреуі – көк, біреуі – жер тағысы,
Адам үшін батысып қызыл қанға.
Эльнара: Махаббат? Сен қандай өлең айтып кеттің?... Біз бәріміз Жыл басы Наурызды жырласақ, сен қансонарды айтып кеттің ғой, неге?
Махаббат: Маған осы өлең ұнайды. Жалпы, саятшылыққа өте қатты қызығам.
Тазша бала (Абзал): Сәлеметсіңдерме, достар! Саятшылықты мына менен сұраңдар. Мына киген киімім, қолымдағы құсым - нағыз саятшының өзі емеспін бе?
Айдана: Тазша бала, қолыңдағы қандай құс?
Тазша бала: Бұл нағыз қыран құс, аңға шыққанда кез-келген аңды, жәндікті аулайды.
Сымбат: Бұл сенің тағы қырық өтірігіңнің бірі-ау!
Тазша бала: Несі өтірік? Құдайдай шыным!
Арайлым: Балалар, таласпаңдар! Оданша бізге қонаққа келіп отырған нағыз САЯТШЫ кісілердің өздерінен сұрайық. Сол кісілерге сөз берейік.
Саятшылар сөз сөйлейді. Балалар сұрақтарын қояды.
Махаббат: Бүркітші болу қиын ба?
Айбын: Бүркіттің көзін не үшін жабады?
Гауһар: Бүркітпен қандай аңдарды ауладыңыздар?
Марлен: Аң аулағанда бүркіт қашып кетпей ме?
Айдана: Көрдіңбе, Тазша бала! Қандай құстың аң аулайтынын, саятшылықтың не екенін...
Мұғалім: Рахмет сіздерге, балалар біраз нәрсе біліп қалды. Әр жерден оқып көргенше, «Құлағыңа сенбе, көзіңе сен» - демекші, өз ауыздарыңыздан естіп, білген мың артық. Осындай ата-бабаларымыздың дәстүрін сақтап, дәріптеп, ел арасында жаңғыртып жүргендеріңізге, келер ұрпаққа үлгі өнеге болып жүргендеріңізге мың алғыс!
Ата-аналар тойбастар үлестіреді.
Қыдыр Ата:
Наурыз құтты болсын!
Дендеріңіз сау болсын.
Барша халық бақытты да баянды ғұмыр болсын!
Еліміз бірлікте, татулықта өмір сүрсін!
Мұғалім:
Осы емеспе еліміздің кеңдігі,
Осы емеспе керегемнің теңдігі,
Осы емеспе жаңаруым рухани.
Дастарқанды кең даламда думандап,
Қазағымның ұлы тұлға елдігі,
Бүгінгі «Наурыз – көктем нұрын төккен!»- атты ашық тәрбие сағатымызды «Атамекен» әнімен аяқтаймыз.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген