жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
"Аттың төресі - Адай жылқысы" ғылыми жоба
Ақтау қаласы «№3 жалпы білім беру орта мектебі» КММ-нің
5 «В» сынып оқушысы Кушбасов Жәнібектің
«Аттың төресі – Адай жылқысы» тақырыбындағы ғылыми жобасына
Пікір
Ғылыми жоба авторы Кушбасов Жәнібек Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын өзіне ту етіп, ұлы даладан тараған атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығына қатысты бөлімін алған және осы бөлімге қатысты озінің тұрып жатқан жеріндегі адай жылқысына ерекше қызығушылық танытқан. Адай жылқысының атауы және көп халық біле бермейтін сырлары мен қырларын ашуға тырысқан.
Зерттеу барысында ғылыми жоба авторы Адай жылқысының пайда болу
тарихын жан-жақты зерттеген. Көптеген кітаптардан, газет-журналдардан,
интернет желісінен мәліметтер жинаған, тарихи материалдардан алынған нақты дәлелдермен көрсетуге тырысқан.
Сондай-ақ Маңғыстаудың белгілі шабандоздарымен кездесіп, адай жылқысымен танысып, олардың көкпар ойынында көріп, өзінің жобасын толықтырған.
Тарихи-мәдени ескерткіштер сияқты Адай жылқысы да бабадан бізге
жеткен асыл мұра. Сондықтан ғылыми жоба авторының адай жылқысын
зерттеудегі, оны танытудағы маңызы өте зор. Бұл жас ұрпақтың бойында
ерлік, жігерлік, азаматтық сезімді қалыптастыруға көмек берері сөзсіз.
Ғылыми жетекші,
Ш.Есенов атындағы КМТиУ-нің
тарих ғылымдарының кандидаты, доцент: Бекешов С.С.
Ақтау қаласы «№3 жалпы білім беру орта мектебі» КММ-нің
5 «В» сынып оқушысы Табынбай Гаухардың «Ауыр сөмке және сколиоз» тақырыбындағы ғылыми жобасына
Пікір
Ғылыми жоба жұмысында Табынбай Гаухар мектеп сөмкесінің тарихымен толықтай танысып, дұрыс таңдалмаған сөмке түрлерінің оқушы денсаулығына қаншалықты қауіпті екенін, ауыр сөмкені арқалап жүрген оқушының сколиоз және остехондроз ауруларына қалай алып келетінін толықтай зерттеп, жазған.
Бұл ғылыми жобада оқушылар арасында сөмкені қалай таңдайтыны туралы әлеуметтік зерттеулер жүргізген. Ата-ана және оқушылардан сурақтар алынып, талдау жасалған. Буын ауруларының дәрігерінен кеңес алып, сколиоз және остеохондроз аурулары туралы мол ақпарат алды.
Ғылыми жоба жан-жақты зерттелген. Зерттеу барысында, ғылыми жоба авторы Табынбай Гаухар өзі зерттеген мектеп сөмкесінің дұрыс таңдалуына, болашақ ұрпақтың денсаулығына қатты алаңдайтынын көрсетті.
Қазіргі
таңда оқушылардың денсаулығын сақтау,
білім мен салауатты өмір салтын
қалыптастыру – күн тәртібінде тұрған
өзекті мәселелердің бірі.
Дені сау
бала оқу процесіне белсене араласады,
әрдайым жайдары , көңіл күйі жоғары
болады. Сондықтан да әрбір ата-ана және
мектеп бірлесе отырып, әр оқушының
денсаулығына нұқсан келтірмей, нығайта
отырып, әрбір баланың өзіндік ерекшеліктерін
ескере отырып, бала бойындағы қасиеттерін
дамыту, денсаулықтарына көңіл бөлу
қажеттілігін осы ғылыми жобаны зерттеуде
айқын дәлелдеп жеткізе алды.
Ортопедиялық жарақат балалар хирург дәрігері: Ережепов Ғабидулла Жеткизгенович
Ақтау қаласы
«№3 жалпы білім беру орта мектебі»КММ-нің
5 «В» сынып оқушысы Кушбасов Жәнібектің «Аттың төресі – адай жылқысы»
тақырыбына жазған жұмысына
ПІКІР
Кушбасов Жәнібектің жас зерттеушілердің шығармашылықтары мен жұмыстары үшін ұсынылып отырған «Аттың төресі – адай жылқысы» тақырыбындағы мәліметтер ғылыми тұрғыдан көп қызығушылық тудырады. Жәнібек адай жылқысы тақырыбын жан-жақты ашуға тырысты. Жоба барысында жылқы туралы көптеген мәліметтер мен деректер болды. Сонымен қатар, ел аузында еленбей жүрген, көп халық біле бермейтін адай жылқысының қызықты тұстары жайлы да қызықты деректер айтты. Жәнібек осы жобаның тақырыбын ашуда көптеген әдебиеттер мен бұқаралық ақпарат құралдарын қолданған. Адай жылқысының түр-сипатын, шабысын көру мақсатында, «1-желтоқсан Президент күніне» орай ұйымдастырылған ұлттық көкпар ойынында көріп қайтты. Тақырып аясында Жәнібектің өз ұлтына және ата-бабаларымыздан қалған асыл мұраларымызға деген жанашырлығы байқалады.
Жәнібектің болашақта шығармашылық, ізденіс жолын жалғастырып, үлкен жетістіктерге жететініне сенімім мол.
Тарих пәні мұғалімі: Тлеуқараева Гулмира Қожабайқызы
Аннотация
Тақырыптың өзектілігі: «Аттың төресі – Адай жылқысы» атты ғылыми жобада жас зерттеуші жылқы малының пайда болу және қолға қалай үйретілуі тарихынан бастап, Адай жылқысының ерекше қасиеттерін атап көрсеткен.
Жобаның мақсаты: Оқушы осы ғылыми жоба жұмысында іздену, зерттеу жұмыстарымен айналысты. Ол Адай жылқысының түп тарихын ауыл ақсақалдарынан, ат спортының басшыларынан, атбегілерден, бәйге шабатын шабандоздардан сұрастырып білді. Ақтау қаласының жанындағы ат шабыс болатын орынға барып, көкпар көріп онда Адай жылқысының шабысын біліп, бұл ғылыми жоба тақырыбын тереңінен зерттеді. Сонымен қатар облыстық кітапханаға барып кезінде Адай жылқысын зерттеген ғалымдардың еңбектерімен танысып, газет-журнал беттерінде жарияланған Адай жылқысы туралы мақалаларды оқып, зерттеді, деректер жинақтады.
Жоба міндеттері: Зерттеу жұмысын мектепте «Маңғыстау тарихы» қолданбалы курсында өткізуге, туған өлке тарихының шаруашылық бөліміндегі беймәлім тұстарын зерделеуге, адай жылқысының тарихта орны қалатындай етіп, болашақ ұрпақтар жалғастыруына себепші болуына осы тақырып бойынша оқып үйренуге қосымша деректер ретінде пайдалануға болады.
Жаңалығы: Неге бұл сәйгүлік «Адай жылқысы» деп аталады? Адай жылқысының басқа өңірдің жылқыларына қарағанда ерекшелігі қандай?
Зерттеу әдістері:
Адай жылқысының тарихы туралы ақпарат жинау.
Адай жылқысын өсірудің ерекшелігін зерттеу.
Адай жылқысымен бәйге шауып, көкпарға қатысып жүрген шабандоздармен кездесу.
Мазмұны
1. Кіріспе
1.1.Ұлы даланың жеті қыры, бір сыры
2. Негізгі бөлім
2.1. Адай тұқымды жылқының тарихы
2.2. Соғысқа кеткен сәйгүліктер
2.3. Адай жылқыларының алған жеңістері
3. Қорытынды
3.1 Өткеннен ұлағат ұрпаққа аманат.
Кіріспе
Біздің Маңғыстау облыстық ұлттық спорт орталығының негізгі мақсаты – жас сабақтас ұрпақты тәрбиелеу, атадан қалған мұраны ұрпаққа жеткізу. Қазағымның біртұтас ел болып, ат үстінде сырт жау көзден кең байтақ жерін қорғаған батырлар өнегесін насихаттау. Cалт-дәстүрді терең ұғынып, сегіз қырлы, бір сырлы бола алар жігіт сұлтанын тәрбиелеу. Аталған бағыттар жолында көкпар, теңге ілу, жамбы ату, ат құлағында ойнау, саятшыл бүркітші, қазақ күресі, жекпе-жек, тоғызқұмалақ, асық ату секілді ұлттық спорт түрлерін ұрпақ жадына сіңіруге күш саламыз.
Елбасының
жуырда жарияланған «Ұлы даланың жеті
қыры» атты мақаласының ең негізгі ат
спорты саласына қатысты айтылған тұсы
– атқа міну мәдениеті болса керек.
Маңғыстау топырағы қашанда баптар
атбегі мен жүйрік аттан кем болған емес,
оған кешегі тарих куә. Жалпы барлығы
тарих пен байланысты болып тұрғаны
белгілі. Ежелдегі көзкөрген шалдардың
әңгімесінде естігеніміздей, Суынқара,
Көкмойнақ секілді асыл текті жылқылардың
тұяғы да осы топырақтың қасиетін арттыра
түсетіні белгілі. Одан бері жұртшылыққа
таныс Адай жылқысының атағы шарықтап
тұр. Жаздың ыстығына, қыстың қара суығына,
қанша күндік алыс жерге салсаң да төзімді
бұл жылқы тегі асыл сүйек халқымыздың
дәл өзіндей, мінезіндей. Өркениет қанша
дамыса да қазақ үшін жылқының орны
өшпейді. Мейлі, технологияның күрделеніп,
дәуір алмасса да келер ұрпаққа ат спортын
дәріптеп, аман-есен жеткізу – бізге
парыз. Елбасының мақаласының тереңінде
де осы ой жатқаны анық.
2.1. Адай тұқымды жылқының тарихы.
Адай жылқысы қайдан шыққан, оның түп атасы кім, қайдан тараған? – деген сұрақ талайдың басын ауыртқан сұрау. Жылқы малын зерттеумен өткен ғалымдардың бәрінің келіскен тоқтамы: аспаннан түскен жылқы жоқ, жылқының түп атасы керқұлан. Адай жылқысына біткен тектілік, оралым- дылық, сезімталдық, төзімділік тағысын тағы жағымды ерекшеліктердің барлығы да сол төр басындағы бастауы – керқұланның қанымен жұғысты болған қасиет, деп пайымдайды Маңғыстаулық шаруагер Сәкен Әбішев.
Адай жылқысы – салт мінілетін қазақ жылқысының бір тұқымы. Ежелгі Грек тарихшыларының зерттеулерінде айтылатындай, қазақ даласы – оның ішінде Арал мен Каспий теңіздері арасын мекендеген көшпелілер өмірімен етене, араласа өсіп жетілген. Адай жылқының тұқымдық эволюциялық даму жолы өте күрделі. Мініске шыдамдылық, желгіштік және бірқатарының теңбіл көк түсті болып келуі араб тұқымды жылқыларды меңзейді. Ал қарабайыр, қазанат – жүрдектігі жағынан Түрікмен жылқысы – Ахалтекенің белгілері бар екенін де көрсетеді. Жыл он екі ай жайылымды ғана пайдаланатын, қосымша азықты қажет етпейтін, ауа райына төзімді бұл тұқым күтім талғамайды. Адай жылқысының тұрқы ұзындау, шомбал және сүйектілеу, қысқа, майда жалды, көзі үлкендеу, басы жеңіл, маңдайы онша ұзын емес, бірақ кең, үлбіреген қысқа құлақты етсіз. Мойны қысқа омыраулы, арқасы түзу, сауыры солыңқы, жуан жіліншігі етсіз, мықты құйма тұяқты болып келеді. Орташа шоқтығына дейінгі биіктігі – 140,3 см, тұрқы – 142,7 см, кеуде орамы – 163,3 см, жіліншіктің орамы – 17,6 см. Еті жоғары сапалы, ет түсімі – 52-58%. Тәулігіне орта есеппен 8-11 литр сүт сауылады. Жүйріктері ұзаққа шабады, 40-50 шақырымға шаршамай еркін жетеді. Арнайы сынақтарда тәулігіне 300 шақырымды жүріп өткен кездері болған.
Ғалымдар Адай тұқымды жылқы- ны 1940 жылдан бастап 13 жылдай зерттеп, ақырында бір тұжырымға келіп, 20-30 жылдары үйірге түскен тұқымдық айғырларға негіздеп: Бекесторы, Еңсегенторы, Есболайторы, Есболайжирен, Қибаскөк, Ізтұрғанкөк, Өрендік деп жеті генеологиялық желіге жүйелейді. Адай жылқысының өсіп-өнуіне осы жеті желінің айрықша үлес қосқанын ешкім де жоққа шығара алмайды.
Сан ғасыр бұрын қолға үйретіліп, адамзат баласы қажетіне жаратқан жылқы түлігі - көшпенділердің ең қасиетті малы. Номадтарды жүйрік тұлпарсыз елестету мүмкін емес. Сондықтан да көшпенділер мен жылқы түлігі егіз ұғым болып кеткелі қашан?! Тарих беттеріне үңілсеңіз, көшпенділер қауымын «аттылар әулеті» деп те атаған. Себебі, ұлан-ғайыр даланы мекен еткен ұлы тұрғындардың тыныс-тіршілігі, өмір-салты, өнер-білімі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, салтанаты, бір сөзбен айтқанда бүкіл мәдениеті жылқы түлігімен тығыз байланысты болған. Бабадан жеткен «Ер қанаты - ат» деген мәтелдің өзі осы бір қасиетті түліктің қазақ халқы үшін де орны ерекше екеніне дәлел бола алады. Жылқы - қазақтың ұлттық сана-сезімі мен рухани болмысының тұтас бір айырылмас бөлігі. Қазақ - ат десе ішкен асын жерге қоятын халық. Жылқының дүбіріне елітпейтін қазақ кемде-кем. Тіпті, арғы ата-бабаларымыз «темір тұлпар» болмаған баяғы заманда Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасын осы ат көлігімен жалғады. Бұл туралы айта берсек, бір емес, бірнеше том кітапқа сыйдыра алмасымыз анық. Кешегі Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қарақасқа аты, Қабанбайдың Қубасы, Ер Жәнібектің Көк дөнені, Исатайдың Ақтабаны, Амангелдінің Шалқасқасы сияқты есімдері аңызға айналған аттардың әрқайсысы бір-бір кітапқа лайық. Ал бүгінгі таңда осындай әңгімелерге арқау болатын жүйрік тұлпарлар жоқтың қасы деуге болады. Кешегі, күнді күнге жалғап ентікпей шабатын қазақ жылқыларының тұқымдары құрып, оның орнын өзге елден әкелінген жылқылар басып барады. Десе де, соңғы жылдары қазақ топырағынан шыққан Адай жылқылары әлемдік ареналарда алдына қара салмай, ел назарын өзіне аудара бастады. Бүгін осы Адай жылқысы туралы аздап әңгіме өрбіткенді жөн көрдік. Адай жылқысы беріде пайда болған немесе мамандардың әртүрлі қылқұйрықтарды өзара будандастыру арқылы ет пен сүт бағытында «қолдан жасаған» жылқы тұқымы емес екен. Ол - тағдыры мен тұрмыс-тіршілігі жылқы түлігімен тамырлас қазақтың байтақ даласында сақталған қылқұйрықтың бір түрі. Халқымыздың бағзы тарихынан қалған табиғи таза тек. Адай жылқысының бойы биік, өзі сұлу, мойыны ұзындау, шоқтығы да биік, арқасы мен сауыры ұзын әрі салыңқы, етсіз аяғы жуан, құйма тұяқты болып келеді. Адай жылқысын кезінде орыс ғалымдары да зерттеген екен. Я. Полферов, Г.Сизонов, Ю.Барминцев сияқты ғалымдар қазақ жылқысына ерекше қызығушылық танытыпты. Алғашқысы 1899 жылы Ресейдің «Конезаводство» журналында «Лучшие породы киргизской лощади - Адай» атты мақала жариялап, қазақ жылқысының атын әлемге танытуға алғашқы қадам жасаса, соңғысы: «Адай жылқылары қазақ жылқыларының басқа тектерімен салыстырғанда ең ірі тұқымдарының бірі болып табылады», деп бағалаған екен. Ал қазақстандық ғалымдар - А.Иманғалиев «Адай жылқысы» кітабын жарыққа шығарса, М.Нұрышевтың монографиясы академик И.Нечаевтің ықыласына ие болады. Маңғыстау облысында біраз жыл осы салада басшылық қызметте болған Сәбит Әбішев есімді азамат Адай жылқысын танытуға, зерттеуге біраз тер төгеді. Сәбит Әбішевтің зерттеуіне сүйенсек, орыс ғалымдарының қазақтың бұл жылқысына аңсары аууы әріден басталғанын айтады. Бүгінде Адай жылқысының тұқымы Орынбор, Қазақстанның Торғай өңіріне және батыс бөлігіне кең таралған. Кезінде Адай жылқыларын әскери бағытқа бейімдеп өсіру үшін Торғайдан 3 зауыт ашып, оған Маңғыстаудан біраз жылқы кетеді. Сондай-ақ төрт түлік малы Маңғыстау даласына сыймаған ірі байлар өзге аймақтарға жайыла қоныс тебеді. Кезінде, Қалнияз Жұбан деген бай 10-15 мың Адай тұқымды жылқымен қыста Жем бойын жайлап, одан әрі Торғай бетіне өтсе, енді бір байлар Жем, Сағыз, Қобда, Жайықтың бергі сағалары, Жайықтан әрі өтіп Еділге қарай 10 мыңға жуық жылқымен кетеді екен. Маңғыстау бетінен таңдап жиған Адай тұқымды 10 мың жылқымен Пірәлі ханның, сонымен қатар, осынша жылқыны алдына салып Әбілқайыр ханның балдызы Мырзатай батырдың, 5000 отбасымен қыруар жылқы айдап Сүйіндік руының Орал өңіріне баруы туралы деректер бар. Айтулы байлар батыс өңірді жайыла қоныс еткен 1868-1870 жылдары олармен бірге Адай жылқысының 47 пайызы кетеді де, қалған бөлігі Маңғыстауда қалады екен. Қазіргі әлемдік додаларда қазақтың атын шығарып, олжа салып жүрген жүйіріктер - осы қалған жарты бөліктің тұқымдары көрінеді. Адай жылқысы туралы осыған дейін танылмай келді. Соңғы жылдары әлемдік ареналарда оза шауып жүлде ала бастағаннан кейін барып, ел назары қайта ауа бастады. Соңғы кездері Адай жылқылары Тәуелсіз Қазақстанның көк байрағын биікке көтеріп, айтулы жарыстардан алтынмен оралып жүр. Міне, осындай өзімізде бар керемет асыл тұқымды жылқыларымызды біреу білсе, біреу біле бермейді. Болашақта Бүкіл дүниежүзіне белгілі ағылшын мен араб жылқыларының деңгейіне Адай жылқысы да көтеріледі деген үмітіміз бар.
Қазақстанның алуан түрлі табиғи климаттық жағдайына байланысты бөлінген, қазақы жылқылардың ішінде әлі де толық тұқым болып бекімеген тұқымдық топтар (отродье) баршылық. Оның ішінде Маңғыстау облысы мен Атырау облысының бірқатар аудандарында өсірілетін адай жылқысы. Адай жылқысының экстерьерлік ерекшеліктері: басы біршама жеңіл, дене тұрқы шағын, шоқтығы ерекше, арқасы тік, сауыры қақпақ тәрізді етсіздеу, аяқтары сидам, жіңішке, сіңірлері жақсы жетілген. Бұл жылқылардың шағын денелі болып қалыптасуына түркменнің ахалтекесі, иомуд және қарабайыр жылқылар әсер етсе, екінші жағынан жайылым жағдайының жұтаңдығы да көп әсер етті. Адай жылқысы салт мінуге өте жарамды, шыдамды келеді.
Адай жылқысымен 60-70-жылдары А.И.Иманғалиев жүйелі түрде жұмыс жүргізді. Уақытында адай жылқысын зерттеумен айналысқан Я.Я.Полферов (1873), И.Н.Чашкин мен Н.И.Кузьмин (1939), А.В.Мишарев (1949), Б.Х.Садықов (1959) әртүлі қашықтықтағы шабыста төзімділігіне аса мән берді. А.Иманғалиев адай жылқысы тай-құлындарының өсіп жетілу заңдылықтарын, ет-сүт өнімділігін, әртүрлі қашықтықтағы шабыс төзімділігін зерттеді. Адай жылқысын жетілдіру нәтижесінде Өрендік, Еңсеген-торы, Қибаскөк, Бекес-торы, Есполай-торы, Есполай-жирен, Ізтұрған зауыттық аталық іздері қаланды. Қазіргі таңда осы адай жылқысының генеалогиялық және генетикалық құрылымдарын қайта зерттей отырып, толық бір тұқым ретінде бекуіне жан-жақты жұмыс жасау қажет болып отыр.
2.2. Соғысқа кеткен сәйгүліктер
1941 жылы басталған соғыс салмағы майданға аттанған азаматтар мен олардың отбасына ғана түскен жоқ, өндіріс пен ауыл шаруашылығы, өзге де салалық кәсіпорындар майданға қызмет етуге жұмылдырылды. Бүкіл ел аяғынан тік тұрды. Бұғанасы қатпаған бүлдіршін мен еңкейген қарттарға дейін еңбек майданынан табылды. Тіпті, халықтың рухын көтеру мақсатында өнер мен әдебиет саласында да екпінді үн, өршіл леп қалыптасты. Өнерпаздардың майдан даласына барып концерт беруі, Жамбыл ақынның «Ленинградтық өренім» деп жауынгерлерді қайрай түсуі, сондай-ақ қазақ ғалымдарының со-о-нау Маңғыстаудан қарт жырау Мұрын Сеңгірбекұлын Алматыға шақыртып, әйгілі «Қырымның қырық батыры» эпостық жырын қағазға түсіруі секілді рухани бағыттағы істер осы бастамалардың жемісі болатын. Сол аласапыран зұлматты тойтарып, Жеңісті жақындатуға қазақтың құтты даласы қосқан үлес пен күш ересен. Азық-түлік, жылы киім-кешекпен бірге соғысқа қажетті жабдықтар эшелондармен үздіксіз тасылып жатты. Ондай эшелондардың бірқатарындағы платформаларда майданға қарай жалы желбіреп қазақтың адай жылқылары да аттанғанын біреу білсе, біреу білмейді.
Адай жылқысы жылқы баласының бертінде әртүрлі селекциялық жұмыстар нәтижесінде алынған тек пен түр, тұқымдық жемісі емес, ұзақ жылдар бойы қатал табиғаттың сұрыптауынан өтіп, адамзаттың шапса қанатына, ашықса тағамына жарап, ел мен жерді қорғауда сенімді серігіне айналған табиғи тұқым. Сол секілді оның атауы да белгілі бір ел-жұрттың атын кешелі-бүгін иемдене салған жоқ. Ол да XIX-XX ғасырлардағы талай шетелдік зерттеушілердің қаламына солай ілігіп, тарихи құжаттарға осылай еніп тарихи қалыптасқан атау. Насихатталу тұрғысынан олқылық болғанмен, адай жылқысының суыққа, жүріске төзімділігі, жүйріктігі, күш-жігері және шөбі ащы, жері сортаң құрғақ даланың табиғатына шыдамды қасиеті көпке мәлім. Тіпті, патшалық Ресейдің жер-көкті шалған жиһанкездері мен жер шолып, ел жаулауды мақсат еткен шабарман-шенділерінің адай жылқысына «қаны қатып» көңілі түскендігінен бірер мысал келтіре кетейік. Еуропа елдеріне ашылған қақпа сынды Форт (Кетік) даласына келген-кеткен олардың ерікті-еріксіз түрде тұлпарды тақымына басып, өз мақсат-мұраттары жолында пайдаланбаған кездері кемде-кем.
1873 жылы Хиуа жорығын сәтті аяқтап дәндеген патша үкіметі түрікмен халқын отарлау үшін «Ақалтеке» жорығын жасап, жолда тағы қазақ даласына ерулейді. Хиуалықтармен қазақтардың арасындағы бітіспейтін дау-жанжал, барымта-қарымтаны ұтымды пайдаланған орыстар өз мақсаттары үшін жолдан Маңғыстау қазақтарын жалдап, «милиция» деген атаумен 150 жігіттен құралған қосын құрады. Шөлден су тауып, жолсыздан адастырмай діттеген жеріне жеткізген қазақ жігіттері мен тұлпарлары туралы түрікмен жерін бағындыру үшін шерулетіп Маңғыстау даласына келген Кубань армиясындағы казактар полкының 5-ші жүздігінің командирі М.Арнольди маңызды естелік қалдырған. 100 шақырым жерді су ішпей-ақ жүріп өтетін және өңкей жусанға жайылғанның өзінде жадап-жүдемейтін жылқы тұқымы туралы айта келіп, бұл жорықта біраз жылқысын сол адай жылқыларына айырбастап алады. Ал орыс әскерінің қылқұйрықтарын жергілікті қазақтар тек сою үшін ғана алады. Қызыл Арбатта жеңіліс тапқан орыс әскері кері шегінеді, сол жолы олардың жылқыларының көбісі жүріске де, мініске де жарамай діңкелесе, адай жылқылары 1776 шақырым жолды міні құрамай жүріп келіп қайран қалдырады. «Жығылған күреске тоймас» дегендей, көліктерін түгелдей адай жылқыларына алмастырған патша әскері екінші рет жорыққа аттанғанмен, тағы жолы болмай оралады. Үшінші рет, жасағындағы адай жігіттерінен құралған жалдамалы топты 500 адамға жеткізіп, қайта аттанған патша әскерлері жеңіске жетіп, 1881 жылы түрікмендердің мықты қамалы Көктөбені алып тынады. Міне, сөйтіп бас көтертпей салық салып, оны төлемесе жайылым-жазықтықтан қағып, шығынға ұшыратқан Хиуа хандығы, қала берді қиқулап келіп әлсін-әлсін жазықсыз ауылдарды шауып, отарды ойрандайтын түрікмен елімен арадағы түсініспеушілік жағаласқан екі бауырлас елдің үшінші алып мемлекеттің аузына бірге түсуіне сеп болып, мықты жұрттың өз ішкі есебін түгендеуі үшін жүргізген жымысқы саясатына бірге жем болуға әкеп соқтырады. «Ағайын ала болса, ауыздағы кетеді» деген осы болса керек…
Аталмыш жылқының қадір-қасиеті туралы 1899 жылы ғалым Я. Полферов Ресейден шығатын «Конезаводство» журналындағы «Лучшие породы киргизской лошади – адай» атты мақаласы аталмыш жылқы тұқымын өзге елдерге танытудың алды болды. Оның өзіндік ерекшеліктері, тұқым-тегі, бітім-болмысын А.К.Росляков, И.Нечаев, А.Вилькинс, И.Н.Чашкин, Ю.Н.Барминцев, Б.Садықов, А.Иманғалиев сынды зерттеушілер жақсы көрсетіп жазды.
Осылайша XIX ғасырдың екінші жартысында-ақ жорықтағы жойқын жүрісі, ерен күш-қайратымен ресейліктердің ықыласты назарына іліккен адай жылқысы 1941 жылы басталған екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де «көңілден де, көкейден де кетпегенін» аңғартты. Майданға күш-көлік ретінде осы жануарларды алу қажеттігі туындап, Маңғыстаудың кең даласында асау жылқыларға құрық салу дүрбелеңі басталған. Біреудің үстіне шаң қондырмай баптап ұстаған жүйрігін, енді біреудің көзден таса қылмай отырған тұлпар туар биесін, біреудің желмен жарысқан адуынды айғырын, еркелігі мен ерекшелігі сөзге ілінген бұла байтал, тай-жабағыларын иелерінің көз жасын көл ете жүріп, Гурьевке айдап, одан әрі лек-легімен вагондармен майданға аттандырған. Азаматынан бір, жылқысынан екі айырылған қалың ел қасірет құшағында қан жұтып қала берген…
Маңғыстаудан
алдымен айдалған 480 бас жылқы, барлық
алынған 3000-ға жуық қылқұйрық қай майдан
даласына тарыдай шашырады? Қайсысы
қандай жұмыстарға жегілді? Араларында
ерекшелігімен көзге түсіп, мадақ-марапатқа
ие болғандары бар ма? Соғыста нешеуі
оққа ұшып, нешеуі аман-сау қалды. Одан
кейінгі тағдырлары нешік? Оның бәрі
соғыста хабарсыз кеткен жауынгерлердей
әлі белгісіз күйде… Тек, адай жылқыларының
ол жақта да абыройын аласартпағанының
айғағы – генерал Д.И.Городовиковтың
аталмыш жылқылардың қадірі мен
қасиетін жоғары бағалап, Маңғыстау
тұрғындарына ризашылықпен хат
жолдауы. Соғыста Кабардин-Балкар елінде,
Нальчик қаласында зеңбірек сүйрейтін
аттарға күтуші болған маңғыстаулық
азаматтың адай жылқыларын көріп,
оларды әскерилердің ұзын арқанмен
ноқталап, қамшымен төпелей ұрып
жуасытқанына көңілі толмай, ауыздықты
жүгенмен бас білдіріп, қазақы дағдымен
жуасытып берген естелігі бар. Бұдан
айтпағымыз, бүгінгі кабардин жылқысы
деген атаумен аузына құс тістеп, бүкіл
бір елдің атағын аспандатып, абыройын
асырған мақтаулы жүйріктер соғыстан
тірі қалған, түрікмен елін жаулау кезінде
патшалы Ресейдің әскерлері мініп кеткен
адай жылқыларының ұрпақтары немесе
олармен қан араластыру арқылы алынған
тұқымдар емес пе екен деген ой туындайды.
Бұл ой жатса-тұрса жылқы, оның ішінде
адай жылқысының қамын күйттеп, өткенін
түгендеп, болашағын ойлаумен кеткен
марқұм Сәбит Әбішұлы ағамыздың, өзге
де ат жаратып, жүйрік баптаған сейістердің
немесе жылқы саласына ден қойған
мамандардың кеуде түкпірінде жатқан
арман-ой… Иә, жүріске шыдамай, адай
жылқыларына айырбасталып, жергілікті
халықтың қуырдағына айналған кабардин
жылқыларының шамасы Хиуаға жорық кезінде
белгілі болды емес пе?..
1943 жылы одақтық деңгейде мемлекеттік Гурьев асыл тұқымды адай жылқысын өсіретін мекеме ұйымдасады да, аталмыш «Госплемрассадник» тізгіні тікелей Мәскеуге, Кеңес Одағының маршалы С.М.Буденныйдың қарамағына беріледі. 13 жыл жұмыс жасап, жылқының қадір-қасиетін білетін білікті басшылар мен білімді ғалымдардың назары ауған аталмыш мекеме адай жылқысының дамуына, ғылыми негізделуіне, өткен-кеткен тарихын зерделеуге қатысты біраз шаруаның басын қайырған сәтті жұмыстардың ұйытқысы бола алған.
– Госпелмрассадниктің қызметтік орны шын мәнінде сол кезеңдегі Маңғыстау түбегіндегі екі аудан үшін ауыл шаруашылығы, оның ішінде жылқы, түйе мәселесімен атбасын тірейтін, сондай-ақ күн тәртібіндегі келелі істің тұздығын әзірлейтін негізгі орынға айналды. 1956 жылы өз қызметін амалсыз тоқтатқан аталмыш мекеме адай жылқысының асылдануы мен өсіп-өркен жаюына, жылқы бақташылары мен мал мамандарының тәжірибе жинақтап қалыптасуына кәдімгідей мұрындық және айтарлықтай қозғаушы күш бола білді. Не заманнан бері ата-баба жолымен ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып жалғасқан маңғыстаулық жылқы өсірудің сан қырлы әдістемелері тек қана табиғи іріктеу, сұрыптаумен шектелмей сәтіне қарай адамның ақыл-ойымен жетіскен ғылымға келіп ұштасты. Орал, Атырау тәжірибе стансаларына таңдаулы адай жылқылары топтастырылып, оларды жоғарыда айтылған таза қанды ағылшын және араб жылқыларымен салыстыра сынақтан өткізу, одақтық және облысаралық жиі-жиі көрмелер ұйымдастыру күн тәртібінің қалыпты шараларының біріне айналды, – деп жазады «Тұлпардың тұяғымен өрілген тарих» атты еңбегінде ауыл шаруашылығы саласының білікті маманы, ұзақ жылдар осы салада басшылық қызметте болып, асыл тұқымды мал шаруашылығы ассоциациясын басқарған, адай жылқысын зерттеп-зерделеуде орасан тер төккен Сәбит Әбішұлы.
Кейін үзіліп қалған үрдіс біраз жылдар бойғы үнсіздіктен кейін 2011 жылы жалғасын тапты. Бұл жылы сол кездегі Маңғыстау облысының әкімі Қ.Көшербаевтың қолдауымен, Қазақстан Республикасы Ат спорты федерациясының вице-президенті С.Буйкевичтің директорлығымен адай жылқылары мемлекеттік сынақтан өтіп, алыс қашықтыққа шабудан бақ сынады.
Бәйгеге қосылған 37 аттың 23-і 90 шақырымдық жерді сыр бермей шауып өтіп, алыс қашықтықты игеруге мүмкіндігі бар екендігін дәлелдеді. Сәтті өткен сайыс аламан додаларға, әлемдік талап деңгейіндегі жарыстарға жол ашты. Бір айдан соң Алматыда өткен Азия ойындары чемпионатындағы Қазақстан халықтары III спартакиадасында адай жылқылары 90 шақырым қашықтықта бірінші, екінші, үшінші орындарды иеленді және іріктеліп шыққан Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан тұлпарларымен алаңда тоғысты. Өзге аттар бір сағатта 12 шақырым, ал Маңғыстаудан барған жылқылар осы уақыт мерзімінде 17 шақырым шауып өтіп, абырой биігінен көрінді, тағы да үш бірдей медальды өзара иеленіп қайтты. Сол жылы шыжыған шілдеде Ресейде өткен ТМД елдері Кубогы сайысында адай жылқылары кубоктың оның алдындағы жылғы иегері Ресейдің өзін артты қалдырып, жүлдені Қазақстанға алып оралды. Сол жылы күзде Норвегия, Польша, БАӘ, Мәскеуден халықаралық дәрежедегі төрешілер мен мал дәрігерлерінің арнайы келіп қатысуымен Кендірліде өткен 120 және 80 шақырымдық жарыстарда да адай жылқылары үмітті ақтап, күткен биіктен көрінді. 2012 жылы Ақтауда болған 120-80 шақырымдық сайыстарда аталмыш жылқылар барлық жүлдені Маңғыстауда қалдырды. Халықаралық сарапшылар бұл жануарлардың мүмкіндігін жоғары бағалап, таңданыстарын жасырмай аттанды, шабандоздардың шеберлігі жетіспей жатқан тұстарды да жасырмай айтып, олқылықтардың орнын толтыруға кеңес берді.
Тарихы ел тарихымен қабыса астасқан, тамыры тереңдегі адай жылқысы туралы айтылатын әңгіме де, сыр мен тарихи эпизодтар да жеткілікті. Оның бәрі бір мақала көтеретін жүк емес. Осы орайда бейбіт күнде адал еңбекке араласып, ел басына күн туған алапаттан тыс қалмай соғысқа аттанған, бүгінде тәуелсіз елдің даңқын алысқа асырған адай жылқыларына арнап ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіп, жоқты түгендейтін іргелі істерді қолға алу қажет-ақ. 2013 жылы «Өзен-Түрікменстан теміржол құрылысы аяқталып, кең көлемде ашылу салтанаты өтті де, осы шараға қатысушылар легімен түрікмен шекарасынан әрі асқанымыз бар. Ұлттық брендіне айналған кілемдерін бірнеше шақырым жерге дейін тұтас жайып, аяғымызды жерге тигізбеген ағайындардың ұлттық құндылықтарға беріктігіне тәнті болған едік. Ұзыннан-ұзақ шұбалған көрме-жәрмеңкелерінде әйгілі ақалтеке жылқысының суреті бейнеленіп, тарихы жазылған танымдық кітапшалар, жарнамалық буклеттер мен дискілерден көз сүрінеді. «Тұқымы ел асып кетпесін» деп асыл текті жылқысының бір құлынын да жатқа бермейтін, берсе де тұқымы жайылмайтындай етіп ақтап ұстататын ата дәстүрлеріне адал түрікмендер айтулы жылқылары мен кілемдерін алдына ұстап, өздерін осы мұраларымен бірге танытып келеді. Біздің қымыз, шұбат, қазы-қарты, қазақы төбет, тазы, қазақтың киіз үйі мен күй-жыры сынды мәдени-рухани мұраларымыздың қатарында адай жылқысы да ұлықтауға молынан тұратын байлығымыз. Бірақ, іркіліп келеміз. Себебі, жайбасарлығымыз ба, салғырттығымыз ба, әлде… жылқының белгілі бір рудың атын иемденуі трайбалистік тосқауылға тіреді ме? Бірақ, адай жылқылары рудың емес, Қазақ елінің Көк байрағын жамылып, еліміздің атын аспандатып жүр емес пе? Соғысқа алынып, кеңес әскері сапында шайқасқанда «кеңес» деп аталсын демеген еді ешкім…
2.3 Адай жылқысының алған жеңістері
Бабадан
жеткен асыл мұра –адай жылқысы бір
кездері бүкіл дүниежүзіне белгілі
ағылшын, араб жылқыларымен теңесетіндігінен
үміттенеді біздің отандық ат спорты
Федерациясының мамандары. Өйткені адай
сәйгүліктері өзінің асылтұқымды екенін
мойындатуда. Оны әлемдік аренадағы
қазақстандық брендке айналдыру үшін
оны әлем мойындауы керек. Адай арғымағына
бүгінгі күннің қойып отырған талабы –
осы. Адай жылқысын шетелден келген
мамандар алыс қашықтықта алдына қара
салмайтындығын мойындады. Қазір оны
сұраушылар көп. Астанадағы жарыста
Ресейден келген атбегілер мен жылқы
мамандары «Маңғыстаудан «Аққанат»
келді ме?» деп іздеуінің өзі оған берілген
үлкен баға іспетті.
«Біздің
брендімізді өзгелер иемденіп кетпей
ме»? – деген сұраққа жылқы шаруашылығының
майталман маманы Күзенбай Ерғалиев
былай дейді:
«Өзгелер біздің
брендімізді иелене алмайды, себебі оның
өсетін аймағы тек Маңғыстау өңірі.
Сондықтан оған ешқандай қауіп жоқ,
Жылқымыздың атауы да қазақтың адай
жылқысы деп аталады. Күні бүгінге
дейін осылай аталып келді. Мәселен шұбат
барлық жерде бар, өзбекте де, қырғызда
да, қалмақта да, маңғолда да бар. Олар
шұбатты «брендіміз» деп алып кетуі
мүмкін. Ал адай жылқысының негізгі өмір
сүретін аймағы – Арал бойы, Ақтөбе,
Атырау, Маңғыстау. Алайда жарысқа
бапталып жүрген және үмітімізді ақтап
жүрген адай жылқылары – Маңғыстауда
өсірілген жылқылар. Мәселен Орал,
Ақтөбедегі адай жылқылары өзінің туа
бітті сапасын жоғалтып алып отырады.
Өйткені ол жылқылар өзіне азық табу
үшін біздің аймақта 50-70 км жол жүретін
болса, ол жақта 10 немесе 5 км жер жүруі
мүмкін. Сөйтіп ол өзінің қасиеттерін
бірте-бірте ұрпақтан-ұрпаққа жоғалта
береді. Сондықтан олар Маңғыстау жерінде
өсірілетін адай жылқысымен теңеспейді.
Сондықтан да біз өз жылқыларымыздың
табиғатымызға төселген ерекше қасиеттерін
пайдаланып, спорт саласында оның
мүмкіндіктерін бақылау үшін шығарып
отырмыз».
«Адай»
жылқысы 2014 жылы Францияда өткен
бүкіләлемдік ат спорттары сайысына
қатысып, екі жүзден астам мемлекеттің
ішінде үздік ондыққа кірген. 120-160
шақырымға шабатын жылқы Маңғыстау
елінде ғана мекен етеді.
Адай
жылқысы – қазақтың көне жылқы тұқымына
жатады. Туған топырағында ғана ыстық
пен суыққа төзімді, шөлге шыдамды, ерекше
күтімді қажет етпейтіндігімен дараланатын
адай жылқысын жергілікті халық
«көкмойнақ», «теңбіл көк» деп атайды.
Мойны қысқа, омыраулы, арқасы түзу,
сауыры солыңқы, жуан жіліншігі етсіз,
мықты құйма тұяқты болып келеді.
Адай жылқысы өзінің тектілігін 2011
жылдан бастап көрсетті. Бұған дейін
ел ішінде үйір-үйір болып дала кезіп
жүретін жануардың асыл қасиеттерін
ауыл қарттарынан ғана еститінбіз.
Көнекөздер оның жаратылысының өзін
аңыз етіп айтатын. Ертеде Каспийдің
жағасына жақын қоныстанған ауылдың бір
үйір жылқысы теңізге жақын жерде
жайылып жүргенде, «Көксуын» деген теңіз
жылқысы судан шығып ауыл биесіне шауыпты.
Содан адай жылқысы пайда болған екен
дейді көненің көзі. Кеңес үкіметі
кезінде адай жылқысы деген таза
тұқым бар деуге, оның мүмкіндіктерін
көрсетуге қорыққан ақсақалдардың
сақтанғандағысы – оның туа бітті
қасиеттерін, тұқымын жоғалтпау еді.
Аңыздың ақиқатын дәлелдегендей адай
жылқысы өзінің таза қанды жүрдек жылқы
екенін бүгінде төрткүл әлемге танытуда.
Асыра сілтегендік емес, жарыстарға
барған кездерде іріктеуші жылқы мамандары
адай жылқысының ерекшелігіне таңдай
қағып жатады.
Бұл
туралы Астанада өткен халықаралық ат
жарысына Маңғыстау облысынан 7 ат апарып
барып қайтқан Маңғыстау облыстық
ауылшаруашылық басқармасының бастығы
Күзенбай Ерғалиевтің өз аузынан
естиік.
–
Күзенбай аға, жеңістеріңіз құтты болсын!
Абырой елге ортақ. Ат шалдыртып алыстан
келген сапарыңыз оңынан оралыпты. Адай
жылқысы қандай артықшылығымен алға
шықты?
–
Рақмет. Жылқыларымызды аман- есен 15 күн
дегенде елге жеткіздік. Жарыс өте
тартымды өтті. Біз алып барған
жылқыларымыздан 80 шақырым қашықтықта
Мұқырбаев Бектастың «Шабдарқасқасы»
бірінші болып келді, 2-ші болып Есенаман
Қойшиевтің «Каспийі», 3-ші болып мәре
сызығын кескен Қостанай жылқысы болды.
Ал 120 шақырым қашықтықта шабандоз Саят
Еріктің «Айтөбелі» топ жарған болса,
2-ші болып Қостанайдың жылқысы, 3-ші болып
жерлесіміз Наталья Долгихтің «Жезкиігі»
жетті. Ат жарысына Украина, Алматы,
Астана, Қостанай, Маңғыстау жылқылары
қатысты.
Біздің жылқыларымыздың
жарыстан озғандағы ерекшеліктері
– белгілі бір жылдамдықты тұрақты ұстап
отыратындығы. Яғни, шауып келгеннен
кейін бастапқы қалпына келуі 5-7 минут
аралығында орын алады. Кей аттардың
бастапқы қалпына келуі қиын. Шауып
келгеннен кейін де аттардың жүрек
соғысы, тамыр бүлкілі өзінің алғашқы
қалпына келгенше шауып келе жатқандай
болады. Адай жылқыларының жүрек соғысы
тез қалпына түсуге бейім.
–
Маңғыстауда адай жылқысының тұқымын
көбейтетін қандай шаралар қолға алынып
жатыр?
–
Облысымызда 9 асылтұқымды мал шаруашылығы
бар. Оның ішінде адай жылқысын өсірумен
айналысатын 2 мал зауыты бар. Біз
асылтұқымды мал өсірумен айналысады
деген мәртебені кез келгеннің қолына
бере бермейміз. Адай жылқысын өсірем
деушілер міндетті түрде 3 не 5 жылға
дейін республикамыздағы ғылыми-зерт-теу
институтымен жұмыс жасауы керек. Қолға
алған адамның өзі түбегейлі өз жұмысымен
айналысатын адам болуы тиіс. Біз тек
сапалы түрде асылтұқымды көбейте
алатын, өсіруге жан-жақты мүмкіндігі
бар, шаруашылығында ғылыми жұмыс
жүргізуге болатын шаруашылыққа ғана
береміз. Қазір бізде асыл- тұқымды мал
шаруашылығын өсіруге тілек білдіріп
отырғандар көп.
–
Маңғыстауда қанша адай жылқысы бар?
–
Статистикалық мәлімет бойынша Маңғыстауда
60 мыңға жуық жылқы бар. Нақты есебі одан
көп деп есептеймін. Олардың кем дегенде
95 пайызы – таза адай жылқысы. Басқа
жақтан жылқы әкеліп, түрікменнің
ақалтекесін, жәумітті адай жылқысымен
шағылыстырып жүргендер бар. Бірақ олар
биылғы қыста көп қиындық көрді. Биылғы
қыста Бейнеу бойында, Қарақияда өлген
жылқылардың барлығы басқа жақтан келген
жылқының будандары еді. Себебі
будандастырылған жылқылардың терісі
мен жүні жұқа, өзі сидаң әрі әлсіз, олар
Маңғыстаудың қысы мен жазына төтеп бере
алмайды. Ал жергілікті адай жылқысынан
ешқандай шығын болған жоқ.
Мамыр айында ғана адай жылқылары мемлекеттік сынақтан өткен кезде «Адай жылқысы әлі төрткүл дүниені төзімділігімен таңғалдырады» деген едік. Айтқанымыз айдай келіп, адай жылқылары Ресейде өткен жарыста алдына қара салмай озып келді.
Сол кезде ҚР Ат спорты федерациясының вице-президенті және жауапты хатшысы, FEI кедергілерден өту жөніндегі халықаралық дәрежедегі төрешісі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сергей Буйкевич «Адай жылқысының өзге асыл тұқымды аттардан бір мысқал да кем еместігін тәжірибе жүзінде дәлелдеу – бүгінгі күннің міндеті. Адай жылқысының өз мүмкіндігін көрсететін бірден-бір шара – маусым айында Ресейде өтетін халықаралық жарыс пен 2014 жылы Францияда өтетін әлем чемпионаты», – деген болатын.
Аталмыш халықаралық Достастық кубогына арналған жылқылар жарысы арада екі ай өткенде 29-31 шілде күндері Ресей Федерациясының Рязань облысының Спасск-Рязанский қаласында өтті. Бәйгіге Белоруссия, Қазақстан, Ресей Федерациясы, Украина құрама командалары қатысты. Әр құрама таңдаулы бес жылқысын жарыс жолына шығарды. 30 шілдеде өткен 80 шақырымдық халықаралық жарыстағы жалпы командалық есепте бірінші орынды кабардин тұқымдас жылқыларды басып озған адай тұқымдас жүйріктер иеленді. Жұлдыздай аққан адайдың қос жылқысы мәреге бірінші және үшінші болып жетті. Ойлы және Жирен деген бұл қос жүйрікті атбегі Сейсен Ратов баптаған.
Маңғыстаулық тұлпарлардың жеңісі бұл ғана емес. Жүйріктігімен, төзімділігімен, шыдамдылығымен көзге түскен адай жылқылары «Көрермен көзайымы» сыйлығын да қанжығаға байлады. Ресейліктер адай жылқыларының Маңғыстау облысының табиғи-климаттық және азықтану жағдайына төзімділіктерін, тез бейімделгіштігін жоғары бағалаған.
3.1. Қорытынды
Адай
жылқысына тән қасиеттерді ата-бабаларымыздың
өздері-ақ дәлелдеп кеткен. Құмды,
шөлейтті, сортаң, жақпар тастары мен
жер құдығы көп Үстірттің бойын мекендеген
ата-бабаларымыз түрікмен малын айдап
әкеткенде оған қуып жететін жылқыны
керек етті. Жау жағадан алғанда
әйел-баласын паналайтын жерге алып
баратын, жатқа жеткізбей, дұшпанға аяқ
шалдырмай, құмнан өтіп, ауыр жолға
төзетін, теңіздің суымен шөлін басатын
жылқы ертедегі Маңғыстау жұрты үшін
қолайлы болғаны анық еді. Жаугершілік
заманға лайықталған адай жылқысы
Қазақстанның өзге өңірлеріндегі
жылқылармен салыстырғанда өнімділігі
жағынан өте төмен тұрады. Бірақ зауыттық
жылқыны Маңғыстауға әкеліп өсіру өте
тиімсіз. Ал Адай жылқысының еттік
қасиетін арттыратын болсақ, онда оның
басқа қасиетін жоғалтып аламыз.
Түрікменмен
бір күні араз, бір күні тату, қоян-қолтық
өмір сүрген бабаларымыз олардың
ақалтекесіне көз алартқан жоқ, аруанасын
айдап әкелген жоқ. Жерсінбейтінін,
мініске жарамайтынын, қытымыр табиғатқа
жұтылып кететінін білді. Ғылымсыз-ақ,
өмір белестерінен зерделі түрде ой
түйген ата-бабаларымыз «адай жылқысы»
деген бай мұраны қалдырды.
Тіпті
кешегінің арты, бүгінгінің көзі тірі
қарттарының айтуынша, Кеңес Одағы
кезінде де Донской, Орлов жылқы тұқымдарын
алып келіп, ресей ғалымдары біраз тер
төккен көрінеді. Алайда олардан алынған
будандар өспей, олар ең соңында
«Маңғыстауда тек таза адай жылқысы ғана
өсірілуі керек» деген тұжырымға келген.
«Балаң
жасық болса, жылқы бақсын», – деген екен
көнекөздер. Жылқы мінездес қазақтың
қариясы ердің рухын тұлпары танытып,
тұяғымен от шашқан сәйгүліктің тақымы
жасықты өжет, жігерсізді жаужүрек
ететіндігін меңзеген болар. Ат құйрығын
ту етіп, атойлап ұран салған баба мұраты
да осы еді. Тоқымқағардан басталған той
баланың топты жарып, шашасына шаң
жұқтырмас жүйрікке жан серік болуымен
жалғасатын. Қамбар ата тұқымы
қазақ үшін – ұлттық құндылықтарының
бірі. Қазақтың жылқымен тағыз байланыста
болғанын тарихшылар қазақ елінің
жаугершілік заманды бастан көп
өткергендігімен байланыстырады. Жылқы
тектес дейтіндігі де жылқыдан алынған
қасиет деседі. Мәселен, текті жылқылар
қан араластырмайды. Айғырдың өз үйіріне
өзгені жолатпайтын, сәуріктері енесіне
шаппайтын қасиеттері қазақтың жеті
атаға дейін қыз алыспайтын салтымен
астасып жатқандай. Ат әбзелдерін қадір
тұтатындығын да тағылымды тарих
беттерінен байқауға болады. Төле би ат
тұсауын ұрлаған адамға «тұсау-ат
сақтайды, ат – ер сақтайды, ер – ел
сақтайды» деп бір тоғыз айып төлеткен
дейді. Енді бітімге келмейміз, мәңгілік
аразбыз дегенді білдіретін «ат
құйрығын кесісті», «ат кекілін кесті»
деген сөздердің өзінен жылқының қазақ
тұрмысымен біте қайнасқан белгілері
көрінеді. Қазақтың ханы Қасым хан:
«Біздің бар асыл дүниеміз – жылқы»
деген екен.
Қазақта жылқы
тұқымдары көп. Кеңес одағы кезінде де,
одан ары да ресейлік ғалымдар қазақ
даласының құлагерлерін зерттеу-мен
айналысты. Я.Я. Полферов есімді орыс
ғалымы қазақтың адай, қарабайыр, арғымақ
секілді көне жылқы тұқымдарын ғылыми
тұрғыдан мазмұнды баяндады.
Қазақтың
намысын қайрайтын, ердің қанатына
айналған жылқының қадірін бүгінде
шетелдің жарқылы көп жылтырақ көліктері
алмастырды. Жылқысын емес, джипін айтып
мақтанатын болды жігіттеріміз. Ілуде
бір өтетін ат жарыстары болмаса, қиқулап
қазанатпен даланы дүбірге толтыратын
дауыстар да естілмеске кетті.
Қорытынды :
Жылқы біздің ұлттық мәдениетіміз, тарихымыз. «Ер қанаты - ат» деген қанатты сөзді халық жадында сақтап келеді.Осы қағиданы берік ұстаған бабаларымыз жылқы өсіруге ерекше ден қойған. Жылқы еркіндіктің, тұрақтылықтың белгісі. Қазақстан Республикасының елтаңбасында бейнеленген алтын қанатты тұлпар аттар еркіндікке, бостандыққа ұмтылған құлшыныстың белгісі болып біздерді жарқын болашаққа жетелейді.
Ұсыныстар
Адай жылқысының тарихы, қадір-қасиеті туралы бір кітапқа басылып, көпшілікке ұсынылса;
Мектеп жасындағы ұл балдарға арналған ат спорты клубтары көптеп ашылса;
Адай жылқысына алып бір ескерткіш орнатылса;
Тарихи-мәдени ескерткіштер сияқты Адай жылқысы да бабадан бізге жеткен асыл мұра. Сондықтан атқұмар азамат ағаларымызға шетелден араб, ағылшын жылқыларын елге тасығанша, өз еліміздегі, өз қорамыздағы Адай жылқысын өсіруге, тұқымын асылдандыруға күш салса екен дегім келеді.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
Керімбаев Д. Қазақстанның жылқы шаруашылығы, Алматы, Қайнар,1968ж.
Тоқтабай А. Қазақ жылқысының тарихы. Алматы, Қайнар, 1981г.
Масатбаев О.Ж. Жылқы және рухани әлем. Алматы, 1991ж
Мир животных /Библиотека энциклопедий/
Егемен Қазақстан. Маңғыстау облысы.
Пайдаланылған әдебиеттер
1.
2.2
Соғысқа кеткен сәйгүліктер
Бақытов Қуаныш
АДАЙ ЖЫЛҚЫСЫ ЖАРЫСТАН КЕЛДІ
«Жанына еліміздің жылқы жаққан,
Жылқыға жетпеген көз жәутең қаққан»
Ілияс Жансүгіров

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген